Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Сұлухан Фатихқызы: «Мені мазалама, мен XVIII ғасыр...

28.11.2022 3679

Сұлухан Фатихқызы: «Мені мазалама, мен XVIII ғасырда отырмын деуші еді» 14+

Сұлухан Фатихқызы: «Мені мазалама, мен XVIII ғасырда отырмын деуші еді» - adebiportal.kz

Биыл жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай елі, туған жері, оқырмандары қазақтың қабырғалы қаламгерінің есіміне деген ықылас-құрметтерін білдіріп, есте қалар іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біз жазушының зайыбы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ілиясова Сұлухан Фатихқызымен сұхбаттасқан едік.

Сұлухан апай, Қажығали ағамыз бұл күнге жете алмады, желтоқсанның 8-і туған күні екен,  жазушының туғанына 80 жыл толуына орай қандай іс-шаралар өткелі жатыр?

–  Қажығали марқұмға сексен жасқа жетуді тағдыр жазбады... Дегенмен, Аллаға шүкір, елі, туған жері Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, облыстық әкімшілігі наурыз айынан бастап жазушыны еске алуды әр ауылда ұйымдастырып, Қажекеңнің шығармашылығын халыққа насихаттап жатыр. «Тар кезең» романынан үзінділер қойылып, мәдениет орталықтары әдеби кештер өткізіп, музейде кітаптары мен заттары қойылып, жазушы есімі ұлықталуда. Мектеп бітірген Оймауыт ауылында «Мұхамбетқалиұлы Қажығали осы мектепті үздік аттестатпен бітірген» деген мемориалдық тақта ілінді. «Тар кезең» романынан Ақтөбе облыстық драма театрында спектакль қойылды, сонымен қатар А.Жұбанов университетінде оқу залы ашылды. С. Бәйішев атындағы кітапханада, музейде Қажекеңнің шығармашылығына байланысты үлкен ауқымды конференциялар ұйымдастырылды. Осындай жақсылықтарды Қажекеңнің өзінің көрмей кеткені ғана өкініш... 

- Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушының атында оқу залы бар, ол жерде кітаптарынан бөлек жазушы тұтынған қандай заттар бар?

– Ұлттық академиялық кітапханасында оқу залы ашылып, жазушының өзінің оқып жүрген кітаптары, өз қолымен жазған мақалалары, журналдары, өзі пайдаланған үстелдері, жазу құралдары, сағаты қойылды, отбасымен, балаларымен, көңіліне ыстық ағаларымен түскен суреттері ілулі тұр. Сонымен бірге өзінің бөлмесіндегі өте жақсы көретін үлкен ақ вазасын апарып қойдым. Ал қабырғада жеті атасына қатысты портрет ілінді. Қазіргі кезде Ұлттық кітапханадағы Қажығалидың оқу залына жас мамандар, магистранттар, студенттер, келіп, ондағы құжаттарымен танысып, ғылыми бағытта ізденуге мүмкіндік алған. Оқу залының ашылуына көп қолдау көрсеткен ұлттық кітапхананың бұрынғы директоры Үмітхан Дәуренбекқызына және сол төртінші қабатқа жауапты болған Нұрбала Нұртайқызына, Қажекеңнің кабинетін жасақтауға еңбегі бар Динара Кінабаеваға ризашылық білдіремін. 

Жазушы Әнес Сарай ағамыздың Қажығали ағай туралы керемет мақаласы басылды кезінде, суреткерлік қырын біршама ашты, «Тар кезең» туралы Әбдіжәміл атамыз да, Әбіш ағамыз да керемет пікір білдірді, бүгінде осы кісілердің бәрі кетіп қалды... Жазушы кімдермен араласатын еді?

– Адам өз өмірінде жүрегі қалаған, өзінің жанына жақын адамдарын іздейді, адамгершілігі зор, ниеті таза, ақыл-парасаты биік адамдардың қасында жүргенді қалайды деп ойлаймын. Жалпы қаламгерлердің пенделіктен сәл де болса биік тұратыны белгілі. Тіпті кейде өзгеше табиғатымен қарапайым пенделік мінезді аттап кететін кездері де болады. Бұның барлығы жазушы қауымның болмысының өзгешелігі, жаратылысының ерекшелігі деп түсінемін. Ерекше жаратылыстың тағдыры да бөлек болады. Сондықтан шығар, студенттік кезден бастап бес жыл бір бөлмеде жатқан өзіне жақын достары, бір нанды бөліп жеген марқұм ақын Дүйсенбек Қанатбаев, Әнес Сарай, Төлен Әбдік туралы қызық естеліктер айтқан кезде көзі жайнап, достарына деген алғаусыз ниеті мен ыстық ықыласы білініп тұратын. Достары туралы айтқанда көз алдыңа олардың бейнелері келіп, бір-біріне деген сыйластықтары туралы естеліктер ойыңда жаңғырар еді. Ал кейін жұмыс істеген кезеңде, Алматыға көшіп келгеннен кейін үлкен ағалары Әбдіжәміл Нүрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырзалиев ағаларымен жиі кездесіп, сөйлесіп, рахаттанып жүретін. Астанаға көшіп келер алдында да  маған: «Мұнда менің бірге оқыған достарым бар,  Әнес аға, Ақселеу, Төленнің қасына барамыз» дейтін. Жазушылардың ішінде осы үлкен ағаларының ортасына  барғысы келіп тұратын. Қажекең өте бауырмал еді, өзі де аға ретінде өзіне керемет, парасаты биік, пейілдері таза інілерін  тапты. Ол Қуаныш Жиенбай, Бауыржан Омаров, Шархан Қазығұл және екі досы Тынымбай Төлепбайұлы мен Марат Мажитовтпен сұхбаттасып бірге қыдыратын, балыққа бірге баратын. Жүрегі қаламаған адамдарға үйір болған жоқ. Бір кездері ақын Шөмішбай Сариев Қажекеңе бір өлең арнаған еді, соның ішінде бір-екі шумағы Қажығалидың қасиетін ашатын. 

Халқымның қалап алар ырымындай,

Тұлғаны сен қаладың ірі мұндай.

Ортадан саяқ жүріп ғұмыр кештің, 

Қазақтың әдебиетте Сырымындай. 

 

Бөлмейді, бөле алмады үніңді ешкім,

Дәурен сүріп өмірде дүбірлестің.

Ешкімге ұқсамайтын өзің болдың,

Сұлухан жеңгемізбен ғұмыр кештің, – 

деген жолдар жазушының адами болмысын тап басқандай. Қажекең жүрегі қаламаған адаммен сыпайы қарым-қатынаста болғанымен, ары қарай араласып кетпейтін. 

- Жиырма жылдан астам уақытын жұмсап жазған «Тар кезең» туралы әлі де толыққанды пікір айтыла қоймаған сияқты, бұған қатысты пікіріңіз қандай? Осы шығарма арқылы Сырым батыр ғана емес, жалпы қазақ тарихының бір кезеңі туралы фильм түсіруге бола ма?

– Әрине, жалпы тарихтың көп кезеңі туралы деректі, көркем фильмдер көрсетіледі, бірақ 18 ғасырдың ауыр кезеңі, отаршыл саясаты туралы, батыр Сырым Датұлы туралы бірде-бір фильм жоқ. Бірде бір белгілі адам: «Неге осы «Рухани жаңғыру» жобасымен Сырым батырдың 280 жылдығына орай бір фильм дайындап көрсетпейді екен?» деп хабарласқан еді. Өйткені «Рухани жаңғыруға» қатысты 17 жобаның ішінде осы елін, жерін қорғаған батырлардың есімін ұлықтау, насихаттау туралы айтылған бөлімдер бар екен, сол үшін 243 млрд. теңге ақша жұмсалады деп жариялады баспасөзде. Сырым батырды ең бірінші зерттеуші Қажығали Мұханбетқалиұлы, Орал қаласында ескерткіш ашуға да көп күш салды, осы роман бойынша қанша еңбектенді, материал жеткілікті, Сырым батыр туралы фильм түсіруге болатын еді. Мен осы мәселені көтеріп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Аида Балаева министр болған кезде  хабарласып, фильм түсіру туралы хат жазып сұрағанымда, олар «көрерміз, көрейік, мүмкін жобаға кіргізерміз» деп жұмсақ сөйлеп, алдап-сулап жауап берді. Бірақ, ол сөз күйінде қалды, ешкім Сырым батыр туралы фильм түсірген де жоқ.

- Жазушының үлкен ерекшелігі – сыншылығы жоғары еді, біздің қолымызда «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда» деген кітабы бар, осындағы мақалалары арқылы ол кісінің талғамы биік екендігі, сөз бен сөйлемге келгенде кірпияздығы, шағын жанр талабына жауапкершілікпен қарайтыны, байыпты көзқарасы бары аңғарылады. 

–  Қажекең әрнәрсеге үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен қарайтын. Үйдің бір шаруасына болсын, өзінің сүйікті ісі балық аулауға барарда да ерте тұрып, тыңғылықты дайындалатын. Жазушы ретінде өте көп ойланып, толғанып, материалдарды көп іздеп еңбектенетін, мысалы «Тар кезең» романын жазуға жиырма жылдай уақытын жұмсады. Бармаған архивтері жоқ. Мәскеу, Хиуа, Бұқара, Куйбышевте болды, әр жердегі архивтерден материалдарды жинап, содан кейін тарауларын жазуға отырды. Күні бойы кабинетінде отырып кеште шыққан кезде сол күні бойы жазған парақтарды жыртып тастайтын. Мен оған: «неге жыртасың, сол үшін ертеден кешке дейін отырдың ғой» десем, «мен өтірік жазып қойыппын, әдебиетте өтірік жазуға болмайды» дейтін. Ал кейде түскі асқа шақырған кезде «мені мазалама, мен XVIII ғасырда отырмын» деуші еді. Сондай жауапкершілігі мол, өзіне-өзі қатал, көңілі толмаса ештеңеге қарамайтын адам еді. 

- Ол кісі үнемі «Әдебиеттің басты парызы не?» дегенге жауап іздегендей болады, өзіне көңілі толушы ма еді, «Тар кезеңнен» кейін осыны жазамын  деген жоспары болды ма?

– Әрине, жаңа айтқанымдай, өзіне-өзі қатал қараған жазушы. Әдебиетке де, жазушыларға да қатал, жазған-сызғанына көп көңіл бөліп, әр сөзіне қадалып, астын сызып, сұрақ қоятын. Ал бір жақсы өлең не әңгімелер оқыса, сол автордың номерін тауып звондап, пікірін айтып, қуанып қалатын. Мысалы, Оралдан Мұқадес Есламғалиев деген жазушының бір-екі әңгімесін оқып, телефонын тауып, сөйлесіп, «сенің мына әңгімең жақсы екен, кейіпкерлерді жақсы ашқансың, сен жазушы боламын десең Алматыға, жазушылар ортасына кел» деп шақырды. Екіншісі, жазушы Серік Асылбек, жас кезінде сонау Қызылордада, бір ауданда мектепте жұмыс істеп жүр екен, оған да «Алматыға кел, керемет жазушысың, әңгімелерің, кейіпкерлерің мықты, әрі қарай даму үшін Алматыға, жазушылар ортасына кел, өсесің» дегені есімде. Екеуі де жетпісінші жылдары көшіп келіп, кейін белгілі жазушыларға айналды. Қажекең өзіне өте қатал талап қоятын жазушы. Кейбір жазушылар «неге жазбай кеттің?» деп сынап, кекететін де кездер болды, сондай  өзіне-өзі көңілі толмай, жаза алмай жүрген кезде шахматқа назарын аударады, Әнес ағай екеуі 5-6 сағат шахмат ойнап отыратын, болмаса Ақселеу, Қойшығара, Төленмен бильярдқа баратын. Кейде аң аулауға шығып, кейде карта ойнап кететін кездері де болды. Ол - өзіне көңілі толмай, жаза алмай жүрген кезеңдері. Әдебиеттің басты парызы деп шындықты айту, сөйлемді дұрыс жазу,  өтірік, жалған жазбау деп есептейтін.

– Кезінде «Муратигімен» танылып, шағын жанрда жақсы еңбектеніп, «Қайдасың сен, махаббат» деген новеллаларымен, «Бас жұтқан бас» сияқты керемет дүниелерімен оқырман ықыласына ие болған жазушымен бір шаңырақ астында елу жылдай тұрдыңыз, адам бір-біріне әсер ете алады, бір-бірін өсіреді немесе өзгертуі мүмкін. Ол кісінің қай қасиеттерін ерекше бағалап, айтар едіңіз?

– Марқұм Қажығали мені яғни орысша тәрбиеленген адамды қазақша сөйлеуге үйретті. Кезінде Нархозда орыс тілінде дәріс беретін едім. Сол жылдары Қажекеңнің арқасында қазақ тобына да қазақша лекция оқитын болдым. Оның ең бір тамаша қасиеті – ешкімді өкпелетпейтін, ешкімді жамандама деп маған да, балаларына да айтып отыратын. «Өзің бірдеңе айтып ренжітіп алған шығарсың» дейтін. Өте ақкөңіл, таза жүрегімен адамдарды баурап алатын.

Қажекең жүрегі жомарт, ақ ниетті адам болғасын ешкімге сөз келмесін, кесірім тимесін  деп, азаматтардың абыройын ойлағандықтан ешкімнің алдына барып, ештеңе сұрамайтын. Бұл жағынан келгенде, ол кісі ұсақ-түйек әңгімеден бойын аулақ ұстайтын, дүниелік әңгімеден биік адам еді. Осының өзі кейінгілерге өнеге деп ойлаймын.  

- Қазақ радиосынан Қажығали ағайдың соғыстан кейінгі қиын жылдардағы балалық шағы туралы мұңлы естелігін тыңдадық, үйде отырғанда кей-кейде естелік айтатын ба еді? 

– Бала кезін көп айтпайтын, әкесіз өскен бала ішіндегі сырын басқа адамдардан жасырып, көрсетпейтін сияқты. Өзінің анасы мен үлкен ағасының қасында өсіп,  он бес жасында оқуды қызыл аттестатпен бітіріп, екі жыл пошта тасып, Жем бойынан балық аулап, үлкен ағаларының, аталарының әңгімесін тыңдап, өскенін айтатын.

- Студент кезінде Нұрғиса Тілендиев басшылық жасаған құрама оркестрге де қатысқан, күйшілігі бар адам болыпты деген әңгіме бар... 

- Ең жақын досы Төлен Әбдік – керемет домбыра тартады, Қажекең оркестрге қатысқанын айтпайтын, бірақ домбыра тартып, ән айтатын даусы өте ұнайтын, әсіресе, ескі әндерді көп айтатын. Мен 3-курста жүргенімде бүкіл біздің группамызды Алматы облысы Шелек ауданына жиын-терінге жіберді, мені іздеп сол жерге бір күні Қажекем келіп тұр. Бір күнге сұранып, мені Алматыға алып кетуге келген екен. Алматыға барғанша таксиде маған өлең айтып барды. «Бір күй бар жүрегімде айтылмаған, бір сыр бар...» деген өлеңді жиі айтатын. Кейде көңілі болмаған кезде домбырасын алып күй тартатын. Өзінің де күй шығаратыны бар, қайтыс болған баламызға арнап шығарған «Наркес» деген күйі бар еді. Бірақ, өкінішке қарай, балалары мен немерелері бұл өнерін  жалғастырмады. 

- Жазушының біз білмейтін, жарық көріп үлгермеген шығармалары бар ма? Немесе оқырманға беймәлім күнделіктері, хаттары деген сияқты...

–  «Тар кезеңді» бітіргеннен кейін мен тек қана әңгімелер жазамын дейтін. Жас кезінде маған: « мен Чехов сияқты әңгімелер жазуым керек» дейтін. Қажекеңнің зерттеп, зерделей оқығаны Толстой, Чеховты да түгелге жуық оқыған еді. 

2020 жылдың ақпан айынан бастап Қажекең өзінің ауылының адамдарын жазатын ойы барын айтты. Мен де оған анда-санда «неге сен өзіңнің өскен жеріңді, ауылыңның адамдарын жазбайсың?» деп айтатынмын, сол 2020 жылдың ақпан айынан бастап пандемия кезінде 5-6 әңгімені асығып жазды. Олар «Кесек кемпір», «Біздің ауылдың Қожанасырлары», «Шегебай» т.б. әңгімелер еді. Құдайым өзі білдірді ме, бұрын өз ауылының адамдары, туыс-ағайындары туралы көп айтпайтын еді, осы пандемия кезінде ауыл адамдарын, туыс-ағайындарын көбірек есіне алып, көп құжаттарды іздеп, ауылға таныстарына хабарласып, осы әңгімелерді жазып, бітіріп, өзіне сондай  риза көңілмен, түн ішінде Әнес ағаға, Төленге, Қойшығараға оқып беретін. 2020 жылдың 13 шілдесінде кетіп қалды ғой, ол әңгімелері жарыққа шықпап еді, мен тек былтыр 2021 жылы баспаға бердім. Алла бұйыртса, кішкентай әңгімелер жинағы болып, «Сағындым сені» деген атпен оқырманына жол тартады деп ойлаймын. Әрине, күнделіктері, бастап жазып, ұнатпағаннан кейін жалғастырмай қалған, жария етпеген қағаздары бар ғой. Әдебиет порталына бұрын да әңгімелерін беретін. Кажекеңнің өзі жоқ болса да, мына мерейтойына орай еске алып жатқаны үшін портал ұжымына ризашылық көңілімді жеткізгім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

СЫРЫМ БАТЫРДЫ ЖАЗҒАН СЫРБАЗ ЖАЗУШЫ

Қазақ прозасының дамуына бір кісідей адал қызмет еткен, үлкен қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл. Кезінде «Сынған терезе», «Қарымта», «Жігіттің көз жасы», «Жалғыз жиен»,«Муратик» т.б. әңгімелері, «Ескі достар» т.б. повестері әдеби ортадан ғана емес, талғампаз оқырман тарапынан да жақсы бағасын алған еді. Шынымен де қаламгердің қабілет-қарымы, деңгейі, шеберлігі бірді-екілі дүниесінен де байқалатынын есепке алсақ, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының кезінде сол шағын дүниелерінің өзін  дайындықпен, сөзге деген үлкен жауапкершілікпен жазғанын байқаймыз. 

Мақала басында жазушыны қазақ прозасына бір кісідей адал еңбек еткен дедік, бұл әсіре сөз емес, Қажығали Мұханбетқалиұлы  аударма саласында да тер төккен, айталық, Р.Акутагаваның, С.Моэмнің, П.Мерименің, Ги де Мопассанның, Д.Фонвизиннің, т.б. әлем әдебиетінде аты мәлім бірталай жазушының жеке дүниелерін, сонымен бірге түрікпен жазушысы Т.Жумагелдиевтің «Егес» кітабын, А.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» прозалық жинағын қазақшаға аударған. Ал енді Сырым батыр туралы жазған «Тар кезең» романы туралы үлкен зерттеу еңбектер алда жазылатын шығар дейміз, өйткені бұл жазушының жиырма жыл ғұмырын арнаған, көз майын тауысып, төзімін сынап, рухымен жазған үлкен дүниесі.  Жазушы оны бір кеште отыра қалып бастап, айналасы бір-екі жылда бітірем деп жанталаспаған, ол алдымен осы ұлт азаттық көтерілістің тарихи мәнін, себептерін барынша жан-жақты зерттеген. Тереңдеген сайын қазынаға кезікті деу де қиын, ұлт тарихы үшін құнды деректер табу қашанда оңай емес.  Бұған қатысты мақалаларын кезінде «Егеменге» де, «Қазақ әдебиетіне» де жариялағанын көзі қарақты оқырман біледі. Осы жерде айта кетейік, жазушы ағамыз осынау он төрт жылға созылған Сырым көтерілісіне қатысты ашылған көп делоның жоғалып кеткенін, яғни қазақ тарихының ең бір елеулі, қазақ даласындағы үлкен саяси оқиға деп айтуға тұрарлық кезеңдеріне қатысты деректерді отаршылдық саясатпен Ресейдің архив құжаттарының арасынан таңдап отырып әдейі өртелгенін, осы  себепті де тарихта бізге беймәлім ақ таңдақтар көп екенін айтқан еді. Өйткені, жазушы көп архивтерде шұқшиып отырып, зерттеп, зерделей келгенде Сырым батыр бастаған ұлт азаттық көтеріліске қатысты кей деректердің із-түзсіз жоқ екенін не үзілгенін байқап отырған. Құжаттардың ізін ұстап отырып, қаншама дүние оқып, салыстырып, он сегізінші ғасырдағы қазақ даласының картинасын көз алдына әкелуге, сол кезеңді сезінуге тырысады. Ол кісі романды бітіруге жанталаспағанына қарағанда бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін, тиянақты, оқырман алдындағы парызды ойлайтын адам екеніне көзің жете түседі. Осы аралықта бір ғана Сырымға қатысты «Жұмбағы көп өлім», «Семсерін сертке бермеген Сырым» деген т.б.  мақалалар сериясын және  «Қазақтың Бұрындық ханы қайда жерленген?», «Есентемір Бөкен би туралы», «Ән кейіпкері Ақиіс – әйгілі Сырым батырдың келіні» деп аталатын т.б. тарихи тақырыптағы мақалалар жазған. Бұл жай ғана бір кеште ойланып отырып жазып тастайтын дүниелер емес, әрқайсысы бір тарихи дерекке сүйеніп, ізденіспен жазылған, өзінің көңіл төріне қонақтаған бір сауал төңірегінде соншама ой кешіп, соған қатысты тіл-хат іздеп, зерттеп, қорытып жүретін еңбекқор адам көз алдымызға келеді. 

Сыншылық қыры жайында. Жазушы қазіргі қазақ әңгімесінің даму процесін бақылап, әр кезде де сын мақалалар жазып отырды. Мысалы, қазіргі әңгіме дәстүрі ғасырлар тоғысындағы формация ауысуы мен мәдени парадигмалар ауысуын бастан кешіргендіктен, әрі дәстүрлі түрде, сонымен бірге жаңашылдық тұрғысынан да дамуына тура келді. Енді классикалық дәстүр мен жаңашылдық тартысқа түсіп, жаңа қаһармандар мен антижанрлардың алға шығуы сипат алды. Жазушылар жанрлық жағынан түрлі ізденіске ден қойғандықтан, бұл өз кезегінде жанрлық трансформацияға әкелгені, бір ғана әңгіменің ішінде көркем әңгіменің де, деректі әңгіменің де, публицистиканың да қатар ұшырасуы яғни осы аралықтағы шекаралар жойылып, кірігіп кеткенін де байқаймыз. Бұған қарап біздің жазушылар да әлемдік әдеби даму үрдісінен қалыс қалмай, эксперименттерге баратын болып, жаңаша ойлайтын әдебиет қалыптастыруды мақсат ететінін көреміз. Жазушы Қ.Мұханбетқалиұлы өзінің «Шағын жанрдың шалқар көкжиегі» атты мақаласында бүгінгі қазақ әңгімелерінің ерекшеліктері мен сапалық өзгерістерді былайша бағамдайды: «Біріншіден, бұл жанрда тынымсыз еңбек етіп жүрген жазушылар сонау бір кездегідей долбарлап жазудан ада-күде арылғандығын, туған әдебиетіміздің тек қана тәуір үлгілерінен, әлем әдебиетінің озық өнегелерінен үйрене отырып, жақсы мағынасындағы профессионализмге үздіксіз ұмтылыс үстінде екендігін қуана көрсету керек. Екіншіден, «адам жанының диалектикасын ашуда барынша обьективті болу керек деген қағида қазіргі қазақ әңгімешілерінің қанына біржола сіңгендігін бар дауыспен, еш қысылмай-қымтырылмай жария ететін шақ жетіпті. Үшіншіден, қазақ әңгімелерінің тәуір үлгілерінде кім туралы, не туралы жазылса да, сол қозғап отырған тақырыбының әлеуметтік астарына, әлеуметтік мотивировкасына шұқшия үңілетін мінез пайда болған». 

Ия, Қажығали ағамыз әруақытта әдебиеттің даму бағыттарын саралап, салмақтап отырды. Мысалы, бұрындары көркем шығармадан қаһарман іздейтін. Бүгінде ол өлшем күн тәртібінен түсті. Уақыттың, кезеңнің шешімі солай болды. Жазушы, сыншы Қажығали Мұханбетқалиұлы сын мақалаларында бүгінгі әдебиетке қаһарман жетпей жатқандығына, бұрынғы оқырман ықыласына бөленген жазушылардың үнсіз жатқанына алаңдайтынын жасырмай, бүгінгі кезеңнің қаһарманы кім болуы керек дегенге жауап іздегенін көреміз. «Әдебиет – тек қана қаһарман жасаумен айналысатын өнер емес. Бүгінгі әдебиет өмірдің барлық саласын: жақсы менен жаманды, бай мен кедейді, патша мен қайыршыны, керек десеңіз, көшеде қаңғырып жүрген бұралқы иттің тағдырына дейін жазуға қақылы екенін ұғынды. Соған байланысты бүгінгі күні бас қаһарман жасау мәселесі әдеби аренада ығыстырылып, көп салалы өмірдің өз болмысын бейнелеу мұраты алға шықты. Сондықтан бүгінгі әдебиеттен тек қана үлгі тұтар қаһарман іздеген кісі қатты қателеседі. Шындығында нағыз көркем әдебиет үшін ол бірінші кезектегі міндет емес» – дей келіп, орыс әдебиетіндегі Достоевский мен Чеховтың кейіпкерлерінің халыққа үлгі қыларлық қаһарман болмаса да, оқырман санасынан мықтап тұрып орын алғандығын мысалға келтіреді. Бұлардан бөлек, «Не жазсақ та біліп жазайық» атты мақаласында қазақ сөздерінің мәніне мұқият қарауды, мағынасын толық білмей қолданудың әбестік екенін жазса, Тахауи Ахтанов туралы «Айтулы биік көксеңгір» және «Көш бағытын түзеді» деген сұхбаты, «Ортаға салар ойлар бар» атты мақалаларының бәрінде көркем дүниеге қойылатын талап туралы айтады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар