Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Симон Кармиггелттің әңгімелері...

13.06.2020 3601

Симон Кармиггелттің әңгімелері 16+

Симон Кармиггелттің әңгімелері - adebiportal.kz

Симон Кармиггелт (1913-1987) Нидерланды елінің әйгілі жазушысы. Көрнекті көсемсөзші, танымал тілші.

1913 жылы 17 қазанда Гаага қаласында өмірге келіп, 1987 жылы Амстердам қаласында дүниеден өткен.

Әдебиет саласы бойынша П.К.Хофта (1974), Константейна Хёйгенса (1961), Япа ван Прага (1975), «Экстра» (1953) әдеби сыйлықтарының иегері.

«Кептерлермен жарысқанда», «Келешекте көрісеміз», «Қарт адамдар» және тағы басқа әңгімелер жинағының авторы.

ТӨЗІМ

Ақыр соңында мефрау Ван Дамның шыдамы шарықтау шегіне жетіп, марапатқа ие болды.

Оның күйеуі өткен аптаның жұмасы күні шыбын жанын Тәңірге табыс етіп тынды.

Олардың отасып, бір шаңырақ астында тірлік кешкендеріне отыз екі жыл. Ержеткен үш баласы бар. Күміс тойларының қарсаңында, мерекені атап өту үшін жалдап қойған залдың төрінде отырған мефрау Ван Дамға жап-жас бейтаныс жігіт келіп:

- Сіздің күйеуіңіз төрт жылдан бері қайдағы бір жезөкшемен байланысып жүр, мен әлгі қаншықты сол үшін тастап кеткенмін. Сіз бұл туралы білетін бе едіңіз? – деді.

Ол білмейтін еді.

Бірақ, күйеуінің әр жұмасын сайын чемоданын толтырып алып, қаланың шетіндегі уикендке не үшін қатынап жүргенін түсінгендей болды.

Алдын-ала жоспарланып қойылған күміс тойына осы бір келеңсіздіктің кесірі тиген жоқ. Керісінше ерлі-зайыпты Ван Дамдар әшекейленген орындықтарға жайғасып, зал толы тойға жиналған қонақтардың арқасында тамаша өткеріп тастады. Олардың құрметіне бірнеше мәрте саулық тілейтін сазды әуендер шырқалып жатты.

Ертеңінде мефрау Ван Дам күйеуіне барлығын білетінін, ажырасудан бас тартатынын мәлімдеді. Оның дәл осындай шешім қабылдауы, күйеуіне деген асқан іңкәр махаббаттың да, өзегін өртеген қызғаныштың да, жүрегіне шемен болып шөгіп қалған кектің де кесірі емес еді. Ол тек қана зейнетақысы мен сақтандыруынан айырылып қалмау үшін осылай істеуге мәжбүр болды.

Десе де, күйеуінің табысы көп емес-ті, шаруашылық шығындарына соқыр тиындарын санап беретін. Одан қалғанын әлгі бір бикештің қалтасына салады. Бір күні мефрау Ван Дамға жаңа көйлек керек болғанында, беті қызарып балаларынан ақша сұрауға тура келді. Күйеуінің ажал сағатының тездетіп соғуы, сайып келгенде мұны ауқатты әйел санатына қосады. Сол себепті де ол күйеуінің өлімін тағатсыздана тіледі.

Көп жылдар күтуге тура келді.

Олар бөлек бөлмелерде тірлік кешуге де үйренісіп, өз араларында бір-біріне жақ ашпайтын. Мефрау Ван Дам күйеуін тамақтандырып, киіп жүрген анау-мынау киімдерін ретке келтіріп қоятын. Әр жұма сайын оның чемоданын толтырып қоюды да әдетке айналдырып алған-ды. Күйеуі қоштаспастан әлгі бикешке кетіп қалатын. Күйеуі де әйелінің шын мәнінде не қалайтынын білмей басы қататын.

Өткен аптаның жұмасы күні мефрау Ван Дамның төзімі ақыр аяғында марапатқа ие болды. Таңертең ол күйеуі түнейтін бөлменің терезесіндегі перденің түрілмей қалғанына көзі түсті.

Асып-тасқан үміт сезіміне бөленіп, жатын бөлменің табалдырығына табанын тигізді.

Бірақ күйеуінің кірпігі әлі де болса қимылдап жатты.

Төсек-орынында жатып, оған дәрігер шақыру керектігін тапсырды.

«Бәрі де сол айтқандай болсыншы» - деп, Мефрау Ван Дам күйеуінің ол өтінішін де жерде қалдырмай құлықсыз орындай салды.

Дәрігер келіп, оны түгел тексеріп, науқасқа шипа болатын дәрілердің тізімін толтырыды да, дәлізге шыға бере оған:

- Сіздің күйеуіңіз өте қатерлі ауруға шалдыққан. Хәлі өте мүшкіл. Жүрегі ауырады. Сіз менің көмегіме өте кеш жүгініп отырсыз. Сірә, ол өзін бірнеше ай бойы қолайсыз сезініп жүрсе керек. Сіздің күйеуіңіз жүрегіне салмақ салған.

- Болары болды, бояуы сіңді – деді мефрау Ван Дам.

Дәрігер бұл кісінің осылай болғанына қуанып тұрғанын да аңғарып қалды. Дегенмен де ол жасы талайды көрген отбасы дәрігері болғандықтан, көптен бері анау-мынау нәрселерге таң қалмайтын болып алған еді, сол себепті де ештеңеге таңданысын білдірмеді.

Сонан соң Мефрау Ван Дам дәрі ұнтағына бола дәріханаға да барып келді. Бірақ ол да көмектесе алған жоқ. Күйеуі сол күні кешкілік көз жұмды. Өмірінің соңғы жұмасы күні ол онымен бірге қалды. Ол жан тәсілім ететін сәтте мефрау Ван Дам қасында отырды. Әне-міне келіп әлдилейтін ажалы жақындап қалса да, ол мұнымен сөйлескен жоқ. «Кешірші» деген соңғы сөзін де қимады бұған. Бір түйір болса да әлсіздік көрсетпеді. Бұған бетін бұрып қараған да жоқ. Бұл оның төсегінде отырса да, тек жалғыз өзі ғана нағыз ерлерше демі таусылып , туғалы бері елу сегіз жыл ғұмыр кешкен жарық дүниеге солай қош айтты.

- Қалай болғанда да менікі дұрыс болыпты – дейді мефрау Ван Дам бүгінде – ол о, дүниеге жап-жас қалпында аттанды. Ал мен болсам алпысқа аяқ артқанымда мол ақшаны қолыма түсірдім, рахаттанып өмір сүруге уақыт жетіп жатыр. Ал анабір салдақы саусағын сорып сорлап қалды.

ЮФРАУ ФРЕДЕРИКС

Шамасы бір жыл бұрын болса керек, жұмыс орнындағы терезенің алдында тұрғанында, біздің әлжуаз юфрау Фредерикстің аяқ астынан жағдайы күрт төмендеп кетті. Таксимен үйіне қайтарып жіберген оны, шешесі бірден төсегіне жатқыза қойды. Дәрігер келіп, қарап, тыңдай бастады да, ақыры бұл істің көпке созылатынын хабарлады.

Айтқандай ол іс ұзаққа созылды да. Аппақ ағаш жоңкасынан жасалған картон қорабшаға салынған піскен жүзім сатып алып, біздің бөлімде жұмыс істейтін қыз-келіншектер бірнеше мәрте барып оның көңілін сұрап қайтты. «Әзірге, еш өзгеріс жоқ» - деп қайталай беретін юфрау Фредерикс. Бұл оның тарапынан өте қарапайым болып аңғарылатын. Сосын көңіл сұраушылардың қатары сиреп, соңыра қал-жағдайын сұрап ешкім де кіріп-шықпайтын болды. Көшедегі көрініске көзін салып отыруы үшін, шешесі оның төсегін терезеге қарай жақындатып қойғанын да:

- Осылай отырып бірдеңе көруге болады екен – деп қуанды юфрау Фредерикс.

Біз басымызды шұлғып, бәрін де ұғынып тұрғанымызды байқаттық. Біздің жүзім салынған қорабымыз үстелдің үстінде хош иісті әтір құтысы мен кітапханадан алынған сұр тысты кітаптар үйіндісінің қасында тұрды. Біз ұзақ отырып қалмау үшін орнымыздан тұруға ыңғайланғанда, екпінімізден бөлменің ішін әтір жайлап кетті.

- Дәрігер, енді не дейді?- деп сұрады менің жұбайым.

Осы мезетте терезе арқылы мұнара сағатының бір мәрте соғылған дыбысы жетті.

- Құдайым-ай, сағат бестен кетіп қалыпты ғой – деп селк етіп, юфрау

Фредерикс апыл-ғұпыл терезеге қарай бетін бұра қойды. Осы сәтті күткендей-ақ көшеде велосипед тізгіндеген жас жігіт пайда бола кетті. Меніңше ол қызметінен қайтып келе жатқан кісі секілді көрінді. Олай дейтінім асығыс қимылы үйіне тезірек жетуді қалаған адамның әрекетіне ұқсап кетті. Бұл кәдімгі плащ киіп, ақшыл сары кекілі желкілдеген, өте қарапайым жігіт болатын. Терезенің бойына қатарласа бере, жоғарыға қарай басын созып, арлы-берлі қолын бұлғады.

- Сәлем – деп айғай салды юфрау Фредерикс.

Қолын бұлғамақ болып, төсектен құлап түсуге шақ қалды.

Әлгі жігіт болса, жөнімен кете барды.

- Жазған-ау, мынауың кім тағы?

- Білмеймін – деді бұл, – Бірақ күн сайын сағат бестен кете осы жерден өтеді.

- Кішіпейіл сияқты көрінді – деді менің зайыбым, байқампаздығын танытып.

- Ол маған ылғи қолын бұлғап өтеді – деп мойындады юфрау Фредерикс - Мен ше, мен де жауап қатамын. Керек болса мен оның кім екенінен де бейхабармын.

Бізге артынан шешесі айтқандай бұл ол туралы көп нәрсені қиялынан құрастырған екен. Әр кеш сайын бұл шайтанарба тепкен құпия жігіт жайында ұзақ сонар әңгіме айтады. Бұл оған Джек деген есімнің өн бойына жарасатынын айтып, біраз уақытқа дейін сақтандыру кеңсесінде қызмет істейтін болуы керек деп топшылапты. Бір күні шешесі кешкі сағат бестердің кезінде сол айтқан кеңсе жаққа барып, күткенінде ол сақтандыру мекемесінен шықпаған көрінеді. Жарайды онда ол тағы басқа жерде қызмет жасайтын шығар. Бастысы айнымас періште секілді әр күн сайын үйдің қасынан өтіп, қолын бұлғайды.

- Жағдайы көңіл көншітеді – деді бір күні дәрігер.

Бұл біз күкен жағымды жаңалық еді. Жанға жайлы әтір исі сезіліп тұратын терезенің айналасы да, картон қорапшалардағы жүзімдердің де, өзгелердің өмірі туралы жазылған кітапхана кітаптарының көзден бұл-бұл ұшатын сәті де жақындап қалғандай болатын. Енді, бұның, юфрау Фредерикстің өз аяғымен жүгіріп, әйнектең арғы жағындағы өмірге белсене араласатын күні туады.

- Асықпа, аптықпа – деп кеңес берді шешесі – бастапқыда таңғы уақытта аз-аздан серуендеп қайт.

Джекқа қолын бұлғау үшін, сағат кешкі бестің шамасында бұл төсегіне жата қалып, тағатыздана тосатын. Бұл оны дәл осылай дуалап қойғандай еді.

Бұған сауығып кеткен соң далаға шығуға рұқсат еткенінде, бұл жұмыс күнінің аяғын таңдады. Асықпай мұқият киініп, ұзақ уақыт бойы жастыққа жабысып жатқандықтан, ұйысып қалған қалың шашын бір сағатқа жуық тарады. Жұмыс күні аяқталар сәт жақындап, сағат бестен бес минут өткенде, алға басқан аяғы кері кетіп, бұл баспалдақпен төмен қарай түсіп, үйдің алдына тоқтай қалды.

Барлығы дерлік әр минутына шейін есептелген-ді. Бұның шешесі үйде шайын қайнатып, темекісін даярлап қойып күтіп отырды.

«Джек» - дейді бұл күлімдеп, ол велосипедін салдырлатып бұрыштан ытқып шыққанында. – «Иә, сіз оны қайдан білесіз?»

Бұл іштей дәмеленіп, бақыттан басы айнала, оның сол сәттегі бет әлпетін елестетіп қойды.

Қыстық пальтосы қанша жылы болғанмен де, көшенің аяқ жағынан әлгі қарапайым, үстінде плащ, сары кекілі желкілдеген, үйіне өте асығыс кетіп бара жатқын жігітті көргенде қалтырап кетті. Ол жақындай түсті. Оның жүзі жоғарыдан көз салып қарағаннан гөрі төменде өте жағымды көрінді. Ол мұнымен қатарласа бере көз жанарын тайдырып әкетті. Оның көздері әдеттегідей терезенің арғы жағында ағараңдап тұрған бұның төсегіне қадалып, асқан бір мейірімді жымиыспен қолын көтеріп, арлы-берлі бұлғай салды.

Бар болғаны сол. Үн-түнсіз қасынан өте шықты.

АЗАТТЫҚ

Бірде қас қарайған шақта қала шетіндегі аялдамада автобус күтіп кезекте тұрған едім. Алдымда жүк таситын кеме капитанының шкиперлік қалпағына ұқсайтын бірдеңе киген қарт адам бар еді. Көпке дейін екеуміз де үнсіз бос кеңістікке қарап тұра бердік. Көшенің арғы бетіндегі қабырғада сайлау алды плакаттың жыртығы жалбырап тұрды. Онда «Азаттық» деген жазу баттиып басылған екен. Кешкі салқын жел жаңағы сөз жазылған плкаттың түтесін шығарып жатты.

Екеуміздің де көзіміз сол жақта болатын. Кенеттен әлгі адам сайлау алды қағазды саусағымен шұқып, былай деді:

- Жоқ ол. Ешқашан болмайды да.

- Сіз солай ойлайсыз ба – деп мен де жалт бұрылдым.

- Азаттық – деген сөз сандырақ – деді ол – Білмеймін өз басым мен оны сандалып көп іздедім. Домела, Мультатули және Барт де Лигт1 секілді ұлы данышпандардың көзқарастарына сүйенгенімде бар секілді көрінген. Тәтті су секілді татыған дүние кейіннен пайда болды ғой. Бірақ жаңағы үш ойшылдың еңбектерін оқып сұрақтарыма жауап алдым. Бала кезімде маған оңай болған жоқ. Шөл даланы шарлап, шөлдеген кезбе сияқты, менде азаттықты аңсадым. Ұғамысың сол кездің өзінде. Қандай да бір мұғалім шақырып алып: «Өй, сен бері келші» дегенінде, ашуға булыққан менің түр әлпетім бозарып кетуші еді. Сөйтсем, мына өмірдің бар қағидасы солай, біреу екінші біреуді жұмсап әмірін жүргізуге әуестеніп: «Әй, сен мында кел, ей сен анда бар» деп дікеңдейді. Сонымен бәрі мектептен басталады. Сосын кішкентай өтірікші, пәлеқордың шебері боласың. Ақырында әскери қызмет. «Өй, сен бері кел, сен ары бар». Тағы да сондай жағдай. Мен әскери қызметті өтегеннен бұрын, айып камерасында көп отырдым десем де болады. Міне, сол кезден бастап мен кітап оқуды бастадым. Әскери қызметтің бәрін тастап, Амстердамға оралған сәтім есімнен кетпейді. Теміржол бекеті алдындағы алаңда жанталасып жүгірген жандарға қарап тұрып олардың сондай адамдар екеніне көз жеткіздім. Сізге қалай түсіндірсем екен... Біртүрлі үрейленген секілді бірдеңе. Сосын өзіме сөз бердім: «Йә, Пит, сенің бүгіннен бастап ерікті адамсың». Менің қолымда жақсы мамандығым бола тұра, тұрақты жұмыс атқармадым. Біреу-міреудің дөрекі сөзін, көрсеткен зәбірін көтере алмай, анда бір мында бір іс қылып, керек болса саусағымның да ұшын қимылдатпай бос сандалып жүре беретін едім. Одан қалса жағажайға барып отырып алып, ойға шоматынмын. Сол кезде ешкімге де тәуелді емес едім. Өте-мөте өзімді солай сезініп, солай ойлайтынмын. Содан соң бір қызбен танысып, шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болғаннан кейін барып еркіндігіме орасан зор қауіп-қатер төніп тұрғанын ойлап, оны сақтап қалу үшін барымды сала жанталасып жүгірдім-ай келіп. Әрине, басында ойым жүзеге асып, жолым болғанымен аз-маздан соң тәуелсіз тірлігімнің күл-талқаны шықты. Түсінемісің, қайдағы бір ұсақ-түйектерге бола. Мысалы, мені мектепке шақырып алып, мұғалім сымақ біреу қарсы алдыма жайғасып, балам жайлы қайдағы-жайдағы бос сөздерді айтып құлағыңды сарсытса да, балаң үшін тістеніп отырып, басыңды шұлғи бересің. Содан кейін әйелім жазылмас дертке шалдықты. Артынша емханаға жатқызды. Маған аптасына екі рет барып тұруыма рұқсат берілді. Ал мен оны күнделікті көрсем деген едім. Ол үшін әлдекімге күнің түсіп, басыңды төмен салып: «Құдай тілеуіңізді берсін, қосымша рұқсат қағазын алуға мүмкіндік болмас па екен?» деп аяғын құшуың керек. Онымен қоймай басында дәл осындай жағдайы бар жандармен бірге кезекке тұруың тағы бар. Керек болса, мен оны да істедім. Еркіндікте болғам жоқ. Әлгі теміржол бекеті маңындағы алаңда көрген адамдар секілді, мен де өте үрейлі едім.

Ол терең күрсініп алды.

- Менің әйелім баяғыда бақилық болған – деп жалғастырды ол - ұлдарым үйленген. Біздер мүлде көріспейміз. Менімен тек қана отыз төрт жастағы қызым ғана қалып қойды. Түр әлпеті келіспеген демесең, былай жақсы қыз. Сөйтіп жүріп әлдебір жігітпен танысыпты. Ол жігіт католик. Мен өзім құдайдың барына сенбеймін. Бір данышпан: «Мына дүниені құдай жаратқан болса, мен сол құдай болудан бас тартар едім» - деп айтыпты, өте дұрыс айтқан. Бірақ менің байғұс қызым бақытты болатын, сол себепті ештеңе айта алмадым. Сонымен қойшы, қызым әлгі жігіттің дініне өтіпті. Тағы солай, ештеңе дегем жоқ. Өткен аптада дін жолымен шіркеуге барып некеге тұрып, үйленді. Оған дейін қызым маған: «Әке, мен сенің дінге деген көзқарасыңды білем, егер келмесең мен қатты режимін» - деді. Мен еріксіз бардым. Шіркеуге де бардым. Екеуі жігітімен бірге қолтықтасып келе жатты. Қызым құдды періштедей әппақ киініп алған. Қызым бетімнен сүйді де, құлағыма сыбырлады: «Әке, маған жасаған жақсылығың сол болсын, біз қазір барлығымыз тізерлеп отырамыз, сол кезде қаққан қазықтай қаздиып тұрмай сенде қайтала» дегендей ишарат білдірді. Неке қию сәтінің басталғанында, барлығы да бір кісідей тізерлей бастады. Ішімнен «Жоқ, болмайды. Сайтан алғыр...» деп міз бақпадым. Осы сәтте қызым көз құйрығымен қарап тұр екен, қалай түсіндірсем екен, біртүрлі үрейлі кескінмен қадалып тұрғанын байқадым да, «Жарайды, Пит. Осылай керек болса бас тартпа» дедім. Бәрі аяқталғаннан кейін қызымның бетінен сүйіп, шірекуден шыққан бетте шарап сақтайтын шағын қоймаға жетіп, сылқия тойып алған соң айнадан бет әлпетімді көрген сайын, қайта-қайта өзімнен-өзім: «Ей, сен бері кел... Сен ары бар...» деп жиырма мәрте қайталаған шығармын...

Ол тағы да басын шайқады.

- Мен, бірде бір кітаптан оқып шыққанмын, Үнді елінде ме, әлде Үндіқытайда ма, ол жағын итім білсін, сақал-шашын өсіріп, кір-қожалақ қалпында, шыңның ұшар басына шығып алып, бос кеңістікке тапжылмай қарап отыратын ойшыл адамдар бар екен. Оларға тамақты жергілікті тұрғындар тауып беріп, асырайды-мыс. Бәлкім, еркіндік, азаттық дегеніміз осы болар. Солай болған күннің өзінде де, мен осы маңнан сондай бір шың тауып алып, соның ұшар басына шығып отырсам да, ешқашан да еркіндік те өмір сүре алмайтыныма кәміл сенімдімін.

Домела Ньювенхейс, Фердинанд (1846–1919) – нидерландтық көрнекті саяси қайраткер, көсемсөзші. Нидерландыдағы социал-демократиялық қозғалыстың негізін салушылардың бірі. Мультатули (шын есімі Эдвард дауэс Деккер, 1820 – 1887) – нидерландтық атақты реалист-жазушы. Лигт, барт де (1883 – 1938) – нидерландтық көрнекті саяси қайраткер, көсемсөзші, Бірінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі антимилитаристік қозғалысты басқарған тұлғалардың бірі.

Орыс тілінен аударған: Қуат ҚИЫҚБАЙ

Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар