Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сұлтанбек Құдайберген. Жүрегімді шүйкедей түтеді ө...

15.06.2022 3625

Сұлтанбек Құдайберген. Жүрегімді шүйкедей түтеді өлең 12+

Сұлтанбек Құдайберген. Жүрегімді шүйкедей түтеді өлең - adebiportal.kz

Сұлтанбек Құдайберген 1978 жылы Маңғыстау ауданының Қосбұлақ ауылында туған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің лауреаты, «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Сүйінғара батырдың 250 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы.

«Бану-көктем» (Алматы, 2007) жыр жинағының, «Қыдырша деген ауылдан...» тарихи-танымдық кітабының (Алматы, 2008), Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының репертуарындағы «Перзентхана» драмасының, оннан астам ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. «Біссіміллә – сөз басы», «Менің атым – Ұзақбай» жыр жинақтарын құрастырушы. Орыс ақындары Н.Туроверов пен А.Ачаирдің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.

"Әдебиет порталы" ақын Сұлтанбек Құдайбергеннің бір топ өлеңін ерекше ықыласпен оқырман қауымның назарына ұсынып отыр.

Күз көңілдің жазын алды,

Мұң – өлеңнің сүт анасы.

Оғыз жігіт саз ұрады:

«Тут агачы, тут агачы...»

Ән айтады жүрек сөзін,

Қалыбыңа тұта қалшы.

Жанға көрік жібек-сезім,

Мен аңсаймын, тұт ағашы!

Әзер-алда тыныстайды,

Жанның жаңқа-жұқанасы.

Көңіл қашан тыныштайды,

Сен не білдің, тұт ағашы?

***

Еру қонды тағы бір көктем майса,

Кезіп жүрмін Қара ойда көк белді ойша.

Кәміл менің иманым келеріңе:

Жерден Мәді шығардай,

Көктен – Ғайса!..

Буырқанам, түспейді сабаға ақыл,

Сенсіз өткен күндерді сана ғафыл.

Әлде, әзизім, болуға дидарнәсіп,

Керек пе екен орнауы заманақыр?!

Күтулімін, пәниде күте берем,

Шым тезектей жайым жоқ түтеп өлер.

Ал әзірше, жолыңа салауат деп,

Жүрегімді шүйкедей түтеді өлең...

***

Түз-белді салып сары уайымға,

Күз келді биыл тым ерте.

Жоғалды сіңіп бәрі қайымға,

Бақытты шақтар, күн ерке.

Жаураған көңіл – шырай-татымы,

Күз келді биыл тым ерте,

Күз емес,

мені мұңайтатыны –

Көзіңе түскен кіреуке.

Мұңданып, күнім, жабырқамасын,

Жаз дидар жүзің сары алтын.

Күлкіңмен жылы жарылқағасын,

Жақын боп кеттім саған тым.

Жатырқап құсын балдырған көлі,

Күз келді биыл тым ерте.

Күз емес, бірақ тоңдырған мені,

Көзіңе түскен кіреуке...

***

Дүниені қаусырады қара түн,

Қара түнде сияқатты қала тым.

Ақ дүниенің атқанынша таңы ақыр,

Жан-сәуле боп, жүрегімде қала тұр.

Дүниені қаусырады қара түн,

Қара түннен алатұғын бар ақым.

Құс жолымен ұшқан ұшақ жымыңдап,

Бізге бұлғап бара жатыр қанатын.

Екеумізді қараңғы түн құшақтап,

Таяп келеді күнтізбеден қыс аттап.

Зәреңді алар құбыжық емес қара түн,

Көзі ілінсе-ақ көріп жүрміз түс әппақ.

Саумалкөлдің самалына сергіп ап,

Бас бермейді көңіл деген керқұла ат.

«Бұл ғаламда ең әдемі сен» десем,

Неге екенін,

сенбейсің ғой сен бірақ!..

***

Дарияның қом суын жырып алып,

Егістікке тартады бұрып арық.

Бүйірінен арықтың ыза теуіп,

Монтаны боп жатуын тұнып ағып.

Құйқалы өріс әзелден бағы серік,

Есенғали жырынан таныс едік.

Гүл атады жағада топ тораңғыл,

Сыр-ананың ақ сүтін жарыса еміп.

Жердің бетін көктем-қыз сәндегіш-ақ,

Дәл осындай тамаша бар ма еді шақ?!

Туған елдің қамбасын қампайтуға,

Жайып жатыр жүйектер дәнге құшақ.

Сорғалады маңдай тер, жең түрілді,

Ентік үнді есітіп бел тірілді.

Ауа – тұнық, жел – желең, дала – тымық,

Алатының болмаса сен тынымды...

***

Қадір түні. Жаңбырдың тамшылары,

Тереземді қақты да, хәл сұрады.

Көңілімнің құрсаулы шүйшесінен,

Сығырайып қарады жан шырағы.

Айқара ашып жаңбырға тереземді,

Жібітемін көнтақы кенеземді.

Әбілхаят суындай жұта бердім,

Кеткен болар жанымның мерезі енді.

Сіміремін сәуірдің тамшы нәрін,

Қанжығамды қандай ма қаршыға-күн?!

...Таңда оянсам, сен болып құмыр құстар,

Гүл көктемнің шырқап тұр баршын әнін.

***

Баянсыз ба жанымның орал-бағы,

Көктем тағы жалт берді, қол алмады.

Теңіз неге аспанға ұмтылады,

Былтыр неге аққулар оралмады?!

Теңіз неге, аспанға ұмтылады,

Аспанның да серпілмей тұр тұманы.

Ырқына кім көнбейді сызылғанның,

Рас, әйтеу, көңілдің бір тынары...

Шықпай тұрып кеудемнен жаным-шыбын,

Татсам деп ем бақыттың балын шырын.

Көк айдында желеді жалғыз қайық,

Желкен қылған аққудың қауырсынын...

***

Күлдігіме кең жайып, жаз қанатын,

Мамық төгіп, мамырға қаз баратыр.

«Қаздарменен күз асып кетер едім,

Сені аяймын, қияли, жазған ақын!..»

Басыңдағы жаңғыртып көне күнді,

Естігің-ақ келеді бөлек үнді.

Керегіңді даулауға дәрменің жоқ,

Тек, қайталап оқисың өлеңімді...

Қайта оралмас күндердің жүгін алып,

Мұңы қанық талайың күмірә ғып.

Жыл емес-ау, тәуліктің қанатында,

Сусыл қағып барады ғұмыр ағып!..

Сұлтанбек Құдайберген


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар