Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Шыңғыс хан» мен «Ұлы түрік тарихының» таныстырылымы өтті

07.04.2022 693

«Шыңғыс хан» мен «Ұлы түрік тарихының» таныстырылымы өтті 12+

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі тұлғалардың қатысуымен генерал, саяси ғылымдар докторы, профессор Ержан Исақұловтың «Шыңғыс хан» (орыс тілінде), белгілі шығыстанушылар Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрік тарихы» атты зерттеу кітаптарының таныстырылымы өтті.

Аталмыш ғылыми конференцияны филология ғылымдарының докторы, порфессор Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Қос кітаптың салтанатты беташарына еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, студенттер қауымы қатысты. Шара барысында Қуаныш Сұлтанұлы, Серік Ахымбеков, Абай Тасболатов, Әли Бектаев, Ләззат Сүлеймен, Ғани Ташқараев, Нұрлан Бекназар, Еділ Жаңбыршин, Әділғазы Бергенов, Дархан Мыңбай сынды ұлт руханиятының өкілдері аталмыш кітаптар туралы көзқарастарын білдірді.

Ғалым Ержан Исақұловтың «Шыңғыс хан» кітабы туралы алғашқы сөзді тарих ғылымдарының докторы Мұсабалина Гүлнар Төлеуғазықызы алды. Ол шағын ғана баяндамасында кітаптың тарихи құндылығына, ел руханиятындағы орнына айрықша тоқталды. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін тарихшылар тарапынан Шыңғыс хан туралы еленбей, ескерусіз келген деректердің осы кітапта ғылыми айналымға түскені туралы да баса айтып өтті.

Белгілі шығыстанушылар Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрік тарихы» атты зерттеу еңбегі туралы сөзді белгілі қаламгер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы алды. Ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы өз сөзінде бүгінгі тарихи дүние танымымыздағы қордаланып қалған мәселелерді, тарихи бұрмалаушылықтарды тілге тиек етті. Рухани негіздегі өркениетті ел болу үшін тарихи сананы жаңғыртудың маңызына тоқталды. Ұлтымыздың тарихында ұлы түрік қағанатының орыны айрықша екеніне, барлық ғалымдар мен зиялы қауымды, әкімдіктер мен институттарды Күлтегін және Тоныкөк сынды түрік жазулары мен түрік мәдениетіне қатысты рухани байлығымызды насихаттау шараларын жүйелі жүргізуге шақырды. Ғалым сөз соңында Шыңғыс хан тақырыбына аса абай болуды, қоғамда айтылып жүрген жаңсақ пікірлерді дер кезінде жөнге салып отыруды ортаға салып, Шыңғыс хан бұл күнде тұтас түркі жұртын ажыратушы емес, қайта біріктіруші тұлғаға айналуы керектігін ескертіп өтті.

«Шыңғыс хан», «Ұлы түрік тарихы» сынды қос ғылыми кітаптың тұсауын Қуаныш Сұлтанұлы, Серік Ахымбеков, Абай Тасболатов, Владимир Жұмаханов, Владимир Божко және Әділғазы Берген сынды ел ағалары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері кесіп, қос ғылыми еңбекке сәт сапар тіледі.

Ғылыми конференцияға қатысқан қоғам қайраткерлері мен ғалымдар өзара сөз алып, аталған тарихи еңбектердің маңызы мен атқаратын қызыметіне кеңінен тоқталып өтті. Авторларға оқырман тарапынан зор ризашылықтарын білдірді. Қазіргі кезде еліміздің алдында тұрған ұлттық рухани жаңғыру сынды келелі мәселеге қызымет етуде, осындай тарихи, ғылыми сипаты басым еңбектердің алар орынының маңызы ерекше екенін баса айтты. Саналы ғұмырын ғылымға, ұлт ісіне арнаған Ержан Исақұлов, Зәріпбай Оразбай, Мұхаммедзафар Оразбаев сынды ғалымдарға шын көңілден шығармашылық табыс тіледі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар