Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шүкірлік пен күпірлікті кемел түсінген...

13.09.2017 1017

Шүкірлік пен күпірлікті кемел түсінген...

«Сәбит ақынның өлеңдері өзге жұртқа ұқсамайды. Ол ұйқас қуалап, әр жолын шыңыраудай шегендемейді. Сәбит өлеңді ойға құрады. Ойсыз өлең құмнан илеген шымдай опырылғыш».

Бұл – қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың «Өжет ойлы ақын» атты мақаласында қалдырған пікірі, Сәбит Баймолдин туралы пікір.

Көрнекті ақын Сәбит Баймолдиннің туғанына 75 жыл толуына орай Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында ұйымдастырылған жыр кеші де «Өжет ойлы ақын» аталыпты. Шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, ардагер ұстаз Серікбай Қайдасов, Сәбит Баймолдиннің перзенті – Ләззат Сәбитқызы шақырылған. Жыр кешіне кітапхананың «Желкен» әдеби клубының мүшелері, Ақтөбе қаласы мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, № 6, 55, 8, 22 мектептердің оқушылары қатысты.

«Анасын ерекше құрметтеді»

Ақын туралы әңгімені Жақсылық Айжанов бастады:

«Қазақ елінде өз топырағынан шыққан қаламгер перзенттерінің көптігімен даңқты екі өңір бар екен – Байғанин ауданы мен Павлодардың Баянауыл ауданы. Сәбит Баймолдин – Байғанин топырағының перзенті. Көп жылдар бойы Ақтөбе қаласында тұрды. «Қазақстан мұғалімі» журналының батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі болды, Әлия Молдағұлова атындағы музейде істеді, кейін «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке орналасып, Алматыға көшті.

Ол жас ұрпаққа өнеге ғып айтуға лайық ғұмыр кешті. Әсіресе, өз басым Сәбит ақынның төрт қасиетін айрықша қадір тұттым. Біріншіден, ол анасын керемет құрметтеуші еді. Алыстан келе ме немесе күнделікті жұмыстан келе ме, үйге келгенде ол алдымен анасына барып, соның хал-жағдайын сұрап-білетін. Бұл – айнымас әдеті еді. Анасының қас-қабағына қарап өмір сүрді. Менің де қазір 102 жасқа келген анам бар. Анама сол Сәбит ағамыздың өз анасына деген сый-құрметін көрсетсем деумен келемін. Екінші ерекше қасиеті – шыншылдығы еді. Әр уақытта шындық жағында болуға тырысты. Күні үшін күштіге жағынамын деп, мәймөңкелеуді білмейтін. Тіке айтып, шындықты жақтайтын мінезінен жапа шеккен кездері де болды. Бір шамалы уақыт жұмыссыз да қалды. Бірақ ол кісі алған бетінен қайтпады, мойыған жоқ. Өлеңін жазып, кітаптарын шығарып, бала-шағасын қаламақымен бақты. Үшіншіден, алдыңғы буынға деген сыйластығы да айрықша еді. Әсіресе, Тобық Жармағамбетовті қатты құрметтейтін. «Тобық аға – Байғанин әдебиетінің абызы» – деп отыратын. Төртіншіден, көп оқитын. Іздеген кітабын дүкендерден таппаса, пошта арқылы үлкен қалалардан жаздырып алдыратын. Сәбит Баймолдиннің жеке кітапханасында 3 мыңнан астам кітап бар екен. Біз оның отбасына осы кітаптарды Ақтөбедегі Сақтаған Бәйішев, Сағи Жиенбаев атындағы кітапханалар мен Байғанин аудандық орталық кітапханасына бөліп тапсыру жөнінде ұсыныс айттық. Арнайы орында, бөлек сөрелерге жиналып, «Сәбит Баймолдин кітапханасы» деген атпен тұрса, бұл – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мұра, ақыннан қалған құнды жәдігер болар еді».

Сәбит ақынның студенттік шағы

Келесі естелікті ақынның жерлесі, бір ұжымда істеген әріптес інісі, білім беру саласының ардагері Серікбай Қайдасов айтты:

«1960 жылдың жазы еді. 4-класқа көшкен кезім. Асық ойнап жүргенімізде, бір бала жүгіріп келіп: «Сені кеңсеге шақырып жатыр» – деді. Киіз үйде өскен біз үшін ауыл кеңсесі хан сарайынан кем болмайтын. «Кім шақырып жатыр?» – дедім. «Бір ағай». Барсам, Сәбит ағамыз екен. Алматыдағы оқуынан каникулға келген кезі. Менен: «Сен суретті жақсы салады дейді ғой, рас па?» – деп сұрады. Содан соң: «Көрдің бе, колхозшылардың бәрі қазір жұмыста жүр. Бірі мал бағып, бірі шөп шауып, біздің қамымызды жасап жатыр. Біз де оларға пайдамызды тигізуге тиіспіз. Қандай пайда тигізсек екен? Мүмкін, қабырға газетін шығарармыз?» – деді. Мен бас изеп қоямын. «Онда бояу қарындаштарыңды алып, ертең осында кел» – деді. Ертесіне екеуміз қабырға газетіне кірістік. Сәкең еңбек озаттарын мақтап, керісінше, жоспарын орындамағандарды сынап, өлең жазды. Оларды маған оқып та беріп жүр. Озат жылқышы Қойлыбай ағамыз туралы:

«Еңбек Ері Қойлыбай,

Көздіқара – жайлауың.

Сәйгүлікке толтырған

Көздіқара қойнауын», – деп жазғаны есімде. Міне, осындай шумақтар... Ал мен оның нұсқауы бойынша суреттер салдым. Сөйтіп, екеулеп қабырға газетін шығардық. Қазір ойлап қарасам, сол кезде ол 19 жас шамасындағы ғана адам екен. Ауылға жазғы каникулға келген студент. Ешкім айтпай, тапсырма бермей-ақ, өз бетімен қолынан келетін шаруаға кірісіп кеткен. Сондағы ниеті – өзі айтқандай, қоғамға пайда келтіру. Қоғамға деген жанашырлық – оның қанына біткен қасиет еді. Әрдайым шындықты жақтауға, әділдікке ұмтылатыны да содан. Кейін екеуміз бір мектепте мұғалім болып істедік. Сол кезде маған әрдайым: «Қандай жағдайда да әділдік жағында бол» – деп отыратын. Маған анасының портретін салдырып еді. Одан соң журналистік қызметке ауысты. «Шындықты, тек қана шындықты жазамын» – деп жүріп, жоғарыдағыларға жақпай, жұмыссыз қалған кездері де болды. Жоғары жақ оған лайықты қызмет бермеуге тырысты. Бірақ «Аққа Құдай жақ» емес пе? Мән-жайды естіген Әбіш Кекілбаев Сәкеңді Алматыға шақыртты. Сол жақта «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке тұрды.

«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым?» – деп Төлеген Айбергенов бекер айтпаған. Қашанда шындық пен әділдік үшін шырылдап жүру – ақынның басты парызы. Сәбит ақынның бар ғұмыры сол жолда өтті. Ол жолдан таюды Өлеңге сатқындық санады. Сәбит ақын бізге артында қалған шығармашылық мұрасымен ғана емес, адамгершілік, әділдік жолындағы күрескерлік тұлғасымен де қымбат. Ұрпақтар осыны ұмытпаса деймін».

«Әрқайсысымызды жалғызындай еркелетті»

Кеште ақынның қызы Ләззат та тебірене естелік айтты:

«Отбасында жеті бала болдық. Әкеміз әрқайсысымызды жалғызындай еркелетіп, әлпештеп өсірді. Әрине, қажет жерінде қаталдық та таныта білді. Жас кезінде адам жақсы-жаманды айыра бермейді, әйтеуір қызыққа, думанға құмар келеді ғой. Кештерге, құрбыларымызбен бірге қыдыруға сұрансақ, әкем: «Сағат жетіде барыңдар да, сегізде қайтып келіңдер!» – дейтін. «Бұдан жіберген бола ма?» – деп бұртаңдаймыз. Бірақ әкем айтқанынан танбайтын. Әкемнің біздің тәрбиемізге осындай табандылықпен қарағанына қазір риза боламын.

Әкемнің тек шындықты ғана жақтайтын мінезінен кейбіреулер қатты ығысушы еді. Әсіресе, ол жоғары жақтың кемшіліктерін қорықпай айтатын. Керісінше, көп адам одан қорқатын. Соны естігенде мен: «Неге қорқады? Ол өте мейірімді адам ғой?» – деп таңғалып жүретінмін. Көп жайтты кейін ұқтым. Әкем бізді де: «Әділ, адал бол. Өзіңнен төменге түксиіп, жоғарыдағыларға «жалтырап», жағынып жүруші болма. Бұл – арсыздық!» – деп тәрбиеледі. Қарап отырсам, әкем бар болғаны 58 жыл ғұмыр кешіпті. Оның өмірден ерте кеткені жайлы қазір жиі ойлайтын болдым...

Әкем арақ ішпейтін, темекі де тартпайтын. Бізді де: «Қолдарыңа арақ ұстаушы болмаңдар!» – деп тәрбиеледі. Өзі арақ ішпек түгіл, дастарқанға арақ қойғызбайтын. Ал оның заманы – арақсыз отырыстар өтпеген заман ғой. Әкемнің дастарқанға арақ әкелмейтін әдетін басқалар түсінбейтін, тіпті ондайды қабылдай алмайтын. Үйге келген қонақтың кәдімгідей ренжіп кететін кездері де болушы еді.

5 класта жүргенімде, әкем маған «Абай жолын» оқуды тапсырды. «Абай жолын» оқу 5 кластың оқушысы түгіл, ересек адамға да оңай емес. Бастапқыда мен кітапты ашып, парақтап-парақтап отырып, жастығымның астына тастай салатынмын. Бірақ бірте-бірте кейбір тұстары ұнап, кейде шұқшия қалатын болдым, сөйтіп, кітап қызығына қалай түсіп кеткенімді білмей қаппын... Осылайша кішкентайымнан әдебиетке жақын өскендігімнің арқасында, қазақ тілін жақсы меңгердім. 30 жылдан астам уақыт медицина саласында қызмет етіп келемін. Біздің кезімізде, мейлі мектепті қазақша бітірсін, мейлі ауылда туып-өссін, медициналық жоғары оқу орнынан шыққан маман қазақ тілінде сөйлеуге шорқақ болып, орысшаға бейім тұрады. Мен ондай болмадым. Бұл да әкемнің шапағаты екенін мақтанышпен айтамын».

Ойлы жырлар

Шуаққа, сағынышқа толы естеліктермен қатар, кеште ақынның көптеген жырлары оқылды. «Желкен» әдеби клубының мүшелері Сәбит Баймолдин өлеңдерін жатқа оқыды. Ал қалалық балалар шығармашылығы орталығының өнерлі өрендері халық әндерін орындады. Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Сұлушаш Хакимова, №6 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дина Мұхамедиярова, білім беру саласының ардагері Нұрымжан Алдабергеновтер Сәбит ақынның шығармашылығы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар ақын жырларының оқырманды ойлылығымен, шынайылығымен баурайтынын атап өтті. Осы орайда, Әбіш Кекілбаевтың Сәбит ақын туралы: «Арманның ең үлкені – бай болу да, батыр болу да, көсем болу да емес. Болғандардың болып тапқан опалары қайсы? Арманның ең үлкені мына аума-төкпе дүниеде адам болып қала алу. Сәбит Баймолдиннің... бітірген ең үлкен шаруасы – өлең мен өмірдің адамға адам болып қала алу үшін керек екендігін, тек сол ғана нағыз шүкірлік, қалғанының бәрі күпірлік екенін өзі де кемел түсініп, өзгелерге де мейілінше ұғындыра аларлықтай суреткерлік салиқалылыққа жете алыпты», – деген пікірі ойға оралды.

Шараға орай, ақын шығармашылығы бойынша көрме де ұйымдастырылған. Мұнда оның әр жылдары жарық көрген «Тал кеме», «Армия семьясы», «Қызыл іңір», «Монолог», «Қырда туған», «Іңкәр күндер» кітаптары, т.б. қойылған.

Сондай-ақ, жиналғандар ақын Жақсылық Айжановтың бастамасымен, Ақтөбе қаласы әкімдігі мен қалалық ономастикалық комиссияға Сәбит Баймолдин атына көше беру жөнінде өтініш-хат жазды. Біз бұл бастама нәтижесіз қалмайды деп үміттенеміз.

Индира ӨТЕМІС,

«Ақтөбе» газеті, 02.03.2017.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар