Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Талас ӨМІРЗАҚОВ, Әмина Өмірзақованың ұлы: Ана...

07.03.2018 9875

Талас ӨМІРЗАҚОВ, Әмина Өмірзақованың ұлы: Анамның құрсағында жатып-ақ сахнада жүргем 12+

Талас  ӨМІРЗАҚОВ,  Әмина Өмірзақованың ұлы:    Анамның құрсағында жатып-ақ сахнада жүргем - adebiportal.kz

– Талас аға, анаңыз өмірде қандай жан еді?

– Анам туралы айтқанда, ең алдымен, жан дүниесінің тазалығы, мейірімділігі есіме түседі. Үйге кіре сала «Мама, тамақ берші!» деп еркелейтінмін. Бізге деген мейірімі арнасынан асып-төгіліп жататын. Сол күндерді қатты сағынамын... Анам барлығына да үлгеретін. Сонау қиыншылық жылдары әкеміздің де, біздің де бабымызды жасады, үш-төрт жерде жұмыс та істеді. Көпшілік жақсы біледі, анам небары 15 жасында Ленинградта білім алған. Өзінің айтуынша, Ленинградқа алғаш барғанда «здрасти» мен «хлебтан» басқа бір ауыз сөз білмепті. Анам маған сырлас дос та бола білді. Бірақ көп уақытын бізбен бірге өткізуге мүмкіндігі бола бермейтін. Көбінесе гастрольдік сапарларда, түсірілімдерде жүретін. Анам бүкіл қазақ халқының анасы бола білді. Қай кезде де адамдық қалпынан айнымады. Көшеде бейтаныс адамдар «Әмина апай, қалыңыз қалай? Сізбен суретке түсейікші» деп қаумалап алатын. Анам бәріне жарқын қабақпен тіл қатып, ешқайсысының көңілін қалдырмайтын. Мен анаммен бірге базарға барғанды ұнатпайтынмын. Жұрт «Әмина апай, ет керек пе? Міне! Қазы керек пе? Ол да бар» деп, барлығын ақысыз үйіп-төгіп беретін. Анам «алмаймын» деп қанша бас тартса да, олар айтқанынан қайтпайтын. Ақыры соның барлығын үйге мен көтеріп алып қайтатынмын.

– Нағашы ата-әжеңіз туралы не білесіз?

– Анамның руы – Арғын, арғынның ішінде – Тобықты. Анам «Туған жеріме, шыққан тегіме кір келтірмеуім керек» деген сөзді жиі айтатын. Атам Ерғожа өмірден ерте өтіпті. Ал әжем Ғықила есімде. Әжемнің өңі аппақ, ал көздері көкпеңбек болатын. «Біздің қанымыз моңғолдармен араласып, бұзылмаған» деп күліп отыратын. Әжем де анам сияқты 86 жасында қайтыс болды.

– Әкеңіз бен анаңыздың таныстығы жөнінде не білесіз?

– Ата-анасы ертеректе қайтыс болғандықтан, әкем балалар үйінде тәрбиеленіпті. Анам екеуі алғаш бір түсірілім кезінде танысқан. Әкем анам сияқты жоғары оқу орнында оқымаған. Бірақ анам «Мен Кәмәсиден көп нәрсе үйрендім» деп отыратын. Екеуі де театрда еңбек етті. Түнімен қойылымға дайындалып, таңертең ерте жұмысқа кететін. Әкем 1965 жылы дүниеден өткен соң, анам жалғыз өзі бізді жетілдірді. Анамның арқасында тамағымыз тоқ, киіміміз таза болды. Мен де оқи жүріп жұмыс істедім. Әпкеме оқуын аяқтауға көмектестім.

– Отбасында қанша ағайындысыздар?

– Маған дейін ата-анамның егіз балалары болыпты. Анам «солар тірі болғанда ғой» деп кейінге дейін айтып жүрді. Бүгінде үшеуміз. 1940 жылғы Ләйлә деген әпкем Астанада тұрады. Одан кейін мен, 1945 жылы туғанмын. Інім Ескендір де бүгінде алпысқа келіп қалды.

– Өнер академиясында ұстаз болып жүргеніңізге қарағанда, ата-анаңыздың жолын қуған болдыңыз ғой?

– Мен анамның құрсағында жатып-ақ сахнада жүргенмін. Анам жүктілігін жұрттан жасырып, ішін тартып байлап алады екен. Кейін есейген соң анда-санда бұзықтық жасап қойсам, анама: «Мама, маған екіқабат кезіңде атқа отырып шаптың, секірдің. Енді менен не күтесің?» – дейтінмін қалжыңдап. Анам бәрібір менің адам болып шығатыныма сенетін.

Әмина апаның өнердегі жолы қалай басталған?

– Өнер жолын «Амангелді» фильміне эпизодтық рөлге түсуден бастаған. Анам театрда барлық рөлді ойнай алуымен ерекше болатын. Көбінесе ұл балалардың бейнесін сомдайтын. Соңғы ойнаған рөлі – «Абай» қойылымындағы Абайдың әйелі Ділдәнің бейнесі.

Әмина апаның өнердегі достары туралы айтыңызшы...

– Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеевалар анамның жақын құрбылары болатын. Үшеуі көшеде қатар келе жатқанда жұрт анама қарай ұмтылса «Мына жерде менен үлкен Хадиша апай бар, алдымен сол кісімен амандас», – дейді екен.

– Немере-шөберелерінің ішінде Әмина апаға ұқсап, әртістікке бет бұрып жүргені бар ма?

– Қазір заман басқа ғой. Балалар да, немерелер де экономика саласында жүр.

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар