Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шарль Бодлер. Марапатқа құшақ жаю – үкімет билеуші...

24.10.2018 4230

Шарль Бодлер. Марапатқа құшақ жаю – үкімет билеушісіне өзіңізді бағалау құзыретін берумен бірдей

Шарль Бодлер. Марапатқа құшақ жаю – үкімет билеушісіне өзіңізді бағалау құзыретін берумен бірдей  - adebiportal.kz

Ұлы Франсуз елі тудырған талассыз таланттың жаратылыс пен болмыс жайлы ойларының қаңқасын тауып алдық... Зер салып үңілсек, соңғы демін жүрегіне қамап, шалажансар күйде сонау ғасырдан бері жатқан екен… Дереу тірілтіп, жан бергіміз келді. Көзін ашқан сәтінде есті қазақтың ортасында қазақ боп оянғанын қаладық. Хош. Ұлы ойлардың қаймағын сүзіп, сөлін сығып алдарыңызға ұсынып отырмыз. Есті оқырманның көңілінде маxаббат сезімін оятары сөзсіз…

Аудармашыдан

Егер адам өте жоғары деңгейлі, лайықты іс жасаса, оны сол үшін марапаттаудың не қажеті бар? Ал егер жасамаса, онда марапаттауға болады, бұл оны қанаттандырар еді. Марапатқа құшақ жаю – мемлекетке немесе үкімет билеушісіне өзіңізді бағалау құзыретін берумен бірдей.

Бұл өмірде мақсатсыз ештеңе жоқ. Менің өмірімнің де белгілі бір мақсаты болса керек. Бірақ қандай? Мен бұдан бейхабармын. Демек ол мақсатты бекіткен мен емеспін. Оны менен ақылдырақ біреу белгілеп, қабылдаған. Онда мен осынау ақылдырақ біреуге жолымды жарық қылуы үшін құлшылық жасауым керек. Бұл - ең дұрыс әрі әділ шешім...

Адам әрдайым ешкіммен салыстырғысыз өзгеше өмірлік ұстанымдарға ұмтылуы керек. Ол үнемі айна алдында өмір сүріп, айна алдында ұйықтауы тиіс...

Белгілі бір прогресске сеніп, үміт күтіп отыру - жалқау жандардың ісі. Бұл адамзаттың яки мемлекеттердің өз ісін жасау жолын өзге адамдарға немесе көршілес елдерге тапсыруының көрінісі. Прогресс тек әр адамның өз ішінде немесе әр адамның өзі арқылы ғана жүзеге асатын нәрсе. Бірақ әлем "Айдағаның бес ешкі ысқырығың жер жарар" дегендей тек жар сала отырып қана ойлана алатын адамдарға толы. Бұл көбінесе бельгиялық қоғамға тән сипат еді. Ғаламда көп нәрсеге ұрынбай көңіл көтеруден байхабар пендауи жандар қаптап жүр. Нағыз жанкештілік – жалғыздықта да көңілді һәм мағыналы өмір сүре білуде.

Кез-келген адамда, кез-келген уақытта екі түрлі тілек міндетті түрде көңіл қойнауында сақталмақ. Бірі – Жаратушыға деген, екіншісі – Шайтанға деген тілек. Құдайға сиынушылық яки рухани тілек - жоғарыға ұмтылудың белгісі, ал екіншісі - хайуани бастаулар. Дәл осы екіншісіне әйел затына деген махаббат, жануарлармен тілдесушілік сынды дүниелерді жатқызуға болады...

ТЕОЛОГИЯ

Құлдырау дегеніміз не? Егер бұл екіжақтылыққа айналу бірлігі болса, онда Құдайдың өзі де құлдыраған болса керек. Басқаша түсіндіргенде, әлемнің жасалуы Құдайдың құлдырауының нәтижесі болса ше?

Неге ақылды еркектер әйелдерге қарағанда қыздарды жақсы көреді?! Шындығына келгенде қыздар да, әйелдер де ақылсыз емес пе? Ойлану керек....

Махаббатта ең өкініштісі - оның міндетті түрде екі адам арқылы іске асырылатын қылмыс екендігінде...

Адам адамды қатты жақсы көретіні соншалық, шулы қаладан қашып ауылға барса, ол жерді қала тұрпаттас қылуға құштар болып тұрады...

Бір нәрсеге деген құштарлық өрті бізді әрдайым қазіргі сәтімізге жерлеумен әлек. Ал жанымыздың тірі қалуға ұмтылуы болашаққа апарып сығымдамақ. Бүгініне көмілген жан талдан талға секіріп жүріп өз құлдырауын өзі қызықтайтын сияқты...

Адам, ең алдымен, өз-өзі үшін Ұлы да Қасиетті бола білуі керек, бұл - ең басты дүние!

САЯСАТ

Негізі Франсуз халқы мен тарих алдындағы ІІІ Напалеонның ең басты қызметі: Кез-келген Ұлы елді кез-келген адамның ұлттық баспалар мен телеграф жүйесін бағындыру арқылы билей алатындығын дәлелдегенінде...

Махаббат дегеніміз не? Өз заңдылықтарыңнан шығу қажеттілігінің туындауы. Яғни өз еркіңмен өзіңді құрбандыққа шалу. Әлемдегі ең ұлы махаббат иесі - Құдай! Демек, ең ұлы құрбандыққа барушы да - Жаратушымыз...

ДҰҒА

Мені анамның көзінше жазалай көрме әрі анамды менің жасағандарым үшін жазғырмашы..! Әкем мен Мариеттаның жанын өзіңнің құшағыңа тапсырдым. Күнделікті парызымды уақытында кідіріссіз атқару арқылы құдіретті де қасиетті болуға күш-жігер бере гөр!!!

Адамдар арасындағы Ұлылықты иеленгендер қатарына тек - ақындар, діни қызметкерлер мен жауынгерлер жатқызылмақ болса керек. Біріншісі - жырлауымен, екіншісі - құрбандық даярлаушы, ал үшіншісі - өз-өзін құрбандыққа шалушы... Қалғаны белгілі бір қызмет барысында құлдыраушылар ғана.

Мен әрдайым әйелдерді не үшін шіркеуге кіргізетініне таң қалам. Олар Құдаймен не жайлы сөйлесуі мүмкін?!

Мәңгілік бағдарлаушы Шолпанымызға айналған нәрселер (қиғылық, шу шығару, фантазия) - шайтанды өсіріп, құзіретін кеңейтуші факторлар.

Әйел жан мен тәнді ажырата алмайды. Олар жануарлар секілді аңғалдыққа бейім. Не себепті? Сықақшы біреулер бұған "Әйелдерде тек тән болады" деген түсінікпен әзілдеп жауап берер еді...

СОҚЫР ФАНАТИЗМ

Тіпті дінді түсінем деп үміттенудің де қажеті жоқ...

Өз өмірінің мәңгілік екеніне сене алмайтын адам бәрібір сәйкесінше тиісті үлесін иемденбей ме?!..

Шынайы цивилизация теориясы газға да, экономикаға да байланысты емес. Ол алғашқы күнәлардың ізінің өшіргішпен сүйкелуіне негізделмек. Көшпенді халықтар, қызметшілер, аңшылар, тіпті адамжегіштердің өзі де өз күш-қуатымен, сана қуатымен біздің жойылуына аз мөлшерде ғана үміті бар батыстық бейімделушілікті басып оза алады.

Неге теңіз көрінісі әрдайым көз қызықтырады? Өйткені ол бір уақытта, бір сәтте қозғалыс пен шексіздің жайлы екі ойды қатар тудырады.

КОММУНИСЕМЕСТЕРДІҢ НАЗАРЫНА: Бәрі де ортақ. Тіпті Құдай да!...

ЕҢ ҒАЖАП БЕЙНЕЛЕУ: "Әдеби шірік неме!"

Бірігу, қосарлану немесе белгілі бір адаммен байланыс орнатушылық - екінші біреудің өміріне, жан-дүниесіне барып кіру деген сөз. Ал шығармашылық адамы ешқашан өз жанына, өз-өзінен шығып кетпеуі керек.

Әуен - кеңістіктің көлеңкесін көз алдымызға келтіруші. Кез-келген өнер түрі де сондай десек болады. Өйткені олар - ырғақтылыққа ие. Ал ырғақ кеңістікті бейнелейді...

Күн сайын адамдардан ұлырақ болуға ұмтылу...

Шындағында, Әлем түсініспеушіліктің арқасында алға басып келеді. Дәл ме дәл бәріне ортақ түсініспеушіліктің арқасында бәрі бір-бірімен белгілі бір ымыраластыққа көше алады. Яки, алда-жалда бақытсыздығымызға орай адамдар бір-бірін түсіне қалған жағдайда, олар ешқашан бір шешімге келіп ымыра жасай алмас еді...

Кез-келген бір мемлекеттік қызметкер, министр, газет немесе театр директоры болсын бәрі толық құрметке лайық, бірақ оларда ешқашан құдайы шынайылық болмайды. Олар - жекешелік пен түпнұсқа қалыптан айырылып қалған тіршілік иелері, яки қызмет барысы үшін ғана жаратылғандар.

Бұл өмірде барлығы да қылмыс сасып тұр: газеттер, қабырғалар, тіпті адамның өз түрі де. Қолымыз қалайша жеркеніштіліктен дір етпей газет беттерін әр таң сайын парақтайтынына таң қалам...

"Мынау жаман, мынау жақсы, жақсылыққа ұмтылу керек..." - жайында шексіз қайталаушы буржуазды ақымақтар, менің көз алдыма, жаныма серік болып бір күн Луврға барғанында, өлмес ескерткіштер мен картиналарға кез болған сәтте, маған жасанды ұялған түрмен бетін жаба қымтырылып "Мұндай жағымсыз, ұятсыз нәрселерді адамдардың алдына қалай қоюға болады" деп мәймөңкелеген құны бесфранктық жезөкше, Луиза Вилдені елестетеді.

Даму, прогресс заңдылығы іске асуы үшін әрбір адам оны жүзеге асыруға ұмтылуы керек. Күллі адамзаттың титімдей бөлшегіне дейін атсалысса ғана ғалам көздеген мақсатына қол жеткізе алады..!

Мен "Бүгін кешке аздап ВАГНЕРДІ тыңдасам ғой" деп өз-өзіме ішімнен күн сайын айтып жүрем... Вильгельм Рихард Вагнердің күллі адамзатқа тарту еткен туындыларына құлақ түрсем, өмірдің барша ұлылығын сезініп, теңіз толқындарындай шынайы асқақ рахатқа бөлене шабыттанатынмын. (Бұл туындының ішінде Бодлердің 1960 жылы 17ақпанда Рихард Вагнерге жолдаған хатының түпнұсқасы берілген. Әрі оның Вагнер туындыларының жазылу тарихы мен шынайы сезім бейнелегіштік құдіретін шынайы сүйіспеншілікпен талдау барысы айқын берілген)

Шын мәнінде, материя мен қозғалыс Құдайдың тыныс алуының көрінісі ғана болып шықса ше? Бір тыныс екінші тынысынан сәл басқаша болып қайта туылмай ма?...

Тәржіман: Қарлығаш ҚАБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар