Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Серік Ақсұңқарұлы – найзағай ақын...

05.10.2017 12144

Серік Ақсұңқарұлы – найзағай ақын

Серік Ақсұңқарұлы – найзағай ақын - adebiportal.kz

«Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезім еді. Ақын Ғалым Жайлыбай бас редактордың орынбасары болатын. Мақаламды алып кіріп едім, Ғалым аға: «Серік Ақсұңқарұлының жаңа өлеңдерін оқыдым. Ақын ғой, ақын! Керемет ақын!» - деді тебіреніп. Сосын Серік ағаның бір өлеңін, әлде екі өлеңін оқыды. Шынымды айтсам, алғаш рет Серік Ақсұңқарұлы деген ақын барын Ғалым ағадан естіп едім. Балалық қой, «Серік Ақсұңқарұлын оқымаппын», - деп шынымды айттым. Ғалым аға: «Аяш, оқымасаң, әлі сен қазақ поэзиясын білмейді екенсің», - деп құдды мен «ғасыр қылмысын» жасағандай қатты ұялтты. Сол әңгімеден кейін Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерін іздеп жүріп, не кітабын Ғалым Жайлыбайдан сұрап алып оқыдым десем өтірік. Ол кезде менің Байронмен қатты ауырып жүрген кезім еді. Жұмыстан келгесін міндетті түрде Байронды оқымай, ұйықтамаушы едім.

Кейін бір себептермен «Қазақ әдебиетінен», сосын елден Мәскеуге кеттім. Мәскеуге алғаш келген кезімде, елді сағынғанда ертелі-кеш қазақ әндерін тыңдайтынмын. Елді қатты сағынып жүрген кезімде фейсбуктан Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерін оқып, рухтанатынмын. Осылайша елде жүрген кезімде оқымаған ақынның өлеңдерін Мәскеуде оқыдым. Ақынның өлеңдері Мәскеудің аязынан тоңғанда, жанымды жылытса, у-шуы көп тас қаладан шаршағанда, жанымды сергітті.

Кейде «мынандай эмоциямен, мынандай сезіммен бұл кісі қалай тірі жүр?» деп ойлаймын. Ақын сәл нәрсеге бала секілді бұртиып, ренжіп қалады, өзі сыйлайтын адамның қуанышын көрсе, қуана біледі. «Жанып кетпей, өртеніп кетпей бұл адам біздің қоғамға қалай сыйып жүр?» деймін. Станиславскийдің «Артист – ересек сәби» дегені бар ғой. Станиславский қулық-сұмдықтан ада, өнерге шын берілген артист туралы айтады, әрине. Серік Ақсұңқарұлы да – ересек сәби. Өмірде ол кісіні көргенім жоқ. Бірақ ақынның болмысын тану үшін, білу үшін оны көру шарт па?

Ол маған пендешілікке салынып, біреудің жүрегін ауыртып қойса, сол адаммен бірге өзінің де жүрегі ауыратын секілді. Шын талант, шын ақын – эгоист. Серік Ақсұңқарұлы – талант, үлкен талант, сосын, әрине, эгоист.

Егер Серік ағамен кездесіп, сұхбаттасатын болсам, біздің арамыздағы әңгіменің қалай өрбитінін жақсы білем. Моцарт пен Сальери тақырыбында пікірлесетініміз анық. «Сальери Моцартты қызғанып, күндеп, у беріп өлтірді» деген әдеби миф Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шығармасынан кейін кеңінен тарап кетті. Моцарт дүние салғаннан кейін 32 жылдан соң Сальери өз тамағын кесіп, бірақ өлмей, тірі қалды. Сальеридің дұшпандары «Сальери Моцартты өлтіргеннен кейін өзін кешіре алмай, өзіне-өзі қол жұмсамақ болды» деген өсек-әңгіме таратып жіберді» – деп, Моцарттың әкесінің сол кездегі танымал, бақуатты Сальериге баласын қарсы қойғанын, өзім оқыған басқа да деректерді келтірер едім.

Серік аға болса: «Аяш, өмірдегі шындықтан өлеңдегі (өнердегі) шындық (Пушкин. «Моцарт пен Сальери») мың есе артық», - деп, поэзия, өнер, эстетика тақырыбында философиялық әңгіме өрбітер еді. Ол өнердегі шындықты бәрінен жоғары қояды. Себебі, оның танымында поэзияда мән бар. Ал бізде поэзиядан мән таппаған қаншама ақын бар?!

«Менің пірім: Абай, Қасым, Пушкин, Есенин, Пабло Неруда, Э.Межелайтис, А.Вознесенский, Е.Евтушенко, Юнна Мориц, Ясунари Кавабата, Акутагава Рюноскэ. Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиев, Темірхан Медетбекке іш тартам.

Әлем әдебиетіндегі жүрегім қалаған ең озық үлгі – Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» атты трагедиясы. Оны күнде бір оқимын. Құмарым қанбайды. Мұнда адамзат болмысындағы ұлылық пен сұлулық, азаматтық пен пенделік, даналық пен дарынсыздық, оңбағандық пен мәрттік, ірілік пен ұсақтық секілді құбылыстардың бәрі үш-төрт беттік параққа сыйып кеткен. Ғажап! Классика!» – дейді өзі.

Серік ағаның осы пікірінен кейін Моцарт пен Сальери туралы өзіңнің оқығаныңды айтуға да ұяласың. Бізде ақын, бірақ әлем әдебиеті, әлем мәдениеті түгілі, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар туралы, шығармалар жайлы пікірі жоқ қаншама ақын-жазушы бар?! Өз басым ізденбейтін ақын-жазушының амбициясынан қатты қорқам. Уақыттың өзі оларды әдебиеттің кемесінен түсіріп тастайтынын бәріміз білеміз. Әлем әдебиетін оқығаны туралы айтатын ақын-жазушыны емес, оқығаны жазған-сызғанынан көрініп тұратын әдебиетшіні құрметтеймін.

Маған Қарағандыдағы жас ақындар Серік Ақсұңқарұлы берген «жолдамамен» әдебиетке келетін секілді көрінеді. Серік ағаның батасын алған ақындардың әдебиетте жолы тез болатын сияқты. Қарағандылық жас ақын-жазушылардың ешқайсысын өмірде жақын танымаймын. Бірақ Қарағанды ақындарының мектебі қалыптасқаны, оны қалыптастырған Серік Ақсұңқарұлы екені бәріне анық. Кейде ақынның өзінен «сіздің батаңызды алмаған қарағандылық ақын Қазақстанға таныла ала ма, аға?» деп әзіл-шыны аралас сұрағым келеді.

«Оқ ұшына жан келіп іліккенде,

Әзәзілден періште үріккенде,

Мағжан керек болған-ды біз секілді

Бүйректейін бөлінген түріктерге.

Қара бұлт та қаға алмай бір қанатын,

Жасындардан жасқанып, бұлтаратын,

Біз сықылды жасқаншақ, жуас жұртқа

Қасымдайын керек-ті бунтарь-Ақын!» – дейді бір өлеңінде Серік Ақсұңқарұлы.

Ол Мағжан мен Қасымның болмыс ерекшелігін көп ақыннан өзгешелеп көрсетеді. Осы өлеңінде мына өлең жолдары еріксіз есіңде қалады:

«Тереңіне ұлтының бойлаттырған,

Ұзақ уақыт қыстығып, бойды ап-тынған;

Поэзия –

Алланың найзағайы,

Аспанында Алаштың ойнап тұрған!».

Бетховен «Музыка – Құдайдың тілі» десе, Серік аға «Поэзия – Алланың найзағайы» дейді. Біздіңше, Серік Ақсұңқарұлы – қазақ поэзиясында найзағайдай жарқылдаған ақын.

Қазір әлем әдебиетшілері «поэзия сәннен қалды» деген пікірді жиі айтады. Поэзия – қазақтың, Шығыс халқының жаны. Абайсыз, Мағжансыз, Қасымсыз қазақты елестету мүмкін емес.

Кейде «Серік аға Алматыда тұрса, үлкен әдеби ортада жүрсе, ол ортаның атмосферасы қандай болар еді?» деп ойлаймын. Мағжандай терең, Қасымдай текті, Есениндей қызуқанды ақынның Жазушылар одағына кіріп-шығып жүргенін елестетіп көріңізші. Серік ақынның ақын-жазушыларды жинап алып, Алматының темекі исі сіңген кафелерінде өлең оқып отырғанын, әдебиет туралы пікір-таластырып отырғанын елестетіп көріңізші. Танымал, бірақ талантсыз; мықты, бірақ өзін өзгелерден жоғары санайтын ақын-жазушылардың жасанды болмысын оның нәзік жүйкесі қабылдай алады дейсіз бе? Бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын, не жазса да, жүйкесімен жазатын, қарапайым болмыс иесі Серік Ақсұңқарұлы «ұлылықпен» ауырған пенделердің, көкірегі ішіне түсіп кеткен ақындардың кісімсінгенін көтере алмайды-ау... Егер Пушкиннің заманында өмір сүрсе, сөз жоқ, ол бірнеше ақынды дуэльге шақырар еді...

Қарапайым адам біреуді жақсы көрсе, демек, өзі мен сол адамның арасынан үйлесімділік көреді. Серік ақын Пушкинді жақсы көрсе, демек, екі ақынның арасында гармония бар деген сөз.

Мысалы, Қарағандыны Серік ақынсыз елестету мүмкін бе? Меніңше, жоқ! Бәлкім, ол қала Серік ақынмен айбатты шығар, Серік ақынмен рухты шығар?!

Қазақта ақын көп, өлеңді қолдан құрастыратын ақын да аз емес. Ал ол өлеңді қолдан құрастырып, күрделендірмейді, себебі, оның өзі – поэзия. Маған ол тек қана поэзия тілінде сөйлей алатын адам секілді көрінеді. Оның көптеген құрдастары өлең жазбай кетті, ал оған өлең құйылып келетін секілді, тіпті ол қағазға түсіріп үлгермейтін секілді. Оның әрбір өлеңінен оның ақынға тән болмысын, өр мінезін, сосын ақынға тән «бала бейнесін» көруге болады. Оның өлеңдеріндегі еркіндік – ақын болмысына тән ғана еркіндік емес, түркіге, қазаққа тән еркіндік. Ол – түркілік рухты жоқтап жүрген ақын. Алаш ақындары қазақтың азаттығын аңсаса, Ақсұңқарұлы тәуелсіздік алған қазақтың шын еркіндігін іздейді.

«Серіктің өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен» депті Жұмекен ақын.

Талант – Мұхит.

Көрінбейтін бір түбі.

Жылға болып,

Жылап ағу – күлкілі!

Отпен, сумен егіз бітім, болмысың,

Теңіз болып тебіренесің бір күні.

Жағалауға жан таласып, лақылдап,

Құрлыққа да құйылуға жақын ғап;

Кенет судан шыға салып,

От болып,

Өртке айналып кетесің ғой –

Лапылдап!

Ғаламзаттың бір бөбегі – қазақ-ты;

Тәрк қылып мына жалған, азапты, –

Сондай сәтте тереңіне тұншығып,

Күлге айналып, жанып кеткен –

Ғажап-ты...

Менің түсінігімде, талант – Құдайдың берген сыйы, сосын, әрине, жазасы. Құдай берген талантты дамытпаған, ізденбеген адам уақыт өте келе таланттың Тәңірден берілген сый ғана емес, жаза да екенін түсінеді. Серік ақынды оқыған сайын поэзияда от боп жанып, лапылдап, өртке айналып кетсе де, өмірде оны сақтап жүрген, оның жүрегін сақтап жүрген өлең ғана, жазу ғана екенін түсінем.

«Кеңес өкіметінің заманы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі өтіп жатты. Басқарманың мүшелерін сайлау кезінде баяндама, жарыссөз, айқай-шу тоқтап, аздап тыныс орнаған кезде мен:

– Қарқаралының Қызыларайынан келген Ақсұңқарұлы, қайдасың? «Көк бөріні» оқы! – деп айқай салдым.

«Көк бөрі» съезд күмбезін күмбірлетті. Айтыстан шаршағандар «Көк бөріден» қуат алғандай сілкініп қалды» – деп жазады Шерхан Мұртазаұлы.

Кейіннен ақын «Совет Одағы» деген өлеңінде:

«Жүрек айнып, Құдайсыздың құлынан,

Тұранымнан жүрегіме тұнып – ән,

Сол сұм Совет Одағының кезінде,

Мен аспанға Көк бөрі боп ұлығам» – деп жазады.

Әдебиеттегі, жалпы қоғамдағы атаққұмарлықтың, екіжүзділіктің құны қандай? Біздің бәріміз – Құдайдың туындысымыз, онда бір адамның екінші бір адамның тағдырымен ойнауға қаншалықты моральдық қақысы бар? Лауазымды адамдардың бетіндегі бетпердесін сыпырып тастасақ, қаншасы моральдық киллердің рөлін ойнап жүр екен?

«Лауреаттар, лауазымдар кім еді?

Қаратас боп қатып қалған жүрегі.

О, не деген жиіркенішті сүреңі.

Көктей солып жатқан кезде гүл елі,

Көкбазарда шарап ішіп жүреді».

Ақынның осы шумағын оқып отырған кезде есіңе «лауреаттардың» қолымен жазықсыз атылып кеткен ұлтжанды, отаншыл желтоқсандықтар түседі, «лауреаттардың» бір сөзімен Жазушылар одағының «қара тізіміне» ілініп, жұмыссыз қалған, қызғаныш пен жаладан шаршаған, қажыған, өмір базарында өзін жоғалтып алған таланттар түседі, «лауреаттардың» қолымен өзіне жағылған «күйеден» күйіп кеткен ақын-жазушылар түседі... Талантына тұсау, шабытына тежеу салған қоғамнан шаршап, асылып қалған, қаңғып қалған қаншама таланттың көз жасы «лауреаттардың» мойнында ма екен? Жалпы олар өздерінің адам өлтіруші екенін біле ме екен? Құдай жазған «сценарийге» «өзгерту енгізуге» оларға құқықты кім берді екен? Мұқият қараңызшы, олардың ұрпақтарының көзінде жас жоқ па екен? Өзіңе сан сауал қоясың, себебі, ақын сан-сауалға жауап іздетеді.

«Сұм дүние сірескен мұз кірпігі

Сұраусыз деп ойламасын түркіні.

Мағжаннан

Мұқағалиға айналып,

Ордаңа кеп ойнақ салам бір күні...».

Рух туралы өлеңді кез келген ақын жазуы мүмкін, мәселе: шын мәнінде, рухты өлең жазуда және рух туралы жазып отырған ақынның рухты екеніне оқырманның сенуінде. Әрине, Ақсұңқарұлы – рухты ақын. Осы жерде басыңа мынандай ой келеді: «Неге ақын Абылайханға не Кенесарыға, болмаса, Махамбет пен Шерниязға айналып, «Ордаңа кеп ойнақ салам бір күні...» демейді? Себебі, мұнда Мұқағали бейнесі – рухтың, поэзияның бейнесі. Ал поэзия, поэзияның найзағайы билік пен шенеунікті де тәубесіне түсіре алады.

Серік Ақсұңқарұлының «Мендігі», дәлірек айтсақ, поэзиядағы «Мендігі» – өзін-өзі әспеттеген «Мендік» емес, түркіге тән өр мінез бен асқақ рух!

Серік ақынның өлеңі – қара өлең мен ақ өлеңнің ортасындағы өлең, ақынның санасындағы уақыт пен кеңістікте ақ өлең мен қара өлең «таласып», ылғи да итжығыс түсіп жататын секілді. Ақын сол санасындағы уақыт пен кеңістікте олардың орнын, «шекарасын» белгілеп те қойған секілді.

Серік Қирабаевтың пайымдауынша, «Алаштың азаттығы, түркі рухының биік­тігі – Серік ақын арманының өлшемі. Оның өлеңдерінің бәрі осылардың бе­рік­тігі үшін күресті бейнелейді».

Рухани жаңғыруды армандайтын қазаққа, қазақ әдебиетіне ақын Серік Ақсұңқарұлының рухы мен жүрегі керек!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар