Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Шалқар Дәулеткелді. Жібі үзілген батпырауық...

22.10.2019 5512

Шалқар Дәулеткелді. Жібі үзілген батпырауық 12+

Шалқар Дәулеткелді. Жібі үзілген батпырауық - adebiportal.kz

Жібі үзілген батпырауық

(Өтүкен)

Алғитаудың арасында,

Соғыстан соң қол аяғы кесілген,
Қалған адам қайраң бетінде.
Шашырап кеткен бояулар ақ қағаздағы,
Мағыналар ішінен мағынасыздыққа толы...
Сәулесі шашыраған Аққар мен ай, гүл өңімен,
Түссіздікте Сұлу тән ағып кетер лай-сеңменен
Сыбдырсыз қанат қаққан көбелектей
– сүйегінен.

Алғитаудың арасында,
Қайраңда қайырлаған қағаз кеме,
Кеткен соң тасқа айналып жел кемірер,
Басылған қабырғаға тағдыр жазу –
Бір ұлы құтқарушың секілденіп,
айналар жұбаныш боп ол да өлімге.

***

Ең соңғы сұлулықта, өліп бара жатқанымда,
Кеудемнен ұшқан құс та, қалықтай алатынын сезіндірер.
қанатын аңыздарға қақпаса да.

(Өлім жапырақтары)
Жүдеу жол бетін жапқан сары жапырақ,
Табан астында үгітіліп жатыр –
Өткен күздерді еске сап...

Мен кетіп барамын,
жан дүниемді табан астында жаныштап,
Қақпа ішінде қалған айғайды еске сап...

Сәлден кейін жел тұрмақ,
Біздің үгітілген бөлшектерімізді,
Жел ұшырып әкетпек.
Бұнда еш мән қалмағандай,
Өмір бізден жасырынбақ солғындап.
Қақпа ішінде жасырынған ол кімге...
Сыбдырлайсың өңменіңнен жел зулап.

***


Тән емес бізге мінсіз жасампаздық,
Қайта жалғай алмадым...
Сары жапырақты үгітіп алып.

Өтпелі бір кезең

Мең-зеңдіктің немқұрайлыққа ұласатынына мән бермей,
Толықтанбаған бір бостықтың кіріптар етуінен.
Иен далада үдей түсетін құлазу сезімінің де,
Рахатқа бөлей алатындығын...
Мағынасыз шаттықтар кеңістігінің ұлғаюынан,
Жылдардан бұрынғы –
Аялдамада қалған жалғыздық сезімінің де,
Рахатқа бөлей алатындығын...
Қарлы әлемнен жеткен елестен
Қурап қалған Гүлқайыр сабағында ілінген
Мұз ішіндегі көбелектің өлі денесі
Толықтанбаған бостықтың кіріптар етуінен...
Жылдар өткеннен кейін есіне оралғанда –

Саябақ ішінде жартылай күлімсіреген тас мүсіннің,
Жарты күлкісін жасырған таныс жүзінен,
Мүлде бейтаныс құстар ұшып жатты.
Көше шырақтар жарығы мен таңғы сәуле арасындағы,
Өтпелі бір кезең сынды.

Даурыққан меңіреулік

Ауыр сәтсіздіктен кейін естен танарлық,
Қалай жаңылмай жүріп өткенін сезінгенде –
Біздің уақыт тыныстады бір сәт тыным алмаққа.
Тәуелділік пен мұқтаждықты ұмытыңқырап,
Күш пен әлсіздік бір арнаға сиыса алмай,
тікелей эфирлерде, әуе толқынында даурыққан да,
Қараңғылыққа жұтылды бостық пен қуыс...

Қараңғылыққа жұтылған бостық пен қуыс ішінен –

Соңғы сапарды аяқтар алдында
Жандік сирағының тықыры естіліп үзілді,
Ұзын сирақтары жайлы жеткен аңыздың дақпыртынан.

Қараңғылыққа жұтылған бостық пен қуыс ішінде –
Көкершiндер ұшып қонған алаң шетінде,
Уысыңдағы ең соңғы дәнді әлдилеп отырғаныңда тауслып,
Бидайық алқабында жалғыздыққа жұтылған қарақшы

Жел жан салғандай әнге басты,
Құмды дауыл ішінде, құс ұясын бауырына алып,

Шығырымен жер сыза мүлгіген жел тирмен де

Жел жан салғандай әнге басты,
Жеңімпаз рух, қарсылқ әлемінде қасқая оянғанда –
Жарылған қауыз да, үзілген сабақ та, қураған тамыр да

Жел жан салғандай әнге басты...

***

«Әлде қалай шын аңсаған әлемің жайында ойлана алатыныңды ұмыт,
Уысыңдағы соңғы дәнді құстарға шашып жіберіп».

Жібі үзілген батпырауық

Ілуде бір кездесетін мыңнан бір мезеттерден кейін де,
Үнсіз терезеден сыртқа қарап отырдық.
Өткен қыс күндеріндегідей қар жауған көшелерге,
Қағаз батпырауықтарға ұқсап жібі үзілген,
Қарап отырдық, одан әрі де автобус аялдамаларына –
«Мені тастама»* атты картина ілінген.

Өткен қыс күндеріндегідей
Көше сыпырушылар да,
Жол жөндеушілер де*,
Жылу жеткізушілер де
Дағдарыссыз...

Дағдарып қалдық біз ғана келесі қадамды жасауға,
Бағыт жоқ бізде...
Жүрегіміз жұмсақ сағаттардай балқыған,
Уақыт та жоғалған, майысқан тіл де...
Тыныс жоқ бізде...
Шексіз бөгеттерге де,
Мінсіз жоқтаушыға да жол ашық...

Келесі қадамды жасауға;
Сен орныңнан сыбдырсыз тұрдың тағы,
Алдыңғы қадамды қайталап,
Күнтізбенің және бір парағын жырттың...
Кейін, «Мені тастама» атты картиналар ілінген,
Аптобус аяалдамаларында тұрып,
Бір-бірімізді мүлде ұмыттық.

Өткен қыс күндеріндегідей

Қар жауған көшлерге...

*Алматыда кейбір автобус аялдамаларында «Мені тастама...!» атты картина ілініп тұратын.
**Гомердің айтуынша бір аңызда Сизифке жол жөндеу жұмысы бұйырылған дейді. (Альбер Камю «Сизиф туралы миф»)

Қалқымалы өткел

Есте қалмайтын әңгімелерді айта отырып,

Сөздердің мәңгілік кептелісінде.
Есте қалмайтын жаңалықтармен бөлісе отырып,
Сөздердің мәңгілік кептелісінде.
Жұлдыз жорамалы мен ескі күнтізбедегі болжамдар жайлы да айтамыз,
Екі ұшты күйде, баяғыда көрген түсімізді де баяндаймыз.

Кезіп өткендей болады ежелгі рух, желсіз ағаш басы сыбдырлағанда.
Тепе-теңдікті сақтап тұра алмаған болмыста мінсіз,
Міндеттелгенмен тепе-теңдікті сақтап қалуға.

Көрші бөлмелер туралы да үзік-үзік ойға батуға болады,
Жаздың жылы түніндерінде ашық есіктері сондай ызғарлы.
Ылғи да
Екінші біреудің жанарындағы күңгірт сырға сүңгігенде,
Әлемнің кез келген бір қиырында алаңсыз өмір сүріп жатқан,
Үшінші біреудің сұлбасы көлденеңдейді.

Таңғы шық пен мезеттік қалықтаған әуен ұқсас сұлу,
Өткеннің бір үзік картинасын алдыңғы жолғыдай еске алу.
Немесе өлі тыныштыққа батқан бөлмелердің ашық есіктерінде кідіріп,
Егер сол ашық есіктердің арғы жағынан,
Бір дауыс сұраққа алса, не айта алмақпын...
Сыбдырсыз келген әлде ненің сыбдырсыз қайтып кеткенін кеш сезінгеннен басқа.


***


Мағынасыз әңгімелерді айта отырып,
Сөздердің мәңгілік кептелісіне аңдаусыз жұтылғанымыздай,
Аңдаусыз ұмыт қалдырамыз...

Өлімненде ауыр ұмыт болған бір мезгіл

Бара бара асқақтап кеттің сіңіп, сөз ішіндегі өлі елеске,
Үш жүз жыл су сорған жалбызды жағаға шығарғандай.
суырып алғаннан кейін де жанды тәннен бөлектеп...
Өлімнен де ауыр ұмыт болған бір мезгіл.

Үміттене бастаймын тықырыңды естіп, сенер-сенбесімді білмей,
Таяп келесің...
Қыркүйек айының соңғы күндері сарғайған жапырақтар үзілген сайын
күдер үзе бастадым өлгеніңнен ұмыт болғаның ауыр тиіп,
Қайта-қайта естен танып, қайталанған сөздер үстінде.

Дақтары өшпейтін сол жылдарға қайырылу,
Осы мезеттенде ауыр тыныштыққа батырады.
Биіктен түскенде және көтерілгенде,
Алма кезек ашылған амал дәптеріне үңіліп,
Оңға бір, солға бір сенделектеп
Өліміңнен де ауыр тиер, ұмыт болған бір мезгіл...

Шалқар Дәулеткелді


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар