Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Серік Елікбай: «Біз тарихты жасаған халықпыз. Біра...

05.03.2019 6947

Серік Елікбай: «Біз тарихты жасаған халықпыз. Бірақ жазған емеспіз»

Серік Елікбай: «Біз тарихты жасаған халықпыз. Бірақ жазған емеспіз» - adebiportal.kz

(Серік Елікбай:"Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған")

  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – бұқартанудың көшбасшысы. Осы мәселеге қалай қарайсыз?

– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көп жағынан көшбасшы. Оның 30 томдық еңбегі жарыққа шыққан. Ойланып қарасаң, ол бүкіл қазақтың даласын ат арбамен жүріп сөзін жинайды. Оған ақша беріп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, ол кезде бүгінгі «Әдебиет институты» секілді өзінің басшысы, қызметкерлері, жұмыс орны болмаған. Әлгіге бір өзі кіріптар секілді, әлдебіреудің алдында өтелмеген парызы бар секілді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бүкіл қазақтың жерінде жүрді.

Менің білуімше, бұл кісінің еңбегі елу томға жетеді. Ең қызығы, 1905 жылы «Сарыарқа кімдікі екен?» деген дүниені Мәшекең біздікі деп территориялық жағын алға тартса, Абай рухани жағынан сөз қозғайды. Яғни, қазіргі елордамыз Астана орналасқан «Сарыарқа жері біздікі» деген қазақ жоқтаушысы болған. Дулат, Қазтуған сияқты ақын-жыраулар өз жырларында кетіп бара жатып «айрылдық» деген жоқтау, қоштасу мен зарлау бар. Ал Мәшекеңде ұмтылыс, «менікі» деген қожайындық (претендент) пен ерік-жігерді байқауға болады..

Алаш Орда жастары идеясының негізі бастамасында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тұрды. Бұл – бір. Екіншіден, Мәшекеңнің еңбегінде әртүрлі cөздер жинақталған. 1992 жылы еңбегінің бірінде: «..қалай екенін сол кезде шаһ біледі, біздікі әйтеуір соны жазып алу, түсіру», деп жазады. Сондай-ақ, оның еңбектерінде Балтакерей және Малайсары батырлардың ерліктері, кім екендігі туралы алты жүздей тұлғалар бар. Бұқар Қазақ Ордасына шамасы қырықтан асқан шағында келген. Абдулла ханның қолында тұрған бұл кісі. Ол жерде шешен Қанайдың бұл жерге қатысы жоқ. Сол алып келіп араластырғаннан кейін Бұқар қазақ даласына келіп танытыла бастаған. Бірақ Бұқар жөніндегі дүние Мәшекеңе дейін айтылып жүрген. «Көмекей әулие» деп аталып та жүрген. Көптеген жырларын бүтіндей әкеп тапсырған тұлға – Мәшекең.

Жалпы Мәшһүр Жүсіптің сөздеріне қарасаңыз, қазаққа қатысты жылы сөздің бәрін оның еңбегінен таба аласыз. Қазаққа қатысты жаман сөздерді жазбайды. Абаймен екеуінің ұқсастығы да айырмашылығы да сонда. Абай ұлтымыздың кемшілігін көрсетіп айтса, ал Мәшекең одан айналып өткен. Ол тек әдебиетші ғана емес, тактик әрі позитив. Өмірге құштарлығы бар... Екеуі де қатар туған. Абайда екі кітап болып шығатын болса, Мәшекеңде 32 кітап. Абайда тереңдік, жалғыздық басым. Мәшекеңде көлемдік бар. Бірақ екеуі де сонысымен толтырып тұрады. Яғни, Мәшекең тек Бұқартанушы емес, алдымен қазақтанушы, руға бөлінушілік жоқ ұлттанушы ғұлама.

Қазақ әдебиетінде қарасаңыз, Бұқар жыраудың орыс жөнінде айтқан сөздерінің астары зор. Енді біз Қытай жөнінде айтқан мынау Бұқардың бүкіл нұсқалары бұлардың бәрі редакциядан өткен. Мен мынандай нәрсеге кішкене күдікпен қараймын... Менің қолымда 1945 жылы шыққан Абайдың өлеңдері жарияланған кітабы бар. Уақыт болса көрсетемін. Соны редакциядан шығарған адам, енді ортақ ағамыз Сәбит Мұқанов. 1945 жылы Мұхтар Әуезовтің оны шығаруға шамасы болмады. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Біз тарихты жасаған халықпыз. Бірақ жазған емеспіз. Біз өзіміз жазған жоқпыз.

  • Серік аға, әдебиеттің жалпы деңгейін қалай бағамдайсыз?

– Әдебиеттің жағдайын бестік бағамен бағамдар болсақ – 2. Мүмкін 1 шығар. Себебі перзентханадан шығып жатқан балаларға Жібек, Қобыланды, Едіге деген есімдердің қойылып жатқанын көрген жоқпын. Алпамыс деген бала есімін естімегелі көп болды. Ер Төстік деген есімді мүлдем естігем жоқ. Бұл не деген сөз? Орыстарда мынадай мақал бар: «Лай суда балық жақсы ауланады», деген. Өзім әлеуметтік желіні қолданамын. Сонда әлем-жәлем дүниелер өте көп, қазақи дүниелер аз.

Жалпы әдебиетте түрге, келбетке көп мән бермейміз. Мысалы, Ер Төстіктің, Алпамыс батырдың бицепсі, трицепсі мынадай деген сөз жоқ. Ал Геркулес, Геракл, Аполлондарда солай шығар. Ол жағына біз қарамаймыз. Бірақ төзімділікке бармыз. Мәселен, «Ер Төстіктің темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болды», дейді. Ұзақ жүргені соншалықты. Сол жағынан алып қарасақ, біз төзімділікті басқаша қабылдаймыз. Ішкі әлемнің, ішкі қуаттың күштілігін біз жақсы көреміз. Яғни, әлеуметтік желідегілерді сыртқы дүниеге, келбетке қатты негізделген деп айта аламыз. Әдемілігі, сұлулығы... Бірақ ішкі әлемі, жан дүниесі қалай екен деген дүние жоқ. Өкінішке орай, қазақ әдебиеті мұндай «жарысқа» дайын емес екен. Мұндай майданға дайын емес.

Қазіргі әдебиет монотонды емес. Әдебиет – бұл бүтіндей кешенді дүние. Әдебиетті шығару үшін онымен бірге кино да болуы керек. Онымен бірге газет-журнал да қатар болуы қажет. Онымен бірге әлеуметтік желі құралдары да дайын болу қажет. Жан-жақтан дамып жатыр. Мысалы, «Властелин колец», «Игра престолов» деген фильмдерді теледидардан қызығып көрдім. Бұлардың бәрі не?

Қазақ ертегілері Радлов (Вилгельм ұлты неміс) тарапынан қазақ даласындағы барлық ертегілерді жинақтап алып, Еуропаға жіберген. Кейін кітап қылып шығарып, сатыла бастаған. Осы Түркі даласынан барған ертегілер өте жоғары дәрежеде бағаланып, бәрі сатылып алынған. Сол ертегілер өзгертіліп кино болып, өзімізге қайта келіп жатыр. «Семенин» деген киноны көрдім, бірақ оған дейін білетінмін ол киноны. Бұл туралы жаздым. Әдебиет – ауыздан-ауызға қалмауы керек. Басылу, таратылу және түсірілу керек. Түсірілу ғана емес, енді түсіндірілу қажет. Технология жағынан тоқсан жыл артта қалсақ, әдебиеттен біз екі жүз жыл қалып қойдық.

  • Кино деп жатырсыз.. Классикалық шығармалар ізімен отандық кинолар түсірілуде. Солардың қайсысы сәтті шықты деп ойлайсыз?

– Өз басым «Қыз Жібек» фильмі керемет түсірілген деп айта алмаймын. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда жақсы түсірілген фильм. Өйткені, онда массовка жоқ. Декоративті жағына келсек, жақсы. Детальдары ерекше берілген. Мысалы, Төлеген мен Қыз Жібектің жеке қалған кезінде түрлі-түсті моншақтың үзіліп, шашылып кеткен көрінісінде айтылып қояды бәрі. Аққудың көрінісі т.б. Себебі, бұл жерде Абдолла Қарсақбаев қана емес, сценарий жазушы Ғабит Мүсірепов. Оның тілі ғажап сөздерге толы. Бұл – бір. Екіншіден, тілі. Үшіншіден, күйін тарту үшін музыка жағынан сүйемелдеген Нұрғиса Тілендиев. Мойындау керек. Аз дүниелер, сол кезде мәз дүниелер жасады.

Заманы азған кезде, экраны түзелмейді. Қазіргі халықтың «Мына сөз дұрыс па, бұрыс па», деп айтуына уақыты да жоқ. Күнкөріс қамымен жүр. Бірақ классикалық дүниеге тек ары таза адам ғана баруы керек. Бұл – бір. Екіншіден, анау-мынау дүниемен кірлемеген қолы таза адам барса екен деп армандаймын. Баян Есентаевада өз басым тікелей шаруам жоқ. Бірақ кез-келген адам ондай жерге бармауы керек-ау деп ойлаймын.

Бұл арада қазіргі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» бір-ақ нәрсе көремін. Ақша тапты. Бұл туралы әлеуметтік желіде де жазған болатынмын. Бұдан былай «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» басына бармағандарың, сендердің «Қазақстан» телеарнасынан қарап «Аллаһу-акбар» дегендеріңмен бірдей деймін. Екінші рет тірілттік пе деп ойлаймын. Мүмкін үшінші рет тірілтіп алатындар бар шығар. Бірақ менің білуімдегі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» әзірге бұған дейін Асанәлі Әшімов те түсірген. Бұл жерде тек қазақтар ғана бірікпеу керек деп «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» башқұрттар да қадірлейді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» башқұрт, өзбек, ноғай, қарақалпақ ұлттарында да бар оқиға. Бұған жан-жақтан бірігіп келіп барып, келісімге келу керек-ау деп ойлаймын.

«Қозы Көрпеш батыр», «Алпамыс батыр», «Манас» – бұлар мегапроектілер. Олай болатын себебі, бұлар бес-алты ұлттың басын қосады. Бір ғана жанұяның, бір ғана жолын тапқан әйелдің шешетін мәселесі емес. Бұл ауыр дүние. Бұған бел керек.

– Қазіргі таңда латын әліпбиі қоғамда үлкен өзгерістер алып келіп жатыр. Жалпы оған жеке көзқарасыңыз қалай?

- 17 жыл комиссар болып Кеңес өкіметінің дамуына керемет үлес қосқан Луначарский – француз, ағылшын тілдерінде лекция оқи білетін адам болған. Ол ең алғаш келгенде Троицкийдің бастауымен бірге әріптің бәрін өзгертпекші болған. Өзгертті де. Кириллицаны енгізді. Бірақ қазіргі кириллицадан басқаша. Ол: «Әріп (графика) – қоғамның жаңарған белгілері», дейді. Менің ойымша, қазіргі латын қарпі жөніндегі әрекетімізді «Кеш енгіздік» деп ойлаймын. Өйткені, кез-келген жаңа қаріп – жаңа ұмтылыс, жаңа таным, жаңа көрініс деп есептеуге болады. Латын әрпіне көшуді құптаймын. Қоғамымызда көбінесе кеш әрекет жасап жатамыз. Мәселен, «Серпін» бағдарламасы тәуелсіздік алған күні бірінші жасалатын дүние еді. Сол сияқты латын әрпі де бірінші күні жасалатын дүниелердің бірі. Белгілі және белгісіз себептермен кейінге қалып отырды.

Латын әліпбиінің ең жақсы жақтарының бірі – бұған дейінгі ақын-жазушылардың еңбектерін латын әліпбиіне аударған кезде енді іріктеп, саралап аударатында болуында. Екіншіден, кез-келген ақын-жазушы сол кезде өмір сүрген, қартаң тартқан немесе орта жастағы былай деп айта алады: «..Менің ғаламат жазған дүнием бар еді, бірақ ол кириллица қарпінде жатыр». Сондай мүмкіндік береді. Сондықтан, латын әрпі болу керек бірақ апострофсыз. Қазақтың тоғыз төл қарпі сақталуы қажет. Мәселен, в, ф, ч, ц әріптері біздікі емес. Осы тектес әріптер құрбандық болса да 9 қаріп қалу керек! Жалпы осыған дейін жасалып, тіл біліміне негізделіп келген заңдар бодан халықтың дүниесі. Қарасаңыз, бүкіл әлемдік дүниені сингормонизм деп келеміз де, орыс тіліне келген кезде оларға жазуы ерекше бір аса қадірлі, мәртебелі «мүмкіндік» береміз. Біз бодан ұлттың тіл білімін жасап келген халықпыз.

  • Балаларыңызды қаншалықты әдебиетке баулып жүрсіз?

– Әдебиетті білу керек деп ойлаймын. Бірақ араласқанын қаламаймын. Оноре де Бальзактың пікірінше әдебиетте екі бағыт бар. Біріншісі, «сен әдебиетші, сенен шығады». Екіншісі, «әдебиетші емессің, сенен түк шықпайды», дейді. Егер сонда таласып, мен әдебиетші боламын десе ол нағыз өнер иесі.

Әдебиет туралы Ф.Энгельстің әкесіне жазған хатында былай делініпті: «..Менің балам әдебиет жағын көп оқып жүр екен. ...Қажеті жоқ депті. Өйткені бұл – романтика», деп басқа жаққа алып келеді.

Жалпы неміс әдебиеті ертегіден бастау алып, әдебиеттен есін жинап алды да, бар әдебиетін өнерге салып жатыр. Мәселен, олар «Қозы Көрпешті» өзіміздікі деп дәлелдеп, фильм шығаратын болса, одан мол пайда табады. Бізге 5-6 жыл көретін фильм жасап шығаратын еді. Сол арқылы олардың мегажұлдыздары шығады. Ал бізде мегамасқаралар.

Үйде қызым «Ақ кемені» оқып бітірді. Кейде отбасымызбен бірге отырып Ш.Айтматов, А.Құнанбайұлы, О.Бөкей жөнінде талқылаймыз. Мен жамандаймын, олар мақтайды. – Неге? деймін. Олар: «Солай-бұлай...» Шыңғыстың көп шығармалары Оралхан, Әбіштің көп идеяларымен тұспа-тұс келіп жататынын мойындауымыз керек. Менің танымымда қазақ қоғамында балаға «Мынадай бол!» дейтіндей кейіпкер қалған жоқ. Қазақ қоғамы соншалықты ойнамалы. Біз тұрақтылықтан айырылып қалдық. Екі-ақ нәрсе тұрақтылықты қажет етеді: ақша және білім. Тұрақсыз жерге инвестиция салынбайды. Әдебиет те сол, білім де солай.

Бұрын кісі қайтыс болғанда, жоқтау айтып жатқан апаларымызды естігенде, онымен бірге жылайтынсың. Қазір барсаң, соншалықты мәйіт те өзіміз де құнсызданып кеттік пе.. Түнеріп-түксиіп тұрасың. Міндет әйтеуір. Әй, «Қазаққа еңбегі сіңген екен ғой», деп анау кетіп бара жатқан кісінің қандай жақсы адам екендігіне зарлағанын көрген кезде басқаша ойда қалатынсың. Қазір ондай емес қой. Себебі, әдебиетімізді жоғалттық.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.., депті Абай.

Басқа біздің көрсететін «Эйфель мұнарамыз» жоқ, «Қытай қорғанымыз» жоқ, салып тастаған қаламыз жоқ, оқытып тастаған баламыз жоқ, еврейлер секілді санамыз жоқ, мынау менікі деп көрсететін даламыз жоқ. Әдебиет қана. Бұл соңғы тамырлары. Мәселен, бір ғана «Әдебиет порталы» қай жағына жетеді? Түрлі әдеби порталдар санын көбейту қажет. «Жас әдебиет», «Классикалық әдебиет» немесе «Поэзия порталы» секілді көптеген порталдар болуы қажет деп ойлаймын.

  • Технология деп жатырсыз, қазіргі таңда электронды кітап дамып келеді, қағаз кітаптың болашағы қандай? Сіздіңше, кітап оқу болашақта өз құндылығын жойып алады деп ойлайсыз ба?

Еуропа кітапқа қайтадан оралып келе жатыр. Елбасы өзінің бір сұхбатында оқыған төрт кітабын атайды. Арасында бір қазақтың аты жоқ. Маған шын, Оноре де Бальзак – классик. Майер, Ги де Мопассан – классик. Ұнатып оқимын. Малораме, Бодлер, Флоберді де ұнатамын. Бұлар ұлы ақындар. Бірақ мен үшін бұлар елуінші кезектегі ақын-жазушылар. Елуге дейін Абайдан бастап Талғат Кеңесбаевқа дейінгі ақын-жазушылар құнды. Ең бір қиын дүние әлеуметтік желіде. Әсіресе инстаграмда өз кітапханасын көрсетіп, кітаппен «мақтану» мәдениетін көрсеткен ешкімді көрген жоқпын.

Кітап деген үлкен әлем.Адамдарды кітаптармен салыстырамын. Кейбір кітап бар мұқабасы өте керемет бірақ ішінде түк жоқ. Ал кейбірі мұқабасы ескі, түте-түтесі шыққан алғашқы беттері жоқ кітаптарды оқысаң, шыға алмай қаласың ішіне бір үңіліп.. Адамдар да сол секілді.

Жалпы кітап оқу мәдениетіне түбінде келеміз деп ойлаймын. Бірақ 18 млн. болып келеміз бе әлде он сегіз адам болып келеміз бе?.. Мәселе осы.

  • Көркем әдебиет оқып отырғанда өзіңізге керекті, маңызды деген жерлерін, қанатты сөздерге айналған қатарларды түртіп, сызып отырасыз ба?

Бала күнімде кітапты жиі оқитынмын. Неге екенін білмеймін, оқып отырған кітабымның шетін жыртып, аузыма салып отыратынмын. Қазір кітаптың астын сызып оқуға обал. Ұнаған жерлер, жақсы ойлар болса кейіннен қайта айналып оқу үшін бетін майыстырып белгі қойып өтемін. Міндетті түрде кітаптың алғашқы беттерін оқимын. Өйткені жазушы тың, шаршаған жоқ. Кітапқа жаңа кіріп жатыр.. Сосын үлгермейтін боп жатсам соңғы беттерін қарауға тырысамын. Мүмкіндігімше сәтті аяқтауға тырысамын. Ортасын бір-бір қарап шығамын. Соған байланысты кітапты алуға бола ма болмай ма шешім қабылдаймын. Авторға байланысты көпшілік мақтаған кітапты алуға тырысамын. Ел мақтамаған бір-екі кітапты да қарап шығамын.

  • Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз? Оқырмандарға қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?

Көңілді, көңілсіз кезімде және бос уақытымда оқитын кітаптар деп оларды үшке бөлемін. Көңілді кезімде мүмкіндігімше Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов т.б.

Көңілсіз кезімде Мұқағали Мақатаев, Махамбет Өтемісұлын оқимын. Әрі-сәрі болған кезімде фамилияларын айтпай-ақ қояйын, қазіргі жастар әдебиетін және Бейімбет Майлинді оқимын.

Ал бос уақытымда Сәбит Мұқановты оқимын. Кейде Бейімбетті оқимын. Өйткені оның еңбектерінде жылылық бар. Мұхтардың әдебиеті ағы мен қарасы бірдей. «Жетім», «Қаралы сұлу» еңбектерін оқысаң, адамның жаны ауырады. Мүмкін болса есімді жинап Ф.Достоевскийдің «Униженные и оскорбленные», «Қылмыс пен жаза» романдарын бес жылда бір оқып тұрамын. Оқып болғаннан кейін ауырамын кәдімгідей. Энергиясы сондай ауыр.

Тынышбек Әбдікәкімұлының кейінгі шыққан «Бесінші маусым жұпары» кітабын оқып жатырмын. Ол мықты ақын. Бірақ Ислам жайындағы көзқарасымен келіспеймін.

Жазушы Джозеф Конрад таза поляк. Ол 20 жасына дейін поляк тілінде сөйлеген. Мен білетін екі-үш Конрад бар. Олардың еңбектері ғажап. Тағы бір академик Конрад бар. «Запад и Восток» деген 5 томдық еңбек жазған. Оқуға кеңес беремін.

  • Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Жаңа кітаптарымды жариялау. Жанқожа батыр, Оспан батыр туралы жазсам деймін. «Екі жүзді», «Тәуелсіз әдебиет» деген дүниелерімді жетілдіріп, пьесаларымды жарыққа шығаруым керек.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар