Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде»...

17.11.2014 4398

«Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде»

«Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде» - adebiportal.kz
baq-kz.jpgБиыл ҚР Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 75 жыл. Осынау мерейлі мерейтой иесінің арамызда жоқтығы қабырғамызды қайыстырады. Фариза ақын шын мәнінде, бүкіл халықтық махаббатқа ие болып, оны өз көзімен көріп кетті. Бұл шын мәнінде, өте сирек кездесетін құбылыс еді. Және Фаризаның ең басты бақыты да осында деп есептейміз. 

– Өтсе де өмір: алды жар,
Тылсым ба маңы, сор ма арты,
Халқының даңқын қалдырар
Түбінде әйтеуір сол жалқы.
Фариза ақын жырлаған азаматтық поэзияның сыры осындай. Расында, Фариза Оңғарсынова жалқы ғұмыр кешті. Бірақ оның поэзиядағы даңқы ерекше еді. Қазақ поэзиясының әйел-еркекке бөлінбейтінін дәлелдеген дүлдүл ақын халқынан алыстаған сайын биіктеп барады. Тау еш­қашан аласармайды. Құламайды да. Фариза ақын бүгін поэзияның ең биік шыңына айналды. 
«Фариза шын мәнінде, бүкіл халықтық махаббатқа ие болып, оны өз көзімен көріп кетті. Бұл шын мәнінде, өте сирек кездесетін құбылыс еді. Және Фаризаның ең басты бақыты да осында деп есептейміз. Фариза кете-кеткенше ерлікпен арпалысты, өмір үшін арпалысты». Бұл – көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтың ақын туралы айтылған жылы лебізі. Расында, Фариза ақын өте сирек кез­десетін құбылыс иесі еді. Оның өлең­деріндегі өзгеше леп, өзгеше рух – осының белгісі. 
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз». Мұқағали мұңы осындай. Ақын­дық жалғыздықты Фариза ақын да сезінді. «Ақын шын ақын болатын болса, ол әруақытта жалғыз» дегенді де бір жерден оқыған едік. Фаризаның ақындық мұңы жыр боп құйылды. Жыр боп төгілді. Ақынның пенделік ғұмыры аяқ­талғанымен, поэзиялық ғұмыры біткен жоқ. Оның мәңгілік өмірі енді басталды. 

5e5ce221dbf8b14cf03c563be39b65c6.jpgАқұштап Бақтыгереева, ақын:

– Қазақ қыздарының өлең жа­за­тынын, өлең жаза алатынын дәлелдеуге белін буып шыққан еді Фариза. Онысын дәлелдеп кетті. Мен оның куәсімін. Фаризаның сырласы болдым. Поэзия атты әлемге бірге аяқ бастық. Алғашқы өлеңдерімізді бірге оқыдық. Бірге талқыладық. «Осы қыздар өлең жазғанда не бітіреді?» дегенді дәлелдеймін деп, Фариза сол жолға басын тікті. Жастық шағын, бүтін көктемін құрбан етті. Фаризаның бұл ерлігі, бұл өрлігі – бағалауға тұ­рарлық дүние. Атыраудағы сонау Манаш құмынан келген, қарақат­тай қыздың, мөп-мөлдір көзі бар, қиындықтың ауылын әлі сезіне қоймаған бойжеткеннің поэзиядағы алғашқы адымы да күні бүгінгідей әлі есте. Ол кездері бізде бірдей киіну сән болатын. Бірдей киініп, бірге жүрдік. Біз екеуміз поэзия жолында қатар жүрдік. Бізді «Жайықтың қос қызы» деп атайтын. Ағаларымыз да, халық та, оқырман да. Фариза ерлігімен де, күрескерлігімен де поэзияның қандай болатынын көрсетіп кетті. Сон­дықтан Фариза шыңы – кейінгі қалам ұстайтын қыздарға үлгі болатын биік шың. Ал қазақ қызы­на қалам ұстау ешбір ғасырда да оңай соқпаған. Оңайға соқпайтын тағдыр. Соқпақты жол. Фариза осын­дай ауыр жолдың бәрін бас­тан өткерді. Ауырып жүргенінде жиі телефон соғып, халін біліп тұр­дым. «Менің көңілімді сен ғана түсінесің» деуші еді. Әлі күнге ұялы телефонының нөмірі сақтаулы тұр. Өшіргім де келмейді. Амал не, қимаймыз өлімге. «Жоқ» деуге қимаймыз. Орны үңірейіп тұр. Ойсы­рап қалдық. Әсіресе, қалам ұстай­тын қыздар поэзиясы ойсырап қал­ды. Жас ұрпақ толтырар деген үмітім бар. Жастар келер деген үмі­тім бар. Ол талантты екені сөзсіз. Оның алғашқы өлеңдерінің өзінде кемшілік болған жоқ. Оның мінезі де, өзі де ерекше болды. Бірақ мінезсіз болса, ақын өз мақсатына же­те ала ма? Әркімнің өз мінезі, өз қолтаңбасы болуы керек. Фари­за­ның поэзиядағы қолтаңбасы ерекше. Фариза біздің жүрегімізден еш­қашан ұмытылмайды.

be1e86a9bf65c98c679cbed128b6bfbe.jpgТемірхан Медетбек, ақын:

– Фаризаны жұртшылық өр кеуделі, ерлігі ерен, ұлттық намысы бойында, ерекше мінезді ақын деп жиі айтады. Мен Фариза апаймен бірге жұмыс істеген жоқпын. Бірақ мына ерлігін есімнен шығара алмаймын. Ол кісінің болмыс- бітімін, табиғатын көрсететін, намысқойлығына куә болған бір эпизод бар. Әңгімені содан бастағым келеді. Облыстық газетте жұмыс істеп жүрген кезім. Маң­ғыстау об­лысының жаңадан ашылған кезі. Сол тұстарда бізге суық хабар жетті. Бекет атаның басындағы ел барып түнейтін үйді ауданның сол кездегі бірінші хатшысы сырғызып тастапты. Кеңестік кезең. Қатаң цензура. Кеңеске қарсы сөз айту қайда? Рухани дағдарысты бастан кешіп жатқан кез. Елдің бәрі қамығып қалды. Алматыдан бір топ ақын-жазушы елге келе қалды. Ішінде Фариза Оңғарсынова да бар екен. Ол кездері балалар журналының бас редакторы болатын. Орталық комиет тағайындап, жур­налға редактор қойған кез ғой. Облыстық партия комитетінің актив залында үлкен кездесу өтті. Басқарып кел­ген делегация басшылары сөз алып, бірінен кейін бірі сөйлеп жатты. Кезек Фаризаға келді. Барлық хатшылар отыр. Фариза ақын сөз сөйлеп болды да, артынан Бе­кет ата туралы өлең оқыды. «Уа, Бекет ата, аруағыңнан айналайын» деп бастады өлеңін. Коммунистік пар­тияның қылышынан қан тамып тұрған кезі. Бекет атаның басындағы үйді сырып тастағаны бар. Өте рухты өлең. Бекет атаға мұң шағу. Мұны айту Фаризаның ғана қолынан келген еді. Жинал­ғандар орындарынан дүркіреп тұрып, қол соқты. Фаризаның ірі тұлға екенін, қазақ әдебиетіне үл­кен ақын келгендігін, қазақ әдебиетіне жаңа бір өріс ашылғандығын, қазақ әдебиетінде бүгежектеп, бұғып сөйлейтін кездің өткендігін сонда мен сезіндім. Фариза апай­мен содан кейін де көп сырластық. Ұрысқан кезіміз де, ұғысқан кезіміз де болды. Керіскен кезіміз де, келіскен кезіміз де болды. Бірақ бір-біріміздің сыртымыздан ғайбат сөз айтқан емеспіз. Әр уақытта сағынып көрісетінбіз. Ол үлкен адам еді. Ол кісінің ашуы, тік айтатыны, бәрі есімізде. Қазақ әдебиеті бар кезде, қазақ жұрты бар кезде Фаризаның есімі ешқашан ұмы­тылмайды.

89957fe84ea065ac4d20ac1d3fcefefb.jpgАманхан Әлім, ақын:

– Фариза апай дегенде менің есіме сонау бір жылдар түседі. ХХ ғасырдың екінші жартысы, яғни 70-жылдар. КазГУ-дың студенті кезіміз. Ол кездері университеттің қа­лашығы Бөгенбай батыр мен Абылай хан көшесінің қиылысында болатын. Әдеби кештерге, поэзия кештеріне үйір болатынбыз. Құрылыстан оқуға жаңа түскен кезім. Сондай бір кезекті поэзия кешіне Асқар Сүлей­менов бас­та­ған, Фариза апай бар, бір топ ақын-жазушы келді. Сол жер­де кіл жастар өлең оқыды. Сұлтанғали Садырбаев марқұм жүр­гізіп отырды. Маған да өлең оқу кезегі келді. Сол кеште:

– Қас пен көздің бауырым арасында,
Асқақ кеуде соңына қарасын ба?
Басым кетіп барады білегінде,
Санам кетіп барады санасында.
Жаулап алған жанымды талмай кеште,
Керемет күн кешегі қалмады есте.
Ернім кетіп барады ерінінде,
Шайқалады шаттығым алма төсте.
Кеше қонған қадырым тірегім бе?
Сол қыз қазір мұратым-тілегім де.
Көзім кетіп барады бұрымында,
Өзім кетіп барамын жүрегінде, – деген өлеңімді оқыдым.
Фариза апай орнынан тұрды да, «Балам, сен ертең редакцияға ма­ған келіп кетші» деді. Ол кезде Фариза апай «Пионер» журналының бас редакторы. Сол күні Асқар Сүлейменов те шақырып алып: «Сенің өлеңіңді Фариза апайың ұнатып қалды. Ертең қалайда бар» деді. Апайға ертесіне бардым. Сол жолы менің бір топ өлеңдерім алғаш рет «Пионер» журналына шықты. Осылайша, Фариза апай­мен аралас-құраластығым басталып кетті. Қиналып жүрген кездерімде, апайға жиі баратын едім. Жұмыссызбын. Пәтерсіз күндерді де талай бастан кештік. Сондай қиын-қыстау кезеңдерде Фариза апай қаламақы алып, бала-шағамды асырауыма мүмкіндік жасады. Меңдекеш Сатыбалдиев деген ақын болған. Сол кісінің үйінде жиі бас қосатын едік. Төлеген Ай­бер­генов, Фариза апай, бәрі бір мек­теп деуге болатын бір топтағы, бір ағымдағы ақындар еді. Бірақ Фариза апайдың кереметтігі – сол ортадан шығып кете алды. Өзінің мектебін, өзінің жеке стилін қалыптастырды. Апайды жастар көп төңіректейтін еді. Бірде Светқали Нұржанның тойында Асқар Сүлейменов, Фариза апай бәріміз қатар отырдық. Асекеңмен апайдың те­кетіресіп қалатын кезін көрдік. Өйт­кені екеуі де мықты, екеуі де адуын­ды, екеуіне де тік келу қиндау адамдар. Бірақ соған қарамастан, олардың бір-бірімен түсінісіп, тілдескеніне таңғалам. Фариза апай жастарға қамқорлығын аяған жоқ. Кез келген менің қатарласта­рым, қазір алпыстан асып кеттік қой. Сол кездегі жалындаған жастар апайдан көп жақсылық көрдік десек, қателеспейміз. Соңғы рет апай қайтыс боларының алдында маған хабарласып, жас ақындар туралы пікір сұрады. Пікірімді айттым. Өзі де жас ақындар туралы пікірін білдірді. Кейбірінің өлең­дерін ұнағанын айтты, кейбіріне көңілі толмайтынын да жасырма­ды. Бірақ телефонмен көп сырласа ал­мадық. «Апай, сіз Астанаға ба­рып, бізден де жақсы інілер тауып алдыңыз ғой» деген өкпемді жеткіздім. «Аманхан, неге олай айта­сың? Бұл не сөзің? Сен Алма­ты­дасың, мен Астанадамын. Аста­на­лық жастар үйге келіп-кетіп жү­ре­ді. Осыны дұрыс түсінбей жүрген шығарсың» деді. Апайдың бұл сөзінің жаны бар. Кейін өзім­нің өкпемнің дұрыс емес екенін түсіндім. Орыс әдебиетінде «Бәріміз Гогольдің шинелінен шықтық» деген сөз бар. Сол сияқты, қазір өзін ақын санап, қалыптасқан жігіттер Фариза апайдың шинелінен шыққанын мақтан тұтады. Апай­дың өмірдегі ұстанымы да ерекше еді. Фаризаның ақындығы мен азаматтық позициясын ұната­тын­мын. Етегінде тұрғанда таудың биіктігін байқамаймыз. Одан алыс­таған сайын сезіне түсеміз. Алпыстан асқаннан кейін, жасым ұлғайған сайын ол кісілердің қадір-қасиетін ерекше сезініп келемін. Қатар жүрген кезде, кейде жүрдім-бардым қарадық. Ол – жастыққа тән қасиет. Бәрін уақыт өз орнына қояды екен. Фариза апайды бірде кездесуге шақырдық. Сонда апай: «Аманхан, қазіргі жастар мықты болып кеттіңдер ғой. Өлеңнің техникасын сұмдық меңгеріп алдыңдар» деген еді. Апайдың сөзінің жа­­ны бар. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарына, тіпті 60-жылдарға қарағанда, қазіргі жастар өлең техникасын меңгеріп алғаны соншалықты, кейде жақсы өлең мен жаман өлеңнің арасын ажырата алмай қалдық. Фариза апай соны біліп айтты. Фариза апай ашық қоғамда өмір сүретін адам. Өйткені ойын ашық айтатын үнемі. Фариза апай поэзиясындағы басты ерекшелік те осы еді. 
Бір кездері «әйелдер поэзиясы» деген ұғым пайда болды. Апай сол сеңді бұзған адам. Мысалы, Тұрсынхан Әбдірахманова, Мәриям Хакімжанованың поэзияларында қазақы ұяңдық, қазақ қыздарына тән белгілі бір сызықты аттап өтпеу қасиеттері болса, Фариза апай соның тас-талқанын шығарды. Поэзия еркек, әйел деп бөлінбейтінін дәлелдеді. Сөйтті де, өзінен кейінгі толқынды магнитше тартып алды. Фариза апай эмоциялық, лирика­лық поэзияның бірден-бір өкілі. Өмірімен де, өлеңімен де. Кейде ісімен, әрекетімен өлеңі үйлеспей­тін ақындар бар. Өлеңі басқа, өмірі басқа. Осы тұрғыдан келгенде, Фа­риза апайдың өлеңі мен өмірі үйлесіп жататын. «Тау алыстаған сайын биіктей береді». «Бетпе-бет тұрғанда жүзіңді көрмейсің. Алыс­таған кезде жүзінен нұрды анық бай­қайсың». Фариза апай алыста­ған сайын биіктеп барады. Біз оның алыстаған кездегі жүзінен нұр­ды анық байқай бастадық. Ол нұр – Фариза апай поэзиясындағы ерек­ше белгі, өзгеше леп деп білемін.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар