Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Талапбек Тынысбекұлы. Ес білгелі егіз екем өлеңге

17.10.2017 2867

Талапбек Тынысбекұлы. Ес білгелі егіз екем өлеңге

Өлең

Том, том тарту бермесемде мен елге,

Ес білгелі егіз екем өлеңге.

Шумақтары шұбатылып төбемде,

Тармақтары тарқатылып төменде.

Секілдентіп сетерлеген ұяң қыз,

Жаздым өлең, андыз, андыз, тым андыз.

Тірлік жолы тарам, тарам тұманды із,

Өлің үшін өкінбейміз бұған біз.

Көңілімнен астаң, кестең сең жүрді,

Тағдырымнан көкпар тартып, теңге ілді.

Өр рухымды бастырмаған ешкімге,

Өз ырқына өлең ғана көндірді.

Ат жетелеп, атан қомдап, бөзді алған,

Атамыздан айта жүрер сөз қалған.

Дұғамда осы, дуамда осы бар болған,

Әр өлеңім әр қазаққа көз маржан.

Мінездеме

Қылығымды сынайтын көп,

Жыры ұғымды ақын деп.

Руымды сұрайтын көп,

Түбі кімге жақын деп.

Адам ата арғы жағым,

Бергі тегім Алаштан.

Тақымымда арғымағым,

Белгі төрім ағаштан.

Жасырмадым бар шынымды,

Бас ұрмадым ешкімге.

Аллаға аян жан сырымды,

Адам ұқпас бес күнде.

Тұлпар мініп, ту ұстаған,

Сөз ұстаған бабамды.

Ұрандасам ұлыс далам,

Ұйқысынан оянды.

Алтай айтып аңызымды,

Ертіс қайғы кешеді.

Адамзатты, бәрімізді,

Өсірген жер осы еді.

Серт

Жарық жалған таттым, көрдім ырысын,

Сағынғаннан келгенім жоқ, құрысын!

Бүгінге есем кетпейтіні ахихат,

Ғұмыр кешем жыр үшін.

Арызымды айтсам айтам тіріде,

Қарызымды жүктемеймін біріңе.

Елеңдетер келер кетер ұрпақты,

Өлең жетер түбіме.

Мүлгігенмен мен қыдырған бақ үнсіз,

Жапырақтар жырларым ғой жазусыз.

Өлең өрсем өздеріңе қадырсыз,

Қалдырыңдар қабырсыз!!!!

Қарашоқы

Тамыздың желі бетіме өбетін,

Таң ата анам мосы керетін.

Бишігін әкем беліне алғанда,

Саркідір саулық мекіренетін.

Қоралы отар сосын өретін.

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,

Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.

Сурлы сайдың самалы желпіп,

Сезбедім қырдың суғын ұрған.

Жылқылы жұртқа ұнағасынба,

Арсылдайды арлған түн арасында.

Тұсамысымен тықыршып тұрар,

Тұмарлы торым тұма басында.

Тілсімі санмың таудың ұқтратын,

Ұларлар салған ән құнықтратын.

Сарқымыз бөккен сабаның даусын,

Сабаудың үні жаңғырықтратын.

Төрт түлік түгіл ғашық аңдарда,

Күреңше күлген жасыл аңғарға.

Қоснауа басын қорыс қылатьын,

Бұғы бейбақтар ашылағанда.

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,

Асырған шыңы арманыңды айдан.

Жеңгелер алған бармағы балдан,

Сарыатан шөккен сарықарын майдан.

Айраның қайран, қаймағың қайран.

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,

Әз жанын өтер ақын жүдетіп.

Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,

Балқарағайдың басын күзетіп.

Ата баласы

Ата баласы! жоқ атақ басқа білерім,

Сенгенім өзің болғасын сотқар ұл едім.

Тобылғы сапты қамшыңды қолыма алып,

Тор жүйрігіңді тағалап топқа кіремін.

Сақалды сары шал едің мен ес бігелі,

Әжімді жүзің белгісіз неге ескіргені.

Сөзіңе тоқтап ортаның өрекпігені,

Жезде көретін жәдіктің желектілері.

Айтқаның заңы, ағайын екі етпейтұғын,

Әулеттің келіні алдыңнан кесе өтпейтғын.

Ауылдың төрі менікі қыдырсам бірге,

Қалағанымды құрғырлар екі етпейтұғын.

«Қопаға түскен инедей қулығы» дейтін,

Көнекөз қарттар тым сирек сіздң бңлмейтін.

Жиналған топты тұрушы ең күлдіріп еркін,

Мысқылың мырдың оғындай тілді күрмейтін.

Обалы үшін аңды да ысқырып атып,

Илеуге құлақ тастаттың құтты рымдатып.....

Жанарға тұнған сағыныш шықты ұүрғатып,

Ойымда қалған он ауыз мысқылыңды айтып,

Отырмын ата.

Күлтелі күрең кісінемейді

Күлтелі күрең кісінемейді,

Үкілемейді жұрт оны.

Шағыр ақжалым тісін егейді,

Түсіме енеді жылқы елі.

Бесімде міндім бекініп ерге,

Асаудың жалы жастығым.

Есімде бәрі осы күндері,

Ат жалын тарту жақсы ырым.

Қыз қуар, көкпар, бәйгеден,

Әй, менен ешкім озбады.

Төрімдегі әбзел сәндеген,

Көңілдің шерін қозғады.

Жалғаннан бүгін жылқы ығысады,

Қамыс құлағын қайшылап.

Балақтың шаңы басыма ұшады,

Сауырдан терім тамшылап.

01.06. 2009ж.

Тобылғы бүрлеп келеді...

Тобылғы бүрлеп келеді төлдеуліктегі,

Тербеліп тегі шіркіннің көзді еліткені.

Өкініп тұрған кезімде есіме алған,

Кекілік қуған күндерім кезбелікпе еді?.

Төрт түлік болған күйбеңі күн көріс деген,

Өзгеше баққа жұрт едік үйренсіпеген.

Жамырып жетер кешкілік көген басына,

Қозы-лақпенен қырқада бірге өрістегем.

Балғұмыр өткен ақшағыл жаңбыр аптаған,

Өізңдей құшақ ашады қай жұмақ маған?.

Шоғырлы жұрттың шулатып аламойнағын,

У тақым ұлды ұмытпас тай құлақтаған.

Атамның жортқан жонында айтөбел кері,

Тұратын аңсап секілді әр төбе мені.

Жеңгелер барған бастаудан шоқыраңдатып,

Атамның атын сурару мәртебе еді.

Атасыз жүрмін алақан айға көтермей,

Ертегі күннен не белгі айғақ етердей.

Құрық түспеген құлындай кекілді шағым,

Тобылғы сайда адасып қалған екен ғой.

Інім

- Мен көрдім дүние деген иттің көтін.

- Абай Құнанбайұлы

Інім,

Сені ертіп әкелдім қалаға,

Сенер түк жоқ мұнда серігің.

Көнертіп көңілін налаға,

Кезертіп қалды ағаң ерінін.

Тынысың басталар осында,

Күн үшін кімдер мұң көрмеген.

Ырысын,

досың да,

қасың да,

Құрысын,

біз үшін бермеген.

Сырды ұғар жоқ мұнда ел, көршің,

Құрбылар қайдасың кел дейсің.

Жыр қылар жусанға шөлдейсің,

Қыз қуар, көкпарды көрмейсің.

Тағдырың терідей илейді,

Ән –жырың ауылға сүйрейді.

Жол биін моторлар билейді,

Тор құлын тақымға тимейді.

Атандың қаланың тұрғыны,

Атаңның жұртынан өтпейді.

Қотандық қарбыздың тілкімі,

Апаңның құртына жетбейді.

Несіне қалаға қызықтың,

Есіңе салады-ау үзік мұң.

Жан аға-ау,

демегін ұмыттың,

Далама үміт мың, үзітпін,

Қаладан үріктім.

Өкінбе осыған шүкірлік,

Есіңе ертеңді түсір де ұқ.

Бетінде біз жүрген бұ тірлік,

Көтінде боғы бар, түкірдік.

Інім!

2006 жылы Үрімшы

Ескіжұрт

Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,

Жыр қайғысын ақынның тыңдаймысың?.

Сағынышым санамда ұлғайды шын,

Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың?.

Жұпар лебі жұбытып аршылы қыр,

Алқабыңда адасып қанша әнім жүр?.

Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,

Жұрт ойды екен жоныңнан қай сағынғыр?!

Тәңірімнен енші алған төсін еміп,

Егілтесің ескіжұрт есіме еніп.

Кербестіге мінетін кекіл өріп,

Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.

Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,

Қайда қалды қалқаның қосар әні?.

Жылдарымның жетелеп жоталары,

Жаңбырың ғой жанымның босағаны.

Төрт түлігі мыңғырып ен жайлаған,

Елді ойлағам, сағынып жерді ойлағам.

Келмес күннің керуені-ай көз байлаған,

Енді ол заман сағымдай белде ойнаған.

Күй жылатты көңлімді ән жұбатпай,

Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.

Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,

Атағашын айналған арғымақтай.

Тәуелсіздік

Күн менікі шұғыламды шашарға,

Түн менікі құшағыма басарға.

Отауы азат, ошағы азат отанда,

Жыр менікі оңды, солды шашарға.

Жер менікі аманаты түркінің,

Төр менікі сәлихалы ғұрпы мың.

Көл менікі, шөл менікі бұл шыным,

Ел менікі кіндіктесім, бір түбім.

Меншігімде аспан, ауа, жаңбыры,

Тауы, тасы, орман, көлі барлығы.

Ер бабамның тасқа жазған тағдыры,

Ен даламның әр жусаны, әр гүлі.

Шұғылалы шыққан күнге түнектен,

Тұмса дала бусанады сыз өткен.

Молаларға бас иемін ізетпен,

Туған елдің тыныштығын күзеткен.

Атамекенді аңсау

Қазақстаным, жұмақ мекенім,

Күрсінсем көзді бұлақты етемін.

Ақыл кіргелі айтар ұраным,

Атамекенге бырақ кетемін!

Жалғанда бағым дара құшатын,

Тұмары тұтұан сан арыс атын.

Қабаның қара қарғалары да,

Қазақстанға қарай ұшатын.

Тұрағым ертіс басы боатын,

Арнаңнан алаш асын алатын.

Жерұйық мекен жетуге саған,

Жеті Қабамда асыа ағатын.

Қымбаты сенсің қалайтынымның,

Тәтті әуенімсің талай түнімнің.

Қарашоқының құзына шығып,

Күн салып күнде қарайтұғынмын.

Әніме қостым ақмаралыңды,

Аңсадым қанша ақ тамағыңды.

Безсем де кетем, сезсем де кетем,

Туған жеріме жат боларымды.

Жеріңнің исін жел жеткізетін,

Сағыныш дерті меңдеткізетін.

Күңіренемін, күйңк емемін,

Күн боларма екен сенде өткізетін?!

***

Жасадым қоғамда мен ұлы,

Таса қып шындықты келгемін.

Миллиард масаның ызыңы,

Миымды улаған пендемін.

Қазағым – жыр-әнім, ұраным,

Тұмарым – туған жер төсімде.

Жұртында ғұндардың жыладым,

Мәңгілік керуеннің көшінде.

Пір тұтып міскінге табынғам,

Үркітіп ойымнан Алланы.

«Ағажай-Алтайлап» аңырғам,

«Елім-ай» елімнің салғаны.

Ата жұрт ауасын аңсадым,

Жаратқан жолымды жалғадың.

Білмеймін шырқалар қанша әнім,

Арнадым өмірдің қалғанын.

Алашпен тамырлас тынысым,

Тарихым,

тағдырым,

тілімде.

Обалдан безінген туысым,

Оралман атайды бүгінде.

Таныдым тәңірім иемді

Маймылдан азбаған екенмін.

Есімім еншімде біл оны,

Бәріміз иесі мекеннің!

Өткел

Арғы жағы Еділдің, бергі жағы

(халық әні)

Арғы жағы Ертістің бергі жағы,

Ертегідей елігім енді бәрі.

Жағалауды кезеді жан құмары,

Сен кінәлі емессің, мен кіналы.

Арғы жағы Ертістің атам қалған,

Аһ ұрғыза бересің ақау жалған.

Бергі жағы Ертістің Отан қорған,

Боздатады беймезгіл ботаңды арман.

Туған жермен думан ел Ертіс бөлген,

Тағдырымды айырдым мен күшпенен.

Қарғымайды ботаңның тақымында,

Арғымағы атамның ер түспеген.

Туған жер

Тақыриық бір сайы,

Батбақбұлақ атанды.

Басында сол бұлақтың,

Бұзауларым жатады.

- бала күнгі өлеңнен.

Туған жер қойны дара, бақ қандай,

Жүруші ем күнде аралап қанбай.

Жүдедім налып, аттанар шақта,

Жүрегім қалып бара жатқандай.

Ауылым көшер атанын қомдап,

Бауырым көшер сапарын оңдап.

Тауларым қалды, бау-бағым қалды-ау,

Жолдарым сені қапамын ойлап.

Бұлбұлың едім орманыңдағы,

Әуені бөлек өз бағындағы.

Молалар үнсіз мұңға батады,

Бөрілер жортқан жондарыңдағы.

Қиялда кезіп аралап бәрін,

Құрандай ұйып жазам аттарын.

Қыйырда қалған құйқалы мекенім,

Құдайға ғана аманаттадым.

Мұңымды қуып тәтті ойлар бүгін,

Ағылды асау ақ қайнар жырым.

Асыға күтем, ат ағашыңа

Айналып алаш ат байлар күнін.

Шекара

Туған жерім болғанмен тұрағым жоқ,

Оны ойлауға жетпейді шыдамым көп.

Көз алдымнан көлбеңдеп қайран дала,

Құлазиды көңілім, жылағым кеп.

Қалдырмадым бабамның шетте көшін,

Айтам өкпе ол үшін көпке несін?.

Үш аймақтан арыға апарса ғой,

Шіркін-ай, шекараның шектемесін.

Аз емес қой алаштың бұл мекені,

Босамасын енші Алла ірге шебі.

Ер түріктің тулақтай жері үшін,

Елшілікке жіберсек Нұр көкені.

Жұбатады сананы жыл жетегі,

Болып кеттік көңілшек бізде тегі.

Даламыздың қожасы болған қытай,

Бабамыздың моласын іздетеді.

Ағайынның арттағы алды мұнар,

Ұлтым деген ұл ғана жайды ұғынар.

Бес мың метір шекара сызығында,

Бес миллион қазақтың тағдыры бар.

Мінез

Жылдарымның жиналып жең етегі,

Көңілімнің қоздайды көне шері.

Жақыныма жалбақтап жүргеніммен,

Жыртығынан қосымның жел еседі.

Жақының да жыныңды сынай бағып,

Күйзеледі жарың да жылай налып.

Жатқа жасым көрнібей, жырға өртеніп,

Шақша басым жүремін шыр айналып.

Иек артып келемін қос мүшелге,

Кенде емес өмірім дос, түселге.

Дегенімді жасадым жалтақтамай,

Тағылымын талайдың естісемде.

Мейлі, мейлі сынасын, қыңыр десін,

Мен өзге үшін сүрмеймін ғұмыр көшін.

Арқа қағып жүргендер қалта бағып,

Аулақ салып бұл күні жүр іргесін.

Ақын еткен болса егер тәңірім шын,

Бес күндіктің алданыш, бәрі құрсын.

Жоқшылыққа телінген тірлігімді,

Боқшылыққа сатпаймын, соны ұғынсын!

Ертеңімде келеді ерттеп атын,

Туылғанда тұл жалған дерт болатын.

Өтеді екен өмірі өртке жақын,

Жуасымай жалғаннан өткен ақын.

Аза жыры

Қайырлы болсын қазаң қазақ елі,

Еседі атыраптан аза желі.

Топ тобыңмен торғайдан қырылатын,

Ажалың да недеген ғажап еді?!

Берген кезде таңырым басқа бақты,

Қайғы торлап алғаны-ай қас қабақты.

Сақалдыны салдаттар топтап атты,

Салдаттарды самолот отқа жақты.

«Тіріні темір жеген» ғасыр көрдік,

Алаштың қартын көмдік,

жасын көмдік.

Біріңді бірің атып сұлатқанмен,

Бұл емес біз сыналар ақырғы ерлік.

Қазағыма қашанда ажал үйір,

Қай ақының қуанып жазады жыр?.

Жетім жесір сүреді нала ғұмыр,

Құрғамаған жылаудан жанары бір.

Зарланады аналар қарғанады,

Қайыстырып қайғысы қаймананы.

Қара жолдың жиегі толған қабыр,

Тіріден өлісі көп, таң қаламын!!!

27.12.2012 ж

Қоңылтақсу

Жанымда отырғанда жарым, балам,

Мен неге алақызып жарымдалам?.

Әлдебір жоғым бар ау табылмаған,

Әлдебір еншім бар ау алынбаған?!

Қарадай қоңылтақсып құлазыдым,

Қаңырап қара қосым, құба дүзім.

Адастым әуенінен бір әнімнің,

Құрышын кім қандырар құлағымның?.

Асан кешкен өмір бұл, Қорқыт қашқан,

Жерортаға келіппіз онша ұқпастан...

Сәттерімде ұйқымды талтүсте ашқан,

Жосылады жолдарым жортып басқан...

Көптен бері жүргені көңіл масаң,

Мойында екен бар қамыт мойындасаң.

Өткелегі өмірдің жолымда сан,

Түгенделер екен бір жоғым қашан?.

02.01.15 ж

Күзінен өмір қорқамын

Қоңыр күз бақтың құшағы,

Сүреңсіз сондай құсалы.

Көркінің қалмай нышаны,

Гүлдерден тозаң ұшады.

күн санап солды еккен гүл,

Қасырет еді неткен бұл.

Көрікке құмар көбелек,

Қурайға қонбай шеттеп жүр.

Соратын шырын қадала,

Көрінбейді ешбір бал ара.

Жәйқалған гүлдің орынын,

Жапырақ басқан сары ала.

Табиғат күзгі арпалыс,

Тырбанған тірлік сарқа күш.

Үзіліп түскен жапырақ,

Іздейді бақтан қалтарыс.

Салмады бұлбұл шалқып ән,

Исі жоқ гүлдің аңқыған.

Төңірек толы мол тұман,

Желменен ұшып қалқыған.

Силаған баққа нәр сәнін,

Келер деп көктем жортамын.

Танытса тірлік тарпаң үн,

Күзінен өмір қорқамын.

2003 жылы

Мезгіл мұңы

Жыл ұзартып барады жылап тырна,

Тыраулары таппады тұрақ мұнда.

Қосыламын зарына,

ұнаттым ба?

Тосыламын,

еңсемді құлаттым ба?

Тізбегімен бет алды жылы жаққа,

Күз көгінен болды ма сыйы басқа?

Іздерінің қамалып мұңы басқа,

Іздедім мен сенделіп сірі бақта.

Қайтейін қанатсыздық қапа қылған,

Әншейін жолаушымын аты арыған.

Мұңданар қалған ақын қатарыңнан,

Тырналар тоқтамасын сапарынан.

17.09.08 ж

Түсімде

Түсіме батыр кіреді,

Кісінеп аты.

Жыламай қан кешіп жүреді,

Ісіне сұрамай ақы.

Түсіме ақын кіреді,

Түсіне алмадым жырын.

Мақтауға шақырды мені,

Оһ, тәубә, жалғыным бүгін.

Түсіме әкім кіреді,

Ісіне көндіріп елді.

Зар жылап ұлтым жүреді,

Тар қылып кең дүниені.

Батыр мен ақынның мекені,

Әкімді нетеді?!

Балалық

Күлімдеп көктем күніндей,

Гүліндей қырдың жайқалдық.

Құйын боп өткен білінбей,

Сырыңды кімге айта алдық.

Таңдайға балдай десе игі,

Кекілді шақтың кермегі.

Шалғайда қалған секілді,

Өкіндім қайта келмеді.

Сарйда серуен салғанмен,

Самайға қырау ілікті.

Солайда өттің сал дәурен,

Алайда сені кім ұқты?!

Ой өргізу

Оңаша қырда отрам ой өрістетіп,

Құйғытып келет қу жалған өр, еңістетіп,

Жайланғаныммен жанымды желеміктетіп,

Пәниден сонда барамын не көріп кетіп.

Бір ауыз сөзбен тігіліп бәс тоғанағы,

Асығым алшы түскен күн еске оралады.

Көкдөнен көңлім тықыршып шідер үзеді,

Оқырға ойым кісінеп бос қорадағы.

О. Тайыр, қайдан сыңсыйды кеш самал әлі?

Желбіреп сонау жастықтың кесте орамалы.

Аһ ұра берем алданып түлкі арманыма,

Аңшыдай болып сыпырған кеш томағаны.

Бабалар рухын келемін бақ санап әлі,

Тәңірі көрген әмірі хақ тағаланы.

Қиялдың құсы мезгілсіз ойдан ұшады,

Айдынын аңсап арманның ақ шағалалы.

10.04.2016ж

Мінезіміз табиғатқа ұқсайлды

Мінезіміз табиғатқа ұқсайды,

Мұны өзіміз білмедік.

Қыс деміндей қыстықтырып құс қайғы,

Қонып ұшар күнделік.

Көңілденсек көктемдейміз , ал кейде,

Селдетіпте аламыз.

Қаңбақ ғұмыр ұшар екен қай желге?,

Қалтылдатты қара күз.

Жадырасақ жайдарымыз жаздайын,

Маздайын бір жетеді.

Тағдырымды таиғатпен жалғайын,

Мезгілдердің мекені.

10.04.2010ж

Сырласу

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ!»

Қасым Аманжолов

Бақыттымын,

Бостандыққа жеттім мен,

Кешегіме тіл қатамын кекті үнмен.

Тыңдатамын Ер түріктің рухын,

Көкбайрағын көккке ілген.

Бақыттымын,

Тілім азат –тірегім.

Дінім азат – тәңірімнен тіледім.

Ерім азат,

Елім азат – білерім,

Көгім азат,

Жерім азат – киелім.

Бақыттымын,

Алашымның қорғаны-

Қасиетті Қазақстан ордалы.

Еркін жортқан жолбарыстай жондағы,

Айбарлы елім аман болса болғаны.

Бақыттымын,

Еркіндігім елес ең,

Жаратушым, жылатпа енді жебесең.

Ақыны азат ғасырымның жырымын,

Қасымы жоқ демесең.

Төбет

«Қазақ жастарының басым көпшілігі байлардың үйін қориды».

мақаладан

Жыр оқысам ит жайлы сөкпе мені,

Текті тірлік тіріге тек керегі.

Есігіңнен еншісі кетпеп еді,

Төбет көзі төбеңде кектенеді.

Неге ашынды, атылды ол иесіне?,

Нені салып сары төбер тұр есіңе?!

Әлимисақтан бұйырған үлесіңе,

Қасиетті қаюанның киесі ме?

Итшілесе ақынның бүгін әні,

Соңғы төбет жүргені үріп әлі.

Даласынан қарасы құрығалы,

Тыншы кеткен қазағым ұғынады.

Әупілдеген қазақтың даласына,

Арлан үні недеген жарасым ә.

Адам үріп адамның қорасына,

Мен отырмын төбеттің моласында.

Майдандамын

Мекенім менің бабадан қалған кең аймақ,

Төсіне жортқан Көк дөнен, Қубас, Көк ойнақ.

Көк тудың нарқын көрмеген ермін кем ойлап.

Көк түрік рухын көрсетем саған көр ойнап.

Бесіктен естіп әнменен күйдің күмбірін,

Ұлымын елдің найзамен кескен кіндігін.

Отауын тігіп, түргенде отан түңлігін,

Тірлігін елдің тоздыра алмақ кім бүгін?.


Бейбіт ел болдық көңлінен ана шер кеткен,

Шаттықтың әні шырқалды бүгін жер, көктен.

Көшпелі жәйін кигіз үйімен белгі еткен,

От басы мені майданға салды жөргектен.

Намысқа жанын, қылышын қанға суарып,

Ерлерім өткен елдігі үшін ту алып.

Тұлпардың ізі тоздырған дала қуарып,

Парланған қанға аспаным менің жылыуық.

Өлілер үнін естимін кейде бір ауық.

Қорлануы өлім, тілменен діні, салтыңның,

Арымен жаны тәуелді оған әр кімнің.

Айбынын жырлап азаттық тіккен ар тудың,

Майданындамын халқымның.

Ождансыз елдің түсінер дейсің нарқын кім?.

Ел үшін десе еңсеңді име есіл ер,

Бабадан мұра аманат саған несібе ол.

Ие боп мынау даланың дарқан төсіне өр,

Керісті күнде кеудеңнен қанды кешіп өл.

1986 ызғырық

1986 ызғырық,

Ел көңілі еншіледі мұңлы жүк.

Тағдырыңа таңба салар шындық ұқ,

Бас болам деп бақылдаған бір мұжық.

1986 ызғырық,

Осы болды озбырларға тың қызық.

Халық теңіз буырқанды шың бұзып,

Боздақтарын бостандыққа қырғызып.

1986 ызғырық,

Жеңіс үшін жең байласып жылжыдық.

Жастарымыз аталмады құр бұзық,

Ұл ұжданын, сақтай білді қыз қылық.

1986 ызғырық,

Өктемдікті ор қаптырдық біз жығып.

Ұлт рухы бұғауланған үзді жіп!

Аза қылу бүгін ерен ізгілік,

Әлем халқын орынынан тұрғызып.

1986 ызғырық.

Қара құбыр...

Қытай асып барады қара құбыр,

Қара құбыр жаздырды қаралы жыр.

Жалқын мұңын жалғанның жасырады,

Салқын жонға жамбастап жаралы іңір.

Атар таңның қайырын хақтан бағып,

Аждаһаға әлі біз аттанбадық.

Ертелі-кеш оянып есіңді алар,

Құбыр жалап қыбырлап жатқан хылық.

Құдай көрік сыйлаған гүл мекенім,

Көз жасы елдің көмкерген күнде етегін.

Жылай беріп қайтемін жазымышқа,

Мұнай беріп мұңайған жынды екенмін.

15.05.09

Есінеу

Жантайсам жанымды мұң жейді,

Білмейді жарым да.

Күрсінсем көлеңкем күндейді,

Күлмейді бағым да.

Бабалар рухымен бой жазам,

Ой қазан сарқылдап.

Кетеді кешкілік беймазам,

Айналам салқындап.

Тентекпін тегімді қуғасын,

Жыр қасын,

Кеш ана!

Қураймен сырласқан қу басым,

Туғасын не шара?!

25.10.2010ж

Сілкіну

Күрсінем,

Көшкіндей мұң илеп,

Естілмей үн түрен.

Ой қашып,

Арымен алысқан асаудай,

Жабымен шайнасып.

Құрысын!

Күңге де, құлға да көндіккен,

Қой торы жүрісім.

Мәңгірдім,

Сулығым сорлыға ұсталып,

Тексізге терімді алдырдым.

Бір ауық,

Сілкінем сауырым шымырлап,

Аламан күткендей жұмалық.

25.10.2010ж

* * *

Егілмедім,

Еңсемді мұң басқанда,

Согілмедім,

Сорым қайнап сасқанда.

Төгілмедім,

Толқынданып тасқанда,

Көмілмедім,

Кенерімнен асқанда.

Берілмедім,

Беделіне мешелдің,

Көзін көрдім

Көкек милы көсемнің.

Безінгенім

Бес күнімнен бекер мұң,

Езілгенім

Ертеңі ғой, осы елдің.

Керімдерің

Жаба алмаса көркемін,

Өрімдерің

Жая алмаса өркенін.

Келіндерің

Келіспесе ел сенің,

Көз ілгені

Ертеңің.

Аксиома

Мансап жайлы айтады жұрт әрқилы,

Жайлы орында жалмауызда айбынды.

Ені ісінген есектерде есірсе,

Арғымақтың арқанынан қарғиды.

Қарны тойса құзғын құзда қалғиды,

Ал ашықса ажалыңды аңдиды.

Тұғырдағы торғайларда тойынса,

Саядағы сыбағайа саңғиды.

Ширығу

Жастығым өтті жалын ұстатпай,

Жалыныштатпай ешкімге.

Жанартау жүрек жарылыс таппай,

Жаңылыстатпас еш мүлде.

Күндерім осы күйбең илеген,

Күн көру деген ұранмен.

Цирктегі аттай күйге билеген,

Именуменен тұрам мен.

Түн тыныштығын бұза беремін,

Жылап өлеңім жөргекте,

Жұлдызға сосын ұзақ еремін,

Жеткізу үшін жер-көкке.

14.10.2010ж

Ақталмаймын

Ақталмаймын құдайға құр бекерге,

Батқандаймын күнаға күнде, түнде.

Хаққа әрдайым табынам бұл мекенде,

Жатталғанын санама үлгі етем де.

Тірлігімде сеземін мың күнәм бар,

Сыр бүгуге қақым жоқ, шындық аңғар.

Күліп жатып көз ілем ал түсімде,

Шырылдатып шағады сұр жыландар.

Тауға барсам .....

Тауға барсам тағы да қиял кешем,

Шырқағым кеп шыңында бір әнді әсем.

Қаптал-жалы қойныма сыяр десем,

Бұла далам бұртима бұғанда сен.

Тау мерейім тәккапар, не демейін,

Мұңлы ұлыңның жүрерсің жебеп ойын.

Аңғарыңның аралап өне бойын,

Жондарыңа жырымды шөгерейін.

Сендегі сыр сыйқырлы салқын әлем,

Қыран ұшқан құзыңнан қалқып әрең.

Құшағыңа бөленіп қалсын өлең,

Аңғал-саңғал өзіңдей қалпыменен.

22.10.2010ж

Рух

Түсіме кірдің текті асыл,

Түсінсем сені кек тасыр.

Көмілмей жеткен көп ғасыр,

Күрсініп айтам тасқа сыр.

Тізелі дұшпан иіліп,

Басытылар тегіс бірігіп.

Керулен дала төсіне,

Керейдің туы тігіліп.

Ұлыстың ұлы бірігіп,

Іргесі төрдің түріліп.

Абыздар кеңес бастайтын,

Астаумен қымыз сіміріп.

Қызығын тақтың тойлатып,

Бұлбұлын бақтың сайратып.

Желіде құлын байлатып,

Қазанда бағлан қайнатып.

Жататын дәурен жоқ менде,

Өкініш бәрі өткенге.

Құшақтап құшам қаратас,

Қайғымның бәрі тек сенде!

Тауларды жалғап тағдрымменен

Өлеңмен өрмей өршіл үнімді,

Елегізбеуім ерсі бүгінгі.

Қырқаның лебі қалаға ұшады,

Қытығы кернеп кеңсірігімді.

Бәйшешек қырда бүршік атады,

Даламның гүлдеп тұрсын атағы.

Бөктердің желі әредігінде,

Көктемнің исін бұрқыратады.

Алты айлық қыс жоқ Алтайымдағы,

Қайғысын айтам қай таңымдағы.

Жылғалар жырлап сай сайымдағы,

Алатау абыз ән сағынбайды.

Тілдесем үнсіз таңғы нұрменен,

Арман ұрлайды әр күнім менен.

Қауышар екем қай қырыңменен,

Тауларды жалғап тағдырымменен.

08.03.2016

Көкке ұшып кеткім келеді

Тәуелсіз елмін тәба етем,

Осылай деді дәу көкем.

Түсінер Алаш баласы,

Түсімде ғана әндетем.

Қалада қазақ қаңғырып,

Далада қазақ мәңгіріп.

Сзімнен өзім опынам,

Отымның басын шаң қылып.

Үйсіз де өзім, күйсізде,

Тілсізде өзім, дінсіз де.

Көзімді сатып күн көрем,

Көкқағаз деген шіркінге.

Арыстан жүрек түмен ем,

Тірлігім аңыз түнерем.

Алыстан келер жауым жоқ,

Намыстан күнде мың өлем.

Айшылық жерден жол алып,

Үнімнен дала оянып.

Аттандап ұран салсам ғой,

Алаштан таңдап қол алып.

Тәңірден тілсім ой алып,

Мәңгілік нұрға боялып.

Көккке ұшып кеткім келеді,

Көкбайрағыма орынып.

Қарғыс

Моншада моншағы үзілген,

Арудай жанары сүзілген.

Жалғаннан жеріндім бүгін мен,

Беймаза тірліктен бұзылды өң.

Шеменің шеңбектеп талайғы,

Мимрттап миыңа тарайды.

Сараңнан сыбаға алғандар,

Жомарттың жұғынын жалайды.

Жандайшап жинаған жақтасын,

Тексізден тартамын ат басын.

Досым деп жағынған жақтасың,

Дұшпанның аңдиды кешкі асын.

Басқаның бағынан пайда алған,

Ақылы әйелге байлаған.

Ырысын ит жеген қараудың,

Туысы тулаққа зар болған.

Тәңірден болған соң жыр еншім,

Бағымды, сорымды білем шын.

Тектілер төрінде шіренсін,

Ептілер көрінде тіленсін!!!

Атаукере

- Алашым деген қаптаған месқарындарды көргенде, аштан өлген қалың қазақ еске оралады екен...

Аштан өлген дейме тәйір көп қазақ,

Өзегімде өртке орайды кекті азап.

Сарарқаның самалынан зар ұққан,

Ағажайда жүрген атам оқ қарап.

Еміс, еміс құлағымда ертегі,

Неге естідім, неткен сұмдық дерт еді?.

Ағажайым Алашымның бөлшегі,

Шемен елдің шежіресін шертеді.

Беу, ағайын, басымыздан бәрі өткен,

Өксімейін өткенімді санап мен.

Қаңыраған қорасынан көң жалап,

Төрт түліктің тулағына зар еткен.

Тағдрыңды түршігеді тыңдап ұл,

Жаратқанның жазымышы бұлда бір.

Аңы өрмей қалған дейме тумағыр,

Құсы ұшпай қалған дейме шулағыр.

Жарты әлемде еншім ортақ, ен бірге,

Тұрған кезде есе бердім мен кімге.

Санамызға саңлау салып сөз бүрге,

Азғын қоғам ағайыннан бөлді ірге...

Уа, жаратқан, жылатпа енді жебесең,

Ойқой далам, құндағыңа бөле сен.

Қарғыс атсын соңғы атаукеремді,

Ағайынмен бірге бөліп жемесем.

Жан едім жалқы мәңгі, ай тұмарлы

Ел едік ен даланы еркін жортқан,

Болғанмен сертің мақтан, дертің батпан.

Тоналып толқып жатқан көл сымбаттан,

Шыңдарым шежірелі шер шыңжатқан.

Атпайды баяғыдай таң шырайлы,

Жондардан жусан исі аңқымайды.

Жан едім жалқы мәңгі ай тұмарлы,

Күрсінсем көзден жасым тапмшылайды.

Тұманды тіршілігім қалың өрмек,

Жүргесін әбігер боп, бәрі меңдеп.

Самалды сарыжайлауын сағынар көр,

Жататын жалбызымен жанын емдеп.

Көрмейді-ау, енді ұрпақ көш керуенін,

Қырқанын қызықтамас ескен желін.

Көтерер күрсініспен бос белбеуің,

Көк түтіннің ішінде көк шөлмегін.

Тағзым

Басқаға бодан пақыр емеспін,

Баспанам болған тыңдашы дала.

Жолдары тарам жатыр елестің,

Болғаны басып сұлбасы ғана.

Көрем мен елден керемет үлгі,

Өлеңмен өмір өрнегін өрген.

Кеудемнен мұңы неге кетеді,

Бабамның жауға кезеніп өлген.

Қорқамба сірә қамалым барда,

Ортаңда жүрсе жүрек басылмай.

Болғаны менің жазарым ғана,

Ордалы елдің кілеткасындай.

Сөздерім сіңсе зердеңе елім,

өз жөнім мүлде басқаша.

Көибесін алыс көздеген ерің,

Көрінер шалыс баспаса.

Айтамын мүмкін ашынып әлі,

Қайтамын бір күн тірліктен.

Өзіңе елім осының бәрі,

Сөзімнен менің сыр күткен.

24.01.2007ж


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар