Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Шыңғысханның соңғы cөзі...

17.10.2013 2998

Шыңғысханның соңғы cөзі

Шыңғысханның соңғы cөзі - adebiportal.kz





Жас ақын Шалқар Жақанұлы 1987 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Көлқамыс ауылында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде Астана қаласындағы №45 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.


 Шыңғысханның соңғы cөзі

 

О, паң дала!
Саған шексіз қараушы едім таңдана.
Келер ұрпақ кесім айтар өзіндік,
Бермесі анық сүйсінерлік - нар баға.
Қандай баға берседе, 
Тарихында таңбасы зор
Шынғысхан ғана.

Көзім тоймай сайын дала көркіңе,
Бар бақытты табамын деп кеңдіктен.
Қантөгіспен жарты әлемді жауладым, 
Жеткен едім қулықпен һәм ерлікпен.
Қанша ердің жанын қидым,
Қанша патша тағын қидым,
Қанша әйелді азаппенен өлтірдім.
Шығармастан ешбір пенде басыма
Жан қиюда қарамадым жынысына, жасына.
Заңын ұстап өскен едім
Өзіңдей паң даламның.
Тегін емес уысыма қан қысып,
Шыққандығым құрсағынан анамның.
Сондықтан ба?..
Қан сасыды сенің жазық сай-салаң.
(Күшім барда айтшы, неден тайсалам?)
Бағынбаған халықты 
Қара күшпен сыйлаттым.
Өз еркімен берілмеген қаланы
Жермен-жексен қираттым.

Бұл қателік десе дағы кім-кімде,
Қантөгіссіз соғыс жасау мүмкін бе?!
Тілектеске қара күйе жақпадым,
Аямадым туған жерін сатқанын.
Сыртым қатал болғанмен
Ішіп жылап тұрушы ед(і). 
Көрген сәтте елін сүйген ерлердің
Ерлікпенен қаза тауып жатқанын.

Сенің қожан болу үшін паң далам!
Парасатта менен жырақ қалмаған.
Айналама серік болар сенімді,
Батырларды таңдағам.
Ұлықтайтын ұрпағымда жетерлік,
Болашағын тек билікке арнаған.
Ең бастысы, өмірімнің жартысын
Жорықтарға арнағам.

Бірақ содан не ұттым...
Ұтылғаным тағы не?
(Оранып тек баратыны ақ матадан тәніме),
Жалған дүние мойындайын,
Маған да өлім келген-ді.
Қимасым тек: Моңғол халқы сенген-ді.
Жан тәнімен соңыма
Талай батыр ерген-ді.
Жер үстінде еш тыныштық таппаған,
Жер астында бір тыныштық табайын,
Құшағыңа ал пенденді!

...Соңғы сапар тегі шын,
Хан Шыңғыстан бас тартып 
Бара жатыр Теміршін!

 

 



Қарлығаш келмей көріксіз еді көктем де!

 

Ұйқысыз түннен сездірмей талай тан күлген,
(Күледі-ау әлі, күлкі боп мәнгі қалдым мен). 
Бақыт -деп ұқса батылдық қайда бастайтын,
Тәңірдің сыйы, жырлауға жазған тағдырма ең?!


Ғашықтық екен өмірдің мұңы, шаттығы.
(Қолдайматындар болсада айтам нақ мұны)
«Жесір мұң» сезім ізгілік ойға ұласып,
Жырменен жауһар жалғасып барып жатты үні.

Соңына түсер «сормаңдай күнін» сезіп кім,
Демеймін «сүю осы екенін» де тез ұқтым. 
Алаулап жүзің, аптығып басып келесің,
Үшінші қабат, ұзын зал алғаш кезіктім.


Көз алмай қарап қалыппын саған періштем,
Қара көз сұлу, жүзіне меңі келіскен.
Сүйсіне қарап кіргіздім аудиторияңа,
«Бұл қандай сезім билеген сонша?» деп іштен.


Ұмытар ма екем, болған сол сәтті қас-қағым,
«Қарлығаш, - деді. - Есімі оның» достарым.
Қанша жыл өтті алдыңа келіп мен бірақ,
Ағыл да тегіл сырымды саған ашпадым. 


Махаббат мұң дер,емессің бірақ құса тым,
Меншіктеп алған көктеммен келер құс атын.
Титімдей жүрек мейірімге толы дейді жұрт
Титімдей тұлған, жылылық іздеп ұшатын.


Мазалы тірлік бір күннен ұзақ бір күні,
Жанарым айтар... жимаса да езу күлкіні.
Ләйлі деп білдім, бола алмасам да Жұматай,
Жұматай жырын жастанып жаттым күн-түні.


Тым үнсіз қарап жүремін сағым көк белге,
(Бұл ғашық жанның қиялсыз күні өткен бе?..)
Сары Күз, неткен сұрықсыз едің - құс қайтар,
Қарлығаш келмей көріксіз еді – көктем де.

Хал-жайыңды біле алмай ішімде мұң,
Аман-есен жүр ме екен құсым менің?!

* * *

Жеті түнді шарласа ой «жыл құсым» деп,
Түнде сыйлай алмаған ұйқысын кеп.

* * *

Сен дегенде кеудемде мәнгі бар үн,
Көктем сайын көзімді талдырамын.
Білесін бе «жыл құсым», білесің бе?
Сол бір кеш, бақытты сәт... кіл есімде.

* * *

Мін іздеме қайтесін басқалардан!
Ғұмырнамам сол күннен бастау алған.

* * *

Сәлем айтсын көргендер сол құсымды,
Сол айтады мендегі - соңғы сырды.

* * *

Адалдық алшақтаған бір күндері,
Есіне алар сәт туар мүмкін мені...


Қайнар көз: baq.kz порталы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар