Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы: Мураками шығармал...

01.09.2018 4498

Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы: Мураками шығармаларында ұлт жоқ

Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы: Мураками шығармаларында ұлт жоқ - adebiportal.kz

- Шарафат, сіз жапон əдебиетін зерттеп жүрсіз. Қазіргі жапон əдебиетінің ең танымал өкілі Харуки Муракамидің де шығармаларын, нақтылап айтқанда, ой-толғамдарын қазақ тіліне тəржімеледіңіз. Тəржіме дегеніміз, қалай дегенмен де, түпнұсқадай бола алмасы белгілі. Əрине, түпнұсқадан асып кеткен аудармалар да бар. Мысалға Абайдың Гетеден тəржімесін айтамыз. Əңгіменің басын "ақымақтау" сұрақтан бастасам деймін: Мураками жапон тілінде де жеңіл жазатын жазушы ма? Жеңіл жазу шын мəнінде сапалы оқырмандар тарта алады ма?

— Қалай жазатынын қасында отырып көрген емеспін. Бірақ өнімді жазушы екеніне қарап жеңіл жазады деп ойлауға болады. Қазіргі әдебиеттегі басты мәселе осы оқырман сапасында болып отыр. Мен бұл сұхбатта Харуки Муракамидің онсыз да дүниежүзі бойынша атақты кітаптарын атап, шығармаларына талдау жасағым келмейді. Иә, көп жыл бұрын жапон аңыз-мифтерін аударғанда Акутагава Рюноскэ, Рю Муракамидің әңгімелерімен бірге осы Харуки Муракамидің де қысқа ой-толғамдарын жапон тілінен аударып, қазақ оқырмандарға таныстырғаным бар. Бірақ Харуки Муракамиге ынтам ауып, «бұл бір керемет жазушы екен, прозасын қазақ тіліне аударайыншы» деген ой менде болған жоқ. Өйткені ол мен іздеген жазушы емес.

Аударма деген адамның бар болмысымен ішіне кіріп, ынтасымен беріліп істейтін қиын жұмыс. Мен өзіме ұнайтын дүниелерді ғана және тек түпнұсқадан аударамын. Кейбір жапон жазушыларының тілі жеңіл, ал 100-150 жыл бұрынғы жазылған прозалық туындылардың тілі күрделі. Туынды өзіме ұнаса оны дереу аударып, оқырманға жеткізуге тырысамын. Біреудің айтуымен, ұсынысымен тәржіма жасамаймын.

Көркем шығарманы аударатын адам жазу үстелінде отырғанда алдымен шығарманың авторы бөтен екендігін, яғни автордың шығармашылық әлеміне қиянат жасамау керектігін ойлауы керек. Бұл дегеніміз автордың айтатын ойын өз қалпында, шығарманың шырқын бұзбай жеткізу. Бұл оңай дүние емес. Мысалы, Кикучи Кан жапонның ұлы жазушыларының бірі. Жапония Жазушылар Одағының негізін қалаған қаламгер. Оның шығармаларында бүгінгі жапондар біле бермейтін көне сөздер, қазір қолданылмайтын иероглифтер, диалект сөздер көп кездеседі. Акутагава Рюноскэнің біраз новелласы түпнұсқадан аударылды. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ақжелкен», т.б. газет-журналдарға жарияланды, «Күншығыс аңыздары» деген кітапқа кірді. Акутагаваның шығармалары негізінен жеңіл аударылады дегенімізбен, кейбір новеллаларының тілі күрделі болғандықтан қиындығы да жетерлік. Әрбір әдеби шығармадан жазушының болмысынан бөлек сол ұлттың рухы сезіліп тұрады. Шығыс әдебиеті Батыс тіліне аударылғанда сол рух өшеді, мәтін ғана қалады. Орыс тіліндегі жапон әдебиетін оқып отырсаңыз, кейбір жерлері дөрекі екенін байқайсыз, өйткені орыс тілі нәзік емес қой. Жапонша шығармаларда нәзік иірімдер бар.

Харуки Мураками көзі тірі жазушы, бірақ мен жеке кездескен емеспін. Жапон басылымдарына берген сұхбаттарынан аңғаратынымыз, жазушы Батыс әдебиетімен сусындап өскенін, жапон классиктері шығармаларымен тек студент шағында танысқанын айтады. Жас кезінде бар ашып, түнде жұрт тарқаған соң сол барда отырып, кітап жазған. Алғашқы романдары осылай дүниеге келген. Харуки Муракамидің кітаптарын қазақ оқырмандарына насихаттаудан аулақпын. Оның ұлттық болмыстан алыстау қаламгер екенін әр шығармасынан көруге болады. Бұны сыншылар ғана емес, оқырмандары да айтады.

Моральдық-этикалық құндылықтардың төменгі сатысын бейнелейтін суреттеулерді оқи берсе оқырманның одан жиренуінен гөрі қызығушылығы артады деген заңдылық психологиядан белгілі. Жапон мәдниетінде, жалпы Шығыс халықтарында ежелден келе жатқан әдеп салты бойынша, адам сана иесі болғандықтан хайуанға тән аморальдық әрекеттерді көпшілікке көрсетуге болмайды. Бұндай жабық тақырыптарды қоғамның талқысына салу да жалпы азияттарға жат нәрсе. Жаңа заман өкілі ретінде тым ерсі суреттеулерді оқырманға ұсыну жазушының жапондық болмыстан алыстау, батыстық ойлау дағдысына бейім екендігін көрсетеді. Мен Харуки Муракамиді оқымаңыз демеймін. Мәдениет ұғымы мән жағынан да, формалық тұрғыдан да өзгеріске ұшыраған жаңа заманда кім нені оқимын десе де өз еркі. Он төрт роман, көптеген әңгіме жазып, бірнеше сыйлыққа ие болған жазушы Жапонияда ғана емес, дүниежүзі бойынша ең атақты қаламгердің бірі.

Батыс құлдыраудың шегіне жетіп, болашақ Шығыста екенін Еуропа ойшылдары әлдеқашан айтып кеткен. Әйгілі ағылшын ақыны Байрон 1813 жылы Томас Мурға былай деген: «Шығысқа қарай бет алу керек. Солтүстік, Оңтүстік пен Батыста бәрі таусылған». Ал Харуки Мураками еуропалық келбеттегі қоғамды жазады. Мураками шығармаларында ұлт жоқ. Осы үшін де жапондар Харукиді аса жақтыра бермейді.

Оқырмандары оның туындыларының символдық өзегі ішімдік, музыка және әйелдер болғаны үшін тартымды екенін айтады. Бірақ өз ұлтын сүйетін жапондар, әсіресе аға буын өкілдері бұл жазушыны аса жақтырмайды. Эротикалық сюжеттер жапон менталитетіне жат дүние. Мураками жапон мәдениетінің шеңберінен шығып, еуропалық шеңбердің ішіне кіріп кеткен жазушы.

Иә, Муракамидің шығармаларындағы белгісіздік, тұрақсыздық, жапон әдебіне жат суреттеулер оны батыстық мәнерде жазатын жазушы ретінде танытты. Харуки Мураками қазіргі жапон қоғамын жазса да жапон жанына жат жазушы. Харукиді оқып, Жапонияны көрмеген кейбіреулер үнемі сыра ішіп, джинсі киетін, гамбургер жейтін, ар-ожданды ысырып тастап қалағанын істейтін адамдарды көзге елестетіп, жапондар түгел осындай екен деп ойлары анық. Бірақ Жапония Батыс мәдениеті Азияға қандай ықпал етсе де төл мәдениетін көзінің қарашығындай сақтап, ұлттық ар-ұжданды бәрінен биік қоятын ел екендігі аян.

Мен постмодернизмді түбегейлі сызып тастап отырған емеспін. Ол бүгінгі заманның келбеті. Бірақ әдебиеттің функциясы, жазушының мойнындағы негізгі міндет оқырманды рухани биіктерге жетелеу, көркемдік танымын арттыру. Классикалық туындыны оқыған жанның білімі тереңдей түседі, эстетикалық талғамы артады. Әдебиет негізгі міндетінен айрылғанда оқырман тобырлық сана деңгейінде қалады. Көкірек көзі бітеу, соқыр қоғам — адамзаттың ақыры. Сыра ішіп, темекі шегетін нәпсіқұмар кейіпкер көркемдікке ұмтылған оқырманға қажет емес. Ол бұндай көріністерді онсыз да күнделікті өмірде көріп жүр. Жазушының ой-санасы, білімі бұқарадан әлдеқайда биік, ілгері болмаса ол жазушы емес.

«Харуки Мураками неге атақты? Сіз оны оқисыз ба?» деген сұрақ төңірегінде жапондармен әңгімелескен едім. Бірі «Иә, оның «1Q84» романын оқыдым. Жазушы ретінде ұнайды» десе, енді бірі «Норвегия орманын» жазғаннан кейін атағы шықты ғой. Нобель сыйлығынан үміткер. Бірақ өзім бірде бір шығармасын оқыған емеспін» деді. Йоширо Икэда деген тарихшы ғалым маған былай деді: «Ол бұл өмірде идеалын таппаған, бір нәрсеге ұмтылып, сағым қуған, сезімнен жұрдай қазіргі заман адамдарын жазады. Постмодернизм мен үшін тым жеңіл дүние, шынымды айтсам оқымаймын. Иә, әдебиетсүйер қауымның ішінде Харуки Муракамиді сүйіп оқитындар өте көп. Неге соншалықты құмартады дейсіз бе? Өйткені бұл жазушының жазғандары үстірт, қазіргі қоғам өкілдері жеңіл өмірге әуес болғандықтан шығар».

Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Нью-Джерси штатында ата-аналар «балаларымыз төсек қатынасы суреттерін қамтитын кітапты оқығанын қаламаймыз» деп, Харуки Муракамидің қырық тілге аударылған «Норвегия орманы» романы мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. «Харукидің оқырманы неге көп?» деген сұраққа былай дегім келеді. Мәселен, интернеттегі жаңалықтар сайтының кез-келгенін ашып қарасаңыз, ел тарихы, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын материалдарды, патриоттық өлең-жырларды бірен-саран адам оқығанын көресіз. Ал шоу-бизнестегі әлдебір бикештің жартылай жалаңаш суреті басылған, оның кезекті қыдырмпаздығы туралы әңгімеленген материалдың оқырманы мыңдап саналады. Яғни, қазіргі оқырманды (сапасыз оқырманды айтып отырмын) рухани дүниеден гөрі өткінші өсек-аяң көбірек қызықтырады. Сондықтан кейбір жазушылар осындай тобыр топқа арнап жазады.

-Əр жазушының өзіне тəн стилі бар. Жапон жазушыларынан қазақ оқырмандарына Юкио Мисима, Акутагава Рюнескэ, Ясунари Кабавата, Дзюнъитиро Танидзаки, Сакё Комацу, Кобо Абэ, Кэндзабуро Оэ, тіпті Рю Мураками де таныс. Олар өзіне тəн əртүрлі ерекшеліктері арқылы əртүрлі таным мен əртүрлі деңгейдегі оқырмандарын тауып жатыр. Ізденістегі қазақ оқырман қауымына жапон əдебиетінен, жабық жатқан қандай авторларды ұсынасыз?

— Аталған жазушылардың барлығы орыс тіліне барынша аударылып, Ресей шығыстанушылары әбден зерттеген қаламгерлер. Акутагаваның новеллалары аңыз-ертегілермен үндес болғандықтан аудардым. Негізінен орыс тілді оқырмандарға аса таныс емес авторларды аударуға тырысамын. Өйткені, қазақтың бәрі орыс тілін біледі, бұрын орысшаға аударылып, ел оқып тастаған шығарманы қайта қозғау қажетсіз. Жапонның Хаяма Йошики, Кикучи Кан, Дадзай Осаму, Кумэ Масао, Юмэно Кюсаку, Такэхиса Юмэджи, Аришима Такэо, т.б. жазушыларының әңгімелері түпнұсқадан тәржімаланып, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Ақжелкен», «Үркер», т.б. газет-журналдарға жарияланды.

Кикучи Канның «Өлікке күлу», «Құмар ойын» деген әңгімелері қаламгердің шоқтығы биік туындылары. Қолға түскен дүниенің бәрін аудара беру мақсат емес. Алдымен көкейде қазақ оқырманына не қажет деген сұрақ тұрады. Қазіргі қазақ қоғамындағы мәселелерді дөп басқан, замандастардың айтқысы келген ойын дәл бейнелеген туындыларды ғана аударамын. Мысалы, Кикучи Канның «Сумиконың тағдыры» деген әңгімесінде өңінің нашарлығынан тұрмысқа шықпаған қыздың басындағы оқиғалар суреттелген. Ұяңдығынан жігіттермен сөйлесуден именіп, тұрмыс құрмай қалған қыздар мәселесі біздің қазақ қоғамында да өзекті екені белгілі. Әкесі мен қызының, анасы мен қызының диалогы, сіңлілері ұзатылып кеткенде Сумиконың ішкі күйзелісі, жапон отбасындағы тәрбие ерекшеліктері бәрі-бәрі маған ерекше әсер етті. Әңгіменің соңында Сумико бақытын табады.

Жапонның пролетариат әдебиетінің өкілі Хаяма Йошикидің әңгімелері де идеясымен, тілінің көркемдігімен ерекше. Прозада ең бастысы идея. Қазіргі заманғы кейбір жазушылар болмашы бір идеяны жеткізу үшін 70-80 беттік шығарма жазады. Оны оқуға адам қаншама сағатын жұмсайды? Шығарманың кульминациясына жеткенде (кейбір қаламгерлерде ол да жоқ), «айтайын дегені осы ғана ма еді?» деп, көңілтолмастық күй кешесің. Мен атын атаған жапон жазушыларының әрқайсысы өзіндік суреттеу ерекшелігі бар, жапон тілінің мәйегін бұзбаған, қанша ғасыр өтсе де идеясы өзекті боп қалатын дүниелерді тудырған жазушылар. Мысалы, біз М.Горькийді ұмыттық. Қазіргі заманда сәнге айналған автор емес, өйткені пролетариат тақырыбы актуалды емес, иә? Дамыған капиталистік қоғамды орнатқан жапон елінде әрине бай мен кедей теңсіздігі деген қазір жоқ. Ал дүниежүзінің қаншама мемлекетінде, әсіресе Кеңестер Одағынан тараған елдерде буржуа мен пролетариаттың қарама-қайшылығы өршіп тұрғаны жасырын емес. Хаяма Йошики міне, жалпы жер бетіндегі қара халықтың зар-мұңын, езгіге түскен жұмысшылардың күйін өте әсерлі суреттеп, шығармаларында оралымды ой айта білген жазушы.

Бүгінде дүниежүзі бойынша жаһандану үрдісі қарқынды түрде жүріп жатқанмен, ұлттардың өзін өзі тануы да аса маңызды. Кейбір заманауи саналатын жазушылардың жүздеген бетке созылған, табан тірер фундаменті жоқ, қияли, екіаяқтылардың өзі күнделікті көріп жүрген азғын қоғам суреттерінен құралған жазбасын оқығаннан гөрі ғасыр бұрын жасаған жазушылардың қысқа әңгімесінен нәр алған анағұрлым пайдалы ма деймін. Мысалы, Кикучи Канның «Келбет» деген шағын әңгімесіне назар салсақ, жапонның ұлттық танымға деген беріктігін аңғарасыз. Бір жарым беттен

аспайтын әңгімені түпнұсқадан аудару барысында мен тарихи, этнографиялық көкжиекті кеңейтетін талай дүние таптым. Алғаш рет 1920 жылы «Осакамайничишинбун» басылымына жарияланған бұл әңгіме бүгінге дейін мектеп бағдарламасындағы оқулықтардан түспей келеді.

- Муракамидің оқырмандары оның "Нобель" алмағаны үшін Швед академиясына үлкен өкпесі бар. Сіздің пікіріңізше, оның бірнеше жыл қатарынан осы сыйлыққа деген қадамының сәтсіз шығуына не себеп?

— Харуки Мураками 1985 жылы Танидзаки Джюничироу атындағы, 2006 жылы Франц Кафка атындағы, т.б. сыйлықтарды алған. Нобель сыйлығы лауреаттары жария етілген сайын батыс ақпарат құралдарында «Харуки Мураками осы жолы да Нобель сыйлығын алған жоқ» немесе «Нобель сыйлығы Харуки Муракамиден басқа адамға берілді» деген сияқты тақырыптармен жаңалықтар шығып жатты. Ешқандай жазушының потенциалын сыйлықпен өлшеуге болмайды. Сыйлық жазушылық дарынның көрсеткіші емес. Дегенмен Харуки Муракамиге Нобель сыйлығының берілмеуін жұрт оның жаһандық ірі мәселелерді немесе ұлттық мәселелерді көтермеуінен деп біледі. Бірақ Муракамидің оқырмандары жазушы осы сыйлықты болашақта алады деген үмітте.

Сұхбаттасқан Еділбек Дүйсенов

«Жұлдыздар отбасы» журналы, №15. 2018 жыл

Харуки Мураками - ұлттық болмыстан алыстау қаламгер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар