Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы)...

24.07.2018 6331

«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы)

«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы) - adebiportal.kz

«ЕСІМЕ АЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ…»

Минскінің шет жағындағы, соғыстан кейін бірден салынған үш қабатты үй, өзі көптен бері жасминнің ақ гүлді бұталарына жайлы оралған. Менің төрт жылға созылатын ізденісім, осы жолдарды жазып отырмағанда да іркілмеген, тура осы үйден басталған. Расында мен ол кезде бұл турасында күдіктенген де жоқ едім.

Мені мұнда қалалық гәзитте жарияланған, Минскідегі «Ударник» жол мәшинелері зауытының аға бухгалтері Мария Ивановна Морозованы зейнеткерлікке қалай шығарып салғандықтары жайлы кішкентай ғана мақала алып келген еді. Ал соғыс кезінде ол мерген болып қызмет еткен, он бір әскери наградалары бар көрінеді. Санамда осынау әйелдің сондағы мамандығын оның бейбіт тіршілігімен қиыстыру қиынға түсті. Бірақ осы сәйкессіздіктен 1941–1945 жылдары кім солдат болып еді деген сауалға жауап та сезіліп тұрды.

…Басын айналдыра ұзын бұрымымен орап тастаған, өзінің гәзиттегі онша айқын емес суретіне мүлде ұқсамайтын көңіл жібітерлік бейнедегі кішкентай ғана әйел қолдарымен бетін жауып, үлкен креслода отырды:

– Жо-жоқ, есіме алғым келмейді... Жүйкем жібермейді. Осы уақытқа дейін әскери фильмдерді көре алмаймын...

Сонсоң сауал қойды:

– Ал сіз маған неге келдіңіз? Менің күйеуіммен сөйлессеңіз ғой, ол айтып берер еді... Командирлерін, генералдарды қалай атағанын, әскери бөлімдердің сандарын – бәрін де жадында сақтаған. Ал менде – ондай жоқ. Мен тек өзімнің қандай кепке ұшырағанымды есімде қалдырыппын. Жаныңды шегедей тескілеген жайттарды ғана...

Магнитофонды алып тастауымды өтінді:

– Маған сіздің жанарларыңыз қажет, ал мынау кедергі болады.

Бірақ бірер минөттен кейін оны да ұмытты...

Мерген, ефрейтор Мария Ивановна Морозова (Иванушкина):

«Менің туған ауылым Дьяковское тұрған жер бүгінде Мәскеудің Пролетар ауданы деп аталады. Соғыс басталғанда мен он сегізге толған едім. Колхозға барып жүретінмін, одан бухгалтерлік курсты бітірдім, жұмыс істей бастадым. Және біз бір мезгілде военкоматтағы курстарға да қатыстық. Онда бізге әскери винтовкадан атуды үйретті. Үйірмеде қырық қыз даярландық. Біздің деревнядан – төрт адам, көршілерден – бесеу, бір сөзбен айтқанда, әр деревнядан шамалыдан алды. Және бәрі де қыздар... Еркектердің шамасы келгендері майданға кетіп тынды ғой...

Көп ұзамай комсомолдың Орталық Комитетінің жастарға арнаған үндеуі пайда болды – жау Мәскеудің түбіне жетіп келді, Отанды қорғау қажет болды. Мен ғана емес, қыздардың барлығы да майданға ұмтылды. Менің әкем де соғысқа кетті. Біз жалғыз сондай екенбіз деп жүрдік... Ал военкоматқа келсек – қыздар толып жүр. Іріктеп алу өте қатаң болды. Алдымен, әрине, мықты денсаулығың болуы керек. Өзімді алмайтын шығар деп қатты қаймықтым, өйткені бала кезімде көп ауырдым, тым әлсіз болатынмын. Сонсоң, соғысқа бармақшы қыздың үйінде өзінен басқа ешкім қалмайтындай болса, оны да алмайтын, өйткені анаңды жалғыз тастауға болмайды. Ал, менің артымда екі сіңілім мен екі бауырым қалып бара жатқан, бірақ кішкентай-кішкентай еді, әйтсе де, есепке алынатын. Оның бер жағында және бір жағдаят – ересектердің бәрі майданға кетті, егіс даласы мен танаптарда жұмыс істейтін ешкім қалмады деп колхоздың председателі де бізді босатқысы келмеді. Бір сөзбен айтқанда, біздерді соғысқа алмай қойды. Біз комсомолдың аудандық комитетіне де бардық, онда да жібермеді.

Содан комсомолдың облыстық комитетіне де өтіндік. Бізді тағы да алған жоқ. Енді біз Мәскеуде тұрғандықтан комсомолдың Орталық Комитетіне баруды шештік. Ал кім баяндайды, ішіміздегі ең ширағымыз қайсы? Біреуіміз барсақ та бола ма, әйтпесе хатшыға жетпек түгілі, дәлізіне де кіре алмайсың. Өйткені онда бүкіл Одақтан келген біз сияқты жастар толып жүретін-ді, іштерінде оккупацияға ұшырағандар да баршылық еді, қаза тапқан жақындарының өшін алуға ұмтылып жүргендер қаншама десеңізші!

Кешке қарай хатшыға да жеттік-ау. Бізден сұрап жатыр: «Егер сендер мылтықтан ату білмесеңдер, майданға қалай бармақсыңдар?» дейді. Ал біз болсақ, ендігі үйреніп алғанбыз дейміз... «Қайдан?.. Қалай?.. Ал жарақатты таңуды білесіңдер ме?» Біз айтамыз: военкоматтың жанындағы үйірмеде аудандық дәрігер үйреткен дейміз... Иә, біздің «көзіріміз» қолымызда болатын – біз қырық адамбыз, бәріміз де ату, алғашқы медициналық көмек көрсетуді бір кісідей білеміз десіп жатырмыз. Бізге былай деді: «Бара тұрыңдар, тоса тұрыңдар. Сендердің мәселелерің оңтайлы шешілетін болады». Арада екі күн өтпей жатып қолымызға повестка ұстатты...

Біз военкоматқа жетіп келдік, табан астында бір есіктен кіргізіп, екіншісінен шығарды; менің тамаша бұрымым бар еді, мен оны мақтан ететінмін. Иә, екінші есіктен соны қиғызып шықтым... Көйлегімізді де тастадық. Анама не көйлегімді, не бұрымымды беріп үлгермедім... Ол менен тым болмаса осылары қалсыншы деп өтініп жүруші еді... Бізге дереу гимнастеркалар мен пилоткаларды кигізді де, қолымызға торба беріп, тауар пойызына артты да, майданға қоя берді...

Біз өзімізді қайда апарып, қайда тіркейтінін де білгеніміз жоқ. Әрі-беріден соң біздің кім болатынымыз пәлендей маңызды емес еді. Әйтеуір майданға жетсек болды. Елдің бәрі соғысып жатыр, біз де соғыспақпыз. Щелково стансасына келдік, оған тақау жерде әйелдердің мергендер мектебі бар екен. Сөйтсек, сонда әкеліпті.

Содан оқи бастадық. Гарнизон қызметінің, тәртіп уставтарын үйрендік, жатқан жерге жасырыну, химиялық қорғанысты да игердік. Қыздар тырмысып бақты. Мерген мылтығын көзіңізді жұмып қойып жинақтау мен қайта шашып тастау, желдің жылдамдығын аңғару, нысананың қозғалысы мен оған дейінгі аралықты байқастау, шұңқыр қазу, пластунша еңбектеу – бәрі, бәрі де біз үшін бұйым болмай қалды. Курстарды аяқтағанда оқ ату және қатардағы дайындықты «беске» тапсырдым.

Есімде қалған ең қиыны – тревогамен атып тұрып, бес минөтте тас-түйін әзір тұру еді. Уақыт жоғалтпай тез жиналу үшін біз етікті бір-екі нөмір кеңірек алатынбыз. Тіпті етікті жалаң аяққа іле салып, сапқа тұруға жүгіріп баратынбыз. Бір қыз сөйтіп аяғын үсітіп ала жаздағаны бар. Старшина байқап қалып, ескерту жасады, сонсоң шұлғауды қалай орауды үйретті де: «Мен сендерді, қыздарды, фрицтерге нысана емес, қалайша солдат жасаймын?» деп гүжілдеп тұрушы еді, жарықтық...

Сонымен, біз де майданға жеттік-ау. Оршаның түбіне... Алпыс екінші атқыштар дивизиясына... Командир, тап қазіргідей есімде, полковник Бородкин бізді көрді де, ашуға басты: қыздарды әкеп тоғытқаны несі?! Бірақ, сонсоң өзіне шақырды, түскі тамақ бергізді. Естіп отырмыз, адъютантынан сұрап қояды: «Бізде шайға тартар тәтті жоқ па екен?» деп. Біз ашуға басайық: бізді кімге балап тұр өзі? Біз соғысуға келдік қой... Ал ол бізді жауынгерлер емес, қатардағы қыздар ретінде қабылдайды. Шындығында біз оның қыздары қатарлы едік. Ол бізді қабылдағанда, «Шырақтарым-ау, мен сендерді қайтпекпін енді?» деп еді-ау. Ал біз болсақ, өзімізді солдат санап, күпиіп жүрміз ғой, таза...

Ертеңіне біздің қалай ататындығымызды, жер үстінде қалай жасырынатындығымызды көрсетуімізді бұйырды. Жақсы атыстық, тіпті еркек мергендерден де тәуір көрсеткішке жеттік. Оларды алғы шептен екі күндік курсқа бері шақырып алған болатын. Одан соң жер бетінде жасырыну... Полковник келді де, алаңқай жерді аралап, бір төмпешікке отыра кетті – ештеңе көрінбейді. Осы кезде әлгі «төмпешік» ойбай салсын: «Ой, жолдас полковник, бұдан әрі шыдай алар емеспін, ауыр-ақ екенсіз, тезірек тұрыңызшы...» Ел күлкіден қырылып қалсын! Полковник осылайша жасырынуға болады екен деп мүлде ойламапты. «Енді, қыздар жайлы айтқан сөздерімді қайтып аламын» деді. Сөйтсе де, ол біз алғы шепке жөнелгенде қатты қиналатын, әр жолы абай болыңдар, беталды тәуекелге бармаңдар деп ескертіп отыратын.

Алғашқы күні мен серіктесім Маша Козлова екеуіміз «аң қағуға» (мергендер осылай атайды) бардық. Жасырынып алып, жаттық: мен бақылау жасаймын, Машаның қолында – винтовка. Кенет Маша маған:

– Ат, ат! Көрдің бе, әне, неміс… – дейді.

Мен оған:

– Мен бақылау жасап жатырмын. Сен ат! – деймін.

– Біз «кім атадыны шешкенше», – дейді ол, – анау кетіп қалады.

Ал мен оған өзімдікін нығарлаймын:

– Әуелі ату картасын жасау керек, нысананы құрастырған жөн: қора қайда, қайың қайда дегендейін…

– Сен тап бір мектептегідей, қағаздағы оттаубайыңды көлденең тартпақсың ба? Мен қағаз жазу үшін емес, ату үшін келдім!

Көріп тұрмын, енді Маша маған ашулана бастады.

– Атсаң, атсаңшы, не ғыл деп жатырсың?

Біз осылайша керістік те қалдық. Шындығында, осы уақыт ішінде неміс офицері солдаттарына нұсқау беріп жатты. Одан көлік келді, солдат тізбектеліп тұра қалысып, әлдебір жүкті бір-біріне берісе бастады. Әлгі офицер тұрған бойы бірдеңе айтты да, жоғалып кетті. Біз болсақ әлі ұрсысып жатырмыз. Мен оның екі рет пайда болғанын көрдім, енді және жіберіп алсақ, офицерден таза айрылып қаламыз. Сөйтіп ол үшінші рет пайда болғанда, бұл дегеніңіз бір ғана сәт қой – біресе көрінеді, біресе жоғалады – енді мен атуға бел будым. Сөйтсем де, кенет мынадай ой шарпып өткені: жау болса да, ол да адам ғой. Содан қолдарым қалтырай бастады, денемді діріл басты. Әлдебір қорқыныш келді... Фанер нысаналардан кейін тірі адамға оқ ату қиынға соқты. Бірақ мен өзімді өзім қолыма алдым да, мылтықтың шүріппесін басып қалдым... Анау қолдарын ербең еткізді де, мұрттай ұшты. Өлді ме, жоқ па, оншасын білмеймін. бірақ осыдан соң, бұрынғыдан да жаман дірілдей бастадым, әлдебір қорқыныш сап ете түсті: мен адамды өлтірдім ғой...

Біз қайтып оралғанда өз взводымда бастан өткергенімді айтып едім, жиналыс өткізілді. Біздегі комсорг Клава Иванова мені сендіре бастады: «Оларды аяп керегі жоқ, жек көру қажет...» Фашистер оның әкесін өлтіріпті. Біз кейде ән салғымыз келсе, ол өтініш айтады: «Қыздар қойыңдаршы, мына сұрқияларды жеңейікші, сонда әндетерміз» дейтін.

Бірер күн өткеннен кейін Мария Ивановна маған телефон шалып, өзінің майдандас құрбысы Клавдия Григорьевна Крохинанікіне шақырды. Мен қыздардың солдаттарға айналып, кісі өлтіруге кірісулерінің қаншалықты қиын екендігі жайлы тағы да естідім.

Мерген, аға сержант Клавдия Григорьевна Крохина:

«Біз жасырындық, мен аңдып жатырмын. Міне көріп қалдым: әлдебір неміс сәл көтеріле беріп еді, мен шүріппені басып қалдым, анау жалп ете түсті. Денем қалшылдап, безгек ұрғандай болдым. Мен жылап жібердім. Кезінде нысаналарды атқанда ештеңе етпеген сияқты еді, ал мына жерде: мен қалайша адамды өлтірдім?..

Кейін бұл сезім өтіп тынды. Қалай «өтіп тынды» дейсіз бе? Біз Шығыс Пруссиядағы кішкене кентке апарар жолда келе жаттық. Сонда жолдың қасында барақ па, әлде үй ме, әйтеуір бәрі жанып жатты, жанып бітті, тек көмірлері ғана қалыпты, ал олардың ішінен жанып кеткен жұлдызшаларды көрдім, бұлар біздің жаралылар немесе тұтқындар еді... Осыдан кейін, мен жауды қанша өлтірсем де аяған емеспін. Ана жанып жатқан сүйектерді көргенде, өзіме өзім келе алмадым, тек қана ыза мен кек алу сезімдері қалып қойды.

…Майданнан шашым әппақ болып оралдым. Жиырма бір жаста ғанамын, тек шашым әппақ. Мен жараландым, контузия да алдым, бір құлағым естімей қалды. Анам мені: «Сенің келетініңе сендім. Мен сен үшін күндіз-түні дұға оқитынмын» деген сөздермен қарсы алды. Бауырым майданда қайтыс болды. Анам жылап тұрды:

– Ұл ма, қыз ба, бәрі бірдей, таба бер әйтеуір. Бауырың еркек қой, ол Отанын қорғауға тиісті, ал сен қызсың. Мен тек бір жайды ғана сұрадым: егер жарақат алса, қыздың жарымжан болып қалғанынан өліп қалғаны көп жақсы дейтінмін.

Мен Челябинск облысының тумасымын, белорус емеспін, мұнда мені күйеуім алып келген, сонда әлдебір рудалар қазылып алынатын. Жарылыстар басталса болды-ақ мен кереуеттен атып тұрып, алдымен шинелімді ала жүгіретінмін-ді – зыту керек, әйтеуір бір жаққа қарай зыту керек. Мамам мені бас салып, жас балаша жұбататын. Қаншама рет кереуеттен ұшып түсіп, шинельге жүгірдім десеңізші...»

Бөлме жылы болса да, Мария Ивановна жүннен тоқылған ауыр жамылғыға оранған – ол қалтырап отыр. Әңгімесін одан әрі жалғастырады:

«Біздің барлаушылар неміс офицерін қолға түсіріпті – ол таңғалады екен, қарамағында шығын болған көп солдаттың бәрі де басынан оқ тиіп қаза болған. «Менің сонша солдатымды өлтірген атқышты көрсетіңдерші, – деп өтініпті әлгі. – Қарауыма келгендерден күн сайын он адамға дейін өліп жатты». Полк командирі әрі қарай былай депті: «Өкінішке орай, мен оны көрсете алмаймын. Ол мерген қыз – Саша Шляхова еді, бірақ ол қаза тапты». Бұл қыз мергендердің текетіресінде өлген-ді. Оны өлтірткен қызыл шарф деуге болады. Ол осынау шарфты өте ұнататын еді. Ал қызыл шарф ақ қардың үстінде «айғайлап тұрады», тура демаскировканың өзі. Неміс офицері ол мергеннің қыз екенін естігенде, не айтарын білмей, басын сылқ еткізіп төмен түсіріп жіберген екен...

Біз қос-қостан жүретінбіз, жалғыз өзіңе қараңғыда қалқайып отыру азап, көздерің жасаурайды, қолдарыңнан жан кеткендей болады, бүкіл денең сөйткендей күйге ұшырайсың. Әсіресе қыстыгүні өте қиын. Астыңдағы қар ери бастайды. Таң біліне алғы шепке шығып, қас қарая қайтатынбыз. Он екі сағат, тіпті одан да ұзақ уақыт біз қардың үстінде жататынбыз, немесе ағаштың басына әйтпесе қираған үйдің шатырына жасырынатынбыз, әйтеуір жау біздің қай тұстан бақылау жасап жатқанымызды білмесе болғаны. Шамамыз келгенше жақын жерден: неміс жатқан траншеядан жеті жүз-сегіз жүз немесе бес-ақ жүз метр жерден бой тасалайтынбыз.

Мен бізге осынша батылдықтың қайдан келетінін түсінбеймін. Әйтпесе Жасаған әйелді солдат етіп жаратпаған ғой. Сіздерге бір оқиғаны айтайын...

Біз шабуылға шықтық, тіпті тым үрдіс қимылдадық. Содан әбден шаршадық, бізді қамтамасыз ететін бөлімшелер кейін қалып қойды, оқ-дәрі таусылды, азық-түлік бітті, асүйді снаряд жарып кетті. Үш тәулік бойына кепкен нанмен отырдық, тіліміз тілім-тілім болып аузымызға сыймай кетті.

Менің қасымдағы серіктесім оққа ұшты, жаңа серіктес тауып, сол қыз баламен алғы шепке бара жаттық. Кенет қарасақ: бейтарап жерде – оны соғыс тілінде «нейтралка» дейді – бір құлын тұр. Әдемілігі қандай өзінің, мамық құйрығы үлп-үлп етеді.

...Тап бір ешқандай соғыс жоқтай өз бетімен марғау жайылып жүр. Естіп жатырмыз, оны көрген немістер де шулайды. Біздің солдаттар да өзара сөйлесуде:

– Кетіп қалады-ау, ә. Әйтпесе тамаша сорпа болар еді...

– Мынадай қашықтықта оны автоматпен ала алмайсың…

Олар бізді көріп қалды:

– Міне, мергендер келе жатыр. Олар оны қазір… Қане, қыздар!..

Не істеу керек? Мен ойланып та үлгергем жоқ. көздедім де тартып жібердім. Құлын аяқтарын бір серпіді де, бүйіріне құлап түсті. Жел жеткізді – шыңғыра кісінеп қоя берді.

Сонсоң барып ойланайын: мен неге өйттім? Әп-әдемі жануар еді, ал мен оны сорпаға деп өлтірдім! Естіп тұрмын, арт жағымда әлдекім жыламсырайды. Жалт қарасам, менімен келген жаңа қыз екен.

– Не болды саған? – деймін.

– Құлынды аяп кеттім… – ал көздері жасқа толып кетіпті.

– Ах-ах-ах, қандай нәзік жансың, ә? Ал біз үш күн бойына ашпыз. Сен әлі ешкімді көмген жоқсың, күллі асай-мұсайыңмен күніне отыз шақырым шагайттап көр қане. Әрі ашсың! Алдымен фрицтерді қуып шығуымыз керек, сонсоң уайымдай жатармыз...

Солдаттарға қарасам, әлгінде ғана мені көтермелеген, айғайлаған, өтінген сабаздар, енді ештеңе көрмегендей өз шаруаларымен бола қалыпты. Ал маған қайтпек керек? Отыра қал да, ал жыла...

Мен бір қатыгез қасапшы сияқты көріндім. Ал өзім болсам, бала шағымнан тіршілік иелері атаулыны сүйетінмін. Біздің отбасымызда мен мектепке бара бастағам – бір ауру сиырды союға тура келді, мен екі күн бойы жыладым. Боздағаным сондай, мамам мені есі ауысып кетер ме екен деп зәресі ұшты. Ал қазір – бац! – еш қорғанышы жоқ құлынды тырайтып салдым.

Кешкісін бізге тамақ әкелді. Аспаздар: «Ту, жігітсің, мерген... Бүгін қазанда ет бар...» десіп жатыр. Бізге котелоктарды қойды да, өздері шығып кетті. Ал менің қыздарым тағамға жақындар емес. Мен не болғанын енді түсіндім де, көз жасымды төгіп, жеркепеден ата жөнелдім... Қыздарым – соңымнан, бәрі жабылып жұбатысып жатыр. Әркім өз котелогын алды да, жей бастадық. Міне, қалай болғаны...

Түнде бізде әңгімеден басқа не бар? Не жайлы айтушы едік? Әрине, әркім өз үйі, өз анасы, әкесі қандай болғаны, әйтпесе бауырларының қалай соғысқаны туралы да... Сонсоң, соғыстан кейін кім боламыз дейміз. Тұрмысқа шығайық, сонда күйеулеріміз бізді сүйетін бола ма? Сондайда біздің капитан күлетін де, былай дейтін:

– Ех, қыздар-ай! Елдің бәріне ыңғайлысыңдар, бірақ соғыстан соң сендерге үйленуге қорқатын шығар. Қолдарың мерген, тәрелкені тура жіберіп, өлтіріп тастайсыңдар ғой.

Мен күйеуіме соғыста кездестім, бір полкта болғанбыз. Ол екі рет жараланған, контузиясы және бар. Бүкіл соғысты бастан аяқ өткен, ғұмыр бойы әскери адам болды. Оған менің жүйкем шайқалған деп айтудың қажеті жоқ. егер мен оған дауыс көтере бастасам, ол біресе байқамаған болады, немесе таза үн қатпайды. Сөйтіп міне, отыз бес жыл «шәй» деспей, бірге тұрып келеміз. Екі бала өсірдік, оларға жоғары білім әпердік.

Және бір әңгіме айтайыншы... Сонымен мені әскерден босатты, мен Мәскеуге келдім. Ал бізге Мәскеуден ары қарай бірнеше шақырым жаяу жүру керек. Қазір онда – метро, ал ол кезде шие бақшалары, ойдым-ойдым жыралар жататын. Бір жыра тіптен терең, менің содан өтуім қажет. Ендігі күн қарауытып та кетіп еді, жеткенімше сол болды. Әрине, мен бұл жырадан өтуге қорықтым, не істерімді білмей тұрмын: ізіммен кері қайтып, күннің шығуын тосуым керек пе, жоқ әлде батылданып алып, өтуім қажет пе? Қазір ойласам, күлкім келеді – майданды көктей өттім, не көрмеді мына бас: өлім-жітімді де көріп бақтым, ал осы жерде жырадан өтуге қорқақтаймын. Соғыс қыздардың ештеңесін де өзгертпепті. Бірде Алманиядан қайтып келе жатқанда, әлдекімнің рюкзагынан тышқан атып шыққанда, қыздардың баршасы секіріп-секіріп түсті, жоғарғы полкадағылар болса, бақырып жатыр. Бізбен бірге қайтып келе жатқан капитан таңғалды: «Әрқайсыңның омырауыңда орден бар, сонда тышқаннан қорықпақтарың не?»

Менің бағыма қарай арт жақтан жүк мәшинесі келе жатты. Қолымды көтерейін деп ойладым.

Мәшине тоқтады.

– Мен Дьяковскоеге дейін барушы едім, – деймін.

– Мен де Дьяковскоеге дейін барушы едім, – деп күледі жас жігіт.

Мен кәбеңкеге отырдым, ол менің шабаданымды қорапқа орналастырды. Менің формамды, наградаларымды көрді.

– Неше немісті өлтірдің? – деп сұрайды

– Жетпіс бесін.

Ол сәл кідірді де, күлімсіреді:

– Өтірік соқпа, бір де бірін көрген жоқ шығарсың, сірә!

Мен осы кезде оны тани кеттім:

– Колька Чижовпісің? Сенбісің? Есіңде ме, мен саған галстук тағып едім ғой?..

Соғысқа дейін мен өз мектебімде пионер жетекшісі болған едім.

– Маруська, сенсің бе?

– Менмін…

– Рас па? – ол мәшинесін кідіртті.

– Үйге жеткізсеңші, жолдың ортасында тормоз бермегің не? – Менің көзіме жас үйірілді. Көріп тұрмын, ол да сөйтті. Міне, осындай кездесу болды!

Үйге жақындап келдік, ол шабаданды алып, анама қарай жүгіре жөнелді:

– Тезірек, мен сізге қызыңызды алып келдім!

Келуін келдім-ау, бірақ бәрін де жаңадан бастауыма тура келді. Төпли киіп жүруді үйрендім, майданды үш жыл бойына етікпен кештік қой. Біз түрлі қайыс белбеулерге үйренгенбіз, ендігі жай киім сөлбірейіп тұрғандай болып көрінеді, өзіңді ыңғайсыз сезінесің. Біз юбкаларды мойындамайтынбыз, киетініміз – шалбар, кешке жуасың, астыңа салып жатсаң, үтіктелді дей бер. Рас, онша кеппейді де. Аязға шықсаң, қабыршық пайда болады. Азаматтық көйлекпен келе жатсаң да, офицерді көрсең, әскери сәлем беруге еріксіз қолың көтеріле береді. Үйрендік, паек, бәрі мемлекеттік, сөйтіп нан дүкеніне келгенде керегіңше алып, шығып жүре бересің. Ертесіне ойыңа түседі, ұяласың, кешірім сұрап, бірдеңе аласың да, бәріне бір-ақ төлейсің. Сатушылар бізге ренжімейтін, олар ендігі түсінетін...»

Мария Ивановна үнсіз қалды. Бұл қандай болмасын сауал қою орынсыз көрінетін үнсіздік.

«…Мен тағы нені ойлаймын. Міне, тыңдаңыздар. Соғыс қаншама созылды, ұзақ қой... Сонда бір де бір құс, бір де бір гүл есімде қалмапты. Олар, әрине болды ғой, бірақ менің зердемде жоқ. Міне, осылай... Қызық, ә?..

Біз осыдан шамалы ғана бұрын, сегіз жылдың аумағында өзіміздің Машенька Алхимованы таптық. Артдивизионның командирі жарақат алды, Маша оны құтқаруға еңбектей жөнелді. Сөйткенде алдынан снаряд жарылды. Командир өліп кетті, Маша жете алмай қалды, оның екі аяғын да жұлып түсті. Біз оны медсанбатқа ала жөнелдік, ал ол болса зарлап жатыр: «Қыздар-ай, мені атып тастаңдаршы... Мынадай сиқыммен мен енді кімге керекпін?..» Зарлап жатыр... зарлап жатыр... Оны госпитальға жіберді, ал біз әрі кеттік, шабуылға кірістік. Сөйтіп, Машаның ізінен айырылып қалдық. Қайда, не болғанын біле алмай қойдық. Жазбаған жеріміз жоқ, бірақ ешкім жарытып жауап бере алмады. Бізге ақыры Мәскеудің 73-ші мектебінің ізшіл-зерттеушілері көмектесті. Олар оны Мүгедектер үйінен тауыпты. Ол осы жылдар бойына сан госпитальды ауыстырған, оған ондаған операциялар жасалған. Ал өзі анасына тірі қалдым демеген... Осы жағдайды көз алдарыңызға елестете аласыздар ма? Міне, соғыс дегеніңіз қандай... Біз оны өзіміздің кездесуімізге алып келдік. Ол төралқада жылап отырды. Сонсоң оны анасымен табыстырдық... Олар отыз жылдан кейін кездесті...

Соғыс қазір де біздің түсімізге кіреді. Біресе жеркепеге кіріп кетесің, біресе басың ауған жаққа лағып бара жатасың. Оянсаң, тірі екендігіңе сенбейсің... Ал менің соғысты менің есіме алғым да келмейді».

Ескі жамылғыға оранған әйелде тұрған ауыр дерттің қиын тұрпатын сезініп-ақ отырмын. «Қызым, сол...» – дейді ол қоштасарда маған қайнап тұрған қолдарын ебедейсіз созып.

Мен келе жатырмын. «Өзіңе өзің тап бұрынғыдай орала алмайсың. Енді ойлайсың: аяғыңа не қолыңа оқ тисін, денең ауырсын: «Ол жақтан тірі оралсаң да, жаның ауыратын болады, қатты ауырады. Біз тіпті жастай кеттік қой... Бойжеткендер ғанамыз... Мен соғыста біраз есейдім да...»

Мен білемін, еш кінәм жоқ қой менің

Өзгелердің соғыстан қайтпай қалғанында.

Оларды үлкенді-кішісін таңдамастан —

Майданның түгел жалмап алғанында,

Қорғап та қалар едім-ау, тек өйте алмадым, —

Ол жайлы емес әңгіме, әттең бірақ,

Десектағы, десектағы, десектағы…

(Өлеңді аударған тәржімашы).

Александр Твардовскийдің осынау өлеңі, оның «Десектағы, десектағы, десектағысы…» мені еш босатпайды, сөйтіп мен майдангер қыздарды іздейтін боламын, олардың әңгімелеріне ондаған блокноттар мен магнитофон кассеталарын толтырамын, олармен бірге өзімді азапқа саламын, үміттенемін. Сенемін. Маған және бір соғыстың есігі ашылады, өйткені ол жайлы әрі көп білеміз, әрі аз да білеміз.

«ҚЫЗДАРЫМ-АУ, ҚЫЗДАР, ӨСІҢКІРЕҢДЕРШІ СӘЛ...

СЕНДЕР ӘЛІ ТЫМ ҚАРШАДАЙСЫҢДАР…»

Магнитофоннан «түсірілген» парақтарды аударыстырамын, хаттарды тізбелеп оқимын да, көз алдыма әкелуге тырысамын: қырық бірінші жылы шегініп келе жатқан әскери бөлімдермен қоса кеткен, военкоматтарды қоршап алған, өтірік-шыны аралас өздеріне бірді-екілі жас қосып, майданға ұмтылған қыз балалар кімдер өздері? Өздеріне салсаңыз, қарапайым мектеп оқушылары, студенттер едік деседі. Бірақ, әлем олар үшін бір күннің ішінде қақ айырылды: өткен күндер кешегі шақ еді – мектептегі соңғы қоңырау, сондағы бал, жазғы демалыс, ауыл ауруханасындағы практика, алғашқы махаббат, болашақ жайлы армандар... Және – соғыс. Иә, соғыс деп аталатын пәлекет, таңдау жасауды алға тартты. Сөйтіп, тірлік пен өлім арасындағы безбен олардың көпшілігі үшін тыныс алу сияқты жадағай дүниеге айналды.

Мен көз алдыма осындай таңдауды елестеткім келеді, сөйтіп өз бөлмеме жаңаша қараймын – сүйікті кітаптарым, пластинкалар, үстелдегі шамның жылуы, қабырғаның ар жағындағы анамның таныс тыныс алуы... Мен осыларды жоғалтар едім. Сөйтем де, таңдау «тыныс алу сияқты оп-оңай» дегенге асыққым келмейді, бірақ олар үшін тап осылай болды ғой. Ал мен сол қыздардан едәуір үлкенмін.

Қатардағы жауынгер, байланысшы, мәскеулік Зинаида Ивановна Пальшинаның хатынан: «...Мен өз еркіммен майданға аттандым. Қалайша бармайсың? Бармауға болмады. Бәрі де кетіп жатты... Тек қана майданға... Өзгедей ой болған жоқ...»

Демалыс кезінде Железноводскіде тыныстап жатқанымда (өйткені басталған жұмыс ендігі ешқайда бұлтартпайтын), мен мүлде ойда жоқта қатардағы жауынгер, санитар Наталья Ивановна Сергеевамен таныстым. Міне, оның өздерінің ғажайып отбасы жайлы әңгімесі: «Біздің жанұяда сегіз бала бар еді, алғашқы төртеуінің бәрі де қыз бала, іштеріндегі үлкені – мен. Соғыс жүріп жатыр, неміс ендігі Мәскеудің түбіне де жетіп келді... Әкеміз бірде жұмыстан жылап келді: «Мен алдында әуелі қыздар туғанына қуанып едім... Болашақ қалыңдықтар ғой деп... Ал қазір әркімнен әлдебіреу майданға кетіп жатыр, ал бізден ешкім жоқ... Мені кәрісің деп алмайды, сендер – қызсыңдар, ал ұлдер тіпті құйтақандай...» Біз осы жайтқа қатты уайымдадық.

Медбикелардың курстарын ұйымдастырған екен, әкем сіңліміз екеумізді сонда алып барды. Бар айтқаны: «Менің жеңіске бар берерім осы... Міне, естияр деген қыздарымды әкеп тұрмын» деді.

Мұндай жағдай әсте жалғыз емес. Міне, Сивашское деген қаладан, байланысшы, кіші сержант Антонина Максимовна Князевадан келген хаттың жолдары: «Біздің анамызда ұл бала жоқ еді, есесіне бес қыз едік. Ол бізбен бірге Сталинградқа эвакуация жасады. Ал Сталинград жау қоршауында қалғанда, біз өз еркімізбен майданға кеттік... Бәріміз де кеттік... Бар отбасы – анамыз бен бес қыз, ал әкеміз ол кезде басқа жақта соғысып жатқан...»

Бұл жалғанда осындай аналық құрбандықтан асқан қиын не дүние бар? Тек кім сол ананың жүрегіне үңіле алды, оны не толғантқанын пайымдады ма?

«Бәрімізде бір-ақ тілек болатын: тек қана военкоматқа барып майданға сұрану еді, – деп есіне алады минскілік, реттеуші, сержант Татьяна Ефимовна Семенова. Бәріміз де военкоматқа бардық, сонда бізге айтқандары: «Қыздар-ау, өсіңкіреңдерші сәл... сендер әлі тым қаршадайсыңдар…» Біздің он алты-он жетіге толған кезіміз ғана...

Бірақ мен өз дегеніме жеттім, мені алатын болды. Біз құрбымыз екеуміз мергендер мектебіне жазылмақшы едік, бізге былай деді: «Реттеуші боласыңдар. Сендерді оқытып жататын уақыт жоқ». Мамам бізді қашан әкететінін аңдып, бірнеше күн бойы стансада түнеп жүр еді. Біздің составқа кетіп бара жатқанымызды көрді, маған бәліш пен он шақты жұмыртқа ұсынды да, өзі талып қалды...»

Көп аналар жайлы әңгіме айтылады, әрқайсысы өз өткергенін баяндайды, бірақ бәрі бір адамның айтқаны тәрізді.

Дәрігер, капитан Ефросинья Григорьевна Бреустің естеліктерінен:

«...Біздің отбасымызда бәрі қыздар еді – төрт қыз бала болатын. Майданда мен жалғыз болдым. Әкем қызының Отанын қорғауға аттанғанын мақтан етті. Ол военкоматқа таңертең ерте барды. Ол менің аттестатымды алуға арнайы ерте барды, өйткені қызының соғысқа кеткенін бүкіл деревня көрсе екен деді».

Хирургиялық медбике Лилия Михайловна Будко әңгімелейді:

«Соғыстың алғашқы күні... Біз кешкісін биге барғанбыз. Бәріміз он алтыда ғана едік. Топ-тобымызбен ғана жүретінбіз, бәріміз біреуді, сонсоң екіншісін шығарып саламыз. Әлдекімдердің қосағымен кеткені болған емес. Мәселен, алты бозбала мен алты қыз бірге жүреді.

Міне, екі күн өтпей жатып, сол бозбалаларды – біз шығарып салған танкистер училищесінің курсанттарын жарымжан, бинтпен таңылған күйде жеткізіп жатты. Бұл дегеніңіз сұмдық еді. Егер әлдекімнің күлгенін естісем, мен онысын кешіре алмайтынмын. Мынадай алапат жүріп жатқанда, бірдеңеге күлуге, әлденеге қуануға бола ма?

Әкем көп ұзамай халық жасағына кетті. Үйде титтей бауырларыммен мен ғана қалдым. Ұлдар отыз төртінші және отыз сегізінші жылдардың аралығында туғандар еді. Сонда анама: соғысқа енді мен барамын дедім...»

Кіші техник, лейтенант, Евдокия Петровна Муравьева:

«Соғыс басталарға дейін мен байланыс техникумын бітіріп үлгердім. Кіші техник деген атақ берді. Мен бірден соғысқа қатысуым керек деп түйдім. Әрине, соғыс – әйелдің шаруасы емес қой. Бірақ біз қажет болдық. Мен майданға бет алғанда анам жылап жіберді, әйтсе де, өзім де сөйтер едім деді. Ол ерекше әйел болатын...»

Санинструктор, соғыстан кейін Даңқ ордендерінің толық иегері болған Полина Семеновна Ноздрачеваның айтқанынан:

«...Бойымызға қарап сапқа тұрғызды, ал мен ең кішкентайымын. Командир қарап келе жатыр.

– Ал мынау қайдан келген Құйтақан қыз? Сен не істемексің? Бәлкім, мамаңа қайта оралып, шамалы өсіңкірейтін шығарсың?

Ал мамам ендігі жоқ еді...»

Кишиневте қалалық кітапхананың бірінде меңгеруші болып істейтін Анна Степановна Маврешкомен кездестік, соғыс кезінде лейтенант, атыс взводының командирі болыпты:

«Командир сұрапты:

– Сенің кім болғың келеді?

– Офицер боламын!

Мені Смоленскідегі артиллерия училищесіне жіберсін. Күллі емтихандарынан өттім. Енді училищенің бастығы шақырады:

– Сіз емтихандарды жақсы тапсырыпсыз, бірақ біз сізді училищеге қабылдай алмаймыз.

– Неге?

– Өйткені кеңес артиллериясының тарихында мұндай жағдай болған емес.

– Болмаса, енді болады. Осы жерден мен тек майданға ғана аттанамын. Және офицер болып кетемін... Мен үйге солай деп жазып та жібердім...

Бастан аяқ еркекше киінетінмін. Тіпті кейбір қыздар маған хат та жазатын. Бірақ, училищені аяқтадым ақыры...»

Вильнюстен Моника Казимировна Тринкунайтеден хат келді:

«Менің музыкалық есту қабілетім жоғары еді. Анам онымды мақтан ететін. Соғыс басталғанда менің бұл қабілетім кәдеге жарар, мен байланысшы боламын деп шештім...»

Телефоншы, ефрейтор, Зоя Ивановна Шаврук:

«Өтірік айтуға тура келді. Жиырма бесінші жылғыларды ғана алып жатты, ал мен жиырма жетінші жылғымын. Өзіме өзім екі жас қостым. Жиырма бесінші жылы туғанмын дедім. Маған сенді білем, денем бойшаң да, өзім мығым едім. Анама, әрине, шынымды айтқаным жоқ. Военкоматқа барып едім, мені Брянскіге жұмыс істеуге жіберді дедім. Ол жақтан әскери бөлімшеге енген соң, ақиқатын жаздым. Мамам енді мені қайтара алмайтын болды...»

Фельдшер, ефрейтор Эстен Борисовна Кожемятникова:

«Менің әкем азамат соғысына қатысқан, отряд командирі болған. Анам үнемі оның қасында қызмет еткен. Ол – мейірбике еді. Біздің отбасымыз жайлы соғыстың алдында «Комсомольская правда» жазған-ды.

Соғыс мынау, енді қайдағы оқу? Мен институттан қашып кеттім. Жалғыз мен емес, бәріміз қаштық. Емтихандар жайына қалды. Біз ең алдымен медиктер майданға кірулері керек деп есептедік.

Бірақ бізді Пятигорскіге эвакуациялады. Менің мединституттың үшінші курсында оқиды деген анықтамам бар еді. Біздің тек үшінші курстан кейін ғана дәрігерлік практикадан өтуге мүмкіндігіміз болды. Пятигорскіде мен госпитальдан бір-ақ шықтым, ал, көз алдыңызға елестете беріңіз – бірден ауыр жарақаттанған жүз қырық әскерилер алдымыздан шықты...

Қан жетпей қояды. Сен бір үстелге жатасың, екіншісінде – жарақат алған жауынгер. Және тікелей қан құю... Төрт жүз грамм керек... Орныңнан тұрғанда, екі стақан какао мен ақ нанның бір тілімін береді. Шамалы ретке келіп аласың да, тағы жұмысыңа кірісесің. Бір жолы мен какао ішіп, нанның бір кесегін жеген соң, орнымнан тұра беріп едім, көз алдым тұманданып қоя берді. Біз сөткелеп көз ілмейтінбіз...

Бірақ, бұл бәрібір майдан емес еді. Ал мен соғысқа ұмтылдым. Менің ата-анама ұқсағым келді. Папам мен мамамның тері күртешелерімен түскен фотолары ең жақсы көретін суретім еді. Олар ғажайып адамдар болатын. Мен сізге айттым ғой: олар бүкіл азамат соғысынан қол ұстасып бірге өткен-ді. Мен сонда тудым. Бір майданда туып, екіншісіне ер жеттім...»

Мерген, аға сержант Софья Михайловна Кригель:

«Қырық үшінші жылдың желтоқсанында біздің кабельдік ротаны таратты. Қыздардың бәрін үйді-үйлеріне жіберіп жатты, бірақ мен Мәскеудің түбінде мергендер мектебінің бар екенін естіп қалдым. Мені шақырғанда, ешқайда да бармаймын, қолыма винтовка алып, алғы шепке баруым керек деп шештім. Қалғанының бәрі – жай шаруа. Телефон дегенің жай ғана телефон. Ал мен қолымдағы қаруыммен жаудағы өшімді өзім алуым қажет. Мен ендігі, туыстарымнан ешкімнің де тірі қалмағанын білетінмін. Ең бастысы анам жоқ...

Мені мергендер мектебіне жіберді, оны «беске» аяқтадым. Бітірген күннің ертесіне майданға сұрандым. Елдің бәрін жіберіп жатты, ал мені мектепке нұсқаушы етіп қалдырғылары келіпті, мен болсам ондайды ойыма да алған жоқ едім...»

Авиамеханик, гвардия сержанты Евгения Сергеевна Сапронова, соғысқа туған қаласы Елецтен аттанған. Сол күн оның есінде өмір бойы қалып қойыпты:

«Мен мамамнан тек қана жыламашы деп сұрадым. Түнде болған жағдай еді, тек өкірген дауыс қана естіледі. Өз қыздарын шығарып салып тұрған біздің аналарымыз өкірумен болды. Бірақ менің мамам жылаған жоқ, тап бір тастан кашаған мүсіндей сақиып қалыпты. Сонда не, ол мені аямады дейсіз бе? Ол өзін өзі ұстап тұрды, мені қоса жыламасын деп ойлады. Мен анамның еркесі едім, мені үйде қатты еркелететін. Ал сол еркетайды енді ұлдарша шашын қырқып, кішкене ғана кекілін қалдырыпты. Әкем екеуі мені жібергілері келмеді, ал мен болсам: майданға, майданға, майданға! деумен күн кештім. Қазірде мұражайларда тұрған «Отан-ана шақырады!», «Сен майдан үшін не істедің?» деген плакаттар жанымызды жейтін. Мен мұнда, тылда жасы үлкендеу әйелдер қалуы керек, ал өзім қайтсем де, майданға жетіп жығылуым қажет деп шештім.

Соғыстың аяғына қарай біздің отбасы түгелдей майданда болды. Әкем, мамам, сіңлім – олар теміржолшыларға айналды. Олар майданның соңын ала жүріп отырып, жолдарды қалпына келтірді. «Жеңіске жеткені үшін» медалін бәріміз: әкем де, анам да, сіңлім де, мен де алдым.

Ставрополь өлкесінен медбике, сержант Ольга Митрофановна Ружицкаядан хат келіпті: «Мен майданға баратын күні ауа райы ғажайып болып тұрды. Таза ауа мен сібірлеген жаңбыр. Керемет әдемі! Таңертең шықтым да, таңғалып тұрдым: не жолы мен мұнда енді қайтып оралмаймын? Мамам жылап жүр, жібергісі келмейді, ұстап алады да, босатпайды. Мен кетіп бара жатсам да қуып жетеді, ұстап алады да, босатпайды... Ал мен өлмейтіндігіме сенімді болатынмын. Мен қалайша өлмекпін? Мені қалай өлтірмек?..»

Олардың әрқайсысының майданға тартқан өзіндік жолы болатын. Бірақ ояну сезімі жалғыз – Отан еді. Бар тілектері – Отанды құтқару еді.

Бұл ойды тереңдетпей-ақ қояйық, сезімге берілмейік, олар үшін жазбай-ақ қоялық. Тек өздері ғана айтсын...

Галина Дмитриевна Запольскаяны армия қатарында жүргенде майдан өз қарауына алды, ол телефоншы болып істейтін. Оның бөлімі соғыс алғашқы апталарда-ақ жетіп келген Борисов қаласында еді, бірақ жақын жерде ата-анасы да тұратын, олармен бірге эвакуацияға кетуіне де болушы еді. Бірақ ол өз құрбылары сияқты басқаша таңдау жасады.

«Мен Борисовтен, – дейді Галина Дмитриевна, – өз әскери бөліміммен бірге Могилевқа эвакуация жасадым. Немістер қаланы, әсіресе аэродромды аясыз бомбылап жатты. Біз сонда байланысты қалпына келтіріп отырдық. Күні-түні бомбылау да бомбылау. Әскеріміз шегініп келеді...

Байланыстың басшысы біздің бәрімізді сапқа тұрғызды. Біз әскери қызметшілер емес, өз еркімізбен жалданғандар болатынбыз. Ол былай деді:

– Міне, қыздар, қырғын соғыс басталды. Сендерге, қыздарға өте қиын болмақ. Кешікпей тұрғанда үйді-үйлеріңе қайтуларыңа болады. Ал майданда қалғыларың келетіндерің алға бір қадам жасаңдар...

Қыздардың бәрі де бір кісідей алға бір қадам аттады. Жиырма қыз едік. Бәрі де Отанды қорғауға дайын тұрды.

Сөткелеп, күні-түні жұмыс істейтінбіз. Солдаттар аппаратарымызға котелоктарымызды жеткізіп беретін, шамалы талғажау жасаймыз, көз ілігер-ілікпестен қайта жұмысқа кірісетінбіз. Басыңды жуатын уақыт қайда, мен бір ретте: «Қыздар, мына бұрымдарымды кесіп тастаңдаршы...» деп те өтіндім.

Соғыс Орынбор облысының Бузулук қаласына жете қоймаса да, Леночка Яковлева майданға сұрана бастады. «Сені Лена емес, әлі Леночка деп атайды, ал сен соғысқа барамын дейсің. Анаңды аясаңшы, тым болмағанда...» – деп көрші әйелдер бетінен қайырмақшы болған екен.

Сол қыздарды беттерінен кім қайтармақ? Бұл орайда Юлия Друнинаның не дегені естеріңде ме:

Мен балалықтан кір теплушкаға кірдім,

Жаяу әскер эшелоны, санитарлар взводы шақырды.

Алыстағы бомбыларды бірде естіп, бірде естімей

Бәріне шыдаған қырық бірінші жыл еді.

Мен мектептен сұп-суық блиндаждарға бардым,

Сүйкімді Арудан „анаңды,анаңның ар жағын тыңдадым,

Өйткені Ресейден жақын есімді мен ешқайдан таппадым...

Медбике, старшина, Елена Павловна Яковлева айтады:

«...Біз және тағы келгенімізде, нешінші рет екені есімде жоқ, военком бізді қуып шыға жаздады: «Жарайды, тым болмаса, әлдебір мамандықтарың болса екен. Медбикелар, шопырлар болсаңдар, жөн басқа. Ал сендер не істеу білесіңдер? Соғыста сендер не бітірмекшісіңдер?..» Біз өзгелерге жұмыс істеуді түсінбейтінбіз. Алдымызда – біз не істейміз деген сауал туындаған емес. Біздің соғысқымыз келетін, осымен бітті. Соғыс деген нақты, қажет шаруаны атқара білу керек екендігін ұқпайтынбыз. Сөйтіп военком өзінің сауалымен есімізді таза жиғызбай тастады.

Менімен бірге бірнеше қыз медбикелардың курсына жазылдық. Бізге онда алты ай оқуға тура келеді екен. Біз былай деп шештік: жоқ, бұл ұзақ, бізге жарамайды дедік. Бірақ үш ай оқытатыны да бар екен. Оны да ұзақ деп ойладық. Бірақ бұл курстар аяқталуға жақындап қалыпты. Біз емтихандарға жіберулерін сұрадық. Оқулары әлі бір ай созылып жатты. Біз түнде госпитальға практикаға бардық, ал күндіз сабақ оқыдық. Емтиханды тапсырысымен, бізді военкоматқа жіберді. Сонда біз бір айдан шамалы ғана артық оқыған болып шықтық...

Бірақ бізді майданға емес, госпитальға жөнелтті. Бұл қырық бірінші жылғы августың аяғы болатын. Ал алдағы февраль айында мен госпитальдан, әскери тілмен айтқанда, еш құжатсыз дезертирлік жасадым да, санитарлық пойызға іліктім. Қағаз тастап кеттім: «Кезекшілікке келмеймін. Соғысқа кетіп барам» дедім. Міне, солай».

Ленинградтық Вера Даниловцева актриса болуды армандайтын, театралдық институтқа әзірленіп жүрген, ал соғыста мергендікке үйреніп, Даңқ орденінің екеуін өңіріне тақты.

Ол былай дейді: «Бұл күні мен бір жігітпен кездеспек едім. Маған келіп: «Сені сүйемін» деп айтатын шығар деп ойлап едім, ол болса, мұңайып тұр: «Вера, соғыс басталды! Бізді тура училищеден майданға жіберіп жатыр» деді. Ол әскери адам еді, курсант болатын. Ал мен де өзімді сол сәтте Жанны д'Арктың рөлінде елестете қойдым. Қолыма винтовка бер де, майданға жібер, ал оған дейін шыбынды да өлтіруге аяйтынмын, онда әзірге медиктер қажет, ал олар алты ай оқулары керек дейді. Алты ай тым көп қой, есеңгіреп қалдым таза!

Ондағылар әйтеуір оқу қажет деп иліктірді-ау. Жарайды, оқиын, бірақ, медбике болмаймын...»

Анна Николаевна Хролович соғысқа дейін Омбыда тұрды, медтехникумды аяқтап үлгерген. 1942 жылы Омбыға эвакуацияланған 2-ші Мәскеу медицина институтының бірінші курсына түскен.

Оның хатынан үзінді келтірейік:

«Менің құрбыларымды майданға алып кетті. Мен жалғыз қалғаныма қатты жабығып жыладым, бірақ мені алмады. Үгіттеудің қажеті жоқ еді, елдің бәрі соғысқа баруға ұмтылды. Өтініш жасап бақты, сұранып бақты.

Бірақ ұзақ оқуға тура келмеді. Декан алдымызға шықты да, былай деді:

– Соғыс бітер, қыздар, сонда аяқтарсыңдар. Ал қазір Отанды қорғау керек...

Майданға бізді зауыттағы шефтер шығарып салды. Жаздың күні еді. Әлі есімде, күллі вагондар гүлдер мен жасыл түске көміліп кетті... Бізге базарлықтар тарту етті. Менің үлесіме аса дәмді печенье мен әдемі свитер тиді. Перронда украинның гопагын жұлқына билегенім жадымда қалыпты...

Аға ұшқыш, гвардия лейтенанты Антонина Григорьевна Бондарева:

«Мен жетінші класта оқып жүргенімде бізге ұшақ ұшып келді. Бұл 1936 жылы болатын. Ол кезде таңғажайып оқиға ғой. Ал: «Қыздар мен бозбалалар – ұшаққа отырыңдар!» деген ұран тасталғанда, мен, комсомолка ретінде елдің алдында жүретінмін. Рас, әкем мұныма қатты қарсы болды.

Бұған дейін біздің жанұямызда металлургтер, домнашылардың көптеген ұрпақтары ғұмыр кешкен. Содан әкем металлург болу ұрғашының ісі, ал ұшқыш болу оған жат деп есептейтін. Аэроклубтың бастығы бұл жайды біліп қалып, әкемді ұшақпен біраз алып жүруге рұқсат етті. Біз аспанға көтерілген күннен бастап, әкем енді қарсылық білдіруін тоқтатты. Оған ұнады. Аэроклубты үздік бітірдім, парашютпен де жақсы секіретінмін.

Соғысқа дейін тұрмысқа шығып үлгердім, дүниеге қыз бала келді. Бірақ, ә дегенде майданға жете алмадым. Біздің аэроклубта осыған байланысты әрқилы ауыс-түйістер басталды: еркектерді соғысқа алды, ал олардың орнын біздер, әйелдер бастық. Курсанттарды оқыттық. Жұмыс өте көп болатын, таңнан түнге дейін үйге орала алмайтынбыз. Менің қолымда үш жасар балам қалған-ды, таңсәрісінде оған ботқа беріп кетемін, ал ұшу таңғы төрттен басталатын. Кешке үйге келемін, ал балам әлгі ботқаны жеді ме, білмеймін, әйтеуір бет-ауызына ботқа жағылып жататын.

Қырық бірінші жылдың аяғына қарай, маған қара қағаз келді: күйеуім Мәскеудің түбінде қаза тауыпты. Ол да ұшқыш еді, звено командирі болатын. Енді майданға мен сұрана бастадым...»

Шифр жасаушы, кіші лейтенант Любовь Аркадьевна Чарнаяның хатынан бірер жол келтірейін:

«...Ұлым екі-ақ жаста еді, әрі тағы да аяғым ауыр болатын, екінші нәрестемді тосып жүрдім. Осы кезде соғыс басталды... Күйеуім де майданда... Мен өз әке-шешеме бардым да, не керектің бәрін жасаттым... Мен бұл бөбегімді туа алмадым...»

Шифр жасаушылардың курсын тәмамдадым. Одан майданға сұрандым. Өзіне жарық дүние сыйлай алмаған шаранамның өшін алғым келді...»

Мотоатқыштар батальонының фельдшері, кіші лейтенант Серафима Ивановна Панасенко:

«Мен өзім Свердлов қаласының тумасымын. Осы жерден майданға аттандым. Он сегізге толғаным сол еді, кенет: «Соғыс!» деп жариялап жатты. Халықтың егіле жылағаны әлі есімде. Сол күні қаншама адамдарды көрсем де, бәрі жылап тұрды. Мен фельдшер-акушерлер мектебінің екінші курсында оқитынмын. Бірден «Егер соғыс басталса, майданға кету керек» деп ойладым. Әкем менің кәрі коммунист, саяси каторганың да иінінен өткен адам. Бізге бала-шағымыздан Отан дегеніміз – дүниенің баршасы. Отанды қашанда қорғау керек деп отыратын. Иә, мен сондай тәртіп алдым. Егер соғысқа мен бармасам, онда кім бармақ?»

Байланысшы, аға сержант, Борисов қаласының тұрғыны Мария Семеновна Калиберданың естеліктерінен:

«Мен ешқашанда байланыс бөліміне бармас едім, әрі келіспес едім, өйткені бұл да соғысу екендігін түсінбейтінмін. Бізге дивизия командирі келді, бәріміз сап түзеп тұра қалдық. Біздің Машенька Сунгурова деген құрбымыз болатын. Міне сол Машенька Сунгурова сайтан бері шықты:

– Жолдас генерал, сұрауға рұқсат етіңіз.

Ол айтады:

– Қане, жауынгер Сунгурова, сұраңыз, сұраңыз!

– Қатардағы жауынгер Сунгурова мына қызметтен босатып, атыс болып жатқан жаққа жіберуіңізді сұрайды.

Сіз түсінесіз бе, біз бәріміз де сондай болатынбыз. Біздің сондағы жай-күйімізді түсіндіруге лайықты сөз таба алмаймын. Өзіміздің айналдырып жүрген шаруамыз – байланыс өте шамалы дүние, бізді тіпті кемсітеді деп ойлайтынбыз, біз тек қана алғы шепте болуымыз керек деп есептейтінбіз.

Генерал бірден түсін суытты:

– Оу, қыздарым-ау, менің! (Ал сіздер біздің сол кездегі ұйқтамаған, үрпе-сиқымызды көрсеңіздер ғой, бір сөзбен айтқанда ол бізбен командир емес, тура әкеміздей сөйлесіп тұрды.) Сендер өздеріңнің майдандағы рөлдеріңді ұқпайсыңдар ғой деп ойлаймын, сендер біздің көрер жанарларымыз бен естір құлақтарымызсыңдар, байланыссыз армия – қаны жоқ адам іспеттес...

Сонда Машенька Сунгурова тағы да саңқ ете түсті:

– Жолдас генерал! Қатаардағы жауынгер Сунгурова, сіздің кез келген тапсырмаңызды тура найзадайын орындауға әзір!

Біз содан соң оны соғыстың аяғына дейін «Найза» («Штык». – Ауд.) деп атап кеттік.

…1943 жылдың маусымында Курск иінінде бізге полк туын тапсырды, ал біздің алпыс бесінші армияның жүз жиырма тоғызыншы жеке байланыс полкының сексен пайызы қыз-келіншектерден тұратын. Командиріміз туды қолына алып: «Полк, тудың астына қарай, бәрің де тізерлеп отырыңдар!» дегенде, біздің – әйелдердің бақыттылығы сондай, бізге сенім көрсетті, енді біздің танкішілер, атқыштар полктары сияқты әскери бөліміміз болады деп қуаныштан жарылып кете жаздадық... Жылап тұрмыз, әрқайсымыздың жанарымызға жас толған. Бізге кез келген тапсырмаңды бере бер, өйткені біздің Отанымыз қияметке килікті.

Мен енді айтсам, сіз қазір еш сенбейсіз, менің бүкіл ағзаларымның күштеп зорланғаны сондай, менің барлық сырқатым – ал мен ылғи тойып тамақ ішпегендіктен, жүйкенің әбден шаршағандығынан тауық соқырлығына ұшыраған едім, міне сол дертімнен ертеңіне таза айығып шықтым, бүкіл жанымның тербелісінен жазылып кеттім...»

Мәскеулік Мария Сергеевна Колесниктен хат келді, соғыс кезінде кіші сержант, зенитші болып қызмет етіпті.

«Мен Вильнюстің қалай отқа оранғанын көрдім... Бәрі де жанып жатты, тіпті тас та балқыды. Зердемде қалыпты – әлдебір костелдің қызыл тасына дейін жанды. Алғашқы үш күн ішінде керемет қорқыныш билеп алды: айнала толы өліктер мен жаралылар, ал мен, аяғым ауыр әйел, әлі тірімін. Жолдың үстімен безіп келем, мамамның егер әдемі ұл тапқың келсе, тек әдеміге қара, әдемі әндер тыңда дегені есіме түсті. Ал мен безіп келем, әрі тек өртті көрем, тек өлімді көрем, тек қанды ғана көрем. Ойлап қоямын: «Мынадай аласапыранда мен кімді таппақпын?»

Ұлым көпке шыдамады. Мен дереу армияға сұрандым...»

Ал мынау Саки қаласынан, Ксения Сергеевна Осадчеваның оқушы дәптеріне жазған хатының бір-екі парағы:

«...Қырық бірінші жылдың тоғызыншы маусымында мен он сегіз жасқа толдым, ал арада екі аптаға жетпей жатып, қарғыс атқыр мына соғыс басталды. Біз мектеп партасынан Гагра – Сухуми теміржолын салуға қатысып едік. Ойыма сонда қандай нан жегеніміз түсті. Ол тура кірпідей болатын. Шөптің қылтанақтары мен мекенге (дәнді дақылдардың қоқымы. – Ауд.) жабысып қалу үшін ұн қосатын, оларға аралардың бал ұяшықтары сияқты су толтырылатын. Бұл нан үстелде жатады, маңына су іркіледі, біз оны тілімізбен жалайтынбыз.

Қырық екінші жылы өз еркіммен эвакуациялайтын және сорттайтын үш мың екі жүз бірінші госпитальға жұмысқа кірдім. Бұл өзі майдандағы өте ірі госпиталь болатын, Закавказье және Солтүстік Кавказ майдандары мен Приморск армиясының құрамына кіретін. Мені тамақ тарату ісіне қойды – бұл қызмет сөтке бойына жүретін, таң атты, таңертеңгі асты беруіміз керек, ал біз кешкі дәмді беріп үлгере алмай жатамыз. Бірер ай өткен соң, сол аяғымнан жарақаттандым – енді оң аяғыммен секектеп жүретінмін, бірақ жұмысымды тастаған жоқпын. Сонсоң шаруашылық бикесінің орнын берді, бұл қызметте де күндіз-түні жүретінсің.

Қырық үшінші жылғы отызыншы мамыр күні тура күндізгі сағат бірде Краснодарды жаппай бомбылау басталды. Мен тұрған мекенімізден теміржол вокзалынан жаралыларды қалай жөнелтіп жатқанын көруге жүгіріп шықтым. Екі бомба қару-жарақ сақталған сарайға түсті. Менің көз алдымда жәшіктер алты қабат үйлерден де жоғары ұшып кетті. Енді ішіндегі бомбалар да жарыла бастады. Мені дауылды толқынмен кірпіш қабырғаға бір-ақ соқты – есімнен танып қалдым....

Өз-өзіме келіп, есімді жинасам, кешкі сағат алты екен. Басымды қозғадым, қолдарым да қозғалатын сияқты, сол көзімді әзер аштым да, қансыраған күйі әскери бөлімшеге бардым. Дәлізде мені аға сестра кездестірді, танымай қалыпты: «Сіз кімсіз, қайдан жүрсіз?» дейді. Жақындап келіп барып таныды-ау деймін: «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің, Ксения? Жаралылар аш жатыр, ал сен жоқсың» дейді. Басымды, сол қолымды шынтағымнан жоғары тез орап берді, мен кешкі тамақты алуға кеттім. Көзім қарауытады, тер пора-пора болып ағып жүр. Дәмді таратып жүріп құлап та қалдым. Есімді жинатты-ау, тек «Тезірек!.. Жылдамырақ!..» дегендері ғана естіледі. Сөйтіп жүріп, ауыр жараланғандарға қан да бердім.

Жиырма ай бойына мені ешкім де айырбастаған жоқ. Сол аяғым тіземе дейін күп болып ісіп кетті, қолыма операция жасады, ол да орап тасталған, басым – болса болмаса. Мектепте жүргенде мен БГТО мен ГТО-ға норма тапсырғам, бірақ әлемде мынадай жағдайда күні-түні шоқақтап өткен спортшы болған да жоқ шығар, сірә. Мен шоқақтап өттім, бәрін де көтердім.

...Қазірде біздегінің бәрі қалпына келтірілген, бәрі де гүлдердің аясында, ал мен ауырсынғаннан ызылдап отырмын, менің кейпім әйелдікіне мүлде келмейді. Мен күлімсірей алмаймын, күнұзақ ыңқылдаумен боламын. Соғыс бойында менің өзгергенім сондай, үйге қайтып келгенімде, анам таза танымай қалды. Маған оның тұратын жерін көрсетті, мен есікті қақтым.

– Да-да… – деген жауап келді.

Мен кірдім, амандастым:

– Түнеп шығуға жіберіңізші, – дедім.

Анам пеш жағып жатыр екен, ал менің титтей екі бауырым, киерге лыпалары жоқ, едендегі сабанның үстінде отыр. Шешем мені таныған жоқ, тек жауап қатты:

– Көршіге қарай барыңыз.

Мен тағы да: қонып шығуға жіберіңізші, – деп өтінемін. Анама жақындап келдім, ол тағы да:

– Сіз, азаматша, біздің қандай жағдайда тірлік кешіп жатқанымызды көрмейсіз бе? Бізде онсыз да талай солдаттар ұйқтаған. Қас қарайғанша ілгергі үйге барыңыз, – дейді.

Анама жақындап келдім, ол тағы да:

– Сіз, азаматша, қас қарайғанша ілгергі үйге барыңыз, – дейді.

Мен еңкейдім де, оны құшақтай алдым:

– Мама, маматайым-ай! – деп жатырмын.

Осы сәтте бәрі де бірдей уласып-шуласып, мені бас салсын…

Мен өте қиын жолдан өттім. Бүгінгі күнде менің басымнан өткенді сипаттар кітаптар мен фильмдер дүниеге әлі келген жоқ».

Оларды, он жеті-он сегіздегі қыздарды сезіну үшін, оған дейін не болғанына үңілу қажет екендігін түсінемін. Бар болғаны – балалық шақ, мектеп, ата-аналары.

Радиотелеграфшы, гвардия кіші сержанты, Софья Ивановна Шеревера:

«Мен балалар үйінде тәрбиелендім. Жеті класты бітіріп, қоштасу кешіне әзірленіп жатқанбыз, бірақ директорымыз Василий Никифорович Зимонец (біз қазір де хат жазысып тұрамыз, ол мені қызым дейді) бізді жинап алды да: «Балалар, соғыс басталды!..» деді.

Біз эвакуацияны тосып жаттық. Біздің балалар үйіміз Винницаның түбінде еді. Бірақ көшіруге бұйрық келмей қойды, содан Василий Никифорович былай деп шешті: «Балалар, бірдеңе етіп, өзіміз жетейік» деді. Сөйтіп бізді стансаға жаяу алып жөнелді, үлкендеулеріміз кішкентайларымызға көзқарақ болыңдар деп өтінді. «Қолдарыңа не керекті алыңдар» дегенді де айтты. Ал біз не алушы едік? Бір-бір тілім нандарымыз ғана бар... Біз ұзақ жаяу жүрдік, одан поезға отырдық. Теплушкалар далада аялдағанда, біз масақ теретінбіз, кішкентайларға беретінбіз, өзіміз де қорек ететінбіз.

Осылайша Пензаға жеттік. Одан бізді Бузулукқа жіберді. Сонда, Бузулукте, біз ақыры үстімізден бомба жарылмайтынына көзіміз жетті. Әуелі бізді шіркеуге орналастырды, ал сонсоң жеке үй де берді. Директор былай деді: «Балалар, сендер, әрине, оқығыларың келеді, бірақ қазір Отанымызға көмектесуіміз керек. Кім зауытқа, кім қолөнер училищесіне барады, сөйтіңдер, ал кішкентайларды одан әрі өсіретін боламыз». Мен қолөнер училищесіне баруға ықылас білдірдім. Өзім он алтыға да толған жоқ едім. Тіпті менен кішілер де бар болатын. Станок үлкен-ақ, сонда аяғымыздың астына дөңбек ағаш қоятынбыз. Найзалар жасадық, оларды өңдеу станоктарында қайрайтынбыз. Бәрі де жеңістің қамы еді...

Сонсоң қыздар тобымызбен – біз ендігі Зоя Космодемьянская туралы «Правда» гәзитінен оқығанбыз – майданға баруды шештік. Бізді партия Отаннан да қымбат ештеңе жоқ деп тәрбиелеген-ді. Ол менің өмірімді сақтап қалды, аштан өлуіме жол бермеді. (Жылайды.) Маған білім берді, соғыс болмағанда институт та бітіретін едім. Бірақ менің институтым майданда өтті. Міне, мен осыны мақтан етемін...»

Титтей қыз Ленинградта, Нева бекетінің ар жағында тұратын. Сонда туған, сонда мектепте оқыған. Құрбыларымен бірге биге баратын, комсомолдық сенбіліктерге қатысатын. Сонсоң «Большевик» зауытында фрезерші болып істеді.

Қырық бірінші жылы зауыттың қасынан әскери бөлімшелер өтетін. «Ағатайлар-ау, мені майданға алыңдаршы» деп өтінетін».

Надежда Васильевна Анисимова есіне алады:

«Аяды ғой деймін, мені алғы шепке жібермей қойды. Сөйтсе де пулемет ротасының санинструкторы болдым. Өлемін-ау деп қорықпайтынмын. Шамасы, жастықтың буы болса керек. Бірде біздің полктың учаскесінде тұтас рота ұрыс сала отырып барлау жүргізді. Таңсәріде бөлімше кейін шегінді, ал мен бейтарап жерден әлдекімнің ыңырсығанын естідім. «Барма, өлтіріп тастайды, – десті маған жауынгерлер, – көрмейсің бе, таң атып келеді».

Көнбедім, еңбектей жөнелдім. Жаралы солдатты таптым, қолын белбеуге байлап алып, сегіз сағат бойына сүйрелеп әкелдім. Тірідей жеткіздім. Командирім біліп қалып, ашуланған күйі өз бетіммен кетіп қалғаным үшін бес сөткелік қамауға отырғызуға бұйрық берді. Ал полк командирінің орынбасары тұрғыдан басқаша қарады: «Наградтауға лайық» деді. Мен олардың екеуін де түсініп тұрдым...

Он тоғыз жасымда мені «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Сол кездегі соңғы шайқаста екі өкпеме де оқ тиді, келесі оқ екі омыртқамның арасынан өтіп кетті. Екі аяғым тартылып қалды, сөйтіп мені өлдіге санапты... Үйге келгенімде, сіңлім маған қара қағазды көрсетті!..»

Барлаушы, аға сержант Альбина Александровна Гантимурованың айтқандары:

«Анам менің жадымда жоқ, есімде тек кейбір елестері ғана қалыпты. Әкем Қиыр Шығыста қызмет етті, ол әскери кадр болатын. Маған атқа мінуді үйретті. Балалық шағымның ең қызықты тұсы осы еді. Папам менің сырбаз бойжеткен болып өскенімді қаламады. Ленинградта, бес жасымнан бастап тәтемнің тәрбиесінде болдым. Ал ол орыс-жапон соғысында мейірбике болған.

Мен кішкене кезімде қандай едім? Егескенде мектептің екінші қабатынан секіріп кететінмін. Футболды қатты ұнататынмын, ұлдардың қақпаларын қорғайтынмын. Фин соғысы басталғанда, сол майданға сан рет қаштым. Ал қырық бірінші жылы жетінші класты бітіріп, құжаттарымды техникумға тапсырып үлгердім. Ел «Соғыс!» деп жылап жүр, ал мен қуанып кеттім, майданға барып өзімді-өзім көрсете алатын сәт туды деймін. Сонда қанның қандай екенін біліппін бе?

Халық жасағының бірінші гвардиялық дивизиясы құрылғанда, бізді, бірнеше қызды медсанбатқа алды.

Тәтеме:

– Мен соғысқа кетіп бара жатырмын, – деп қоңырау шалдым.

Телефон сымының екінші басынан жауап қатты:

– Тез үйге жет! Түскі тағам суып қалды.

Мен трубканы іле салдым.

Сонсоң оны аяп кеттім. Кейін блокада басталды, ал ол жалғыз қалды. Өзі кәрі...

Қалаға баруға рұқсат бергендері есімде қалыпты. Тәтеме барардан бұрын дүкенге кірдім. Соғысқа дейін кәмпиттерді керемет жақсы көретінмін.

– Маған кәмпит беріңізші, – деймін.

Сатушы маған «мынаның дені дұрыс па?» дегендей состия қарады. Мен карточкалардың не екенін, блокада дегеннің не екенін таза түсінбейтінмін. Сонда өшіретте тұрғандардың баршасы да маған жалт қарады, ал винтовкам өзімнен ұзын еді. Бізге қару таратқанда, мен «Бойым мына винтовкаға қашан жетер екен?» деп ойладым.

Кенет елдің бәрі, күллі өшірет өтіне бастады:

– Мына балаға кәмпит беріңізші, ол үшін біздің талондарымызды қиып алыңыз.

Ақыры маған кәмпит берді.

Ал көшеде майданға көмек жинап жатты. Тура алаңдағы үстелдерге үлкен подностар қойылған, адамдар келе жатып, біреуі алтын жүзігін, екіншісі алтын сырғаларын шешіп жатты... Сағаттарын, ақшаларын беріп жатты... Ешкім ештеңе жазған жоқ, ешкім қол да қойған жоқ. Осыны осы уақытқа дейін, сондағы кәмпиттерді әлі де ұмытпаймын.

Екі жүз жиырма жетінші – «Бір қадам да шегінбеңдер!» деген бұйрық та болған. Мені осынау бұйрық бірден есейтіп жіберді.

Жараланғандардың көптігі сондай, біз сөткелеп ұйқтамайтынбыз. Бірде үш тәулік бойына ешкім де көз ілген жоқ. Мені мәшинемен жаралыларды госпитальға жеткізуге жіберді. Оларды тапсырдым, қайтар жолда мәшине бос келді, мен болсам, ұйқымды қандырып алдым. Бір сілкініп тыңайып қайттым, ал біздің кісілер әлі сүрініп-жығылып жүр.

Комиссарды жолықтырдым:

– Жолдас комиссар, мен ұялып тұрмын.

– Не болып қалды?

– Мен ұйқтап алдым.

– Қай жерде?

Оған жаралыларды жеткізгенімді, оралғанда бос қайтып, ұйқымды қандырып алғанымды түсіндіріп жатырмын.

– Онда тұрған не бар? Ұйқтағаның жөн болған. Тым болмаса бір адам тынықсын, әйтпесе елдің көбі ұйқылы-ояу жүр.

Ал мен ұялдым. Міне, біз осындай ұятпен бүкіл соғысты өткердік.

Медсанбатта мені көтермелеп бақты, бірақ мен барлаушы болғым келді. Егер мені жібермесеңдер, алғы шепке қашып кетемін дедім. Оным үшін комсомолдан да шығарып жібере жаздады».

Екі Қызыл Жұлдыз ордені, екі Даңқ ордені, екі «Ерлігі үшін» медалі, міне, оның әскери марапаттарының толық емес тізімі, немесе Альбина Александровнаның «барлау үшін» алғандары.

«Даңқтың біріне қол жетпей қалды... Барлаушылар: «Альбинка, саған соғыс жетпей қалды» деп қалжыңдайтын. Менің ең қымбат наградам – алғашқы «Ерлігі үшін» медалім. Солдаттар жатыр. «Алға! Отан үшін!» деген команда да берілді. Тағы да берілді, жауынгерлер әлі жатыр. Менің қыз екенімді көрсін деп, құлақшынымды жұлып алып, атып тұрдым... Сонда елдің бәрі де тұрды, сөйтіп біз ұрысқа кірдік.

Маған медаль тапсырды, тап сол күні тағы да тапсырма орындауға жөнелдік. Сол кезде менің өмірімде алғашқы рет әйелге тән қан білінді... Ал мен оны түсінбей, денемдегі қанды көріп қалып, ойбай салайын:

– Мен жараланып қалдым...

Барлауға бізбен бірге фельдшер де барған еді, ендігі мосқал еркек болатын. Ол тап менің әкемдей, бәрін де түсіндірді.

– Қай жеріңнен жарақат алдың?

– Қай жерім екенін білмеймін… Бірақ – қан бар…

Мен соғыс біткеннен кейін де он бес жыл бойына барлауға барып жүргендей күй кештім. Әр түн сайын... Сондағы көретін түстерім мынадай: біресе автоматым қақалып қалады, біресе жау бізді қоршап алғандай... Оянып кетсең – тістерің сартылдап жатады.

Соғыс та бітті-ау, ал менде үш қана тілек қалған еді: біріншісі – қарныммен еңбектемей, троллейбусқа мінетін боламын, екіншісі – сатып алып, тұтас батон нан жеу, үшіншісі – ақ төсекте ақ жаймалар сықырлағанша ұйқыны қандыру».

Әскери медбике Ада Васильевна Клюева:

«Бізді Мәдениет үйіне жинады. Военком келді:

– Қыздар-ау, біз сендерді майданға қалай жібермекпіз? Сендер не істей білесіңдер өзі?

Біз айғайлап жатырмыз:

– Бәрін де білеміз. Жараланғандарды таңатын боламыз.

Ол бір қызды өзіне шақырды:

– Қане, менің бір саусағымды орап көрші.

Ал, қол конус құсап кеткен, қыздың бір қолындағы бинт босап кетеді, ал екіншісінен керіледі. Ол түзу оралу үшін, бинтті асыра тастау керек, ал қыз байғұс оны істей алмайды. Өйткені оған мұндайды үйретпеген. Военком өз шаруасына ырза сияқты:

– Ал мен не айттым сендерге? Біз сендерді майданға жөнелтпейміз, арнайы курстар ашамыз. Оқитын боласыңдар.

Айғай тағы гулеп кетті:

– Тура алты ай бойына ма?

– Алты айға дейін соғыс та бітеді, ал біз текке қаламыз ба?!

Ақыры жобасы жүз елудей адамнан жиырма төрт қыздан тұратын екі топ жинақтады. Қалғандары дайындыққа бармайтын болды: соғыс аяқталса, оқып керегі не? Бірақ біз оқып шықтық, ал олар да бізден кейін оқыды. Соғыс аяқтала қойған жоқ, бұл тек әлі қырық екінші жыл ғана болатын.

Мен хирургиялық медбике болдым. Және бізде темекі тартпайтындарға қант береді. Ал мені палаталық медбикеге ауыстырғанда, онда түтін толып тұратын. Қыздар мұнда келген беттен амалсыз темекі тарта бастайды, өйткені іріңнің иісі отырғызбайтын. Мен ешқашан темекі тартпаспын деуші едім. Таңғы тамақтан кейін түскі тағам іше алмадым, әлгі иіс жер-көкті кернеп кеткен. Кешке де тамақ іше алмадым – басым айналады. «Ал сен темекі тарт», деп қыздар кеңес беріп жатыр. Темекі тартуды ақыры мен де үйрендім.

Үйге оралғанымда, мамам менің папиростарымды лақтырып жіберді».

Зенитші Валентина Павловна Максимчуктің естеліктерінен:

«Қырық біріншінің жиырма сегізінші маусымының талтүсінде, біз, пединституттің студенттері баспахананың ауласына жиналдық. Теп-тез жиналдық. Қаладан Смоленскінің ескі жолымен Красное қаласына қарай бет алдық. Сақтанып, топ-тобымызбен жүрдік. Күн қарая ыстық қайтып, жүруге жеңіл болды, арт жағымызға қарамай, тезірек тарттық. Дем алар жерге аялдап, сонда ғана шығысқа қарай көз салдық. Аспанның жартысы қып-қызыл өрт шапағына малыныпты, қырық шақырымдай жерден бүкіл қала өртеніп жатқандай көрінді. Он ғана емес, жүз ғана емес, көше-көше үйлер өртке оранғандай болды. Бүкіл Смоленск жанып жатты...

Менің жап-жаңа, бүрмешелері көп жеп-жеңіл көйлегім бар еді. Ол мені Вера дейтін құрбыма қатты ұнайтын. Бірнеше рет киіп, өлшеп те көрген-ді. Мен оған тұрмысқа шыққаныңда сыйлаймын деп едім. Ол тұрмысқа шығуға әзірленіп жүрген. Жігіті де жақсы-ақ еді.

Ал осы кезде соғыс дүңк ете қалды. Окоптарға бой тасаладық. Жатақханадағы оны-мұнымызды комендантқа тапсырып жатырмыз, ал көйлекті не істейін? «Ал, Вера», - дедім мен, біз қаладан шығып бара жатқанда.

Алмады ғой. Сол жалында көйлек жанып кетті.

Біз жүрген сайын артымызға қарағыштай бердік. Арқамыз жанып бара жатқандай көрінеді. Түнімен тоқтағанымыз жоқ, ал таң ата жұмысқа шықтық. Бізге танкілерге қарсы ор қазасыңдар деді. Жеті метрлік көлбеу қабырға және тереңдігі үш жарым метр болуы керек. Қазып жатырмын, қазып жатырмын, ал күрегім отша қайнайды, топырақ таза қып-қызыл болып кеткен. Көз алдыма гүлдер мен сирень көмкерген біздің үй келді...

Біз екі өзеннің жайылмасындағы шабындыққа тіккен жаппа күркелерде тұрдық. Әрі ыстық, әрі ылғал. Маса дегеніңіз таза буып тастады. Ұйқтар алдында қуып шыққандай боламыз, ал таң атқанда бәрібір кіріп кетеді, маза жоқ.

Мені осы жерден санитарлық бөлімге әкетті. Еденнің үстінде үйіліп жатамыз. Арамыздан көп адам ауырды. Ыстығымыз таза көтеріліп кетті. Қалш-қалш етеміз. Еденде жатырмын – жылаймын тек. Палатаның есігі ашылды, доктор табалдырықтан (бері өте алмайды, матрастар өте тығыз төселген) былай дейді: «Иванова, қанда плазма бар». Яғни менен табылды деген сөз.

Ол менің плазмадан зәрем ұшатынын білмейді. Ол жайлы алтыншы класта оқулықтан оқығанмын. Осы кезде репродуктор ойнап қоя берсін: «Қане тұр, кең байтақ еліміз...» Бұл әнді алғаш естуім еді.

Мені Рославльге жақын жердегі Козловкаға алып келді, – сәкіге жатқызды, мен құлап қалмас үшлін қарманамын, тура түсімде естіп отырған сияқтымын:

– Мынау ма?

– Иә, – деді фельдшер.

– Асханаға апарыңдар.

Енді міне, мен кереуетте жатырмын. Сіз мұның не екенін түсінерсіз бәлкім, - жерде, алаудың алдында емес, ағаш түбіндегі плащ-палаткада емес, госпитальда, жылы жерде, кереуетте жатырмын. Содан жеті күн бойы оянбай қойыппын. Медбикелер арасында оятып, тамақ берді деседі, ал менің есімде жоқ. Жеті күннен кейін өзім оянған соң, дәрігер келді, олай-бұлай қарады да:

– Организмі мықты, жеңеді ақыры, – деді.

Мен тағы да ұйқтап кеттім.

Майдандағы ең ауыры – ұйқыны жеңу еді. Күннен күн озғанда ұйқың қанбайды, ақыры адам өзін-өзі билей алмайтын сәт туады. Жұмыста аңғармайсың, ал шамалы тыныстасаң, сүрініп жығыласың. Кезекте жүргенде әрлі-берлі жүргіштеп, әрі дауыстап өлең оқитынмын, екі сағат бойына қайталамауға тырысатынмын».

Соғыс тек майданда болған жоқ. Мен туған жерде әрқайсымыз солдат болдық.

Франя Васильевна Адашкевичтің айтқандарынан:

«Минскіні бомбылай бастағанда біз қаладан сытылып шығуға тырыстық. Менің есімде қалып қойғаны – босқындардың ішінде еркектердің жоқтығы, тек қана әйелдер мен балалар, шал-кемпір. Сонша көп бала-шағаны бұрын-соңды ешқашан көрген емеспін. Бәлкім, балаларды алдымен құтқару керектігінен туындаған жағдай шығар. Неліктен мұндай әсер қалғанын білмеймін...

Оккупацияның алғашқы күндері мен не істедім? Патрондар жинайтынмын, ішкиім жууға деген кәстрөлге салып, жерге көметінмін. Қару-жарақ та жинадым, оныңыз орманда толып жататын. Мұны істеген жалғыз мен емес. Біз тірі қалсақ, кәдеге жарайды деп түсінетінбіз. Сенің туған жеріңде фашистер қойқаңдап жүргенде, мұндаймен ешкім де келісуге көндікпейтін».

Астыртын қызметші Мария Васильевна Жлобаның әңгімесінен:

«Біз Минскіден жаралыларды алып шығып жаттық. Мен биік өкшелі аяқкиім киетінмін, бойымның кішкене тұрқынан қысылатынмын. Бір өкшем сынып қалды, ал мен әдемі төплиімді қолыма қысып алып, (осы кезде «Десант!» деген айғай шықты) жалаңаяқ жүгіре жөнелдім, тамаша төплиімді қимадым.

Бізді қоршап алғанда және оны бұзып шыға алмайтынымызды көргенде, біз санитарка Даша екеуміз шұңқырдан жасырынбай, атып тұрдық: олардың тұтқынға түсіріп, не қилы озбырлық жасағанын көргенше, ең жақсысы басымызды снаряд жұлып әкетсін дестік. Жараланғандардың шамасы келгендері де орындарынан көтерілді...

Мен фашист солдатын көргенде, тілім байланып қалды. Ал олар жап-жас, көңілді күйде, жай күліп келеді. Және қай жерге тоқтаса да, су құбырын көрсе бітті, дереу жуына бастайды. Жеңдерін қайырып тастаған. Айналаның бәрі айғай-шу, қанға бөккен дүние, ал олар жуынады да жатады, жуынады да жатады... Іш қазандай қайнайды, олардың осылай талтаңдап жүргеніне ызаң көтеріледі, өзіңді-өзің әрең тоқтатасың. Мен үйге келгенде екі көйлегімді айырбастадым. Қара терге малшынғаным сондай, олардың осында жүргеніне ішкі дүниемнің көрсеткен қарсылығы еді. Мен қатарынан бірнеше күндер бойына ұйқтай алмай қойдым...»

Слуцк қаласының тұрғыны, астыртын қызметші Мария Тимофеевна Савицкая-Радюкевич есіне түсіреді:

«Немістер деревняға мотоциклдермен ойнақтап кіріп келді. Мен оларға бажырая қарап қалыппын: өздері көңілді, ылғи қарқылдап күліп жүрген жастар!

Мен тек қана өшімді алсам екен, айқаста қаза тапсам, мен жайлы кітап жазса екен деп армандадым. Отан үшін жанымды қиюға әзір едім.

– Бірақ сіздің титтей бөбегіңіз болды ғой?

– Бөпемді мен қырық үшінші жылы тудым. Батпақтың үстінде, бір мая шөптің ішінде дүниеге әкелдім. Жаялықтарын денеме кептіретінмін, қолтығыма салып жылытамын да, сәбиді ораймын. Айналаның бәрі жанып жатты, деревняларды тұрғындарымен қоса өртейтін... Біздің Гресс ауданында тоғыз деревняны солай өртеп жіберді (соғысқа дейін сондай аудан болған, бұл күнде оның алқабы Слуцк ауданының құрамына берілген).

Мен өзім жанғанның тұқылдарын жинақтадым, құрбыма отбасын жинауға көмектестім. Сүйектер табылатын, киімнің тұқылдары кездесетін, содан кімдікі екенін болжаймыз. Мен бір кесек кездемені көтеріп едім, ол: «Мамамның кофтасы...» деуге ғана шамасы келді де, құлап түсті. Біреулері жаймаға, екіншілері жастықтың тысына сүйектерді жинайды. Кім таза шүберекке...сонсоң жалпы зиратқа көметінбіз. Тек сүйектер ғана әппақ...

Бұдан кейін мені қандай тапсырмаға жіберсе де, тартынбадым. Шамам келгенше ұмтылдым. Еш аянған жоқпын.

Менің бөбегім үш айлық қана еді, мен соны алып, тапсырмаға баратынмын. Комиссар мені жөнелтіп тұрып: «Жаным ауырады» деп жылайтын. Қаладан дәрі-дәрмек, бинт, қанның сарсуын жеткіземін. Баланың қолдары мен аяқтарының арасынан жөргектерімен байлаймын да жүре беремін. Орманда жаралылар өліп жатады. Бірақ жүру керек, жету керек. Ешкім де өте алмайды, кез келген жерде немістердің, полицейлердің бекеттері тұрады, жалғыз мен ғана өтіп жүрдім.

Бұл күнде айтудың өзі қиын... Қызуы көтеріліп, сәбидің жылауы үшін оны тұзбен сылайтынмын. Ол қып-қызыл боп, талаурап кетеді, терісінен шығып кете жаздайды. Күзет орнына келем: «Тиф, пан… Тиф…» Олар мен тезірек кетсін деп: «Век!.. Век…» деп айғайлайды. Тұзбен сылаймын, чеснок та қоятынмын. Ал сәби титтей-ақ... Үш айлығынан бастап мен онымен тапсырыс орындауға баратынмын... Әрі төсіммен емізетінмін...

Күзеттерден өтісімен, орманға кіремін де, боздап жылап-жылап аламын. Айғай саламын! Балапаныма обал-ақ! Ал бір-екі күн өтісімен қайта барамын. Бару керек...»

Мария Тимофеевнамен оның құрбысы Мария Михайловна Матусевич-Заяц бірге отырды, олар жасырын жұмыста, партизандықта кезінде қатар жүрген. Тыңдап отырып, қояды арасында. Өз жайынан айтқанда да, жылайтын.

«Соғысқа үш күн қалғанда ұл тудым... Атын Антон қойдым… Ел «Соғыс!» деп айғайлап жатыр, ал біз босанып жатырмыз. Және есімде қалғаны – ылғи ұл тудық.

Немістер келген күннен-ақ, біз орманнан әрбір патронды жинап алуға тырыстық. Қару-жарақ жинадық. Мамам жібергісі келмейтін: «Сен баламен қайда бармақсың? Құдайдан қорықпайсың ба?» – «Ал мыналар құдайдан неге қорықпайды?» – деймін мен. – Қарашы, олардың біздің адамдарды не істеп жатқанын...»

Жас мұжықтарды үйлерінен алып шығады да, табалдырықтан өте бере атып тастайды. Біздің көрші екі бозбаланы да солай жалп еткізді. Тура үйдің қасында...Табалдырықтан бері аттай бергенде...

Мен комсомол мүшесі болатынмын. Енді жай қарап отыра алмадым. Листовкалар тараттым, ақпараттар жинадым. Сонда қолымда бала жүреді. Немістердің алдына баратын екі жан едік. Көз жасым ше? Көл боп кетті...

Ақыры ұлым қаза тапты. Мен жоқта, менің кінәмсіз – мен партизандарда жүргенде. Мамам екеуін өртеп жіберіпті. Мен үйге жүгіріп келдім... Жер әлі жылы еді... Бар тапқаным, бір уыс сүйектің күлі болды... Ал мен оны білетінмін...

Соғыстан кейін тағы да ұл тапқанымда, мен Құдайдан оны асырап-сақтауға дәрмен сұрадым, ол да мені құшақтап, мен оның анасы екенімді білсе екен деп өтіндім. Мен соғыстан осындай аурушаң болып қалдым..»

Партизан Вера Иосифовна Одинец:

«Және сондай өшпенділік, керемет өшпенділік. Олардың біздің туған жерімізге не істегенін көрдік қой. Жүректе тек өшпенділік қатып қалған еді. Бұл жылдардың бойында қаншама өліктер мен қанды көрдім десеңізші. Мен анасының көзінше баласын өлтіргенді де көрдім. Өліктерді жоқтайтын, оларға дауыс қоятын уақыт та болған жоқ...»

Минскіде астыртын қызметші болған Наталья Николаевна Акимованың әңгімесінен:

«Новинкада – есі ауысқандардың ауруханасында істегенмін. Мұнда адамдарды емдейтін, әрі олар осында жұмыс істейтін. Үлкен ферма, үш жүз гектар жері, парниктер бар еді. Үш жүз ауру болатын. Минскіні бомбылады. Біздің үйіміз, бүкіл көшеміз отқа оранды. Әлі есімде, біздің үйдің орнына келгенде, ол жерде тек рояльдың декасын көрдік, ал қытайлық екі кішкентай ваза өрттің ортасында аман-сау тұрды.

Аурухананың бас дәрігері бірден военкоматқа барды. Бірақ сырқаттарды тағдырдың тәлкегіне тастауға болмайтын еді. Мен қалдым. Қаланы фашистер басып алды. Бұл жерге, бұл фермаға СС-тің тобын бекітті. Бастығы Вернер деген неміс болатын. Ол бірде маған келіп: «Жүріңіз, сіздің адамдарыңыздың біздің бекеттерде не істейтінін көріңіз», – деді. Біздің сырқаттар өздерін өте еркін ұстайтын, сонысымен ерекшеленетін. Бір бекеттің қасында әлдебір сырқат әйел бізге жетіп келді, тартуға темекі сұрады. Неміс орнынан шоршып кетті. Сол кезде ауру оның мойнына оралып, сүюге ұмтылды, ал анау өзінің арийлік тазалығы үшін қорланған күйде пистолетін суырып алып, сырқат әйелдің шүйдесінен тартты да жіберді.

Сізге сол оқиға болған жерді көрсете аламын, қазір онда екінші палата орналастырылған. Мен неміске тұра жүгірдім: бірдеңе деп айғайлаймын, ол қайда екенін ұмытты ма, бұлар ауру адамдар емес пе деп жатырмын. мен қалш-қалш етемін. мені әлдебір өзге бөлмеге алып кетті, ал ана Вернер сонда кірді. ол аудармашы арқылы әлденені түсіндіріп жатты: мен бекерге ренжимін, менің түсінуім керек, біз қажетсіз балластан арылуымыз керек дей ме?

Сонсоң не болды?.. Жан қинайтын мәшинелер жетіп келді. Олардың күллісін артып алды да кетті. Ал қозғалуға шамасы жоқ, әбден әлсірегендерді шығарды да, моншаға үйіп тастады. Есіктерді тарс жауып, мәшинеден терезеге тұрба кіргізді де, барлығын уландырды. Содан бұл өліктерді тап бір отын сияқты, әлгі көлікке тастай-тастай салды.

Жаңағы бастық менің қояншығым ұстағандай халге түскенімді көріп, кабинетіне шақыртты. Тіпті өзінің не істегенін түсіндіре бастады: «Сіз қазір маған ренжіп тұрсыз, ал кейін сізді балластан құтқарғанымызға ырзашылық білдіретін боласыз. Бұлардан үміт күтуге болмайды, олар кімге керек? Өзіңіздің әйелдік сезімталдығыңызды әрман тастаңыз». Олар мұндайды күнделікті жұмыс жасағандай жайбарақат күйде жүрді.

Міне, қандай оңбағандар болған. Сірә, мұндай албастылардың біздің жерімізде алшаңдап жүруіне бола ма?»

Менің блокноттарымда ондаған, жүздеген осындай жазбалар бар. Естеліктердегі ғұмыр сығымдалып қалады, зердеде ең қажет дегенін ғана ұстайды. Және менің бүгінгі болмысым өткеннің жадында «қопарылып» кеткендей әсер береді.

Киевтен, бұрынғы партизан Елена Федоровна Ковалевскаядан келген хаттан бірер жол:

«Біз майданға үшеуіміз де – әкем, күйеуім және өзім бір күнде аттандық, ал бауырым ендігі соғысып жатқан. Мамам жалғыз сиырымен қала берді...

Мен соғыстан жалғыз оралдым. Мамам екеуміз сиырды жектік те, орманға отынға кеттік...»

Гомельдік астыртын қызметші Софья Васильевна Осипкова-Выгоннаяның әңгімесінен:

«Менің институт бітірген бетім еді. Шабаданымды алып, үйге қайтып келе жатырмын, ал қарсы алдымнан әскерге жаңа алынған еркектер легі кездесті. Егер еркектер жетпесе, мен де барайын деп ойладым...

Үйге келдім, жылап отырған анамды, көңілі бұзылған әкемді көрдім. Мамам мені құшақтап сүйді де: «Келгенің қандай жақсы болды, енді бірге болатын болдық! Не істемекпіз?» Мен күресетін боламыз деп жауап қайтардым.

Сол түні фашистердің ұшақтары қаланы бомбылады. Олар ұйқтап жатқан тұрғындарды жайпап жатты. Ал таңертең табиғаттың адамдардың түнде көрген зіл-заласымен мүлде үйлеспейтінін көргенімді есімде сақтаппын. Күн көтеріліп, туған жерімізді аймалап тұрды. Тек біз күлуді ғана ұмытыппыз. Әркім өзіне жауынгер болатын сәт туғанын түсіне білді».

Гомельдік өзге астыртын қызметші Ольга Андреевна Емельянова есіне алады:

«Соғыс басталды, ал менің аяғым ауыр. Елдің бәрі эвакуацияға кету керек, бой тасалау қажет деп жататын. Мен ойлаймын: сонда туған жерімнен неге әлдеқайда кетпекпін? Міне, босанғалы отырмын, сонда сәбиімді қайда апармақпын? Соғыстың оныншы күні тудым...

Анам фашистердің келгендерін көріп, қол-аяғы тартылып қалды. Бір ғана ой келді – қайтсек те партизандар отрядын табуымыз керек. Менің жанымда Отаннан артық еш дүние жоқ еді».

Гвардиялық аға лейтенант, гвардиялық төртінші Новгородтық бомбылау авиаполкының ұшқышы Анна Семеновна Дубровина-Чекунова соғыстың алғашқы күндері жайлы былай дейді:

«Менің майданға қажетті мамандығым бар еді. Мен бір сәтке де ойланған, қобалжыған емеспін. Бірден соғысқа кеттім.

Өз бөлмемнен гүлдерді шығарып, көршілерге өтініш айтқаным есімде қалыпты:

– Сұраймын, суарып тұрыңыздаршы. Мен көп кешікпей ораламын.

Ал содан төрт жылдан кейін бір-ақ оралдым.

Қыздар топ-тобымен соғысқа кетіп жатты. Үйде қалғандар бізге қызғаныш сезімдерін білдіретін, ал әйелдер жылайтын. Менімен бірге бара жатқан бір қыз бедірейіп, жыламай қойды. Бәрі жылап жатыр, ал ол сіресіп тұр. Сонсоң ұялғаннан саусақтарымен көздерін сылады. Елден бөтен менің жыламағаным ұят болар деді-ау деймін. Сонда біз соғыстың не екенін біліппіз бе? Жас едік қой...»

Әскери фельдшер Мария Афанасьевна Гарачук;

«Медучилищені аяқтаған едім... Үйге келдім, ауру әкем бар-тын. Осы сәтте соғыс басталды. Әлі есімде – таң еді, ағаштардағы жапырақтардың шығы да кеуіп үлгермеген – соғыс десіп жатыр!

Не қиындыққа ұшырасақ та, біз жеңетінімізге сендік, тіпті амалсыз шегінген кездерімізде де сенген едім. Өзің жайлы ойлайтын уақыт жоқ: азар болса өлермін, иә жараланармын, әйтпесе тірі қалармын. Өзіңе бөлер бір минөт те уақытың жоқ. Тек көз алдыңда жараланғандар және жараланғандар. Бір жәйт есімде қалыпты: бидайдың бір егіндігінде жатырмыз, күн жайнап тұр. Немістердің автоматтары «та-та-талап» жатыр, сонсоң – тыныштық… Тек бидайдың шулағаны ғана естіледі. Тағы да немістердің автоматтары «та-та-талайды»... Сонда ой келеді: бидайдың мынадай шулағанын енді естір ме екенбіз?

...Жаралы жауынгерді сүйреп келемін. Кенет құлағыма баланың жылағаны келіп жетті. Сәби қатты жылап жатыр. Мен егіндікте кім, қайда, не жолы деп безектеп жүгіргенімде жынданып кете жаздадым. Ақыры талқаны шыққан танкінің астынан бес жасар қыз баланы таптым-ау. Оның жағындағы қанды көргенде, зәрем кетті. Сұмдық қой: отқа оранған балалар...»

Гомельдік Анна Константиновна Антуськованың айтқандарынан:

«Менің бала кезімдегі мінезімнің қалыптасуына әсіресе өзімнің немере ағатайым қатты әсер етті. Әкем екеуі кезінде Буденныйдың армиясында қызмет етіпті. Ол кісі өзінің жауынгер жолдастары туралы айтып отыратын, азамат соғысы және оның қаһармандары жайлы әндерге салатын. «Там вдали за рекой», «По долинам и по взгорьям», «Красная армия всех сильней…» дейтін әндерді сол ағатайымнан естіген едім. Азамат соғысының әндеріне деген ыстық ықылас менде осы күнге дейін қалып қойған.

Соғыстың алдында медбикелер мектебін бітіріп үлгердім де, мені Гомель облысы, Буда-Кошелевск ауданындағы Недойск дәрігерлік учаскесіне қызметке жіберді. Сол жерде мен қатарында жетпіс комсомол мүшесі бар колхоздағы ұйымға хатшы болып сайландым. Біз көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырдық. Бұл менің өмірімдегі ең көңілді де бақытты шақ еді. Бірақ ол қысқа болды. Оны соғыс үзіп жіберді. Бүгінгідей есімде – жиырма екінші маусымның таңы...

Біз концерттен қайтып келе жаттық. Музыкамен, әрі әндетіп колхоз басқармасына жақындап келдік те, тура осы жерден соғыстың басталғанын естідік. Бәріміз де тыныштала қалдық. Баршамыздың сол сәтте-ақ Отанды қорғауға әзір екендігіміз көрініп тұрды. Ойға баттық, байыптанып, бәріміз дерлік бір сәтте есейіп кеткендей күй кештік. Сол күні кешкісін армия қатарына шақырған повестка алдым, өйткені медициналық қызметкер ретінде әскери есепте тұратынмын. Жолдастармен айрылысар шақ туды. Көбісі жылап та жатты. Мен жылауға қорықтым – майданға барғым келмейді деп ойламасын дедім. Қорыққан жоқпын, іштей тас-түйін әзір едім. Ақылмен тұтастай сезінбесем де, жаныммен даяр едім...»

Березино ауданының Перевоз деревнясында Поляк Әскерінің подпоручигі, автоматшылар взводының командирі Любовь Ивановна Любчиктің тұратынын мен гәзиттегі очерктен оқып білген едім.

Березиноға дейін жап-жаңа «Икаруспен» жеттім. Түссем, «Перевозға дейін автобустар жүрмейді. Жердің ластығы сондай, сүт таситын немесе пошта апаратын мәшиненің өзі кей-кейде өте алмайды екен. Пошта мәшинесі таңертең кетіп қалғаны анықталды, ал сүт таситыны колхоздың орталығы тұрған көрші деревняға ғана апаратын көрінеді. Ол жерден және төрт шақырым жүру керек: қалай жетесің, бір құдай біледі – не жаяу, не аты бар адам кездессе, апарып салуы кәдік. Менің жолым болды – Перевозға орманшы өз шаруасымен бара жатыр екен, көңілді күйде әлгі үйге апарып салды: «Е-ех, Любчик, шамасы сен соғысқан тәрізді едің, ал тілшілер сенің әйеліңді іздейді...»

Любовь Ивановна екеуміз пешті жақтық та, картопты аршып, пісірдік, үстелдің басына отырдық.

Сонда тағы да естігенім:

«...Саратовқа эвакуацияландық. Онда үш айдың мұғдарында токарьлықты үйрендік. Станоктың қасында он екі сағат тұратынбыз. Бірақ ойымызда жалғыз нәрсе – майданға жету ғана бар еді. Құрбыммен бірге, бірақ зауытта істейтінімізді жасырдық. Әйтпесе бізді әскерге алмаушы еді. Ал былайша алды.

Рязаньның жаяу әскер училищесіне жіберді. Одан пулемет бөлімшелерінің командирлері етіп шығарды. Содан Варшаваға жеттім. Өңкей жаяу жүріп...»

Осы тұста менің зердеме партизандық медбикенің, ал бүгінде Ұлы Отан соғысы тарихының Белоруссиядағы мемлекеттік мұражайының экскурсоводы Вера Сергеевна Романовскаяның айтқан әңгімесі оралады. Ол соғыс басталған тұстағы оқиғаларға бармағанымен, олардың бәрі де бір жағдайды еске алады және әрбір әңгімеден сол жылдар мен күндердің атмосферасын дәлірек және толығырақ жеткізетін жаңа да күтпеген егжей-тегжейлерін тапқандай боласың.

Вера Сергеевна Романовская:

«Біздің партизандық отрядымыз Қызыл Армияның бөлімшелеріне қосылды да, парадтан кейін, бізге қару-жарағымызды тапсырып, жұмыс істеуге баруымыз керектігін айтты. Ал мына жағдаят біздің санамызға енбейді: бұл қалай – соғыс әлі жүріп жатыр, тек қана Белоруссия азат етілді, ал біз қаруымызды тапсыруымыз керек. Біздің әрқайсымыз ары қарай соғысуға ұмтылып тұрдық. Сөйтіп біз бәріміз, біздегі барлық қыздар военкоматқа келдік... Мен медбике екендігімді айттым және майданға жіберулерін өтіндім. Маған уәде берді: «Жақсы біз сізді есепке аламыз, егер қажет болсаңыз, біз сізді шақырамыз. Ал әзірге жұмыс істей беріңіз».

Тосудамын... Шақырмайды... Военкоматқа тағы бардым... Талай рет бардым. Ақыры маған шындықты айтты: ендігі медбикелер жеткілікті, әзірге қажет емес. Ал Минскідегі қоқыстарды жинау керек...

Біздің қыздар қандай болды деп сұрайсыз ба? Бізде Чернова деген келіншек болған, аяғы ауыр, сөйте тұра бөбектің жүрегі соғып тұрған бөксесімен минаны көтеріп келе жататын. Ал осыдан кейін олардың қандай болғандықтарын пайымдай беріңіз. Мұндайды талдап жатамыз ба, біз де сондай болғанбыз. Отан және біз – бір ғана ұғымбыз, біз осылай тәрбиеленгенбіз. Немесе менің және бір құрбым қалада кішкентай қызын сүйрелеп келе жатады, ал баланың денесі листовкалармен оралып тасталған, ол: «Мама, мен қысылып қалдым... Мама, мен қысылып қалдым...» деп қыңқылдайды. Ал көшеде көрінген жерде немістер мен полицайлар толып жүр.

Ал міне сол балалар... Біз оларды өз отрядымызға жасырдық, балақайлар ғой енді. Содан блокадаға ұшырағанда, елдің бәрі қауіп-қатер төнгенін көріп тұр – оларды майданның арт жағына жіберген жөн деп шешті, ал сол балалар қабылдайтын жерден майданға қашатын. Оларды жолдан ұстап та алатын. Бәрібір олар тағы да майданға қашатын...

Тарих ілгеріде: бұл не нәрсе? – деп жүздеген жылдар бойына қазбалайтын шығар. Сіз көз алдыңызға елестетіңізші, аяғы ауыр әйел минаны сүйреп келеді... Ол нәрестені тосумен болды емес пе... Сүйді, өмір сүргісі келді... Бірақ ол сол минамен жүрді...

Мұны не деп атауға, қандай сөз табу керек? Толстой мұндай жағдаятты патриотизмнің жасырын жылылығы деп атапты. Олар болса, өздері жайлы жадағай ғана айтады: «Біз мұны несіне қазбалап жатамыз. Бізді Отан және біз – бір таным» деп тәрбиеледі. Ал біз мұны түсінуіміз керек, ұғынуымыз керек, өйткені біз олардың балалары мен немерелеріміз.

Тыңдаймын да, көз алдыма елестеткім келеді... Жоқ, өзімді олардың орнына қойып емес. Бұл жерде менің өзім жайлы сөйлеуге қандай құқығым бар? Егер мен «өзім» мен олардың «біз» дегеніне өзімді қиюластырсам, онда тек жазып алу үшін емес, басыңнан өткеруге ойысасың: бұл өзі қалай болып еді? Көз алдыма әкелемін, көріп тұрмын – олардың солдаттар темекінің түтініне әбден толтырған теплушкаларға артылып жатқан, бірыңғай форма киген, шаштарын ұлдарша қиып тастаған, қалың шинельдерге бойлары сай келмей, бір- бірінен көз жастарын және аналарының ұзақ құшақтағандарын жасырып тұрған қыздарды көремін: енді қайтсін – олар майданға кетіп барады!

Енді олар өздері естеріне алады: есейген адамдар үнсіз, жинақы отыратын, ал бұлар, жастар жағы күледі, ән салады. Бұл ғажайып нәрсе сияқты, олардан майданға қалай кеттіңдер деп сұрасаң, жауап біреу ғана: сүйікті әндерімізді салатынбыз дейді. Олар соғыс жайлы не білетін еді? Иә, он жеті-он сегіз жастағы қыздар не білмек?

Мәселен, фельдшер Мария Васильевна Тихомированың есінде қалғаны. Соғыстан бір ай бұрын жолдамамен Ленинград облысындағы селолық ауруханалардың біріне жіберіліпті. Келіп үлгеріп, орныққаным сол еді:

«...Военкоматқа шақырып, «Міне, сендерге екі сағат уақыт береміз, жиналыңдар, сендерді майданға жөнелтеміз» дейді. Мен дереу жинақталдым, бар дүниемді бір кішкене шабаданға салдым.

– Сіз соғысқа не алдыңыз?

– Кәмпиттерді.

– Қалайша?

– Тура бір шабадан кәмпит. Мені жіберген деревняда көтерме ақша берді. Ақшам болды, мен соның бәріне кәмпит алып, үстіне курстағы барлық қыздардың суретін салдым.

Содан военкоматқа келдім. Военком: «Сендерді қайда жіберейік?» деп сұрап жатыр. Мен оған: «Ал менің құрбым қайда барады?» деймін. Біз онымен бірге Ленинград облысынан келген едік, ол он бес шақырым жердегі көрші деревняда істейтін. Военком күледі: «Ол да тура осылай деп сұрап еді».

Ал Минск облысының Березино ауданы орталығынан келген жүргізуші, аға сержант Тамара Илларионовна Давидовичтің зердесінде мынадай оқиға қалып қойыпты:

«…Алты айлық шопырлар курсын бітірдім. Менің оқытушы екендігімді сұраған жоқ (соғысқа дейін педтехникумды тәмамдағанмын). Соғыста мұғалімдер кімге керек? Солдаттар керек. Көп қыз едік, тура бір батальон болдық.

Бірде, жаттығу кезінде... Неге екенін білмеймін, осы жайды көз жасынсыз есіме түсіре алмаймын. Көктем еді. Біз атыстық та, кері оралдық. Мен болсам, шамалы ғана шегіргүл жинап алдым. Кішкене ғана шоқ гүл. Жұлып алдым да, найзама байлап қойдым. Және солай келе жатырмын.

Лагерьге келдік. Командир бәрімізді сапқа тұрғызды да мені шақырды. Мен бері шықтым... Тіпті винтовкамдағы шегіргүлдерді ұмытып та кетіппін. Ал ол болса, маған ұрсып жатыр: «Солдат гүлдерді жинаушы емес, солдат болуы керек...» Ол мынадай жағдайда гүлдер туралы ойлауға болатынына таңғалса керек.

Бірақ мен шегіргүлдерді лақтырып тастамадым. Оларды жай ғана алдым да, қалтама сұға қойдым. Маған осынау гүлдер үшін өшіреттен тыс үш наряд берді...

Енді бірде күзетте тұрғанмын. Сағат екіде мені айырбастағалы келді, ал мен көнбедім. Келген қызға айтамын: «Сен күндіз тұр, ал мен қазір тұрайын». Тек құстардың сайрауын естісем болды – түні бойы, одан таң атқанша да тұруға ықтияр едім .

Біз майданға аттанғанда көшемен жүрдік, әйелдер, шалдар, балалар дейсіз бе, бүкіл халық қақ жарылды. «Қыздар майданға бара жатыр» деп бәрі де жылап тұрды. Біз қыздардың толық батальоны болып өттік... Эшелонда келе жатырмыз, сонда біздің сана-түсінігіміз қандай еді? Тамбурда өзге қызбен тұрамыз. Жігіттер: «Қыздар, сендер ашсыңдар ғой. Келіңдер, бізде кепкен нан бар» деп шақырады. Ал біз: «Бармаймыз!» деп бас тартамыз. Өзгелерге тәуелді болғымыз келмейді баяғы...»

Ал соғыстың алғашқы күндеріндегі сезімдерін хирург Вера Иосифовна Хорева былай жеткізеді:

«Майданға бара жатып, ұзаққа емес шығар деп ойлағам. Бір сүйікті юбкамды, екі пар нәскилерімді және төплиімді ғана ала салғанмын. Воронежден шегініп бара жаттық, жер-көк сондай лас, бірақ әлі есімде, әлдебір дүкенге кірдік те, өзіме биік өкшелі төпли алдым. Сондай әдемі төпли... Оның үстіне әтір де сатып алдым... Бұған дейін бастан кешкен жадағай тірліктен бірден бас тарту оңайға түспеді. Соғыс басталып кетті, ал мен болсам, әлі қыз бала едім...»

Мен неге көптеген, қаптаған фактілердің ішінен мына екеуін – бір шабадан кәмпит пен найзаға байланған шегіргүлді бөліп аламын? Бәлкім, сол қыздың маған таныс жағдаяттардың ішінен нақтылау да жақындау болғандығынан шығар? Қалай десектағы, сонау кәмпит толы шабадан мен шегіргүл үшін берілген үш наряд жарылған эшелондардан, атып түсірілген ұшақтардан, жаудан қолға түскен олжалардан гөрі менің бүгінгі ойыма күштірек әсер етеді. Біз ендігі білеміз: жаудың эшелондары, ұшақтары, техникасы жеңісті қамтамасыз етерліктей деңгейде жойылды ғой. Бәрінен бұрын әскери операцияларды құр суреттеу емес, соғыста тірлік пен болмыстың тығыз тоғысқандығы толғандырады.

Қалайша осынау қарапайым қыздар нағыз солдаттарға айналды екен? Олар ерлік жасауға әзір болған, бірақ армияға дайын емес еді. Және армия да өз тарапынан оларға ыңғайлы болмаған, өйткені қыздардың басым көпшілігі майданға өз еріктерімен кеткен. Оларға есеп жасалынбаған, тіпті оларға үміт артылмаған-ды. «Военкомның алдында тип-титтей қыз мен тұрмын. «Ал саған қыздарды армияға алады деп кім айтты?» – деп таңғалады ол. Бұл соғыстың алғашқы күндері болған жағдай еді... Арада жыл өтті, мен немен көмектессем екен деп ойлаймын, бірақ майданға тек жылы биялайдан басқа ештеңе де жолдай алмайсың. Менің пималарым отыз төртінші размерлі, жөнелте алмайсың. Тағы да барамын военкоматқа...» – деп есіне алады қатардағы жауынгер, барлаушы Любовь Ивановна Осмоловская.

Оларға солдаттың қиын-қыстау ілімі оңайлықпен беріле қойған жоқ. қырқыншы размерлі керзі етік немесе американдық «шынжыр табан» деп аталатын, ұзын орамды бәтіңкелерді киюің керек, шинель болса-болмаса, бұрымыңды кестіруің және қажет (қыздың өткені мен солдаттық бүгінгі тіршілігіне қатаң шек қоятын. Осынау амалды олардың ешбірі де ойға алмай кетпейтін), формаға үйренесің, кімнің, қандай дәрежеде екенін айырмай және болмайды, ал «нысананы» жою, пластунша еңбектеу, шұлғауды орай білу, қатарынан пәлен сөтке ұйқтамау, бірер секөнтте противогазды киіп үлгеру, окоп қазу қайда қалмақ?.. Соғыстың күнделікті тіршілігі осы болатын, ол жайында қыздар майданға сұранғанда ойланып жатпайтын.

Грузиядағы Обча селосының тұрғыны, зенитші, қатардағы жауынгер Нонна Александровна Смирнова:

«Бізді вагонға орналастырды, содан дайындық басталды. Бәрі де үйдегіден ерекше екен. Ерте тұруың керек, бір минөт те жалғыз қалмайсың. Ал біз бұрынғы тіршілікпен жүрдік. Біз бөлімше командирі, төрт кластық қана білімі бар кіші сержант Гуляев бізге уставты үйретіп, жекелеген сөздерді жөнсіз айтқанда ыза болатынбыз. Бұл бізді не нәрсеге үйрете алмақ деп ойлайтынбыз...

Карантиннен кейін, ант қабылдаудың алдында, старшина бізге формалы киім жеткізді: шинельдер, пилоткалар, гимнастеркалар, юбкалар, комбинацияның орнына – бөзден еркекке арнап тіккен, жеңі бар екі көйлек, орауыштың орнына – шұлықтар мен табанына айнала металл нәл қағып тастаған, нәскилері бар американдық ауыр бәтіңкелер таратты. Ротада тұлғам бойынша ең кішкентайы мен болып шықтым, бойым жүз елу үш сантиметр, аяқ киімім отыз төртінші размер болатын, әрине, әскери өнеркәсіп ондай титтей аяқкиім шығармайтын, оның үстіне Америка да бізге ондайды жібермейтін. Маған қырық екінші размерлі бәтіңке тиды, мен олардың жібін ағытпай-ақ, қонышынан киіп-шешетінмін, оларды әрең сүйреп жүретінмін.

Мен тас төселген көшемен жүргенде аяғымнан ұшқын шашырайтын, сөйтіп жүрісім қатардағы қадамдауға мүлде ұқсамайтын. Алғашқы марштың қандай азапты болғанын еске алудың өзі қорқынышты еді.

Командир менің қалай келе жатқанымды көрді де, өзіне шақырды:

– Смирнова, сенің саптағы жүрісің осы ма? Сені үйретпеген бе, аяқтарыңды неге көтермейсің? Кезектен тыс үш наряд жариялаймын...

Мен жауап қайтардым:

– Құп болады, жолдас аға лейтенант, кезектен тыс үш нарядқа! – кетуге кейін бұрылдым, ал бәтіңкелерім еденде қалды, аяқтарымды қонышым қанға орап әбден қажап тастаған-ды.

Менің өзгеше жүре алмайтыным енді белгілі болды. Ротадағы етікші Паршинге маған арнап ескі плащ-палаткадан, отыз алтыншы етік тігіп беруге бұйрық берілді...»

Олар жастық шақтан, еркін өмірден келген-ді, көбіне өздерін балаша ұстады, ал мұнда – әскери тәртіп.

Гвардия лейтенанты, аға ұшқыш мәскеулік Антонина Григорьевна Бондарева тағы да есіне алады:

«Біз тура сіздердей қыз болдық, бірақ біз өзгеше болды дей көрмеңіздер. Тәртіп, уставтар, ерекшелік белгілері – мұның бәрі әскери дүниелер, оларды бірден игере алмадық. Ұшақтарды күзетіп тұрмыз. Ал уставта айтылған, егер біреу келе жатса, «Тоқта, келе жатқан кім?» деп тоқтату керек. Менің бір құрбым полк командирін көріп қалады да, айғай салады: «Тоқта, келе жатқан кім? Сіз мені кешіріңіз, бірақ мен атамын!» Байқадыңыз ба? Ол: «Сіз мені кешіріңіз, бірақ мен атамын!» – деп айғайлайды.

Ал авиация капитаны, ол да мәскеулік, Клавдия Ивановна Терехова айтады:

«…Қыздар училищеге бұрымдарымен келді. Менің де басымды ораған бұрымым бар-тын. Ал оларды қайда жуамыз? Қайда кептіреміз? Бірде жуғанымыз сол еді, тревога берілді, сіз жүгіруіңіз керек. Біздің командиріміз Марина Раскова бәрімізге бұрымдарымызды кесіп тастауды бұйырды. Қыздар кесіп жатты, жылап та жатты. Тек қана кейін атағы шыққан ұшқыш болған Лиля Литвяк қана бас тартты.

Мен Расковаға бардым, баяндап тұрмын:

– Жолдас командир, бұйрығыңыз орындалды, тек Литвяк қана бас тартты.

Марина Раскова, өзінің әйелдік жұмсақтығына қарамастан, арасында командирлік қатал мінез де көрсете алатын. Ол мені қуып шықты:

– Сен бұйрықтың орындалуын діттей алмасаң, несіне парторг болып жүрсің, орныңда шыр айнал да, жөнел!..

Көйлектер, өкшелі төплилер... Тастауға қимайсың, біз оларды қапшықтарға тығып тастадық. Күндіз етік киесің, ал кешкісін айнаның алдынан төплимен олай-былай жүргің келеді. Раскова көріп қойды – сонсоң бірер күннен кейін бұйрық шықты: әйелдердің күллі киімдері посылкамен елге жіберілсін.

Есесіне ұшақты біз екі жылдың орнына жарты жылда игеріп шықтық. Бұл үшін, қыздар өздерін солдаттар ретінде сезінуі үшін басқа ештеңеге де алаңдамауы керек. Оңай ма? Мәшинемен моншаға бара жатамыз, ал қалада төпли киген, орамал тағынған әйелдер келе жатады. Олардың өзіндік, олардың бұрынғыдай тірлігі бар. Қараймын: менің қыздарым мұңайып қана отыр...

Жаттығудың алғашқы күндері екі экипаж қаза тапты, төрт табыт қойды. Үш полк, біз бәріміз де еңіреп тұрдық.

Раскова сөз сөйледі:

– Құрбылар, көз жастарыңды сүртіңдер. Бұлар біздің алғашқы шығындарымыз. Алда олар көп болады. Өз жүректеріңді жұдырықтарыңа түйіп алыңдар...

Сонсоң соғыста, біз өліктерді еш көз жасынсыз көметін болдық. Ал қазір, көріп отырсыңдар, жылап отырмын. Мұны мен өздеріңе тікелей айтамын.

Біз жойғыш авиацияда істедік. Биіктігінің өзі әйелдің организмі үшін ғаламат ауыр жүк болатын, кейде қарның тура бел омыртқаңа жабысып қалғандай қиянат көресің. Ал біздің қыздар ұшатын, сөйтіп жаудың не бір шебер ұшлқыштарын – әскери тілмен айтқанда астарын, иә, деген астарын жер жастандыратын! Білесіз бе, біз келе жатқанда, еркектер бізге таңғала қарайтын – ұшқыш әйелдер! Олар бізді мақтан тұтатын. Менің өмірімдегі ең тамаша сәттер – өзімнің заңғарға самғаған кездерім еді...»

Олар алты айлық, тіпті үш айлық курстарды аяқтап, медбикелердің куәлігін алатын, сонда да қысқартылған бағдарламамен мергендер мектебін, ұшқыштар әйтпесе саперлік училищені де қоса тәмамдап, бой түзейтін. Мұның бәрі әзірге мектептегі оқуды еске түсіретін, ал олардың тәжірибесінің бар екендігі соғысқа яки майданға жатпайтын, олар жайлы тек кітаптан алынған, көбіне романтикалық түсініктер ғана болатын.

Сол ерекше солдаттар әскери комисариаттың алдына келетін. Мұндай жауынгерді партизан отрядына жіберетін, ал ол: «Сонда мамама ол жерден Мәскеуге қалай хат жазу керек?..» деп сұрайтын.

Хирург, аға лейтенант, Вера Владимировна Шевалдышева:

«Күзде мені военкоматқа шақырды, полковник сауал қойып жатыр: «Ұшақтан секіру білесіз бе?» Мен қорқатынымды мойындадым. Ол десанттық әскерлерге үгіттеп бақты: әдемі форма, күн сайын шоколад дегендейін. Мен бала кезімнен биіктіктен өте қорқатынмын. «Бәлкім зениттік артиллерияға барарсыз?» Зениттік артиллерия дегенді мен қайдан білейін? Ақыры мынадай ұсыныс жасады: «Онда сізді партизандық отрядқа жіберейік...» – «Ал сонда мамама ол жерден Мәскеуге қалай хат жазбақпын?» Ол қызыл қарындашты алды да, менің жолдамама: «Далалық майдан...» деп жазды.

Пойызда маған бір жас капитан ғашық боп қалсын. Түнімен біздің вагонда қалқиып тұрды да қойды. Ол ендігі соғыстың әбден тәлкегіне түскен, бірнеше рет жараланған жауынгер еді. Маған қарап-қарап тұрды да, былай деді: «Верочка, тек қажып, төменшіктеп кетіп жүрмеңізші, дөрекіленіп кетпеңізші. Сіз қазір сондай нәзіксіз... Мен де көресіні көріп бақтым ғой!..» Бұл соғыстан тап-таза болып шығу қиын ғой деген жобада тағы да әлденелерді айтып жатыр да...

Біз құрбым екеуміз Екінші Украин майданының төртінші гвардиялық армиясына ай бойында әрең жеттік. Қуып жеттік-ау, бас хирург бірер минөтке бері шықты, бізді шолып қарады да, операциялық бөлмеге алып келді: «Міне, сіздердің операция жасайтын үстелдеріңіз...» Санитарлық мәшинелер – үлкен «студебеккерлер» бірінен соң бірі келеді, жаралылар жерде де, зембілдерде де жатыр. Біз тек сұрап үлгердік: «Алдымен қайсыларына жасаймыз?» – «Үнсіз жатқандарға...» Бір сағат өтер-өтпестен мен операция үстелінің жанында тұрдым, іске кірістім. Екі адамнан кейінгісі өліп жатады. Бәріне бірдей қол ұшын беріп үлгере алмайсың...

Жмеринкадағы стансада біз сұмдық бомбылаудың астында қалдық. Состав тоқтады, ал біз тұра жүгірдік. Күні кеше ғана соқыршегін алдырған біздің замполит, ол да жүгірді. Түні бойы орманда бой тасалап отырдық, ал составтың жаңқа-жаңқасы шықты. Таң қылаң бере неміс ұшақтары енді жер бауырлап ұшып, орманды сүзіп, тінткілей бастады. Жаныңды қайда қоярсың? Жерге көртышқан секілді кіре алмайсың. Мен бір қайыңды құшақтап алып, безектеп тұрмын: «Ох, мама, маматайым-ай!.. Мен шынымен-ақ қаза табамын ба? Тірі қалсам, әлемдегі ең бақытты адам болар едім...» Кейін қайыңды құшақтап тұрғанымды кімге айтсам да, бәрі күледі, сенбейді. Ондайда мені атып тастау оп-оңай емес пе? Тік тұрмын, ақ қайыңның қасында...

Жеңіс күнін Венада қарсы алдық. Біздің зоопаркке өте барғымыз келді. Концлагерьлерді де көруге болушы еді. Бармадық... Бұл күнде неге бармадық деп таңғалам, ал ол кезде барғымыз келмеді...»

Даладағы монша-кір жуу отрядының қатардағы жауынгері Светлана Васильевна Катыхинаның естеліктерінен:

«...Біз – мамам, папам және мен – үшеуміз едік. Майданға алдымен әкем кетті. Мамам әкеммен бірге кеткісі келді, ол медбике болатын, бірақ оның басқа жаққа, ал әкеме өзге жаққа кетуіне тура келді. Өзім он алты жаста ғана болатынмын. Военкоматтың табалдырығын тоздырдым, ақыры жыл өткен соң алды-ау.

Біз пойызбен ұзақ жүрдік. Бізбен бірге госпитальдан шыққан солдаттар да оралып келе жатты, араларында жас жігіттер де болатын. Олар ары қарай бізге майдан жайлы әңгіме айтты, ал біз аузымызды ашқан күйі тыңдап отырмыз. Бізді жау атқылайды дейді, ал біз енді қашан атқылайды деп ойлаймыз. Біз ендігі оққа көндіккенбіз деп айтайық дейміз. Әлі есімде, бір жап-жас бозбаланы көрдік, ал гимнастеркасының өңіріне жап-жаңа орден тағылған, ал біз соғысты тура осындай болады екен-ау деп мүлде пайымдамағанбыз. Бірақ бізге винтовка бермеді, қазан-ошақ, кәритәлардың қасына қойды. Қыздардың бәрі де мен құралпы, бұған дейін әке-шешеміз бізді аялап, еркелетіп өсіріп еді. Мен отбасында жалғыз бала едім. Ал мұнда отын тасимыз, пеш жағамыз. Сонсоң оның күлін аламыз да, қазанға салып, сабынның орнына пайдаланамыз, ал ішкиім қандай кір, таза бит басып кеткен...»

Майданда адамның айналаны түйсіну сезімдері бейбіт өмірдегідей әлі сақталып қалғанда, алғашқы күндері, апталары, айлары өтіп жатқанда көтеру аса қиындыққа түседі: қорқыныштысы – одан да әрман қорқынышты, жобалысы – тіпті жобасыз жағдайда көрінеді. Мұндайды көтеруді анасы соғысқа дейін оны сәби деп еркелеткен және аяған жас қыздың маңдайына жазып отыр. Бұл қызға – ленинградтық Софья Константиновна Дубнякова оны «Тургеневтің сайтан алғыр бойжеткені» деп атайды: бұл теңеуге әйелдік табиғи болмыс пен соғыста әйелге атқаруға және көтеруге тура келген үйлеспеушілікті салады – өзгеше сезімі бар, өзге эмоциялы, өзге көзқарасы, өзге есту қабілеті бар адам болуы керек.

Санинструктор, аға сержант Софья Константиновна Дубнякова:

«Бізге ең ауыр жарақат басың мен қарныңа оқ тигенде пайда болады деді. Егер бомбылау яки атыс басталса, біз қарнымыз бен басымызды қорғаштауға тырысатынбыз. Бір жерде тас-талқаны шыққан мәшинеден отырғыштың жастығын алып бүркемеленетінбіз. Басымызды тіземіздің арасына жасыратынбыз...

Мен өзімнің алғашқы жаралымды осы күнге дейін ұмытқам жоқ. Бет-пішіні де есімде... Оның ортан жілігі ашық сынған, сүйегі ербиіп тұр, жарқыншақ жарақат, бәрі қайырылып қалған. Мен теория жүзінде не істеу керектігін білетінмін, бірақ оған еңбектеп барғанымда, әлгі жарақатты көріп басым айналып, жүрегім айнып кетті. Кенет: «Медбике, сәл су іш...» дегенін естідім. «Ах! – деп ойладым, – Тургеневтің сайтан алғыр бойжеткені! Жарақат алған адам көз алдыңда өлгелі жатыр, ал сенің – соншалықты нәзік жанның – жүрегі айни қалыпты ғой...» Мен жеке пакетімді аштым да, оның жарасын жаптым, сөйтіп, денем жеңілдеп сала берді, мен тиісті көмегімді көрсеттім.

Кейде соғыс жайлы фильмдер көресің: медбике – алғы шепте, ол тап-таза да жинақы, кигені мақталы шалбар емес, әдемі юбка, төбесінде – пилотка... Түу, қып-қызыл өтірік!.. Біз сондай киіммен жаралы жауынгерді қалай алып шықпақпыз?.. Айналаң толған еркектер, сен юбкамен қанша жер еңбектемексің? Турасын айтсам, бізге юбканы соғыстың аяғына қарай ғана бере бастады, өздері әдемі-ақ. Сол кезде ғана еркектің ішкиімінің орнына бізге әйелдің трикотажын берген еді. Қуанғанымыздан өзімізді қоярға жер таппадық. Омырауымыз шамалы көрініп тұрсыншы деп, гимнастерканың түймесін ағытыңқырап қоятынбыз...»

Қырық сегізінші армияның ардагері, минскілік Анна Ивановна Беляйдің естеліктерінен:

«Бомбылап жатыр. Елдің бәрі жыраға қарай ұмтылды. Мен де сөйттім. Біреудің ыңырсығанын естідім: «Көмектесіңдерші...» Бірақ сонда да жүгіріп барам... Бірер минөттен кейін есімді жиғандай болдым – иығымдағы санитарлық сөмкемді сезіндім. Оған қоса ұятты да сезіндім. Қорқыныш қайда кеткен?! Енді кейін жүгірдім: жараланған солдат ыңқылдап жатыр. Жарасын таңуға тұра ұмтылдым. Сонсоң екіншісін, үшіншісін...»

Ал атты әскер эскадронының санинструкторы Ольга Васильевна Коржды өзгелерді толғанта қоймаған жағдаят – өлген адам таңғалдырыпты. Он жеті жасар қыз мұны өмір бойына ұмытпапты:

«Соғыста жүргенде ештеңені ешқашанда ұмытпаспын деуші едім. Бірақ ұмытады екенсің... Ал мына бір сурет ойымнан еш кетер емес... Жап-жас, әдемі жігіт. Өліп жатыр. Мен оны құрметпен жер қойнына беретін шығар деймін, ал оны жаңғақ ағашына қарай сүйрей жөнелісті. Қабірін қазды... Табыты да жоқ, ештеңесіз жерге көмді де, топырақпен жауып тастады. Күн жайнап тұр, оған да сәулесін төгіп жатыр... Жаз. Плащ-палатка да болған жоқ, оны гимнастерка және галифе шалбарымен жатқызды – бәрі де жап-жаңа. Ол, шамасы, жақында ғана келген болуға керек. Шұңқыры үлкен емес, өзі жатарлықтай ғана. Жарасы да кішкентай, бірақ ажал әкелерлік – самайдан оқ тиген, қаны шамалы, сөйтіп адам тірі сияқты күйде жатыр, тек өте бозғылт демесең...

Қалың атыстан кейін бомбылау басталды, бір бомбы снарядтар салған жәшікке түсті, снарядтар жан-жаққа атылды... Жаудың ұшақтары үстімізде ілулі тұрған сияқты. Тіпті адамды жер қойнына беріп үлгере алмайсың. Ал біз қоршауда қалғанда өліктерді қалай көмдік? Өзіміз отырған кішкене окоптың қасындағы жерді шұқылаймыз да, көме саламыз – бітті. Титтей төмпешік пайда болады. Ал егер соңыңнан немістер, әйтпесе мәшинелері келе жатса, таптайды да тастайды. Ешқандай із-түзі жоқ жадағай жер ғана қалады. Көбіне орманның ішіне, ағаштардың түбіне көметінбіз... Мына емендердің маңына, ана қайыңдардың маңына...

Осы уақытқа дейін орманға бара алмаймын. Әсіресе, кәрі емендер немесе қайың өсіп тұрған жерге... Ондай жерде отыра алмаймын...»

Әңгімелерін жай ғана бастайды, ал аяғына қарай айғайға кетеді. Сонсоң тұнжыраңқы әрі абыржыған күйге тап болады. Ал сен өзіңді кінәлі сезінесің, олар болса таблеткаларды жұтып, тыныштандыратын дәрілер ішуге кіріседі. Қызы әйтпесе ұлы саған жалына қарайды, белгілер жасай бастайды: «Бәлкім жететін шығар? Оған жүйкелерін бұзуға болмайды...» Тек қана өзіңе өзің ақтау табарың – магнитофон таспасы сақтап қалған тірі дауыстары мен адамның зердесінен де мықты әрі мәңгілік болып көрінетін қағаздың парағы ғана. Сонда да оларды тыңдау қиынға соғады, ал оларға айтып жеткізу одан да ауыр тиеді.

Аға сержант, теңіздік жаяу әскер батальонының санинструкторы Мария Терентьевна Дрейчук:

«Алғашқы өлікті көрдім, еңкейіп, қаза болғанын түсіндім де, жылай бастадым. Жігіттер жетіп келгенінше жыладым да тұрдым. Ұрыс өте ауыр болды, жараланғандар көп-ақ, ал рота дұшпанды бұзып-жарып, алға қарай тез кетіп қалды. Мені бомба қопарған үлкен шұңқырда қалдырды. Олардың бәрі де іштен жарақат алғандар, бірінен соң бірі өліп жатыр. Мен олардың әрқайсын жоқтап жылаудамын.

Біреуінің аяғы балағында ілулі тұрды: «Аяғымды орашы!» деп айғайлайды. Балағын кесіп едім, ол: «Қарындасым-ай, аяғымды орнына салшы!..» деп сұрайды.

Соғыста медбике болған, бүгінде Минскідегі республикалық стоматологиялық емхананың дәрігері Мария Селивестровна Божоктың есінде мына бір жәйт қалып қойыпты:

«Мен үшін ең қиыны аяқты, қолды, өзге де мүшелерді кесіп тастау – ампутация жасау еді. Жиі-жиі тым жоғары ампутация жасауға тура келетін, кейде аяқты амалсыз тұтастай кесіп тастайсың, ондайда оталған мүшені легенге салуға әрең апаратынмын. Ауырлығы сұмдық. Жаралы жауынгер естіп қалмасын деп, еппен алып, бөбек құсап өбектеп ұстайсың... Әсіресе тізеден тым жоғары кесілгендері есіңді тандырады. Мен осындайға үйрене алмай қойдым, аяқтарды тасып жүргенімді түсімде көретінмін...

Мамама бұл жайында ештеңе жазбайтынмын. Бәрі жақсы, киімім жылы дейтінмін. Ол байғұс майданға үш адамды бірдей аттандырды ғой, оған тым қиын еді...»

Халықаралық Қызыл Крестің ең жоғарғы белгісі – «Флоренс Найтингейл» алтын медалімен марапатталған, Тың өлкесіндегі Ленинградский кентінен саниструктор Мария Петровна Смирновадан (Кухарскаядан) келген хаттан:

«Мен Одесса облысында туып, өскенмін. Қырық бірінші жылы Кодым ауданындағы Слободская мектебінің оныншы класын бітірдім. Соғыс басталған бетте, алғашқы күндері-ақ военкоматқа жүгіріп бардым, алмады, үйге қайтарды. Тағы да екі рет бардым, бас тартты. Жиырма сегізінші шілдеде біздің Слободка арқылы кейін шегінген әскери бөлімшелер өтті, сонда еш повесткасыз-ақ соларға ілесіп майданға кеттім.

Алғаш рет жаралыны көргенде, талып жығылдым. Содан үйрендік қой. Жауған оқтың астында бірінші жолы жауынгерге еңбектей жөнелдім, айғайлағаным сондай, ұрыстың сарт-сұртынан асырып жібергендей көріндім. Кейін денем үйренді... Он күннен соң өзім жарақаттандым, жарқыншақты өзім алып тастадым, жарамды өзім таңдым.

Қырық екінші жылдың жиырма бесінші желтоқсанында елу алтыншы армиядағы біздің үш жүз отыз үшінші дивизиямыз Сталинградқа тақау жердегі төбеге бекінді. Немістер ол биіктікті қайткенде қайтарып алуға тырысты. Ұрыс басталды да кетті. Бізге қарай жаудың танкілері жөңкілді, бірақ оларды артиллериямыз тойтарды. Немістер кейін қарай толқыды, ал бейтарап жерде жаралы лейтенант артиллерист Костя Худов қалып қойды. Оны алып шығуға еңбектеген санитарлар да қаза тапты. Екі овчарка-санитаркалар (мен оларды сонда алғаш рет көрдім) да ажал құшты. Сонда мен орнымнан атып тұрдым да, құлақшынымды жұлып алып, соғысқа дейінгі сүйікті әніміз «Я на подвиг тебя провожаланы» баяу бастап, бірте-бірте күшейте бердім. Екі жақтағылар да үнсіз қалды. Костяға да жеттім, еңкейіп, оны сүйреткіге жатқыздым да, бері жөнелдім. Келе жатырмын және ойлап қоям: «Не істесе де арқамнан емес, басыма атса екен». Бірақ мен бері қарай өзімізге жеткенше бір де бір оқ атылған жоқ...

Бізге форма дегеніңіз жетіспей қоятын: қашанда қанға бөгіп жүргеніміз сол. Менің бірінші жаралым – аға лейтенант Белов та, соңғым – миномет взводының сержанты Сергей Петрович Трофимов еді. Жетпісінші жылы ол маған қонаққа келді, мен қыздарыма оның жаралы басын көрсеттім. Қазір ол жері үлкен тыртық болып қалған. Журналистердің бірі есептеп шығарыпты – мен оқ пен оттың астынан төрт жүз сексен бір жаралыны алып шыққан екем: тұтастай атқыштар батальоны...»

Адамды өлтіретін техника мен қару-жарақ сан рет жетілдіріліп бақты, ал оларды құтқару тәсілдері сол қалпында қалды – жаралыларды өздеріне жатқызып алып сүйрелейтін. Мен мұны оттың астында қалай жасайтынын көрген жоқпын. Бірақ бірде, менің көз алдымда еңгезердей мықты жігіттер алпыс-сексен келі (орта есеппен алғандағы адамның салмағы) болатын қаптарды вагоннан түсіріп жатты, көйлектері аққан терден су-су, бұрап сығуға болады. Дөрекілеу теңеу, алайда олар маған таныс емес жұмысты жасауда. Мына бір детальға да қараңыз: жаралы адам әдетте өз салмағынан ауыр болады, ал оның бер жағында атқылап, бомбылап жатады.

«Алғы шепке келгенде, біз өзімізден үлкенірек адамдарға қарағанда көнбістеу болдық. Мұны қалай түсіндірерімді білмеймін. Өзімізден екі-үш есе ауыр еркектерді сүйреледік қой. Оның өзі мен қаруын қоса, шинелі мен етігі және бар. Өзіңе сексен келіні артып аласың да, сүйрелейсің. Оны әкеліп тастай саласың да, тағы кетесің, тағы жетпіс-сексен келі жүк... осылайша бір шабуылдың бойында бес-алты реттен. Ал сонда өзіңнің салмағың – балеттегідей, қырық сегіз келіден аспайды. Өзіміздің сөйте алғанымызға сенгің де келмейді... (Әскери фельдшер А.М. Стрелкова)

Вера Сафроновна Давыдова соғысқа дейін Мәскеудің тарихи-мұрағат институтын тәмамдап үлгеріпті, дәлірек айтқанда – оларға дипломды қырық бірінші жылдың алтыншы шілдесінде тапсырған. Ол бірден майданға сұранады. Диверсиялық топпен жаудың тылына жіберіледі, содан партизандық сүрлеулермен бүкіл Беларусьті кезіп шығады. Майданнан кейін БКП Орталық Комитетінің партия тарихы институтында қызмет істейді.

«Мен тарихшы санатында соғыс мәселесімен ұзақ айналыстым, – дейді Вера Сафроновна. Және, әрине, өзіме өзім қойған сауалдардың ішінде мынадайы да болатын: әйелді соғысқа баруға не итермеледі? Мен мұны біздің ұлттық ерекшелігіміз деп ойлаймын. Әйел өз елі, өз халқы қырылып жатқанда, баласын шомылдырып, тағам дайындап, құр бос отыра алмайды. Сонсоң екіншіден, соғыстың басына қарай эмансипацияның берік орнығуы, еркектермен біздің тең құқықта болуымыз өз рөлін ойнады.

Мәселен, соғыс басталған екінші күні-ақ институттан военкоматқа жүгіріп бардық: «Бізді майданға алыңыздар!» Сонда соғыстың не екенінен, майданның не екенінен еш хабарымыз да жоқ. Рас, бізді кейін қайтарды: «Барыңдар, әуелі мемлекеттік емтихандарыңды тапсырыңдар» десті.

Біз емтихандарды тапсырдық та, майданға және сұрандық. Қыздар ұмтылып бақты... Әрине, соғыс – әйелдің шаруасы емес. Ал еркектер оны жұмысқа айналдыратын. Әйел еркекке қарағанда үйренуге келгендегі пәленбай есе икемділігіне қарамастан өйте алмады, себебі ол – ана, ол бөбегін қорғауға, сақтауға әзір болуы керек, оны табиғат осыған үйретті. Сондадағы, әйел соғысқа үйрене алмай қойды.

Міне, біз қырық екінші жылы майдан шебінен өттік те, әлдебір зираттың маңына іркілдік. Біз білетінбіз – немістер осы тұстан бес шақырым жерде жатты. Түн еді, олар ұзақ уақыт жарқырауық ракеталарын, парашютке тағылғандарын тастап тұрды. Бұл ракеталар ұзақ жанады, әрі маңайды көпке дейін жарықтандырады. Взвод командирі мені зираттың шетіне алып келді де, ракеталарды қайдан тастайтынын көрсетті, немістердің қай бұтадан шыға келуі ықтимал екендігін айтты. Мен өлген адамдардан, бейіттерден қорықпайтынмын. Бірақ мен жиырма екі жаста едім, сол күзетте тұрған екі сағатта шашым ағарып кетті. Мен шаштардың бір буынтығы ағарғанын ертеңіне таңертең аңғардым. Мен тұрған бойымда ілгі бұтаға қарап тұрдым, ол суылдап қозғалып, ар жағынан немістер келе жатқандай болып көрінді...

Расында, түнде зират жанында күзетте тұру – әйелге тән шаруа ма еді? Біз бәрін де әсерленген күйде қабылдаймыз. Еркектер болса, мұндайға оңай қарайтын: олар күзетте тұру, оқ ату керектігін жақсы түсінетін... Ал біз үшін, әйелдердің табиғатына орай бәрібір оғаш іс болатын. Әрине, өзімізді ыңғайлануға, пайдалануға тырысатынбыз, десек те, бұл бізге екі есе ауыр боп тиетін.

Еркектердің табиғаттан қилы шаруаларға қалыптасқан өзіндік көзқарастары бар. Менің құрбымның қызы жақында күйеуіне ренішін білдірді: «Ах, ол біздің осыдан он жыл бұрын үйленгенімізді есіне де алған жоқ. ол мені сүймейтін болып қалыпты...» Жоқ, еркек мұндайға мән бермейді. Ол үшін бұл оқиға болды, өтті, қатардағы жағдай ғана. Ал соғыстағы әйел тура осындай сөз айтқанда, мұндайды міндетті түрде ескеру керек, өзіміздің әйелдік психологиямызды түсіне білгеніміз жөн.

Ал экстремальдық жағдаяттарда осынау сезімтал жан иесі – әйел болса, еркектерден күштірек, көтерімдірек болып шыға келеді. Отыз-қырық шақырым жаяу сабыламыз... Аттар құлап жатады, еркектер құлап жатады, ал әйеліңіз ән салып келе жатады. Қыздар ұрыс даласынан жараланғанда тіпті ауырлап кететін мығым мұжықтарды сүйреп жеткізетін. Бүгінде мұндайға сену мүлде қиын...»

Жылдар өтті ғой, ал Вера Сафроновна бұрынғыға соғысқа қатысушы әрі тарихшы көзімен қарағанда да бәрібір таңданатын: ол қалай көтерді, олар қалай көтерді осының бәрін? Бара білді. Көтере білді. Соғыса білді. Әйелдің осынау өзін-өзі мынадай қияметке қиюына өнегелілік санатында еш баға жетпейді.

Аға сержант, атқыштар ротасының санинструкторы Нина Владимировна Ковеленова есіне алады:

«Мені майданға алмай қойды: тым жассың дейді – рас, он алтыда ғана едім, он жетіге дейін қайда? Бізде бір фельдшерді алмақшы болды, оған повестка әкеп берді. Ол қатты жылады, үйінде титтей ұлы қалып бара жатты. Мен военкоматқа бардым: «Оның орнына мені алыңыздар...» дедім. Мамам жібергісі келмей: «Нина, сен нешедесің, бәлкім, соғыс та тезірек аяқталар». Ананың аты ана ғой. Бірақ, Отанды сонда кім қорғамақ?

Жауынгерлер маған біреуі қатырлақ нанын, екіншісі қанттың титтей кесегін қалдыратын. Аяғандары ғой енді... Мен бізде «катюшалардың» бар екендігін, бізді ту сыртымыздан қорғаштап тұратындығын білмейтінмін. Міне, ол ата бастады – айнала күн күркірегендей болып кетті, бәрі жанып жатыр... Менің зәрем ұшқандығы соншалық, шалшыққа құлап түстім, пилоткамды жоғалтып алдым. Жауынгерлердің шек-сілелері қатты: «Ей, Ниночек, мынауың не? Саған не болған, қалқатай-ау?»

Қоян-қолтық шабуылдасу... Менің есімде не қалды? Есімде қалғаны – сүйектердің сақыр-сұқыр еткені: шеміршектер сынып жатады, адамның сүйектері шартылдайды. Шабуыл басталғанда, мен жауынгерлердің сәл соңында жүремін, тіпті қатар жүремін дей беріңіз. Бәрі де көз алдыңда...

Бір жыл да соғыса алмадым, Туладағы үйге келдім және ұзақ уақыт бойы айғайлаумен болдым. Түнде мамам мен сіңлім бас жағыма келіп, жылап отырады...»

Қатардағы жауынгер, байланысшы Нина Алексеевна Семенованың айтқандарынан:

«Біз Сталинградқа жеттік. Онда жойқын соғыс жүріп жатыр. Міне, бізге Еділдің бір жағалауынан екіншісіне өтуіміз керек. Бірақ бізді ешкім де көздеріне ілгілері келмейді: «Немене, қыздар ма?.. Сайтан алсын, кімге керексіңдер сендер! Бізге байланысшылар емес, атқыштар мен пулеметшілер қажет!» Ал біз көп едік, тура сексен адам болатынбыз. Кешке қарай ірілеу қыздарды алды да, мені, құрбымыз екеумізді жолатпай қойды – тым кішкентайсыңдар дейді. Резервте қалдырмақ болып еді, мен бақырып тұрып жылайын. Елдің бәрі ұрысқа ұмтылып жатты, тек кінәлі болғандарды ғана қалдырды. Оларды осылай жазалайтын.

Біз енді ғана майданға келгенде, ештеңеден қорықпаушы едік. Бізге демалыс берген кезде екінші эшелонға ауыстырды, міне сонда қорқыныш билеп алды. Снаряд ұшып келеді – кімдікі екенін ендігі білесің, мина болса да солай... Дауысынан-ақ айыратын болдық. Ысқырған дауыс шықса – тарта бер, егер дыбыс шығып ысқырық естілмесе, басқа жаққа жүгір, әйтпесе әкеңе танытады. Әуелде мұның ештеңесін де білмейтінбіз. Алғашқы ұрыста офицерлер брустверден – үйген топырақтан бері құлататын, бірақ мен өзім көргім кеп, басымды шошаңдататынмын. Әлдебір құмарлық, балалық құмарлық қой...»

Біздерді қаншалықты аяп, қорғаштап бағушы еді. Бірақ жағдаяттар сезіміңді күрт өзгертетін, аяушылық дегеніңіз қатыгездіктің астында қалатын. Мәселен, мына бір жағдайды қатардағы жауынгер, санинструктор Екатерина Михайловна Рабчаева есіне алады:

«Алғашқы жаралыны сүйреп келем, сонда өз аяқтарым қиқаңдап кетті. Сүйреп келем, арасында: «Өліп кетпесе игі еді... Өліп кетпесе игі еді...» деп күбірлеп қоямын. Жарасын таңдым, өзім жылаймын, аяп, бірдеңе деп жатырмын. Ал қасымыздан командир өтіп бара жатты. Ол маған айғай салды, еркектердің мұндайда айтатын ауыр сөзіне дейін барды...

– Ол саған неге айғайлады?

– Соншалық аяуға болмайды, босқа жылама деді. Есіңнен танып қаласың, ал жаралылар толып жатыр дегені...

Созалақтап келе жатырмыз, өліктер баудай түсіп жатыр, шаштары қырқылған, бастары жасыл, күнге күйген картоп сықылды...»

«Мен әлі де ештеңені түсінбеймін, ештеңені ұқпаймын. Жаспын... Ал біз шегініп келеміз... Немістердің ұшақтарының көптігі сондай, олар аспанды да, жерді де қымтап жауып тастағандай. Түн... Орман тура ұстарамен қырғандай дерлік. Біздің өліктер де, жаралылар да қалып жатыр...

Мұның бәрін жеткізу үшін «қорқынышты» деген сөздің де шамасы келмейді...» (Әскери медбике Мария Борисовна Ковнацкая).

Қатардағы жауынгер, санитар Наталья Ивановна Сергееваның айтқанында да осындай желі бар:

«Жаралыларды бізге тура ұрыс даласынан әкеп жатты. Бір күні сарайға екі жүз жарақат алғандар әкелінді, ал мен жалғызбын. Бірақ мұның қайда болғанын ұмытып қалыппын... Соншама уақыт өтіп кетті... Қай деревняда екендігі... Есімде қалғаны, қатарынан төрт күн көз ілгем жоқ, тізе бүкпедім, әрқайсысы айғай салады: «Қалқам... Қалқатайым... көмектесші, айналдым!» Бірінен біреуіне жүгірем, бір кезде сүрініп жығылып, сол сәтте ұйқтап кетіппін. Айғайдан оянып кеттім, командир, жап-жас лейтенант, өзі жаралы, сау жамбасына көтерілді де айғай салды: «Тоқтат, мен бұйырамын!» Ол менің әбден әлсіреп қалғанымды түсінді, ал елдің бәрі шақырады: «Сестра… Сестричка…» Мен атып тұрдым да, тұра жүгірдім, қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін. Сонда майданға келгелі алғаш рет жылап едім...»

Қайталау деген жоқ, әрқайсысында алғашқы ұрыс, алғашқы жаралы жауынгер, алғашқы өлік өзіндік орын алған... Вера Сергеевна Романовская тәрізді партизандық тірліктің жәдігерлерін: ағаш күрешкені, гильзадан жасалған соқыр шамды, парашюттен тігілген әйелдің ішкиімін – бәрін-бәрін сақтап қойғың келеді. «Жуырда, бір партизан әйел, – дейді ол, – мұражайға парашюттен тігілген жейдесін, кеудешесін тапсырды, біз оларды отрядтарда тігетінбіз. Ол бұларды қырық жыл бойы сақтапты, тек кейін ауырғанда, кенет өліп кетермін деп қорқыпты, содан бізге мұражайға әкеп берген ғой. Сонда мұражайдағылар күлкіге кенелді: неге, бұлар кімге керек? Мұнда тұрған не батырлық бар?..» десіпті.

Мен үстелімдегі топ-топ хаттар мен толып жатқан магнитофон кассеталарына қараймын – олар нағыз куәгерлер, оларда батырлықтың мың түрлі бейнесі бар.

(Жалғасы бар)

Аударған Марал ХАСЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар