Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Талдаубек Әшімханұлы. Қастерлі қара сөзді қадыр тұ...

21.06.2021 2758

Талдаубек Әшімханұлы. Қастерлі қара сөзді қадыр тұтқан қаламгер (жалғасы) 12+

Талдаубек Әшімханұлы. Қастерлі қара сөзді қадыр тұтқан қаламгер (жалғасы) - adebiportal.kz

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

- Әңгімеміз жүйелі болуы үшін автордың алғашқы романы «Көкбелестен» бастасақ?

- Ең әуелі аталған роман жайында дөп басып, нұсқалы түсінікке ие болу үшін, нысанамызды айқындайтын бірер сұрау қойып, сол төңіректе ой өрістеткеніміз жөн сияқты. Өйткені, бұл романның жалпы табиғаты осылай талдауға ыңғайы келіп тұр. Бірінші, бұл роман не туралы? Екінші, шығарма қандай оқиғаны арқау етіп, қандай тәсілде жазылған яғни оқиға кім арқылы баяндалған, оның қандай мәні бар? Үшінші, жазушы оқиғаны баяндауда, жеке образдарды суреттеуде нендей шеберліктер таныта алды?

Әрине, роман аталып тұрған көлемді еңбеңтің бар көркемдік жетістігі осы ғана, осы үш сауалмен-ақ жан-жақты ашып тастаймыз дегендік емес. Дейтұрғанмен, «теңіздің дәмі тамшыдан» ғой. Шынын айтар болсақ, бұл енді, «Көкбелес» романы хақындағы өзіміздің айтар пікірімізді төтелеп, шумақтап жеткізудің амалы.

Кез-келген жазушы ең алдымен мына оқиғаны жазайын деген мақсат құрып емес, нендей идеяларды жеткізуді ойластырады. Жазушы Оразхан Ахметтің «Көкбелес» романының негізгі идеялық мақсаты екеу. Бірі, дәуір шындығының астарын ашу. Екінші, өмір қайшылығын кейіпкерлердің басынан кешкен алмағайып тағдырлар арқылы көрсету. Сондай-ақ, ұлы мұратын жоғалытпаған, адамгершілік асыл қасиеттен айырылмаған адам қашанда болсын өмірдің көк жайсаң белесіне шығады деген өзекті ойға түйінделеді. Жазушы мәдениет зор төңгерісі тұсының қоғамдық шындығын шығарманың оқиғалық астары ете отырып, сол замандағы адамдардың өмірін, қарым-қатынасын, таным дүниесін жазады. Көркем шығарманың не туралы екендігін яғни идеясын айқындау үшін оның оқиғалық мазмұнын білу керек. Сонымен бірге, идеяны кейіпкер образы арқылы оқырманның ой-сезіміне қандай көркемдік әдіс-амалдармен жеткізгендігін немесе нендей шеберлік жолдарымен жеткеніне де баса назар аударамыз.

«Көкбелес» - «Мәдениет зор төңгерісі» кезінде жазықсыз жаза шеккен жандардың өмірін арқау ете отырып, заман шындығын реалистік сипатта көрсеткен роман. Роман екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім, кейіпкер Айтбайдың Нұртайға айтқан әңгімесі. Екінші бөлім, Айтбайдың әңгімесін Нұртай арқылы қолжазба күйінде оқиғаны әңгімелеушіге (яғни «Менге») жеткізеді. Бұл әрине, жазушының оқиғаны баяндаудағы, идеяны жеткізудегі формалық жақтан тапқан әдісі. Өз шығармасын өзгенің туындысы немесе аманатқа қалдырған қолжазбасы еді деп бастайтын формалық тәсіл – Көркем әдебиетте көптен таныс тәсілдердің бірі. Мәселен, Мұхтар Мағауин «Жармақ» романында, романға арқау болған материялды Иман Қазақбаевтің архивінан табылған десе, Әкім Тарази «Жаза» романын жапон жазушысының өзіне қалдырған қолжазбасы деп бастайды. Әр екі жазушының да мұндай форманы таңдауының себебі – дәстүрлі стильден арыла жазудың амалы еді.

«Көкбелес» романының оқиғасы «мен» (байандаушы) және кейіпкер Нұртайдың аңға шығуынан басталады. «Мен» оқияттан көп жыл көрмеген досы Айтбайға кездесіп қалады. Айтбай «менге» өзінің басынан кешкен оқиғаларын бір түн баяндап береді, әрі оқиғаның жалғасын Нұртай арқылы жазып жіберуге келіседі. Кейін шынмен де солай істейді. Бүкіл романның сыртқы құрылымы, оқиғалық жүлгесі осылай өрістейді.

Қоғамдық өмірдің сан алуан шындығын жазушы бір шығармада бірер кейіпкер арқылы жеткізе алмайды. Сондықтан да, жазушы өзі қанық өмірдің бір қырын немесе тарихи дәуірдің маңызды бір кезеңінің шындығын көрсететін детальдарды таңдап алады да, оны белгілі бір топтар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыстар үстіне құрады. Жазушы идеясының көрнектіленіп, оқиғаның шиленісті, тартымды болу үшін кейіпкерлерді қарама-қарсы екі топқа бөледі. Оқырман шығармада үнемі жақсы мінез, жағымды әрекеттерімен көрінетін ұнамды кейіпкерлерге сүйініп, олардың ізгі істерін өздеріне өнеге етсе; ал, осы адамдарға кедергі жасап, қастандық істейтін қарсы топтағы ұнамсыз кейіпкерлерден жирнеді. Жазушы Оразхан Ахмет «Көкбелес» романында мәдениет зор төңкерісі тұсының қоғамдық-әлеуметтік шындығын екі топтағы адамдар арасындағы қайшылыққа құрады. Романда оқиғаға бастан-аяқ араласып отырған орталық кейіпкер Айтбай. Оқиғаның көбі Айтбай өмірімен қатысып жататындықтан да, оқиға соның ауызымен баяндалады. Әрі осы кейіпкердің өміріне байланысты – Ермек, Күлай, Қалибек қатарлылар жарқын бейнесімен көрінсе; оларға қарсы топ, дәуір белсенділері – Сымағұл, Қалдыбай сияқтылардың қиянатшыл қылықтары көрсетіледі. Осы тұрғыдан келгенде, «Көкбелес» романындағы кейіпкер Айтбай образы недәуір сәтті жасалғандығы байқалады. Сүйген жары Жамал тағдырына байланысты істер мен досы Ермекке қатысты оқиғалардан оның достыққа адал, сүйгеніне опалы, кісілігі зор азамат екендігін көреміз. Романда кейіпкерлердің тұлғасы күрделі оқиғалар барыснда кемелденіп, айқындала түскен. Көркем әдебиеттің міндеті – адам өмірінің шындығын жазу, дәуірлік сипатын көрсету. Көпке белгілі осы теориялық қағидаға орай, көркем туындыда адамдардың әлеуметтік өмірін, арман-мұраттарын ғана емес, кейіпкердің отбасын, қоғамдық қатынасын, күнделікті ұсақ тірліктеріне дейін суреттейді. Осы арқылы кейіпкердің тұлғасын даралай түседі. Жазушының кейіпкер Айтбайдың қызметін, отбасылық өмірін және оның айналасындағы адамдармен қатынасын шұқшия отырып суреттеуінің мәні де осында.

- «Құмдағы іздер» романы хат формасында жазылған ғой, автор бұндай тәсілді не үшін аттай қалап алды екен?

- Иә, роман кәдімгі хат формасында яғни эпистолиярлық стиль түрінде жазылған. Оқиға Естайдың айтқан әңгімесі ретінде – сүйген қызы Жібекке, досы Амантайға жазған хаттары. Кезкелген жазушы шығармасында баяндаудың ұтымды түрін қолданып, оқиғаны баяндаудың, кейіпкерлер өмірін суреттеудің, өзекті ойды жеткізудің әр түрлі әдіс-амалдарын қолданады. Былайша айтқанда, формалық арна, үйлесімді қалып табады. Кейіпкерлерді тартысты оқиғаларға қарай бастап, сол арқылы өз кезеңінің өзекті мәселелерін көтереді. Уақыт пен кеңістікке сай оқиғаның дәуір астарын, даму аяқалысын аңғартып, реаль өмірдегідей жанды тұлға жасайды. Осыған орай айта кетейі, көркем шығармада жазушы уақыт пен кеңестікті үйлесімді орналастыра білуі тиіс. Өйткені, уақыт пен кеңестік – көркем шығарманы бір тұтастыққа айналдыратын маңызды бөлектердің қатарында тұрады.

- Бұл шығармасында да автор өзінің бастан кешкен оқиғаларын романның негізгі астары етіп алған ба?

- «Құмдағы іздер» романының арқаулы оқиғасы – автордың көзбен көріп, жүрегінен өткізген оқиғалар екенін бірден аңғарамыз. Романға өзек болған шындық көркем логикаға сай бейнеленген. Оқиға кейіпкер ауызынан байандалып отырғанымен, оған жазушының сол заманның ауқымдық жағдайына болған козқарасы, ой толғанысы сіңіріледі. Өз басынан кешкен тағдырды яғни өмір шындығын жазушы ақыл сарабында мың қайтара пысыра отырып көркемдік шындыққа айналдырады. Қаламгер парасатының, суреткерлік шеберлігінің айқындалып, дараланар тұс та осы. Әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдолов: «Суреткер – белгілі бір дәуір перзенті. Оның шығармашылығы сол дәуірдің куәсі, көрінісі. Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы мүмкін емес»,- деп қадағалауы да, жазушы шығармасы өз өмірінің сәулесі, таным-түйсігінің жанды куәгері екендігін көрсетеді. «Құмдағы іздер» - сұрқай заман, қилы кезеңнің шындығы ғана емес, жазушы өмірінің сайрап жатқан ізі. Бұл романның тартымды болуы – әуелі, жазушы басынан кешкен өмір шындыққа құрылғандығынан болса, екіншіден, ұтымды формалық тәсіл, шебер суреткерлікпен көркемдік өреге көтере білгендігі еді. Әсіресе, романдағы көкіректен мәңгі өшпес азапты кешірмелер оқырман жанын тебірентеді. Шын өнер – адам сезіміне әсер етуі арқылы жеңіс табады. Романның басында жазушы оқырманды оқиғаға бастап кірудің жолы ретінде экспозисия жасап өткен, онда былай делінеді: «Шынымды айтсам, ол хаттардың табыс етілер иесі жоқ. Тіпті болып көрген де емес. Әйтеуір іш құсалығын басу үшін ойлаған ойымды, көңіл-күйімді осылай жаза бергенмін». Оқиға ары қарай Естайдың өмірі қиялдау, еске түсіру арқылы баяндалып отырады. Мұндай ойша елестету арқылы баяндау – жазушыны ойды бейнелеудің оңтайлы жолына салады. Ең маңыздысы, психологиялық боршалаудың ұтымды амалы ретінде қолданылады.

Тұтас оқиға Естайдың басынан кешкендері – тұрмыс жайы, оқуға аттануы, сүйген қызы Жібекпен арақатынасы, Тарымдағы қиын күндері яғни қайшылыққа толы жапалы өмір хат түрінде баян етіледі. Жазушы дәуір шындығын тартсықа толы адам тағдыры, өмір суреті арқылы бейнелейді. Романда ең көп орын алған оқиғалық мазмұн – бірін-бірі аңдып, жала жауып жарға итерген жағымсыз кейіпкерлердің мінезі, тірлік характері. Жазушы Оразхан Ахмет кейіпкерлер басындағы оқиғаларды параллель өрбіте отырып, оқиғаны қоюластыра түседі. Айып пен Махмұт арасындағы қайшылық, Қалиясқардың, Абыланың басындағы оқиғалар, Медеттің сұраққа тартылуы, т.б. детальдардың бәрі автордың идеялық мақсатынан туған, әрі жазушы куә болған оқиғалардың шынайы бір көріністері еді. Алайда, романдағы үлкен кемшілік – басты негізге алған тұлғалы кейіпкердің жасалмауы. Әсіресе, психологиялық талдауға көбірек орын берудің орнына, оқиғаны қызықтап, тек баяндаушылық, сюжет қуушылық басым. Жазушы оқиғаның жетегінде кететін немесе бірден-бірге көшетін жүйесіздік, идеяның толыққандылығына үлесі жоқ шалқушылық – ең әуелі романның көркемдік тұтастығына әсер етеді. Мұндай жағдай романда бірнеше жерде кездеседі. Он тоғызыншы хатта, Қабимолланың үйінен келген хаты жайында айтылып келе жатады да, тосын бұрылыс жасап Медеттің мінезіне, оның ғашығы Айсәулемен алысқан хаттары жайында ұзақ баяндауға көшеді. Маңызды детальдарды сұрыптап қолданбау қаламгерді бір нәрсені ұзақ баяндайтын көп сөзділікке ұрындырады. Шебер суреткерлік жоқ жерде шығарманы сөз топаны жауып кетеді. Шағын оқиғамен шалқар ойды аңдатып, сынық, жарты сөйлеммен көлемі көлдей сурет жасап, үлкен ойды аңғарта алсаң шеберлік, суреткерлік деген сол. Келді-кетті, үйтті-бүйтті бөстекі баяндаулармен, оқырманның рухани айызын қандырмайтын қажетсіз эпизодтармен көркем ой өрістеп қуат таппайды.

- Романның көркемдік ерекшелігі көңіліңізден шықты ма?

- Роман бастан-аяқ осындай оқиғаны баяндаумен тындым тапқан десек, сәл артық, ағат айтқан болар едік. Жазушы Оразқан Ахмет сюжет тұтастығын үзбей дамыта отырып та, эстетикалық мәні зор аңыздар мен мифологиялық көріністерді оқиғаға байланыстыра, салыстыра ой өрбітеді. Романда кездесетін Әтіргүл, Тарым құмы туралы аңыздар мен Ит туралы мифологиялық көрініс осының айғағы. Көркем әдебиетте, жазушы кейде халықтық аңыздарды тірілте, түрлендіре отырып, оған идеялық мән, әлеуметтік жүк артады. Аңыз, миф арқылы бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін көтеріп, жалпы адамзатқа ортақ терең философиялық ой айтады. Романдағы Әтіргүл туралы аңыз зұлымдық қаракүштер мен адамға тән жарқын мінез, асыл қасиеттердің мәнін көрнектілендіре көрсету үшін алынса, ит туралы мифологиялық көріністе ілкіден қалыптасқан халықтық наным-сенімдер алға шығады. Романда иттің адамша сөйлеп, тосын көрініс беруі – көркемдік ойды бейнелеудің бір құралы ретінде қолданылған. Бұл жерде, жазушы кішкентай детальды салихалы ой айтудың тамаша материялы ете білген. Жазушы үшін детальдың үлкені, кішісі деген болмайды. Бар мәселе, бір үзік көрініс, елеусіз детальдан терең философиялық-әлеуметтік ой түйіп, кең ауқымда психологиялық тереңдікпен суреттеп жеткізе білуде. Классик жазушы Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында өзегіне құрт түскен қызыл алманы бас кейіпкердің психологиясын ашудың деталы ретінде алады. Әрі қызыл алма жай көрініс ретінде қалып қойған жоқ. Кейіпкер Әміршіні жан арпалысына салып, ұзақ-ұзақ ішкі монолоктарға бастайды. Өзегіне құрт түскен қызыл алма ханның да өзегіне құрт салады. Сол сәттен бастап әмірші дүниеге басқаша көзбен қарай бастайды. Әлемді алақанымда ойнатамын дейтін менмендік көңіл пәс тартып, дұние-жалғанның өтпелі де опасыз, тұрлаусыз екендігін сездіреді. Демек, детальды үлкен ой айтудың жанды құралына айналдыра білу – қаламгердың кемел парасатына, шебер суреткерлігіне байланысты.

- «Аманат» трилогиясы жазушының ең сүбелі шығармасы. Сұхбатымыздың түйінделер тұсында, осы роман туралы көзқарасыңызды білсек?

Оразхан Ахметовтың «Аманат» трилогиясы жазушының бұдан бұрынғы жазған шығармаларының жалғасы сияқты әсер береді. Романның тұпқазық идеясы – ізгілік пен жауыздықтың тартысы. Бір кейіпкері адамдықтың симовлы ретінде көрінсе, енді бір соның қарсы жағы яғни жамандықтың куәшісіндей көрінеді. Романның оқиғасы – қар апатында екі немересімен қамалып қалған бас кейіпкер Нарбикенің қиын сәттердегі жан толғанысына құрылады. Романның негізгі ұлы желісі осы болғанымен, онда бір дәуірдегі адамдардың өмірі, дүниетанымы көрсетіледі. Романның басталуы – Нарбикенің ой әлеміндегі алай-дүлей қайшылықты арпалыстар, яғни кейіпкер жандүниесінде болып жатқан өзгерістер ішкі монолог арқылы беріледі. Әрі мұны кейіпкердің рухани әлеміндегі сұрапыл толқын мен табиғаттың дүлей қарлы боранын параллель қойып суреттейді. Құбылыстың сыртқы тұлғасын жазу мен сол өмір құбылысының ішкі мәніне адамның ой әлемі арқылы өту, психологизмнің бейнелеу құралдарымен суреттеу ұқсамайды. Психологиялық талдау – кезкелген жазушының қолына іліне кетер оңай олжа емес. Ондай олжаға жазушы көркемдік ойды адамның ішкі әлеміндегі күрделі, қым-қуыт өзгерістеріне байланыстыра, түрлі тәсілдермен суреттеу арқылы жетеді. Осыдан барып жазушының стильдік ерекшелігі, суреткерлік парасаты айқындалады.

Көркем шығармадағы психологизмның табиғатын танытар «психологиялық талдаудың тәсілдері сан алуан,- деп атап көрсетеді Л. Гинзбург,- атап айтқанда, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – ым, ишараттар, сыртқы қимыл көрінстері, т.б. бәрі автордың аналитикалық талдауы арқылы беріледі. Олардың ішінде кейіпкердің ішкі монологы, ішкі сөзі ерекше орын алады». Демек, кейіпкердің жан әлеміндегі құбылыстар яғни өткенге қиялмен бойлап сана арпалысына түсуі – ішкі монолог, ой ағымы, елес, қиял, түс көру секілді аналитикалық принцип арқылы іске асады. «Аманат» романының ең басында кейіпкер Нарбикенің жандүниесіндегі аунақшыған ой толқыны психологиялық суреттеулермен берілуінен – ішкі монолоктың көркемдік қызметі айқындалады. «Адам аласы ішінде» дегендей адамның шын келбеті, мінез-тұлғасы оның ойы арқылы ашылады. Кейіпкердің образы сырт портретімен толық және тұтас көрінбейді. Сондықтан да, кейіпкердің көңіл-күйін, психологиясын оның басындағы оқиғаға немесе жағдайға қатсыты дәл беретін көркемдік компоненттерге (ой тасқыны, ішкі монолог, елес, т.б.) сүйенуге тура келеді.

Көркем әдебиет жанды дүние. Оның теориясы да жанрлардың туып, дамып, өзгеру заңдылғына ілесе өзгеріп отырады. Ендеше, кейіпкер психологиясын ашудың бірі саналатын ішкі монологтың да қалыптасқан бірыңғай өлшем, қалыбы жоқ. Әрбір жазушы өзінің шеберлігі жеткен жеріне дейін жазып, жаңалық ашады. Осы ойымызды шегендей түсу үшін, қазақ әдебиетіндегі танымалы жазушылардың шығармаларында кездесетін (өзіміздің байқай алғанымыз бойынша ғана) ішкі монолоктың түрлерін атап көрелік.

- Әңгімеңізге рақымет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар