Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сұраған Рахметұлы. Шарайна...

21.01.2020 4867

Сұраған Рахметұлы. Шарайна

Сұраған Рахметұлы. Шарайна - adebiportal.kz

ШАРАЙНА

Айнаға сенбеймін, қайтемін, «айна ғой, ол мүлде», - деймін де!?

Аңызи долбарым жаңғырық соңынан қалмайды...

Платсыз формалар,

Қоғамдық, ұжымдық (ұр да, жық...) ойларым ойнайды –

әлжуаз зейінімде.

Сол айна алдынан бір қалып жұрнағы тұрады орнаған.

Айнада – мен емес, елеспін... самайым, ақ шашым...

Тым басқа!?

Ұрланған түрімнен көшпелі сұлбалар мұнарлап

тұнғаны кеше еді,

Көзімнен сұрасам, сөгілген кірпігім, көгілжім мұң басқан,

Баяғы түйелі көштерден (...жанымды тұмшаған...)

бір самал еседі.

Самалдар ескенмен естілмей ешбір үн,

Мылқаулық дәуірдің сұғынан сескенген құбылыс есебі...

Айнадан көрінген бейдауа кескіндей кеспірім,

Тайғанақ тағдырдың талқысын текпілеп,

кеселін кешемін.

Шарайна –

бұл менің шарықтай бет-бейнем,

алайған аш көзім, ақ шашым,

Бұзылған қоғамдық ұрымын, құлымын бұзылған,

Арынан безінген (айырылған өзімнен...)

тақша үшін,

Арманым – бейдауа, арзаным – қызыл қан.

Ал, міне жасанды айнада жасанды шабақтар

айдындап,

Аспаннан қар жауып қып-қызыл қыртысқа

қып-қызыл шыр сынып,

Жылқылар жасанды өрісте, мың түлік синтетик

жайлымда,

Сұп-суық қаладан далаға сірескен сұм өскен заман-ай,

ұмсынып!!!

Бар пішін сол айна ішінде, қиялың,

қимылың ісің де,

Тұрғаның қиылып, тамсанып, қымсынып,

Осынау өлмелі мүсінге!

Ай-на-аа!

2019.09.19

ТЕҢІЗДЕ МОЦАРТПЕН АЙ ҚАҢҒЫР...

Теңізде Моцартпен Ай қаңғыр...

Толқында әуені, шуағы.

Үнсіздік...

Делбесін жайған гүл

қуанып!

Шексіздік шетінде мұң сүзгі, таусылмас ықылым.

Ауада түтіні (шағала жылады),

шылымның тұқылы.

Кеше ол хат жазған көзінің жасынан жыртып ап,

Жағалау күрсінген сендегі.

Тағы да Моцарттың алаңы шырқырап,

Ойларың сенделіп.

Бір шырақ алыста жанады, жақында мың сұрақ,

Пенделік.

Теңіздің бетінде жазулар бірі анық, бірі өшкін,

Басыңнан сыз өтіп.

Өткен шақ күндізгі, түнменен үндемей тіресті,

Үміттен келетін үмітін күзетіп.

Уақыт арбаға жегілген арғымақ аралға қамалған,

Ескірген тағадай Ай қаңғыр!

Кескіндер билейді, ығысқан дыбыстар әр алуан,

Ескі хат! Білмеймін...

Сен жазған...

Қайдан жүр!?

Тіреу жоқ кеңісте сағаттар сандалып ағады,

Қай заман, қай күні, қай айдың?

Біреулер шемішке шағады,

Ал, менде Абай мұң...

... Басы жоқ көздерді аяймын,

жағада...

2019.11.25

АҚЫН

Аспанға шомылып, жаңбырмен жанын,

қолын жуады,

Ең соңғы ерменнің дауысын естиді

оның құлағы...

Өкініш, өкініш, өкініш бәрі де дейді тәңірі,

Өмірдің көшкінін, өзіне өштігін соңында ұғады!

Қан жұққан үнімен шырқап гимндер азап тұманын,

Ботаның көмейі күйсейді қайран қазақтың

әнін.

Қоңыр аң еді баяны оққа байланған баяғы,

Соңынан ерген көлеңкелері қазір

мазақ қылады!?

Бір парақ алады оны тағы да хатсыз бүктеді,

Жалғау, шылауға жалғайды жансыз нәтсіз

нүктені.

Күткені бақыт болмайды, өйткені уақыт сорлайды,

Тәтті сәттіліктерге алданған қатты сәтсіздіктері,

Сапарға шығады ол, сағыныштарын жанына түйреп,

бекітіп,

Жылан жолдары сүйрейді жанарын

ирекке иректетіліп...

Ұзақ күрсіністері қызырып батқан күннің соңында,

Іркілістері:

Ұяттан өртенген бүйрек бетінің!

Кек тұнып, ақынның жүдеу бозғыл өңіне,

Тырмысып өлердей шапшиды күнде

сөздің өріне,

Әуендер мұң болып,көкірек сыздағандағы

сында,

Пышақтың ұшын тірейді сүлей өз жүрегіне!

2019.12.10

БЕЙ ЖАЗ

Арланның алыста ұлыған үнінен мейірім

құлаған жаһаннан,

Ай шіркін аунақшып, кең балақ сайлардың

азуы қышыған,

Жылы қан иісінен қыңсылап күшіктер, жылаған

апаннан.

Қоңыр жел еседі қобыздың сарыны,

ырғайдың ұшынан...

Қорқыныш аялдап өтеді, қорымда қорғалап,

қораның тұсынан,

Бұлттардың қоңынан жабысып, құртқаның

қып-қызыл сояуы,

Оянар ақ үйлер атамның аяни

таңдағы таңғалысынан!

Арланның көзіндей жұлдыздар саңылаулап

құлпырған бояуы,

Таулардың бояуы тарылаудың бедері,

тастағы қынада,

Миуа алаптың мың түрлі күбірі, сыңғырлы

тірі үні.

Жылқының дүбірі қиқулап өтеді бұлқынған

тұмадан,

Аспанды қақ тілген бүркіттің қанаты,

бөрінің ырылы...

Бей жәннат жайлаудың тынысы –

Дараның уысы,

Өркешін бұлт шалып, табаны жер иіскеп,

түйелер күйсейді

сағымды.

Бұлғынның көгінде айналып, жүрегім

жүр ұшып,

Таңбалы тастардан іздейді

баяғы жоғалтқан балалық шағымды.

ТАНПЫНАР

Танпынар сатысы тым биік, тұңғиық аудай

мөлтеңдер,

Төңкерген мыс қазан секілді Ай жүзген теңіздің

бедері өртенген.

Қыш тастың сұп-сұры бетінде құлаған

жап-жарық шумақтар,

Көкірек түбінен көлбіреп ағады,көмейден

көркем зер!

Мүйізі Ай ілген арайлар арасын іздеген аяулы

сырқатым,

Музалар әлемі бек қайғы екен-ау жанымды

жыртатын.

Ыстамбұл іңірі Бұғыра мұржары,

мұнара бұғазда бұрқа тым,

Сабағы үзілмей сақталған ең соңғы сынаптай,

шуақтай үзімдер,

Таң атты тағы да таң мұнар тамаша қалғыған

тұрпаты,

Аспанда ұзын бұлт,бұғазда ызыңды қызыл жер,

Қып-қызыл айдарлы қыздар жүр

озанын шырқатып.

Шырқатып не бір ән, дауыстар толқында көпіріп,

Өкініш секілді...

Не деген керемет!

О, пірім!

Шағала аспандап, өктем бір үрейлер өкініш,

нөпір үн,

Ажал жүр айналып, қалықтап Босфордың көпірін!

2019.11.02

ОЙ ТҰМАН...

Ұшады ойларың, ұшады төбеңнен бір-бірден,

тізіліп, ұшқыны ақ қардың,

Құстардың қанаты секілді, толқулар, қоштасу – күз үні,

Тағылым сауабы шырмайды өзіңді алдаған

шақтардың,

Көгілдір бейнелі көзіңмен шарлаған ғасырың.

Жер шары ішінде – жер тарпып, пысқырған аттардың,

Ауыздық шайнаған тісінде,

Көк жібек көйлегін шешкен таң,көл бетін жамылып,

жасырын,

Желегі – Жер шары ішінде.

Бақтардың шырқында сәуірлер тығылып, келешек

үшін де,

Жап-жасыл жаңбырдың иісіне не дейін, кеш бізді,

Өтерін өмірдің өзінше түсінген,

Сілемі жібермей арбайды ең соңғы ескі іздер.

Қабағы қатыңқы қасаттар, қам көңіл кәрі қыр,

Қарайды өтпелі мүсінмен.

Көл-көсір көлемім – көңілді көшкізген,

Біз сізбен біргеміз – бәрі бір:

Көп көбең көгілжім көйлегін шешкізген, ұрғашы

жарығым,

Жанымды жамайды алыстар көзімді қарыққан,

Естиді құлағым даланың сарынын,

Жаттаймын қаріптап,

Не күш бұл, өшпейтін жарықтай, кетпейтін есімнен,

Уә, зең Мәрмәр! Раушан ғаріп таң,

Көк теңіз – көйлегін шешінген!

***

Алыстап барады бұлт қабаттарында,

Архимед шеңбері секілді

Құстар!

Оларға кеңістен жол беріледі тылсымдар

сыбырлап,

Оқиды қанаттарымен соңғы емілені.

Шексіздік синустарындай ауада ұшқан

дыбыстар.

Жапырақ үні ме, кім не біледі?

Сұрақ...

Құрақ бұлттарға құлап, қанатын іледі...

Құстар алыстап!

Сандырақтайды, уақыт жылайды қысқан

ағыстар.

Соңында ұзын денелер,

қалқиды – Айдың табына балқыған қызыл

кемелер.

Архимед шеңбері секілді құстар, ағыстар

ағады!

Тастың бетіне гүрс-гүрс тамады...

Сиясы лағыл қыш қаламұштар!

2020.16 қаңтар

САНА БАЙТАҒЫ

Әр бұтақтарда ілулі құстың қонағы – құт

тұрағына,

Сомдаған кітаптар сұмдық сұсты жинайды,

жүкті қалада,

Кешегі метаөрістерден өшкіндеу нәр түскен

сүт құрамына,

Гүлдердің түрлері түрлі бүрлеріне сыймай,

шықты бағады ә?!

Тозаң жұтатын мың қанша көшеттер

көшеде бір гәп...

Балапан талдар аспанға қарап жайған

уысын!?

Биік үйлерге жұққан күннің нұры мен нілі де құрғақ,

Бәрі күмәнді, Күн жүйесінің мынау жер

айналысының!?

Биік толқындар жаншып жамылып

қайтады, көлеңкелі ізін,

Өңшең иіген белестер желемік боз бие

мінген...

Өңір шыңғырып кіснеп бояулы өлең –

теңізде,

Қыл шылбыр шұбап көшеді ұзақ көз жиегінде.

Дала топырағына сіңірген ниеттерін байлап,

лаңды ғасырдан,

Бозкөде шоқтығын өртейді бойлықтың

ендіктерінде.

Тарпаңдар бестінің сүйегін ескі сандыққа

мәңгі жасырған,

Сырлары ағытылады солармен бірге мең –

нүктенің де!?

Долбарлар шыңдалып, мүрделер құндаққа

оралар тағы,

Ертең бағыңа мөп-мөлтең Күн туар жыртық

кезеңнен.

Уақыттың ұзын ырғасы – жұмақтың бұзылған

жорамал табы,

Елеске қарай еңбектеп жетеді зердең

мылтық кезенген!!!

Адам санасы алмасып, тамаша әуендер саулайды

тас үйектерінде,

Қорғасын салмағын жалмайды мыс

қабатындағы.

Құрбандық атаулы өшеді өз, өз

қасиеттерінде,

Жылдамдық қарқыны керіге айланар

құс қанатындағы...

ЕСКІ ЖЕР

Бір толқып, өксіп жылап ап, желменен

кеулеп,

Өткінші бұлттар үркіп келеді өкшелеп көктем

қуалап,

Өртеніп барады өлең кернеген кеудем,

көктен құлаған.

Ой - һой... айтарым көп еді... өкпелі

Ай жайлы...

Отармен өріп, өрік көл көшеді, ұза-а-ақ ой

қаптап!!!

Ботаның боздауы –

Қорқыттың нотасын көкке

байлайды,

Қозы-лақ жамырап, бұзау ойнақтап!

Сағымды-ай!

Бұла маусымды тұрасың қалай қатты

сағынбай!?

Даусымның жыртығын жамап шіркін,

бұлақ аунайды,

Жанымның күмбірлі шабытты шағындай!

Жуаның бүріне сақтап кетсем бе,

мына жайлауды...

Жайлы ымыртта айдынға шылаған

сары майды ұрттап ап,

Мұрты күйген бұлт байғұс қайқаңда

майпаң қағады!

Аттың ізіне жұлдыздар құлайды,

Ай жұмыртқалап,

Арай қалғиды жайлап байтаң далада...

Мен үшін кең іргем, тегімнен кере-е-мет

күзеу!

Кенішімдемін жұпар жусанмен, самалмен

қауышып!

Ескі желіде ең ғажап үн...

Елең еткізер!

«Қарғам-ау!» - деген анамның дауысы!

БҰРЫЛУ

Басыңа келген ойларды үркітіп, басыңа –

қарсы тымағың...

Жап-жасыл ғаламың төбеңнен төнеді,

жаныңда жарты жұмағың!

Барлық сұмдыққа шыдаған шыдамың,

Құлағың естиді тереңде жылаған тұма үнін.

Бір гүлдер бүр жарып, бір күнде шеңбер

түгеді,

Жамандық жасайтын уақыттар кем,

білсем...

Басқа бір жүректің дірілін сағынып жүдедің,

Бір ғана сөзбенен өлдің сен...

Жусан ұшында жуас ырғақтар саулап,

сүріндің...

Көңілшек бұлттар шайқады.

Арғы бетіңнен өлең жауады... ақ солғын

ашаң түріңнің;

Көзіңнің жасы айтады!?

Уа, алғыс әйтеуір, қаңқылын өрдің

бір қаздың,

Уақытша болсын, жердің шетінен

бұрылдың!

Тас қабірлерге табынып жүр едің,

жыр жаздың,

Бір ауыз сөзбен тірілдің!?

ТІРІ СҮГІРЕТТЕР

Жылқылар түнейді бағзы Қарашыңында,

жылғалар қашады бұлақтар күңгір

кісінеп...

Қара шың – аттардың отты қарашығында,

Ойменен ойнайды күндізгі сүгірет...

Күндізгі сүгірет,

жаныңды түшкірткен жаздың күшті миясы.

Гүлдер қалғиды бірінің қанатын бірі

жамылып, алақан – дағы,

Түрен жағалау жаппай құстың ұясы...

Түгел әуелеп ұшады ертең жазылған

балапандары!?

Қиқулар аспандап, биікте лағып,

ағып ұшқыны,

Аршаның түтіні ұйып, тұнады тақтадағы

үйден,

Бие бау жанында маужырап сағыныш

тұнық,

Атам атқа қоныпты тағы... ақ, қара киген!

Ақ, қара деген...

Шуақ пен абаттың құбылы!?

Баспай ілгері, біріміз артқа сүйрейміз,

біріміз кері.

Адамдар – аяусыз шашылған сағаттың

сынығы,

Тасқа жабысқан қайран баяғы башпай

іздері!?

Қасірет, қуанышымен сызулы ұлы

ғасырды теңдеп,

Түйелер сүйрейді әріге әлі де мұрындық

ұшын.

Иығың үстіне тірі басыңды жерлеп,

Сүгіреттер сүгіретке сіңісе береді терең

бұрынғы мүсін!?

КҮРСІНУ

...Ағаштың бұтақтарына көлеңке қонақтаған іңірдің суретіне таңмын. Бұғағы салбыраған жапырақтар жел қаққан жаққа жазулы бедерін төсейді. Алтын қаңбақтай қалқып, кейбірі аунап бара жатады. Белгісіз бір жаққа. Өткен шақ секілді. Өз сабағынан үзіліп түскен өткен шақтар ең соңғы сәнімен желге ұшады. Келешектің бір парағы тағы да бір бұтақтың бүрінің сүп-сүйкімді уысына жасырынады. Келе жатқан күн – уақыттың нұрынан қашқан көлеңкелер тасада. Тілдей тұрқы көмілгенше жатады. Сап-салқын! Зәуде адаммен көлеңке туыстас! Адам бар болса көлеңкесі де бар. Ал, көлеңке бар жерде адам жоқ болса ше?!

Барлық көлеңкелер жиналып қараңғыны жинамақ. Оны іңір дей ме, тағы бір атауы бар ма, кім білген!? Ұйықтап тұрғанда тыста жаңбыр жауғанын сезесің. Әлде бір жаққа кемпірқосақтар асығып үркіп кеткендей жұмбақ... Қатты күрсінудің өзі бір тылсым әлемге шақырғандай...

***

Кітап бедерлеріне ұқсайды бөрене кесінділері,

Бұтаққа көлеңке түнейді, үрейлі елестер түрі,

Қабығы алтындай сарғыш кемерлі кеш үлбірегі.

Өңшең өлі сүгіреттер тірі...

Өткен шақ парақтарыңдағы өңді шешіндіреді,

Уақыт күнде ең соңғы реткі тілектері мен сырын,

Ғұмыры әлсіздеу дір еткен гүлден көреді.

Күллі дүние есті хайуандардың жүректерінде сіңіп,

Ауа мен ағаш бір жерде өледі.

Құпия жұмақтың үміті бұрынғы ұғымда –

ұрғашы заманның жатырларында.

Ғажайып тағдырлар тұнып тұрады тірі балықтың

уылдырығында,

Таңды қарсы алған тауықтың шақырғанында!

Осынау ғұмырлар пендені дәйім құнықтырады,

Себебі, көктемнің біткен тағдыры қыстың қолында,

Шидің басында жарық күміс шырағы...

Келешек!

Келешек!

Тек қана құстың жолында!

2020 жыл, 19 қаңтар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар