Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Тұрғынбекұлы: Менің ең басты тақырыбым – тәуелсіздік!

14.12.2017 1978

Серік Тұрғынбекұлы: Менің ең басты тақырыбым – тәуелсіздік!

Шоқтығы биік қазақ поэзиясы жайында сөз қозғанда, өлеңді өндірте, жалындатып жазып жүрген ұлтымыздың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлының есімі тіл ұшымызға оралады. Мен ақын есімін Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының Қызбел ауылында, Ақсуат орта мектебінің бастауыш мектебінде оқып жүргенде естіген едім. Мәтінін өзі жазған «Торғай қызы» әнін көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері, оқушы қыздар сүйсіне шырқайтын. Кейін өсе келе жұмыс бабымен Қостанай қаласына қоныс тептік. Осында «Егемен Қазақстан» газетінің ұзақ жылдар бойы меншікті тілшісі болған, көзі ашық, көкірегі ояу аңқылдақ азамат, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байтұрсын Ілиястың үйінде Серік Тұрғынбекұлымен таныстым. Байтұрсын ағаның мінезі қазақ даласындай кең, биязы, сабырлы, мейірімді, адамгершілігі мол, жақсылыққа жаны құштар жақсы адам еді. Ол кісінің үйі Алматыдан, басқа қалалардан, ел жақтан келетін қонақтарға толы болатын. Байтұрсын, Серік ағаларымыздың соңынан еріп, Қостанай, Торғай атырабын аралаған сапарларды, сондағы қызықты жайларды қалай ұмытарсың? Ол да бір қызықты дәурен екен-ау.

Осы жылдар ішінде Серік ағамен етене араласып, сырлас, мұңдас бауыр, айнымас дос болып кеттік. Бір-бірімізге айқайлап, жекіп, ұрсысып, қатты сөзге келмеппіз. Оның бетін аулақ қылсын. Аға-іні ретінде сыйласып, ақ көңілмен қауышып жатамыз.

Серік ағамыз барлық өмірін өлең жазуға арнады. Өлеңге берілген, әдебиетке адал, ағынан жарылып, әділ сөз сөйлейді. Өзгелердей сыртыңнан ғайбаттап, жамандамай, бәрін бетке айтады. Мінезі Торғайдың жазиралы даласындай кең, мәрт, жаны өзі жағасында өскен Өлкейік өзенінің суындай мөп-мөлдір, кіршіксіз таза. Туған жерін керемет жақсы көреді, халқының тағдырына алаңдап, ана тіліне жаны ашиды. Кешегі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді Алаш арыстары дүниеге келген Торғай елінде туған, әдебиетіміздің қос бәйтерегі іспеттес арқалы ақындар Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің ізін басып, бүгінде солардың көзіндей көрінген, солардың орнын жоқтатпай, бәрімізге ақыл-кеңес айтып, шынайы қамқорлық жасап жүрген Серік Тұрғынбекұлы өткен жылы 70 жасқа келді.

70 жас – бұл ақынның нағыз кемеліне келіп, толысып, шығармашылық шыңына жеткен шағы. Серік Тұрғынбекұлы – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Республикалық Махамбет сыйлығының иегері. Ол сонымен бірге қаламы жүйрік журналист, жалынды публицист, дарынды драматург, қоғам қайраткері.

70 жастан асса да қолынан қаламын тастамай, оқырмандарын татымды туындыларымен қуантып жүрген лирик ақын Серік Тұрғынбекұлымен біз жұмыс кабинетінде дидарласып, сырласқан едік.

– Тәуелсіздік күні барлық мерекелерден ерекше көрінуі керек, өйткені ол – Қазақстанның ұлттық мейрамы. Осы Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз?

– Қазақстанда, Құдайға шүкір, той көп. Бұны жақсы ырымға балау керек. Бірақ, сол тойлардың ішіндегі дәрежесі жағынан да, деңгейі жағынан да ең биігі – Тәуелсіздік күні болуға тиісті. Өйткені, біздің елдің, әсіресе, осы жиырма бес жылға жуық тірлігінің бәрі, түптеп келгенде Тәуелсіздікке тіреледі. Тәуелсіздіктің арқасында жеке, дербес ел болдық. Тәуелсіздіктің арқасында әлемге танылдық. Тәуелсіздіктің арқасында Астана салдық. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Тіпті, кешегі дүниені дүрілдетіп өткізген Саммитіміздің өзі – Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты деп есептеуіміз керек. Егер Тәуелсіздік болмаса, осының бірі де болмаған болар еді. Сондықтан Тәуелсіздікті жалаң той ретінде ғана өткізбей, саналы ой ретінде қабылдауымыз керек. Әлбетте, көп елдерге қақтығыс, қантөгіспен келетін Тәуелсіздік бізге қалай келді? Тәуелсіздікті Кеңестер Одағының ыдырауымен ғана байланыстырсақ, біз қателесеміз. Біз бұны «өз аяғымен келген Тәуелсіздік» деп қабылдасақ, бүгінгі күніміздің қадір-қасиетін жете түсінбеген болып шығамыз. Тәуелсіздік бізге өз сәтімен келсе де, біздің қазақ халқы осы жолда қаншама қан төкті, қаншама құрбандық болды. Басқа, көтеріліс, қақтығыстарды былай қойғанда, бір ғана алып империяға қарсы он жыл күрескен Кенесарының іс-қимыл, әрекетін қайда қоямыз?! Оған 1916 жылы патша жарлығына қарсы шабуылға шыққан Кейкі, Амангелді бастаған Торғай көтерілісі тарихта өшпес із қалдырып кеткенін білеміз. Бұл көтеріліс кезінде бүкіл қазақ жеріне қанат жайып кеткені белгілі. Соның соңы, кешегі Желтоқсанға ұласқан жоқ па? Ендеше, Тәуелсіздік бізге өз аяғымен келген жоқ, немесе, бізді билеген алып империяның «қателігінен» пайда таптық деп пайымдау бос сөз. Тәуелсіздік – қазақ халқының өз жерінде еркін өмір сүру үшін аңсаған ежелгі арманы. Тәуелсіздік – азаттықты аңсаған Алаш идеясы. Тіпті, қазақ үшін аса қастер «Тәуелсіздік» деген сөзді халықтың санасына сіңіріп, жүрегіне ұялатқан, оны ғаламдық деңгейге көтеріп, алғаш ғылыми айналымға салған – Алаш арыстары. Алаш арыстарының өздерін құрбан қылған арманы. Енді осы Тәуелсіздік тұсында біз баяғыдан ұрпағына аманат етіп қалдырған батырларымыз бен асылдарымыздың, соны тікелей идеяға айналдырған Алаш арыстарының арманын аяқ асты етуге еш хақымыз жоқ. Демек, Тәуелсіздік тойында, арғы Абылай хан арманы, одан кейінгі Кенесары көтерілісі, жалпы, Алаш идеясы алғашқы орында тұруы керек. Қазақ батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбайлардың (Құдайға шүкір, қазақта батырлар баршылық қой) аруағының әспеттелуі керек. Ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз – тарихшыларымыз, тіпті болмағанда Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан тұсынан бермен қарайғы, Керей – Жәнібек бастап кешегі Желтоқсан, бүгінгі Тәуелсіздік жолында тер төгіп, құрбан болған батырлар мен көсемдердің шын мәніндегі шынайы тұлғасын анықтап, келешек ұрпақ зердесіне сіңіру қажет. Олар туралы келелі романдар, дастандар дүниеге келіп, кешегі Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі», Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әбіш Кекілбаевтың «Абылай ханы» сияқты драмалық кесек туындылар қазақ әдебиеті мен тарихына олжа салуы керек. Әлем-жәлем концерт өткізгеннен гөрі Тәуелсіз елдің асыл мұраттарын бүгінгі бедері мен беделін бағамдап берген әлдеқайда әсерлі болар еді. «Әзірет-Сұлтандағы» бір ғана Абылай хан сүйегінің өзін тап басып тани алмай жатқанда, Абылай хан шапанының табылып, Елорда төрінде тұруының өзі осы Тәуелсіздігіміздің түбегейлі бір көрінісі емес пе? Түркістанға оралған қасиетті қара қазанның қақпағы қайда? Қақпақсыз қазанның дәм-тұзы көрінгенге жем болмай ма? Кенесары, Кейкі аталарымыздың Санкт-Петербордағы кунс-камерада сақталып келіп, кейін сап болған Басы қайда? Әйтеуір Кейкі батырдың басы қайтарылып берілді, ол туған жер төсіне құрметпен жерленді. Ал, енді Кенесары батырдың басы елімізге оралмай, рухымыздың оянуы екіталай. Тәуелсіз еліміздің жалы күдірейіп, егемендігіміз баянды болсын десек, патшалық империяға қарсы күресіп, Тәуелсіздік рухын оятқан Кенесары батырдың басы – Қазақстан жүрегі Астананың қақ төсінде тұруы хақ!

– Біз осы Алаш арыстары армандаған күнге жете алдық па?

– Ол күнге, әрине, жеттік. Менің айтып отырғаным, сол қол жеткізген Тәуелсіздікті жүрегімізге әр мұсылманның Құранды қастерлегеніндей, қадіріне жетуіміз керек. Алаш арыстары сол кездің өзінде, қылышын қайраған қызыл империясының айбарынан қаймықпай, қаншалықты құнды ұсыныстарды жүзеге асырмақ болды. Сонда, олар үшін ең басты құндылық, осы жерді қан төгіп қорғаған қазақ халқының қамы бәрінен биік тұрды. Олар қандай жұмыс жасаса да өз алдарына ұлттық мұратты басты міндет етіп қойды. Кейіннен Кеңестік төңкеріс Алаш идеясын тұншықтырып, өз идеяларын іске асырғанда қазақ халқы «екінші сортты» ел болып шыға келді. Оның тілі де, діні де, салт-дәстүрі де, қайраткер тұлғалары да құрдымға кетіп, өзге халыққа, өгей басшыға табындырып қойды. Біз осы құлдық санадан әлі күнге түбегейлі құтылып кеткен жоқпыз. Өйткені Алаш арыстарының идеясының жолын кескеннен кейін, былайғы жұрт Кеңес үкіметінің ықпалында өмір сүріп, «Тәуелсіздік» деген қастерлі сөздің мағынасына терең бойлай алмады. Ел Тәуелсіздіктің тарихи тағлымын енді-енді түсініп келеді.

– Тәуелсіздік күні Жаңа жыл тасасында қалып бара жатқан жоқ па?

– Орынды сұрақ. Жетпіс жыл бойы әлі күнге дейін толассыз тойланып, Кеңес үкіметінің басты мерекелерінің біріне айналған Жаңа жылды әлі де, өз деңгейінен түсірмей, алаулатып-жалаулатып тойлау, тіпті әрбір жанұя – от басы, жаңа жыл түні сағаттың тықылына дейін тағатсыз күтіп, шыны аяқ қағыстыру дәстүрін Тәуелсіз ел тәркі еткен жоқ. Дұрыс-ақ. Ортақ тойда орта толсын демекпіз. Алайда, еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздікке селкеу түспеуі керек. Қазір ел-жұрттың арасындағы «Тәуелсіздік тойы – Жаңа жылдың» көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?» деп қауіптене сөйлеуінде бір гәп бар. Олай дейтінім, Тәуелсіздік дүниеге келген Желтоқсан айы басталысымен-ақ, сол күні Еліміздің Бас қаласынан бастап, мерекелік алаңда Жаңа жыл шыршасы бой көтеріп, жар-жұрқ етіп, «мен мұндалап» тұрады. Ертеңгі Тәуелсіздік тойы иек астында тұрғанда, келесі айда келетін Жаңа жылға бүгіннен бастап дайындық басталады. Алаңдағы алып шырша қаланың құзырлы орындарында өз жалғасын тауып, мекемелер мен мектептер, оқу орындары – ел-жұрт Жаңа жыл тойының қамына кіріседі. Ал, осы Жаңа жылды 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесін тойлап алғаннан кейін қолға алсақ та, содан кейін бетбұрыс жасасақ та жетіп жатпай ма?! Тіпті, 13 қаңтар ескі Ресейдің жаңа жылына дейін жалғастырып жататындар бар. Оған қарсы болып жатқан ешкім жоқ қой. Онсыз да Жаңа жыл бір ай бойы өз рәсімін жоғалтпайды екен. Сонда, біздің Жаңа жылды, дәл Тәуелсіздік күнінің табалдырығының алдында, үлкен той – ұлы той қол созым жерде тұрғанда, алаулатып-жалаулатып, шыршалатып шыға келетінімізді немен түсіндіруге болады? Жаңа жылды ешкім орнынан тайқытып жібермейді. Оның есесіне, Тәуелсіздік тойын кең тойлап, терең толғап, тұғырында бекіте түсу – басты міндетіміз емес пе? Ендеше, екінің біріне: Жаңа жылды алаңсыз тойлайық, не болмаса, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ойлайық.

– Тілді дамыту үшін не істеу керек?!

– Әсет Найманбаев деген ақынның бір өлеңі бар еді:

Ақында менен сорлы жан бар ма екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген! –

деп келетін. Сол сияқты, менің ойымша, «Қазақтан асқан бейбақ халық бар ма екен?!» Жеке мемлекет болғанына ширек ғасыр уақыт болды. Тіл байғұс, әлі күнге дейін көкпарға тартқан көк серкенің терісіндей, додаға түседі де жатады. Біздің тілді дамытуға қосқан үлесімізден гөрі, соны қалай дамытамыз деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Оны неменесіне қақпақылға сала береміз. Қаражат болса, қисапсыз бөлініп жатыр. Онанда ол ақшаны ақын-жазушылардың, журналистердің, ғалымдардың, қайраткерлердің тіл туралы жазған шығармаларына қаламақы төлемей ме? Тіл­ді орыстардың өздері ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақтарды керемет «кресло» беріп, неменесіне тайраңдатып қоямыз. Тілін білмеген қазақ жеме-жемге келгенде басқа ұлттың бишігештеріне дінін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жіберуі мүмкін. Кезінде Бекболат Тілеухан «Намыс» деген журнал шығарды. Киоскілерде толып тұрды. Ал, осыны қай бишігеш қолына алып парақтап оқыды? Жыпырлаған журналды қай қазақтың жастары таласып-тармасып алып жатыр. Оның есесіне, Құдайға шүкір, «Қазақ үні», «Жас Алаш» газеттері жақсы тарайды. Мен мына журналдың аты – «Намыс» болған соң, намысқа тигізіп айтып отырмын. «Тіл» туралы басылымдардың өтіп жатқаны шамалы. Бүтін Астанада қазақ басылымдарын сататын «Алты Алаш» деп аталатын дүңгіршек екі-ақ жерде бар. Ал, Ресейдің ешкім алмайтын арзан-газет журналдары көрінген дүңгіршекте толып тұр. Мен айтып отырған «Намыс» секілді басылымдардың ауылдық жерге иісі де бармайды. Ауылға барса намысы кетіле бастаған қандастарымызды қайрауға жарап қалар ма деген ой ғой, менікі. Менің ойымша, тілді дамытамыз деп құр даурыққанша, кешегі Кеңес үкіметінің кейбір тәсілдерін пайдаланған жөн болар еді. Өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірі, «орыс тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегендей емеурін бар еді ғой. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес, таныс керек. Сол үшін, менің ойымша, «тіл шаруашылығының» асқынып кетуіне байланысты, енді «финполиция» деген сияқты, «тіл полициясын» енгізу керек. Біз қазір тек қорыққанымызды ғана сыйлайтын халге жеттік. Дәл осы кезде, тіл бұзар мекемелерге айып салса, тіл бұзар басшыға шара қолданса, бірден тәртіпке келер еді. Көшелердегі қазақша жарнамалардың бәрі дерлік жарымжан. Жарымжан жарнамалар Астана, Алматыдан бастап, бүкіл облыс орталығындағы қалаларда бықып жатыр. Ал, сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін «айыппұл» салынса, шенеуніктер шекесінен қарамай, тез есін жияр еді. Осының бәрі тәртіпсіздіктен, жүйесіздіктен, талаптың жоқтығынан болып отыр. Тіл мәселесін тек қана сонымен айналысатын мекемелердің қанжығасына байлап қою әділеттілік емес. Әнеу бір жылы тіл талқылау жиынында Кәрім Мәсімовтің қазақша «көп сөз – боқ сөз» деп қағазға қарамай ауызша айтқанына мәз болып қалдық. Сол айтқандай, енді тілді боқ сөзден арылту үшін тек тәртіпке жүгіну керек. Енді міне, тілді игеруге тағы да 10 жыл қосып отырмыз. Тіл алдымен қазақ үшін керек. Өйткені, бұл мемлекеттің иесі де, киесі де – қазақ. Ал, қазақ халқы – алғыр халық. Қазақ жастары қазір орыс тілін орыстардан артық біледі, ағылшын тіліне де ағып тұр. Құдай қаласа, қытай тіліне де ден қойып, тез меңгеріп кететіндер де аз болмаса керек-ті. Ал, қазақ тіліне «қақалып» жеткендер болса, емін таба алмай жатқан – өзімізден!

– Әңгіме арасында жастық, бозбалалық дәуіріңізді бір сәт еске ала кетсеңіз.

– Менің өмірім ескі ауылдың күйін кешкен, баяғы көшпелі дәуірдің сарқытындай, киіз үйлі қазақтың кең даланы жайлаған еркіндік аясында өтті. Олай дейтінім, ол кезде, әрине, кеңес үкіметінің кезеңі – тәртіп те, заң да өзінің бұлтартпас күшінде болса да, алыстағы қазақ ауылдарының хал-ахуалы, қазақы қалыптан көп өзгере қойған жоқ еді. Біз сиырлы ауылдың балалары едік. Ерте көктемнен қара күзге дейін сиырларға жайылым болатын жердің танабына көшіп-қонып, өзен-көлдің төңірегінде өмір сүрдік. Менің бозбала күндерім, бетегелі боз, ұзын аққан Өлкейік өзенінің бойында өтті. Өлкейіктің арғы беті – Ырғыз елі, Ақтөбе облысы болса, бергі беті – тусыраған Торғай жері. Арғы беттегі елді біз, әлбетте, «шөмекейлер» деуші едік те, олар бізді үнемі «арғындар» дейтін. Ол кезде бөлініп қойған шекара жоқ. Біздің ауыл көбінесе, Өлкейіктің арғы беті – шөмекейлер жағын жайлайтын. Содан ба, Ырғыз елімен іргелес болған соң, құдандалы, жекжат, нағашылы-жиенді дегендей қазақы ғұрыптар біздің ауылда қатты қалыптасқан. Маған, неге екені белгісіз, шөмекейдің қыздары шетінен сұлу болып көрінетін. Менің әкем, бес жасымда дүниеден өтті де, біздің үй – әкемнің ағасы Мірке деген кісінің қанатының астында паналап, ғұмыр кештік. Әкемнің ағасы Міркенің әйелі Айша Ырғыздың Нұрасын жайлаған алтын деген рудың қызы еді (оның ішінде – мәметек). Мірке әкемнің екі ұл, екі қызы болды. Бәрі де алтынға жиен. Алтындар әкемнің балаларын бөлмей, мені де жиен деп еркелетті. Үлкен ағам менен он жастай үлкен, сол кездің өзінде ересек көрінуші еді, сері жігіт болып өсті. Ұзын бойлы, бұйра шашты, денелі, иықты, кеуделі кісі еді. Ол кісінің маған деген мейірімі елден ерекше еді. Өзі домбыра тартып, ән салатын, жүріс-тұрысы, әңгіме сөзі – баяғы сал-серілерді еріксіз еске салатын. Әкем Мірке ат баптайтын, сосын, сол аттарды жаратып, бәйгеге қосатын қабілеті де болушы еді. Бұл орайда, біздің әйгілі ат баптаушы – Жақия деген туыс әкеміз болды. Сол кісінің себі тиді ме, әйтеуір, әкем жаратқан аттар Ырғыз бен Торғай арасындағы ауылдардың той-томалағында үнемі озып келіп жүрді. Өзінің бүкіл Торғай өңіріне танымал «ала айғыры» болды. Ала айғыр деп, аталғанымен, піштірілген ат еді. Алдында біршама жылдар ала айғырдан тұқым аламыз деп, көрші ауылдарда талас болып, қолдан-қолға өтіп жүрген кездері де болды. Содан ба, бір күні ала айғыр дерттеніп, ауруға шалдығып, өлімнен қалды. Ауылда Әбдіқалық деген білікті «ветврач» бар еді, соның себімен, әйтеуір аман қалып, айығып кетті. Содан кейін әкем ала айғырды бірден «піштіріп», ат қып жіберді. Әйтсе де, оның «ала айғыр» деген аты айтыла беретін болды. Кейінгі жетпісінші жылдарға дейін біздің колхозды ылғи ала жылқылар қаптап кетті, соның бәрі «ала айғырдың» тұқымдары еді. Солардың ішінде бәйгеге түсіп, үнемі озып жүргендері де болды.

Ермекбай ағам сол ала айғырды мереке, мейрам күндері үкілеп, үстіне Әубәкір ағам (біздің туысымыз болатын) жасап берген шектеулі ер-тоқым салып, күмістері жарқыраған жүген-ноқтасын кигізіп, «қайын жұртқа» баратындай қатырып қоятын. Маған, бір күрең дөнен бар еді, соны жабдықтап мінгізетін. Күрең өте ұшқыр ат болатын. Мініп алған бетте, тізгінін тартпай, бір тебінсең болды, 3–4 шақырым жерге дейін бір-ақ жүйткитін. Содан Ер-ағам екеуміз күн батысты бетке алып, Ырғыз – Шалқар жаққа ат басын жібереміз ғой. Ә, дегенде, менің күрең дөненім, ауыздыққа әл бермей біраз жерді қарпып қалатын. Ал, ала айғыр болса, бара-бара бауырын жазатын. Ырғыздың Мамыр, Штаб, Фельдшер, Дүкен, Ақсақал, Тәуіп дейтін ауылдары бар. Бәрінде де Ерекеңнің нағашылары бар. Барған ауыл Ерекең екеумізді «О, жиендер келді!» деп елпелектеп қарсы алатын. – «Жиен назары жаман» деген бәсіре бермесе болмайды деп, тай мінгізгендері де болушы еді. Алдымен, «Ақшиліқабақтағы» Ерекеңнің нағашысы – Сүлеймен қартқа сәлем береміз. Сүлекең сол кездің өзінде алпысты алқымдап қалған, сүйтсе де, бетінің қызылы кетпеген қынулы кісі болатын. Өзінің сол кездің өзінде шариғатқа сәйкес төрт әйелі болды. Жаз бойы Торғай бойын жайлап отырған сол төрт әйелінің ауылына барып (әрқайсысының бала-шағалары бар), кейде күзге дейін жүріп қалатын кездері болушы еді. Сүлекеңнің қыздары шетінен сүйкімді, сүмбіл шаш, қыпша бел сұлулар болушы еді, бірінен бірі өтетін. Өздері бауырмал, кіші жүздердің дәстүрімен қол беріп амандасады. Келіндері дастарқан жасап, шай қойып беретін. Содан да болар, мен Ақтөбе жақтағы кіші жүздің қыздарына аса ынтық болдым. Жасымнан фольклорлық шығарма мен дастандарды көп оқығандығымнан болар, мен ол аруларды Қыз Жібектің, Айман-Шолпанның сіңлілері деп ұқтым. Марқұм Айша әжем айтушы еді: – Саған Ақтөбе жақтан өзімнің бір сіңлілерімді алып беремін, – деп. Марқұм Айша әжемнің айтқаны келді. Алған жарым – Жаннаның ата-бабалары Ақтөбе-Атырау – батыс жағынан болып шықты.

– Секе, енді Ақтөбе жағынан Қостанай қойнауына қарай ойыссаңыз қайтеді?!

– Қостанайды айтсам, арқам қозып кетеді. Өйткені, бұл қала – менің бозбала күндерімнің куәсі. Торғай төсінен торғайдай ұшып жеткен, сыртқа шыққанда ең алғаш көрген үлкен шаһарым ғой. Мектепте жүргенде мен желаяқ жүйрік болдым. Аудандық спартакиадаларда «100 метрліктен» ылғи озып шығып жүрдім. Білетінім – қай жарыста да алдыма жан салған жоқпын. Менің осы өнеріме, спорттан сабақ беретін ұстазым Дүзелбай Айсин қатты қызықты. Ауданның озығы болған соң, мені Қостанайдағы жарысқа (спартакиадаға) қатыстыруға күш салды. Ақыры, сол кезде Қостанайға қатынайтын АН-2 ұшағымен бір топ бала Қостанайға топ ете қалдық. Бір-екі күн дайындығына барып жүрдім. Бір мектепке түсірген. Кейін білдім, осы күнгі 9-мектеп екен. Дәл базардың қасында. Базарға барып, ертелі-кеш ештеңе алмасақ та, төңіректеп жүргеніміз. Бір күні (қас қылғандай ертеңіне жарыс) базардың бүйірінде бөшкемен салқын су – лимонад, квас сияқты кружкамен сусын сатылып жатыр екен, біз де алып, дәмін татып көрдік. Сәл кермектеу болғанымен, шөл қандыратын шамасы бар секілді. Екі-үшеуін тартып жіберсем керек. Бұрын көрмеген пәле. Артынан бойымды балқытып, төсекке алып ұрды. Таңертең басым айналып, мең-зең болып тұрдым. Сөйтсем, кешегі ішкенім, сусын емес, сыра болып шығыпты. Таңертең сағат 10-да сол жерге жақын стадионға апарып еді, Дүзелбай аға бірден байқап: – Не болды саған, сыра ішіп қойған жоқсың ба? – деді. Мен басымды изедім. Қатты ұрысады ғой деп шошынып едім, басын шайқап, мені емес, өзін кінәлай бастады. – Қап, әттеген-ай, кеше сендерге келіп, ескертіп айтуым керек еді. «Сыра іштім» деп ешкімге айтпа! – деді. Сонда да жарысқа қатыстым. Бақ болғанда, бұрынғыдай озып шықпасам да, екінші болып келдім-ау, әйтеуір. Дүзелбай аға соның өзіне мәз болып: – Жарайсың, Серік, кешегі жағдай болмағанда, сен бірінші келетін едің, – деп арқамнан қақты. Одан кейін де талай қызықтар өтті бұл бастан. Бірер жыл Кеңшілік Қостанайда тұрды. Облыстық газетте жұмыс істеді. Сол кезде жиі барып, Қостанай көшесінде табанымызды тоздырдық қой. Байтұрсын барда, соның үйіне түсуші едік. Қазір Қостанайдағы Серікбай, Ақылбек, Ғұмар, Нағашыбай сынды бауыр қаламдастарыммен жиі араласып тұрам.

Қостанай – менің жастығымның қаласы. Сол үшін маған әрдайым қымбат.

– Астана сіздің көз алдыңызда өсіп келе жатыр. Ал, осы Астананың дамуына көзқарасыңыз қалай?

– Мен үшін ең басты тақырып – Тәуелсіздік болса, одан кейінгі айшықты тақырыбым – Астана. Астана, өзің айтқандай, менің көз алдымда өсті. Астанада тұрғаныма да 19 жыл уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде мен Астананың қилы кезеңдерінің баршасын бастан кешірдім. Он жылдай Астанадағы С.Сейфуллин мұражайын басқара жүріп, Елорданың небір елеулі іс-шараларынан тыс қалған емеспін. Елорда құрылысының қарқынды кезін де, тұралаған тұстарын да көрдім. Сондағы менің байқағаным – елдің Елордаға деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі. Кейбір шетелдік компаниялардың «шетінеп» кеткені болмаса, қарапайым халықтың Астанаға деген құлшынысы, ықыласы бөлек. Содан да болар, қазір Астанаға жан-жақтан ағылып келіп жатқандардың легі әлі күнге толастар емес. Тағы бір айтарым, солардың ішінде, Астана менің тарап кеткен облысым – Торғай жұртшылығына пана болды. Сол үшін Астанаға айтар алғысымыз мол. Мен өз басым, Астананың ең қарыштап, шарықтаған шағын – қала әкімі И.Тасмағамбетовтің кезеңімен бағамдаймын. Жасыратыны жоқ, Иманғали қалаға күрмеуі қиын күрделі кезеңде келді. Сөйте тұра, талантты басшы, Елбасының ақыл-кеңесімен, қолдап-демеуімен, Елорданы ерлікке пара-пар жолмен бүгінгі биік деңгейге алып шықты.

– Әйтсе де, Сіз бір мақалаңызды, ұмытпасам, «Қазақ үнінде» болар деймін, «Астанада Алаш арыстарына ескерткіш орнатылған жоқ» деп жазып едіңіз ғой?

– Ол рас. Астанада аспанмен таласқан үйлер көп болғанымен, Алаш арыстарына орнатылған асқақ ескерткіштер жоқтың қасы. Әрине, Есіл жағасында Кенесары тұр тұлпарымен. Абайға орнатылған соңғы ескерткіш те ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібекке орнатылған еңселі ескерткіш, Бөгенбай батырдың ат үстіндегі мүсіні – Астана арайын онан сайын нұрландырып, Тәуелсіздік тұғырын биіктете түскендей. Құрманғазыға, батыр қыз Әлияға ескерткіш орнатылды. Ал, солардың ішінде Тәуелсіз тарихымыз үшін Алаш ардагерлерінің алатын орны ерекше екені бесенеден белгілі. Тіпті, осы Астананың арқа жерінде бой көтеруін арман етіп, болжам жасаған Алаш арыстары – Ә.Бөкейханға, А.Байтұрсынұлына, М.Дулатовқа, Қ.Сәтбаевқа, Ж.Тәшеновке ескерткіш салу сұранысы халық арасынан кең қолдау тауып келе жатыр. Алла жазса, алдағы жылдарда «Алаш арыстарының аллеясы» ашылатын күнге куә болармыз деген үкілі үмітіміз де бар.

– Сіз Астанаға келгелі бері бірнеше мәрте Конгресс-Холлда шығармашылық кеш өткіздіңіз. Тіпті, соңғы кешіңізге – «Аспанның асты – Астана!» деп ат қойып, айдар тақтыңыз. Сондай-ақ Сіздің «Есімің сенің – Елорда» деген бірыңғай Астана туралы өлеңдерден жыр кітабын жүйелеп жатқаныңызды да естіп, білдік. Ал, жалпы, қалың қазаққа белгілі ақын, қаламгер ретінде алдағы шығармашылық жоспарыңыз туралы да оқырман қауымға хабардар ете кетсеңіз...

– Жас кезімізде желдім-жорттым жүріп көп уақытымызды қызық-думанға құрбан етіп жіберіппіз. Енді, міне, егде тарта бастаған тұсымызда, уақытты қарпып қалу үшін жанталаса жұмыс істегің келеді. Алайда, «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, қайда жиын, қайда той – қалғың келмейді. Сөйтіп жүріп, соңғы жылдарда, шағын өлеңдердің шиырынан алыстап, ұзақ оқылатын көлемді дастандарға қарай көбірек ойысып бара жатқанымды жасырмаймын. Ол жолда жеміссіз де емеспін. «Кейкі батыр» дастаным – «Алаш» сыйлығын, «Махамбет және Жәңгірхан» дастаным «Махамбет» сыйлығын алды. Ұзақ жыл Сәкен Сейфуллин мұражайын басқарып, біраз зерттеп, зерделегенімнің нәтижесінде болар, «Сәкен – сұңқар» деген дастан жазып, оны тіпті кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынған болатынмын. Өтпей қалса да өкпем жоқ, содан өзімді қамшылап, «Ахмет – Іңкәр» деген, Байтұрсынұлының жастық шағы, бозбала махаббаты жайлы дастанға кірісіп кеттім. Жалпы поэма-дастандарым екі бағытта, батырлық, ғашықтық дастандары болып келеді. Батырлық дастандар циклінен, қазақтың ғарышкер батыры Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш-қазақ» деген дастан бітіріп, оны республикалық басылымдардың біразы жариялап та үлгерді. Ал, «Ғашықтық дастандарынан» – Сәкен сері Жүнісовтің алғы сөзімен, ол кісінің көзі тірі кезінде «Ақан сері – Балқадиша» дастаны дүниеге келген болатын. Тиражы аз – 200-ақ дана болғандықтан, қазір өзімнің бір данасы да қалмапты. Оқырмандар табан астында талап кетті. Бұдан біраз жыл бұрын «Балуан Шолақ – Ғалия» деген дастан бітіріп, өзімнің сүйікті газетім – «Егемен Қазақстанға» ұсынып та қойдым. Алла жазса, оқырмандардың қауышып қалар күні де алыс болмаса керек.

– Сіз өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген Республикалық бір үлкен мүшәйрада Бас жүлде алдыңыз ғой. Осы тақырыпты тарқатып, кеңірек айта кетсеңіз?

– Ол рас. Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстанның ірі компанияларымен бірігіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты үлкен мүшәйра өткізгені баршаға белгілі. Мен соның Бас жүлдесіне ие болдым. Қаражаты да қомақты. Бірақ, мәселе онда емес. Мәселе, мен осы мүшәйраға, әдейі қатысып, Ақмоланың өткен тарихын оған кезінде бір емес, екі рет шабуыл жасаған Кенесары мен оның төңірегіндегі батырлардың ерлік істерін көрсетуді мақсат тұттым. Өйткені, біз көбінесе, бұрынғы Ақмола тарихынан алыстап, тек жаңа Астананы ғана әспеттеуге әуес болып алдық. Бұрын бұл далада ештеңе болмағандай, тусырап жатқан қу дала тұрғысында қарайтын болдық. Айтсақ, тек тың игеру кезеңімен ғана байланыстырамыз. Ал, осы жерде бағзы заманда «Бозоқ» деген қала болғанын, өркениет дамығанын, осы күнгі «Күйгенжар» орнында Тәуке ханның ордасы орнағанын таратып айтуға келгенде тайқақтай береміз. Мәселен, Есілдің сол жағалауындағы алқапта қазір қазба жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Онда сақ дәуірінен бермен қарай ірі мемлекет болып, қала орнағанын анықтайтын айғақтар табылып жатыр. Ал, қаланың Қараөткел, Ақмола кезінде патшаның мұздай қаруланған әскерімен Кенесары қолының қақтығысып, алапат шайқастар болғанын, тарихи деректерде хатталып жатса да, көркем әдебиетте көрсетуде кемшілік танытып келеміз.

Жоғарыда айтқанымдай, мәселе, менің алған бәйгемде емес, мен осы далада, осы қалада қалған тарихи оқиғаларды оқырмандардың ойына салып, қазақ жерінде болған ерлік тарихына өзімше үлес қостым деп ойлаймын.

– Осы Астананың 15 жылдық мерейтойындағы мүшәйраға қатысып Бас бәйге алып, машина мінгеніңіз де есімізде.

– Тағы да рас айттың. Ондай оқиға болған. Қысқасы, мен Тәуелсіздікті, сол тәуелсіздіктің алтын ордасы – Астананы жырлаудан еш жалықпаймын. Осы күндері, көптен жазып жүрген Астана туралы өлең-жырларым мен дастандардың басын қосып (ән мәтіндері өз алдына) үлкен кітап даярлап жатырмын. Осы кітабым жарыққа шықса, өзім топырағын басып, суын ішіп отырған қастерлі Елордаға қосқан аз да болса бір үлесім деп білер едім.

Сұхбатты жүргізген журналист Есенгелді СҮЙІНОВ

Астана қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар