Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шерхан Талап: Бәрінен бұрын жаралған еді, бәрінен кейін өледі ол...

15.08.2018 866

Шерхан Талап: Бәрінен бұрын жаралған еді, бәрінен кейін өледі ол...

Бәйгеторы

Бұл жолы Бәйгеторы бәйге алмады,

Бақыттың осы шығар айналғаны.

Көмбеге бұрын жетті көз алдында,

Көлбеңдеп Көк теңбіл ат қай-қайдағы.

Торының «тақтан» солай тайғаны ма?

Қалды енді бұл тірлікте қай мағына?

«Жұмабайдың жүйрігі екінші алған»,

Құдай-ай, кім сенеді жайға мына?!

Жарықтық Жұмабайда ес қалмады.

Тілегі орындалмай тосқандағы.

Төңірек түгел таныр тұлпарының,

Осылай ұшқаны ма бастан бағы?

Тірлікте тәтті болмас сайран соңы.

Қу көңіл ұғар дейсің қайдан соны.

Сыртынан Мыңбай сыншы күрсінеді:

«Алдына қара салмас қайран, Торы...»

Амал не өкпе артқанмен өткен күнге?

Торыдан сырт айналар жеткен күнге.

Айғайшыл, марапатшыл, даурықпа жұрт,

Қарайды көзін сатып Көктеңбілге.

Баяғы әдетіндей ең бір ескі,

Күншілдер сөзге көміп көлгір Есті:

«Төр бермес, топтан озғыш Торы атыңды,

Көктеңбіл көк шаңына көмді» десті.

Халықтың теңбілге ауып бар назары,

Қорланған жануарда жан-мазалы,

Намысы көкіректе шер боп тұнып,

Ақыры көз жас болып тамды азабы.

Торының кім түсінер ішін тегі?

Белгісіз желік жұртты ісінтеді.

Жылқының адам құсап жылағанын,

Көргендер тілін безеп мүсіркеді.

Бұл күйге Торы ат қалай шыдар енді,

(Бұл қазақ тілдеп құртқан Құлагердi!)

Сол түні ол қорасынан қашып шығып,

Бетке алып ұзақ шапты құба белді...

Халыққа дақпырт дайын қырық күнге,

Із-түзсіз жоққа айналды күлік мүлде.

...Торыны содан кейін таппады ешкім,

Кетті ме, біржолата сіңіп түнге?

Білмеймін...

Мұң кешу


Өзімді іздедім, сезімді іздедім,
Мейрімге зәру ғасырдан.
Уақытқа айтар сөзімді іздедім,
Мыңжылдықтарға шашылған.



Басымнан көшкен тағдырға налып,
Сезімге малдым сөзді асыл.
Сәуірде жауған жаңбырда қалып,
Дәуірдің кештім көз жасын.



Зарығып өлді сан күз кеудемде,
Сынбауға сонда серт бергем.
Көп ішіндегі жалғызбын мен де,
Өлеңге жаны дерттенген.



Баянсыз өмір — бұл дағы сүргін.
Жарығын сүйіп жарлы айдың,
Жарым түндерде жырға құлшындым —
Азабы бітпес маңдайдың.



Тек үміт таппай ертеңге мүлде,
Желігіп жаным қайтса да.
Ақын ғұмыры өртенген бірде,
Ерте өлген гүл ме, айтшы, аға?



Дертіме менің деместен ел түк,
Жапты ма тағы жала-мұң?
Өле алмай жүрген елеске елтіп,
Өлеңге сіңіп барамын.

Сөз

«Әуелі сөз болған»

Інжіл

Бабалар өтті құла дүз кезіп,

Мал емес одан тал қалды.

Беймезгіл айтқан бір ауыз сөзі,

Бір елге мұра болған-ды.

Ұрпағың қанша өнеге десіп,

Құрмет тұтса да асылды.

Сахи құмдарым, сөге көрмеші,

Сөзін жоғалтқан ғасырды.

Адасты албырт қауымның есі,

Үміттері де үтірлі.

Ділін ұмытқан дәуірдің көші,

Уақытқа сіңіп жұтылды.

Ұсынса уын заман жарлыға,

Таптаса арын табанға.

Өзін сақтаған адам қалды ма?

Сөзін соттаған қоғамда.

Күтеміз нені заманнан кері,

Бастады қайда көне жол?

Бәрінен бұрын жаралған еді,

Бәрінен кейін өледі ол.

Қызжылаған

(Балнұр Лесханқызына)

Өмір барда өтеді бастан сынақ,

Күндерің де өтеді шашқан шуақ.

Жүрегімді төседім жолыңа әкеп,

Жанарыңнан кеткенде жас тамшылап.

Шабыт іздеп, шарқ ұрған шетте қалып,

Ақын едім мен де бір сертке қанық.

Өлең үшін өксіген, өрімдей қыз,

Өзегімді жібердің өртке малып.

Жыр жаза алмай жабықса жаның бүгін,

Жүрегіннің үніне бағын, күнім.

Көңіл көпке айта алмай кемсең қағар,

Көз жасыңды көрудің ауырлығын.

Сертің болса қолыңа қалам алу,

Дертің болар бойыңа тараған у.

Өлең деген күн сайын өртке оранып,

Өлең деген түн сайын жаралану.

Көңіл нені аңсайды, үздігеді,

Сағыныштың себебін күз біледі.

Мұнша аяулы болар ма қыз арманы,

Мұнша нәзік болар ма қыз жүрегі?!

Ақынды ауыл есітіп жақын дүбір,

Неге сені таңдады, шақырды жыр?

О, соншама азабың ауыр ма еді,

Ару жанын арбаған aқын-ғұмыр?!

***

Ауық-ауық аспанымда бұлт жылар,

Көз жасы оның болар ма еді мұнша ауыр.

Бұл қыстың да мінезіне жұрт шыдар,

Сылқымдайын мың құбылған күн сайын.

Көктемді ертең қала қайтіп қарсы алар?

Тым жылауық, тұнжырауық бақтары.

Көше кезіп көңілсіз бір ән салар,

Алматының ақ жауынды ақпаны.

Оның мұңын мендей қайсың ұға алар,

Неге ақпанның қайталадым сол әнін?..

«...Көктемнің де көз жасында күнә бар,

Аппақ қардың арқалаған обалын».

Соны ойласам жанарымды мұң қамап,

Еске аламын мөлдір шақтар елесін.

Түссіз тамшы тереземде сырғанап,

Жүрегімді айғыздайды о, несін?

...Гүлдерді ертең қала қайтіп қарсы алар?

Көкірегін көтертпейді өктем үн.

Көше кезіп көңілді бір ән салар,

Күнәсі көп, кінәсі жоқ көктемім...

***

Жалған үмітке сеніп кей,

Қашанғы шыдар құр сүлде.

Жәудіркөз ару еліктей,

Жатырқап әлі жүрсің бе?

Керімсал мінез, керім Сен,

Тәуекелім ең бекінсем.

Кермаралдайын керілсең,

Көктемге сіңіп кетуші ем.

Жанымды өртеп, шарпып от,

Шері боп тұндым ғасырдың.

Тәкәппарлығыңа тәнті боп,

Менмендігіңе бас ұрдым.

Тірі жан ұқпас мұң ба едің?

Жетпейтін қолым биікте ең.

Асқақтығыңмен құнды едің,

Сен соныңменен сүйікті ең!

Сезімнен мөлдір шық тамып,

Паңдана керші қасыңды.

Сұлулығыңа сұқтанып,

Алайын сығып жасымды.

Кедейге біткен байлығым,

Бұралып өскен бұласың.

Қасиетін ұғып қайғының,

Жыласа жаным жыласын.

Кеудеме мұңды күй сіңіп,

“Тек мені қалқам күтердей”

Жүрейін сырттай сүйсініп,

Қол жетсе – қиял бітердей.

Жақындамай-ақ жаныңа,

Ең ұлы жырды жазамын!

Қинашы мені тағы да,

Таусылмас тәтті азабым...

Аңсар

Шексіздікке шырмалған бір шерлі едім,

Сезімі елткен сағымға.

Ең аяулы әнім болдың сен менің,

Әлдилейін жанымда.

Әлди, әлди... алыстағы аңсарлы ән,

Көңіл сенсіз дерттенер.

Бізді қандай тағдыр күтер қарсы алдан?

Сеніміңді сертке бер.

Түндер кештім - нені сездім, не білдім?

Көзім алды байланып.

Ақ бұлттардан нөсер болып төгілдім,

Сағынышқа айналып.

Ой зарығып, үміт алдап бүтін күн,

Жолға қарап жалтақтай.

Жалғыздықтың жанарына жұтылдым,

Қол созарға жан таппай.

Өмірімді шуақ қылған затың нұр,

Сенсіз күннің бәрі мұң.

Түнге сіңіп, тағы адасқан сәтім бұл,

Қайдасың сен, жарығым?

Зарық

Қара түннің құшағында ой налып,

Тағы отырмын жүрегімде күз жылап.

Тәнім - мұңға, жаным - жырға айналып.

Неге мені адастырды жолдар кіл?

Аспанымда Ай жүзеді қорғансыз,

Жалғыздығың, жалғыздығым - ол бәлкім...

Жан әлдиім, аспан сенің мекенің.

Жұлдыздардан жұпарыңды аңқытып,

Жүрегімді тіліп өттің, не етейін?!

Содан бері көңіліме қайғы алып,

Көкке қарап дұғамды оқып тұрамын,

Сынған айдың сәулесіне байланып.

Көзім жұмсам кеудеңе әсем гүл қадап,

Сағымдардан қол созасың -

Қол созам,

Жанарыңнан жалғыз тамшы сырғанап.

Тылсымына тартқан кезде зарлы әнім,

Тұңғиықта жан ышқынып, тән жүдер,

Көз жасыңның көтере алмай салмағын.

Көздеріңнен сүйейінші, жарығым!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар