Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тамаша Қойшыбайтегі. Сабыр ет, өтер мұңым да...

17.01.2022 4912

Тамаша Қойшыбайтегі. Сабыр ет, өтер мұңым да 12+

Тамаша Қойшыбайтегі. Сабыр ет, өтер мұңым да - adebiportal.kz

Қарағандылық ақын Тамаша Омарқызы Қойшыбайтегінің қоғам, заман туралы өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сабыр ет, өтер мұңым да,

Баянды бақыт тіледім ағын-жырыма.

Алтындай сәуле жарқ еткен жасын-нұр құйып,

Жарасым тапты, жол салып сұлу сырыма.

Тас-талқан етті, ойларым ескі қамалды,

Қайтадан түлеп, сарайым-санам жаңарды.

Жастықтың асау жалыны шарпып жанымды

Тұла бойымнан тамырлы жырлар тарады.

Кеудемде дүлей, алапат дауыл асыр сап,

Отты ұшқын сыйлап, жанары өткір жасындар.

Қайрылмай артқа, арманға алыс асыққан

Толқыны қатты өзендей менде тасу бар.

Арындап қадам басыппыз алға біз бүгін,

Жігермен жаншып жәбердім алыс күз күнін.

Жетуім үшін жүйткітіп өткен жүйріктей,

Желпініп келіп, босаттым өлең тізгінін.

Алдымнан шығар асқарлар, шыңдар, асулар,

Байқасаң менде теңізге біткен ашу бар.

Отызын күтпей орданы бұзып өтетін

Таланттар шыққан бір ширек ғасыр жасым бар.

Жанымның түпкі тереңін бойлап ар тұнар,

Ұға алсаң менде өлеңге деген бар құмар.

Барымды байлап, басымды тіктім дей алам,

Шешінген судан тайынбас деген шартың бар.

Түс

Табындырып бір құдірет – күш кие,

Астаң-кестең сапырылды-ау дүние.

Жүрек – қағыс тоқтап тұрып қалғандай

Тұнжыраған қалпында тұр түнім де.

Әлденелер түсіп жатыр аспаннан,

Кез келді ме Құдай ұрып тас жауған?

Үн шығармай үнсіз ғана тобыр тұр,

Неткен дүрсіл жүрек қорқып, тас жарған?

От-жұлдыздар қаһарланып кеткендей,

Кеудедегі мың бір үміт өшкендей.

Билік кетіп қыбырлаған пендеден

Қайта келмес ғұмыр-дәурен көшкендей...

...Түсім екен.

Бір тыныстап алдым-ау!

Шырғалаңда шырылдаған жан – мынау.

Есімді алды-ау ақырзаман елесі,

Түс те болса күйіп-пісіп жандым-ау.

Заман тынысы

Күркіреп келген Қабанбай,

Елесі ме бұл оның?

Көзімді жұмдым табанда-ай,

Әлдене сезді жүрегім...

Күркіреген дауыстай

Мыс атаулы сиреді.

Қымқырғаны ішінде

Әйелі ерді биледі.

Заман солай күйреді

Жай қалды қыздың сүйгені.

Сұрауы жоқ баланың

Кімдерге керек күлгені?

Ойлантып сұрақ бір мені,

Жүр деймісің жалғыз-ақ?

Ауыр түннің өтуін

Күтіп келем, таң ұзақ.

Маған да келіп бір тұман

Тұмшалады көзімді.

Жүрек жалғыз, жол жоқ-ты,

Қайда қоям өзімді?

Кімге айтам сөзімді?

Сезімді қайтем сезімді?

Ойынына қанбаған

Балалық менде көз ілді...

Жаратқан жанды жалғыз ғып,

Еселедің екеулеп.

Деп тілеймін Раббыдан

Болмасын ісім бекерлік.

Мың күндердің жалғасы

Бір күн келер қайырлы.

Қуануға асық боп

Жеткізіп қойдым ойымды.

Сөз сөйлейік пайымды,

Көңіл болсын тойымды.

Жеңейік мұң-уайымды,

Не дейін енді тыңдаушым,

Түсінерсің жайымды?

***

Қалай да қалай дүние алшаңдап тұрсың?

Ажал құштырып біразын алғам деп тұрсың.

Қауіпті кез де қаралы күн де көбейді,

Тағдырын үгіп, талай жандарды талқандап тұрсың.

Қалай да қалай суық жел соқсам деп тұрсың!

Үлкен бе кіші, әйтеуір, алсам деп тұрсың.

Сұрланып тұрып, сарғайған күз де жетіпті,

Қара халыққа қомақты ой салсам деп тұрсың.

Солай да солай сұңғыла сары дала мекен,

Дақпыртты дуыл тыныпты, даңғаза бөтен.

Заңымыз деген – ата заң келген күн екен,

Ала заң болып жайына қалмасақ екен.

Дүбірлі дүние болып тұр қазір дүр басым,

Шырылдап тұрмыз, мұңымыз тіл боп тұрған соң.

Күрмелген күйің кірбіңнен қашан арылар?

Күң бейне сана күнің бар қашан туатын?

Өртеніп-ақ жүр от-кеуде талай бастығып,

Қашанға бұл ел жүреді көзде жас тұнып.

Бөрімін дейсің, тұлпармын дейсің асқақтап,

Ірілік болмай қайдан келеді хас қылық?

Езіліп жүрсің, десек те басты жұл, көтер!

Жарап қалмасаң жылаңқы жазған жыр бекер.

Асан боп тұрар жау шапқан заман емес бұл,

Қасаң күн келер осалдығыңнан құр бекер.

Аңғарар ойды тереңдеп, сүңгіп жайын кім?

Егемен деген алдамшылығыңа тойындым.

Заманға нала, қоғамға нәлет жеке бас,

Жұртыма жетпей,

Әділдігі жоқ заңыңның...

***

(Арыста қаза тапқан арыстар рухына)

Арыстар-ай!

Адуын ағыс жұтқан,

Намыстар-ай!

Өр басын отқа тыққан.

Заманның запыраны зар боп шығып,

Бейбіт күнде бақ келмей қарыс, тұтам.

Самалы сары даланың сойқан желдей,

Опырылып жатқаны ойпаң жердей.

Әлдеқандай күн келді қазағыма?

Омырылып кетуде қалқан көрмей.

Ащы зар, өксік толы көп кеудені

Өкіндіріп не еткенің от-кеудені?

Қыр басында қылтиып тұрған елдің

Бұл көпірде аз ба еді шоқ көргені?

Осы күн жайлап қайғы жарты басын,

Құдайым, шерімді азайт, жартыласын.

Жар дегенде Жаратқан деген жұрттың

Зар күйін енді немен толтырасың?

Жас бер жасқа, жүзінен әр таймасын!

Үлкендері тым ерте қартаймасын!

Мен халқыма өзіңнен дат сұраймын:

Ғұмыры еселенсін, ортаймасын!

Сүрінбейтін ете көр жарыс жолын!

Бес елі қыл талайын намысты ердің!

Қармақ өмір торына түспейтіндей

Құламас Құлагердей шабыс бергін!

Тыныш күнде балалар жыламасын!

Сын сағатта туымыз құламасын!

Кемдік пенен кетіктің орнын келтір,

Момын елдің дұшпаны тұраласын!

Өмір өткелдері

Сертшіл едім.

Осалдау болып кеттім.

Жылуы аз өмірден тоңып кеттім.

Жастық деген жайқалған бақта жүріп,

Жапырақтай күз келген солып кеттім.

Оңып кеттім,

Сындарлы күйге түстім.

Мазмұны жоқ өмірге үйреністім.

Есем кетіп қалардай ессіз күнде

Нысаналы сөзімді түйреп ұштым.

Жараландым,

Жарлының күйін кештім.

Мінез таңдап жықпастай туымды ешкім.

Шалып тартып, тағдырым құлау күтсе

Жаралы қанатымды сүйреп ұштым.

Жыр келгенде дауылды, дүлей күшпін.

Арасынан келгендей кілең қыстың.

Сыр келгенде саябыр, салқын тартып,

Сабырлыдай сабама түстім, түстім.

Елге наз

Қағып-қақпай қанатын арлы тілім,

Оу, елім, аз болды ма сорлы күнің?

Мінез керек өсуге, білім керек!

Бейқамдығың, ол – сенің сорлылығың!

Қазақ үнсіз біраздан, рухы қайда?

Отырғандай көрінеді қарап айға.

Ел, жер дауы тұтанған өрттей боп тұр,

Шын тұлпар тұрмайтын еді аламанда?

Даулы сөз тоқтамаса салам алға,

Шешен тіл шешіп береді қалағанда.

Төле бидей төрелік кім айтады,

Аш қасқырдай ауыздар жаланғанда?

Ерлерім жүр елдігін еңсере алмай,

Қара бастан аспаған кеңсе қандай?

Жарым басың жарты боп тұр онсыз да

Шығам деген шынарға шын сене алмай.

Неден екен білесің күйің мықты,

Жоғалтып ап отырсың ұйымдықты.

Бес теңге де берілмей сүйіншіге

Құр мақтанға жинапсың тиындықты.

Шығады ер де, әйел де сын сағатта,

Асылдарды лақтырып сонша отқа.

Жақсыларың шашылып жатыр ма еді?

Жүргеніңнен не пайда құр санатта?

Әрқайсысы шеттерінен білем-білгіш,

Бос сөзге иек артып, күле білгіш.

Алдыңнан да, артыңнан шықпай қалар

Азғындар, жегеніңше тіреліп іш!

Тұл мақтаның тұрақтап тұрса жақсы,

Былдыр тілің былдырлап шықса жақсы.

Ақылыңа тұсау сап қойғансың-ау,

Қайдан келе береді мұнша нәпсі?

Жарамадық, ей, қазақ, жарамадың!

Қуанар тұста жүрек жараладың.

Кімнің ғана қадірін біліп едің?

Нені?

Қашан?

Қай кезде сараладың?

Жайлап өтті жағалай орманыңды өрт,

Ақиқатшыл түспесе торға міндет.

Шабандарың шауып жүр айғайлап-ақ,

Жорғалаған жүріспен жорғамын деп.

Не дейін ер қазағым, сор қазағым?

Бітер ме екен бастағы бұл азабың?

"Оян"десе, бәрібір өзгермедің,

Дегенмен, өзгергенің жөн қазағым!

Ұғарсың жақсың да бар, жаманың бар,

Тек қинай ма, дедім ғой, саналыны ар.

"Білме, білгеннің тілін алма"- деген

Қарғысты айтпай отырған заманым бар...

Сал, әуен!

Жайлап әлем кеңістігін,

Дыбысыңмен оралсын келісті күн.

Қашанға ел дәлелдейді көнбістігін?

Даралық неге керек "мен күштімін"?

Жырыңмен жарылқай бер жалпақ елді!

Сырыңмен тілгілеп сал сойқан елді!

Жауабын ешкім біле алмайтындай

Жалауын өрге шығар байтақ елдің!

Мен сонда, өзіңменен байтақ елмін.

Иесімін осынау байтақ жердің.

Жұбан ақын жырлаған жыр болып ем,

Тамаша боп өмірге қайта келдім.

Қайта келіп, қазақ боп айта берем,

Өлтіріп көр, өлмеймін, қайта келем!

Жұбан айтқан...

Мен де айттым, олар да айтар,

Қазақпын деп бәрібір айта берем!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар