Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Шуберт неге «Аяқталмаған» симфониясын аяқтамай кет...

26.03.2022 3339

Шуберт неге «Аяқталмаған» симфониясын аяқтамай кетті? 14+

Шуберт неге «Аяқталмаған» симфониясын аяқтамай кетті? - adebiportal.kz

1828 жылы 26 наурызда Франц Шуберт концерт береді. Әлемдік деңгейде өнер жасаған алапат тұлғаның қысқа ғұмырындағы жалғыз концерт.

Франц Петер Шуберт – австриялық композитор, музыкадағы романтизмнің негізін қалаған алыптардың бірі. Оның музыкалық қабілеті ерте оянған. Алғашқы ұстаздары: әкесі скрипка ойнауға, ағасы Игнац – фортепиано тартып үйретеді. Ал жеті жасында Лихтенталь шіркеуінің капельмейстерінен орган аспабын меңгеріп, М. Хольцердің приход шіркеуінде ән сабағына барады. Бала шәкірт, сондай-ақ, Йозеф Гайдн мен Вольфганг Амадей Моцарттың инструментальды шығармаларымен шығармаларымен де танысады. Ол кезде Конвикт оркестріндегі екінші скрипкашы болатын.

Алғашқы шығармасы – «Сайтанның сауық сарайы» операсын Шуберт 1814 жылы жазады. Бірақ кәсіби композитор ретінде әлі ешкім мойындай қоймаған. Есесіне әндері атақты баритон Фогальдың орындауында Венадағы түрлі салондарда шырқалып жататын. Сөйтіп жүргенде 1816 жылы Гетенің «Орман патшасы» балладасына жазған музыкасы оны алғашқы атаққа жеткізеді. 1818 жылы Шуберттің алғашқы композициясы антологияға кіріп, баспадан жарық көреді.

Талант та адам. Ол да тамақ жейді. Ел қатарлы жүріп-тұрғысы, көңіл көтергісі келеді дегендей... Бұл орайда Шуберттің достары – шенеунік Йозеф фон Шпаун, әуесқой музыкант Антон Хольцапфель, әуесқой ақын Ф. Шобер, ақын И. Майрхофер, ақын әрі комедиограф Э. Бауэрнфельд, суретшілер М. Швинд пен Л. Купельвизер, композиторлар А. Хюттенбреннер пен Й. Шуберт, әнші А. Мильдер-Гауптмандар қаржылай көмектесіп тұратын.

1823 жылы Шуберт Штирии және Линцск музыка одағына мүшелікке қабылданады. 1828 жылы 26 наурызда шығармашылық ғұмырындағы жалғыз концертті беріп, 800 гульден пайда табады. Ал сол жылдың 19 қарашасында, небары 32 жасында екі апта төсек тартып жатып, ХІХ ғасырдың ұлы композиторы бұл дүниеден көшіп жүре береді. Өзінің соңғы өтініші бойынша Шубертті осыдан бір жыл бұрын ғана Бетховен жерленген Веринг қабіріне қояды. Құлпытасына былай деп жазады: «Музыка бұл жерге ғажайып қазынасын, қазынадан да қымбат үмітін жерледі. Мұнда Франц Шуберт жатыр». 1888 жылы 22 қыркүйекте Шуберт пен Бетховенның сүйегінің күлін Венаның орталық зиратына апарып қайта жерлейді. Кейін бұл маң композиторлар мен музыканттар қойылатын алаңға айналған.

Шуберттің шығармашылық мұрасы сан салады. Ол жазбаған жанр жоқ деуге де болады. Әйгілі композитордың артында 9 симфония (сегізіншісі аяқталмаған), 25-тен аса камералық-иструменталдық туынды, фортепианоға арнап жазылған 23 соната, 10 опер, 6 месс, 602 ән және хор мен вокалды ансамбльге арналған көптеген шығарма қалған. Көзі тірісінде, тіпті дүниеден өткен соң да біразға дейін оны ән шығарушы автор ретінде ғана бағалап келген. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана оның басқа бақыттағы жетістіктері зерттеушілер назарына іліне бастаған. Шуберттің арқасында ән басқа жанрлармен иық тіресе алды.

Шуберт симфонияларының ноталық қолжазбалары 40 жыл бойы досы Ансельм Хюттенбреннің қолында сақталған екен. Сөйтіп тек веналық диррижер Иоганн Хербектің көзіне түскен соң ғана, 1865 жылы алғаш рет концертте тыңдаушы жүрегіне жол тартады. Ал Шуберт неге «Аяқталмаған» симфониясын аяқтамай кеткені әлі күнге жұмбақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар