Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Тәкен Әлімқұлов. «САРЖАЙЛАУ»...

31.08.2019 9576

Тәкен Әлімқұлов. «САРЖАЙЛАУ» 12+

Тәкен Әлімқұлов. «САРЖАЙЛАУ» - adebiportal.kz

Қаламгер, не зергерді әкелсе егер,

Ішінен озып шыққан Тәкең шебер.

Жыршысы Сұлулықтың, Серіліктің,

Нұрындай Тәңірінің көктен себер.

Ғафу Қайырбеков.

Арғымақтың басына арам еттің жұқпайтыны сияқты, ойшылдардың ойлы жоқтауына қақтың салқарлығы, жалған қоң, томпездік жараспайды. «Сарыжайлаудың» аяңында желісі, желісінде шабысы бар осындай сығындылық сырына, бұлшық қасиетіне әбден ден қойған әңгіме де жайылып шаппай, ерікті шыңырау астарлы емеурінге, ымға, детальға, ырғаққа беріпті...

Асқар Сүлейменов.

***

Ылдидан өрге қарай жаяу ілбіген Тәттімбет үш-төрт жерде кідірістеп, тыныстады. Анау-мынау тауға бергісіз Қарашоқы-Қособаның басына шыққанда, ұзақ ентікті. Бейне дымқыл шаң жұтқандай, көкірегі ашып барады.

Белгісіз дертке шалдыққанын биыл байқап жүр. Асау жылқыны омыраудан алып-ұрып тырп еткізбейтін, ат-ойыннан алдына жан салдырмайтын шалымды, тарамыс Тәттімбеттің бұл күнде денесі толығыңқы. Дімкәс көкірек деміксе, шермиген қарын бүлкілдеп, сүйкімсіз көрініспен шошытады. Майлы асқа тәбеті тартпайды. Қымызға құлықсыз. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тіршілік түйтпегімен ашуланса басына қаны теуіп, құлағы шуылдап кетеді.

Орысша тіл білетін Тәттімбет жазда Омбыға барып дәрігерге көрінгенде, көзілдірікті сары шал басын шайқап, күрсінген-ді... Ғұмырың қысқа деген ишара еді. Уанышқа айтқанды: от басында сарылмай сейіл құру-ды.

Тәттімбеттің жаяу серуенге шығуында үрейлі көңілдің болмашы үміті жатыр.

Тәттімбеттің немере ағасы Әлидің қара шаңырағын-да кеше Қаракесектің бір шоғыр белді кісісі мейман болды. Сұқбаттың шыры қашпай ұзақ отырып, кеш жатқан Тәттімбет таңертеңгі шайдан кейін қасына тірі жан ертпей Қарашоқы-Қособаға тартты.

Соңғы кездері ол ылғи осылайша дара қаңғыратын болған. Жат мінезіне таңырқаған ағайын-аймақ оны неше саққа жүгіртеді. «Кедейленгелі бері бір пендені менсінбейді». «Күй шығару үшін оңашаланады», «Құлыншақ бақсыдан қалған сарын құлағына сіңген немеге бірдеменің шалығы тиген ғой».

Талай жиында топ жарып көзге түскен, жуандарды жырмен қағытқан, қарапайым халықты күймен сусындатқан Тәттімбеттің досы да, дұшпаны да көп. «Жақсының артынан сөз ереді» демекші, ғайбатқа құлағы үйренген ол бұл күндері басқа бір дүниенің қақпасын ашып кіргендей, тіршіліктің өркенсіз қыбыр-жыбырынан аулақтанған еді. Осы аулақтану бала кезінде басынан ылдиға қарай дөңгелек тас зырылда-тып ойнайтын биік шоқыдан бойы жадырап, денесі серги бастады. Керме иықты адамның көлеңкесі қана-тын қомданған бүркіттің көлеңкесіне ұқсап тұрды.

Тәттімбет ата қонысы Мөшеке бұлақтың басында отырған өз ауылына қарады. Ауылы дегенде, баяғы ақбоз үйлер тозған. Киізі қырық-шұрық қауқарсыз баспаналар мизамдағы өткінші салқынға сыр беріп қойғандықтан, Мөшеке бұлақ басындағы тамдарға биыл тым ерте кірді.

Ақырапта сирек кездесетін жаймашуақ күннің өзінде қыстау тым бұғыңқы. Тамдардан көтерілген жіңішке түтін шудадай ширатылып, көкке сіңіп жатыр.

Аулада асық ойнаған балалардан басқа селт еткен жан жоқ. Бәрі от басы, ошақ бұтында. Ертең қылышын сүйретіп қыс келгенде қайтпек? Бойкүйездік береке берер ме екен? «Әй сорлы шаншарларым-ай, бардың соңы, жоқтың басы жалғыз Тәттімбетіңді сықақ қып мырсылдасқанша, қырға шықсаңшы. Жан-жағыңа көз жіберсеңші!»

Тәттімбет томағасы сыпырылған қырандай, қиянды шола бастады. Қиялдың көзі алуан атырапты аралап, ес білгелі етене болған сонау Жосалы тауын, тау етегіндегі сазы мол, шалқыған Сарыжайлауға аялдай берді. Сарыжайлау еске түскенде, Тәттімбет «уһ!» «Па, шіркін-ай!» деп сүйсіне күрсінді. Оның тіршілік қызығын армансыз кешкен жері – Сарыжайлау. Өмір-бақи арылмас қайғы-қасіретке, ішқұсталыққа душар еткен де сол Сарыжайлау.

Сарыарқадан көшпелі ел олай ауытқып, былай ауытқып, ала жаздай қоныс жаңартумен болғанда, шаншарлар мен төрелер жапсарласып, Жосалы бау-райындағы шұрайлы Сарыжайлаудан шықпаушы еді. Бетегесі, селеуі, бидайығы, ебелегі аралас шүйгін жайлау – мыңғырған тұяққа суық күзге шейін төтеп беретін-ді. Құйқалы жайылымда қонданған түліктер қарашада қыстауға оралғанда, Мөшеке бұлақ өңірінің кер бетегесі, мықжусаны, таушай мен рауғашы шырқы бұзылмаған қалпында ырғалып тұратын-ды.

Алты ай қысқа шыр байлар Сарыжайлау жатқа бұйырған женттей әсер етеді.

Жер көктемде, ел жазда түлейді. Кәрі мен жасты теңестірген жомарт жазға не жетсін! Сары жаздың сәніндей Сарыжайлауда қымызға мас боп асыр салған бозбастардың ішінде Тәттімбет те өмір сүрді. Етегі бүрмелі ақ көйлек, белі қынамалы көк масаты, қызыл масаты бешпент киген қыздар, қара мақпал қамзолды келіншектер айт күндері дүркірей қыдырғанда, мамырдың қырмызы гүліндей құлпырып, қызыл-жасылданып, бал-бұл жанып тұратын сиқыр шақ Тәттімбеттің көз алдында. Салт атты жігіттер бірде жарысып, бірде аударысып, шарапсыз шала мас күйінде құйындатып барып, дәмелі қызын алдына мінгізіп, екеу-екеуден айтысатын кездер Сарыжайлауда қалды.

Жер ортасына келген жасамыс Тәттімбеттің көрген қызығы, кешкен бақыты, енді ойласа, Сарыжайлауда жатыр. Сол жайлаудың шырайындағы Сарықыз Тәттімбеттің көкейінде. Күл астында көмулі жатқан қызыл шоқтай әсер етеді.

Сарықыздың есімі о баста бөтен-ді. Жеңгелері ақ сары өңіне орай осылайша атандырып жіберген-ді. Женттей еріп тұрған ақсары қызға кеудесінде жаны бар адам бір қарамай өте алмаушы еді.

Баласы ең, өзі жорға қара-көктің,

Іліндің ауызына дүйім көптің.

Хан болған алты алашқа арғы бабаң,

Осындай жұраты едің ақсүйектің! – деп өлеңмен хат жазғанда, Тәттімбет асырып айтпаған. Сарықыздың көгілдір көзі нұрлы дидарына жарасымды еді. Тұла бойындағы бар мін – күрек тісі сойдақтау-ды. Бойжеткенде егетіп, алтынмен аптатқан. Жадырай күлгенде үлбіреген ерніне алтын тістің сәулесі түсіп, төренің еркетотайын қаумалаған қара қазақтан бөлек-теп тұратыны бар-ды.

Сарықыздың сыңғырлаған күміс күлкісін естігенде, Тәттімбет ертектегі әлемнің есігін ашып, Саф тауының алтын сарайын аралағандай әсерленуші еді. Тәттімбет «Былқылдақ» күйін Былқылдақ өзенінің жағасында шығарса, күй ырғағымен Сарықыздың бұралаң қаққан бір сәтін, сылқылдаған күлкісін бейнелеген-ді.

Қарашоқы-Қособаның басында тұрған Тәттімбет бұлдырап артта қалған жастық шағын ойлағанда, Сарықыздың жөні бөлек екенін екеуінің түбіне жеткен ескіден келе жатқан әдет-ғұрып екенін пайымдайды.

Ертерек үйленіп қалған Тәттімбет Сарықызға ұшы-расқанда балалы-шағалы еді. Соған қарамай, төренің тотайына ғашық болды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқы-дан қағылды. Қолы іске бармайды. Домбыра шертуге де зауық керек, күйшінің жалықтырмас саңлағы көп күндер қаңтарулы тұрып қалды.

Төренің қараға қыз бермейтін қырсық ғұрпы Орта жүз түгел сыйлайтын күйшінің үмітін кесті. Тәттімбет бармағын шайнап, іштен тынды. Шарасыздықтың сергелдеңіне душар болған күйші көп шығындап қыз-дың жеңгесінің көңілін аулады.

Сарыжайлаудың күнгейінде, дулығалы батырға ұқ-сас заңғарлардың құшағынан қысылып, сылдырап аға-тын бұлақ болушы еді. Жеңгесі ертіп келген Сарықыз талтүсте бұлақ басынан жолықты. Шалқыған сары жаздың шаңқай түсі еді.

Қыздың жеңгесі күйеу балаға қалыңдығымен қол-ұстастырғандай ибалы батагөйлік айтып, ырғала басып, қыр асып кеткен сәт Тәттімбеттің жадында! Салқын саусақтан ыстық қолмен ұстағанда, Сарықыздың базыналы бұлқынысы, тасбұлақтың сылдырымен жарыса назданғаны көкейде! Ақ қауданға сары түлкі аунағандай, шырайлы көріністер кербездей көлеңдеп, бейнелі пішінімен көңілге құйылған шақ – бақыттың белгісіндей.

Сарықыз күйеуіне барған соң ішқұсталықтан дертке шалдығып, көп отаспай, қайтыс болды. Жалғанның өткінші екенін Тәттімбет сол жолы анық аңғарды. Оның Сарықыздың қазасына бағыштаған күйі қобызшы Құлыншақтың сарынындай тым зарлы болғандықтан, жүрегімді егей бермейін деп, сирек тартушы еді. Соңғы жылдары тіптен көмескіленіп қалды.

Өткен-кеткеннің бәрі бірде сүйінішімен, бірде күйі-нішімен еске түскенде, Қарашоқы-Қособаның ба-сында тұрған Тәттімбеттің осы сәттегі бар есі-дерті Сарыжайлауға қарай ауа берді. Енді бақса, қосыла алмай арманды қылған Сарықыз да, Сарықыздың күйігіне арналған қападар күй де сонау Сарыжайлаудай мәңгі-лік емес екен. Осыдан он төрт жыл бұрын дүние салған Сарықыздың зираты бұл күнде жоғалып та кетті. Ертең тағдыр бұйырып, жамбасы жерге тигенде, Тәттімбетке де Сарықыздың кері келмесіне кім кепіл? Басына белгі қояр кім?

Тәттімбеттің көз алдынан Сарыжайлаудың тарихы шұбырып өтіп жатыр.

Бұл жайлауда қаннен-қаперсіз отырған бейбіт елді бағы заманда Шыңғыс ханның сарбаздары қырған деседі. Жайлауға өрт қойып, бұлақтарды тұншықтырып кеткен сұмдықтары кейінгіге аңыз арқылы жетеді. Одан бергі бір заманда Сарыжайлауда қалмақ ханының аты ойнап, найзасы жалтылдағанын Тәттімбет жақсы біледі. Қалмақтан құтқарған ала тулы Абылайдың тұқымы азып, билеп-төстеуші төрелер жаман сиырша жатағын жеуді шығарды. Соңғы он жылдың беделінде төренің жуан тайпасы Сарыжайлауға құнығып алғанын Тәттімбет өз көзімен көріп, өз басынан кешірді. Оған тиген соққының ең ауыры да осы еді.

Пәленің басы баяғы Сарықыздан басталған. О баста ақсүйектік намыс үшін кіжінген төренің иықтылары бірте-бірте шабындыққа таласып, ымырасыз жауықты. Бастаушысы дуанбасы Құсбек болды. Әрісі ақ патшаға, берісі жандаралға сүйенетін Құсбек Тәттімбетті сан рет істі де етті. Жазықсыз жан құтыла берген соң әр түрлі жолмен малын тонатты.

Ақ патшаның әскеріне бекет керек, мұжықтарға қоныс керек деген желеумен дәуірлеп, ақ дегені алғыс қара дегені қарғыс боп тұрған дуанбасы жылдан-жылға айласы, күшін асырып, мығымданып келді де, ақыры Сарыжайлауды тартып алды. Қалың ел ығысып, ысырылып, шөлейтке шығып қалды.

Шаншарлардың Сарыжайлауды тастап кеткеніне – биыл бес жыл. Тәттімбет сол жылы отыз тоғызда еді, биыл – қырықтың төртеуінде. Бес жылдың беделінде Тәттімбеттің бармаған тауы, баспаған жері жоқ. Бір жыл қонақжай Найманның жерін де жерлеп қайтты. Бір жыл Өгізтауға қарай асты. Әкімдер тізе көрсетіп, тартып алған Сарыжайлау – Асан қайғының іздеген жерұйығындай ынтық қылды.

Сарыжайлаудан кеткеннен кейін азғана түлікті қырсық айналдырумен болды. Ұрланғаны ұрланды, өлгені өлді. Ақыры, Тәттімбет кәдімгі қара табан кедейге айналды. Кедей Тәттімбеттің көкейін тесетін дауасыз арманы – жауға ырыс Сарыжайлау.

Тәттімбет тағы да Жосалы жаққа көз тікті. Сары-жайлауда ала жаздай иін тіресіп отыратын етекті ел еске түсті. Қайда жүрсе күйшінің шылауына оралып, қой сойып, құлдық ұрып тұратын сауықшыл ауылдар қайда? Табаныңның астында солқылдаған көкмайса саздар қайда? Ат төбеліндей әкім ат түгіндей қалың елді тоз-тоз қылды деуге сенгісі де келмейді. Сенбеске және амал жоқ. Мөшеке бұлақ басында бұйығып отырған төрт-бес қораш үй мынау. Желден басқа ермегі болмай құлазып жатқан жесір жайлау анау. Көлеміне көз жетпесе де, көңіл жетеді. Көңіл жеткен сайын табиғаттың ұланы жабыға түседі. Кір жуып, кіндік кескен жердің қадірін ойлы сәтте жақсы түйсінеді.

Тәуелдісіз дәулеті бар әкенің арқасында Тәттімбет еркін өсті. Бой бағып, бұландады. Тік те шалқақ денесіне қонымды, сәнді киім киініп, «кербез бала» да атанды.

Сарыарқаның дертке шипа ауасын жұтып, Қарқара-лы жондарының тамыр дәрідей қуатты шүйгініне семірген жылқының етін жеп, сүтін ішкен Тәттімбет өнерге ерте бой ұрды.

Ол аяғын апыл-тапыл басқаннан-ақ, түзге талпы-нып, табиғатпен сырлас, мұндас болды. Қарасор қа-рағайының шуылы, Қаракемер желінің уілі, Шідерлі өзенінің сарыны болашақ күйшінің құлағына құйылды. Тәкаппар болмысқа Арқаның ақ бораны, қара дауылы, көк нөсері ерте сіңді.

Қарқаралылық Тәттімбет әр елді аралап, жер сұлуын көп көрді. Ертеден ел аузында аңыз болған Көкшетау, Баянауылдарды, жырақ Жетісу өңірін аралағанда, көзі қимай, ішінен: «Қайта оралғанша хош!» деп аттанды. Орынбор, Мәскеу, Петербургқа сапар шеккенде жол-жөнекей сыңсыған орманға, жайқалған шалғынға сүйсінді. Жаптас Сібірдің сымбатына алтын іздеген орыстармен сыбайлас болған жылдары қанықты.

Қалың ойға шомғанда Тәттімбеттің бусанып, тер-лейтін әдеті бар-ды. Ол қалтасынан кестелі көнетоз орамалын алып, бетін сүртті. Кестелі орамал келмеске кеткен махаббат жылдарын еске салды. Махаббат жылдары Сарыжайлауды жақындата түскендей болды.

Тәттімбет алақанының астынан қарап, Жосалы жақ-қа көз тастады. Ақыраптың ақырамаш шуағы ойпанда сағымданып алдамашы көлге айналып, көз ұшын бұлдыратып жіберді. Сары аурудың сандырағындай соңғы сағым толқынданып, күйшіге шәйі орамал бұлғады. Тәттімбет: «Қазақтың жаннаты жайлау екен ғой. Бұрын неғып байқамадым?!» деп таңырқады.

Тәттімбеттің дөңгеленген нәркес көзі өзінің көлеңкесіне түсті. Көлеңке бағанағыдай бүркіт пішінді, қонымды емес, миқы-сиқы боп ұзарып кетіпті. Құбыладағы қаз бауыр қоңыр бұлттар қоюланып, біріне-бірі мінгесіп, түсін суыта бастапты. «Өткінші өмір осы! – деді Тәттімбет. – Ендігі тіршілігім мынау миқы-сиқы көлеңкеге, анау сұрланған бұлтқа ұқсас. Қой, дүниеден көшпей тұрғанда Сарыжайлау туралы күй шығарайын. Қазақтың ертегі-аңызын әуенге қосқанша өз басымның кешкенін сыр ғып шертейін».

Тәттімбет үйіне қайтты. Жүрісі ширақ. Ылди төмен, елпендеп келеді. Көкірегі күмбірлеп, күйге толып бара жатқандай...

Бұл ауылда Тәттімбеттің үйінен басқа үйде аспалы шам жоқ. Кілең сығырайған жетім шырағдан. Тамның ішіне от жағып жарық қылатындар да бар. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендейін, Тәттімбеттің құттыханасы сәулелі шамнан қол үзген жоқ. Сәуле мол түскен шағын бөлменің іші жарық. Төрде көнетоз батсайы көрпенің үстінде, Тәттімбет домбыра шертіп отыр.

Әуелі тоғыз тарау «Қосбасардың» екі-үш тарауын шертіп шықты. Оның жанын жалықтырмайтыны осы «Қосбасардың» төртінші тарауы еді. Соны тартқанда, неге екені белгісіз, саусақтары жүрмей, жолдан жырыла қашатын асаудай, басқа дыбыстарға қарай бұрып әкете берді.

Енді басқа, тыңнан туашақ «Сарыжайлау» төркіні тым әрідегі «Қосбасарларға» тіпті де ұқсамауы керек екен. Терісқақпайлар жүйткіген дыбыс бермей, күрмелген керенау ырғақтарға бастайды. Тәттімбеттің қолының жүрмеуі сондықтан екен. Ол: «Жаңа күйім бір ұқсаса «Көкейкестілерге» ұқсар. Бірақ бұнда өкініштен гөрі сағыныштың ләззаты басым болуға тиіс», – деп бір қойды.

Бейнелі қияда жіңішке мойын, қызыл күрең домбыраның сезімтал қалағын сыртылдатып, ұзақ шертті.

Тәттімбеттің көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтті. Жиырма жасында «Сылқылдақты» сылқылдатып, ақбоз жорғасына би билетіп, жандаралдан мақтау қағаз алғанда, одан бері аузы алты қарыс аға сұлтан Құнанбайды басынып, әкесінің асына тасырлатып нөкермен барғанда, Қарқаралы, Семейде талай азаматты тордан құтқарғанда, жазықсыз жапа көрген жетім-жесірге болысқанда, ел ішінде қара қылды қақ жарар қазы атанғанда, күндердің күнінде кемшілікті ат төбеліндей төреден көрермін, самалды Сарыжайлаудан қуылам деп, жорыған ба еді?!

Тәттімбеттің көзіне тағы да Сарыжайлау елестеді. Қанша жұтсаң тойғызбайтын қоңыр самал, шалғайда ойнаған көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тәжікелескен жігіт-желең мен қыз-келіншек жүйрік көңілде сиқырлы суреттер туғызды. Тәттімбет: «Дариға!» деп тұншыға күрсінді.

Аспалы шамның сәулесі тағы да Сарыжайлауды елестетті. Жаңа шыққан күндей дөңгеленген сары сәуле сағынышты сезімге баурады. Сиқыр сәуле, бірауық, алтын тісі күлімдеген Сарықызға ұқсады. Бірауық сары қауданды еске түсірді. Дүниенің қызығы мен қызғанышы Сарыжайлау боп елестеді.

Тәттімбет өмір-бақи іздеген жоғын тапқандай, жеңсік сезімнің үстінде. Іші уылжып барады. Үлкен жүрегі лүпілдеп, танауы ақбөкеннің танауындай желбірейді. Денесінде қызыну бар.

Бір кезде ол: «Ау, мен қоңыр күзде отырмын ғой» дейді. Сол сол-ақ, тәтті қиялы уыттана бастайды. Өзін белгісізге босқан елдің орнын сипап қалған жолаушыдай сезінеді. Арқасы шымырлайды.

Енді ойласа Сарыжайлаудың өзі өзгеріп тұрады екен. Тәттімбет ертең атқа мініп барса, кешегі жаннат бүгін дозақтай қарсы алмақ. Тері сүйреткендей сұрықсыз түзде үйректер орнына қарғалар қарқылдамақ. Қошақан-дар орнына борсықтар домаланбақ. Жаныңды желпитін ақжелең желдің орнына қара жел қаңбақ қумақ.

Қара суық қараша бір қырқаның астында. Одан әрі желтоқсан. Одан әрі – қақаған ақпан-тоқпан. Одан әрі – жаңбырлы наурыз. Одан әрі – құбылмалы көктем. Сарғайып жатқан сары жазға шейін қанша заман! «Түу, уақыттың уанышы алыс екен ғой!»

Тәттімбет сары жазды, Сарыжайлауды сағынады. Жазының санына көзі жетпесе, жайлауының саны – көкейде!

Шіркін, дүние-ай, бұл өңірден талай Тәттімбеттер өтер, сансыз ұрпақ сапырылысар, сонда Сарыжайлау түк көрмегендей болып, сағымға шомылып, манаурап жатады-ау! Төсінде асыр салған кешегі бөбегін, бүгінгі арманшыл азаматын ұмытады-ау!

Тәттімбетті қызғаныш сезімі баурай бастады. Ақсұр реңі тотығып кетті. Балға қосылған уды ішкендей, уылжыған іші өртеніп барады. Ғаламдағы қимасын кейінгіге қиғысы келмей: «Қазақтың жаннаты Сарыжайлау – менің меншігімде қалуға тиіс!» – деп өршеленеді.

Басы жұмыр пенденің өзімшілігі әбден асқынды. Иә, Тәттімбеттің ендігі күйі «Сарыжайлау» атанады. Осы күнге шейінгі тұщылы-ащылы тіршіліктен алған әсері, түйсінген түйсігі «Сарыжайлауға» құйылады.

Кеш бойындағы шәркез сезімнен шаршаған күйші ащы шай ішіп, тыңайды. Әлденген шақта арқасы жыбырлауды шығарды. Алшақ кеудесі ашылып, тынысы кеңейіп, басы жаңғырығып кетті. Асқынған сезімдер көкірекке булыққан дүмбір ұялата бастады.

Сонау «Сылқылдақ», «Былқылдақтардан» басталған оның күйлері біріне-бірі тетелес, тектесті. Ішінара бұралқылығы бар «Терісқақпай», «Қосбасарларды» қоспағанда, көбінесе, оңқай шертілетін «Көкейкестінің» тоғыз тарауы бір-біріне қоянның көжегіндей ұқсайды. Сарындас, ырғақтас, мұндас, сырлас тараулардың саусақтың шертісі мен басысына қарай өзгеретіні күйшінің өзіне анық. Енді соның баршасына жолай тұра, баршасынан бөлектенетін тың күйді армандады. «Орамал бұлғаған бойжеткендер, қара жамылған қатындар, өкінген талай бейнеленіп еді ғой. Енді Сарыжайлаудың өзін әуенге қосайын» деп түйді.

Оның сезінуінше, Сарыжайлауды сағынған сарын ересен күйлі, лепті болуға керек. Жүйріктей жүйткіп жорғадай тайпалатын ырғақтардан құралсын. Көңілдің көрікті әні құлақ құрышын қандырып, жүрек қылын шертерлік сиқыр сазға ұлассын. Түйсігі барлар түсінерлік шалқыған, сыңсыған арман тілі домбыраның шанағынан сайрасын.

Алыс ойға шомғанда көзін жұматын дағдысы бар-ды. Бұл жолы да сол дағдыға басты. Сарыжайлаудың барлық сыпатын қиялдан өткізді. Сылдыраған бұлақтар, сыңғырлаған шолпылары еске салды. Төрт аяғын тең баса тайпалған жорғалар, жел жетпес жүйріктер туашақ ырғақ ретінде бой көрсетті. Жайлаудағы желпінген самал, ескен жел, ұйтқыған құйын сан ықылым суреттер туғызды. Болашақ күй Сарыарқаның үстінен бұралаңдап ұшқан жібек орамалға ұқсап тұрды. Махаббаттың орамалын қуашақ күйші бап күте бусанды.

Ең алдымен қоңыр самалды еске түсіріп, үстіңгі шектен қоңыр үн шығарды. Содан кейін астыңғы шекке ауысты. Бұғалықтан көп төмен түспей, екі шекті ерсілі-қарсылы шертіп, алма-кезек іліп, дөңге-ленген дыбыстарды жалықпай қайталады. Бұл «Сары-жайлаудың» беташары еді. Сол беташардың белді бунағы: «Тари-тари-тарайт-тау, тари-тарайт-тау!» боп, сағалыққа қарай жылжымай, діңке құрта дірілдеп тұрып алды. Құлақ күйінің өзі анау-мынау тарауға бергісіз екенін Тәттімбет болжаған жоқ.

Домбыраны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйлетеді. Тәттімбеттің саусақтары өзімшіл көңілдің әмірін екі етпей орындады. Күйшінің ерні жыбырлап, іштегі үндер дүмпу атып жатты.

Салалы саусақтар бұғалық толғаудан сағалыққа қарай секіріп түскенде, домбыра оқыс сылқылдап, дәмді саз төге бастады. Құйқылжыған дыбыстар көкірек қаға шегініп, манағы құлақ күйіне ұласқанда, «Сарыжайлаудың» бірінші тарауы туды.

Екінші тарау бұдан гөрі созымды шықты. Саялы сахараның сауығы, думаны, дүбірі қоңыр жел мен сары желдің аралас ұйтқуында, ұласып, жарысқан ызыңдарға ерекше екпін бітірді. Ызыңдар бара-бара адамның дауысымен сөйлеуді шығарды. Қызған шанақтың ішінде жасырынып жатқан белгісіз жан өңеші қызарған жыршыдай сайрай бастады. Бұның сөзі «Көкейкестідегі» үздіксіз қайталанатын «әттең дүние-ай! да емес, «Қоңырдағы» әсем ән де емес, «Былқылдақтағы» бұралаң би де емес, «Бес төредегі» жалғызданған жаңғырық та емес, үйіп-төгілген саналы сөз! Өмірдің барлық қызығын Сарыжайлау арқылы танып, сол жайлауға шексіз шаттанған, шаттық арқылы жапа шеккен, уанышы мен өкініші аралас жат лебіз! Шалқыған жаздың, салтанатты жайлаудың дерегін жартастан сұраған ащы әуен! Өмірдің өзі жайлаудай түлеп, алмасып, өзгеріп тұратынын анық пайымдаған түйсікшіл пенденің шын сыры. Сарыжаздың, Сары-жайлаудың шежіресі!

Быдығы жоқ, мүкісі жоқ, ашық тілмен сайраған домбыра ашынған тарауды аяқтарда бағанағы жібек орамалды еске түсіргендей, дөңгеленген дыбыстарға ауысып, құйын жетпес жылдамдықпен «дөри-дөри-дой-лап!» булыға шегінді. Тал-тал тарамдалған жібектің тобықтай түйіні кербез домбыраның кеудесінде қалды.

Жайшылықта әлденеше күнді ұтатын сыршыл, күрделі күй осылайша бір кеште дүниеге келді. Күні бойғы сейіл, сүйсініс, күйініш, торығыс, үміт, наз, нала домбыра тілінің түйсікшіл шежіресіне айналды.

Тәттімбет күй шежіресі аяқталмағандай сезінді. Күздің ұзақ түнін дөңбекшумен өткізді.

Баяғыдан бері шығарған күйлерін місе тұтпай, «Сарыжайлауға» ынтығады. Төреге, тотайға, жорғаға арнаған күйлері – баянсыз дүниедей.

Осының сырын енді ойласа, Тәттімбет ол кездерде бір пендеден кемшілік көрмеген екен. Орта жүз түгел еркелеткен күйші, аузы алты қарыс Алшынбайдың текті бөлтірігі қатарынан қара үзген қара тіл, кешегі болыс, өнерді шерден іздемей сұлулықтан іздегенін осы сәттерде айқын түсінеді. Бір есептен, оның сырқатқа шалдыққаны жақсы болған. Өлімді ойламаған адам терең өнер тудыра алмайды. Бір есептен, көз алдындағыдан басқаны көрмейтін басырлардың Сарыжайлауды тартып алғаны пайда болған. Туған жер үшін күйзелмеген адамның өмірі кейінгі ұрпаққа жалғаспайды. Сарыжайлаудың шежіресін өлеңмен шерту ақын Тәттімбеттің қолынан келмейді. Тілі қыс-қа, көкейі ұзын Тәттімбет артқыға деген аманатын күйге тапсыруға міндетті. Сайып келгенде, оның атағын шығарған да осы күй. Шонжарлардан қыңбайтын қуатты қағаз – жандаралдың мөрлі таңбасын алып берген де осы күй. Жиырма жасында шығарған «Сылқылдақ».

Үзілмес дәріпті көкейдің көксеуінен, жүректің мұңынан іздеген Тәттімбетті бірауық пендешілік сезімі билейді. Өткен күннің астамшылығы мен тәкәппарлығы жуан рудан шыққан Тәттімбет Қазанғаповты насаттан-дырады. Талай болысты, шынжыр балақ шұбар төс-ті: «Өзің не оттап отырсың!» деп тежеп еді-ау! Күй екеш күйдің өзінде ол жиын-тойда менменсіген домбырашының сағын сындырып, қисық ағашты тезге салып еді-ау! Желікшіл отауда түйсікшіл тотайға домбыра толғаттырып еді-ау! Найманның маңдайалды бойжеткенімен ерегіскенде, қос шекті башаймен шертіп еді-ау! «Уа, шіркін-ай, о-дағы бір дәурен екен-ау!»

Тәттімбет бұрынды-соңды дәл осы түндегідей дөңбекшіп көрген емес. Денесі бірде ысынып, бірде суынып, басы жаңғырығып, кеудесі күмбір қағады. Ыстық құйындай ұйтқыған күй қашқан түлкінің құйрығындай бұландап,қармауға ілінбейді. Миы: «Әлі де ұзарта, сиқырландыра түс!» – деп жыбырлайды. Екінші бір бунақтың қайырмасына келгенде, тысырла-ған жаңбыр құлағына шалынғандай болады. Тәттімбет: «Ә, енді білдім, жөркемдей шалып, тысырлатып жіберу керек екен», – деп нобайлайды.

Таң жуықтағанда ол: «Маған не көрінді? Ақырамаш күйім осы болмаса игі еді?! – деп оң жамбасына аунап түсті. Сәлден кейін «Болса болсын, дәулетті де, мансапты да көрдік қой, артымда салдай шалқыған, қыздай сыңсыған «Сарыжайлауым» қалсын!» – деді.

Сол сол-ақ екен, «Сарыжайлау» күйі кеудесінде қайтадан күмбірлей бастады. Шек шертістері мен пер-не басыстары көз алдына келді. «Беташарда шынтақты көбірек пайдалану керек екен», – деп бір қойды. Артынша: «Ләззаты мен мұңы бірдей әсем күй осы болар білем», – деп түйді.

Ол ұлы сәскеде оянды. Домбыраны қайтадан тол-ғады. Түні бойы ойлаған өзгерістерін түгел енгізді. Дүдамал бұралаң-бұлтарыстарды, иірімдерді, қайы-рымдарды пысықтай келгенде, қисынды құбылыстар, кербез келісімдер, лала лебіздер төгіліп кетті.

Жайлаудың кеңдігімен, жаздың ұзақтығымен салыс-тырғанда күй әлі де келте жатыр. Тәттімбет: «Негізгі тарауды қайталар алдында тыңнан қысқа бір тармақ қосу жөн екен», – деген байламға келді.

Ортаншы тармақ шаңқай түсте қосылды. Шаттық пен шердің, өкініш пен уаныштың төрешісіндей бөгде тармақ «Сарыжайлауға» толық мүсін бітірді. Шәлкем-шалыс дыбыстар дөңгелене, діріл қаға екпіндеп, таңсық әуен туғызды. Ең әсерлі тұсы: «Тәри-тарайт-тай; тарайт-тайлап!» төрт тағандап, текірек қағып тұрып алды. Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым еді. Шерліге шаттық, шадыманға мұң бітіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші: «Кейінгілер нәшіне келтіре алар ма екен?! – деп күдіктенді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар