Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шайбанидің қателігі немесе уаһабшылдықтың өткен та...

24.12.2018 5429

Шайбанидің қателігі немесе уаһабшылдықтың өткен тарихтағы іздері

Шайбанидің қателігі немесе уаһабшылдықтың өткен тарихтағы іздері - adebiportal.kz

Өзінің діндес, қандас, бауырлас, ағайын-қарындастарына шабынған, оларды дінсіз кәпір көрген сәләфшіл, уахабшыл бауырларымыздың қылығы бізге таңсық па? Бұрынғы-соңғы тарихымызда осыған ұқсас жағдай болды ма? Болған екен. Көшпелі Өзбек ордасының ханы, Ақ Орда мен Көк Орда хандарының ұрпағы, Дешті Қыпшақ ұланы Мұхамед Шайбани өз қандастары қазақтарға қарсы ғазауат соғысын жариялаған!

Осы Мұхамед Шайбаниді атасы Әбілхайырдан бастап Шайбанилер, Шайбани әулеті деп жазып та айтыпта жүр базбір тарихшылар. Шайбани тек Мұхамедке ғана қатысты айтылады. Ол оның ата-тегі, әулеті емес, бар болғаны әдеби тахаллусы ғана. Тахаллус дегеніміз – Шығыс ақындарының көпшілігіне тән әдеби бүркеншік есім, қазіргіше айтсақ псевдоним. Псевдоним, тахаллуспен аталу Шығыс ақындарында кең жайылған дәстүр. Шайбани есімді тахаллус Мұхаммедтен басқа біраз сарай ақындарында болған. Сол себептенде Шайбани деген атауды әулет (династия) деп қарастырған дұрыс емес.

Мұхаммед Шайбани де атасы Әбілхайырда Жошының баласы Шибақтан кейде Сибақтан тарайды. Шибақ – Ақ Орданың негізін салушы хан. Әбілхайыр өз тұсында аталарынан мұраға қалған Ақ Орда мен Тоқай Темір ұрпақтары иелік ететін Көк Орданы біріктіріп Көшпелі өзбек Ордасының негізін салған. Негізгі халқы - Дешті Қыпшақтың көшпелі ру-тайпалары.

Әбілхайырдың немересі Мұхамед Шайбани Орта Азияның ірі шаһарларында Бұхарада терең діни білім алған, жоғары медресе бітірген, поэзиямен шұғылданған, мәдениетті ақын болған. Өзіне Шайбани тахаллусын иеленген. Өз иелігінен бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек иелігіне өшпес жау болды. Бұқара шәрифтегі діни ғұлама, үлемдерді шақырып: «қазақтар кәпір, дінді шала ұстайды, тас мүсіндерге табынады», - деп пәтуа (фетва) шақырып, ғазауат соғысын жариялайды. Ұзақ ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған өз қандастарын кәпір деп жариялайды. Бұл – өзі ішкен құдыққа түкірумен бірдей еді. Яғни дәстүрлі ислам тәрбиесінде өскен бабаларын мансұқтау, өз рухани дүниесін тәрк ету еді. Саяси мақсатқа жету үшін ол ештеңеден тайынбайды. Бабаларын, қандастарын тас мүсінге табынған кәпірлер деп жариялады. Бұдан ол не ұтты? Шайбаниді қандастарының қаһары жіберген жоқ. Қазақтар әлмисақтан мұсылман. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қазірде әсіре діншіл боп жүргендер қазақ халқын дінге үйретеміз деген ұғымда жүр. Әсіресе, дінді жаңа үйреніп жүрген неосалафиттер қауіпті. Олардың жалаң фанатизімі мен радикалды іс-әрекеттері xалықты теріс айналдырады.

Мұндай келеңсіздікке қарсы тұрудың жолы – руxани іс-әрекет. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасқан өнердің мәдениеттің, әдебиеттің тигізер әсері, пайдасы ұшан-теңіз екенін айтып жатудың өзі артық болар. Әдебиет пен, өнердің, мәдениеттің белгілі өкілдерін радикалды топтар өздеріне тартып алуға әр кез тырысып келеді. Бірақ мұндай жат ағымға берілген шығармашылық адамынан шынайы өнер мен нағыз саф дүниелер тумайды.

Әдебиет пен өнер – шығармашылық адамдарын белгілі бір дүниетаныммен шектемеуі керек, қашан болмасын. Кезінде әлем әдебиетін көкке көтерген Шығыстың классикалық поэзиясы өкілдерінің аяқ алысына қарасақ, соншалықты кең дүниетаным мен шығармашылық еркіндікті байқайсың. Біздің қазіргі ақындар, музыканттар, өнер адамдарын қарасақ, белгілі бір дүниетанымдық шеңбердің тұтқындары. Бұрын коммунистік дүниетанымның тұтқыны болса, қазіргі теріс дүниетаным жетегінде жүргендер – радикалды исламның (дәстүрлі ислам емес) тұтқыны. Бұл үрдіс ұлтымызды ұшпаққа шығаруы мүмкін емес. Олар бұрынғы сан ғасырлар бойы дәстүрлі исламның бесігінде тербеліп келген біздің халқымыздың өткен тарихын мансұқ етуде. Бұл әсіредіншіл ағымдағылар ислам құндылықтарын бір кісідей білетін біздерді, қазақ халқын әдет-ғұрып, салттың құрбандықтары, көзсіз құлдары деп есептейді. Ал түркі жұрттарында, оның ішінде қазақтарда әлмисақтан әдет-ғұрып, салт-сана ислам құндылықтары мен астасып кеткен жоқ па? Оны білмейтіндер – көкірегі көрсоқырлар ғана. Ең бастысы, шайқалып кеткен руxани, имани тұғырларды қалпына келтіру – бүгінгі күннің мұраты. Мұндай жағдай өткен тариxта да болған. Біз мысал еткен Мұxамед Шайбани соның айғағы.

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар