Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сұлтан-Хан АҚҚҰЛҰЛЫ. Егер мемлекеті болмаса, оның ...

03.10.2018 5180

Сұлтан-Хан АҚҚҰЛҰЛЫ. Егер мемлекеті болмаса, оның үкіметі қайдан болады?!

Сұлтан-Хан АҚҚҰЛҰЛЫ. Егер мемлекеті болмаса, оның үкіметі қайдан болады?!  - adebiportal.kz

Біздің бүгінгі сұқбаттасымыз Сұлтан-Хан Аққұлұлы ең алғаш еңбек жолын Алматыда өрт сөндіру қызметінде бастаған. Кейінгі саналы ғұмырын Алаш тарихын зерттеуге арнаған белгілі әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист. Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды деген тақырыптар төңірегінде, әсіресе, Алаш автономиясының, Алаш милициясының құрылу тарихы туралы білу мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлын әңгімеге тартқан едік.

– Сіз көптен бері Алаш тақырыбын зерттеп жүрген ғалымсыз. Осыған орай, әңгімемізді Алаш милициясы тарихынан бастасақ?

– 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезінде өте маңызды екі қаулы қабылданды. Біріншісі – алдағы Бүкілресейлік құрылтай жиналысының сайлауына байланысты қазақтың ұлттық партиясын құру, екіншісі – Алаш автономиясын құру жоспарының аясында атты халық милициясын құру туралы қаулы.

Бұл қаулыны жүзеге асыру үшін 1918 жылдың ескі күнтізбесі бойынша 11, жаңа күнтізбе бойынша 24 маусым күні Алаш Орда Уақытша Бүкілқазақ Кеңесі, яғни Үкіметі бірқатар заңнамалық қаулы қабылдады. Сол қаулылардың ең маңыздыларының бірі – Алаш Орда үкіметінің құрамында Қорғаныс министрлігінің міндеті мен құзіреті жүктелген Әскери кеңес ашу туралы заң болды.

1917 жылдың шілде айында Ресейдегі Уақытша үкіметтің құлайтыны, билікке Кеңес өкіметінің келу-келмеуі әлі белгісіз болатын. Осы кезде халық милициясын құру туралы шешімнің астарында жатқан ең басты ой – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта қалпына келтіру, оның ұлттық тұрақты армиясын «халық милициясы» деген бүркеніш атаумен құра бастау жоспары жатты. Ал негізгі сол кездегі Ақпан төңкерісін жүзеге асырған Ресейдің демократиялық төңкерісшілерін шошытпас үшін жұмсартып «милиция» деп атады.

Негізі Алаш қайраткерлері, тіпті патша заманында-ақ қазақтан ұлттық әскери құрамалар жасақтауды, яғни атты полктер құруды ойлаған. 1905-1907 жылдары Бірінші Мемлекеттік дума енді шақырылып, Әлихан оған депутат болып сайланған кездің өзінде-ақ оның сайлаушыларымен өткізген жиналыстарында қазақты әскери қызметтен босатқан 1834 жылғы заңды бұзып, әскери қызмет етуге міндеттеу арқылы қазақтан казак әскерінің үлгісі бойынша өзін-өзі басқаратын атты әскер құру ойларын айтқан. Одан кейін бірінші Дума таратылды, екінші Дума 102 күннен кейін ол да тарады. Сондықтан ол кезде Әлиханның жоспары жүзеге аспай қалды.

1916 жылдың бірінші жартысында Әлихан, Ахмет және басқа Алаш қайраткерлері Петроградқа барып, Мемлекеттік думадан бастап министрліктердің табалдырықтарын тоздырып жүріп, қазақтан атты әскер жасақтайық деген ұсыныстарын береді. Бір жағынан сол кездегі Ресей империясының қаншама белгілі генералы қазақтан шынында да әп-сәтте 400 мың атты әскер жасақтауға болатынын мойындаған. Бірақ, Шыңғыс хан әскерінің күшін негізінен түркі-қазақтар басқарғанын, одан бергі Кенесары әскерінің Ресейге қарсы соғысқанын білетін патша өкіметі 1916 жылғы 25 маусым жарлығын шығарды. Ол жарлық бойынша қазақтар майдандағы қара жұмысқа күштеп алынуы керек болатын. Осы кездегі соғыс министрі Дмитрий Шуваев қазақтардың хатына орай: «Сіздер, қазақтар, казактардың атты әскерінің құрамына өз еріктеріңізбен қызмет етуге құқыларыңыз бар. Бірақ, ақша, ат-көлік, қару-жарақ, киім-кешек сияқты барлық шығын өздеріңізден және ерікті болып орыс-казак әскерінің сапында тек қатардағы жауынгер ретінде ғана қызмет ете аласыздар. Бірақ, қазақтардың дербес өз атты әскері болмайды», – деп жауап берген.

Енді қазақтан тұңғыш милиция құру жоспары 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін әлдеқайда ерікті жағдайда еді. Алайда, 1918 жылдың жазына дейін ол мүмкін болмады. Біріншіден, оған қаржы мәселесі тұсау болды. 1918 жылдың 11-24 маусымында Алаш Орда үкіметі өзінің алғашқы заңнамалық қаулыларын қабылдаған кезде, оның ішінде үкімет құрамында Әскери Кеңес құру туралы шешім қабылдағаннан кейін, Семей іргесінде, яғни Алаш автономиясының ресми астанасы болып шешілген Алаш қаласында қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің шеруі өтеді. Ол шеруді Әлихан Бөкейхан және сол әскерді дайындаған казак әскерлерінің қолбасылары, генералдар қабылдайды. Сөйтіп, 1918 жылдың жазында азаматтық соғыстың нағыз қайнаған кезінен 1920 жылға дейін Алаш автономиясының 8 атты дивизиясы құрылды.

Кейін Алаш автономиясы Кеңес өкіметін мойындап, қосылған соң, Алаш жауынгерлері Қызыл әскер құрамына кірді. Бірақ, ол жерде олар өздерінің бұрынғы ойын, тілегін жүзеге асыра алмады. Кеңес өкіметі Қызыл әскерді өзінің арам пиғылын жүзеге асыруға ғана пайдаланғаны белгілі.

– Сол Алаш милициясы, оның өзіндік рәміздері, ұрандары туралы айтсаңыз?

– Жүсіпбек Аймауытұлы, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы жазған Алаш әскерінің бірнеше ұраны болды. Тіпті оның музыкасы да жазылған. Кеңес өкіметі тұсында Алаш тарихын санамыздан біржола сызып-өшіріп тастауға қаншама әрекет жасалғаны белгілі. Әйтпесе, Алаш автономиясының өз Елтаңбасы, Туы болды. Алайда, Алаш автономиясының мемлекеттік туы жасыл болды деген жаңсақ пікір бар. Негізінде 1918 жылдың маусымында Алаш қаласында Алаш полкінің тұңғыш шеруі болған кезде, олар қолына Ақ ту ұстап шыққан, оны сол кезде орыс газеттері де жазған. Алаш әскеріне келсек, сол кездегі «Свободная жизнь» газеті сынды Омбы, Семей, Өскеменде шығатын орыс басылымдарының жазуы бойынша, Алаш әскерінің киімінде ұлттық белгілері, ою-өрнек, нақыштары болған. Ол киімдерді Алаш қайраткерлерінің әйелдері тіккен. Ол уақытта білесіз, аласапыран заман, киімді арнайы тіктіріп жатуға уақыт та, мүмкіндік те жоқ, қаржы тапшылығы тағы бар. Мысалы, тіпті керек десеңіз, Қызыл армияның өзі кешегі патшалық билік кезінде тігіліп қойған киімдерді пайдаланып кетті. Және бұл жерде мына мәселені ерекше айта кету керек, Алаш әскері өзінше дербес әскер болған жоқ. Алаш әскерінің бірнеше полкі казак атаманы Аннековтың дивизиясы құрамында, тағы бірнеше полкі атаман Дутов әскерінің құрамында болды.

1834 жылдан бері қарай қазақтар әскер қатарында қызмет еткен жоқ. Тіпті І дүниежүзілік соғыс кезінде де әскер қатарына емес, Батыс майданның тылына қара жұмысқа алынған. Олар форма кимеді. Қолына күректен басқа қару ұстаған жоқ. Біз әскери қызметтен тым алшақ қалып қойдық. Сондықтан Алаш әскерін дәл осы азамат соғысы жағдайында соғысқа бірден жаттықтырып, шайқасқа аттандыру үшін оларды атты казак әскерінің құрамында жаттықтырып, солардың сапында тәрбиелеп-өсіруге мәжбүр болды. Басқаша айтқанда, біз өз атты әскерімізді бөтен атты әскердің құрамында дайындап баптадық.

– Сіз осындай биік идеялардың жетекшісі – Әлихан Бөкейханның 9, 15 томдық шығармалар жинағын өз күшіңізбен, жеке азаматтардың қолдауымен жарыққа шығардыңыз. Әлиханның әлі де жарық көрмей жатқан мұралары бар ма?

– Әлиханның, мен өзім білетін, бірақ әлі соның ізіне жете алмай келе жатқан бірнеше еңбегін айта аламын. С.П.Швецовтың 1928 жылы Мәскеуде Әлиханның жалпы ғылымға, ғылыми-зерттеу жұмысына, шығармашылығына жазған мінездемесі бар. Сол мінездемесінде Әлиханның ғылыми жұмысына баға берген сипаттамасында Әлиханның 1902-03 жылдары Сібір темір жолы бойындағы қазақтың мал шаруашылығын зерттеп, 2 монография жазғандығы айтылады. Бірі – қой шаруашылығы, екіншісі – ірі қара мал шаруашылығы туралы. С.П.Швецов өз мінездемесінде ол бір ғана өкініш білдіреді. «Әлихан қазақтың жылқы шаруашылығы туралы керемет очерк жазып шықты, бірақ ол очеркі өте аз данамен шығып, бүгінгі күні таптырмас құнды ғылыми дүниеге айналды», – дейді. Міне, Әлиханның сол жылқы шаруашылығы туралы очеркі табылмай жатыр. Мәскеуден де, Омбыдан да іздеп көрдім. Ол, шынында да, сол кездегі ғалымдардың қолында, жеке архивтерінде кетсе керек.

Екіншіден, Әлиханның туған қызы Зейнеп (Елизавета) қайтыс болар алдында інісі Райымжан Бөкейханға мынадай әңгіме айтып кеткен екен: «Әкем 1930-жылдардың ортасына дейін француздардың «Фигаро» газетімен тығыз байланыста болды», – дейді. Енді осы газеттің тігіндісін түгел ақтарып шығуға мұрша болмай жүр. Бірақ, 90-жылдардың басында Қазақстан өз Тәуелсіздігін алып, Парижде елшілігімізді ашқанда, сондағы қызметкерлер арқылы сұрау жасағанмын. Бірақ, Францияның Ұлттық кітапханасының қызметкерлері «Фигаро» газетінің бетінде жарық көрген материалдардың ішінен тек француз авторлары мақалаларының ғана каталогы жасалғанын, ал басқа шетелдік авторлардың жазғандары каталогқа енбегенін айтқан. Ә.Н. Бөкейханның мұрасын әркім кітапханада өзі отырып, қарау керек деп жауап берген екен.

Өзіңіз шетелде тұрдыңыз, сол жақтағы полицияның ерекшеліктері туралы айтып өтсеңіз?

– Мен Чехия Республикасында 10 жылдан астам, Парижде де біраз уақыт тұрдым. Ол жақта полиция көліктеріне «Халықтың қорғаушысы әрі қамқоршысы» деп жазып қояды. Ешбір адамды ешбір полиция еш себепсіз, негізсіз тоқтатпайды.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында қысқы олимпиада ойындары өтіп, сонда Чехияның шайбалы хоккейден ұлттық құрамасы жеңіске жетті. Жеңімпаздар еліне оралғанда, бүкіл прагалықтар: «Кім сыра ішпейді, кім қуанбайды, ол – чех емес», – деп, барлығы тойлатып жатты. Бұл наурыз айының басы болатын. Чех халқы күні-түні тойлады. Билеп, секіріп, ән салды. Таңертең сыртқа шықсам, халық серуендейтін бақтардағы орындықтардың бәрінде чехтың жас жігіттері қисайып ұйықтап жатыр. Сонда полиция қызметкерлері әр орындықтағы жігіттердің үстеріндегі киімдерін дұрыстап жауып, қымтап жүр. Ешкімді ешкім тұтқындап жатқан жоқ. Оларды сен маскүнемсің, қоғамдық тәртіпті бұздың деп желкелеп, машинаға отырғызып алып кетіп бара жатқан жоқ. Бұны, бір жағынан, ол елдің халқының қоғамдық тәртіпті сақтай білетін мәдениеттілігі десек, екінші жағынан, полицияның өз халқына деген шын мәніндегі қамқорлығы деуге болатын шығар.

Осы күні Сізді қандай мәселе алаңдатады?

– Жастардың арасында жұмыссыздық көп, баспана мәселесі қиын. Көк тиын үшін базар жағалап жүрген жап-жас қазақ жігіттері. Өйткені, ауылымыз қаңырап қалды. Жұмыссыз жастардың бәрі қалаға ағылып жатыр. Мұнда да жұмыс таппай сенделіп қалғасын, қылмысқа бармағанда не істейді?.. Қазақтың кең, ұшы-қиыры жоқ даласына қараңыз, жайылып жүрген мыңғырған малды көресіз бе?! Мал жоқ. Ал кезінде Алаш қайраткерлері «Қазақтың жері – мал кіндігі» деп айтпады ма? Моңғолияны алыңыз, біздің жеріміз олардан әлдеқайда құнарлы да ауқымды. Бірақ, 5 миллионға жетпейтін адам тұратын Моңғолияның 70 миллионға жуық мал басы бар. Әлиханның 1915 жылы жазған мақаласы бар. Кезінде ағылшындар Австралияны ашқанда, жерін жақсылап зерттеп көрсе, көбінесе қазақтың жеріне өте ұқсас шөлейтті екен. Содан олар ең алдымен мал шаруашылығын дамыту керек деп шешті дейді. «Австралия қойының еті 4 ай бойы мұхиттан өткен кеменің қоймасында жатып, Ресейдің базарларында сатылады, ол базарда неге қазақтың қойы сатылмайды?» деп күйінеді Әлихан. Одан бері бір ғасырдан асты, ал біз не бітірдік? Қазақтың ұлттық экономикасы ең бірінші ауыл шаруашылығына арқа сүйеуі керек. Нанотехнология дедік, ғарыш технологиясы дедік, аспандағы Айға азуымызды білегенше, жердегі малымызды асырап алмаймыз ба?

Кез келген елдің қауіпсіздігі ол – азық-түлік қауіпсіздігін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сырттан әкелініп жатқан құнарсыз азық-түліктерден халықтың денсаулығы әлсірейді, әлжуаз халыққа айналады, ауруға ұшырайды. Мына қызыққа қараңыз, Бразилия Қазақстанға жылқы етін экспорттай бастады, сиыр еті Аргентинадан әкелінеді. Бұған не айтасыз? Ал Алаш қайраткерлері кезінде халқының салт-дәстүр ерекшелігін, дәстүрлі шаруашылығын, жер аумағын, жер байлығын қазіргілерден әлдеқайда артық білген еді...

– Алаш тарихы, Алаш тақырыбы туралы кітаптардан бөлек, фильмдер де түсіріліп жатыр, сол туралы не айтасыз?

– Алматыда «Алаш туы астында» деген деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Алаш автономиясының 100 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып түсіріпті. Фильм сценарийінің авторы – белгілі журналист, алаштанушы Болат Мүрсәлім, режиссері – Ерген Тоқмурзин, бас кеңесшісі – алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Қойгелді ағамыз. Фильмнің екінші сериясы «Жарияланбаған автономия» деген айдармен шығыпты. Мәмбет ағамыз бұл тақырыпты Тәуелсіздіктен бері зерттеп зерделеп келеді. Қаншама кітап жазды. Міне, ол кісі: «Алаш автономиясы болған жоқ, Алаш Орда болды» дейді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер мемлекеті болмаса, оның үкіметі қайдан болады?!

Сондай-ақ, қазіргі қоғамда Алаш тарихын, Алаш автономиясының маңызын елемеу көрінісі байқалып келеді. Адамзат тарихында өзінің өткен жолындағы жарқын беттерін елегісі келмейтін ондай «ғаламатты» мен еш жерден көргенім жоқ.

Алаштықтар 1917 жылдың 5-10 желтоқсанында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиялық республикасын құрды. Содан кейін барып өзінің жоғары атқарушы билігі – Алаш Орда үкіметін құрды. Осыдан кейін Алаш автономиясын 1918 жылдың маусымында Самарда құрылған Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті, большевиктер құрған тұңғыш өкімет мойындады. Оның артынша Уфа қаласында құрылған Уфа директориясы мойындады. Енді Алаш автономиясы жарияланған жоқ деп айтуға қалай аузымыз барады?!

Ал Алаш туралы түсірілген «Тар заман» фильмі туралы айтар болсақ, тіпті сөзім жоқ. Фильмді түсірген ұжымды қарасаңыз, ол жерде Алаш тарихын түбірімен зерттеп жүрген не алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Қойгелді жоқ, не Тұрсын Жұртбай жоқ, не Дихан Қамзабекұлы жоқ. Неге Дина Аманжолова жоқ? Айта берсе, осындай нәрселер көп. Бұл Алаш тақырыбын дұрыс насихаттауға, елдің дұрыс түсінік қалыптастыруына кедергі келтіреді деп ойлаймын.

Алаш тақырыбы – әлі де тың тақырып, оны бүге-шігесіне дейін толық зерттеп біткен жоқпыз. Осыны қарапайым халыққа дұрыс түсіндіру былай тұрсын, кейбір тарихшылардың өзі адасып жүргенде, мұндай жеңіл-желпі дүниелер шығару – ешкімге де абырой әпермесі ақиқат.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен: Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар