Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
«Сиқырлы музыка» сыры...

22.06.2018 26350

«Сиқырлы музыка» сыры

«Сиқырлы музыка» сыры - adebiportal.kz

немесе

ақын Тілеуғазы Бейсембектің бүлдіршіндерге тартуы

Рецензия

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі балалар жазушысы, ақын, композитор Тілеуғазы Бейсембектің «Сиқырлы музыка» (Астана, «Фолиант» баспасы, 2016 жыл, 208 бет) жинағында ән, күй, би өнері туралы балаларға арналған өлеңдері ұсынылған. Аталған жинақ қазақ әдебиетіндегі музыка туралы балаларға арнап көркем де айшықты жыр тілімен жазылған тұңғыш туынды. Автор ән-күй сауатын жыр жолдарымен жас оқырмандарға ұғынықты етіп жеткізеді. Сонымен қатар, жинақта танымал өнер қайраткерлері мен олардың шығармашылығы туралы шағын мәліметтер бар. Кітап тілінің көркемдігімен және танымдық сипатымен құнды.

Бұл балаларға арналған жинақ жас оқырмандардың ойлау жүйесіне лайықты етіп жазылған. Тілі жатық, қызықты өлеңдер мектепке дейінгі және бастауыш сыныпта оқитын балалардың сөйлеу дағдысын дамытуға, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды жылдам тануға мүмкіндік береді. Автор өлең мәтіндерінде мәдени құндылықтарымызды ұлықтауға көңіл аударған. Осы ерекшелік арқылы бала санасына сапалы әрі мәнді дүниелерді сіңіруді көздеген.

Оқуға жеңіл, мазмұны тартымды өлең жолдары балалардың білім деңгейін арттыруға жәрдемдеседі. Сөз құдіретімен қатар, музыканың сырын танып білуге арналған жинақ қазақ балалар әдебиеті үшін үлкен жетістік. Бала тәрбиелеуде ата-аналар мен ұстаздарға көмекші бола алатын тағылымды құрал. Бүлдіршіндер автор ұсынған өнегелі өлеңдерді оқып өнер жолына бет бұратындары күмәнсіз.

«Сиқырлы музыка» жинағында баланың ой-өрісін дамытуға, санасын өсіруге, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал ететін өлеңдер топтастырылған. Кітаптағы мәтіндер тақырып бойынша жүйеленіп, Дыбыстар сыры ( «Іңгә, іңгә», «Әлди, әлди», «Бесік жыры», «Жеті нота», «Ноталар тізбегі», «Қолбасшы», «До», «Ре», «Соль», «Соль мен ре», «Жеті нота – жеті өзен», «Жеті бояу», «Құлақ күйі», «Гимн», «Дуэт, трио, квартет», «Дирижер», «Қазақ оркестрі», «Симфониялық оркестр», «Үрмелі оркестр»), Нота үйрену мектебі ( «Бір сөз айтсам түйінді...», «Мен де әнші боламын», «Үлкенің кім, кіші кім...», «Құстар қонып мамырлап...», «Туған күнді тойладық...», «Ноталарды жаттағын...», «Әуен тілі»), Би ырғақтары («Биші», «Қаражорға», «Вальс», «Испан биі», «Лезгин биі»), Ән саздары («Бозторғай», «Бөдене», «Бұлбұл» «Көкек», «Бақа әні», «Сағат әні», «Ана туралы ән», «Отан туралы ән», «Достық туралы ән», «Біржан сал», « Әміре», « Күләш»), Күй күмбірі («Домбыра», «Қыл қобыз», «Скрипка», «Төкпе күй», «Шертпе күй», «Тәттімбет», «Құрманғазы», «Дина әже», «Тілеп», «Дала музыкасы»), Сезімнен туған саздар («Күй туралы аңыз», «Қозысын ол бір күні...», «Таң келеді арайлап...», «Содан бері жатады ...», «Шындыққа бергісіз аңыз», «Шабандоз қобыз», «Ертең кетем», «Әрбір күйі – жыр дастан», «Сылқылдақ», «Сегіз қырлы...», «Киелі домбыра», «Ғұлама ғалым», «Сайраның әні», «Қазақ вальсінің» авторы», «Ән еркесі», «Бұлбұл», «Балбырауын», «Қазақ музыкасының қамқоршысы», «Балқаш кеші», «Шабытын толқын тербеткен...», «Шамғонның ерлігі», «Дарынды дирижер», «Блиндажда туған ән», «Ерекше құбылыс», «Хачатурянның батасы», «Жарық жұлдыз», «Қасиетті скрипка», «Паганинидің скрипкасы», «Ғажайып оркестр», «Диірменшінің баласы», «Шопеннің жүрегі», «Киелі жүрек», «Біржанның ариясы», «Күйсандық сыры», «Құстар қайтып барады» «Әлқисса...», «Жас Біржан», «Әншінің бақыты», «Сүйікті «РЕ»», «Отанын аңсаған жүрек», «Кармен», «Бизені өлтірген...Кармен?», «Реквием», «Құпиялар сыры») атты бөлімдерге жіктелген.

Алғашқы «Дыбыстар сыры» бөлімі «Іңгә, іңгә», «Әлди, әлди...», «Бесік жыры» атты өлеңдермен басталады. Бұлар жинақтың беташары іспетті. Себебі жас бүлдіршіндер өмірге келген сәттерінен бастап өлең-жырдың құдіреті арқылы ер жетіп, ананың мейірімі мен махаббатын осы арқылы сезінгенін түсіне алады. Мысал ретінде «Әлди, әлди...» өлеңін келтіруге болады:

Туа сала сезесің

Кім екенін панаңның.

Туа сала естисің

Жұмсақ үнін анаңның.

Сен кетерсің ержетіп,

Жүрерсің тым жырақта.

Өсіргенін тербетіп,

Ұмытпайсың бірақ та.

Ұғып алсаң – жеңісің,

Жетілгені санаңның.

Ғажап әуен сен үшін

Әлди әні анаңның.

«Дыбыстар сыры» бөліміндегі өлеңдерді оқу арқылы балалар музыкалық білім туралы алғашқы түсінігін қалыптастырады. Мәселен, автор жеті нота, дуэт, трио, квартет, дирижер, оркестр сияқты ұғымдардың мәнін жеңіл әрі қарапайым тілмен жазылған өлең жолдары арқылы жеткізеді. Жеті нота туралы өлеңдерде автор жеті нотаны қазақ танымындағы қасиетті жеті санымен сабақтастырады. Бұл бір жағынан ұрпақты ұлттық ойлау жүйесіне баулудың тиімді жолы деп те түсінуге болады:

Жеті санын халқымыз

Қасиетті санаған.

Қадірлеген салтымыз,

Жақсылыққа балаған.

Аптада бар жеті күн,

Демалысы соңында.

Білсең нота тетігін,

Жетеу – саны оның да.

«Нота үйрену мектебі» атты бөлімде автор балаларға ән-күй өнеріне кіріспе ретінде ноталар, музыкалық аспаптардың қыр-сырын үйреніп білуге көмектесетін өлеңдерді біріктірген. Автор мұнда балаларды сиқырлы әуендердің сырын білумен қатар, шетел мәдениетін де жетік танып алуға шақырады:

Ноталардың жүйесін

Үйрен өзің үшін сен.

Музыканы сүйесің,

Әуен тілін түсінсең.

Неміс тілін білмейсің,

Олар – алыс, жырақта.

Музыкасын тыңдасаң,

Түсінесің бірақ та.

Кімдер саған «қой» дейді,

Құштар болсаң білімге.

Музыка ғана сөйлейді

Әлемнің барлық тілінде.

«Би ырғақтары» бөлімінде автор би өнерінің ерекшелігі мен ұлттық және шетел билерінің әсемдігін кестелі сөзбен жеткізеді:

Ән қосылып күйменен,

Төгілгенде сылқылдап,

Сұлу қыздар билеген

Буындары былқылдап.

Қызық қой ел түйсігі,

Өн бойына күй сіңген,

Дарынды әсем бишіні

Сүйексіз деп сүйсінген.

Өнері оның – би шыңы,

Өн бойына күй сіңген,

Былқылдаған бишіні

Буынсыз деп сүйсінген

Автор «Қара жорға» сынды төл өнердің мұрасымен қатар, әлемде айрықша танымалдылыққа ие бидің түрлері «Вальс», «Испан биі», «Лезгин биін» жас оқырмандарға жыр маржандары арқылы таныстырады.

«Ән саздары», «Күй күмбірі», «Сезімнен туған саздар» атты бөлімдерде өнер құдіреті мен қасиеті, ұлтымыздың мәдениеті, құндылықтарын бағалауға тәрбиелейтін өлеңдермен қатар, Біржан сал, Әміре, Күләш сынды өнерпаздардың ғибратты өмірі мен шығармашылығын танытатын мән мағынасы зор, тағылымды өлеңдер берілген.

«Ән саздары» бөлімі тұтас танымдық сипатқа ие өлеңдерден тұрады деп айтуға болады. Себебі шығармалардың тақырыптары сан алуан сипатқа ие. Оның ішінде, отан, анаға деген ыстық сүйіспеншілікке үндеу, достықты бағалау сияқты ізгі мұраттарды арқау еткен өлең шумақтарын ұшырата аламыз. Мәселен «Ана туралы ән» өлеңінде аяулы анаға деген құрмет сөз болады:

Көңілге әлди қонады,

Жаныңа нұр толады.

Ең алғашқы әнің де

Анаң жайлы болады.

Айналайын, анашым,

Маған қорған, панасың.

Мейірімді жан өмірде

Жалғыз өзің ғанасың.

«Отан туралы ән» өлеңі жас ұрпақ бойында отан-анаға деген патриоттық пен отансүйгіштікті тәрбиелейді:

Бақытты ғой ғаламда,

Отаны бар адамдар.

Болсын осы санаңда ой,

Отаның да анаң ғой.

Отан-ана,

Өзің ғана панам ғой.

Бізге бақыт сыйлаған,

Жамандыққа қимаған,

Арнап сәби сезімді,

Сүйеміз біз өзіңді.

Автор балаларға арналған жинақта жас оқырмандарға музыка туралы көзқарасын қалыптастыруды мақсат етіп қана қоймай, қазақтың бай мәдени мұрасын, жауһарларын танытуды басты назарға алғаны байқалады. Бұның айғағы – арқалы ақын Біржан, сегіз қырлы, бір сырлы Әміре, күміс көмей әнші Күләш туралы жыр шумақтарын жинаққа енгізуі. Бұл балалардың бойында ұлттық өнерге деген ыстық ықыласын оятуға ықпал ететін маңызды қадам деп айтуға болады. Мәселен Арқа ақыны, сазгер Біржан сал туралы шумақтар көркем, бедерлі тілмен айшықталған:

От дейміз бе шабытты,

Өшпейтұғын бір жанса.

Ән бұлағын ағытты,

Шабыт қысқан Біржан сал.

Айтыс десе қозатын,

Азулы ақын арқалы.

Әнге қосып өз атын,

Дүбірлетті Арқаны.

Ал Парижде өнер көрсеткен дарынды тұлға Әміренің қазақ тарихында орны ерекше. Оның шығармашылығын тану арқылы жас буын ән өнерінің нағыз шебері болуға ұмтылысы артатыны сөзсіз:

Дауысы таңда, не кеште

Шарлап кетер алысты.

Текті әнші еді, егесте

Қолдан бермес намысты.

Еуропа оны сәнімен

Шамдандырған тәрізді.

Сонда ол асқақ әнімен

Таңдандырған Парижді.

«Күй күмбірі» бөлімінде ұлттық аспаптар мен күйлердің түрлері, дүлдүл күйшілердің өнері туралы жыр шумақтары қамтылған. Дарқан даламыздың әр тауы мен тасының тарихын баяндайтын күйлер ұлттық рухани қазынамыздың ажырамас бөлігі болғандықтан автор жас ұрпақты бұл шежіремен таныстыруды жөн көрген. Ал әуезді күйлерді орындайтын аспаптардың құдіретін атап өтпеу мүмкін емес. Жас ұрпақ үшін бұл үлкен тағылымды мектеп. Мәселен, «Домбыра», «Қыл қобыз», «Дала музыкасы» өлеңдерінде ұлттық аспаптардың ұлылығы көркем тілмен суреттеледі:

Қолыңа алып домбыра,

Шанағынан күй ақтар.

Дала төсі – даңғыра,

Дүбірлеткен тұяқтар.

Сиқыры бар бұл үннің,

Бояуы сансыз нотаның:

Кісінегені құлынның,

Боздағаны ботаның.

Сыбызғысы жапанның –

Көл жағалай қамысы.

Қыр астында – атамның

«Құраулаған» дауысы.

Тәттімбет, Құрманғазы, Дина сынды әйгілі күйшілердің өнердегі болмысы мен ұлы туындылары туралы жыр жолдары өнерпаздардың шығармашылық тұлғасын толық ашқан. Бұл шумақтар жас оқырманды биік талғам мен шығармашылық шабытқа жетелейтіні анық аңғарылады. Мысалы, «Дина әже» туралы өлең үлгі-өнегеге толы:

Бар қызығы өмірдің

Домбыра мен күй десек –

Пәктігіндей көңілдің

Ақ жаулық пен кимешек.

Күйшілікке қосатын

Өз мәнері бар тағы:

Қос шекті де босатып,

Қоңырлатып тартады.

Күй күбірлеп жетеді,

Көтермейді дауысты.

Оң қол билеп кетеді,

Күмбірлейді «Науысқы».

«Сезімнен туған саздар» атты соңғы бөлімде автор белгілі күйлердің шығу тарихы жайлы аңыздарды, өнер иелерінің шығармашылығы туралы фактілерді, ән-күй аспаптарының сиқырлы сазын сипаттайтын шығармаларды жүйелеп ұсынған. Тарихи шындыққа негізделген, көркем тілді шығармалар жас оқырман назарын аудартады. Шыншыл әрі қызықты өлеңдер оқырманның арман-қиялын кеңейтіп, санасын сәулелендіретіні де белгілі.

Қорыта келгенде айтарымыз, балаларға арналған бұл кітаптың көркемдік-танымдық жағын ескеріп, ҚР Жазушылар одағының арнацы сыйлығына немесе «балалар әдебиеті» саласы бойынша халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ұсынуға лайықты шығарма деп санаймыз.

PS: Кейде дүние біткенді «жоқ!» деп тығырыққа тығамыз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық бағыттағы пайдалы кітаптың бірі осы – «Сиқырлы музыка». Авторы Тілеуғазы Бейсембек консерватория тәмамдаған, ұзақ жылдары бойы музыкалық мектепте оқытушылық қызмет атқарған. Бүгінде жетпістің бесеуіне келген ақынның жазары, айтары әлі көп деп ойлаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық тіледік.

Қазіргі таңда «Астана» опера театрында қарт қаламгердің «Самұрық келген таң» деп аталатын ертегісі сахналанып келеді. Бас шаһарға қонаққа келетін балаларыңызды театрға апарып, осы қойылымды көрсетсеңіздер болады.

«Балаларға арналған кітап не жақсы шығарма жоқ!» дей бергенше, жазғы каникулды пайдаланып, үйдегі «бұзықтарыңызға» аталмыш кітапты оқытыңыз. Қадірлі ата-ана, Жетісуда дүниеге келген Тілеуғазыдай ақынмен бірге балаңызды жеті нота, сиқырлы музыка әлеміне саяхат жасатып, саз, әуенге деген дүниетанымдарын кеңейтіңіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар