Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Талғаттың серенадасы...

07.04.2022 8811

Талғаттың серенадасы 12+

Талғаттың серенадасы - adebiportal.kz

Әлқисса, ұлы өнердің қай тарабын алып қарайық, том-том кітап жазып, аты ұмытылып үлгерген, сансыз симфония шығарып, тыңдарманды елең еткізе қоймаған ақын-сазгерлер өте көп. Әйткенмен, алпыс төрт жасында роман жазып, жалғыз романымен орыс әдебиетінің тарихынан ойып тұрып орын алған Гончаровтай, жалғыз «Полонезімен» мұқым әлемге аты мәшһүр болған Огинскийдей, жалғыз күйімен тарихта қалған Дайрабайдай тұлғалар некен-саяқ. Осы аралықта Құдай берген дарын мен қабілет, даңқ пен бақ алдыға шықпақ. Киелі Маңғыстау жұртында қысқа ғана ғұмыр кешіп, кәусар сезімінің сиқырлы пернесін баса алған, сүмбіленің ала таңын сүйіп, құсни-сағынышын «Сылаңсазға» ұластырған, шаттығының шалқар шабытынан «Шалқымалысы» дүниеге келген талғамы биік, тойнағы бөлек талантты бір перзент өткен. Оның иі қанған жырлары, әндеріндегі сырлы да мұңлы қоңыр қағыс, естелік-жазбаларындағы қоңырқай ойлары, көкірегіндегі көлемі шексіз сағынышы, жан-парағынан төгілген сәруар-сәулесі ғаламат әсеріне бөлейді. Бөлейді де жүрегіңізді жөргегіне орап, баяу тербетеді. Тәңірінің өзі отыз ұлға татырлық етіп берген Дәуіттің ұлы Сүлеймендей, бір «Шалқымалысының» өзі отыз мың әнге татитын біртуар өнер иесі Талғат Атшыбаев туралы оқырман қауыммен ой бөліспекпіз.

Кезінде Жанар Айжанованың, кейін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісованың орындауында кең таралған «Шалқымалы» әнін сүйсіне тыңдап, таңқалмаған, таңданбаған қазақ тыңдарманы кемде-кем шығар.

Жабырқап жүрген жанымды,

Жап-жарық етті бір арай,

Әуенім жаңа табылды,

Әніме менің құралай.

Жүрегім солай салды әнге,

Сазымды өзің кел жалға.

Сағыныш болсам, арман не,

Сағынатұғын сен барда.

Ілесіп әппақ арманға,

Ақерке әнім сыңсиды.

Дәл мені сендей жалғанда,

Дариға-ай, сірә, кім сүйді?

Бұл әннің авторы – белгілі ақын, сазгер Талғат Атшыбаев. Көпшілікті жұрттың жадында иірім-қайырымымен есте қалған көркем әннің назы мен сазын бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Назы ерек, сазы бөлек. Құдды, жүзікке қас қондырғандай дерсіз. Баурай жөнеледі... Аяулысын аңсаған бір ақынның жан тебіренісінен туған ән – мың тыңдарманның кеудесінде бұғып жатқан іңкәрлік, аңсар, ынтызар-сағыныш сезімдерін оятатындай...

Атшыбаев Талғат Әскербайұлы – 1959 жылы, мамыр айының 26-шы жұлдызында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылы Үстірттің «Қосархан-Шахан» жайлауында дүние есігін ашқан. 1976 жылы Шайыр орта мектебін тәмамдап, бір-екі жыл колхоз шаруашылығында еңбек етіп, 1979 жылы Орал қаласындағы А.С Пушкин атындағы институттың филология факультетіне оқуға түскен. Институттегі оқуын 1982 жылы аяқтап, бір жылға жуық уақыт Маңғыстау ауданының «Жаңа өмір» газетінде тілшілік қызмет атқарған. 1983-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп елге оралған. «Шалқымалы» әнінің тууына негіз болған зайыбы Түзел Сансызбайқызына 1985 жылы үйленген. 1994-2009 жылдары Маңғыстау облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында өнімді еңбек еткен.

Қардың көбесі сөгіліп, жердің тоң-төсі жібіген 1959 жылдың мамыр айында «Қосархан-Шақан» жайлауы нұрға малшынып, аспаннын ақ жаңбыр жауған деседі. Атшыбай ақсақал осы күні дүниеге келген тұңғыш немересіне азан шақырып «Ақжаңбыр» деп ат қойыпты. Алайда, ақсақалдың Көбен атты құрдасы жеңіс мерекесінің тұсында туған нәрестеге белгілі батырдың есімін қоюды сұрайды. Сол себепті құжатқа «Талғат» есімі беріліпті. Атасы Атшыбай ақсақал сөзге шешен, парасат-пайымы мол, ақылды кісі болған. Ашаршылық жылдары әулетінің қамын жеп, аштықтан қырылып қалмасын деп, мыңғырған отар малдың бес-алты ұсақ жандығын бала-шағасына талғажау етіп беріпті. Содан іс қозғалған. Тергеп-тексерушілердің «Мұндай қылмысқа не үшін бардың?» - деген сауалына тапқырлықпен уәж айтып, өз басын аман сақтапты. Қылышынан қан тамған сұсты үкіметтің алдында қасқайып тұрып: «Мұндай қылмысқа үкіметтің бес жүз бас малын аман алып қалу үшін бардым. Менің үй-ішім аштан қырылып қалса, бір отар малды кім аман алып қалады, мен бұл қылмысымды үкіметтің малы үшін жасадым», – депті. Қоғами мүддені алға шығарып, жауап беріп тұрған жерде соттың өзі тұйыққа тіреліп, Атшыбай ақсақалды сот залынан босатып жіберіпті. Әкесі Әскербай шаруа адам, ал шешесі Мәриям – діндар, орысша-арабша хат таныған Тоқтамыс Үсен молданың қызы екен. Талғат жастайынан әдебиетке құмартып, көркем шығармалармен сусындап өседі. Шайыр ауылында талай жыл ұстаздық еткен ағайы Оразғали Өтеулиев: «Әдебиетке құмар жастардың тырнақалды шығармаларын «Балауса», кейін «Жас қалам» газетіне жариялайтынбыз. Талғат осы газеттің шығарушы-редакторы болды. Сол кездің өзінде жазған өлеңдері мен шығармаларынан оның таланты байқалған еді. Интернатта бос уақытта Қадырдың, Сағи мен Тұманбайдың, Жұмекен мен Жұматайдың, Мұқағалилардың т.б қазақ классиктерінің өлеңдерін мәнерлеп оқып, пікір білдіретінбіз. Табиғаттан, ата-баба қанынан берілген қасиет болар, Талғат шешіліп, көсіліп сөйлеуге құмар болмаса да, ақ қағаздың бетінде алдына қара салмайтын. Оқушы кезінде тұйықтау болды, кейін ойласам, ой үстінде жүреді екен ғой... Әдебиетке, саз өнеріне деген құштарлық Талғатты Орал қаласына апарды», - дейді.

Ақын Орал шаһары А.С. Пушкин атындағы пединститутында оқығанда, группасында 20 қыздың ішіндегі жалғыз жігіт болыпты. Мақам-сазы айрықша, бөлек нақышты әуендер шығаруына әсер етуші фактордың бірі де осы – бозбала «Жалдықараның» бір топ бойжеткеннің ортасына топ етіп түсуі шығар. Тәкең өз жазбасында қазіргі Орал өңіріне танымал қадірлі ақындар: Жанғали Нәбиулин, Ғайсағали Сейтақов, Аманкелді Шахандармен бірге шығармашылық бірлестік құрып, тырнақалды туындыларын «Орал өңірі» газетіне үнемі жариялатып тұрғандарын айтқан.

Талғат Атшыбаев институтты бітіріп келгеннен кейін, Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің алғашқы нөмірін шығаруға ат салысып, 1994 жылдың қазан, қараша айларына дейін Маңғыстау аудандық газетінде жұмыс істеген. «Дала дидары», «Сәуле ғұмыр», «Ажарлы мекен ауылым», «Саз сарын», «Жампоз жыр», «Маңғыстау мақамдары», сықылды тарихи, публицистикалық хабарлар циклының, танымдық бағдарламалардың авторы. Журналистік салада қызмет ете жүріп, мақала, сын, очерк, суреттеме, мөлдір жырлар жазумен қатар, музыканы айрықша жақсы көрген. Бір сұхбатында: «Музыка тілі – сарқылмас сезімнің тілі, ал сезім – табиғаттан туа бітіп, буырқанып, бұлқынып, шығармайтыныңа қоймайтын әлемет күш. Сондықтан жүректе туып, жүректерге тура жол тарта алар қуаты бар, тыңдаушыларын тұшындыратын туынды керек. Қазіргі ән-әуендерін, мәтіндерін көріп жүрміз ғой. Сондықтан, өзіммен-өзім болғанды қалаймын. Басқа ақындардың жырларына әуен жазып, қиянат қылғым келмейді», - деген екен. Бұл күндері сөзі мен әуезі үйлесім тапқан «Түн ортасы», «Айтылмаған ән», «Сағыныш», «Шалқымалы», Шәмшіге арнаған «Мәңгі дария», Есенғали Раушановтың сөзіне жазған «Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді» сықылды әндері қазақ эстрадасында өз орындаушыларын тауып, тыңдарман жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жүр. «Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді» – халық әні. Ескі қазақ әуенінің желісінде жазылған. Тәкең Есағаңның осы өлеңіне дән ризашылықпен мәтініне ылайықтап, халық әндерін елестетерліктей етіп ән шығарған екен.

Бала күнінен Маңғыстаудың сары даласымен сырласып, көне қорымдарда түнеп, құпиялы құз-шыңдарды аралап, киелі түбектің тылсымына бойлап, ақшатқалды Ақтау жоталарының теріскейіндегі «Қақпақты» қыстауын қыстап, жазғы салым Үстірттің жазығында аттың бауырын жаздыра шауып ер жеткен Талғат Атшыбаев осынау жұмбақ та қымбат туған өлкесінің келбетін өлең тілімен әсем өрнектеген:

Қаратау – қарт бабамның қалыбындай

Сай-салаң саумал саздың сарынындай.

Ақ бұлақ ақ шуақпен аймаласқан,

Әжемнің алпыс екі тамырындай.

«Жалғантау» жалғыз тұрып жаңғырады,

«Сандықтас» өзінше бір сән құрады.

«Шерқала» шіренеді шідер үзіп,

«Көкала» көрген жанды таң қылады.

«Отпан тау» жүрек отын жандырады,

«Айрақты» әнге айналған жан құмары!

«Ақмышта» Ақбөбектің құйған суы,

Шөліңді қас қағымда қандырады.

Белгілі ақын Темірхан Медетбек інісі Талғатпен талай жыл бірге телеарнада әріптес болыпты. Ызы-шуыт, қым-қуыты көп телеарнаның абыр-сабырының арасында Тәкең аспай-саспай, апшып-шапшымай, бәрін баппен, сабырмен, ықтияттап атқарғанын айтады. Күздің жауынды күндерінің бірінде Темірхан Медетбек, Сабыр Адай, Светқали Нұржан үшеуі Талғат Атшыбаевтың әке-шешесінің үйіне барыпты. Талғаттың әке-шешесі де барын алдына тосатын ақжарқын жандар екенін, сол кеште дастархан басы жиылмай түнімен әңгіме тиегін ағытқандарын есіне алады.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, досы, замандасы Бірғали Байекеев Тәкеңнің шығармашылық қырын кең сипаттай келе: «Талғат Атшыбаев шағын суреттемелері мен мөлтек әңгімелерінде аллитерация мен ассонансқа айрықша қарайтын. Мұнысы оның ақындық жаратылысынан болуы керек. Талғаттың татымды да тартымды материалдарында жаңашылдық пен тосын тапқырлық атойлап тұратын. Сол лирикалық сарын оның өлеңдерінде үдей түсіп, жан жүйең мен сұлу сезіміңді қозғайтын. Газетте қате жіберіп алмау тұрғысынан қарағанда, мен жұмыстас болған журналистердің арасында Талғаттан сақ, қырағы, сауаттысын кездестіре алмадым. Оқырмандарымнан мұның бәрін «сыңаржақ мақтау» деп ұғып қалмауын өтінемін. Шындығына келгенде Талғат атап айтуға тұрарлық, айсберг тәрізді үлкен талант. Біз оның көрінетін бөлігімен шектеліп жүрміз. Содан да түсінушілері жоқ, болса да тым аз. Соның бірі өзіммін», - деп баға беріпті...

Қазақтың әнші қызы Мақпал Жүнісовамен шығармашылық әріптестік бастау алған күн

Белгілі ақын, тарихшы Сұлтанбек Құдайберген өз естелігінде екі мыңыншы жылдардың басында Ақтау шәріне қазақтан шыққан тұңғыш бард-әнші Табылды Досымовтың келгенін, келісімен, (әдеттегідей) Светқали Нұржан мен Майрасын (Ғұмарова) іздеп, Талғат Атшыбаевпен кездестіруді өтінгенін жазып, екі алыптың кездескен сәтін былайша әсерлі етіп суреттейді:

«...Міне, Табылды түскен «Ақтау» қонақ үйіне Талғат та жетті. Төртінші қабаттағы бөлмесінен шығып келе жатқан Табылдымен дәліздің бойында құшақ айқастыра, төс қағыстыра көрісті. Етті-жөнді, толағайдай жігіттер құшақтасқанда – құлжа бастарының арасы бір құлаштай алшақта қалды»

Марқұм Табылды Досымов Тәкеңнің «Шалқымалы» әнінің құрметіне орай Атырау облысының Дендер (Иінді Өр) ауданында байқау ұйымдастырыпты. Байқауға 21 орындаушы қатысыпты. Өзі сол жылдары ауданның мәдениет бөлімін басқарған екен. Талғат Атшыбаев байқаудың болып өткендігі жайында кейін есіткен. Бұл – Алаштың аймаңдайлы аяулы азаматтарының, біртуар перзенттерінің, көзі тірісінде бір-біріне білдірген ыстық ілтипаты, көңіл-қошеметі шығар...

Қатарлас құрбы-құралпыластары мен әйгілі ақын Қадыр Мырза Әли Талғат Атшыбаевтың шойыннан құйғандай атан жілік бойына, көрік-кеуде арыстан бітіміне, жалбыраған шаш қою үлгісіне бола еркелетіп «Жалдықара» деп атайды екен. Ал, бұлай аталуының түпкі себебі желкелігінің төмендеу тұсында бір уыс жалы болыпты. Табиғаты қаталдау Үстірт аймағында сусыныңды қандырар шыңырау, бұлақ сирек кездеседі. Тәкеңнің де өз ғұмыр-парағында шөліңді қандырар ән-дариясын сирек жазуы – туған даласына тартқандығы шығар. Есті ән жазып, рухани мұрамыздың тірегі бола білген, заңғар ағаларымыздың бірі Талғат Атшыбаев бейнесі болашақ ұрпақтың жадында жаңғырып, қанша ғасыр өтсе де өз құнын жоймайтынына бек сенімдімін. Ақжаңбыр әлемі – шынайылықтың шырайы болып қала бермек...

Өнер иесі хақында жазуға ниет еткенімде қазақтың дуалы ауыз биі Мәтжанның төмендегі сөзі есіме орала берді. Ертеде үлкен бір жиын болып жатса керек. Сонда әлгі жиында есім-сойы дерексіз домбырашы атақты күйші Есірдің «Жалдықара» күйін болымсыздау етіп тартыпты. Домбырашыға көңілі толмаған Мәтжан би: «Біздің ауылда жалдықара еді, бұл жақта жалсызқара екен-ау», - дейді. Сол айтпақшы, Алаштың Жалдықарасына айналған әйгілі сазгер жайлы хадари-хәлімізше баяндауға тырыстық. Соқпай өткен, айтылмай қалған тұсы болса ғафу өтінеміз, құрметті оқырман!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар