Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Шырға алаңында (драма)...

20.04.2015 2541

Шырға алаңында (драма)

Шырға алаңында (драма) - adebiportal.kz


Қ а т ы с у ш ы л а р :

1. Асылхан – ірі бизнесмен, 35-40 жас шамасында.

2. Фарида – әйелі, 25-28 жас шамасында, сұлу.

3. Раушан – күтуші қыз, 18-19 жас шамасында.

4. Салиха – Фариданың шешесі.

5. Индира – Асылханның нақсүйері, жасы шамалас, қарапайым, тартымды.

6. Пернеш – Салиханы күтуші әйел.

7. Есболат – Индираның әкесі, жоғары лауазымды қызметкер.

8. Досан – Фариданың ауылдағы құрдасы.

Көпшілік сахнасында – салтанатқа арналған костюм, смокинг киген ер адамдар және қымбат әшекейлермен сәнденген, мерекелік үлгіде киінген әйелдер.


Оқиға уақыты – қазіргі уақыт.


Бірінші көрініс


Фариданың түсі:


Асылханның үйі. Диванда Фарида киімшең күйі бүрісіп, ұйықтап жатыр. Ресми салтанатқа баратындай сәнді киінген, сыртқы кейіптері маңғаз, әйел-еркегі аралас адамдар сахнаның әр бұрышынан шығып, диванды қаумалай жақындайды.


Бұлар – Фариданың араласатын адамдары. Ең соңынан Асылхан мен Салиха екі жақтан келіп, әлгі адамдарға қосылады.


Қаумалаған топты жарып, алға шыққан Фариданың жүзінде шарасыздық, әлдекімнен жәрдем күту бар. Ол әлгі адамдардың әрқайсына қол соза ұмтылады. Бірақ ешкім оған қол ұсынбайды.


Салиха шыр-пыры шыға, оның соңынан ілесе жүгіріп жүр.


Ақырында Фарида Асылханға жете бере, кеудесінен біреу итеріп қалғандай кілт тоқтайды.


Әлдекімнен жәрдем күткендей әлденеге көз тіге қадалған Асылхан оған назар аудармастан, басқа бір жаққа қол соза, ұмсынып тұр.


Фарида артына бұрылады. Өзіне қол соза үміттеніп тұрған Салиханы көреді.


Оның ар жағында өзге адамдар жан-жаққа қол соза, қарап тұр. Қолтықтасқан ерлі-зайыптылардың өздері қолдарын екі жаққа қарай созып, екі жаққа қарап қалған.


Ешкім біріне-бірі қол созбастан, мелшиіп қалған.


Олардың әрқайсына үңіле қарап өткен Фарида жандәрмен Асылханға ұмтылады. Жете бере, тағы да қалт тоқтайды. Қайта-қайта ұмтылады. Бәрібір жақындай алмайды.


Бір кезде сахнадағы адамдар абыр-сабыр қозғалысқа көшіп, Асылхан мен Салиханы екі жаққа ығыстыра, біртіндеп Фаридадан алыстата береді.


Ышқына қол созған Фарида орнынан қозғала алмай, шарасыз аласұрады.


Біртіндеп қараңғылық түседі.


Диванда бүрісіп ұйықтап жатқан Фарида шошына оянады. Ештеңе түсінбей, жан-жағына жапақтай қарайды. Басын сығымдай қысып, шайқап-шайқап жібереді.


Фарида.

Күнде осылай бола берсе, жынданатын шығармын, түбі!..


Орнынан тұрып, әрлі-берлі жүреді. Диванға қарайды.


Фарида.

Қисайған жерімде қалыппын ғой... (Өзін-өзі ақтағандай болып) Құрысыншы әрі, қолайсыз жатсаң, қайдағы-жайдағы түске кірмей қалушы ма еді?.. (Есінейді) Асылхан әлі келмеген екен ғой... Сағат неше болды екен? (Қол сағатына қарайды) Ой, әлі алты ма? Ерте екен ғой, екі-үш сағат болса да, дұрыстап ұйықтап алайын.


Кетеді.


Екінші көрініс


Асылханның үйі. Дәулетті.

Шығыс әуені ырғағында Фарида аласұра билеуде. Үстінде – алтын түстес киім. Биінде балыққа тән қимылдардың элементтері бар.


Бидің орта кезінде күтуші қыз Раушан шыға бере, кідіріп қалады. Қолында – фирмалық қорап.


Қызды би аяқталар тұста ғана аңдаған Фарида оған жақындай түседі де, көзге көрінбес қабырғаға соғылғандай қимылдар жасап, солықтай тоқтайды.


Раушан.

Керемет билейді екенсіз, тәте!


Фарида (суық).

“Тәте” деме мені! Ауылда жүрген жоқсың.


Раушан (абдырай).

Кешіріңіз, тәте...


Фарида жақтырмай қарайды. Бірақ Қыздың балалық аңғалдығын байқап, жадырайды.


Фарида.

Жарайды, айтсаң, айта берші. Бірақ жұрттың көзінше “тәтелеп” жүрме. Ұят болады. Аты-жөнімді айт.


Раушан.

Жақсы болды ғой, тәте... Әйтпесе, біртүрлі... Өтірік айтып тұрған сияқты болады екенсің...


Фарида.

Сен не, өтірік айтпаушы ма ең?


Раушан.

Иә, тәте, өтірік айта алмаймын.


Фарида.

Ештеңе етпейді, үйреніп кетесің. Үйретеді өзі...


Раушан.

Кім үйретеді?!


Фарида.

Өмір... Өмірдің өзі үйретеді... Әй, жарайды, екеуімізге философия не керек? (Қыздың қолындағысын меңзеп) Анауың не?


Раушан.

Ой, ұмытып кетіппін ғой!.. Ағай беріп жіберіпті... (Қорапты ұсынады).


Фарида (қорапты алып жатып).

Осы сенің есімің Раушан емес пе еді?


Раушан.

Иә, тәте, Раушан ғой.


Фарида.

“Раушан” болсаң, миыңа жақсылап құйып ал. Бұл үйде ешқандай «ағай-мағай” жоқ. Бұл үйде Асылхан Байгелович қана бар. Ол кісі “ағай-мағайыңды” естіп жүрмесін. Өзіңнің алдыңдағы қыздың соңынан кеткің келмесе, “ағай-мағайды” ұмыт! Жалпы, есіңде болсын, Асылхан Байгелович бар кезде көзге түспей жүргенің жөн. Ұқтың ба?


Раушан.

Ұқтым, тәте. Рахмет.


Фарида (қорапқа қарап).

Ал, мұнда не бар екен?


Фарида қорапты ашып, ішінен кешкі салтанатқа арналған әдемі көйлекті алып, әрлі-берлі өлшеп қарай бастайды.

Раушан қызыға қарап қалған. Бір кезде оған Фариданың көзі түсіп кетеді.


Фарида.

Сен әлі осында ма едің?


Раушан (қызығушылықтан айықпаған күйі).

Иә... Керемет екен, тәте!


Фарида.

Есіңде болсын, бойжеткен: міндетті шаруаңды бітірген соң, өз орныңа баруың керек!


Раушан (сасқалақтап).

Кешіріңіз, тәте!.. Кешіріңіз, байқамай қалдым... Ендігәрі...


Фарида.

Жарайды, бара бер! (Раушан бұрыла бергенде, кілт ойланып) Тоқтай тұр! Бері келші! Жасқанба, кел дейім бері!..


Раушан жақындайды. Фарида көйлекті алдыңғы жағынан иығына іле, қарсы кеп тұрады.

Фарида.

Қалай?! Жараса ма?


Раушан (шын ниетімен).

Керемет!


Фарида (қызық көріп).

Шынымен “керемет” пе?


Раушан.

Иә, тәте, керемет екен!


Фарида.

Бұл кереметті “ағайың” не үшін жіберді екен? (Өзіне өзі) Іскерлік кездесу ме, тағы сондай бірдеңесі бар-ау, сірә?..


Раушан.

Ағай сізді жақсы көреді ғой.


Фарида (кекесінмен).

Қойшы-ей! Оны қайдан біле қойдың, келмей жатып?


Раушан.

Кеше ол кісінің өзі “Алтын балығым” деп еркелеткен жоқ па сізді?


Фарида.

Еркелеткені ме, басқасы ма, кім біліпті? Бірақ, “алтын балығы” екенім рас... Осы тұрғанның өзінде “алтын балық” емеспін бе? “Алтын балық”!.. (Мұңайып қалады).


Раушан.

Киіп көрсеңізші, тәте!..


Фарида.

Киіп көретін несі бар, тұп-тура қона түсері анық. Өйткені (астарлы) Асылхан Байгелович қа-те-лес-пей-ді!


Раушан.

Сонда да киіп көру керек. Апам: “Жаңа киімді өз денеңе бір тигізіп алу қажет. Әйтпесе, шайтан киіп қояды” деп айтатын. Киіп көрсеңізші, тәте!..


Фарида (ренжи).

Сен өзің немене маған!.. (Раушанға көзі түсіп кетіп, оқыс өзгереді) Сіңілім сияқтысың ғой тіпті!.. (Раушанды иығынан құшақтайды).


Раушан.

Шынында сіңіліңмін ғой, тәте.


Фарида.

Солай ма? Жарайды. Бірақ...


Раушан.

Түсіндім, тәте. Жұрт бар кезде... (Ауызын алақанымен жаба қояды).


Фарида.

Өзіңді аңқау ма десем, әжептәуір қулығың бар екен-ау!..


Раушан.

Қыз емеспіз бе, тәте!..


Фарида (күліп).

Рас, рас-ей. (Салмақтанып) Шынымды айтсам, көптен бері дәл осылай рахаттанып сөйлеспеп едім ешкіммен. Сен жақсы болдың ғой. Мені шынымен-ақ тәтеңдей көр, жарай ма?


Раушан.

Жарайды, тәте. (Көйлекті меңзей) Киіп көрсеңізші, тәте! Керемет құлпырар едіңіз!


Фарида.

Мұны кисең, сен де керемет боларсың. Киіп көресің бе? Киіп көрші, қане!


Раушанның қарсылығына қарамай, жаңа көйлекті оның көйлегінің сыртынан кигізіп жібереді. Екеуі біріне бірі қарап, мәз болады.


Фарида.

Ал енді былай-былай (жүріп көрсетеді) жүрші, қане!


Раушан сән үлгісін көрсеткендей болып, әрлі-берлі жүре бастайды. Фарида қол шапалақтап мәз.


Асылхан келеді. Кескін-кейпі де, киім киісі де өзіне кәміл сенімділікті танытады. Екеуіне қарап, сәл тұрады.


Асылхан.

Бұл не “цирк”!?


Раушан сілейіп қалады. Фарида жайбарақат.


Асылхан (Раушанға).

Сіз бері келіңіз! (Раушан жақындайды) Кешелі бергі қызметіңізге рахмет! Қазірден бастап боссыз.


Фарида.

Кешірерсіз, Асылхан Байгелович! Бұл қызды маған қызмет етуге әкелгенсіз. Ол менің тапсырмамды орындады. Қызметі ұнады. Сондықтан менің қызметшіме тиіспеңіз!


Асылхан (Раушанға).

Сіз ас үйге бара тұрыңыз! (Раушан кетіп бара жатады) Көйлекті осында қалдырыңыз! Ондай құрметке жете қойған жоқсыз. Ол сыйлықтың өз иесі бар.


Раушан көйлекті шешіп, бүктей бастайды.


Фарида (Раушанға).

Тастай сал! Өзім реттеймін... Ас үйде күте тұр.


Раушан көйлекті диванға қойып, шығып кетеді.


Бірер сәттік суық пауза.


Асылхан.

Бүгін маңызды кездесу бар, сүйіктім. Малайзиялық қонақтар.



Фарида.

Түсінікті. Дайын боламыз.


Асылхан.

Алғырсың-ау, алтын балығым! Сол үшін сүйем ғой сені!


Фарида.

Білем.


Асылхан құшақтамаққа ұмтылады. Келесі бөлмеден ұялы телефон шырылдайды. Фарида сол жаққа кетеді.


Асылхан (өзіне өзі).

Иә, Асеке!.. Бүгін малайзиялық мырзалармен тіл табыссаң, ертеңгі жағдайың жаман бола қоймас, шүкір Алла!..


Фарида оралады. Көңілсіз.


Асылхан.

Не болды, жаным?


Фарида.

Мамам қатты ауырып қапты!


Асылхан.

Жасы ұлғайған кісіде ондай-ондай бола береді. Бүгінгі шаруаны бітірейік, сосын... таңертең шығарсың.


Фарида.

Асылхан! Менің шешем қан құсып, өлім ауызында жатыр! Түсінесің бе?!


Асылхан.

Айттық қой, жаным, таңертең ерте шығып кетесің. Бүгінгі шаруаны бітірейік, содан кейін... қайда барсаң да, қанша уақытқа барсаң да, мейлің.


Фарида.

Жоқ, Асылхан Байгелович! Мен қазір кетем! Ал қасыңа ертетін әдемі әйелді агенттіктерден іздерсің. Ақысын төлесең, бәрі табылады.


Асылхан.

Не айтып тұрсың?! Өз әйелім бола тұра, өзге біреуді жалдамақпын ба?


Фарида.

Бәрібір емес пе?!.


Асылхан (үзілді-кесілді).

Болды! Жетер! Кездесуге дайындал! Ал содан кейін... қаласаң, ұшақ жалдап әперем!


Фарида (дәрменсіз қыстыға).

Түсіндік!..


Асылхан кетеді.


Фарида.

Кешір, мама!.. (Мұңайып тұрады. Сәлден соң ас үй жаққа дауыстап) Раушан!


Раушан келеді.


Фарида.

Раушан! Мен келісімен, жолға шығамыз. Дайындал. Ал қазір демал.


Раушан.

Жарайды, тәте.


Раушан кетеді. Фарида сәл ойланып, қатулана диванға жақындайды, көйлекті қолына алады.


Үшінші көрініс


Ауыл. Фариданың шешесінің үйі. Жұпыны.


Салиха төсекте жатыр. Жанында – Пернеш.


Салиха.

Пернеш!.. Осындамысың?..


Пернеш.

Иә, апа, осында... қасыңдамын... Бірдеңе керек пе?


Салиха.

Фаридалар кешікті-ау!?.


Пернеш (дегбірі қалмай).

Келеді, апа, келеді. Кеше хабарласқам. «Қазір шығам» деген... Жол алыс қой. Әне-міне кеп қалады... Алаңдай бермеңізші!


Салиха.

Қолыңды соз. Кеудемді тіктеп отырайын.


Пернеш.

Сәл жата тұрсаңыз қайтеді? Тағы қысылып қаларсыз...


Салиха.

Қорықпа. Әзір өлмеймін... Қолыңды әкел.


Пернештің демеуімен Салиха көтеріліп отырады.


Пернеш.

Басыңыз қалай, апа? Солқылдап тұрған жоқ па?!


Салиха.

Уайымдама. Бағана дұрысталған. Содан бері әдейі аңысын байқастап жаттым. Басылған сияқты ғой. Тағы айналып соққанша отыра тұрайын...


Пернеш.

Қатты қорқыттыңыз ғой, апа. Мұрныңыздан бір шелек қан кетті! Зәрем қалмады!..


Салиха.

Жақсылығың құдайдан қайтсын, Пернеш! Басқа не айтайын?.. Менің қолымда “рахметтен” басқа не тұр?..


Үйге жақындаған машина дауысы естіледі.


Пернеш (елең етіп).

Келді! Келді, апа! Фаридалар келді! Мен күтіп алайын.


Пернеш орнынан тұрып, сыртқа беттейді.


Салиха.

Отыр, желпілдемей! Келеді өздері.


Фарида мен Раушан кіреді.


Фарида.

Апа!.. (Шешесін құшақтайды).


Салиха (қызын құшақтай отырып).

Жеттің бе, әйтеуір?!. Тағы да жалғыз жүрсің бе? Күйеубала қайда? (Жауап күтпестен) Жарайды, жарайды, түсінікті... Оның қолы бос емес қой, қашандағыдай...


Фарида.

Шетелден кісілер келіп, Асылхан шыға алмай қалды. Ренжімеңіз, апа!..


Салиха (Раушанды байқап).

Сен неғып секиіп тұрсың? Жақында бері. Мен сияқты шешең бар шығар сенің де. (Раушанның маңдайынан иіскейді).


Фарида.

Апа, бұл – Раушан. Менің сіңілім. (Әзілге бұра) Қаладан тауып алдым.


Салиха (екіұшты үнмен).

Дұрыс бопты...


Пернеш.

Мен самауырды демдеп жіберейін.


Салиха.

Енді неғыл дейсің? Бармайсың ба...


Раушан (Пернешке).

Мен сізге көмектесейін.


Пернеш пен Раушан кетеді.


Салиха.

Келмей қала ма деп алаңдап едім...


Фарида.

О не дегенің, апа?


Салиха.

Қайдан білейін?!. Уақыттарың бола бермейді ғой. (Фарида үндемейді). Қалайсың өзің? Жағдайың дұрыс па?


Фарида.

Әрине, апа, менде бәрі тамаша! Өзің қалайсың? Ауырғаныңды хабарлатпай қоюшы ең... Көп болды ма?


Салиха.

Үйреншікті нәрсе ғой. Тек... осы жолы қаттырақ тиді. Ауылдағы дәрігеріміз келіп, егетінін егіп, дәрілерін жазып берген. Біразы ауылда жоқ екен. Содан әлгі Пернеш ауданнан іздеп кетіп еді. Сол екі арада саған жеткізе қойыпты ғой.


Фарида.

Ой, апа-ай, қызықсыз! Пернешке неге ренжисіз? Хабар тигізгені дұрыс болды.


Салиха.

Несі дұрыс?! Жұрттың бәрін әурелеп!.. Сонау жақтан сен келмесең де, бүгін-ертең өле қоймас едім. Анау-мынау ажалыңа Пернештің өзі-ақ бере қоймас оңайшылықпен!..


Фарида (күліп).

Мұнымен не айтып тұрсың, апа-ау?


Салиха.

Күлетін түк жоқ. (Дауысын бәсеңдете) Бері жақында. Бұл байғұстың мына дүниеде менен басқа жақыны да, жарылқаушысы да жоқ. Мен өлсем, бұл сорлы далада қаңғып қалады.


Фарида.

Қойыңызшы, апа, бір ұлы бар емес пе еді?


Салиха.

Болған. (Фарида таңдана қарайды). Енді өлі-тірісі белгісіз. Пернештің жиған-тергенін түгел құртып, ақыры өзі де құрып тынды.


Фарида (түсінбей).

Құрығаны қалай?!


Салиха.

Осыдан екі жыл бұрын ғайыптан тайып пайда болған әлдебіреулерге ілесіп кеткен. Шылауына оралып, зар қаққан шешесіне де қайырылмады. Кеткелі бері не өзі, не хабар-ошары жоқ. Осыдан кейін “құрыды” демей, не дейін?! Әкесі мен шешесі мойындарына бұршақ салып жүріп, құдайдан сұрап алғандай болып еді... Енді міне, байдан өлідей, баладан тірідей айырылып, байғұс Пернеш қана қалды... Алғашқы бір-екі айда “балам кеп қалар” деп үйіне қонып жүруші еді, үміті үзілген соң, менің қасыма біржола тұрақтады.


Фарида.

Иә-ә... Пернешке обал болған екен...


Салиха.

Қайта, “Байғұстың бағы бары екен” десейші!


Фарида.

Қойыңызшы, апа.


Салиха.

Не қоятыны бар? Ақшасы көп күйеубаласы бар кемпірді бағу әркімнің маңдайына бұйырмайтын қызмет боп тұр ғой қазір. Сен мұның көшеге шыққанда қалай-қалай қойқаңдайтынын көрсең ғой!.. Ауылдың әкімінің өзін зыр қақтырады! Осыдан кейін Пернеш мені ажалға оп-оңай бере қояр деймісің. Жағасына жармасып өлер!


Фарида (қызықтай күліп).

Ой, апа, айтасыз-ау сіз де!


Пернеш кіреді.


Пернеш.

Қызы келіп, апамның шырайы кіріп қалды ғой! Тәуба, тәуба!..


Салиха (зілсіз зекіп).

Неғып еміреніп жүрсің? Құдай біледі, есік сыртынан сөз тыңдап жүрген шығарсың!?


Пернеш.

О, құдауанда! (Фаридаға қарап) Апама өмірі жақпайсың. Мен Фаридаға мына қағаздарды көрсетейін деп кірдім. (Халатының қалтасынан бір жапырақ қағаз алып шығады да, Фаридаға көрсете тұрып) Керек дәрілердің тізімі ғой. Дәрігеріміз жазып берген... Мына біреулерін ауданнан таба алмадым. Әптектегілер: “Шетелдің мұндай қымбат дәрілері бізде болмайды”,- дейді. Тамыр-таныстарың бар шығар, сұрастырып көрсейші.


Фарида.

Қане, маған берші.


Қағазды қарап шығып, ұялы телефонын тере бастаған Фарида сыртқа кетеді.


Пернеш (Салихаға).

Қазанға ет салып қойдым, апа!


Салиха (қасақана тиісе).

Қызылсырап, тісің қышып жүр еді. Жақсы болды-ау саған!


Пернеш (мәу деместен).

Фарида мен Раушан ауылдың тамағын сағынған шығар деп, әдейі асып жатырмын ғой. Бір жағынан өзіңіз де ыстық сорпа ішіп, жақсы боп қаласыз.


Салиха (әдейі қытымырлана).

Қатты-ақ жаның аши қалған шығар маған!.. Сене қойыппын.


Пернеш.

Апа!.. Осындайыңыз қалмайды екен!


Салиха.

Жә, жә! Бар, қазаныңа қара. Фарида келе жатыр, әне.


Пернеш кетеді, іле Фарида шығады. Шешесін құшақтай отырады.


Фарида.

Сағындым, апа!.. Өзіңді, ауылды, бәрін-бәрін сағындым, апа!..


Салиха.

Әрине, сағынасың! Алданыш етер ермегің болмаса, сағынбай қайтпексің?!


Фарида (жақтырмай).

Апа...


Салиха.

Шошиып өзің ғана келесің. Тым болмаса, қасыңда томпаңдап жүрген жиенім болса, маңдайынан иіскеп мауық басар едім. Ондай да жоқ... Ана жылы бір келіп, мына Пернешті малайлыққа жалдап кеткелі, күйеубаланың түрін де көрген емеспіз...


Фарида.

Апа, не айтып тұрсыз? Пернеш естіп қалса, ұят болар!..


Салиха.

Оның несі ұят? Малай болса да, талайдан артық. Тамағын адал жеп жүр ғой, әйтеуір... Ал, баланың жөні бір басқа...


Фарида.

Ой, апа, қайда асығасыз? Уақыт бар ғой әлі.


Салиха (ренжіп).

«Уақыт» дейді ғой... Уақыт сенің құлың ба еді, қас-қабағыңды бағып отыратын?..


Сырттан масаңдау адамның ән салған дауысы шығады. Бұл – Досан.


Фарида елең ете қалады. Салиха мұны байқамағансиды. Бірақ бұдан кейінгі сәттің бәрінде қызының әр қимылын кірпік астымен бағумен болады.


Досанның дауысы.

Ақ қайыңдар төгіліп нұр шашады,

Алаңқайды хош иіс гүл басады.

Алақанға қондырып ақ сәулесін

Жас жұбайлар жарасып, сырласады. (ән сөзінің арасында) Атаңның басы «жарасасың»!.. (Әнін әрі қарай жалғастырып кетеді)

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар!.. Атаңның басы «Орын бар»!..

Ақ тілек – батамыз мінекей,

Бақытты болыңдар, болыңдар!.. Атаңның басы «Бақытты боласың»!.. Атаңның басы!.. Уә, Пернеш тәте!.. Халыңыз жақсы ма? Пәлі, ет асып жатырсыз ғой... Қонақ келген бе?.. Сәлем берейік қазір...


Пернештің дауысы.


Әй, жүгірмек, қайда бара жатырсың? Кет былай! Сені біреу күтіп отыр деп ең онда? Өз жөніңмен тарта бер, әйда!.. Әй, әй, қайда барасың? Сенің үйің мына жақта. О жақта нең бар?


Досанның дауысы.


Бұл жақта менің өмірім бар. Өмірім!.. Қисайып қалған тағдырым бар. Тағдырым!.. Түсінесіз бе, Пернеш тәте? Тағдырым!..


Пернештің дауысы.


Сандалма беталды! Сенің тағдырың – анау үйіңде алаңдап отырған шиеттей төрт балаң мен әйелің! Қиқалақтамай, үйіңе бар!.. Аузыңа бірдеңе тисе болды, осы жерден табыла кетеді екенсің!


Досанның дауысы.


Қазір... қазір... Пернеш тәте!.. Мен қазір... мына екеуін жақсылап бір сипап өтейін. Сосын кетем... Кетем!.. (Әнін қайтадан басынан бастап, ұзай береді).


Пернештің дауысы.


О құдауанда, жынды ма, пері ме?.. Өзімен-өзі өсіп тұрған ағашта несі бар-ей?!.


Раушанның дауысы.


Тәте, бұл кісі кім?


Пернештің дауысы.


Жаңағы ма? Анда-санда ішіп қоятыны болмаса, ел қатарлы тірлігі бар, жөні түзу адам ол.


Раушанның дауысы.


Қызық адам екен өзі?.. Аққайыңдарды құшақтағаны несі?


Пернештің дауысы.


Онысын ит біліп пе? Әйтеуір, ауызына арақ тисе, ойына аққайың түсетін әдеті бар. Бүкіл ауыл біледі... Жарайды, шаруамызды істейік...


Сырттағы дауыстар басылады.


Сахнада – Фарида мен Салиха. Екеуі де үнсіз.


Салиха.

Әлгі Досанның төрт баласы бар...


Фарида (ойымен алыса).

Солай деңіз...


Салиха қайтадан үнсіз қалады. Сәлден соң Пернеш кіреді.


Пернеш.

Құдай-ау, қу жүгірмектен әзер құтылдым ғой!.. Есікке қарай ентелейді қайта-қайта. Үйге кіріп кетсе, зықымызды шығаратын еді!.. Жаңағы Досанды айтам...


Фарида.

Солай де...


Пернеш.

Фарида-ау, қыстыгүні қызық болған. Жатарда шайды көп ішіп қойдым ба, әйтеуір, түн ішінде дәрет қысып, сыртқа шықпаймын ба... Шықсам, біздің екі қайыңның түбінде шоқиып біреу отыр. Зәрем ұшып кетті. Қараңғыға көзімді үйретіп, жақындап қарасам, жаңағы байғұс!.. Қайыңға басын сүйеп алған!.. Күбір-күбір етеді... «Жапырақ» дей ме? «Жас жүрек» дей ме? «Екеуіміз жанымызды айырбастайық» дей ме?.. Сондай бірдеңелерді айтып сандырақтайды. Не үйіне кетпейді. Сүйресем, күшім жетпейді. Содан... апам екеуіміз жалынып-жалбарынып жүріп, үйге кіргізіп жатқыздық. Әйтпегенде, үсіп өлетін еді... Бейшара түнімен жылап шықты бірақ...


Фарида.

Солай де...


Пернеш.

Обалы нешік, байғұстың әйелі жақсы кезіккен. Қайдан естігенін қайдам, таң атпай алып кетті әлгіні...


Фарида.

Әйелі деймісің?!.


Пернеш.

Иә, ана... Халимаш сорлыны айтам... Осының соңынан дедектеп жүргені. Бұл ішкен күні ол байғұста маза жоқ.


Салиха.

Өздеріңмен бірге оқыған Халимаш қой.


Фарида.

Солай деңіз...


Салиха.

Солай...


Екеуі де үнсіз қалады. Пернеш қарадай ыңғайсыздана бастайды.


Пернеш (Фаридаға).


Қалай, табылатын болды ма?


Фарида.

Ә-ә?.. О не?..


Пернеш.

Жаңағы... дәрілерді айтам.


Фарида.

Ә, дәрі ме?.. Иә, табылады. Өз дәрігеріммен хабарластым. Бәрін тауып қоятын болды. Көп кідірмей, жүруіміз керек.


Салиха.

Тым болмаса, бір қонып кетпедің бе, қызым?!


Фарида.

Апа, мен дәрілерді алған соң, қайтып келем. Сосын қасыңызда бес-алты күн боламын. Жалығасыз әлі.


Салиха Фариданы өзіне шақырып, кеудесіне қысады.


Салиха.

Айналайын!.. Аман жүрші, әйтеуір!..


Төртінші көрініс


Асылханның үйі. Ортада стол. Стол үстінде – ашылған шампан, жартылай ішілген екі рюмка, жеміс-жидектер.


Диванда Индира Асылханның иығына басын сүйеп отыр. Екеуі де жеңіл желең жамылған. Көңілдеріне жақпайтын әлдебір әңгімеден кейін екеуі де үнсіз ойланып қалғанға ұқсайды.


Индира (өзіне-өзі сөйлегендей).

Таңғалам!.. “Адам баласы бір кездегі өзіне мүлде ұқсамай, өзгеріп кетеді” деп ойламаппын. Таңғалам!..


Асылхан.

Бірдеңе дедің бе?


Индира.

Таңғалам!..


Асылхан (немқұрайды).

А-а... (Сәлден кейін, оқыс) О не нәрсе?


Индира.

Нәрсе емес, адам.


Асылхан.

О не қылған адам?


Индира (ренжи).

Асылхан!.. Мені тыңдағың келмесе, маған шындықты айтқың келмесе, онда... қазірден бастап байланысымызды үзейік. Бәлкім, сонда екеуімізге де дұрыс болар?..


Асылхан.

Олай ете алмаймын, Индира. Мен үшін сенің орның бөлек қой... Осыны түсін де, басқа ештеңе сұрамашы менен!..


Индира.

Ылғи осылай. Шындықты айтқың келмейді...


Асылхан.

Қайтесің соны...


Индира.

“Үйленеміз, мәңгі бірге боламыз” деп жүргенде, кенеттен ештеңе айтпастан, ұшты-күйлі жоқ боп кеттің. Арада он жыл өткен кезде, “Бәрі бітті, бәрі ұмытылды” деп жүргенде, кенеттен пайда болдың. Жалғызбасты тірлікке етім үйреніп кеткен еді. Сезім сөнгендей, махаббат өлгендей сезінуші едім... Соның бәрін қайтадан бекерге шығардың. Жап-жас әйелің барын біле тұра, бұрынғының бәрі қайта оралмасын біле тұра, он жыл бойы жанымды жеген қайғы-мұң, ашу-ызаның бәрін ұмытып, қалаған кезіңде жаныңнан табылатын болдым. Тіпті... кез келген уақытта мені қайтадан ұмыта салатыныңды да білем...


Асылхан (нық сеніммен).

Жоқ, Индира! Енді олай болмайды! Мен ондайға жол бермеймін!


Индира.

Қайдам?!.


Асылхан.

Индира, құдай үшін, осы әңгімені қозғамашы! Енді ештеңені өзгерте алмайтынымыз анық. Бірақ... мына тірлікте мен үшін сенің орның бөлек. Мен сенің қасыңда ғана өзімді адам сияқты сезіне аламын. Өзімнің біреуге шынымен керек екенімді түсінемін. Сенің мені шын ниетіңмен, таза жүрегіңмен сүйетініңді сезінудің өзі маған қаншалықты қымбат екенін білсең ғой, Индира!..


Индира үндемейді. Асылхан оны кеудесіне тарта құшақтайды. Екеуі де үнсіз ойланып қалады.


Бір кезде жасаулы столға Асылханның көзі түсіп кетеді де, жаңа көргендей таңырқап, қадала қарайды.


Асылхан (өзіне-өзі).

О, ғажап-ай! Тура сол күнгідей!..


Индира.

Бірдеңе дедің бе?


Асылхан.

Жо-жоқ. Жай, әшейін... (Столдан көз алмай қарап қалады).

Біртіндеп жарық өшеді.


Асылханның көз алдындағы елес – көрініс:


Тоқсаныншы жылдар шамасы. Индираның үйі. Стол үсті – 3-көріністегі столға өте ұқсас. Орындықта – Есболат, Индира, Асылхан. Үнсіздік. Индира мен Асылхан: «Енді не айтар екен?» дегендей, Есболатты бағып отыр.


Есболат (Индираға).

Қызым! Бізге кофе дайындап әкелші!


Индира.

Жарайды, пап! (Кетеді).


Есболат (Асылханға).

Иә, жігітім, мән-жай түсінікті болды... Сонда сен зоотехниктің дипломымен қалада не бітіре қоймақсың? Әлде... Индира ауылға барады деп ойлайсың ба? Олай болмайды бірақ! Менің қызымның жолы басқа! (Асылханға қадала қарайды) Жә, әңгіме осы жерде қалсын. Өз жолыңды тап, Индираны мазалама ендігәрі!


Асылхан (ышқына).

Есболат Манапович!..


Есболат.

Сөз бітті, балақай! (Орнынан тұрады. Кетіп бара жатып, бұрыла қарап) Қаласаң, аулыңа қызметке тұрғызайын!


Асылхан.

Рахмет! Жол табармын!.. (Шығып кетеді).


Төртінші көріністің жалғасы

Асылхан диваннан көтеріліп, столға жақындайды. Рюмкалардың бірін қолына алады.


Асылхан.

Ғажап!.. Тіпті рюмкаға дейін айнымайды!..


Индира.

Не болды, Асылхан? Түрің біртүрлі боп кетіпті ғой!..


Асылхан ештеңе естімегендей, аз-кем тұрып қалады.


Асылхан (оқыс өзгере).

Индира! Егер мен баяғыда өз аулыма зоотехник боп кетсем, маған еріп барар ма едің? Тек шыныңды айтшы, енді одан келер-кетер ештеңе жоқ қой.


Индира.

Мен бәріне даяр едім. Сенің мамандығыңның қалаға қажетсіздігін, сенің ауылға кетуің мүмкін екенін мен сол кезде білмеді деп пе едің? Білгем. Білгендіктен, бәріне даяр болғам. Бірақ сенің өзің жоғалып кеттің ғой...


Асылхан.

Иә-ә... Тағдыр-шіркін қалай-қалай ойнайды десеңші?!.


Индира.

Тағдыр деймісің?.. (Орнынан тұрады) Мүмкін, тағдырдың қуыршағына айналып кеткен біздің өзіміз шығармыз...


Асылхан.

Мүмкін...


Екеуі де ойланып қалады.


Индира.

Кеше зиратқа бардым... Әкемнің бейітін шөп басып кетіпті. Соған қарап тұрып, мен өзімнің түкке тұрғысыз жан екенімді анық түсіндім. Әкемді жерлеуге арналған митинг еріксіз ойыма оралды. Қаншама адам келіп еді!?. Адамның көптігі сонша, аулаға сыймай, екі көшенің ортасындағы жолды жауып кетіп, машиналар арғы көшені айналып өтуге мәжбүр болған еді. “Жарқын бейнеңді мәңгі есте сақтаймыз!” деген сөздер қаншама рет қайталанып еді. Соның бірде-бірі болмаған сияқты... Тіпті... мына өмірде әкемнің болғанына, қаншама жыл елге қызмет етіп, құрметке бөленгеніне сене алмай қалдым. Өйткені... өйткені... бейіттің үсті арамшөптен көрінбей жатыр еді. Тірлігінде жұрттың ауызынан түспеген әкемнің ешкімге керек еместігін түсіндім. Ол кісі солай болғанда, мен кімге керекпін?..


Асылхан.

Маған, маған керексің, жаным! Маған керексің!


Асылхан Индираны құшағына ала, үйіріп әкетеді. Бір сәтте жас кездеріндегі сезім әлеміне қайта оралғандай болған екеуі баяу билей бастайды. Бір кезде Асылхан Индираны сүйіп, аймалай бастайды.


Индира (наздана).

Бала боп кеттің бе? Қой дейім, Асылхан. Қой дейім...


Асылхан.

«Бала» деймісің? Иә, мен баламын. Бала болам. Бала болғым келеді...


Асылхан Индираны құшағына ала, диванға отырады. Аймалай бастайды.


Фарида кіреді. Үстінде – жолға арналған киім. Біраз қарап тұрады.


Фарида.

Асылхан!..


Асылхан.

Ф-фарида!..


Фарида Индираны барлай қарап өтеді.


Асылхан.

Ф-фарида...


Фарида.

Алаңдама, мен қазір қайтадан кетем. Шешеме қажетті дәрілерді алып қайтуға ғана келгем.


Асылхан.

Ф-фарида...

Раушан шығады. Таңырқай тұрып қалады.


Раушан.

Т-тәте!.. Мен... д-дәрілерді алып келдім...


Фарида.

Онда дұрыс болған екен. Қазір жүреміз. Сен шыға бер.


Раушан кетеді.


Фарида (Асылханға).

Тым болмаса, менен жастау, менен әдемілеу әйел таппадың ба?!.


Бұрылып, шығып кетеді. Асылхан мен Индира бір-біріне қарайды. Индира ыңғайсызданып қалған. Асылхан қайтадан өзіне сенімді күйде.


Бесінші көрініс


Екінші көріністегі сахна.


Фарида аласұра билеуде. Үстінде – сол киім.

Раушан шыға бере, кідіреді. Қолында – су жаңа фирмалық қорап.

Қызды аңдаған Фарида оған жақындай тоқтайды.


Фарида.

Жайшылық па?


Раушан (қорапты меңзеп).

Асылхан Байгелович беріп жіберіпті...


Фарида (диванды нұсқай).

Анда қоя сал.


Раушан қорапты қойып, сыртқа беттейді.


Фарида.

Тоқтай тұр! (Раушан тоқтайды) Есіңде болсын, Раушан! Сен ештеңе көрген жоқсың, ештеңе естіген жоқсың! Бұдан кейін де солай. Ұқтың ба?

Раушан.

Иә, Фарида Саттаровна... Кете берейін бе?


Фарида.

Бара бер.


Раушан кетеді. Фарида оның соңынан ойлана қарап тұрады да, кенет селт етіп, аласұра билеп кетеді. Сәлден соң Раушан қайта оралады. Фаридаға қарап тұрады.

Раушан.

Тәте!.. Бұлай... бұлай болмайды ғой, тәте-ау!


Фарида Раушанға қарап қалады да, күледі. Күлкісі ыза, өкініш, дәрменсіздікке толы.


Фарида (ызалы кекесінмен).

«Болмайды бұлай»! Айтуға оңай бәрі! Оңай!.. Бірақ... Әй, құрысыншы бәрі! Құрып кетсін!..

Қайтадан аласұра билеп кетеді. Раушан оған ойлана қарап қалған.

Біртіндеп бірінші көріністегі адамдар сахнаға шыға бастайды. Бәрі Фаридаға ілесе билеуге кіріседі.

Раушан ғана бір бұрышта оларға ойлана қарап тұр.



С о ң ы



2011 жылғы желтоқсан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар