Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұлтан Дәулетханұлы. Атажұртқа тағзым...

10.06.2019 6292

Сұлтан Дәулетханұлы. Атажұртқа тағзым

Сұлтан Дәулетханұлы. Атажұртқа тағзым - adebiportal.kz

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының орталығы – Ботақара кентінде республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының лауреаты, ақын-жазушы, ұстаз Сұлтан Дәулетханұлының «Атажұртқа тағзым» атты шығармашылық кеші өтті. Тағылымды іс-шараның аясында қаламгердің алғашқы жыр жинағының тұсауы кесілді. Рухани кешті Бұқар жырау ауданы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Кітапханаларды дамыту бөлімі «2019 жыл – Жастар жылына» орай «Кітап және жастар» фестиваль-акциясының шеңберінде ұйымдастырған.

Жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Серік Сағынтайға және аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Төлеген Іргебаевқа бұйырды.

Поэтикалық жиынды ақынның шәкірттері «Атажұртқа тағзым» өлеңін оқумен бастады. Журналист Әсем Азкенова дайындаған бейнесюжет пен шайырдың өмірі мен шығармашылығы туралы слайд-презентациясы көрермен назарына ұсынылды. Осы кештің сценарийін жазып, әдемі жүргізген әдіскер Майгүл Асқарова сахна төріне Сұлтан Дәулетханұлын зор қошеметпен шақырып, Сұлтекең «Атымды шығарам деп түспедім әлекке де еш» атты өлеңін оқыды.

Тұсаукесер рәсімінен кейін Сұлтан Дәулетханұлының кітабы кеңінен таныстырылып, қалың жұртшылыққа көкейдегі сауалдарын қоюға мүмкіндік берілді.

Әрі қарай сахна төріне осы кешке арнайы келген Арқа өңірінің ақын-жазушылары – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, журналист Руслан Нұрбай, айтыскер-ақын Айтбай Жұмағұлов, ақын бауырлары Айбек Байтөре, Әділбек Құмар, Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын Жеңіс Қашқыновтың інісі Ернат Мелсұлы және жергілікті ақын аға-інілері Қалиасқар Шыныбектегі, Ақан Құмай, Жасұлан Хамитов сынды құрметті қонақтар көтеріліп, жылы лебіздерін арнады, Сұлтан ақынның өлеңдерін оқып, өз жырларын да жолдады.

Аудандық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Жексенбаева, аудандық Білім бөлімінің басшысы Айдар Оспанов, Тоғызқұдық ауылдық округінің әкімі Ерлан Кәріпбаев, ауыл азаматы Боран Тергеубековтар құттықтау сөздерін айтып, сый-сияпаттарын ұсынып, ақынның иығына шапан жапты.

Кешке келген кітапханашылар, ұстаздар мен оқушылар қауымын аудандық кітапханадан Еркем Смағұлова, Самарқанд ауылдық кітапханасынан – Ақниет Кәкенова, Новоузенка кітапханасынан – Айдана Нұрланова сынды жас кітапханашылар және ұстаз-ақын Сұлтан Дәулетханұлының шәкірттері – Фариза Ақан, Съезд Бердібек, Қауария мен Махамбет Сәлімгерейлер жауһар жырға сусындатты. Кеште апалы-сіңлі Ақзер, Саян Мұхаметқалилар, әнші Азамат Амантайұлы әннен шашу шашты. Аталмыш шара «Зерде» бейнемобилінің қызметкерлері – Қайролла Маемеров, Азамат Амантайұлы, Саян Мұхаметқалидің орындауындағы ақынның «Бақ мекен - Ботақара» әнімен түйінделді.

Тағы бір ерекше айта кетер жайт, Мәдениет үйінің залында Кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлнафис Түспекова мен Қарақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлнаш Дүйсембектің дайындауымен автордың өмірі мен шығармашылығына арналған «Мен де бір ақыныңмын, арманы Хаққа мәлім» атты суретті кітап көрмесі көпшілік көңілінен шықты.

Сөз соңында айтарымыз, жоғары деңгейде өткен поэзия кеші өз нәтижесін беріп, Сұлтан Дәулетханұлының «Атажұртқа тағзым» кітабын оқитын жыр сүйер қауым да, кітапханаға келер оқырман қатары да толыға түседі деп сенеміз.

Саян Мұхаметқали,

мәдениет қызметкері

АТЫМДЫ ШЫҒАРАМ ДЕП ТҮСПЕДІМ ӘЛЕККЕ ДЕ ЕШ

Атымды шығарам деп түспедім әлекке де еш,

Жалған даңқ, бос мақтаулар тегінге қажет те емес.

Кешкенім қоңыр тірлік, көргенім көппен бірге,

Естірім ен даладан – елде жоқ бөлек кеңес.

Жағалап жан бақпадым «тірегі» күшті ағаны,

Жанымды семіртеді көктемгі құстар әні.

Жаратқан өзі жар боп, ешқашан тайдырмасын,

Жүректің түбіндегі үміттің үш тағанын!

Шындыққа ара түсіп, тастайтын отқа жанын,

Мен де бір ақыныңмын, арманы Хаққа мәлім.

Кешегі, бүгінгіні, ертеңгі сезгенімді,

Баршаңа еш бүкпесіз өлең ғып ақтарамын!


ДОСҚА ХАТ

Сәттібай Жүніске

Қалың қалай?

Темкеңнің тентек ұлы,

Ел қызығар ертегі ерке күні.

Айлар өтті өзіңді көрмегелі,

Сағыныштан өзегім өртенулі.

Досың аман.

Өлеңде аяңы көп,

Аңсайтыны өмірде – саялы көк.

Мұң аралас жыр жазып жұбанады,

Тигендіктен тағдырдың таяғы дөп.

Қалаң қалай?

Жан шошыр қазасы көп...

Алаңдамай жүре алмас, жазасы көп

Қажытқан соң кеткенмін кең далама,

Жадыратар жанымды таза сурет.

Мейірім аз біздейге бұл қаладан,

Қу қағазға құл болған бұқарадан.

Алыстадым, жақыным – жалғыз Алла,

Жалғыз Алла – жәрдемші, Нұр Тағалам.

Шықса-дағы модаға ток-жейделер,

Әлі жүрмін баяғы көк жейдемен.

Көзтаныстар сыртымнан гулейді кеп:

«Азып кеткен ауылдан боқ жей ме?» – деп.

Қой қозылап, сөздері бие туған,

Бұқар бабам жұртынан кие тұнған,

Есейгенде еліне бас-көз болар,

Бала оқыту о бастан ниетім бар.

Сол мұраттың мәнісі саған мәлім,

Ақ әлемде рахат табар жаным.

Есен-сау бол, айтарым – үзілмесін

Қарлығаш боп қалқыған хабарларың!

29.01.2003

БІР ҮЙ БАР ЖЕЛ ӨТІНДЕ, ШЕТКЕРІДЕ

Ауылымыздың шеткі көшесіндегі

қызыл кірпішті үйді ел қар астында қалатын

үй дейді екен.

Автор.

Бір үй бар жел өтінде, шеткеріде,

Шықпаса да шенеунік, бек төріне,

Келген жан дәмін татып, қонақ болып,

Ғұмыр тілеп жүретін көктеміне.

Иесі шаңырақтың – момын адам,

Көрсетсе де көп сынақ өмір оған,

Тағдырына налыған кездері жоқ,

Өзгелерге қашан да көңілі алаң.

Ұйытқысы сол үйдің – алтын адам,

Сақтап жүрген қазақы қалпын аман.

Төрт-ақ жылдық білімі болса-дағы,

Ақыл-кеңес сұрайды әркім одан.

Аналықтың парызын адал ақтап,

Білгенін жүр келінге аманаттап,

Көнекөздер ерекше қадірлейді,

Бас қосылған жерлерде дара мақтап.

Келіні де құты сол босағаның,

Жаннан артық қадірлер дос адалын.

Жапырағын жайқалтып бір әулеттің,

Жасағаннан тілейді хош-аманын.

Бөбектері ол үйдің әлі балғын,

Енді-енді келеді танып алдын.

Ертеңіне қараймын үмітпенен,

Өшірмес деп олар да шамын ардың.

Сол бір үйдің бар жаны – бағаларым,

Шалқар шабыт сыйлайтын маған арын.

Бақытым да байлығым – солар менің:

Әке-шешем, жан жарым, балаларым!

Жалғандағы сол бір үй – жұмақ маған,

Қанағатшыл ғұмырым тұрақтаған.

Тек сол үйге жеткенше асық болып,

Құлазимын шақтарда жырақтаған.

09.04.2014

ЖҮРЕКТІҢ ЖЫЛ ҚҰСЫ

Ауылымыз ақ түтек қаңтар-ақпан,

Жол бітелген, хабар жоқ шартараптан.

Ештеңеге қарамай қарагермен,

Тартар едім сен жаққа Салтанатжан!

Ойыңда жүрсем егер?..

Ұмытылмай ойыңда жүрсем егер,

Қарағаштан табылам, шын сене бер.

Ең алғашқы танысқан күндегідей,

Күн туар ма кездессек, нұр себелер

Жүректер әнге салып...

Шаттанғанда, жүректер әнге салып,

Естен шығар бұл қыстың әуресі анық.

Жүрсең болды жанымда, ерке құсым,

Басқасынан бұл ағаң өлмес арып.

Төзіммен тірлік кешер...

Сабыр сақтап, төзіммен тірлік кешер,

Билікшілге бас ұрмай құлдық десер?!

Қызметке де қол сілтеп ағатайың,

Күйін кешсе Мәжнүннің, дүрлікпес ел.

«Е, оны жын қаққан», – дер...

Күмәншіл жұрт: «Е, оны жын қаққан», – дер,

Тұрмаған соң басында зіл-батпан шер.

Жалын атқан жүректің ұшқындарын,

Жеткізсе екен өзіңе зыр қаққан жел

Хошы ғып Жаратқанның...

Жырларымды хошы ғып Жаратқанның

Қабыл алсаң, сейілер қабақтан мұң.

Бір үмітпен отырмын көзімді ілмей,

Соңғы түнін өткізіп сары ақпанның.

Көктемім қайда жүрсің?

28.02.2006

ӨЗІҢМЕН ӨЗІҢ БОЛСАҢ ДА

Өзіңмен өзің болсаң да.

Жандар бар ту сыртыңнан кектенетін,

Жер басып жүргеніңді көп көретін.

Күншілдер табанында қалмасам деп,

Күндерім-ай әуремен текке өлетін.

Текке өлетін әуремен күндерім-ай,

Іс бітірмей мардымды жүргенім-ай.

Пенделікпен қанша жан жеңді мені,

Ойламаппын болар деп мүлде бұлай.

Мүлде бұлай болар деп ойламаппын,

Шіліңгерде сан мәрте тайғанатты.

Адамдарға дауа жоқ қиянатшыл,

Судан таза дейтұғын, айдан ақпын.

Бүгін тағы теңіздей ойға баттым...

16.01.2010

АТАЖҰРТҚА ТАҒЗЫМ

Боздақтарымның қан, тері төгілген далам,

Аманаи жетті жолдаған көгіңнен маған.

Бек ұлдарыңдай тәрк етер додада барын,

Арыстарымның ақ серті – жүрекке қорған.

Бабаларымның өр рух, арманыменен,

Алашқа қалған байтақ жұрт – ардағым ерен.

Басқыншылықтың талайын өткерген бастан,

Аярым да жоқ! Тұрандай текті елден асқан.

Бұғау заманда қуғынмен жыраққа кеткен,

Абақ Керейдің ізімен мұратқа жеткен.

Би-шешендерімнің қанығып сөзіне шырын,

Абыз даламның танытам шежіре сырын.

Бір Алла жар боп, мейір мен шапағын төккен,

Алтыннан қымбат әр күнім Отанымда өткен.

12.11.2008

МЕРГЕННІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Араны зор айдаһарларды

жер-көктегіні жалмайтын,

Қандыауыз қорқауларды

қорғаны жоқтан қалмайтын,

Жыртқыш жыландарды

құйтымдай құсты арбайтын,

Ашкөз атжалмандарды

кем-кетікті қармайтын,

Зымиян-зиян түлкілерді

аңғал біткенді алдайтын,

Өлексешіл құзғындарды

өлім-жұт тілеп сарнайтын,

Атарға бірін оғымның қалмағаны-ай,

Жаныма тыныштық орнайтын!

31.10.2013


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар