Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Серікбол Дәулеткелді. Аудармашының азапты жолы...

04.02.2022 2344

Серікбол Дәулеткелді. Аудармашының азапты жолы 12+

Серікбол Дәулеткелді. Аудармашының азапты жолы - adebiportal.kz

ХХ ғасырдағы қазақ аударма мәдениетіне аса мол үлес қосқан, әдебиетіміздің әр жанрында қалам тербеп, руханиятымыздың шаңырағын көтерісіп, уығын қаласқан, өзінен кейінгі буынға өнеге сыйлап, сара жол салып кеткен қаламгер, аудармашыларымыздың бір егейі – Әзімхан Тішәнұлы болатын. Суреткердің шығармашылық жолы туралы әржерде айтылғанмен, жүйелі түрде қарастырылып, зерттелмеген еді. Біз бүгін осы тақырыпты барынша індете зертеп жүрген ғалым Серікбол Дәулеткелдіұлымен арнулы сұхбаттасып, сөзге тартқан едік. Көңілі күпті оқырманның кәдесіне жарар деген үмітпен әңгімеміздің толық нұсқасын жариялап отырмыз.

- Аға, уақыт озып, ұрпақ жаңарып, заман жаңғырған сайын көңілде жүрген көрнекті тұлғалардың да есім-сойы ескіріп бара жатқан сыңайлы, әңгімеміздің әлқиссасын сұхбатымызға арқау болып отырған аудармашы Әзімхан Тішәнұлы туралы оқырманға аздап мәлімет бере кетуден бастасақ?

- Әзімхан Тішанұлы 1929 жылы Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келген. Мектепті туған жерінде бітірген соң, 1949 жылы Үрімжідегі әдебиет институтына оқуға түсіп, 1950 жылдан бестап ел өміріне араласады. Алғашқы жылдары сол кездегі қоғамдық талаптар мен кадр тапшылығына байланысты әр салада аудармашылық қызымет атқарады. 1978 жылдары арнайы шақыртумен «Шинжияң халық баспасына» келіп, редактор, аудармашы және әлем әдебиетіне арналған «Көкжиек» журналының орынбасар редакторы болып қызымет атқарады. Осы шаңырақта жүріп «Шинжиаң қоғамдық ғылымдар мінбесі» журналының ашылуына ұйтқы болып оқырмандармен қауышады. 1923 жылы 23 тамызда науқастан қайтыс болады. Саналы ғұмырын тілші, баспагер, аудармашы болып атқарған асыл азамат артына мол мұра қалдырып өмірден озады. Қысқа қайырып айтсақ осылай енді.

- «Көкжиек» журналы қазақ тілді басылымдар арасында әлем әдебиетіне арналған аз ғана журналдардың бірі ғой?

- Жоғарыда бірәз қызыметтерін атадық, солардың ішінде 1983 жылы ең үздік шетел әдебиетін шығаратын «Көкжиек» журналын өз қолымен құрып, өмірінің соңына дейін барлық шаруаларын тыңғылықты атқарып, жас аудармашылар шоғырын қалыптастырып үлгірді. Сонымен бірге, қазақ фольклортану ғылымына, әсіресе қазақ қара өлеңінің ғылыми сарапталуына барынша мол еңбек етті. Ол кісінің өткен ғасырда жазған мақалалары әлі де өз құнын жойған жоқ. Сондағы сүбелі ғылыми еңбектері 1994 жылы «Шинжияң халық баспасынан» «Әдебиет сыр шертеді» деген атпен жарық көрді.

- Осы тұлғаның өмір жолын зерттеп жүрсіз, бұл кісі аударма саласына қалай келгені туралы айта кетсеңіз?

- Әзімхан Тішанұлының негізгі әдеби аударма жасампаздығы көбінесе Қытайдың классикалық әдебиетіндегі кесек шығармаларды қазақшалаумен танылған. Оның қазақ көркем аудармасында өз мектебі, өз аудару манері бар. 1949 жылдан бастап Әзекең өлең мақала жазумен айналысып, баспасөз беттерінде алғашқы мақалаларын жариялай бастаған. Ол кісінің басты ерекшелігі бүгінгі қытай тілін ғана емес, байырғы, ежелгі ескі қытай тілін де жетік меңгерген. Соның негізінде қытай халқының ең ежелгі VІІ-VIII ғасырда жазылған «Үш патшалық хикаясы», «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері», «Су бойында» романы, «Қызыл сарай түсі» романдарын аударған. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған «Жұңго ерте заман әдебиеті», Лушынның әңгімелерін аударып қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген. 1986 жылы «Су бойында» романының аудармасын қайталай өңдеп шығады. Сұң дәуірінің үздік термелері мен өлең, шалқымаларын аударғанымен, көзі тірісінде шықпай қалса да, кейін мерзімді басылымдардың біршамасында жарияланды. Тәйуан жерінде тұратын заманауи қаламгер Чиың Яудың «Мұнарлы жаңбыр» повестінде осы Әзімхан Тішәнұлы тәржімалаған. Шетел әдебиетінен қазақшалаған туындылары кейін «Әр ел ауаны» деген атпен жеке кітап болып шықты. Мұнан тыс автор саяси-әлеуметтік, экономикалық, философиялық ғылыми еңбектерді де көп аударумен айналысты. Әзекеңнің аудармадағы негізгі бағыттары осындай негізде қалыптасқан.

- Ең сүбелі, күрделі аудармалары туралы айтып берсеңіз?

- «Үш патшалық хикаясы» еліміздегі Миың патшалығы әдебиетіне тәуелді, 120 тараудан тұратын көлемді роман. Авторы – Ло Гуанжұң. Юуан патшалығының соңы, Миың патшалығының алғашқы жылдарында өмір сүрген әйгілі жазушы. Романда баяндалатын уақиғалар біздің заманымыздың 184 жылынан 280 жылына дейінгі аралықтағы ірі уақиғаларды қамтиды. Яғни, Шығыс Хан патшалығының соңғы жылдарында туғындаған «Сары шыттылар» көтерлісінен бастап, Батыс Жиын хандығы шаңырақ көтергенге дейінгі тарихи кезеңдер. Романда Хан патшалығының біртіндеп әлсіреуіне байланысты тарихи сахнаға көтерілген Уй, Шу, У хандықтарының арасындағы мүде қақтығысы, тақ таласы, түрліше топтағы саяси биліктің ішкі және сыртқы істер жөніндегі күреске толы күрделі мәселелері баяндалады. Жазушы сол тұстағы қоғамның қараңғылығы мен кетеуі кеткен жайытын ашып тастап, үстем тап өкілдерінің жауыздығы мен арамзалығын айпарадай әшкерлейді. Қанды қырғынға толы аласапыран заманда халық басына төгілген алапат апат пен олар тартқан айтып тауысқысыз зәбір-жапаны, қайғы-мұңды батыс суреттейді. Сонымен қатар, халықтың адал ақысын қанап отырған билік өкілін, хандық жүйені аямай сынап, алдағы күннің әділдігіне, бейбіт өмір мен тынысты тіршіліктің кешікпей келеріне зор үміт береді. Суреткер өзі діттеген көлемі кең мазмұнды төкпей-шашпай баяндау үшін, Жугылияң, Саусау, Люби, Гуаниұй, Жаңфи, Жоуүй сынды тарихи тұлғалардың өзіне тән мінездері мен болмыс-бітімдерін ішкерлей ашып көрсету тәсілін қоланады. Романның басты ерекшеліктерінің бірі, үш бектік арасындағы тартысты соғыс, найза мен қылыш сермескен ұрыс даласы, жазушы бұл бейнені де шеберлікпен алып шығады. Шығарманың өзекті ойын жеткізуде ақиқат пен аңызды сәтті өрбітеді.

- Пайымыңыз дәйекті болу үшін мысалдар келтіріп әңгімелесеңіз?

- Романның қазақша басылымдары 1983, 1984, 1985 жылдары Халық баспасынан шыға бастады. 2009 жылы төрт том болып қайта жарық көрді. Бірінші томын Әбдібек Байболатпен бірігіп аударса, қалған үш томын өзі жеке аударған. Аудармашы Әзімхан Тішәнұлы терең білім, күшті эстетикалық қуат, жаттық та, жанды ұлттық тілмен романды түпнұсқадан еш кем емес деігейде аударып, халқымыздың ерте заман әдебиетімен ертерек танысуға үлкен еңбек еткен. Аударма барысында ең әуелі көп күш-қайратын бұл кесек шығармадағы бұл кесек шығармадағы кемел тұлғалы кейіпкер суретін аударуға жұмсап, сол тұстағы сомдалып шыққан ерте заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың тілін, автордың бейнелеу ортаны суреттеу тілін барынша қазақы танымға икемдеп жеткізе білген. Осы барыста аудармаша түрлі әдіс-тәсілдерге барады. Кейді тікелей, кейде баламалап сөз саптау негізінде, өзге емес, өз ұлт жазушымыздың шабытты қаламынан туғандай етіп суреттейді. Айталық, романда бір кейіпкерді былай суреттейді: «Жаңфи еңгезердей, қабылан бас, тостаған көз, бұқа мойын, барыс мұртты, сөйлесе үні жер жаратын, ауыздығымен алысқан асау аттай екпінді бір азамат»- деп қазақы танымға өте жақын суреттеледі. Бұнан аудармашының кең ойланып, анық саралай келе түпнұсқаға жақын тілді дөп басқанын анық аңғаруға болады.

- Романды оқығанда байқағаным төл мәнеріміздегі тұрақты сөз тіркестері, тіпті кей жерінде өлең шумақтары да, аударманың ажарын кіргізіп, әдемі үйлесім тапқан екен?

- Иә, романда жиі кездесетін сол кездегі қытай халқының тұрақты тіркестерін қазақы балама мен ой орамына сай тартымды аударады. Айталық «Жолбарысты қуып тастап, қасқырды қылғу», «Тышқанды өлтіремін деп ыдысты шағуға болмайды», «Жақсы жүрер жораға, ақылы асқан елге аға», «Тірсегі қиылған жолбарыс, қанаты кетілген құс», «Түзгеннің қызыл шоғындай ат» деген тіркестер романның жанын кіргізіп, оқырман ойының көрігін қыздырады. Сондай-ақ, оқымыстының Саусауды жерден алып, жерге салған батылдығын бейнелейтін: «Игі жақсыны оқымайсың – сөзің лат, парасатты кітап оқымайсың – сөзің лат, бұрынғы-соңғыны түсінбейтін – кеудең лат, бектіктермен сыйыспайтын – кеудең лат, қастық сайлап тұратын – көңілің лат» деп келетін ақ өлең тектес сұлу сөйлемдер жиі кездеседі. Осындай барыста сұңғыла аудармашы түпнұсқадағы сөлекеттеу қолданылған кейбір сөз-сөйлемдердің тігісін жатқыза аударады. «Үш патшалық хикаясы» романында тарихи уақиғалардың, жер-су аттарының баршасы күрделі және шым-шытырық. Осының бәрін аудармашы барынша жүйелеп, қарапайым қазақ оқырманының ықыласына икемдеп аударады. Тіпті кей тұстарында қазақы қара өлеңмен де ойқастатып аударады.

Жасады серт жарлыққа қалт етпеді,

Патша үшін борышын ада еткелі.

Ақ жүрегін құшақтап кетті бәрі,

Адалдығы артына қалды мәңгі. (24 тарау)

Қош айтып уәзірге таңбаны іліп,

Қиырға іздеп ағасын кетті жүріп.

Қоянторы тұлпар мен көк алмасы

Серік боп бес қамалды өтті тіліп. (27 тарау)

Міне романдағы өз сәтін тауып қолданған осындай қара өлең үлгісі, ежелгі батырлар жырын оқығандай жаныңды айрықша арпалысқа түсіреді.

Әзімхан Тішәнұлы 1978 жылдардан бастап өлең аудармасына ерекше бой ұрды. Соның ішінде Қытай поэзиясының алтын дәуірі саналатын Таң дәуірінің ақындарын ерекше мәнерде аударып шықты. Аталмыш аударма өлеңдер алғаш рет 1981 жылы «Шинжияң халық баспасынан» басылып шықса, 2009 жылы осы баспадан қайталай жарық көрді. Таң дәуіріндегі Либай, Дуфу, Байжүй-и сынды «Өлең әулиелерінен» тыс, сол дәуірдегі шайырлардың табиғат лирикалары, шекара маңындағы ұрыс туралы жырларын да мейлінше мол тәржімалады. Таң дәуірі ақындарының өлең үлгілері негізінен төрт тағанды, шалыс ұйқас формасында, бес буынды төрт тағанды өлең, бес буынды ескі ұйқастағы өлең, жеті буынды шалыс ұйқас өлең сынды түрде болып келген. Формалық жақтан бір сөз бір әріп, яғни бір буын. Жеті сөз жеті буын, бес сөз бес буын болып келеді.

- Таң дәуірінің поэзиясы осыдан он неше ғасыр бұрынғы өлеңдер, оны аударудың машақаты да оңайға соқпаса керек?

- Тұлғалық көркемдік, образды ойға құру және сезім мен өмір суретін ойып алғандай тұлғаландырыу – Таң дәуірі поэзиясының негізгі ерекшеліктері болып келеді. Аудармашы осы ерекшеліктердің түйінін мықтап ұстай отырып, қазақ тіліне барынша шебер, айшықты етіп сөйлеткен. Бұндай аударма оқырман сезімін оятып, Таң дәуірі өлеңдерінің өзгеше рухани келбетін бір қырынан қазақ оқырмандарына таныта білді. Жинаққа жүз өлеңнің аудармасы енген. Аудармашы өлең мазмұнын анық әрі дұрыс жеткізіп берумен тежелмей, өлеңнің буын, ырғақ, әуен және айшықты көркем тілден құралатын әсем формаларын да қағыс қалдырмай, төрт тұрманын түгел етіп бейнелейді. Сөйтіп, кейбір сыншының өлең аударуға келмейтін жанр дейтін ұғымдарына өз ой еңбегі арқылы жауап береді. Сөзіміз ұтымды болуы үшін Чынзы-аңның «Юужу мұнарасына шыққанда» атты өлеңін оқып көрелік.

Алдымда жоқ батыры бұрынғының,

Соңымда жоқ ерлері бүгінгінің.

Ой тастап шексіз-шетсіз мұнараға,

Шерлі көңілім жабығып,

Жалғыз тұрмын.

Либайдың «Лушы сарқырамасы» өлеңін былай деп аударады.

Шамдал құзы жамылып қызғылт түтін,

Керген ақ бұлт төсінен төмен сұлап.

Ұшады су құлдилап үш шақырым,

Құстың жолы кеткендей көктен құлап.

Осындай әсем жыр жолдары әуелгі нұсқадағы мазмұн айшығын жоғалытпай, ана тілімізде емін-еркін сөйлеп, өлеңдік құдіретін әйгілеп тұрса неге бәрекелді демеске!? Ежелгі Қытай әдебиетін тану, оқу Жоғарғы оқу орындары студенттері үшін арнайы өтілетін пәннің бірі. Өкінішке қарай, 1980 жылдары бұл олқылықты толтыратын оқулық жоқтың қасы еді. Осы студенттер мен жалпы оқырманға арналған оқулықтың негізгі бөлімін (Сүй, Таң және Бес дәуір аталатын бөлімдер) Әзімхан Тішәнұлы өз мойнына алып аса жауапкершілікпен орындап шыққан болатын. Қытайдың қазіргі және көне тілін терең білетін Әзекең Қытайдың ежелгі дәуір әдебиеті саналатын кезеңдерді, әдебиет оқулығына тән тілдік ерекшеліктерді сақтап, күрделі ұғымдар мен авторларға ғылыми сипаттама бере отырып, академиялық үлгіде жеткізеді. Осы тұрғыдан оқулық студент қауымының оқуына жеңіл, ішкі ирімдеріне бойлауға ебдейлі етіп ұсынылған болатын.

- Әзімхан Тішәнұлы әлем әдебиетінің де үздік классиктерін де аударуға ат салысты ғой?

- Әзімхан Тішәнұлының әлем әдебиетінен аударған шығармалары негізінен: Н.Яковлевтың «Жуков», П.Нилиннің «Чучка», У.Моэмның «Баянсыз несіп», Юсуп Ыдырыстың «Пәктік» қатары повестері мен «Менің Платон сынды ғашығым», «Қисық айна», «Жүзеге асудың жолы», «Екі әскер», «Мола», «Маймыл кезіккен кереметтер» қатарлы әңгімелерін, сонымен қатар орыс жазушысы А.Рыбаквотың «Арбат көшесінің ұл-қыздары» романы сынды сүбелі туындыларды айтуға болады.

- Сіз зерттеу еңбектеріңізде Мопассанның бір әңгімесіне көп тоқталыпсыз?

- Осылардың ішінде әңгіме жанрының атасы деп аталатын Мопассанның «Екі әскер» деп аталатын әңгімесінің аудармасына баса мән берген жөн. «Екі әскердің» ерекше елеңдейтін уақиғасы да, таңғажайып сюжеті де, қиыннан қиыстыра ой-пікірі де, құлашты көлемі де жоқ шағын ғана әңгіме. Солайда «Шеберліктің шегі жоқ» демекші, сөз зергері Мопассан бір романға жүк болатын тақырыпты бірнеше беттік қысқа әңгімеге сыйдырып, жинақтап, нақты суреттеудің нәтижесінде оқырманның бар назарын кейіпкердің ішкі ой-дүниесіне шоғырландырады. Шығармада шалғайда әскери сапта міндет өтеп жатқан екі әскердің алыстағы туған жер, ата-анасын сағынып жүрген шағында, тосыннан бір бақташы бойжеткенмен танысып, еті тірілеуі бойжеткенмен жақын сырласқа айнала бастайды. Бұны көрген тегі жуас, бұйығы екінші әскер қарадай құлазып, қайғы жұтып соңында өзін мерт қылғаны сөз болады. Шығарма бастан аяқ баяндау тәсілімен жүреді де, ол баяндау екі кейіпкердің дараланған сезім жүйесімен тоғысып, шығарманың жіпұшы сол жүлгені бойлап баяу жылжып отырады. Сөйтіп өзіне қол салған екінші әскердің ішкі жан дүниесі барынша ашыла түседі. Оқыс шешім арқылы оқырманға тұтқиыл ой тастайды. Әңгімен адамды иландырады. Ойға қалдырады.

- Аудармашы шығарманың түп мәніне терең бойлай білген ғой сонда?

- Иә, аудармашы бұл әңгіменің шағын болғанымен, шалқар ой көтерген табиғатын жыға танып, аударма барысында шегі жоқ шеберліктің ығына бағып, аталмыш туындының аңғартпақ идеясын төңіректеп, аз сөз бен көп мағына жеткізу, диологтар арқылы кейіпкер мінездемесін ашу, кейіпкердің қысқа әрі нұсқа берілген ой арпалысын аударма тілінде тартымды бейнелеген. Аударма нұсқадағы мына суреттеуге назар салалық: «Ол екеуінің көзіне соңынан там құсап қалқайып қалған тоғайдан басқа ештеңе көрінбеген, Джен қарадай құты қашып тұруға дәрмені келмей, меңірейген күйі сол орнында сұлқ отырып қалды. Жан дүниесі қарадай құлазып қатты қайғырып кетті, қайғы болғанда да нағыз күшті қайғының өзі еді. Табанда жылап жібергісі, тұра жүгіргісі, бір жерге барып бой тасалағысы, енді қайтып ешкімге көрінбегісі келді». Бастапқыда екеуі бірдей кезіккен бақташы бойжеткен, өзінің досымен қол ұстасып кеткендегі кейіпкердің жан арпалысы бұл. Сол тектес кейіпкердің мөлт еткен жан сезім жарқылын және осыдан туған қимыл-әрекетін бейнелейтін мына суреттеудің аудармасына мән берейік: «Әбден сауымы асқан сиырдың қауқиған басын басын қыз келетін жаққа көтеріп, мөңіреген дауысы кстілді», «Екі әскер баяғыларында қатар отыр, баяғылары сияқты үндеспейді, қыбыр да жоқ, жым-жырт. Іші дүниедегі қапырықтарын шығаруға шарасыз қалған өңдерін сездіруге батпай жайбырақат сұлғиды», «Көпірдің рашеткасына өрмелеген Джен, алыстан, сонау қияннан, жөңкіліп жатқан ағынның ішінен жанына сая болатын бір нәрсені көргендей болады», «Сол-ақ екен, сөзінің соңын да түгесіп болмаған ол Дженнің басын төмен салбыратып көпірден бір-ақ секіргенін көрді. Көк бешпет, қызыл шалбарлы бір жас әскер атқан оқтай зымырап, өзенге күп етіп, ағынға шөгіп жоқ болды». Аудармашы кейіпкер харектерінің шынайы мәнін ашуға бағытталған осы үзінділерді түпнұсқаның үн-ырғағына бағып, тілді тым безендіріп әшекейлеуге бой ұрмай, аз сөз арқылы әңгіме атмосферасын сәтті ашқан.

- Әзімхан Тішәнұлы белгілі жазушы Лушын шығармасын аударуға да арнайы ат басын бұрған сияқты?

- Әзімхан Тішәнұлы Лушынның «Торғын күндік» атты фельетондар жинағын аударып, 1988 жылы «Шинжияң халық баспасынан» шығарған болатын. Жоғарыда айтқанымыздай Тайуанның әйгілі жазушысы Чиыңяудың «Мұнарлы жаңбыр» атты повестін 1990 жылы «Жастар-өрендер» баспасынан шығарды. Екеуі де күрделі автор, екеуін де қазақша сөйлету оңайға соқпайды. Лушын прозасында фелиатон жанрының салмағы ерекше. Қаламгердің өзі жасаған дәуір мен қоғамның қалтарыс тұстарын, қансоқталы кейіп-кеспірін ашып көрсету үшін сатиралық сипаттағы бұл жанр ең өтімді құрал еді. «Торғын күндікке» суреткердің 31 фельетоны кірген. Тарихи астары, мазмұны мен тіл қолданысы недәуір күрделі дүниелер. Аудармашы осы барыста әр шығарма жазылған тұстағы жағдай мен шығармалардағы қоламталы мәселелердің арғы астарын терең аршып көрсетеді. Сосын да шығарманың тұтас қазақ тілді нұсқасы оқырманның қаламгер жасаған уақыттың шынайы-кескін келбетін, тарихи пайымын анық түсінуге мүмкіндік тудырады. Бұны «Торғын күндікке» автордың өзі жазған мына бір алғы сөзден де байқай аламыз: «Жылдың таусылған соңғы түні осы жылғы жазғандарымды реттеп көрсем, «Аңызғақ» жинағына енгізілген мұқым төрт жылғы жазғандарымнан да мелжемді екен. Пікірдің көбі әлі де сол баяғыдай, позицияда онша жіптіктей емес. Сөз саптауда олпы-солпы көп, аңыс етілген нәрселерде екінің бірінде ұсақ-түйектерге қарай ойыса беріпті, несін айтасыз, өрісі үлкендердің бір күлуіне татып-ақ тұр. Бірақ, бұған не шара, биыл мен елден ала осындай ұсақ-түйектерге тап болыппын да, елден ала осындай бір ұсақ-түйектерге сіресіп алатын мінез тауыппын».

- Әзімхан Тішәнұлының аудармасындағы басты ерекшеліктерге тоқтала кетсеңіз, сонымен сұхбатымызды қортындыласақ?

- Тумысынан әдебиет сынды өрісті өнер саласына ынтық болып, оның ішкі сыр-сипаттарына дейін ден қойып өткен Әзекеңаударатын шығармаларының ішкі ирімдеріне аудармашы көзімен қадағалай қараумен қатар, әдебиеттанушы маман ретінде шығарманың болмыс-бітімін терең меңгеріп алғасын ғана бейнелеу басқышына қадам қойған. Осының негізінде Әзімхан Тішәнұлының аудармалары жұтаңдықтан, жадағайлықтан ада, толық қанды, толықсыған туынды болып шығады.

Әзімхан Тішәнұлы көркем аударманы беріле аударып, өз мәресіне жеткізіп қана қоймай, аударма барысында сол туындыдан алған әсерін, сол туындының келбет-кескініндегі елеулі ерекшеліктерді жыға танып, ғылыми түрде зерттеуді әдетіне айналдырған тұлға. Бұл біздің әдеби жасампаздығымызда ақын-жазушылармен көзқарақты оқырмандардың аударған шығармалардан жай ғана эстетикалық ләззат алып қана қоймай, үлгі алуларына жебеуші әрі жетекші рөл атқарғаны даусыз.

Көрнекі суреттер еркін ақпарат көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар