Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
«Сүйінші, Сүйінші! Абай келе жатыр»...

22.11.2018 6469

«Сүйінші, Сүйінші! Абай келе жатыр»

«Сүйінші, Сүйінші! Абай келе жатыр» - adebiportal.kz

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Театр өнері факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жоғары оқу орнының іргетасын қалаушылардың бірі Аман Құлбаевтың 70 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті.

Бағдарлама 19 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Заманауи театр өнерінің даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Жиынға Германия, Ресей, Молдова, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген оқытушы-профессорлар қатысып, театр өнерінің бүгіні мен ертеңі туралы өз ойларын ортаға салды. Кешкісін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының үлкен залында салтанатты кеш ұйымдастырылды.

Профессор Аман Бекенұлының сахнадағы алғашқы қадамы мен шығармашылық ізденісіне, ұстаздық жолына көз жібертсек, студенттік жылдары КСРО Халық артисі Ш.Аймановтың режиссурасымен қойылған «Жас Абай» спектаклінің алғашқы сахнасы «Сүйінші, Сүйінші! Абай келе жатыр» деп жүгіретін сәттен басталыпты. Содан кейін сол театрдағы жұмысы «Сертке серт» спектаклінде режиссер Е.Обаевтың қойылымында жалғасын тапқан еді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша Қазақстанның халық артисі, профессор А.Тоқпанов пен КСРО Халық артисі, профессор Ш.Жандарбекованың жетекшілігімен бітіріп, «Қазақконцерт» бірлестігіне КСРО Халық артисі Роза Бағланованың шақыртуымен жолдама алады. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасына ұстаздық қызметке шақырылады. Міне, сол жылдардан бері дарынды талант иесі сахна тіршілігімен бірге тыныстап, театр өнерінің биік белестерге көтерілуіне аянбай еңбек етуде.

Жиында Ресей, Грузия, Молдова, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген зерттеушілер заманауи театр өнерінің даму тетіктерін талқылады. Өйткені, театрды бүгінгі талапқа сай түрлендіру, көрермен тарту, жан-жақты актер тәрбиелеу мәселесі осы елдерге ортақ түйткіл. Сол себепті, өнер академиясының ұжымы әлемге танымал театр ұжымымен халықаралық ынтымақ туралы меморандумға қол қойды. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры, философия ғылымдарының докторы (PhD) Асхат Маемиров: «Қазірдің өзінде келісімшарт жүргізіліп жатыр. Әсіресе, Молдовада, Германияда, Чехияда өтетін фестивальдер бар, солармен байланысымызды жолға қою керек. Себебі, халықаралық ынтымақтастық және әріптестік байланыс орнатылмаса ешқандай жоба жүзеге аспайды» – деп өз ойын тұжырымдады.

Театр өнерін дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек. Конференция барысында театр өнерінің бүгінгі даму бағыты, стартаптар мен болашақ өнер адамдарын жаңаша оқыту мәселелері талқыланды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатқан халықаралық конференцияда ғалымдар мен оқытушылар шығармашылық-тәжірибелік процестерден бөлек ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстарына ерекше тоқталды. Өйткені қазір театр өнерінде бернеше әдіс-тәсіл қолданылып жүр. Мәселен, оның бірі дәстүрлі нормативтік тенденция болса, екіншісі – ізденістен, түрлі сынақтан туындаған жаңашылдық бағыт. «Осы екеуін бір арнаға тоғыстырып, қатар алып жүрсек, болашақ әртістер жан-жақты маман болып шығады», – дейді ғалымдар. Конференция жұмысына қатысқан Германия, Ресей, Молдовадан келген театр зерттеушілері осы тұрғыда ойларын білдірді. Молдава музыка, театр және кескін өнері академиясының профессоры, өнертану ғылымының докторы Светлана Тырцэу: «Санк-Петербор театрларында спектакльдерді көріп, театрға тән емес жаңа жанрларды байқадым. Бұл дегеніміз не? Бұл суденттерді жаңаша бағытта оқыту қажеттігі туындағанын білдіреді. Мен осындай үрдістерді зерттеуді 9 жыл бұрын қолға алған едім. Байқағаным, Батыс өздерінің мектептерін мықты деп санайды, Шығыс елдері де сондай пікірде. Ал бұл дұрыс емес. Қатып қалған мектеп жоқ. Заманға сай бейімделу қажет» – деп айрықша атап айтты.

Жиын барысында конференцияға қатысушылар болашақта өнер саласының мамандары мен студенттері театр өнерінің даму бағыттарын «Рухани жанғыру» бағдарламасын жүзеге асыру контекстінде тыңғылықты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы тиіс деген ұсыныстарын айтты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар