Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кеші өтті...

01.11.2016 2341

Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кеші өтті

Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кеші өтті - adebiportal.kz


DSC_1225.JPG

Конгресс Холлда Алаштың абыз ақыны Серік Тұрғынбекұлының 70 жылдық мерейтойына орай, әдеби-сазды шығармашылық кеші болады дегенді естіп, қаламымызды құшақтап, жетіп бардық. Залға кіреберісте шараға жиналған көрерменнің қарасын көріп, сәл кібіртіктеп қалдым. Басыма «бұл жерде басқа шара өтіп жатқан шығар» деген күмәнді ой келді. Қайта бұрылып, есіктің алдындағы қызметкер қыздардан қандай шара өтіп жатқанын нақтылап, сұрап алдым. Себебі, кешке келген көрерменнің саны қалың еді. Үлкен зал лық толыпты. Әдетте бұндай көрермен эстрада әншілері мен әзіл-сықақ театрларына ғана жиналады ғой...




DSC_1124.JPG


Жүргізушілер кештің басты қаһарманы жайында «қазақтың қасиетті бір өлкесі Торғай топырағында туып, тоғыз жасында топ жарған, ақын Нұрхан Ахметбековтың батасын алып, бозбала күнінде Сырбай, Ғафу, Қайнекей, Шәміл ағаларының соңынан еріп, құрдастары Кеңшілік, Серікбайлармен тай құлындай тебісіп, қатар өскен Серік Тұрғынбекұлы, міне, бүгін 70 жасқа келіп отыр» деп, әдемі жиынды бастап берді. Ақынның жиырма жасынан бастап, жетпіс жасына дейінгі аралықты қамтитын театрлық қойылым әсерлі шықты. Одан кейін сахнаға жетпіс жастың иесі шығып, бірден өлең оқыды.


Иә, жетпістемін,

Жетпіс жасқа жеткенше

Көп кіжініп, көп тістендім.

Бұрын қызыл едім,

Кейін қызылдан құтылып,

Көк түске ендім.


Ақын ел алдына шығып есеп беріп отыр. Екі ғасыр кеңістігін бір шумаққа келісті сыйғызған. Бұл өлеңнен ақынның «кеше қызыл түсті жалауға күшпен табынып едім, бүгін өз қалауым бойынша аспан түстес көк байрақпен қауышып отырмын. Жетелі жетпіс жасқа келгенде осыдан қасиетті ұғым жоқ екеніне көзім жетті» деген пікірін анық көрдік.


Тәуелсіздік алған соң тәубе дедім,

Жан-жағыңда жасырын болып жатты

Жау дегенің.

Мен, жетпістемін

Тәуелсіздік алғалы көп ертегі естіп,

Көп түс көрдім.

Арасында жүрмін мен ғажайыптың,

Тек қана өкінішім:

Піскен асымдай,түскен шашымдай

Қатарларым барады азайып тым...


Серік Тұрғынбекұлы бұл өлеңде кемел қариялылыққа салып, бір қуаныш, бір өкінішін ортаға паш етті. Бір жағынан осы тәуелсіз күнге тағзым етсе, екінші жағынан бейбіт күннің еркіндігімен ұзақ тыныстай алмай кеткен қатарластарын сағынышпен еске алды.


Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндерді танымал әншілер нақышына келтіріп орындады.


DSC_1260.JPG


Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» атты қойылымын сомдады.


DSC_1270.JPG

Айта кетейік, ақынның 70 жылдық мерейтойы жыл басынан бері тойланып келеді.



Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар