Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Серік Елікбай: «Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті ...

05.03.2019 7173

Серік Елікбай: «Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған..»

Серік Елікбай: «Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған..» - adebiportal.kz

Серік Елікбай

жазушы, әдебиеттанушы,

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің

қазақ тілі және журналистика кафедрасының профессоры

– Серік аға, жолымыз түсіп, Кереку жеріне келіп қалдық. Өзіңізбен дидарласып отырмыз. Ел Cізді осы өңірдегі қарымды қаламгер деп біледі. Өзіңіздің ғылыми шығармашылық жолыңыз туралы айтып берсеңіз..

– Жалпы мен ғалым дегенге қарсымын. Ғалым Джеймс Джордж Фрэзердің 1926 жылы шыққан «Золотой ветвь» деген кітабы бар. Д.Д. Фрэзер 48 жыл бойы Оксфорд университетінің кітапханасынан шықпаған. 48 жыл бір мәрте Рождество мерекесіне бармаған, ғылымға қатты көңіл бөлген ғалым екен. Жалпы ағылшындар ғылым мен өнерге қатты мән беріп, қыруар еңбек атқарып келеді. Ғылым – ең бастысы қажырлылықтан, екінші – интуициядан тұрады. Мысалы, Ньютонның әрекеті.

Сол секілді, менің ғылымға келгенімді сұрасаң, бір ғаламат өнерді жазып тастадым деп айта алмаймын. Айтатын да шығармыз, мүмкін айтқан болуым да мүмкін. Бірақ ең басты нәрсе – қажырлылық және байқағыштық дүниелер. Лекция үстінде шәкірттерімнің бірі асығыстықпен иығыма соқтыққан соң, не болғандығын сұрасам, «Байқамай қалдым», дейді. Әлемдегі ең сұмдық нәрсе – байқамай қалу. Қасыңда көптеген жақсы, көмектескісі келетін адамдар болуы мүмкін, бірақ сен оларды байқамай қалдың... Ғалым болған адамдар осының бәрін байқап отырады. Неліктен олар алдын-ала айтады? Олар бажайлап, өзі үшін айтпайды, ұлты үшін айтады.

Ғылымға келу туралы айтар болсам, кешегі 90-жылдары қай салаға оқуға барсам деп қатты ойландым. Бірақ сол уақыттарда руханят жағымыз әлсіреп жатты. Біріншіден әдеби саламыз. Қазіргі уақытта әдебиет пен тілді қосып жібердік, дұрыс та шығар. Бірақ ұлтымыздың ерекшелігі, бүкіл танымымыз – тек әдебиет қана.

«Сен саларда мен салар,

Атқа жемді кім салар», – дейді қазақ.

«Салар» сөзінің бір мағынасы – ғылыми атақ. Бұл дәреже.

«Кеден кеден болды,

кедергі неден болды..» – дегендей, мұндағы «кеден» – қидан биледі дегені. Қарақытайлар – басқа ұлт, содан кеденнен әрі өткізгеннен кейін ортасында тұрған қидан әрі-бері өткізбейтін көрінеді. Бұдан не шығады? Енді философия жағынан келетін болсаң, қазақтың бір сөзі бар:

Бір жол бар жақын,

Жақын болса да алыс.

Бір жол бар алыс,

Алыс болса да жақын, – дейді.

Ең бірінші тілімізден, дінімізден айырылмауымыз керек. Ата-бабаларымыз қиын қыстауды бастан өткерген кезінде де дінсіз болмаған. Әйтпесе, ұшарын жел, қонарын сай білетін Сарыарқадағы қаңғыған қаңбақтай болар едік. Біз әзірге тамыры үзілмеген «қаңбақпыз». Ал қаңбақ – тіл мен әдебиет. 1990 жылдары бұларды ойлау мүмкін болмады. Қазір ең бастысытіл мен әдебиет.

Қазақ тілі мен әдебиеті қазақтікі ғана. Сол кезде ішімізден өзімізді оятып түсіндіру қажет болды. Алда екі вариант болды. Алғаш 1990-жылдары өзге ұлт өкілі келіп түсіндіру немесе өзіміз түсіндіруіміз қажет болды. Сол кезде қазақ тілі мен әдебиетін оқуға тура келді. Басқа мүмкіндік жоқ. Мүмкін ол менің тағдырым, ғұмырым шығар. Мен 1986 жылы оқу бітірдім. Оқуға түсетін, оқуға кететін жағдайым болып тұрса да, Комсомол жастар бригадасы шықты. Сол бригадада болып, ғылымды жауып қойдық 1989 жылы біз тәуелсіздікті алуға бел байлап дайын тұрдық. Сол кезде «Қазақ әдебиетіне барамыз, осы бізге керек» дедік. Басқа жаққа шақырса да бармай, солтүстік жақты қалайша қазақыландыруымыз керек деген ойда болдық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жерге байланысты дау болды. Сонда әркім өз жағдайына қараған шығар. Бірақ көп жағдайда тыныш қалып қалуға болмайды. Сол кезде ұлымды ертіп алып бардым. Фотоға да түстік. «Жерге ие бол, сатқын болма! Кезінде әкең көшеге шығып жанайқайын білдірген», – дедім ұлыма. Ұлдың бағасы ұлтқа жасаған еңбегімен сыналуы керек, қалғанының бәрі өткінші. Ең басты нәрсе – үндемей қалмау!

  • Әдебиет деп жатырсыз... Қазіргі әдебиеттің Кереку өңірінде алатын орны қандай?

– Кереку өңіріндегі әдебиет дамуының енді бұған дейінгісін айтатын шығармын, дәл қазіргі сәтте ештеңе деп айта алмаймын. Светловтың бір сөзі бар: «Ұлылардың бағасын замандастары бермейді» деген. Мүмкін біреуі Аспанбек болар, мүмкін Арман Қани болар. Білмеймін. Жанар Қадырова немесе Ғани Сапуров ақын ағамыз да болар. Мүмкін ағылып жатқан бір жас болар. Тағы да белгісіз.

Біздің бәріміз ақын деп білетін Омар Хайям – негізінен математика трактаттарын жазған. Ол математика саласында еңбектер жазып отырған. Бірақ ол әлемдік ақын боламын деп еді. Біз кейіннен ақын боп көрдік. Әдебиеттің ерекшелігі, жалпы өнердің ерекшелігі, неге екенін білмеймін, жүр деген жолмен жүрмейді. Махамбетке қарасаңыз, ол – ақын. Махамбетке бүгінгі үкіметтің, бүгінгі тіршіліктің көзімен қарасаңыз, ол көшеге шығып, рұқсат берілмеген митингті бастаушы, көтерілісші. Бірақ жұрттың есінде Махамбет қалды.

Бекежан расында Қыз Жібекті қорғап жүрген, араласқан, сыйласқан, сәл іспетті кісі. Төлеген тұрғанда, жақсы Бекежан жоқ, біздің есімізде ол қанішер, жексұрын болып қалды. Не болса да ақтап шыға алмайсың. Сондықтан ұлттың тілегінде, ұғымында әлі де жасаған бір қылығы бар шығар?! Білмеймін. Мысалы, бүкіл матриархат құрып, ішінде тек Жалмауыз кемпір қалған. Неге? Өйткені бәрін құртқанменен, ана образы өзгерді. Жоқ қылып жіберу мүмкін емес. Кейіннен өзгерткен. Ананың жаман болуы мүмкін емес!

Баласы үшін.. бірде шойынқұлақ, бірде тайыншақ болып көріне береді. Бірақ ол баласы үшін ортаға шыққан кемпір ғой. Баласы үшін жанталасқан кемпір. Баласы үшін жанталасып ортаға шыққан ананы халық қалай қабылдайды. Оны білмеймін. Сондықтан, Павлодар өңірінде қазір біреу шығады, біреу қалады деп айтсам қате болуы мүмкін. Жалпы былай деп ұғынамын: «Ақылды адам кесіп айтпайды». Павлодардың алатын орны ерекше.

Неге Павлодарға қайта-қайта соға береміз? Неге Павлодарға сұрақ қойыла береді? Бұл – екі мәдениеттің маңдайын тіреген жері. Християндық және исламдық әлемнің. Түркі тілі мен славяндық тілдің түйіскен жері. Орыс пен қазақ маңдайын тіреп тұр. Екі идеология. Азия мен Еуропа түйісіп тұр. Жалпы әркім әрқалай айтады, А.С.Пушкин бес немесе жеті жасына дейін француз тілінде таза сөйлеген. Орыс тілін кейіннен үйренген. Ал, Данте Алигери латын тілінде сөйлемеген деседі. Кейіннен өз тілінде сөйлеген. Қазіргі әдебиеттің Кереку өңірінде алатын орны бар шығар... Маған ең қажетті дейтін дүние – халық.

– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа ағымдар мен бағыттар туралы көзқарасыңыз қалай?

– Жалпы дұрыс. Аягүл Мантай қарындасымыздың жазып жүргендерін оқып жүремін. Оның кез-келген жаңалықтарын және Тыныштықбек ағамыздікін да оқып жүремін. Талғат, Думанның, еңбектерін және тіпті қазір сақа жазушы боп қалған Асқар Алтайдың шығармаларын үнемі қарап отырамын. Әдебиет – бұл тіршілік. Адам. Соның ішіне «антитело» деген нәрсе салынады ауырмау үшін. Осы тектес дүниелерге кіру керек. Танымал Баян, Айжан... деп жатыр ғой. Ол халықтың денесіне кіру керек қой. Жеңсе, ары қарай кетіп қалады. Жеңбесе, сонымен айналып қалып қояды.

Сол сияқты әрбір әдеби ағымдар қазақтың ішінде міндетті түрде болу керек. Бірақ, қазақта: «Мынау дұрыс, мынау бұрыс», деп айтатын ақсақал қалған жоқ. Неге кейінгі жастар ақсақалдарды тыңдамайды? Кейбір ағаларымыздың жазған романдары көп, бірақ жастар оны оқымайды. Неге? Себебі сол ақсақалдардың мүшәйрада, бәйгелерде жасаған жаулары бар. Олардың арасында руластарын тартқан кездері бар, өзінің жері жөніндегі артық-кем айтқаны бар, өзінің қарсыластарына айтқаны бар. Қазақты бүтіндей көретін, бәрін бірдей бауырым дейтін ақсақалдарды жастар көрмей жатыр деп ойлаймын. Жастар тартынады. Ақсақалдың алдына бата алуға барғанда руы үшін бармайсың, үлкен кісі ғой, қазақты бүтіндей көреді екен-ау деп барасың. Осындай келеңсіздіктерді көріп, жастар ақсақалдардың алдына бара бермейді, тартынады.

Қазіргі қазақ әдебиеті, Мұхтар Мағауин айтқандай, қыстың күні далада қалып қойған ақ күшік секілді. Мураками, Кобо Абэ, Акутагава Рюноскэ, Кавабата Ясунари бұлардың барлығы – Жапон мемлекетінің миллиондаған доллар салынып, аударылып, әлемге танылған жазушылары. Жапон ұлты дегенде мынаған келіспейміз. Қазақ ұлты бірігіп, ішіміздегі шын мықты мынау, осыны ағылшын тіліне аударайықшы деген ұйымдарды көрмедім. Осының әсерінен әртүрлі ауруға ұшыраймыз. Өйткені, әркім өзі шықсам дейді. Қазақ әдебиетінде қаншалықты алатын орны бар ма, жоқ па ол жағын білмедім. Бірақ, бір ғана нәрсені анық білемін. Біз білмейтін жастардың біздің алдымыздағы ағалардың бірі шықса, бір қазақ шықса, мың қазақ қуанатын дәрежеде болса, – онда әдебиет оңады! Қарап отырсаңыз, «Қарагөз» екінші орын, «Шернияз» бірінші орын алып тұр. Сонда Жүсіпбек айтады ғой. «Әй, Мұхтар шетте. Ақша маған емес, Мұхтарға керек» – деп. Әйтпесе, Жүсіпбектің таланты Мұхтардан бірде-бір кем емес. Бір қарыс, бір сүйем кем емес.

Мамырбайдың Ақбілегі,

Ақбілегі — жас түлегі,

деп басталатын прозасы бұл ақ өлең болып құйылып түседі ғой. Мұхтардың тілі оқығанға ауыр. Бірақ Мұхтарды демалып-демалып барып оқуға тура келеді. Бұл тығыздығы қалың су тектес. Ал, Жүсіпбектікі олай емес, қалқып еркін жүруге болады. Бірақ біреу айтуы мүмкін Мұхтар терең ғой, Жүсіпбектің таланты Мұхтардан кем емес деп. Бірақ, жолын тоқтатып Мұхтарға берген. «Мен алмай-ақ қояйыншы, мынау алсыншы», дейтін ағаларды көрмедім. Осыдан келіп не туады? Осыдан келіп біз шеттен сырттан келген әртүрлі ауруларға тап боламыз. Өйткені, қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған. Мынау дұрыс емес, қате немесе мынау осыны алайықшы дейтін бір ағамыз, бір ініміз, ақсақалымыз жоқ. Жұмылмайды, бірікпейді. Ал, әдебиет деген нәрсені әркім жеке жазады, бірақ талқыға салатын – жұрт. Осы жағына келгенде әртүрлі ауруларға кездесіп жатамыз. Біздіңше, қалай болғанда да баспайды, натурализм бізге кірмейді, нәпсі жөнінде эротикалық өлеңдер бізге жат нәрсе. Қанша қаласаңыз да, қаламасаңыз да. Мына нәрсені түсінуіміз керек: барлық шеттен келген ағымдарды қабылдауымыз керек, бірақ әдебиет – көркем өнер. Абай жолы басталғанда былай дейді: «Үш күндік жолдың соңғы күнінде шәкірт бала барын салды», дейді. Дүние үш-ақ күн: кеше, бүгін, ертең. Енді Абай, соңғы күнім деп шауып келе жатыр шәкірт бала. Мүмкін қазақ әдебиеті сол күнде келе жатқан шығар. Мүмкін сол күнде Абайдың өзі келе жатқан шығар. Мүмкін соңғы күнде қазақ келе жатқан шығар. Мүмкін қазақ жаны сол күнде келе жатқан шығар. «Абай жолы» романы төрт кітап. Екі кітап, төрт роман. Біріншісі «жолда» жазылып қойды. Ұққан адамға... Ары қарай не деп айтуға болады? Бұл жерде көркем сөз бен көркем ойдың таласы. Асқар Сүлейменов: «Талант – тұяқ, Абай – жол» дейді. Үлкен даңғыра жол. Осының ішінде тұяғы бардың бәрі аралас. Бірақ тың тұяқ бар. Содан көркемдікке дайындалып, ыңғайланып келген дүние.

– Аударма деп жатырсыз... Сіздің аударма саласына үлес қосып жүргеніңізді жақсы білеміз. Аударатын шығармаларыңызды қандай критерий бойынша таңдайсыз? Қазіргі таңда аударма саласының жай-күйі қалай?

– Мен ешкімде жоқ кітапты жинағанды ұнатамын. Кітапты көрсетпеймін де. «Кітап ұрлау – ұрлық емес» дегенді де құптаймын. Жалпы кітап, кітап жинау деген дүние – парасатқа, ақылға талас. Жалпы жазушылық, әдебиет деген өнер – мидың, ақылдың майданы. Қолымдағы аударма кітабымның 1-томы «А» әрпінен басталады және барлығы әдебиетке қатысты деректер. Мысалы, Абай, Абишев А., Әлжаппар Әбішев, қырғыздың халық ақыны Аалы Тоқанбаев т.с.с.

Жазушы бол, ақын бол деп жатамыз. Бірақ жасап жатқан ештеңеміз жоқ. Кімнің кім екенін білмеймін. Бәрінен талант көргіміз келеді. Мысалы, Оноре де Бальзак және Андре Моруанікі мықты. Қалғаны бәрі түкке тұрмайды. Оноре де Бальзакті екі жыл рентасымен қолына ақша беріп қоя берген әдебиетке. Екі жыл ақшасын төлеп тұрған. Бірақ өзінің жанұясы бар. Бізде осы жоқ. Бальзактің жазған түгі жоқ. Біз жалынан ұстап көрмеген, жүген-құрық тимеген жас баланы осыдан бір нәрсе шығады-ау деген баланы, ағаларымызды, билік өкілін көргенім жоқ. Жарайды шықса шықты, шықпаса тағы... Қазақтың жақсы сөзі бар: І.Жансүгіров «Шауып келсе бәйге атың, шаба алмаса қорға мінер өз атың». Қойған жері – аты, шаба алып, бәйге алса, бәйге алмаса онда бәйге» – деп. Әр нәрсені аңдып, сенім білдіреді халық. «Әдебиеттің мәдениеті, әдебиеттің сенімі, әдебиеттің жоспары» деген дүние бар. Ал осы, бізде жоқ. «Қазақ» сөзін алғаш рет Қазыбек би айтқан. С.Торайғыровтың «Мен қазақ» деген өлеңі де бар. Сол қазақ ұлтының ішінен суырып алып шығатын осы «жарық» жоқ па деймін! Көптеген байқауларға қатысқым келмейді. Қатысқандардың ішінен ең таңдаулысы, мықтысы, лайықтысы жеңіске жетсе екен деп тілеп отырамын.

Жаңаөзенге байланысты «Көк құлаған күн» деген роман шығуы мүмкін емес, ол тұр. Тәуелсіз әдебиет, Отбасылық әдебиет, Қазақ әдебиеті оқулықтары секілді оқулықтарды дайындап жатырмыз. «Күннің көзі аққанда» атты пьесамызды бір-екі жерге ұсындық. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады.

1990 жылдардың ортасында мынадай оқиғаға куә болдым. Семейде «Соқырлар қоғамы» деген жерде тағдырдың жазғанымен солардың ортасында болдым. Сонда дүние құлап жатты. Жалпы қоғам қиналғанда ең ауырын көретіндер - сәбилер мен мүгедектер.

Екі көзі көрмейтін мүгедектермен далада қалып қойдым. Көбісі қазақтар. Олардың тілегі«Алла сақтап аман қалдым, жеке мемлекетпіз, тәуелсізбіз» – дейді. Олардың сөздерін естіп жыламасам да, бірақ жаным қатты ауырды. Кейіннен оны пьеса қылып жаздым. Қазіргі таңда Тұмар ханымды әспеттеп айтып жатқаны белгілі. Ол мені қызықтырмайды. Мені қызықтыратыны тағы бір сақтың ханшайымы туралы дайындап жазып қойдық. Абай атамыз айтқандай, «..қажет болса алар, қажет болмаса өз сөзім өзімдікі». Осы секілді нәрселерді жазып жатырмыз. Мынаны жаздым, ғажап дүние жазып тастадым деп айту жараспайтын іс. Өлеңдерімді көзі тірісінде Талғат Кеңесбаев шығарып берді. Тауардың жарнамасы мен тауардың өзі бірдей болмай қалса өндірушіге ұят-ау деп ойлаймын. Уақыт – сыншы!

Ғаламтор беттерінде сіздің сұхбаттарыңыз бен жазбаларыңыздан қоғамға деген сыни көзқарастар байқалады. Бұл азаматтық позицияңыз ба?

– «Осы қоғамда бәрі жақсы, бәрі жайнап кетті» дейтін болсақ, біткендігіміз осы болар. Мысалы, ағылшындар мәдениеті мен әдебиеті үшін соғысып жүр. (У.Черчиль) Сол секілді Америка – әлемдік держава. Оны мойындау керек. Сол Америкада өткенде бір симпозиумда: «Ағылшын тілі, әдебиеті және американ әдебиеті әлсіреп бара жатыр, дүние жүзінде таралымы аз», дейді. Онымен салыстырғанда біздікі түк те емес. Ең басты дүние, біз мынадай империалистік көзқараста өстік. Мәскеу біздікі дейтіндей Алтын Орданың мұрагерлігінде отырған жоқпыз. Мәселен, Қазақ ордасына бағынып тұрған қалмақтардың қаласы – Элистаны және сол кездегі ата-бабаларымыз басқарып тұрған топырақтардың бәрі қазір қайтадан бізге қайтарылайын деп тұрған да жоқ. Біз осы тұрған қалпымызда тұрсақ деген – арманым. Ал «Бәрі жақсы», деп айта беруге болмас. Мен барлық діндерді ұнатамын. Буддизмде Нирвана деген ұғым бар. Сол дүниесімен бәрін тастап кету, диуанашылдық т.б. көзқарастағы... Осыларға қарсымын. Кез-келген әкім сыналу керек. Қазақтың, мынау Мағжандар басына хан қылып көтерген ғалым да. Мәшһүр Жүсіп айтады: «Қазақтың ішінде Абылайға жететін ханы жоқ» дейді.

Әй, Абылай, тұрымтайдай ұл едің..

Төле бидің қолында түйе баққан құл едің...

Сен кімсің? дейді.

Халықтың Бұқарға айтқызып тұрғаны – заманы. Халық Бұқардың сөзін айтады. Сосын Абылай ештеңе істей алмайды. Ең ұлы деген ханның қасында осындай ғажап адам болатын болса, қоғам дамиды. Бұрынырақта «критическое мышление», яғни сыни ойлау деген кірген болатын. Кейіннен содан айырылып қалдық.

Негізінен қазақтың менталитетінде мұндай дүние бар. Абай да шындықты айтып өткен. Жалпы өзі де соған үлес қосады, сынап та жатты.. Риза емес. Абай өзінің кітабын жаза ма, қоғамдық іске араласа ма, айта ма әйтеуір бірдеңе жасағаны белгілі. Сең қозғалды. Сол секілді мен де аз-кем айтып жатамын. Өйткені, осы қоғамда мен де бармын, мен де өмір сүріп жатырмын. Мен де өз сөзімді айтуға құқылымын. Бірақ менің сөзім дұрыс па, бұрыс па белгісіз. Демократияның ерекшеліктері мынадай: әркім өз көзқарасында болсын, бірақ көзқарасынан танбасын. Халық дұрыс болса дұрыс, болмаса бұрыс дейді. Мәселен, фейсбук әлеуметтік желісін қолданамын. Достық ұсынғандар болады, жалпы оларды өзім таңдаймын. Қазақ байлыққа, дүниеге де мән бермеген, қазақ сөзге мән берген. Бір қара өлең бар:

«Дүние бір қызық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, мал менен бақ құралмаған.

Күніне мың бір пәле келсе дағы,

Сабыр қыл, үміт үзбе бір Алладан», дейді.

Күніне мың бір пәле көрсе де, бір Құдайын ұмытпаған. Таңдайына біткен тамызығы, асыл сөзі, әдебиеті болған. Сонымен сақталып келген, сонымен ұлт болып келген. Кейінгі кезде біз түрлі өзгеріске ұшырадық. Қазақ қай кезде сөзді іздемейді, сол кезде қалады.

– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы және оның көріпкелділігі туралы не айта аласыз?

– Жалпы Мәшһүр Жүсіптің ерекшелігі сол – ол кісі синтез болған. Бұл кісінің басында бәрі біріккен. Тұрған жері, ғұмыры ғажайып мистикаға толы. Ол кісінің денесін сол қалпында сақтап қоюда мұсылмандықты көре алмаймыз. Мысалы, Ленинді, Мысыр әлеміндегі фараондарды бальзамдау бар. Бірақ ол басқаша түсінік. Сосын қазақтың кішкене таңқалатынын түсіндік. Кейінгілерді түсіне бермейміз, бірақ бұл бар нәрсе. Енді қарасаңыз ұлы Мағауияны аманаттап алып келетінін, Әбішті аманаттап Алматыдан алып келіп ашқан кезде самайындағы шаштары ақырын-ақырын түсіп қалған екен дейді. Ертеректе қыста өлген мүрдені сақтап, cосын аманаттатып қойып, көктем түскен кезде жерлеуге алып кететін болған. Бұл бар нәрсе.

Ерейментауда Бөгембай сөресі деген бар. Бөгембайдың денесін сақтап қойып, Қараөткелден өткізіп алған. Кейін Түркістанға алып жерлеген. Жалпы сүйекті сақтап қою қазақтың өте арғы ұғымдарында бар дүние. Біздер оны жоғалтып алғанбыз. Ал мұның классикалық үлгісі – денені сақтап қою Мәшекеңде бар. Бірақ бұған қарап дүниешілдік деп айтуға болмайды. Нақты мынау дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту өте қиын. Мәшекең жаңа ай секілді боп көрінуі мүмкін. Екіншіден, оның сүрген заманында өткен уақыт оқиғасыменен өткен діни кітаптары барын біле бермейміз. Ол арқылы атымызды шығарғымыз келеді. Қазір екінің бірі Абай туралы сөз айтады. Бірақ, Мұхтардың дәрежесіндей білмейді. Жалпы Мәшекең жайында көп біле бермейміз. Оның Ташкентте, Самарқантта оқып келгені бізге беймәлім. Мәшекеңнің көп өлеңдері аударылған жоқ. Мәшекеңнің немересі Қуандық Пазылұлы, оның ұлы Ертай Иранда білім алған. Тіл маманы. Басқаша парсы(фарси) тілінде жазылған дүниесін Ертай оқи алмаған, ескі орта ғасырлық парсы тілі көрінеді. Өйткені, қазіргі жазылып жүрген Техран диалектісі екен. Мәшекеңнің еңбектерін тек қана арабша ұғатын ғана емес, Иран парсы тілін білетіндер жан-жақтан келіп оқу керек.

Жалпы Шығыс әлемінде бәрі жасырын. Сұлулықтың өзі. Араб әдебиетінде көз туралы көп жазады. Өйткені паранжадан көз ғана көрінеді. Үстіртін қаралады. Сол секілді дүние Мәшекеңнің еңбектерінде де бар. Мәшекеңнің дүниесін бүтіндей қайта қарап, қайта оқып шығу керек. Бұған әзірге біздің тісіміз батқан жоқ. Оның Матуруди жөнінде жазған дүниелерін қайтадан қарау керек. Бұл жерде мен таратып айтқым келмейді.

Жалғасы: Серік Елікбай. "Біз тарихты жасаған халықпыз. Бірақ жазған емеспіз"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар