Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Серік Қирабаев. Қазақ жазушылары жетім емес...

19.06.2019 7750

Серік Қирабаев. Қазақ жазушылары жетім емес

Серік Қирабаев. Қазақ жазушылары жетім емес - adebiportal.kz

Көп жыл əдебиет оқып, қаламгерлердің өздерімен араласта болып, кітапқұмар халықтың көңіл күйін аңғара жүріп, мен Сəбит Мұқановтай есімі елге кең жайылған жазушы естіген емеспін. Бала кезімізден біз Сəбиттің өлеңдерін жаттап өстік, «Сұлушаш», «Жұмбақ жалау» («Ботакөз»), «Балуан Шолақ», «Менің мектептерім» («Өмір мектебі»), «Сырдария» романдарын оқумен əдеби сауатымызды аштық. Солар арқылы өзіміз көрмеген, көрсек те дəл сондай сезінбеген өмірдің қат-қабат шындығын, оның көркем бейнесін танып, риза болыстық. Сəбеңнің халықтың əңгімешілдік дəстүрінен бастау алатын стилі, ауыз əдебиетіндегі шытырман оқиғаларды құрастырудан ауысқан сюжет құруы мен оны дамытуының қызықтылығы оның кітаптарын бас алғызбай оқытатыны жəне жазушы халықтығының терең жатқан бір тамыры екенін де аңғартқандай болатын. Жалаңаш батырақтың ішінен шығып, жаңа өмір үшін күреске ерте араласқан, бүкіл кітаптары езілгендер мен қарапайым халықтың рухы мен арман-мүддесінен туындаған жазушының күрескер бейнесіне де тəнті болатынбыз. Оны көру, араласу, əңгімесін тыңдау біздің түсімізге де кірмеген арман еді. Сол арманымның ойда жоқта орындалып, Сəбең сияқты «Алыпты» (Ғабит о кісіні «Алыптар тобына» қосқан) көріп, іні-бала болғаным үшін тағдырыма мың мəртебе рахмет айтсам да артық емес.

Бəрі менің соғыстан кейін оқу іздеп, Алматыға келуімнен басталды. Отан соғысы кезінде мектеп бітірумен тоқтап, елде жұмыс істеп қалған мен соғыс аяқталысымен-ақ оқуды армандай бастадым. Əкем марқұм əскерге алынып кетуімнен қауіптеніп, мектепте мұғалім болып жүрген жерімнен ішкі істер жүйесінің қызметіне ауыстырып жіберген болатын. Олар мені босатпай, босатса өз жүйесінің оқуына жібергісі келіп, біраз əуре етті де, мен қайта-қайта мазалап, арыз жаза берген соң 1947 жылы жазда босатуға уəде етті. Басшылықтың уəдесін алған соң екі жыл-дай алмаған демалысым бар еді, соны пайдаланып оқудың жайын барлап қайту үшін мамыр айында Алматыға келдім. Түскен үйім – Мəжит Сейфуллиннің (Сəкеннің інісі) үйі. Алдында Алматыда болып кеткен əкем сол үйдің мекенжайын берді. Мəкең де, əйелі Əмина да қонақжай, көңілдері ашық, елден алыс жүрсе де, араласын үзбеген, бір жайдары жандар еді. Мəкең мені ҚазПИ-ға ертіп барып, оқуға түсудің жайын ақылдасты, бірде өзі, бірде үлкен ұлы Орынбекті қосып беріп, қаламен таныстырды.

Сәкен Сейфуллин

Күн демалыс. Мəкең екеуміз базар аралап, бір көшемен (қазіргі Зенков, бұрынғы Пролетар көшесі екенін кейін байқадым) көтеріліп келе жатыр едік, тұсымыздағы бір қабатты шағын үйдің терезесі қағылды. Қарасақ, терезенің ар жағында біреу Мəкеңді танып, қол бұлғады. Таяндық.

– Сəбит қой, Сəбит Мұқанов. Білетін бе едің? – деді Мəкең.

– Білгенде қандай! Кітаптарын оқығам.

Іштен Сəбең шықты. Дəл өзі. Мен көрген суреттен айнымайды. Көзіме жылы ұшырап кетті. Мəкеңмен шүйіркелесіп амандасып, хал-жай сұрасты. Мəкең:

– Мына бала елден келген еді. Сонымен базар аралап келе жатыр ек, – деп жатыр.

Ал, Сəбең:

– Таяуда «Сырдария» деген роман бітіріп едім. Соны машинкаға бастырып жатырмын. Үй тар, бала-шаға бар, кеңсеге келіп жұмыс істеп отыр едім. Сені көріп, амандасайын дегенім ғой, – деді.

Кеңсенің «Жазушылар одағы» екенін мен сонда барып аңғардым. Екінші рет Сəбеңді күзде Жастар мен балалар театрында өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Оқуға түсіп, қаламен, институт өмірімен таныса бастаған кезіміз. Əдебиет үйірмесінің бір жиналысына тыңдаушы боп қатысқам. Жас жазушылардың кеңесі болатынын сонда естіп, жоғарғы курс студенттеріне еріп барып, тыңдадым. Сəбең баяндама жасады. Баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын іздеп:

– Əй, Қайнекей, орысшасы қалай еді, айтып жіберші, – дегені есімде.

Қайнекей:

– Əне, Ғабең отыр. Баяғыда сізге достобрен жазып берген, сол кісі біледі, – деп басқа жаққа сілтеп жіберді.

– Əй, Ғабит, сен бар екенсің ғой. Баяғыда достобрен де жазып беріп ең. Айтып жіберші, – деді Сəбең.

Жұрт мəз боп күліп жатыр. Үзіліс кезінде Сəбеңнің жиналған елдің ортасында күліп, əңгіме айтып, мəз болып тұрғаны көз алдымда қалыпты.

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов

Одан кейін театрда көрдім. Сол жылы қазан мейрамының құрметіне Опера жəне балет театрында «Төлеген Тоқтаров» операсы қойылып, бір топ студенттер соған барсақ, Мұхтар, Сəбит, Ғабиден үшеуі сонда жүр екен. Үшеуінің де тұлғасына, кесек кескіндеріне қарап, риза болысқанымыз бар. Үзіліс кезінде үшеуі əңгімелесіп, вестюбльде айналып жүрді. Біз де екі-үш бала қызықтап, əңгімелеріне құлақ тосып, арттарынан ере жүргенбіз.

1948 жылдың күзінде ҚазПИ-дің 20 жылдығына байланысты институтта ақын-жазушылардың үлкен бір тобы қатысқан кеш өтті. Оны əдебиет үйірмесіне қатысып жүрген студенттер өздері ұйымдастырған. Кешті Қажым Жұмалиев ашып, сөзді Сəбит Мұқановқа берген. Ол кісі – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Қатысып отырған ақын-жазушыларды таныстырып, өзі ҚазПИ жөнінде сөз сөйледі. Сонда отызыншы жылдардың аяқ кезінде ҚазПИ-да істегенін айтқан.

Ал, жазушымен тікелей кездесу институтта 1949 жылы ұйымдастырылды. Оған ұстаздарымыз Қажым Жұмалиев, Қайнекей Жармағамбетов қатысып, Сəбең шығармашылығы жайлы сөз сөйледі, жоғары курстың бір-екі студентін сөйлетті. Ақырында сөзді Сəбеңнің өзіне берді. Өзі жазушылық еңбек жайлы, шығармаларының жазылу тарихы жайлы айтты. Менің есімде «Ботакөздің» қалай жазылғаны, материалдарын қалай жинағаны, Сайын болыстың тарихы жайлы əңгімелері қалыпты. Образдардың прототипі жайына тоқталды. Асқарды Əліби Жангелдиннен алдым деп, Əлібидің кім екендігін, революциялық еңбегін біраз əңгімеледі.

1951 жылы институт бітірген соң, мен Қазақтың мемлекеттік көркем əдебиет баспасынан «Əдебиет жəне искусство» журналына ауыстым. Редакция Жазушылар одағы үйінің ішінде. Біздің редакторымыз босап, орнына адам келмей, кабинеті біраз уақыт бос тұрды. Осы кезде өз кабинетінде жөндеу жұмысы болып, Сəбең осында отырып жүрді. Сəбеңмен жақын келгенім, тілдескенім, танысқаным осы тұстан басталды. О кісінің адамды өзіне тартып тұратын қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, арасында əзілдеп қойып, өзі де қызығып айтатын əңгімешілдігі, қалбалақтаған мінезі бізді бірден баурап əкетті. Бір күні сырттан кірсем, «Əй, Серік, сен мен екенімді айтып қойып жүрме, бір жас келіншек телефон соқты, келін болуы керек, мен аздап əзілдеп жібердім», – деп өзі мəз боп күледі.

Бұл бір қиын кезең еді. Қазақстанда «Ұлтшылдыққа қарсы күрес» науқаны басталған. 1946 жылғы партияның «Ленинград» жəне «Звезда» журналдары туралы» қаулысынан бастау алған бұл науқан біздің республикада өзгеше бір қарқынмен өрістеді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл жəне əдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» қаулы (1947) қабылдады. Ж.Шаяхметов республикалық активте сөз сөйледі. Оның аяғы «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» атты мақаласына (1950) ұласты. «Ұлтшылдықты» əшкерелейтін мақалалар ұйымдастыру жедел қолға алынды. Сəбең осы кезде Жазушылар одағын басқаратын. Өзі де сынға ұшырап, біресе кітаптары, біресе одақтағы басшылық қызметі мінелумен жүрген. Бір күні Орталық Комитетке барып келді де, бізді, бір топ жас əдебиетшілер мен сыншыларды жинады.

– Əй, жігіттер, қызық болып жатыр. Партия «ұлтшылдарды» табыңдар, əшкерелеңдер дейді. Əбділда, Қасым, Қалижан үшеуіне ерекше шүйлігуде. Сендер жассыңдар, осы тұста партияға көмектеспесеңдер болмайды, – деді. Қолына қарындаш алып, кімнің қай тақырыпқа, қай газетке мақала жазатынын нақтылап, өзі жазып отырды.

Жасынан жоқшылықта өсіп, Совет өкіметі мен Коммунистік партияның қамқорлығымен білім алып, еңбек жолын, жазушылығын бастаған Сəбит партия сөзі, партиялық шара дегенге «так» тұратын еді. Партия ұранына еріп, 20-жылдардың өзінде Қазақстандағы «ұлтшылдыққа» қарсы батыл күрескен. Бірақ бұл жолы бұрынғыдай белсенділігі байқалмайды. Сірə, «ұлтшылдық» бар дегенмен, сынның ұсақ-түйекті термелеп, кінə іздеуге бет бұрғанын сезетін де болар (өзі де сыналып жүрді ғой), тапсырма алған соң, амал жоқ, мақалалар ұйымдастыруға мəжбүр адам сияқты көрінді. Бірақ онымен құтылмады. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Жазушылар одағының жұмысы жайлы арнаулы қаулы алды да, Сəбитті орнынан босатты. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып партия қызметкері Ə .Жаймурзин сайланды. Одақ басшысы жазушы болуға міндетті емес, ол одақта партиялық тəртіп ұйымдастырушы болуы керек деген сталиндік принцип (Щербаков, Поликарповтар одақтық жазушылар ұйымын басқарған) Қазақстанда да іске асты. Кейін бұл Қырғызстан мен Түркменстанда да қайталанды. Əрине, жазушылардың ішкі жағдайын, психологиясын, шығармашылық адамының сыры мен күйін білмейтін адамға олармен жұмыс істеу оңай емес еді . Əбекең (Жаймурзин) бұл қиыншылыққа кездесті де. Сөйте жүріп адал қызмет істеуге тырысты. Аз уақыт істеп, жазушылармен қарым-қатынасын бұзып алмай тұрғанда, аман-сау Мəскеуге оқуға аттанып кетті. Мен Əбекеңнің ақылдылығын осыдан көрем. Сөйтіп, 1954 жылы бұл орынға Ғабиден Мұстафин отырды.

Қызметінен кеткеннен кейін Сəбит «ұлтшылдықты əшкерелеу» ісіне араласқан жоқ. Тек əділетсіз сын шоқпарынан өз басын арашалаумен жүрді де, республика басшылығы өзгергенмен кейін əдебиеттің қадірлі ақсақалдарының қатарында сыйлы өмір сүрді.

П.К.Пономаренко, Л.И.Брежневтер ақсақал жазушыларға үлкен құрметпен қарады. Мұхтар, Сəбит, Ғабит, Ғабиден – төртеуі де Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Бұлардан басқа бір орыс жазушысына (Дм.Снегин), Жазушылар одағының екінші хатшысына (Ə.Тəжібаев) депутаттық орын берілді. Алдыңғы төртеуі өздері өмірден кеткенше депутаттығынан айырылған жоқ, кейінгі екі орын қызметіне қарай басқа адамдармен алмасып тұрды. Жоғарғы төрт ақсақал жазда министрлермен қатар Министрлер Кеңесінің екінші демалыс үйінен саяжай алып пайдаланды. Ал, қалған жазушылар үшін үкімет екі ағаш үй (төрт бөлмелік төрт пəтер) салып берді. Ол да бір қызық дəурен екен ғой. Жаз бойы ағалармен араласып, сол демалыс үйін басымызға көтеріп жатушы ек. Балаларымыз да сонда өсті. Сəбеңмен отбасылық араласымыз да осы демалыс үйінен басталды.

Сəбең керемет əңгімешіл кісі еді. Əңгімені өзі де қызығып айтады, тыңдаушысын да елітіп отырады. Қиялы күшті адам қызығып отырып қосып жіберетін əдеті де болатын. Демалыс үйінің асханасынан тамақтанып шыға бере, Сəбең есік алдындағы ұзын орындыққа жайғасады. Елдің бəрі апыр-жұпыр жиналып, сол кісінің əңгімесін тыңдайды.

– Əй, сен де отыр, – деді бір күні асханадан шыққан маған. – Мен сендерге Мағжанның Алматыға келуін айтып берейін.

– Мəскеуде, қызыл профессорлар институтында оқып жүрген кезім еді, – деп бастады əңгімесін Сəбит. – Мариям, бір кішкене балам бар – үшеуміз. Бір күні кешке жақын – апақ-сапақта біздің елдің бір жігіті (Сəбең атын айтып еді, ұмыттым) жетіп келді. Оны-мұныға ұрынғыш, бірнеше рет сотталған адам болатын. Мен қалай тауып келгеніне қайран қалып едім.

– Ой, горсправка бар емес пе? Кімнің қайда тұратынын тез тауып береді? – деді.

Мен оның қайдан келе жатқанын сұрадым.

– Бір жұмысты болып, солтүстік лагерьде болып едім, содан босанып келем.

Тамақ үстінде əңгімелесіп отырып:

– Лагерьде қазақтар болды ма? – деп сұрадым.

– Болды. Мағжан Жұмабаев бар.

Мен ойланып қалдым. Мағжанды жақсы білем. Бала кезімде мен оқыған курста сабақ та берген. Күшті ақын. Бірақ Кеңес өкіметін мойындамай, оған наразылығын жырлаумен өтті. Сотталғанын естіп ем, қайда екенін бірінші рет біліп отырмын. Ертеңіне мекенжайын сұрап алып, Мағжанға хат жаздым. Хаттың мазмұны сол кездің ұғымынан туған. Мен үш қоғамдық құрылыс тұсында шыққан үш үлкен ақынды білем. Олар – феодалдық дəуірде шыққан Абай, буржуазиялық дəуірде туған Мағжан, пролетариат дəуірінде шыққан Сəкен... – дей келіп, сізді біз жақсы білеміз. Қашанғы қыңыр тарта бересіз, қоғам дамуының беталысы сіздің ойыңыздан шықпағанын көріп жүрсіз. Жаңа өмірді қабылдап, бетті беріге бұрыңыз, талантыңызды қор қылмаңыз, – деп жаздым. Мағжаннан жауап болмады. Келесі жылы оқуымды бітіріп, Алматыға келдім. Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайландым. Бір күні Мағжаннан хат алдым. «Сəбит қарағым, хатыңды алып едім, кезінде жауап жаза алмадым. Енді босанып елге келдім. Бір мектепте сабақ берем. Ол да тұрақты емес. Қашанғы шетке қаға бересіңдер. Көп уақыт өтті, көп су ақты дегендей... мені орталарыңа алмайсыңдар ма?» – деп жазыпты. Хатты Сəкенге көрсеттім. Ол: «Мұны басқа ешкім шеше алмайды, бірден Л.И.Мирзоянға бар», – деді. Осы жерде тыңдап отырған Мұхамеджан Қаратаев сөз қосып:

– Мен сіздің хатшыңыз едім ғой, Сəбе, əуелде Садық Нұрпейісовке барып едіңіз ғой, – деді.

Сəбең оның түзетуін қабылдады да:

– Садық оны шеше алмады. Ол да Мирзоянға сілтеді, – деді. Сонымен сұранып, Мирзоянның қабылдауына бардым. О кісі кішіпейіл, төрешілдігі жоқ адам еді, тез қабылдады. Мен хат туралы, Мағжанның сөзі туралы толық айтып түсіндірдім. Əңгіме үстінде Ораз Исаевты (Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы) шақырып алды. Сонсоң шешімін айтты:

– Шақырыңдар. Біраз қорлық көрді ғой, ойланған болар. Беті бері қараған шығар. Бірақ естеріңде болсын, ол – жаңа өмірді мойындамаған адам, əрі қарайып қалды. Сендерге жаңа шығарма жазып бере алмайды. Классикалық əдебиет үлгілерінен аударма жасатып алсаңдар да пайда... Қазір онда ешқандай жағдай жоқ. Үй беріңдер, баспамен келісіп, аударма жасауға шарт жасасып, аванс төлеңдер, сөйтіп көмектесіңдер, – деді.

Осы уəдемен шықтық. Ораз «Кеңестер үйі» деп аталатын қонақ үйінен екі бөлме беруге əмір берді. Барып, кілтін алдым. Баспа өзі келген соң шарт жасасып, ақша беретін болды. Мен телеграмма беріп шақырттым. Бір күні «келе жатырмыз» деген хабар да келді. Ол кезде машина жоқ, атарбамен барып, бірінші Алматы вокзалынан күтіп алдым. Пойыздан түсті, қасында əйелі Зылиха бар.

Мағжан Жұмабаев

Сəбең Зылиханы ұнатпайтын.

– Мен сыйлайтын ақындардың ішінде екі адамның əйелі маған ұнамады, бірі – осы, – деді. Екіншісін де айтып еді, ұмыттым. Мағжанның бақытсыздығын осы əйелден көретін.

– Мақа, – дедім күтіп алып тұрып, – үйіңіз дайын. Кілті менде, бірақ иесіз үйге барып түспейсіз ғой, біздің үйге барайық. Ертең апарып салам.

– Сəбит қарағым, інімдейсің ғой. Қолымда оқып та едің. Өкпелеме, мен сіздің үйге бармаймын. Мен Сəкенге барайын. Бірге өсіп, бірге оқып ек, заман екеумізді екі жолға салды ғой. Ол жеңді, мен жеңілдім. Сəкеңнің аяғына жығылайын, – деді Мағжан. Егіліп тұрып айтты. Жасып қалыпты. Аяп кеттім. Бірақ Сəкенге бірден алып баруға бата алмай, «қазір, тоса тұрыңыз» деп, телефон соқтым. Сəкен:

– Алып кел, – деді ойланбастан.

– Біз келсек, – деді Сəбең əңгімесін əрі жалғастырып, – Сəкен үйіне сыймай, үстіне қара костюм, ақ көйлек киіп, галстук тағып, таранып, бағының ішінде əрі-бері жүр екен. Екі қолы артында. Келген бетте Мағжанға құшағын жая ұмтылды. Екеуі де көзіне жас алысып, құшақтасып амандасты. Сол кешті Сəкен үйінде өткіздік. Ас үстінде, əңгіме арасында болса да, өткен өмірлерінің өкпелі жақтары, айтыс-тартыстары жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Көңіл көтерерлік əңгімелер ғана болды. Біз Мағжанды осылай қарсы алғанбыз, – деді Сəбең əңгімесін түйіндеп.

– Кейін не болды? – деп сұраймын мен, Мағжанның кейінгі тағдырын білгім кеп.

– Кейін біз ойлағандай болмай қалды. 1937 жыл келіп араласты. Сəкен ұсталып кетті. Мағжанның соның алдында Сəкен үйіне түнделетіп барып қонақ боп кеткенін, Сəкеннің ақшалай көмек бергенін артынан естідім.

– Мағжанды соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Күнде жиналыс, күнде əшкерелеу. Сəкен, Бейімбет, Ілияс ұсталған соң, маған шүйлікті. Жазушылар одағында үлкен жиналыс болды. Орнымнан алды. Партиядан шықтым. Енді қашан ұстап əкетеді деп күтумен жүрдім. Кешке қарай үйге кіруге жүрек дауаламайды, шам жақпай, апақ-сапақта верандада отыр едім, біреудің біздің үйге беттеген сүлбесі көрінді. Əуелде ұстауға келе жатқан адамдар ма деп шошынып қалсам да, артынан жай адам екенін аңғардым. Мағжан екен, қарсы шықтым.

– Сəбит, қарағым, – деді Мағжан, – бəрін де естідім. Сорым арылмаған адаммын ғой, мені шақырғаның да саған таяқ боп тиіпті. Кешірім сұрайын деп келдім, – деді ол. – Онымен сөйлесіп тұратындай жағдай менде жоқ еді. Қоштасты да іңір қараңғылығына кіріп жоқ болды. Содан кейін мен Мағжаннан көз жазып қалдым. Өлі екенін де, тірі кеткенін де білмеймін.

Сəбең əңгімесі көп. Бірінен бірін сабақтап туғызып, арасында əзілін айтып, күліп қойып жалғастыра береді. Біз Сəкен, Бейімбет, Ілияс туралы сұраймыз. Олардың еңбектері емес, адамдық, жолдастық қарым-қатынастарын білгіміз келеді.

– Мен олармен жолдас болып көп жүрдім. Жолсапарларға да бірге шығып көрдік. Ақкөңіл, қолы ашық, далақтап Бейімбет ылғи алда жүретін, мейрамханға тамақ ішуге барсақ та, алдымен сол төлейтін. Есепсіз еді. Одан кейінгі далақбайы – мен. Ал, Сəкен мен Ілияс мөлшерден аспайтын. Кеше сен қаншаға қонақ қылсаң, бүгін сондай ғып сыйлайтын. Бұл, əрине, сараңдық емес, есепке жүйріктік, – деп күліп қояды Сəбең.

Сəкен қасында көп болған Сəбең оның серілік өмірі жайлы да əңгіме шертеді. – Сəкен қызық еді, сезімнің адамы ғой, қыздардың кейде өзін емес, бір мүшесін көріп қызығатын. Мынаның аяғы, мынаның мықыны жақсы екен деп отыратын. Гүлбаһрамның да əуелде Сəкенді қалың ұзын шашы – бұрымы қызықтырған ғой. Сəкен – адамның сұлуы еді. Тұла бойындағы бір міні – аяғы қисықтау болатын. Соны білдірмеймін деп, кең шалбар, қыста қазақы етік киетін.

Осылармен қатар Сəбең халық арасындағы күлкілі əңгімелерді, əр кезде өзі көрген, куə болған оқиғалардың қызғылықты жақтарын теріп айтады. Демалыс кезінде көңіл көтеру үшін көңілді əңгімелерді əдейі айтатын да сияқты.

– Мен сендерге бір жегіш туралы əңгіме айтайын.

Ол бала кезінде өзі көрген бір ет жегіш мешкей жайлы əңгіме шертеді. Оны Торсан бай құдасына ертіп барып, ту биесін жегізеді. Торсанның қасында мешкейі бар деген соң құдасы ту бие сояды. Биені сойған жерге барған мешкей оның өздеріне арналып сойылып жатқанын естіп, «бізге арнасаңдар, аспай-ақ қойыңдар, мен оны шикі жеймін» деп, аздаған тұз септіріп, шикідей жеп тауысыпты. Құдасы Торсанға асатын еті болмай, басқа мал сойыпты. «Сол жегіш, – дейді Сəбең – біздің ауылда бір шошқаны жалғыз жегенін көрдім. Қатар жатқан орыс селосының бір шошқасы біздің ауылға кіріп кетіпті. Одан шошынған бір қазақ мылтығын алып атып тастапты. Ел жиналып, орыстар іздеп келсе, қырып кетеді деп қорқып, шошқаны жерге көміп тастамақ болады. Оны көрген жегіш: «Орыстар оны бəрібір тауып алады, ақысын берсеңдер мен жеп қояйын», – депті. Қазақтар соған келісіпті. Əлгі жегіш шошқаны түгел жеп, терісі мен бас-сирағын өртеп жібереді».

Сəбең күліп қойып, мəз болып өзі де осыған сеніп айтады, бізді де сендіреді. Жазушы адам ғой, жегіштің майды шикідей сорғанын суреттеп айтқанда, өзі тамсанып қызықтағанмен, тыңдаушының жүрегін айнытпай қоймайды.

Бірде Сəбеңнің Маңғыстауға депутат болып барып, жоғалып кеткенін сұрадым.

– Ой, ол бір қызық, – деді Сəбең. – 1947 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне Маңғыстаудан депутаттыққа ұсынылдым. Сайлау алдындағы кездесуге бардым. Аудандық партия комитетінің хатшысы қарсы алды. Үйіне алып барды. Жаздың күні, ыстық, үйі салқын, терезелерін қараңғылап қойыпты. Шай ішіп болған соң:

– Ал, Сəке, демала тұрыңыз. Мен жиналысты ұйымдастыру жағын реттеп келейін, – деп кетіп қалды. Маған үйінің төргі бөлмесіне төсек салып берді. Қисайып жатып ем, ұйқым келмеді. Есіктің алдына шықтым. Ұзынша орындығы бар екен, отыр едім, өтіп бара жатқан бір егде адам бұрылып, сəлем берді. Мені таныды. Жөн сұрасып, сол жердің адайы екенін, ауылы аудан орталығынан сəл сырттау, құм ішінде екенін айтты.

Сəбең соған еріп, əңгімемен ауылына келгенін бір-ақ біледі. Ауыл адамдары Сəбеңді танып, бір үйге кіргізіп, мал сойып, ел жиналып, мəз болысады. Əңгіме-дүкен құрады.

Аупартком хатшысы жиналысты ұйымдастырып, ертіп барайын деп үйіне келсе, Сəбит жоқ. Əйелі: «Жаңа бір əзірде сыртқа шығып еді», – дейді. Олай іздейді, бұлай іздейді. Милицияға хабар береді. Депутат жоқ. Сасқан аупартком хатшысы облысқа, Гурьевке хабар береді. Олар «табыңдар» деп бұйырады. Ақыры милиция ауданның сырт жағындағы ауылдарға шығады. Барса, бір үйде толған халық ортасында мəз болып əңгіме айтып отырған Сəбитті табады.

Күлкілі болғанмен, бұл əңгіме Сəбеңнің халықтығын, қарапайымдылығын, көп ішіне сіңімділігін танытатын шынайы шындыққа толы. Сəбең əңгімелерінен оның өмірді терең білетіні, адамдарды керемет танып, образға айналдырып суреттей отыратыны, көргенін ұмытпайтын, бəрін де жадында сақтайтын ұқыптылығы білініп тұратын. Оның қарапайым адамдар ішінде досы көп болатын, бірге өскен құрдастарын ерекше сыйлайтын. Кейін үлкен жазушы болған кезінде өзін күтіп алып, қонақүйден орын дайындағандарға көнбей, ескі бір досының үйіне түскенін бір естеліктен оқыған едім.

– Мен үлкен болдым деп, оның үйіне түспесем, достығым қайда? – депті Сəбең.

Сондай жас кезінде бірге болып, қиын күндерді бірге өткізген достарының бірі Телібайдың Сарысы еді. Біздің елдің жігіті, бізбен құдандалығы бар. Сары Алматыға келген сайын Сəбең үйіне соқпай кетпейтін. Өзімен де, Мəкеңмен де əзіл-қалжыңдары жарасқан құрдас еді. Қызылжар байларының бірінде жалшы боп жүрген Сарыны Кеңес өкіметі келген кезде Сəбиттер босатып, сауат ашу мектебіне беріп, партияға түсіріп, кеңес жұмысына тартқан. Бірі елде, бірі Алматыда жүрсе де, ара-қатынастары үзілмеген достар еді. Ол жөнінде, Сарыны іздеп Жаңарқаға барғаны жайлы Сəбең «Сарыарқада» (1956) атты очеркінде жазған.

– Əй, Серік, – деді бір күні Сəбең телефон соғып. – Мен Арқа жағын аралап қайттым. Сенің еліңе бардым. Сарыны білесің ғой, қонақ болдым. Сол жолсапарым жөнінде бір очерк жазып ем, саған жіберем.

Ол кезде мен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында əдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі едім.

– Мақұл, Сəбе!

Очерк кешікпей газетте басылды.

Сондай жас кезінде бірге өскен достарының бірі – атақты ақын Жақан Сыздықов болатын. Үлкен, кіші кезінің бəрінде де онымен қатынасын үзген жоқ. Өмірінің соңғы кезінде Жақан аздап ішімдікке салынып, шығарма жазуын əлсіретіп алды. Соның өзінде Сəбит одан қол үзбей, ақыл-кеңесін , көмегін аямады. Екеуінің арасында болған бір күлкілі əңгімені мен Жақанның аузынан естіп едім.

– Мен көп уақыт үйсіз жүрдім, – дейді Жақан. – Бір бөлмелі ескі үйде тұрдым. Қыста суық. Сəбит – одақтың төрағасы. Үй алып берем деп уəде жасаған. Бірақ көпке дейін ойын іске асыра алмай жүрді. Алматыда салынып жатқан үй де аз. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Бір күні үйге келсем, пеш тартпай, үй ішін түтіндетіп, Қатира ренжіп жүр екен, мені көріп сөйлей бастады.

– Үлкен ақынсың, Сəбитпен доспын дейсің, сол Сəбитіңнің қолынан келмей ме, əдейі істемей жүрген шығар!

Жолдастарыммен аздап ұрттап келіп едім, шыдамай шығып кеттім. Одаққа келсем, Сəбит жоқ екен. Есіктің алдында бір жігіттермен бөгеліп, баспалдақтың үстінде тұр едім, Сəбиттің машинасы қораға кірді де, ішінен шыққан ол бізге қарай беттеді. Баспалдаққа аяғын сала бере, ен-телеп, елпелектеп:

– Ə, Жақан, амансың ба? – деп қолын соза бергенде, жоғарыдан тұрып ішке теуіп қалдым.

– Еһ, дұрыс! – деді де өтіп кетті.

Тұрған жұрттың бəрі аң-таң, маған қарайды. Менің оларға қарай-тын бетім жоқ. Сəбит – одақтың төрағасы, Жоғарғы Кеңестің депутаты,

Орталық партия комитетінің мүшесі, атақты жазушы. Соны ішке теуіп қалғаным есіме жаңа түсті де, жылап, теріс айналып жүріп кеттім. Үйге келіп, Қатираға не істеп келгенімді айттым да, жатып қалдым. Ол одан сайын ренжіді. Таңертең тұрып, шай ішіп отыр едім, үйге Сəбиттің машинасымен Фаина Иосифовна (Жазушылар одағы іс басқарушысы болып істейтін) келді.

– Сабит Муканович шақырады.

– Мені тегін шақыртпаған болар, кешегі ісім үшін түрмеге жіберетін шығар, – деп Қатирамен қоштасып кеттім.

Фаина Иосифовна бірден Сəбиттің кабинетіне кіргізіп жіберді. Кірсем, Сəбит төмен қарап, бір қағаз жазып отыр екен, əлден уақытта басын көтеріп, маған қарады да, амандаспастан:

– Жақан, осы сен кеше не істедің? – деді.

Айтар жауабым жоқ, ағыл-тегіл жыладым. Сəбит мені жұбатып əуре. Əлден уақытта көз жасымды тыйып, кешірім сұрадым. «Қу арақтың қырсығы ғой» деп басымды көтерсем:

– Ей, Жақан-ай, сен кетсең мені ішке тебетін адам да болмайды ғой, –деп Сəбитім өзі қоса жылап отыр.

Жақан осыны айтып, Сəбитке қадірінің барлығын мақтан етеді. Досының адалдығына, қарапайым, ақкөңіл, сезімталдығына ризалық білдіреді.

– Əй, Жақан, есіңде ме, – деді де, ескі бір кітаптағы өлеңдерді жатқа айтты. Сонсоң тұрып: «Мен бала кезімде жаттаған жырларымды əлі ұмытпаппын. Бүгінгі ақындардың бір жол өлеңі де есімде жоқ. Бұл қалай? – деп маған қарады. Мен:

– Сен ескішілсің, жаңаны əлі бойыңа сіңіре алмай жүрсің, – деп қалжыңдадым дейтін. Мұнда да оған батыл айта аламын деген мақтаныш бар. Соның бəрін ол ескі достығынан деп түсінетін. Екеуі əдеби қызметін бірге бастап, Қызылжарда (Петропавлда) облыстық газетте бірге істеген ғой. Сол қатынастары үзілмеген қалпында кетті. Сол кезде Солтүстік Қазақстанда бірге өсіп, əдебиетке бірге келген Жақан тектес достары Мəжит Дəулетбаев, Ғалым Малдыбаевтар да жас мөлшерлері шамалас болғанына қарамай, Сəбитті ұстаз тұтатын.

Ол шын мағынасындағы ұстаз еді ғой. Жаңа əдебиеттің жас кадрларын дайындауда Сəбиттен мол еңбек сіңірген адам жоқ. Ол облыстарға барып, онда əдебиет үйірмелерін құрып, облыстық газеттер редакциялары маңына жас əдебиетшілерді ұйымдастыруға тікелей қатысты. Өзі баспасөз маңында істеген адам олардың шығармаларының жарық көруіне көмектесті. 20-жылдардың өзінде əдебиетке келген Асқар мен Əбділда да, Ғали мен Жақан да, Қалмақан мен Мəжит те оны ұстазындай мойындайтын. Оның қолы ұзын, пейілі кең еді.

Кейін біз көрген кездің өзінде Сəбит осы мінезімен соғыстан кейін əдебиетке келген жастарға қамқор болды. Сырбай мен Жұбан, Хамит пен Мұзафар, Ғафу мен Тоқаш, Тұманбай мен Қадыр , Есет пен Ізтай, тағы басқалары алғашқы жырларын Сəбитке оқыды, соның алдынан өтті. Солардың алғашқы жинақтарын оқып, талқылауына қатысып, қуанып мақалалар жазған да Сəбең болатын. Одаққа мүшелікке өткізем деп талайын сүйреп жүргенін көрдік. Əбдіжəмілдің алғашқы романын қалай қолдағанын, үйіне жатқызып көмектескенін елдің бəрі біледі, Əбдіжəмілдің өзі де жазған.

Əдебиетшілер ортасы да біртектес емес қой. Біреулері Сəбеңнің көмегіне, ақылына разылық білдірсе, енді біреулері ішіп келіп, ренжітіп кеткен кездері де болған. Сондайларға Сəбең:

– Дұрыс! – дейтін де қала беретін. Ондайлардың талайын біз де көрдік. Ол кісі көңілі қалсын демеуші еді. Кімге болса да қол ұшын беруге дайын тұратын. Ауыл адамдарына көмегін аямайтыны жайлы естеліктерде де мол мəлімет бар.

– Əй, Серік, –деді Сəбең «Алматы» шипажайында демалып жатқан күндердің бірінде, – сенде Серік Мақпыров деген бала оқи ма?

– Оқиды, биыл бітіреді.

– Қалай оқиды?

– Жақсы.

– Аспирантурада оқып кетуге шамасы келе ме?

– Келеді.

– Онда соны аспирантураға алып қалсайшы!

– Ой, Сəбе, қолымнан келмейді, – дедім мен шынымды айтып. – Қазір бізге аспирантураға орын бермейді. Облыстардан арнаулы орын алып келгендерді ғана қабылдаймыз.

– Мен орын алып берсем ше?

– Алып берсеңіз, аламыз. Сөз жоқ.

Шипажайда бізбен бірге ерте кезде партия, кеңес, кəсіподақ қызметтерін атқарған Шəрипа Таева деген əйел жатқан . Сəбеңмен таныс екен, сөйлесіп жүретін. Менімен таныстығы жоқ сол кісі араға Сəбеңді салыпты. Сəбең ақыры Оқу министрлігіне барып, сол бала үшін аспирантураға орын алды. Кейін ол жігіт «Ботакөз» романының шығармашылық тарихы» атты кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ оны Сəбең көре алмады. Сəбеңнің қамқорлығымен оқуға түскен, ғылымға келген, жұмысқа араласқан мұндай жастар көп.

Сəбеңмен талай кештің қонағы боп та көрдік. Ойын-тойдың, жиынның гүлі еді ғой. Қонақпын деп сызылып отырмайтын, өзі билеп-төстеп, əңгіме айтып, күлдіріп, кешті басқарып кететін. Арасында Мəкеңмен қосылып əн де айтып қоятын.

Қимайды екен көз көрген

Оңбайды екен сөзге ерген, –

деп келетін əнді жақсы көретін, жиі айтатын. Сырт елдерде жүргенде «бір қазақ əнін айтыңдар» деп сұрағанда осы əнді қосылып айтқанын еске түсіріп отыратын.

Қонақта отырып, келіндерін мақтап қойып, «Біздің ауылдың шалдары баяғыда келіндерін мақтап отырғанда, таңданушы едік, сөйтсек, ертеңгі ішетін шайын ойлап отырады екен ғой. Қазір басымызға түскенде түсіндік», – деп күлдіретін.

Сəбең «Ет асату» дəстүрін жақсы көретін. Қонақ үстінде, ет желініп болған кезде, табақты алдына тартып алып, қонақтарға кезекпе-кезек асататын. Еті мен майын араластырып, алақанын толтырып алып, қонақтың аузына таяп, бармағымен итеріп түсіретін. Ешқашан қолына бермейтін. Сəкеңнің 70 жылдығы аталған тұста (1964), тың өлкесі партия комитеті-нің бірінші хатшысы Коломиецке ет асатқанын қызық қып айтатын.

– Өлкелік комитет бізге қонақасы берді, – дейді Сəбең. – Жылқы сойылған, мол ет желінбей қалды да, мен қонақтарға асата бастадым. Мұндай дəстүрдің барлығын орыс жолдастарға да түсіндірдім. Майы мен етін толтырып аузына таянғанымда Коломиец:

– Ой, Сəбит Муканович, я умру после этого. Я жирное не ем, – деді. Мен оған қарамай:

– Это – традиция казахов, прошу уважать традицию, – дедім. Коло-миец аузын тоса берді. Мен толтыра асатып жібердім. Түнімен «шынында ауру болса, майды көтере алмай өліп қалар ма екен!» – деп ойлап шықтым. Таңертең тұрып, өлкелік комитетке барғанда, ол бізді қарсы алып: – «Удивительно, Сəбит Муканович, нормально перенес это» деді, – дейтін.

Əзілшіл еді. 1957 жылы М .Əуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылып, соның соңғы репетициясына барғанымыз бар. Мен – газет қызметкерімін. Спектакль жөнінде мақала жазуға тапсырма алғам. Репетициядан кейінгі талқылаудағы пікірлерді тыңдау үшін жиынға қалдым. Сонда Сəбең пьеса, спектакль жөнінде жақсы пікірлер айтты, ризалығын білдірді. Соңында Еңлік рөліндегі Шолпанның ел-жұртымен қоштасу əнін айтқан кездегі даусындағы жарықшақты күлдіре тұрып сынады. «Баяғыда əнді дұрыс бастап, артын бүлдіріп алған біреу: «Менің даусымның басы шешеме тартқан да, аяғы атама тартқан», – деген екен. Сондай-ақ Шолпан əнін анасынша бастап, əкесінше аяқтады», – деп күлдірді.

Сəбең – үлкен жазушы. Əрине, бүгін оның жазушылық еңбегіне əртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Ə ркімнің күнгейі мен көлеңкесі болады. Соның өзінде Сəбеңнің үнемі ізденістен туған, жаңашыл рухтағы, биік мұратты туындыларын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол өмірді терең білді . Адамдарды жіті таныды. Қазақстан территориясында ол араламаған ауыл, көрмеген жер жоқ шығар. Одақты, шетелді де көп аралады. Бəрінің де ізі бар – көркем туынды, очерк, суреттеме күйінде хатқа түскен. Оның шығармалары сол заманның өзінде тақырыбымен, көркемдік ізденістеріндегі жаңалықтарымен, тіпті түрлік, өлеңдік тың бояуларымен ылғи айтыс тудырып отырған. «Жұмбақ жалау», «Адасқандар», «Ақ аю» маңындағы айтыстарды еске алсақ та жеткілікті. Ол көп жазды . Өзі: «Шамамен елу томға жуықтайды, соның іріктеп 30 томын басуға болады», – деуші еді. Шығармаларын сол 30 том көлемінде дайындаған. Бірақ үкімет 16 том ғана шығаруға рұқсат етті. Оның да толық басылып шыққанын жазушы көре алмады.

Сəбеңнің бір мезгіл жұмыстан босап отырғанын ешкім көрген жоқ.

Оның жоспары да көп болды.

Сəбең өлгенде Ғабең: «Бір өзі бір кітапхана кітап жазған, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дəуірін қамтуға құлаш ұрған, əр дəуірдегі елдік-ерлік тіршілігін, ой-өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңдесері сирек кездесетін қалам еңбекшісі», – деп бастап, тебірене тұрып сөз сөйлеп еді. Сəбеңнің бар еңбегі осы бір қысқа сөзге сыйған. Ол қазақ халқының арғы-бергі тарихын, салт-санасын, əдет-ғұрпын терең білді, көркем шығармаларына сыйғызды, зерттеулер жазды.

Шынында да, «қалам еңбекшісі», еңбекқор еді. Мойнынан еңбек қамыты шешілмеген күйде көз жұмды. Оның алып еңбегі, алып тұлғасы оны Алып адам етті, Алып жазушы болды.

Сəбеңнің Алып тұлғасын сөз еткенде, оның қасындағы Алып Ана Мəкеңді, Мариям анамызды естен шығаруға еш болмайды. Ол кісі өмірінде Сəбеңе лайық, өзіне тартып туған, көпшіл, елге қамқор Ана, Апа бола білді. Біз көрген жазушы əйелдерінің жаңа типін Мəкең қалыптастырды. Сəбеңе əдеби жұмысына жағдай жасап, босап кеткен кезінде демалысын ұйымдастырып, дастарханын кең жайып, қонағы мен достарын маңына жинап, жарқын да шабытты тіршіліктің жасаушысы сол кісі болды. Мəкең үлгісі басқа жазушылар отбасына да əсер етті. Қазақ жазушылары Сəбеңді қандай аға , ұстаз тұтса, жазушылар əйелдерінің көсемі – осы Мəкең еді. Мəкеңнің Аналық кең пейілі, бауырмалдығы, жазушылар ортасымен достығы Сəбең дүниеден өткеннен кейінгі жылдарда ерекше танылды. Ол – біздің көзі тірі Сəбеңіміз. Сондықтан да Сəбеңнің көзін көріп араласқан ұрпақ жыл сайынғы Сəбең жейтін сыбағаны Мəкеңе тартып келеді. Мəкең жазушылар ортасының қуанышы мен қайғысына ортақтасып, солармен бірге өмір кешуде. Өмірдің қиыншылықтарына (Сəбеңді , Ботажан мен Бақытты, күйеу баласын жоғалту, т.б.) қарамастан Мəкеңді алға, өмір сүруге сүйреп келе жатқан да Сəбеңе деген ел құрметі деп білем.

Сəбеңдей Алып Атасы, Мəкеңдей Алып Анасы бар қазақ жазушылары жетім емес.

1999

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар