Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
СОФЬЯ МОЛДАҒАЛИЕВА: «ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ЖҰБАННЫҢ ЖҮ...

15.10.2015 4405

СОФЬЯ МОЛДАҒАЛИЕВА: «ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ЖҰБАННЫҢ ЖҮРЕГІНЕ АУЫР ТИДІ»

СОФЬЯ МОЛДАҒАЛИЕВА: «ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ЖҰБАННЫҢ ЖҮРЕГІНЕ АУЫР ТИДІ» - adebiportal.kz

Бүгін — белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туған күні. Жұбан – өршіл де асқақ Махамбет рухымен үндестік тапқан, ұлтымыздың ұятына, күллі алаш жұртының ар-намысына айналған азамат ақын.


 

Ардақты ағамыздың аяулы жары София Мәлікқызы Молдағалиевамен кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Жақсының жары еді деп іздеп барғанымызға София апамыз дән риза боп қалды. Сұрақтарымыздың біреуін де сырт қалдырмай, ақтарыла жауап берді. Сөйлеген сайын әжімді жүзінде арай ойнап, ойлы көздерінде өткен күнге деген сағыныш сәулесі жылт еткендей. Қарапайым. Сексеннің сеңгіріне шықса да, шырайын бермеген. Қалада өсіп-өнген орыс тілді адам болса да, ана тілінде жақсы сөйлейді. Айтпақшы, “осы журналистер бар сөзімізді бұрмалап, өзгертіп жазады” деген сұхбат алдындағы өкпесінен кейін, әңгімемізді сол күйінде беруді жөн көрдік.


 

«Біз бір жылдай Өлеңтіде тұрдық»


 

- София апай, күллі қазақ қадір тұтар Жұбан ағамыздың жарысыз. 40 жыл отасқан аяулы жарыңыз жайлы әңгімелессек деп едік. Біз өлеңдері арқылы білетін Жұбан ақын өмірде қандай адам еді? Алғаш қалай танысқан едіңіздер?


 

- 1947 жылы Жұбан анасын ауруханаға қаратпақ боп Алматыға алып келіпті. Емдетіпті. Ол кезде Жұбақаң қазіргі Панфиловшылар паркіндегі офицерлер үйінің коменданты болып жұмыс жасайды. Содан үйленетін жас та келіп қалған, “келін әпер” дейді ғой мамамыз. Менен де басқа қыздар бар, Жұбан бір қызды әкеліп көрсеткен екен, мамам ұнатпапты. “Жоқ, бұл қызды алмайсың” депті. Сосын Жұбандар бір бөлмесінде тұратын Айша апайдың көршісі, мамамның, менің нағашы шешемнің жақын танысы Гүлсім апайға: “Танитын жақсы қыздарың бар ма, маған алып кел, көрейін” дейді. Ол кезде Гүлсім апай біздің үйге келіп жүретін. Мен 1947 жылы физкультурашылардың шеруіне қатысқам. Сонда түскен бір суретім үстел үстінде тұратын. Соны Гүлсім апай алып кетіп, Жұбанның анасына көрсетіпті. Ол кісі «осы қызды алып кел, көрейік» депті. Енді мені қалай апаруды ойлайды ғой. Ал, мен ол кезде Жұбандар тұратын жақта, фабрикада жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, Гүлсім апай әлденені сылтауратып, мені бір үйге алып келді. Үйге бір бөлмеге кірсек, кереуетте – Жұбан, анасы жерде, көрпе үстінде отыр екен. Кірген бойда Гүлсім апай қайта сыртқа шықты да кетті. Мен не істерімді білмей, табалдырық жақтағы бір орындыққа отыра кеттім. Қайда келгенімді де білмейм, қып-қызыл болып ұялып кеттім. Сәлден соң Гүлсім апай сырттан самаурын көтеріп кірді. Жұбан: “Сіз мына кісіні кіргіздіңіз де, өзіңіз кетіп қалдыңыз. Бұл кісі ұялып отыр білем” деп айтты. Гүлсім апай бізді солай таныстырды. Жұбан келіп қолын берді:

– Жұбан!

– Софья!

Сосын жерде отырған Жұбанның анасына қолымды беріп амандастым. Содан не керек, шәй да ішкен жоқпыз, шығып кеттік. Кейінірек мамам: “осы қызды алсаң да аласың, алмасаң да аласың. Басқаның маған керегі жоқ” депті.


 

Жұбанның Сағынғали Сейітов деген досы бар екен. Соғыста бірге болған, біздің ауыл жақтың жігіті өзі. Сол жолдасын ертіп маған келе бастады. Олар келеді. Мен шығам. Киноға барайық, анау-мынау деген жоқ. Көшені айналып жүреміз де қоямыз. Жұбан ауыз ашпайды. Сағынғали ғана сөйлейді: “Ой, Жұбан деген осындай, әскерден келген, келешегі бар. Жалғыз мамасы. Басқа ешкімі жоқ”. Мен ол кезде 18 жастамын. Ақын-жазушылар дегенді көрмегем, білмеймін. Газеттерде шығатын “Достық әзіл” деген бар ғой, соны көрген мен: “жазушылар деген осындай қарыны қамтиған, мұрыны үлкен болады екен-ау» деп ойлайтынмын. Әй, балалық-ай.


 

- Өзіңіз қалада, орысша тәрбиелендіңіз ғой?

- Иә, мен қалада туып-өстім. Менің нағашы атам – Сейітқали Меңдешов.

1937 жылыға дейін сол кісілердің қолында тәрбиелендім. Мәскеуде болдым. Ол кезде нағашы атам Кремльде жұмыс жасайтын. 1937 жылы атамды ұстап алып кеткесін мен өз әке-шешемнің үйін бардым. Әкем – құрылыс банкінің басшысы болып істейтін. Ал, мамам жұмыс істемеген, тұрмысқа шыққаннан үй шаруасында болған. Бес баламыз – үш қыз, екі ұл. Мен ең үлкенімін. 1937 жылы нағашы атамды алып кеткесін нағашы шешемді, өз анамның ағасының отбасын, бәрін үйден шығарып, Тастақ жаққа апарып тастады. Ал мен сол кісілердің үйіне барам деп жылайтын көрінем. Енді, кішкентайымнан сонда өстім ғой. Әкем болса жібермейді, өзі партияның адамы. “Халық жауымен” байланысу қауіпті.


 

1938 жылы “Халық жауының әйелі” деген айыппен нағашы шешемді алып кетті. Ол кісі үй шаруасындағы әйел болса да ұсталып кетті. Қарағандының “Қарлаг” деген жерінде бес жыл отырып қайтты. 1943 жылы біздің үйге келді. Анам бар, әкем жоқ ол кезде. “Үштіктің үкімі” деген болады екен ғой. Әкем 1942 жылы Қостанайда іссапарда жүрген кезде бірдеңе айтып қойған ғой. Солай ұсталып, сол жақта дүние салыпты. Сөйтіп, біз бес бала, анам, нағашы шешем, бәріміз бір үйде тұрдық. Мен №15 мектепте оқыдым. Әңгіменің бәрі таныстықтан шығып жатыр ғой. Содан не керек, біздің осы үй жаққа жаңа айтқанымдай Сағынғали мен Жұбан келіп тұрды. Сағынғали құлағыма құя түседі: “Жұбанның келешегі бар, анасын бақсаң болды, басқаның керегі жоқ.”


 

Мен “келешек” деген не сөз екенін де түсінбеймін. Былай қазақша түсінгеніммен, жауап та бере алмаймын. Әдеби сөзбен сөйлеген кезде көп сөзін түсіне алмайтынмын сол кезде. Содан: “Жарайды, үлкен кісіні бағуға өзімде де үлкен кісі бар. Қолымнан келетін шығар. Үлкен кісінің айтқанын істеп, бар жағдайын жасасам болды емес пе» деп ойладым. Сол кезде біздің үйде бір-екі студент бала тұратын. Қалижан Бекқожиннің туыстары-ау деймін. Соның ішінде біреуі совхоз директорының баласы. Бай, жағдайы жақсы енді. Сол бала менің нағашы шешеме айтатын көрінеді: “Мен Софьяны алғым келеді, сіз маған қызыңызды беріңіз” деп. Нағашы шешем: “Ол қыз көнбесе мен не істеймін, өзі біледі” дейді. Ал ол бала: “Сіз қалайда көндіріңіз” деп, ауылына, әкесін алып келуге кетіп қалыпты. Сол арада мен Жұбанмен танысып жатырмын. “Ана байдың баласына барғанша мына жігітке барайын” деп ойладым. Жалғыз шешесін бағу қолымнан келетін шығар. Содан келістім. 1947 жылы күзде таныстық, қарашаның екісінде мен 18-ге толдым, 22-сінде Жұбан мені алып кетті.


 

Тура сол кезде елде реформа болып, әлгі ақша ауысып жатырғандықтан, Алматыдан шыға алмадық. Жұбан ол кезде қазіргі Панфиловшылар паркіндегі офицерлер үйіннің коменданты болып жұмыс жасайды дегенмін. Әскерден босату үшін Ташкенттен арнайы осында ауыстырған екен. Жаңа жылдың басында қызметін тапсырды, әйтеуір ақшасын ауыстырып, ауылға кеттік. Өлеңтіге. Сол жерден екі бөлмелі мектептің бір бөлмесін бізге босатып берді.


 

- Содан той болды ма?


 

- Той ма білмеймін, абысындар бар, ағайын-туыс, көрші-көлем, таныс-тамырлар, бәрі үйге келе бастады. Мен басыма орамал тағып, келін боп шыға келдім. Келген адамдардың бәріне тұрып сәлем берем. Атын ұмытып тұрмын, бір тентектеу абысыным айтты: “Әй, жетер енді. Жұбанның әйеліне кім көрінгенге сәлем бергізе беріп. Болды!” – деді. Содан тек сәлем бер дегендеріне тұрып сәлем салатын болдым. Тағы таң қалғаным – ауылдағы қазан болды. Бір қазанға су қайнату керек, сүт, бауырсақ пісіру, ас салу керек. «Мәссаған! Бұның бәрін бір қазанмен қалай істейді?!» деп ойлаймын. Оқсата алмасам ұят. Ол кезде қи да тапшы сияқты. Қиды тек самаурынға салып үнемдейміз. Қазанға су ысыту үшін қоға жағамыз. Қоғаны білесің, қағаз сияқты лап етіп жанады да кетеді. Сиырдың жатқан орнынан тезегіне шөп араластырып соғатынмын. Даладан да тереміз. Соның бәрі алғаш келгенде таңсық болды. Жұбандардың қолында Ерсайын деген туысқан баласы тұратын. Баланың жасы да келді, бір жағынан маған көмектессін деп сол Ерсайынға да келін алып берді. Ол қыз келмей тұрып қатты қиналдым. Сиыр сауған кезде үсті-басымды былғаймын да жүремін. Мамам «сиыр аяғын шелекке салып алмасын» деп қатаң ескерткен болатын. Бір күні сауып отырған кезімде әлгі сиыр аяғын шелекке батырып алғаны. Енді не істейміз? Мен ол жағын түсінбеймін ғой, Ерсайын айтты: “Мамаға айтпайық. Қазір сеператормен тарта саламыз. Түк болмайды” деді. Содан шәй әзірлеп, мамам кесесін аузына апарып, бір ұрттады да: “Не, сиыр шелекке аяғын салып алған ба?!” демесі бар ма. Ерсайын екеуміз “жоқ, салған жоқ” деп қоямыз. Мамам: “неге өтірік айтасыңдар, аяғын салып алған ғой” деп ұрсып тастады. Содан енді оған сақ болатын болдық…


 

- Иә, Зеріп анамыз жөнінде айтыңызшы…


 

- Ауылдардан, ауданнан уәкіл келетін болса, біздің үйге түсетін. Мен бармай тұрған кезде мамам селсовет болған екен, өзі партияның адамы. Байлардың дүниесін бөлген кезде кәмпескеге қатынасқан. Сонда 20 қой, үлкен бір самаурын тиген екен. Сол самаурын міндетті түрде ызылдап тұру керек. Мамам сондай адам. Көп кісі таниды, сыйлайды дегендей. Біздің үй таза болды, оның үстіне Жұбан да келіп жатыр. Әйтеуір қонақты көп күтетінбіз.

Мамам тары қуырып береді, мен түйемін. Тары түйгенде келсап міндетті түрде маңдайыма екі-үш мәрте тарс ете түседі. Көп нәрсенің тапшы кезі ғой. Етті құр өзін асамыз, ұнмен таба нан салып, шоққа көмеміз. Ұнды жасау үшін бір аяқ бидайды диірменге тартамын. Оны қай кезде істейсің? Таңнан кешке дейін бүкіл шаруаны істейсің. Мамамның дәретін алғызып, төсегін салып, киімін ауыстырып жатқызғасың, сосын диірменге отырасың. Күні бойы сілелеп, ұйқың келеді. Қалғып бара жатсам, мамам: “Әй!” дегенде селк ете түсіп, ұйқым шайдай ашылып кетеді. Сол кезде 18 жастағы баламын ғой. Жоқшылықты көргеніммен, мынадай қиыншылықты көрмегем. Сол ұннан тек қонаққа ғана таба нан жасайтынбыз. Мама ұрсады: “Немене, келін деген қазан жаласа да тояды” деп. Мен ойлаймын: “как это так, кісі қазан жалағанда тоя ма?” деп. Жұбан тарыны қаймақ пен айран қосып жегенді тәуір көреді екен. Бала кезінен солай шығар енді. Мамам тарыны маған бермей, баласына береді. Ал Жұбан маған беруге мамасынан жасқанады. Кейде менің қарным ашатын. Сонда еш нәрсе айта алмасың, шыдайсың. Қазанға ет саларда мамам маған салдыратын. Мен қалада өскем, барлық қылшық-қыбырын тазалап, жуып салатынмын. Ол жақта су қиын. Ащы су, тұщы су бөлек құдықтан өнеді. Тұщы суды қатты қадірлейтін. Оны басқа біреудің құдығынан таситынбыз. Иін ағашпен екі шелекті иыққа салып алып келу өте қиын. Жазық даланың желі алдыңнан есіп, шелектің жарты суын төгіп тастайтын. Соны төкпей-шашпай әкелу қажет. Шашым да ұзын болды. Басымды жуу үшін екі шелек су алып келемін. Мамам ұрсады: “Немене, екі шелек суды бір басқа жұмсап? Біз бір құман суды басымыздан “бессімлә” деп құйынып аламыз” дегенде мен қатты таң қаламын. Қанша қиындық болса да мамның айтқанын екі етпедім. Біз жаз, күз бойы тұрдық. Келесі жазғытұры Жұбан Алматыға жұмысқа тұруға кетті. Мен ауылда қалдым. Кейін келіп, алып кетті ғой.


 

Ақұштап (Бақтыгереева – Ш.Т.) айтады ғой: “Біздің енелеріміз келіндерін қатты ұстайды. Бірақ Софьяны одан да қатты ұстаған” деп. Іштей жақсы көріп тұр, бірақ соны білдіртпейді ғой. Тәрбиелегені шығар соның бәрі. Ал қазіргі қыздар соған көне ме, айтшы? Өзімнің үш келінім бар, бірақ ондай еш нәрсе жасағам жоқ. Балалардың өздері таңдады, әпердік. Керісінше оларға көмектесіп жүрдік. Әлі күнге ақылымды айтып, жәрдемдесіп тұрам.


 

- Сосын Жұбан аға Алматыға кетті дедіңіз. Сіздерді көшіріп алды ма?


 

- Иә, бізді өзі келіп алып кетті. Қателеспесем “Лениншіл жасқа” жұмысқа тұрды. Тұратын үй жоқ. Бұрынғы тұрған үйлерінде, базар жағынан, аннан-мыннан үй жалдап тұрдық. Тұрмаған жеріміз жоқ, біраз көшіп-қонып жүрдік. Алғашқы баламыз 1949 жылы шілде айында көрінді. Содан 1951 жылы қызымыз,1953 жылы Қуандық ұлымыз дүниеге келді. Содан кейін ғана Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысынан пәтер алдық. Көршіміз Сәбит Мұқанов болды.


 


 

- Жазушылардың ішінде кімдермен аралас-құралас болдыңыздар?


 

- Сәбит Мұқановпен сол жерде көрші тұрдық. 1954-те кірдік, мамам 1968 жылы дүние салды. Сол үйден шығарып салдық. Сосын біз мына Калининнің төменгі жағынан төрт бөлмелі пәтер алдық. Тағы да Сәбит Мұқановпен көрші болдық. Мәлік Ғабдуллин, профессор Сызғанов, біраз министрлер көрші тұрды. Сәбит Мұқановтың үй-ішімен бұрыннан араласамыз ғой. Мамам дүние салатында Сәбит айтты: “Жеңгейдің қолынан талай ас ішіп едік, енді келіннің қолына қарадық” деп. Тамақ пісіруді бәрін білемін ғой. Онан кейін ол кісілерді талай қонақ қылдық. Бар қал-қадірімнің жеткенінше атқардым деп ойлаймын. Сол кезде бәрі жиналып алып “преферанс” ойнайтын. Төрт-бес адам әйелімен келеді. Сәбит Мұқанов карта ойнамайды. Ғабиден Мұстафин – Зейнел апай, Ғабит Мүсірепов ол кезде Рая Мұхамеджановамен тұрды, Әлжаппар Әбішев, Серік Қирабаев әйелдерімен келетін. Сенбі күні таңертең келсе, жексенбі күні түске қарай кететін.


 

Әрине, оларды картаға салынып кетті деп айтуға болмас. Карта ермек қой, жай сылтау ғана. Жұбан өз қатарынан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденовтермен жақсы араласты. Ол кезде қызық. Бәрі топталып жүреді. Кім қаламақы алады, сол адам бәрін бір жерге апарады. Сол тобымен тағы бір үйде жалғастырып, тамақ ішіп, әңгімелесіп мәре-сәре болып қайтады. Қазіргі жазушылар солай істей ме екен? Қазіргі жазушылардан мен көп ешкімді танымаймын. Біз танитындардың көбі кетті ғой. Қалғаны үлкейді. Сәбит Мұқановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Сырбай Мәуленовтың, Қалижан Бекқожиннің, Сағынғалидың балалары көрген жерде амандасып тұрады. Біздің балалармен де араласады, сәлемі түзу.


 

- Жұбан ағамыздың тонның ішкі бауындай етене араласып, сырласқан адамы болды ма?


 

- Бөлек, жақынырақ деген ешкім жоқ сияқты. Бәрімен бірдей араласты. Сағынғали Сейітовпен жақсы дос болды. Бірақ екеуінің мінезі үйлесе бермейтін. Ол жыбырлақ, көп сөйлейтін болса, Жұбан керісінше. Сағынғалиды жақсы сыйлайды, бірақ сырлас болды деп айта алмаймын. Бұрын Жазушылар Одағында поэзия, проза секциялары болатын. Сонда менің есімде, Жұбақаң екінші секретар болып тұрған кезінде мына Әбдіжамалды көп айтатын. “Қан мен тер” кітабын қанша жыл түзетті екен. Әйтеуір талқылайды, сосын ана жерін, мына жерін қаратады. Келесі жолы тағы да сол. Шыққасын тобымен бір жаққа барады…

- Алты алаштың атынан сөйлер ақының тұрмыс-тіршілігінің, үй-іші берекесінің бұзылмауы – алған жарына сын. Ақын ағамыздың отбасының тірлігінен гөрі өлеңнің жайын көп ойлап кетер сәттері болған шығар. Осындай кезде сіз қалай қарадыңыз? Жазушыға жар болудың қиындығы қандай?


 

- Жұбан әкеден алты айлығында қалған екен. Өздері төрт бала болған. Отызыншы жылдары ашаршылықтан халық Ресейге қарай көшті ғой. Әкесі сол кезде тырысқақ ауруынан қайтыс болыпты. Үлкен ағасы да осы аурудан бақилық болған. Мамам айтады мұны. Олар сол жақтан қайта елге келеді. Сонда бір қызы киіз үйдің ішінде етегіне от тиіп өртеніп, далаға қашқан. Тұла бойы бәрі күйіп қайтыс болыпты. Жұбан сол кезде алты айлық екен. Мамам ылғи маған: “алты айлығында қалған баланы бағып-қағып өзім өсірдім” деп айтып отыратын. Туған баламның бәрі сол кісінікі. “Үйден туып әкелген балаң жоқ, менікі” деп бауырына басып алады. Оны “немерем” деп айтпайды, “балам” дейді. Балалар менің атымды атайтын. Сонда мен “мама” демегеніне онша ренжи қоймаймын. Бір үйде екі мама болмайды ғой енді. Мамам қайтқасын барып балаларым мені “апака” дейтін болды. Сол “апакамен” әлі күнге келе жатырмын. Жұбан да, өз мамам да солай атайтын. Құдаларыма дейін қазір солай атап кетті.


 

Жұбан мамасын құрметтеді. Мен де барымша дегенінің бәрін істедім. Балаларын өте қатты жақсы көрді. Құшақтайды, сүйеді. Ал маған рұқсат жоқ. Сөйтіп, балалар өсті… Ол заманда балаларды орысша мектепке бермесең иститутқа түсе алмайды. Одан комсомолға, партияға өте алмай қалады.


 

- Жұбан Молдағалиевтің ұрпағы орысша тәрбиеленген, көбіне орысша сөйлейді деген сыңайдағы әңгіме рас екен ғой сонда…


 

- Мамам барда балалар қазақша сөйлейтін еді ғой. Мамам қайтыс болғанда олар орыс мектебінде оқып жатты. Сабағына орысша көмектесу керек. Саясаттың қыспағы. Заман сондай болды ғой. Амал жоқ…


 

- Ұл-қыздарыңыз әкелерінің шығармашылығымен жете таныс қой?


 

- Әрине, жақсы біледі бәрі. Неге білмесін?! Бірақ қазақша кітаптарын оқымайды, орысша аударылғандарын оқиды. Әкелерін өте жақсы қадірлейді. Бірақ олар еш уақытта “біз осындай кісінің баласымыз” деп кеуде керген емес. Жұбанның өзі де: “Міне, оқисың ба, өз күшіңмен, өз біліміңмен түс!” деп айтатын. “Мен ешқашан біреудің алдына барып, баламды оқуға түсір деп айтпаймын” дейтін. Сол сөзіне тұрды да. Балалар да ұятқа қалдырмай жақсы оқыды. Екі бала архитектура, қызым Гүлмира ағылшын тілі, төртінші баламыз энергетика саласының маманы болды. Жұбан бірақ елден келген балаларға көп көмектесті. Өз балаларына істемеген жақсылықты істеді.


 

- Кімдерге?


 

- Тайпақтық Уәли Қуатов, інісі Сағидоллалар біздің үйге келіп тұратын. Бақтығұл Ойшыбаев, Базарғали Қуатов та үйде жүретін. Бақтығұл жиі келеді, ол біздің қызымыз Гүлмираға көз салады екен. Оны біз сезбейміз, кейін Гүлмира айтады. Қазір аттары есіме түспей тұр, тағы да біраз қыз-жігіт келіп тұратын. Студенттер ашқұрсақ жүреді ғой. Кірін жуып, суға түсіп, тамақ ішіп кетеді. Мен өзім елден келген адамдардың біреуіне де қабақ шытқаным жоқ. Бәріне қолымнан келгенше қызмет қылдым. Бүгінге дейін аман-есен отырғаным солардың алғысы шығар.


 

- Ұл-қыздарыңыздың, немерелеріңіздің ата жолын қуғаны, шығармашылыққа жақыны бар ма?


 

- Ондай ешкім жоқ. Архитектура да өнер ғой. Ал шығармашылыққа жақыны жоқ. Гүлмира қызым бірдеңе жазған екен, сонда Жұбан айтты: “Өлең жазу деген оңай емес. Өте қиын. Қазір онымен айналыспа. Кейін өзі келсе көрерсің” деді.


 

- Әуелгі әңгімеміз үзіліп қалмасын. Бір сұхбатыңызда бір топ ақын-жазушылардың жарын — “Біз Мәриям апайдың гвардиясы едік” депсіз. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.


 

- Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың жөні бөлек қой. Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Жұбақаң бәрі дүниеден озды. Сағи Жиенбаевтың, Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Ғафу Қайырбековтың, Қалижан Бекқожиннің, бәрінің әйелдері, Тәкен Әлімқұловтың қарындасы – алты-жеті әйел Мәриям апайдың қасында жүретінбіз. Қонақтықтарда Мәриям апай әңгіме айтып, ортасында жақсы отыратын. Соңғы үш жылда Сырбайдың, Қабдыкәрімнің әйелдері қайтыс болды. Қазір салардан қалғаны – мен, Зайда, Қалижан мен Сағидың, сосын Жұмекеннің зайыбы – Нәсіп. Сырласып, мұңдаспасақ та сәлеміміз түзу, көңіліміз жақын. Қонақтықта, ас пен тойда қатар отырамыз.


 

- Желтоқсан оқиғасы кезінде ағамыздың Колбин алдында сөз сөйлеп, “Мен қазақпын!” деп қасқая қарсы тұрғанын білеміз. Бар халықтың ар-намысын арқалар сол кездерді бір еске түсіріп өтіңізші…


 

- Ол бір қиын кездер еді ғой. Қызымыз сол алаң жақта тұратын. Жастар қақтығыс кезінде сол үйлерге қашып тығылыпты. Жұбан өзі ол жаққа барған жоқ. Біздің екі бала сол алаңда кезекшілікте жүрді. Оларды жұмыстарынан ұжым мүшелерімен бірге кезекшілікке жіберіпті. Бiрi түнгi 12-ден таңғы 6-ға дейiн, бiрi таңғы 6-дан түнгi 12-ге дейiн жүрді. Сонда Жұбан қатты уайымдады. Балаларына: “қолдарыңдағы дубинканы ешуақытта қолданушы болмаңдар” деп қатаң ескертті. Ол кез көтеріліс басылған кез. Қайтадан бір жағдай болып қалмасын деп сақтықты күшейткен шаралары ғой. Жұбан өзі барып көрмесе де барлық жағдайдан хабардар болды. Қадағалап, естіп-біліп отырды. Сөз сөйлерінен бір күн бұрын, кешке таман Одақтың сол кездегі басшысы Олжас Сүлейменов қоңырау шалды. “Жазушылар Одағына Колбин келеді, соған сіз сөз сөйлеңіз” депті. Жұбақаң: “Өздерің неге сөйлемейсіңдер?” – деді. Олжас: “Жоқ, сіз сөйлесеңізші” депті. Білмеймін, тағы не айтқанын. Содан кешкі астан кейін Жұбақаң бөлмесіне кіріп алып жаза бастады. Балалар ұйқыға жатты, мен шайын, суын беріп, жанында жүрмін. Жазып болғасын қағаздарын жинады да маған оқып берді. Мен: “қаттырақ кеткен сияқтысың, ертең бір бәле болып жүрмесін” дедім. “Маған не болар дейсің” деді. Сөйтіп, сөйлеп шығыпты ғой. Ол туралы кейін бәрі айтты, жазды. Тіпті, қол да соға алмадық дейді.


 

- Иә, Ақұштап апайдың “Ерлікті көзбен көрген күн” өлеңінде Жұбан ағаның сөйлеген сәтін бейнелі түрде баяндап келіп, залда отырғандардың “қол соғудан сескеніп, жер тепкенін” оқып едік…


 

- Солай болды ғой. Жаңағы оқиғадан кейін “қазақтың балаларын жоғарғы оқу орнына процентпен алу керек” деген заң шықты. Жұбақаң осы жөнінде Колбиннің арнайы қабылдауында болып қайтты. “Қалайша сіз осындай заң шығарып отырсыз? Ауылдан келген қазақтың балалары Балтық жағалауына, Украинаға, Мәскеу немесе басқа шет елдерге барып бiлiм ала алмайды. Мүмкіндігі жоқ. Керісінше, Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлiмдерiн көптеп ашып, ауылдың балаларына жоғары бiлiм алуына жағдай жасалынуы тиiс” депті.

Кейінірек Колбин Жазушылар Одағына тағы да келіпті. “Процент дегенді алып тастаймыз, қамауда отырғандарды босатамыз, ақтаймыз, өйтеміз-бүйтеміз» деп айтуға келген ғой. Сөйлеп болған соң залда отырған Жұбақаңа қарап: “Қалай, мен дұрыс айттым ба? Енді көңілің толды ма” деген екен.

Жұбан сырттағы мәселелерін үйге алып келмейтін. Кейде жұмысынан қабағы түйіліп келіп, сөйлемей жүреді ғой. Сондайда мен: “Жұбақа, Жазушылар Одағындағы болған нәрселерді үйге алып келме. Отбасына келгесін мен, балалар бар. Сыртқы түсініспеушілік отбасымызға әсер етпей-ақ қойсын” деп айтып қойғам. Әрине, кейінгі жылдары ауырды, жиналыстардан қабағы түсіп шығып жүрді. Ондайда түсіністік танытуға тырыстым. Тамағын әзірлеп, төсегін салып, мазасын алмай дегендей.


 

- Осы оқиғадан кейін Жұбан ағамыздың жағдайы нашарлап кетіпті деген әңгімелерді естиміз.


 

- Одан бұрын да ауырып жүрді. Желтоқсан оқиғасынан кейін күрт нашарлап кетті деуге де болмайды. Бірақ оның да кесірі тиген шығар деп ойлаймын. Жүрекке салмақ түседі ғой. Өзі қылтың-сылтыңды білмейтін, тік мінез адам. Анау мынадай деді, бүйтті-сөйтті деген өсек-аяңды жек көретін. Ондайда Жұбақаң: “Дәлелің бар ма? Дәлел болса, сөзім жоқ. Егер жоқ болса, маған түк те қажеті жоқ” дейтін. Бетің бар, жүзің бар демей тіке айта салады. Біреу: “Жұбан Молдағалиев барлық пәтерді тек оралдықтарға берді” депті. Тексеріп қараса, олай емес. Сыртынан тас ататындар көп қой. Жұбақаң өзі айтпайды, маған Сейітжан Омаров деген кісі айтады: Бір жиналыста айтыпты: “Аспаннан Құдай түсіп, Жазушылар Одағына секретар болса, ол да сендерге жақпас. Мен өзім барымша жұмыс жасап жатырмын. Риза болмасаңдар өз шаруаларың” депті.


 

- Қадыр Мырза Әлі ақын “Иірім” атты естеліктер кітабында: “Өлгеніне емес, өліміне сенбеймін. Оның ауруы аяқ асты өле салатын ауру болмайтын…” деп жазды. Бұл сөздер қаншалықты рас?


 

- Оған да нақты дәлел керек. Жұбан ауырды. Бауырынан артық ет (кистичка) тауыпты. Жұбақаңды академик Мұхтар Әлиев қарап жүрді. Сол кісі «анализ алайық» деп шақырған. Анализ алған кезде әлдебір қате болып, іштен қан кеткен дейді. Қайдан білейін енді? Ешкімге жала жаба алмайсың ғой. Жұбағаң сол іштен қан кетуден көз жұмды. Қан тоқтамаған. Ауруханаға өз аяғымен барды, сүйегі шықты…


 

- Ағаның рухани тұрғыда қандай да бір соққы алып, қатты қиналған кездері болып па еді?


 

- “Хатшыға хат” өлеңі шыққан кезде идеология секретары Имашов (сөзіміз ауыр болмасын, ол кісі де қайтыс болып кетті ғой) өлеңді көбейтіп шығарып, министрлерге таратып берген көрінеді. Бұған да да нақты факт жоқ. Сыртынан айтылған, естігеніміз ғой. “Социалистік Қазақстан” газетіне бір топтамасы шыққан кезде есімде, Жұбақаң анда-мында барып көп шапқылап кетті… Кітабын да шығара алмай жүрген. Содан Қонаевқа барыпты. Қонаев: “Ақын деген жаза береді. Одан ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ” деп тоқтау салыпты. Сосын бәрі тынышталды ғой.


 

- Ол кісі қай кезде жазатын, жазу үстеліне қай уақытта отыратын?


 

- Соңғы жылдары шығармашылық демалысқа шыққан кезде үйде болды. Таңартең 7-де тұрады, бір стақан айранын ішеді де, республика сарайының сырт жағында кетеді. Сол жақта жаяу қыдыруға арналған жол бар, жазушылардың көбі сол жақта жүреді. Екі сағаттай жүріп, 9-дарға қарай үйге келеді. Таңертеңгі асын ішіп, үстеліне отырады. Сосын түскі асқа дейін жұмыс жасайды. Болғасын, тамағын ішіп демалады. Теледидар қарайды. Спортты жақсы көретін. Өзі ойнамаса да жақсы жанкүйер еді. Хоккей, футбол, шахматты ұнататын. Теледидардан шыдай алмай, радио қабылдағыштан тыңдайды. Балалардың бәрі де спортқа қызығып өсті.


 

- Ел білмейтін басқа қандай қырлары бар еді?


 

- Спортты ұнатты, жаяу жүргенді жақсы көрді. Ал жұмыс кездерінде бір айға, кейде екі айға демалыс алып, Балтық жағалауына, Юрмалаға барады. Юрмалада «Шығармашылық үйі» бар. Теңіздің жағасында қыдырып, шығармашылықпен айналысып қайтады. Мәскеудің Малиевка деген жерінде Жазушылар одағының «Шығармашылық үйі» бар. Ақпан айында барамыз, керемет жер. Сықырлаған сары аязда ауа да тамаша. Жұбағаң әрлі-бері жаяу жүріп, қыдырады. Сосын жұмысқа отыратын. Ол жерге әр республиканың жазушылары жиналатын. Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Евтушенко, башқұрттың, татардың жазушылары, аудармашы еврейлер (фамилияларын ұмытып тұрмын), бәрі келеді. Талай біздің үйден дәм татқан ақын-жазушылар сол жерде мені “Софья ханым” деп құрметтеп жатады. Жұбан Мемлекеттік сыйлық комиссиясының қатарында болды ғой. Мәскеуге барған кезде кино, спектакл, концерттік бағдарламаларды бірге тамашалайтынбыз. Мүсілім Магомаевтің концертіне бардық. Мәскеудің қонақ үйіне тоқтаймыз, мейрамханасынан тамақ ішеміз. Өңкей мықтылар сол жерде жүреді. Бірақ мен ол кісілерді елеп, бағаламайтынмын. Жазушы ма, әртіс пе сәлемдесеміз, кетеміз, болды. “Неге сонда күнделік жазбағанмын” деп ойлаймын қазір. Осы күні бәрін ұмытып та қалдық қой. Бір таңқалатыным, сол жазушылар әр жылда басқа әйелмен келетін. Сосын Жұбанға: “жазғытұры келгенде бір әйел, күзде келгенде бір әйел, бұлары не?” десем, “сенің оларда не шаруаң бар” деп тиып тастайтын.


 

- “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деген. Жұбан ағамызға да көп қыздар ғашық болған шығар…


 

- Жұбанды рентгенолог врач әйел қарайтын. Бір күні барсам, маған айтады: “Софья Маликовна, я вот влюблена вашего мужа. Но он на меня ноль внимания” дейді. Мен: “Извините, я ничего здесь не могу сделать” дедім. Енді мен не істейін? Жұбақаң көркем, әдемі еді ғой.


 

- Жұбан Молдағалиевтің архиві жайлы айтыңызшы. Бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған дүниелері бар ма? Көзі тірісінде кітапханасына қанша кітап жиып еді?


 

- Жұбақаң күнделік жазбады. Нағыз партияның адамы болды ғой. Кітап қоры мол. Жазушылар бір біріне сыйлап жатады. Кітапханасы үлкен еді. Жоқшылық кезі болса да Жұбанның 80-жылдығын өткіземіз деп, біз қазіргі тұрып жатырған үйімізді Америка елшілігіне тапсырдық. Бір жылдық ақшасына басқа жерден үш бөлмелі үй сатып алдық. 80-жылдығында Алматыдан жиналысын жасауға Жазушылар Одағының қаражаты жетпеді ғой.


 

- Ақынның жары еді деп Жазушылар Одағынан көңіл бөлініп тұрады ма? Жиын-кештерге шақырып дегендей…


 

- Бәрі жақсы, Нұрланға ризамын. Көрген жерде “апалап” амандасып тұрады. Сәлемі түзу. Басқа хатшылар бұрын өйтпейтін. Жазушылар Одағына басшы болу оңай нәрсе емес. Қазір оларға үкімет ақша бөлмейді. Өз күшімен отыр. Кезінде Жұбақаңдар істеп жүргенде үкімет бар жағдайын қамтамасыз ететін. Нұрланды қанша даттап, газеттерге жазып жатса да, мен үшін сол кісіден артығы жоқ сияқты. “Қазақ әдебиеті” мен “Жас алашты” Одақ тегін жазып береді. Сол газеттерден әдеби процесті бақылап, үйде қарап отырамын.


 

- Ағамыздың шығармашылығының насихатталуы жөнінде не айтасыз?


 

- Көңілім толыңқырамайды. Әйелдер асханада отырып алып айтамыз ғой: “Мұқағалидан басқа ақын жоқ па?” деп. Қит етсе, «Мұқағали» дейтін болыпты. Мұқағалиды жас кезінен жақсы танимыз. Бұрын біздің үйге де жиі келетін. Жұбаннан қарызға талай ақша да алған. Көбіне ішіп жүретін. Сол ішіп жүрген кезінде көп адамға сүйкімсіз көрініп, өлеңдерін бағалата алмаған ғой. Әйтпесе керемет ақын. Қазір балалары, келіндері шығармашылығын жақсы насихаттап жүр. Оны қызғанып отырған жоқпыз. Қай ақын болса да өлеңдері елге жетіп, ізделіп жатса, жақсы ғой.


 

- Насихаттау жағын өздеріңіз неге қолға алмайсыздар?


 

- Жұбан жалғыз өсті деп жоғарыда айттым. “Менің артымнан жүретін кісі болмайды” деп айтатын. Біз балаларды қалай тәрбиеледік? “Ойбай, ұят болады” деп көп нәрседен шектеп тастадық. Жазушылар, қонақ келгенде тамағын беріп, бір бөлмеге қамап қоятынбыз. Шығушы болмаңдар деп ұрсамыз. Соның бәрі дұрыс емес екен. Дастарханға бірге отырғызып, айтары көп ағалардың әңгімесін тыңдату керек екен. Біздің балалар орысша сөйлейді ғой, өздері де қызықпады. Қазірдің өзінде “біз осындай кісілерді қабылдап едік, танимыз” демейді. Бәрін таниды, біледі. Бірақ бағалай алмайды. Ұлым “Мен қазақпын” поэмасын қазақ, орыс тілдерінде кітап етіп шығарды. Жиын-кештерінде қонағасын беру де өз мойынымызда ғой.


 

Тұманбай Молдағалиев дүние салғанда марқұм Еркеғали Рахмадиевпен жолығып қалдым. “Жұбанның “Мен қазақпын” поэмасын рэп қылып айтып жүр, сіз ризасыз ба” деп сұрады. Өз көңілі толмай тұр. Ән шықты, халыққа тарап та кетті. “Сен баяғыда Жұбанның өлеңдеріне ән жазам деп едің ғой. Жазбайсың ба енді?” – деймін мен. Сол ән жастардың көңілінен шығып жатса, айтыла берсін. Мүмкін басқа кісі шығып, басқа ән жазар. Жұбан ән мәтіндеріне сөз жазуға көп қызықпады ғой. Мына Шөмішбай Сариевтар қазір жақсы жазып жүр. Кезінде ол да жүретін шашы бұйра-бұйра “Пушкинмін” деп. Қазір кітап таралымы да аз. С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтар насихатталып жатыр ма қазір? Жоқ. Тек туған күндерінде ғана бір еске аламыз. Жұбанның да шығармашылығы кең тарайтын өз уақыты бір келер деп ойлаймын.


 

- Кіші ұлыңыздың қолында тұрып жатырсыз ба?


 

- Иә, кенже баламның қолындамын. Келінім – Айгүл Мұстафаева Құрманғазы атындағы консерваторияда домбырадан, қобыздан сабақ береді. Балам энергетик болғанымен, басқа салада қызмет атқарады. Құдайға шүкір, 8 немере, 6 шөбереміз бар.

Өзім аяғым ісіп, қан қысымым көтеріліп, аздап ауырып та қаламын. Былтыр тамыз айында ауырынқырап қалып, емделдім. Осы күніме шүкіршілік айтам. Ұл-қыздарым, немерелерім, келіндерім, бәрі құрметтейді. Алдымда “апакалап” жүгіріп жүреді.


 

- Әңгімеңізге рахмет, Софья апай! Ауырмаңыз! Жұбандай ағамыздың өнегелі өмірін бізге жеткізіп, аман-сау жүре беріңіз!


 


 

Әңгімелескен Шерхан Талап


 


 

http://ult.kz/


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар