Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Смағұл Cәдуақасұлының әдеби-эстетикалық көзқарастары

03.09.2018 1941

Смағұл Cәдуақасұлының әдеби-эстетикалық көзқарастары

ХХ ғасырдың 20-жылдары ұлт ақыны Мағжан Жұмабайдың бастамасымен құрылған «Алқа» әдеби ұйымы – ұлттық әдебиетіміздің мүмкіндігі әлемдік деңгейде үздік эстетикалық пайымдар мен тұжырымдарға ие зор әдебиет екенін дәлелдеді. «Мағжанның «Батыр баян», «Қойлыбайдың қобызы», Мұхтардың «Көксерек», «Қилы заман», Жүсіпбектің «Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» іспетті кесек туындылары сол жылдары жазылды». Бұл шығармалардың тақырыбы мен идеясы да, көркемдік әсері де өзектілігін жоймайтын құнды дүниелер.

«Алқа» ұйымын құрушы қайраткерлер әдебиеттің ұлттық сипатта дамуын мақсат етіп, рухани байланыстарын нығайтып еңбек етеді. «Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауы» (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Сана» мен «Шолпан» журналына жариялау арқылы сол идеяларын жүзеге асыруды ойластырды. Көркем әдебиет туралы Ж.Аймауытовтың, Қ.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың, Ә.Мәметованың, Ы.Мұстамбаевтің орайлас пікірлері тұтаса жарияланып, «тапшыл табашылдардың» бетін қайырды». Қаламгерлер әдебиетті өнер деп бағалайды. Әрі ұлттың жаны, рухы екенін ескертеді. Әдебиттің бағыт-бағдарының саясат ықпалына түсуіне қарсылық білдіреді.

Бұл жылдары жүйелі ой мен биік эстетикалық көзқараспен дараланған қайраткер - Смағұл Сәдуақасұлы. Оның «Киргизкая литература» (Қазақ әдебиеті) атты зерттеуі 1918 жылы қазан айында жазылып Омбыда «Трудовая Сибирь» журналында (№1) жарияланған.

Смағұл Сәдуақасұлы ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде жаңа кезең – жазба әдебиеті қалыптасты деп тұжырым жасайды. Оның негізін салушылар есебінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Абайды таниды. «Основоположниками письменной литературы были Ж. Копеев, по прозванию «знаменитый» и несколько позднее его Абай Кунанбаев, о котором речь будет впереди» . Бұдан аңғаратынымыз: Жазба әдебиеті қашан қалыптасты, оның негізін салушылар деген тақырыпқа Алаш қайраткерлері тарапынан алғашқы ғылыми тұжырым жасағандардың бірі – Смағұл Сәдуақасұлы.

Қазақтың бас ақыны Абай туралы қайраткер мынадай пікір білдіреді: «Абая в жизни не оценили. Причиной этому была его крайняя неохота опубликовать свои произведения. Он не печатал их, и поэтому его сочинения приобели общекиргизкую известность только после его смерти. Он хорошо был знаком с произведениями Пушкина, Лермонтова, и многие из них перевал на киргизский язык» . Бұдан соң Абайдан кейін қазақ поэзиясына тың серпін әкелген ақындарды атап өтеді. Олар: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Шәкәрім, сонымен қатар Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Бекет Өтетілеуов.

Аталған ақындардың шығармашылығы Абай поэзиясынан рухани нәр алу арқылы, сонымен бірге орыс әдебиетінің де ықпал етуі нәтижесінде қалыптасқанын Смағұл Сәдуақасұлы ерекше атап өтеді.

Смағұл Сәдуақасұлы сол кездегі әдебиеттегі өзекті мәселелерді саралай келе, прозаға қатысты сыни көзқарасында жанрдың жан-жақты дамымай, артта қалғанын ескертеді. Сыншының пікірінше прозалық туындылардың ішінде дамығаны – публицистика. «Бұнда қозғалатын негізгі мәселе – қазақ халқының саяси тәуелсіздігі, әйелдердің бас бостандығы».

Мақала соңында ХХ ғ. басындағы мерзімді басылымдар тізімі берілген.

Көрнекті алаш қайраткері, әдебиетші, көсемсөзші Смағұл Сәдуақасұлы «Қазақ әдебиеті» мақаласында әдебиеттің әр кезеңіне көз жүгіртіп, оның белді өкілдерінің шығармашылығына қысқаша түрде сараптама жасап, артықшылықтары мен кем кетіктерін атап, дәлелді тұжырымдар жасайды. Аталған пікірлер Алаш әдебиеттану ғылымындағы соны, терең мазмұнды, құнды эстетикалық көзқарастардың бірі де бірегейі.

«Әдебиет әңгімелері» (Айтыс түрінде) 1927 жылы (15-16 ақпанда) «Еңбекші қазақта» жарияланған. Әдебиеттің биік деңгейге көтерілуіне ең алдымен сын керек екенін бағамдаған Смағұл Сәдуақасұлы ойын былайша өрбітеді: «Қазақ әдебиетін сынау керек. Сынайтын уақыт жетті. Қазақ әдебиеті ақсаса, сынның көптігінен емес, дұрыс сынның жоқтығынан ақсап отыр». Жазушының қайрағы – сын», - деп сыншының қоғамдық-эстетикалық міндетін биікке көтереді де: «Көркем әдебиет шын өмірді жазсын. Сыртқы түрі көркем, әдемі болсын, іші маңызды, қазақ елінің ұлт теңдігі, еңбекші табының үстемдігі болсын» деген түбегейлі ой түйеді.

Ол әдеби сында табанды зерттеудің болмағанына өкінішпен қарайды. «Мағжан туралы былтыр Ғаббастың кітабы шықты. Бірақ бұ да толық Мағжанды бізге көрсеткен жоқ. Ғаббастың кітабынан біз байшыл, ұлтшыл,төңкеріске қарсы адасқан Мағжанды көрдік» дей келе Смағұл Сәдуақасұлы Мағжанды ұлы ақын деп бағалап, оның шығармашылығын жоққа шығаратын сыни пікірлерге қарсылығын білдіреді. Бұл әдеби сын пікір Мағжанның өз замандастары тарапынан да үлкен қолдауға ие болғанын айғақтайды, оның поэзиясының қуаттылығын тағы бір мәрте мойындатады. Алғашқы прозалық туындылар Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожасы», Мұхтар Әуезұлының «Қорғансыздың күні» сыналмай, лайықты бағасын ала алмай жатқаны мақалада аталып өтіледі. Ал Абай, Сұлтанмахмұт, Бернияз сияқты ірі ақындар жайлы мүлдем сөз қозғалмай жатқанына сыншы өкінішін білдіреді.

Әдебиет қалай дамуы керек, кімнен үлгі алу керек деген сұраққа қайраткер сенімді түрде жауап береді. Әдебиеттіміздің тарихы терең, өрісі кең екенін ескеріп Смағұл Сәдуақасұлы қазақ әдебиеті өз өзінен үлгі-өнеге алатын деңгейге жетті деп батыл тұжырым жасайды. «Ең алдымен Сәбиттің «ұлтшыл не еңбекшіл деп бөлмей алғанда, жалпы қазақ әдебиеті өзінен өзі үлгі алатын дәуіріне жеткен жоқ» деген нигилистік пікіріне үлкен эстетикалық таным-біліммен жауап береді. «Тегінде, өзінен-өзі үлгі ала алмайтын әдебиет болмауға тиіс. Өткенді ұмытып, өткеннің бәрін мансұқ қылып тастағанда жаңа қайдан өспекші. Сондықтан біз ескі мұрадан жерімейміз. Ескі мұраның жарайтынын аламыз, жарамайтыны қалады» (ЕҚ, 15.02.1927) деп мұра мәселесінде пролеткульттық түсінікке қарсы шықты, дұрыс қорытынды жасады» .

Мақалада сөз өнерінің қызметі, міндеті хақында да Смағұл Сәдуақасұлы өз пайымдауларын білдіреді: «Көркем әдебиеттің ең үлкен қызметінің бірі: тұрмысты, өмірді таныту».

«Жалпы мәдениетке біз өзіміз жасаған мәдениет бұйымымен барамыз. Біз олардан алсақ, олар біздерден алады. Интернационализмнің негізі мәдениеттің сыртқы түрін (ұлттық кескінін) бір түсті қылу емес, ішкі маңызын бір тілектен шығару. Қазақ әдебиетінің сыртқы сипаты қазаққа ұқсаса, ішкі мазмұны жалпы адам баласының қызметіне жұмсалуы керек» деген қисынның айтылуы – ұлттық таным-білігіміздің қалпына дәлел. Әрине, Смағұлдың жалтақтамай: «Әдебиеттің міндеті – қазақтың ұлттық сезімін (ұлтшылдық емес ұлттық) тәртіптеу, қазақ та мекемеде істей алатындықты көрсету, қазақша оқып-ақ іске жарайтындықты білдіру» керек дегенін бұрмалағандар талай саққа жүгіртті, оның қазақтан басқа арманы жоқ деп ағаш атқа теріс мінгізгендер көп болды. Ал шындығына келгенде, дүние жүзі мәдениетіне әр ұлт, әр халық өз әшекейін қосуы керек. Сөйтіп әлемнің әдемілігі, жалпы адамзаттық таным осындайлардан құралатынын енді ұғынуға тиіспіз» .

Осылайша, Алаш әдебиетшілері ұлттық мүддені әдебиетке орнықтыруды талап етеді. Көркем әдебиет туралы мақалалардағы эстетикалық тұжырымжар қай кезеңде болмасын мән-мағынасын жоғалтпайды, бағасын жоймайды.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар