Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сұлтан Мұстафин. Ібіліс те, о баста періште-тін......

06.07.2019 5400

Сұлтан Мұстафин. Ібіліс те, о баста періште-тін...

Сұлтан Мұстафин. Ібіліс те, о баста періште-тін... - adebiportal.kz

Қаласыз.

Түк ұқпайтын топастардай санасыз, наласыз.

Сіз де солай боқ қоңыз терген қоқсықтай дөңгеленіп барасыз,

Шарасыз...

Жүреміз.

Ағаттыққа ашуланып, топастыққа күлеміз.

«Шіркін» деп бастап бірдеңелерді айтамыз, бірақ оның ешқашан орындалмасын білеміз.

Сөйтіп өмір сүреміз.

Бір арман.

Құтылар ма еді даражыныстылардан.

Мынау әлем тұлға және тобыр болып осыдан 15 млн. жыл бұрын құралған,

шығар да...

Дала - Абыз!

Бабалар - батырлар, өткендер - ержүрек, бәрі аңыз.

Марқұмдардың бәріне «жақсы адам еді» дегенді қоса саламыз,

себебі: бабамыз.

Біз шынында да жаңағы қоқсықтай дөңгеленіп барамыз,

...қараңыз.

Сан мың сұрақ санамда,

Мен жынданып барам ба?!..

Мынау тажал ғаламға,

Неге келген адамдар?

Бұл неге жүр басымда,

Жындымын ба расында?!!

Мынау кір-кір ғасырда

Неге туды асылдар?

Солай ма еді, тегінде...

Арашалап беріңдер!

Мынау жынның жерінде

Неге туған керімдер?

Жыны несі?!

Таңым бар.

Жиырма-ақ жасар шағымда...

Мынау топас қауымға

Неге керек арулар?

Тіршілікті тақымдап,

Сау болуға һақым бар!

Мынау қара тақырға,

Қашан келген ақындар?

P.S. Төрт боп қалды, жатыңдар...

Тегіс бітім...

Ібіліс те о баста періштетін,

Осыны айтсам білмеймін неге екенін, жібігендей болады шер іштегі.

Теріс пе еді?

Теріс пе?

Түзесін бе?

Өмір ойнап әлі отыр ауылдағы бір шалдың дізесінде.

Қарындастың көргенде дөңбекшуін,

жазбай кеткен түседі қыз есіме,

Күз есіме..

Ишараны

Ұға алмаса өз обалы өзіне бейшараның.

Оның шыны көзіне қараймын да, еш сезімсіз "сүйемін" дей саламын.

Бейсаналы...

Ә, бәлки саналы да.

Анығын білу керек Фишердің қаламынан.

Санасы жетпеген соң гелийменен сутегінің реакциясын бесбұрыш қып салады да,

Қабағына.

Бас қатады.

Ойлай берсең бәле көп басқа тағы.

"Өмір" деген түйсіктің жеткен жері, ал тыныштық - ажалы тасбақаның.

Бас қатады...

Ел қайда?

Есіл қайда?

Нұра қайда?

Балам деп, бауырына баспаушы ма еді мынадайда?

Бауырыңнан желі есіп сағыныштың,

Әлде, терек теңселіп тұра ма ойлап?

Ұлдар қайда?

Кешегі Қыран* қайда?

Қайып қайда, жыр-ән қайда?

Бізді неге архифтер таныстырды?

Бұл-бұл ұшып, бұлдыр күн бұлаңдайды, ә?!

Сендерді іздеп сабылды неше күнім

Қызын қырды Қызылдар, шешек - ұлын

Өңі қашып, тістеніп тұр біреуге

Құланөтпес – көз жасы кешегінің.

Құлан деймін.

Құлан деймін, о, қашаннан ес білем?

Таң бозарып атып еді,

Батып еді кеш күрең...

Мен құланды көргенім жоқ, дегенмен

Дүбірлеген тұяқтарды тумай тұрып естігем!

Топырағым - саф алтынға бергісіз.

Шоқыларым - сопыларым сеңгісіз.

Жылқышы қарт әлі күнге бағып тұр,

Не бағып тұр - белгісіз!

*Бүркіт Ысқақов

Күтпеңдер...

ол қайтып келмейді,

Ермейді, ол топқа енбейді.

Сан ақын аңсаған сезімді,

Қара түн.

Қиялым тербейді.

Солай-солай сезім де жоғалады,

тоналады, тозады одан әрі.

Түнде хаттар жазғанмен қаншама рет,

Гүл де сыйлап көрмеппін оған әлі.

Білсе де,

Әлгі зат «бас»,-дейтін күркеде,

Күнде айқындалады біртелеп,

бір дерек –

Оған мен ұнайды екем ғой,

Жырымды жатқа оқып жүрседе...

Кім сенед(і)?!

Коньяк иісін жұтып ап,

Бұрқырап,

Келеді кофесі қолында,

Сол үшін «сырты» ұнап

тұрады.

Тұнады көкейде бір сұрақ:

Біз құсап ішпей ме, қолына құтыны ап?

Ей, бірақ...

«Серт», - десіп,

алмадық серттесіп,

Жауабын шорт кесіп.

Түндерде талықсып дауысың -

«Кет», - деші,

«Кет», - деші.

Кетпеші.

Сары ала қаз,

Тас еріген, сондай-ақ, суы қатқан,

Түсініктіз мезгілде сыры батпан,

Көктем болып сен келдің жылы жақтан,

Қаңқылыңды жел сағынып, қыр ұнатқан.

Келемісің, далаңмен қауышуға?

Далаңменен кетіп қалған салы суға.

Тыныштықтың ап-ащы дауысын да,

Жол-жөнегей тіліп өткен қауырсындар,

Беу, құстарым!

осы үшін-ақ «дос», деген қауымсыңдар.

Мыж-мыж болып езілген дала батыр,

Енді есін жияды, қара да тұр!

Мынау елді құрып қалған амалы,

Мынау мұз боп бітіп қалған даланы,

Сынықшының саусағындай сезімтал

жүректерің жылытып алады ақыр(ы).

Тағы да түн.

Жабығатын,

Сарылатын,

Сабылатын,

Ақыры молекула атомдарындай қысымға шыдамай жарылатын,

Түнде әдетім бар еді қағынатын.

Қағынатын, сосын сізді сағынатын...

Көптен бері ішпей жүрген сағынышпен сыра ішіпті тағы да кім?

О тіршілік!

Шұңқыр-шұрық.

Соқыр. Сынық.

Мыж-мыж қара бетіңе отың шығып,

Кемпірлер ме қарғаған, отыршы, ұмыт.

Көрсетті ме - көресің, тудырды ма - көнесің қоқыр, күдік.

Отыршы. Ұмыт.

Күнде солай.

Сары қызбен сүйісе, тілдесе алмай...

Жын ба сол, әй?

Жылда солай,

Гүл берсе алмай,

Бермесең... (арғысы түсінікті дүние ғой)

Жылда осылай.

Түн - ғажайып.

Жә, жарайды. Сіздікі жөн. Күн - ғажайып.

Мен де, сіз де тым ғажайып.

Кімде өзі айып?!

Шашыңның түсіндей уайымға сала бермей жөніңді айтсаңшы басты сосын жыр жазайық.

Әйтпесе, төзіміммен

бара жатыр

Фотоальбом беттері күнде азайып.

Кімде өзі айып?

Бір-ақ кесе - дүние, астан-кестен

Шығармайды тұрғындар жоспарды естен

Дөңгеленіп барады, бірақ қалай?

Аяқталды беталды, басталды еспен.

Ештеңе жоқ, түк те жоқ, шама ғана жүр мұнда,

Бірі жаңа сөлін бөлді, біреу кетті құрдымға.

Өз кезегің келгеніңше, өзгелердің өлімін,

Шама-шама тұрғындар,

Тамашалап тұрдыңдар.

Әне біреу өлді, батып барады.

Екіншісі сөлін шашты жаңағы.

Шамалардың бар қызығы ішкенше,

Ал дүние соңғы шама біткенше.

Сосын, кесе тағы толып алады.

Ойланыңыз...

Осы бір ескі идеологияны іске асырып жүрген жоқпыз ба, қайдағы біз?!

Жұрт тамсанып қарсы алатын...

немесе жұртпен бірге қол сағатын біреуге айналыңыз.

Ойда Абыз.

Көзінде оты бардың түбіне білдірмей бойлаңыз.

Тағдырды қуыршақ боп ойнатыңыз, я тағдырды қуыршақ қып ойнаңыз.

Осыны ойлаңыз.

Айтамыз...

Біздің тәуелсіз мемлекет болғанымызды білмейтін сияқты "тобыр" дейтін тайпаңыз.

Көппен бірге шайқалыңыз, не жүз грамм вискиді түбі қалың стаканға құйып алып шайқаңыз.

Бірақ, байқаңыз.

Біліңіз...

Қарайласатын уақыттың жоғын бірімізге біріміз.

Жолы болмаған жолаушыдай өткен, кеткен көліктің бәріне жалынып тұрыңыз...

немесе жалындырыңыз.

Қылыңыз!

Абайлаңыз...

Жаңағы идеологияны жасап жүрміз қалайда біз!

Жынды болып жынданған дүниені жұдырықтай беріңіз, немесе әрі ойнаңыз.

Тағы ойлаңыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар