Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Сүйікті ұлым Дәулетке. Папасынан. 1932 жыл. Сәуір»

30.07.2019 1090

«Сүйікті ұлым Дәулетке. Папасынан. 1932 жыл. Сәуір» 12+

Дәулет Мұхамеджанұлы Тынышбаев

Мұхамеджан Тынышбаев!… Осы бір есімді естігенде көз алдыма Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев келеді. “Неге?..” – дейсіздер ғой. Айтайын. 1991 жылдың желтоқсан айындағы жүздесуде мен ол кісіге: “Жастық шағыңызда кімге еліктедіңіз? Қандай мамандықты меңгеруді мұрат тұттым деп ойлайсыз?” – деген сұрақ қойғаным бар. Сонда ақсақал бұл сауалға: “Оң мен солымды танығанымнан бастап бір ғана арманның жетегінде болғаным анық. Ол тау-кен инженері болсам деген ой еді. Бұған себеп болған нәрсе меніңше мынадай екі жәйттен бастау алған сияқты. Оның біріншісі, тау-кен ісімен шұғылдану сол кездегі біздің ұлт өкілдері үшін өте сирек мамандыққа қол созу болып саналса, екіншісі, тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың мен үшін орны бөлек жан екендігі еді. “Осы кісідей болсам, осындай ағаның жолымен жүрсем”, – деген балаң қиял ақыры мені болашақта бір ғана мамандық – инженерлік кәсіпті таңдауыма белімді бекем буғызды. Жүрек қалауыма өкінбеймін. Өйткені, өткен өмір жолым бұл таңдаудың дұрыс екендігін толық көрсетіп берді”, – деп жауап берген еді.

Иә, Ресей патшалығы кезінің өзінде Жетісудағы Верный гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Петербургтегі І Александр атындағы теміржол институтына оқуға түскен, ІІ Думаға депутат болып сайланып, Орта Азиядағы Әмудария теміржол көпірі құрылысының бас инженері қызметін атқарған Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір жолы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы Димекең секілді қазақ жастарына үлкен үлгі-өнеге болғаны анық

Осы бір күрмеуі көп күрделі тағдыр иесінің одан кейін Алашорда үкіметі көсемдерінің біріне айналып, Түркістандағы Қоқан автономиясының премьер-министрі атанғаны, уақыт өте келе Түрксіб темір жолының бас инженері қызметін атқарып, 1937 жылғы репрессия құрбаны болғаны сол кездегі санасында саңлауы бар көптеген жас буын өкілдеріне ой салғаны тағы шындық.

Мұхамеджан Тынышбаев өз заманында сондай-ақ “Қазақ халқының тарихы” атты кітап жазып, энциклопедиялық білімі бар эрудит атанған жан. Оны кезінде атақты генетик және селекционер Н.И.Вавиловтың Орта Азия мен Қазақстанға жоспарланған болашақ экспедициясына кеңесші болуға шақырғаны да көп жәйтті аңғартқандай. Шындығын айтсақ, осындай көрнекті тұлғаның республикамыздан тыс жерде ұрпағы бар, ол әлі тірі, сау-сәлемет жүріп жатыр деп тіпті ойламаған едік. Бұл туралы 1997 жылдың күзінде тарихшы Әбу Тәкенов “Түркістан” апталығына мақала жазып, Мұхамеджан Тынышбаевтың Уфа қаласында Дәулет Шейх-Әли есімді ұлының тұратындығын елге тұңғыш рет жария етті. 2000 жылы қаңтарда, міне, сол кісі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері Сұлтанәлі Балғабаев пен Мұхамеджан Тынышбаевтың қарындасының Алматыда тұратын қызы Нұршакен Жүнісованың бастауымен Астанаға келді. Техника ғылымдарының докторы, Башқұртстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Дәулет ағамен біз, міне, оның осы сапарында жолығып, әңгімелескен едік.

– Бұған дейін біз Мұхамеджан Тынышбаевтың бір ғана ұлы бар деп келдік. Ол қазақтың тұңғыш кино-операторы Ескендір аға болатын. Ал, сіз…

– Иә, бәрі де дұрыс. Ескендір әкеміздің алғашқы әйелі Гүлбаһрамнан туған. Мамандығы дәрігер ол кісі 1922-1923 жылдардағы қазақ ауылдарын қынадай қырған обаға қарсы санитарлық қосында жүріп көз жұмған. Осыдан кейін әкей жеті жылға жуық үйленбей жүреді де 1930 жылы менің анам Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әлимен көңіл жарастырады.

– Ол кісі кім?

– Шешем – құмық қызы. Оның отбасы Дағыстан өңіріне белгілі, Ресей патшалығына еңбегі сіңген генерал Шейх-Әли әулетінен. Әкемнің нағашыларыммен таныстығы тым ертеде, атап айтқанда оның 1904-1905 жылдары Петербургте оқып жүрген кезінде-ақ басталса керек. Олай дейтінім, шешемнің немере ағасы Дауд та сол уақытта аталмыш қалада білім алып, Ресей астанасындағы мұсылман жастарын Нева жағалауында тұратын атасы, отставкадағы генерал Шейх-Әлидің үйіне қонаққа шақырып тұрған. Олардың арасында Мұхамеджан Тынышбаевтың да болғандығы сөзсіз. Міне, сол Дауд Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы академиясының жолдамасымен 1930 жылы Алматыға келеді. Келеді де ескі досы Мұхамеджан Тынышбаевты іздейді. Әкей ол кезде Түрксіб темір жолының бастығы екен. Бір-бірімен шұрқырасып табысқан олардың таныстығының соңы Даудтың үйіндегі бойжеткен, яғни оның қарындасы – Әминаның Мұхамежан Тынышбаевқа тұрмысқа шығуымен аяқталады.

– Сіз қашан, қай жерде өмірге келдіңіз? Мұхамеджан ағаның кіндігінен өзіңізден басқа ұрпақ бар ма?

– Жоқ. Мен ол кісінің екінші әйелінен жалғызбын. Дүниеге шыр етіп келгенімде әкемді НКВД қызметкерлері тергеуге алып кетіпті. Сондықтан жаңадан босанған анамды перзентханадан ағасы Дауд пен нағашы әжем Мағипарваз шығарып алыпты. Туу туралы куәлігімді толтырарда түрмеде жатқан әкем шешеме: “Атын Дәулет деп қойыңдар. Бірақ фамилиясын Шейх-Әли деп жазыңдар”, – деген хабар жіберіпті. Анам менің құжаттарымды міне, әкемнің сол ақылы бойынша толтыртқан. Шындық осы. Ол кісі фамилиямды неге бұлай деп жазғызды, оған әлі күнге дейін таңмын. Уақыттың сол кездегі беталысынан сескенді ме, жоқ әлде алдағы заманның алақұйын мінезінен іш жиды ма? Білмеймін… Жә, сонымен… құжаттағы анықтаманы айтайын. Туған жерім – Алматы. Өмірге келген кезім – 1931 жыл. Ұлтым – қазақ. Тегім – Мұхамеджанұлы. Ал, фамилиям – Шейх-Әли.

Анамның айтуынша әкем 1931 жылдың көктемінде түрмеден шығады. Жылға жуық уақыт тыныш өмір сүреді. Бірақ 1932 жылы қайтадан қамауға алынып, Воронежге жер аударылады. Кетерінде бір жасқа жаңа толған маған өзінің теміржолшы формасын киіп түскен суретін қалдырған. Сыртына: “Сүйікті ұлым Дәулетке. Папасынан. 1932 жыл. Сәуір”, – деп жазылған бұл фото әлі күнге дейін менде бар. Ол оның 1913 жылы 34 жасқа келгендегі бейнесі екен. Осы бір жәдігерді мен ғұмыр бойы көзімнің қарашығындай сақтап келдім, амандық болса әлі де сақтай беремін.

– Содан қайтып әкеңізді көрген жоқсыз ба?

– Көрдім. Неге көрмейін?! 1937 жылы ол кісі Ресейдің қаратопырақсыз аймағындағы айдаудан босап, Уфа қаласына келді. Жаз айларының бірі болатын. Қонышы тізесінен асатын қызылкүрең былғарыдан тігілген етігі бар екені, аулада состиып тұрған менің бетімнен сүйіп шүкіршілік еткені, қайын жұртының қолындағы біздің жағдайымыздың жаман емес екенін көріп шешемнің туысы Шахбазға рахмет айтқаны, бәрі-бәрі көз алдымда. Содан күзге дейін ол кісі бізбен бірге болып, сандығындағы әлдебір қолжазбаларды ретке келтіруден, жұмыс сұрап Қазақстанға қайта-қайта хат жазудан қолы бір босамады. Ақыры шақыру қағазы келіп, жол жүріп кетті. Анамның айтуынша әкей сол кезде салынып жатқан Гурьев-Қандыағаш теміржолы құрылысына бастық болыпты. Алдымен өзі барып орналасып, кейін бізді көшіріп алмақшы екен. Бірақ соңыра анықталғанындай ол 1937 жылы қарашада жұмыс істеп жүрген жерінен ұстап әкетілінеді де 1938 жылы Ташкент түрмесінде “халық жауы” ретінде атылады.

– Бұл оқиғадан кейін Уфадағы анаңыз екеуіңіздің жағдайыңыз қалай болды? Өзіңіз қайтіп өсіп, ержеттіңіз?

– Әкемнен кейін іле-шала бізді бағып-қағып отырған шешемнің туысы, мал дәрігері Шахбаз Еникеев те ұсталды. Оның әйелі Уфадағы медицина институтын “өте жақсы” деген бағаға бітірген қабілетті адам еді. Оны “халық жауы” отбасының мүшесі ретінде жұмыс орнынан аластап, меңіреу түкпірдегі башқұрт деревнясына жер аударып жіберді. Сөйтіп, біз анам екеуміз олардың үйінде қорғансыз жандар ретінде жаутаңдап қала бердік. Қай күні ұстап алып кетер екен деген қорқынышпен күн кештік. Ашығып, тоңған кездерді де бастан өткердік. Өстіп жүргенде 1940 жылы Шахбаз ақталып, Уфаға қайта оралды. Содан бастап жағдайымыз ептеп жақсарып, ес жия бастағандай болдық.

Ұлы Отан соғысы басталғанда мектеп оқушысы болатынмын. Сабақтан бос уақытымды авиамоделистер мен радиотехниктер үйірмесіне арнаушы едім. Осы қос салаға қызыққаным сонша, жоғарғы сыныптарға келгенде планерлердің қалалық, Бүкілодақтық жарыстарында жеңімпаз атанған да кездерім бар. Одан соң институтқа оқуға түсу… Жұмысқа орналасу… Жұмыс демекші, менің еңбек кітапшамда: “Уфадағы мұнай ғылыми-зерттеу институтына ассистент болып қызметке қабылданды. Осы жерден басқарма бастығы жұмысын атқарып жүріп, құрметті еңбек демалысына шықты”, – деген мазмұндағы бір ғана белгі бар. Иә, ол солай. Мен сонда еңбек жолымды бастадым. Сонда кандидаттық, докторлық диссертацияларымды қорғадым. Сөйтіп, бір мекемеде 43 жыл табан аудармай қызмет істеп, 1997 жылы ғана зейнеткерлікке шықтым.

– Айтыңызшы, әкеңіз Мұхамеджан Тынышбаевтың үлкен тұлға, ірі тарихшы ғалым екенін сіз қашан, қай кезден бастап білдім деп ойлайсыз?

– 1954 жылы мен институт бітірдім. Сол жылы баяғы Дауд бар емес пе, міне, сол нағашым Қазақстаннан Дағыстанға оралып, одан Уфаға келді. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Алматының іргесіндегі өсімдіктерді қорғау стансасында жұмыс істеп, күріш сорттарын Қазақстанға жерсіндіруді өте сәтті аяқтаған селекционер қарт: “Өлмей тұрғанда саған айтып кететін аманатым бар. Ол әкеңнің кім болғандығын білсе деген арманым. Оны мынадан табасың”, – деп қолыма үлкен түйіншекті ұстатты. Ашып қарасам, ондағы бір дәптер Дауд нағашымның Мұхамеджан Тынышбаевтың кім болғандығы жөнінде жазған естелігі екен де, қалғандары әкемнің ертеректе Ташкентте шыққан 2 кітабы болып шықты. “Оқы! – деді маған қадала қараған қарт. – Жатпай-тұрмай оқы. Маған бұларды сақтау оңай болған жоқ”.

Мен оқыдым. Оқыдым да таңғалдым. Көз алдымнан анам айта беретін Түрксібтің бас инженері Тынышбаев қана емес, қайраткер, оқымысты, зиялы Тынышбаевтың ғажап құбылысқа толы әлемі ашылғандай болды. Содан арада алты айдай уақыт өткен соң Дауд нағашымның мені тағы іздеп келгені есімде. Әңгіменің не туралы болатынын түсіне қойған мен ол кісіге: “Оқыдым ата! Бәрін де оқыдым. Сізге көп рахмет!” – дедім шын жүректен. “А-а, онда болды балам. Жарайды. Енді, менің арманым жоқ”, – деді қарт көзі жасаурап. Кейін ойлап қарасам, өмірде көп жүрмесін сезген сияқты жарықтық. Сол үшін де қайта-қайта келгіштеді ме білмеймін, 1955 жылы қайтыс болды.

– Жоғарыда сіз үйіңізде әкеңіздің бір жастағы өзіңізге жазып берген суреті мен Дауд нағашыңыздың Алматыдан әкеп тапсырған кітаптары бар екенін айттыңыз. Бұдан басқа қолыңызда анаңыздың Мұхамеджан Тынышбаевтың мұраларынан аманаттап тапсырып кеткен ештеңе жоқ па?

– Бар. Олар қолжазба, құжаттар емес, әкем тұтынған заттар. Соның біреуі деп мәселен латунь металынан жасалған ескі транспортирді айтар едім. Онымен әкемнің кезінде Орта Азиядағы Урсатьевск-Әндіжан немесе атақты Түркістан-Сібір темір жолы құрылысының чертеждерін сызғанына менің еш күмәнім жоқ. Одан кейінгі біздің үйде сақталып қалған екінші бір зат Мұхамеджан Тынышбаевтың піл сүйегінен жасалып, сыртын күміспен өрнектеген указка – таяқшасы. Мұнымен ол кісі талай реткі жоғары дәрежелі басқосуларда Түрксіб жөніндегі жоба-жоспарын қарсыластарына қадай көрсетіп дәлелдеп шыққаны анық. Қызық үшін айта кетейін, осы таяқшаны мен өмірімде бір мәрте пайдаланғаным бар. Ол оны өзімнің докторлық диссертациямды қорғағанда алып барып, жұмысымды ғылыми кеңесте сонымен нұсқап көрсетуім еді. Сонда жұрт көбіне менің сөзіме емес, таяқшама таңырқаумен болды. Әкемнен қалған үшінші бір зат – сыртына күміс жалатылған темір шәйнек. Содан соң… иә, содан соң ол кісінің анам екеуі үйленгендегі алтын сақинасы мен анықтама қағаз. 1930 жылдың 5 мамырында №Т-17 деп белгіленген ол құжатта: “Бұл куәлік Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әлиге оның Түрксіб темір жолы құрылысының бастығы Мұхамеджан Тынышбаевтың зайыбы екендігін растау үшін берілді”, – деген жазу бар. Біздің үйдегі әкемнен қалған заттар міне, осылар. Бұларды анам, одан кейін мен қандай қиын жағдайларды бастан кешіргенімізге қарамай жоғалтпадық. Ешкімге бермедік. Сөйтіп, өмір бойы көздің қарашығындай сақтаумен болдық.

– Біздегі өнер қайраткері Ескендір Тынышбаев сіздің әкеңіздің үлкен ұлы еді. Қазақтың тұңғыш кино-операторларының бірі ол кісі 85-ке келіп барып 1995 жылы дүниеден озды. Кезінде сіз, міне, осы адамның туысқаны екеніңізді білдіңіз бе? Көзі тірісінде Ескендір ағамен кездесіп, әңгімелестіңіз бе?

– 1964 жылы ақпанда Башқұрстанда қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтіп жатты. Жұмыстан кештетіп келіп үйге кірсем, анам теледидар көріп отыр екен. Бір мезетте ол кісінің мені шақырған даусын естідім. Жанына келгенімде: “Анау сенің ағаң. Ертең қонақүйге барып амандасып, үйге ертіп әкел”, – деді экрандағы интервью беріп тұрған мұртты қазақты көрсетіп. Ескендір ағаны мен міне, осылай көріп, осылай танысқан едім. Ол кісі сол сапарында Уфадағы біздің үйде болған. Анаммен көп әңгімелескен. Онкүндік аяқталғанша бірге жүрдік. Суретке де түстік. Кейін хат жазысып, хабарласып тұрдық. Бірақ қайта көрісуге тағдыр жазбады. Алматыға келгенімде Ескендір ағаның Кеңсайдағы зиратына барып тағзым еттім. Қызы Маринамен әңгімелесіп, оның үйіндегі отағасы, әнші Әлібек Дінішевпен таныстым.

…Әңгіме иесінің бұдан кейінгі сөздерінен біз мынаны білдік. Дәулет Мұхамеджанұлы Шейх-Әлидің Алматыға 1932 жылдан кейін екінші рет, ал Астанаға тұңғыш келуі екен. “Зайыбым зейнеткер, ұлым Асқар авиация институтын бітірген жоғары білімді маман”, – дейді. Сөз арасында баласының ғылым кандидаты екенін де аңғарып қалдық. Мұнда келген мақсаты – темір жол академиясына, Алматы мен Астана көшелеріне әкесінің есімі берілуі тиіс бастамалар не күйде, соны біліп, құзырлы орындарға қозғау салу болып шықты. Сондай-ақ бұл кісіні азаматтық алу мәселесі де толғандыратын сияқты. Осындай ойлармен Дәулет Мұхамеджанұлы Президент Әкімшілігі аппаратындағы тиісті бөлімдердің, салалық министрліктердің басшыларымен әңгімелесіп, оларға өзінің өтініш-хаттарын қалдырды. Бұл мәселелер қалай шешіледі, енді оны уақыт көрсетеді.

2000 жыл.

Авторлық анықтама. Дәулет Шейх-Әли өзінің туған жеріне жиі келіп тұрады. 2004 жылы ол Қазақстан темір жолының 100 жылдығына арналған Астанадағы салтанатты жиналысқа Уфадан құрметті қонақ ретінде шақырылды. АҚШ-тан білім алып қайтқан баласы Асқар болса Алматыдағы Қазақ-Британ университетіне келіп қызметке орналасып, осы оқу орнының студенттеріне компьютерлік технологиядан сабақ беруде.

Жанболат Аупбаев,

жазушы, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері

Мақаланың төл тақырыбы: "Сом алтынның сынығы"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар