Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұраған Рахметұлы. «Тәлкек»...

04.01.2016 3783

Сұраған Рахметұлы. «Тәлкек»

Сұраған Рахметұлы. «Тәлкек» - adebiportal.kz


Victor_Hugo (1).jpg


Мәрттіктің ақ шымылдығы, нәмәрттіктің қара бетпердесі бар.


Виктор Гюго




(Виктор Гюгоның шығармасындағы әлем)



Адамзаттың құсалы дәуірін оқысаң көз алдыңа оқыстан содыр капитализмнің жабайы әрекеттері оралады. Жүрегі жоқ адамдардың тас қамалы, тас қамалдардың ішіндегі балилердің тұқымы. О, құдірет біз шеккен құсалы дәуірдің бір көрінісі осыда. Шешінетіні жоқ дәуірден шекпен кигенге дейінгі аралықтағы аламан тағдыр. Адамзат оны өз қолымен жасады. Еркіндік, азаттық, байлық, баһадүрлік осының барлығы қанмен соғылған ақтық тірі мұнаралар болуы мүмкін. Хайуанилықтың ең содыр тұсы түсін өзгерткен бүгіннен тура ХҮІІ, ХҮІІІ ғасырға қарай өріс алатынын қайтерсің!? Адамзат өз өмірінің күн жағын көлеңкесіне орап, оны өздері фәлсафа деп ұқты. Қолдан жасалған қасіреттердің барлығын. Әубаста біз адам тарихына сондай ынтамен үңіле қарайтын едік. Бірақ сол адамзаттың құсалы тірлігіне бір сәт санаңды бұрсаң, сасық дүниенің ішіндегі күллі күлімсі кісәпірлікті дереу сезінесің. Құдіреті күшті тәңір һәрі деп иланасың. Мешіт мұнарасының күмбездерінен ай жұққан мұнар ішке құлаған сәтті ішкі мінәжатыңмен қабылдайсың. Қайтесің?! Басқа шараң жоқ. Расында күн шалған жердің барлығындағы көлеңкелерді алалап жатудың қажеті аз. Демек, адамзаттың мансұқтығына қоса өрілген даналығын оқу үшін бізге тағы да бір көз керек. Егер көз болмаса сана дегеніміз әйтеуір жұқалтаң жамылғы. Себебі сана-сезімнің бәрі алдампаздыққа, аңғалдыққа құрылатын-ды. Адамзат өз деңгейінде зау биік сана ғажайыбын жасаса да сол сананың әлжуаздығынан өзін құртқан кездер де аз болмағандай. Ұлы жорықтар мен қантөгістер, қиян кескі майдандар мен дерт-дербездер осынау «мерез жадылыққа» жасалған тәңірдің жазасы іспетті. Адамзатты жойқын дамыстардан сақтау керек секілді. Сол үшін тырнақ астындағы күллі микробтармен күресу керек-ті. Сәт сайын алға ұмтылып, әрдайым кейін шегініс жасау үшін жаратылмағандар шығармыз! Түземдік күшті, рухты жер бетіндегі түрлі қасіреттермен салыстыруға, салғастыруға да келмейтіні белгілі. Ендеше, ғарыштық сана тартылысының аясында аунап тұру біздің дәуірдегілерге сынақ болып елестейтінін айта кетеміз бе? Себебі өмірде трималхион (ең қиянатшыл, нәпсіқұмар, дүниеқоңыз)-дар көп.


Францияда 1800 жылдары өмір сүрген әйгілі жазушы Виктор Гюго (Victor Marie Hugo 1802-1885) ХҮІІ ғасырдағы ағылшын тұрмысынан қаншама сырлар шертетін шығармаларды өмірге келтірді. Олар Виктор Гюгоның таңғажайыптар есебінде күллі текті оқырмандардың санасында жаңғырып келді. Әсіресе автордың пайымынан тамған «Париж - құдай ана мұнарасы» («Собор Парижской Богоматери» Notre-Dame de Paris, 1831) керемет өрілген. Ондағы айырықша кейіпкер бүкір Квазимадо және асқан сұлу Эсмеральфа тағдыры тасқа қашалғандай. Небір кілтипандардың асты-үстімен ағып жатқан уақыт аясындағы тағдыр, сұмдық көріністер. Сондай-ақ әлемдік таланттың «Аластатылғандар» («Отверженные» Les Misérables, 1862)-дағы өңдер, өрімдер, өзгеше бояулар, ғажайыптары еріксіз көз тартады. Мұндағы Фантень образы бөлекше сомдалған. Виктор Гюгоның аласапыран оқиғалар мен қасіретті желілерге құрылған ғажайыптарын оқып отырып сонау ХҮІІ ғасырдағы ағылшындардың әлеміне бір барып қайтасың. Мысалы, «Күлегеш» («Человек, который смеётся» L’Homme qui rit, 1869) романы ішкі қарама-қайшылықтардың тоғысын сыртқы философиялық таныммен суреттеуі тіптен өзгеше. Жай ғана ғұмырдың тәлкегімен жүретін қайманалар өмірі қандай ғажайып суретке айналғанын көресіз. Қарапайым тауар тасымалдаушылардың теңіз мүйісіндегі түрлі әрекеттері өз-өзінің өзгеше айырмашылығымен дараланады. (Орыс тіліндегі нұсқасын оқыңыз "Человек который смеется" ред.)


Әсіресе жүк таситын жалдамашылардың арасындағы он жасар жетімектің образы ғажайып. Романда жетімектің тағдырын қандай бір аяушылықпен көрсетпесе де оның көрген күнін асқан шеберлікпен суреттейді. Теңіз жағалауындағы кеменің жақтауына сүйенген көлденең көпір ағаштың үстімен қисалаңдап келе жатқан баланы әлдебіреудің теуіп суға құлатқандығы жазылады. Мұндайда жетімектің ешкімге ренжімейтіні тек ғана өзін құтқарудың арпалысына түсуі, тулаған толқындардан құтқарылудың әрекеттері көрінеді. Ашулы аспан, жаяу борасын ішінде алас ұрып арпалысқан баланың ғұмыры аянышты. Кішкентай ғана тірлік иесінің үстінен жамылған қара үрейді қара құстардың бейнесімен жаба түседі. Қарасынан үзілген ешқандай таянышсыз тағдырдың үстіне жабылған үрейлі құстардың сұлбасы көз алдыңа келеді.


Шығармадағы компрачикостар ХІІІ-ХҮІІІ ғасырдағы Испания, Англияда балалардың ұрлығымен айналысатын топ. Олар ұрланған сәбилерді ауқаттыларды зеріктірмеу үшін әдейі күлкілі етіп бет-жүзін өзгертіп саудалайтындар болса керек. Компрачикос немесе компрапекеньос («comprachicos»)-тер (бала сатып алушы - Р.С.) осындай аса айуандықпен біріккен қос аяқты кісәпірлер тобыры. Адамзат дәуіріндегі ең қатерлі көрініс ретінде оны жазушы нақтылап көрсетеді. Орта ғасырлық Испания мен Ағылшындар заңнамасында өшкіндеу болса да ізі қалған қасірет еді. Шығармадағы «бақыттылардың бақытсыздарға жасайтын үстемдігінің шегі» осы. Біз «ғажайып ғасыр» деп атайтын ХҮІІІ ғасыр осылай болғанын оқимыз. Виктор Гюго осы ғасырды таза византиялықтар үлгісіндегі ғасыр деп көрсетеді. Алаңғасарлық пен аңқаулықтың соңы жезөкшелікке алмасқан қатыгездік пен аяушылықтың араласқан кезінің керемет сүгіреті осыдан көрінер еді. Бұл қасіретті құпия ұстау үшін тарихшылар барын салып бақса да оның бетін тырнап ашуға бет бұрған Венен де Поль әрекеті жасырын қалмады. Баланы өспірім кезінен бастап ергежейлі ету, дені сау сәбиден мүгедек жасаушылық етек алған. Көзін, мұрнын кесу (denasave), езуін тілу (nares havens mutilos), бет-жүзін өзгерту, тіптен есалаң ету, онымен қоймай патша сарайында тауықша шақыратын кеспірсіз құрбан балақұбыжықтар болған. Балалардан сорақы құбыжық жасау әдісі мен тәсілі көне Қытай тарихында көрініс беретін inferi (тозақ) шығарма желісінен кездестіресің.


Түн дегеніміз адамның көңіліндей қараңғы емес. Бұл – Виктор Гюгоның сөзі. Портлендияның оңтүстік қиысындағы оқиға, 1690 жылдың қақаған қаңтары. Мұндағы «тастанды» оның оқиға желісіне байланған шын. Оқ кеме. Кеме қожайыны және екі матрос. Испанияның желкенді су кемесі күнделікті тасымалдайтын құпия іспен шұғылданады. Демек, ол Галион кемесі емес. Кемеге жүк тиеуші топ жедел қайтуға беттеген кезде жас баланы иен жағаға қалдырып кете барады.


Испанияның «Andamos» (Алға!) сөзінен кейінгі жас баланың жағалаудағы тағдыры. Виктор Гюго оны «Жалғыздық» тақырыбында көрсетеді. Ысырылып жағада жалғыз қалған он жасар сәбидің қайсарлығы қандай керемет сомдалған!? Гюго оны «...артында теңіз, алдында қап-қара құрлық, үстінде тұманды, жұлдызсыз үрейлі көк...» - деп сурет сызады.


Теңіздің долы толқындары сәт сайын шапалақтап жатқан жағалаудың көкбет тастарын жалаңаяғымен жанталаса басқан жан иесінің басына төнген қасіреттің үнін шынжырдың шылдырлаған заһарлы үнімен қоса өреді. Айналадағы өлі денелердің үрейлі шеңгелінен құтыла алмай, ұлыған боранның ішінде келе жатқан сәбидің жылаған дауысы құлаққа естілгендей. Сол жердегі оқиға тағы да бөлекше шешіммен сомдалады. Баланың алдында жатқан аштан өлген мәйіттің қасына келген жетімектің көзіне әбден арықтап, қу сүйегі қалған тірі өліктің шала-жансар денесі көрінеді. Кеудесінде ғана дірілі қалған сүлдері, яғни кірпігі қимылдап жатқан жас қыздың жанында анасының өлі денесі. Мінеки, кішкентай жетімек енді өз өмірін құтқаруды қалдырып, кішкентай қызды қос қолдап құшақтап, ауыл үйлердің есігін қағып жүргені. Сұрқай тірлікті сұмырай қаланың тұрғындары ешқашан есігін ашып тіл қатқан емес.


Ақ түнек боранда ыстық кеудесіне жас нәрестесін қыса тәлтіректеп келе жатқан ананың аянышты бейнесі. Әбден сілесі құрыған бейбақ ана омбы қарға құлады да қайтадан тұра алмады. Ең соңғы күшін жинап жас баласын ыстық кеудесіне басқан күйі жан тәсілім еткен сорлы ана! Жаны кеудесінен кеткен ананың омырауын іздеген баланың соңғы шырылы жас сәбидің құлағына жеткені осы еді. Бұдан соңғысы өмір мен күрес. Үстіндегі теңізшінің жылы күртешесін шешіп жас қызды ораған бала жолға шығады. Жанұшыра жүгірген жас ұлға тас үйлер жатырқай қараған. Баланың қаңғырып келген жерінің аты – Веймут. Үнсіз қала.


Құдайдың құдіретінше жетімектерге шөптен дәрі жасап, емшілікпен айналысатын Ұрыс есімді (Ursus) бір бейбақ лашығының есігін ашып, пейіл танытумен жалғасады. Бұл шипагер «Гомо» аталатын көкжал бөріні арбаға жегіп, ел ақтап емшілік жасайды. Көбінесе ұл мен қыздың нәпақасын әкеліп береді де өзі нәр сызбай жата береді.


Тапшылдық пен тапшылыққа негізделген кедей-кепшік, құл-құтандардың ара-жігін айқара ашқан ағылшынның сұрқай тірлігінен хабар беретін ең керемет сарказмді тұстарды осы арадан көруге болады.


Шипагер Ұрыс (Ursus) тамақтанып отырған жетімектің неменеге күлгенін сұрайды. Таң қалады. Құпиясы – жетімектің желбезегі мен шекесін мәңгілік күліп тұрғандай етіп ота жасаған жағдайды ол кейіннен біледі. Бір кездегі қатыгез компрачикостар («comprachicos») тобы жетімекті екі жасында ұрлап алғаннан кейін, оның түр-түсін осылайша өзгертіп, күлкілі етсе керек. Жетімек жыласа да, ызаланса да, мұңданса да мәңгілік күліп отырады. Тағдырдың оған берген қатаң жазасы осы.


Ал, жетімектің әкелген қызы туадан суқараңғы еді. Тастанды бала, суқараңғы қыз тағдыры романдағы ең ғажайып сурет. Жетімектің аты – Гуинплен, қыздың есімі – Дэя. Виктор Гюго оны зағип көрмейтінді де көреді (Oculos non habet et videt) дейді. Тағы да құдайдың құдіреті. Бұл екеуі де асқан пайым парасаттың егесі болып өседі. Гуинпленді көрген жұрт ішегі қатқанша күліп, мәз болысады.


Шипагер ендігі кезекте өз пәуескесінің үстінде көпшілікті күлдіретін көріністер жасай бастайды. Оқиғаның соңы пәуескенің бәкене тақтасы үлкен сахнаға айналады. Клоундар мен әртістер үсті-үстіне қосылып, «Жасыл қорап» атты театр пайда болады. Мінеки, осы сәттен кейін ұсқынсыз Гуинплен мен көрікті Дэяның әйгілі махаббатының тарихы басталады. Романның өн бойындағы бір керемет шешім – ол теңізге шөккен кеменің қиратындысынан табылған хат. Хатта Гуинпленнің тегі – текті тәйжіден деп жазылады. Ол 1705 жылы 25 жасқа толған. Осыдан кейін ұсқынсыз жетімек ұлы Англия патшасының тақ мұрагері Лордің - Линней Кленчарлидің мұрагері екендігі анықталады. Тақ мұрагерінің Лорд болуына сол кездегі ақсүйектілер кекесінмен күле қарайтын. Шипагер мен Дэя осы аралықта Гуинпленді өліге санап Лондон қаласынан шеткеріге қуылады. Қызықтысы – хайуандық хаһиқ аянмен Гомо бөрі Гуинплен жетімекті Дэяға әкеледі. Бұл жерде қатты қуанғандықтың салдарынан Дэя жан тәсілім береді де мұндай қасіретті көрген Гуинплен теңіздің тереңіне қарай батып бара жатқандығымен роман аяқталады.


Өмірде өз халқының қанын соратын пәтшағарлар мен ай балталылардың астында адамзаттың күллі тағдыры жатты. Біздіңше таң шуағы жұққан жердің барлығында бақыттың ізі жатқан жоқ. Соны өлі санамен емес, тірі көзбен қарайтын данышпандардың жанары ғана. Құжынаған құрттардың арасында жұлдыз кейіптілері де болады. Оның жаратылыстағы жолындағы құпияларын біз өмірде ұқпаймыз. Ондай сезім адамзат атты хайуанатқа бұйырған жоқ. Уыстай ғана ғаламшардың ішкі саздары мен қасіреттерін баяндайтын абыройлы жазбалар мына ғаламда аз емес. Бірақ күндіз ояу, түнде ұйқыдағы жан иелерінің ақылдысы адамның оны ақтарып түбіне жетуі екіталайғы іс. Сапар барысында біз өз тағдырымызда осы тақілеттес құндылықтардан оқуға құштармыз. Түнде соққан дауыл күндіз айыққан тұста аппақ жусанның басында тәлтіректеп тұрып демалатыны бар. Адамзат та солай бір сәт тынымдамайды-ау. Ең ғажабы ұлы далада көшіп бара жатқан көш керуенінің жолында қара нардың ғажайып іздері жатады өрнектеліп. Тура біздің бетіміздегідей.


2015.10.22


Сұраған Рахметұлы




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар