Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тамырым менің тереңде...

31.08.2017 6881

Тамырым менің тереңде

Тамырым менің тереңде - adebiportal.kz

(Ғұмырнамалық эссе)

«Ақын Жұмекен Нәжімеденов адам өмірін үш-ақ күнге балап, үш кезеңмен саралаған. Жарық дүниеге келуің, жан махаббатын кешуің, яғни бүкіл ғұмырыңның игілік-ізгілігі және артыңда қалдырар ізің, ұрпақтар жадында сақталар мәңгілік сапарың».

Зейнолла Серікқалиұлы

Жарық дүние*...

Жарық дүниеге келген пенденің жұмақтың жайлауында жүрсе де көңілі алғаржақтанып, сағына беретін аяулы мекені – туған топырағы. Қандай сиқырмен кіндігіміз байланып, көңіліміз арбалғанын білмеймін, мына тіршіліктің топырағын басқаннан бері сол қасиетті мекеннен табанымыз ажыраса жанымыз жүдеп, қайтқан қаздай қоңыр төбемізге оралсақ мойнымыздан зілбатпан жүк түскендей рахат сезімнің құшағында балқитынымыздың себебі, неде осы? Опасыз жалғанның есігін жылап ашқан жанның жалғыз сенері - Құдай екені қандай ақиқат болса, екі дүниенің арасын жалғап тұрған жалғыз жұбанышы - кіндік қаны тамған топырағы екені де дәл сондай шындық. Ақыл таразысына салып көрсек, фәнидің қызығына шомылып жүрген дариға-дәуренде ет-жүрегімізді елжіреткен қуаныштар - ата-ананың аялы алақаны, бала-шағаның қызығы, достарымыздың көңілі.. бәрі-бәрі өмірдің қас-қағым сәттік алданышы ғана екен-ау! Алладан жарлық түскен күні тағдырыңды жарық сәулесімен нұрландырған сол қызықтардың бәрін де тастап мәңгілік мекеніңе оралып, туған жеріңнің топырағына айналасың. Қалтасының түбі тесік кедей немесе жалғанды жалпағынан басып өткен бай-бағлан болсаң да уақыт өте жалаңаш тәнің көмілген кішкентай төмпешік те күлге айналып, өзің де бара-бара ұмытылып, басқан ізің де қалмайды қара жердің бетінде. Егер артыңда адам баласының жанына ізгіліктің шуағын шашатын сәулеңді қалдырсаң ғана халықтың жанымен бірге жасайтын - екінші өмірің басталады.

Зады, туған жерімізді құдіретке теңегенімізбен, кіндігіміз кесілген мекеніміздің атын айдай әлемге танытып, топырағын қасиетті етіп тұрған сол төбеде дүниеге келген азаматтары емес пе? Әйтпесе, туған жер деп мақтануға болатын біз жарық дүниеге келген төбеден де жүз есе сұлу талай-талай тамаша таулар мен таңғажайып теңіздер, алып мұхиттар мен ну ормандар, көркіне көзің тоймайтын кербез табиғат мына әлемде толып жатыр.

- Туған жерің қай жер, - деді, - жаңа ақын?

- Ол жерде де аспан мен күн болатын.

- Туған жерің қай жер? – деді бір келіншек күлегеш,

- Қар жер! – деп жауап бердім, - су емес.

- Он жылдықты қайда оқыдың?- деді ер бір,

- Мектепте! – деп толқыдым мен –

оқытқан-ды өз ісіне ұсталар...

- Ауа райы қандай еді ол жердің?

- Жауатұғын жазда – жаңбыр, қыста – қар,

бұлттар маңып жататұғын биікте,

бар еді онда бұралқы ит те, киік те.

Шөптің басы сыбдырлайтын жел ессе...

- Барлық жер де дәл осындай емес пе?!

- Міне,-дедім енді дұрыс ұқтыңыз,

Қайда да бар ойлы жігіт, мықты қыз.

Отанның да қай жеріне күн мен ауа тарайды,

Қай төбенің аспаны да арайлы

Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды.

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың сұхбаттасу формасында құрылған осы бір шағын туындысында біздің бәріміздің де бойымызды билеп алған, туған жерімізбен мақтанғымыз келіп тұратын жұмбақ сезімнің себебіне тамаша жауап берілген.

Мазмұны да, түрі де, сипаты да ұлттық болып келетін поэзиямызда туған жер тақырыбын жырламаған ақын кемде-кем. Тіпті, туған елінің көркем табиғатын, географиялық ерекшелігін, батырлар мен шешендер шыққан топырағының қасиетін таныту үшін бұл тақырыпқа тұтас бір кітап арнаған ақындар қаншама. Әдебиетіміздің ұлттық сипатын түрлендіре және мазмұнын байыта түскен сол туындыларда киелі өлкеміздің қадыр-қасиеті жеріне жеткізіп сүгіреттеліп, бояуы қанық, айшығы анық етіп әдемі кестеленді. Жыл тұлпары Жұмекен Нәжімеденов те өзі жарық дүниеге келген өлкесін өлмейтін жырларына арқау етіп, туған жер - алтын бесігі Қошалақ құмының атын әдебиет тарихына мәңгі өшпестей етіп жазып кетті.

Ақындық дегеніміз адамға сүйекпен даритын ерекше дарын қой. Алайда сол тылсымы терең, ғажайып құдіреттің Жұмекеннің шығармашылық табиғатына топырақпен бірге сіңген қасиет екенін оның туған жер тақырыбына арнаған өлеңдерін оқығаныңда тереңірек түсіне бастайсың.

..Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды

төбе жай.

Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай

Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш.

Пайғамбардай паң емес,-

Жалаң аяқ, жалаң бас.

Өзіңді іздеп тағдырым

Өзіңді іздеп замандас.

Қасиетті қағбама – әр жыл сайын аңсаған –

Хажы барған қарттардай соғып жүрем

мен саған.

Менің – Меккем – Қошалақ, ескі мекен,

сары жұрт.

Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып...

- Менің күнәм бірақ та – болса менде

күнә, рас,-

Туған жердің бетіне көлеңке боп құламас.

Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан

жарылам,

жарылғандар әдетте, жарылады ағынан.

Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар

жағынан,

ең тұрлаулы махаббат,

Сені, сені сағынам,

Қошалағым о, менің қасиетті Қағбам!

Жастық шақтың қоңырауы кеудемізде күмбірлеп, аспандағы жұлдыздарға қолымызды созғызған сонау «махаббат қызық мол жылдары» Жұмекенің кір шалмаған таза жүрегінен ақтарылып түскен осы жыр жолдарын оқығанымызда біздің көзімізге Қошалақ құмы жердің жұмағындай жайнаған таңғажайып мекен болып елестеген. Ұлы ақынның туындаларын басына жастанып оқитын келер ұрпақтың да дәл осындай сезімді басынан кешіп Қошалақ деген сөзді естігенде жұмаққа бергісіз ертегідей өлкені көз алдына елестетініне мен еш күманданбаймын. «Қошалақ тауы» деген туындыны оқыған жанның саршұнағы шошқаша қорсылдаған, торғайлары құдды қыран құстардай қалықтаған Жұмекен сүгіреттеген далада адам түсінбейтін жұмбақ құдіреттің бар екеніне сенбеуі мүмкін емес еді.

Көкшіл төбе.

Тау деген құр атағы,

дала күні құсап күні батады.

Өзіне тән бірақ аң, құс, даусы бар,

кім біледі, бұл да содан тау шығар?!

Айналасы қобыраған жал-жал құм

Жел көтерген жалы сын-ды жалғанның.

Маңдайымен салыстырсаң

әлгі көк

Жусан төбе талай таудан мәндірек,

салмақтырақ,

атақтырақ.

Әңгі, ала

Қарғасының өзі қарар паңдана.

Жер отына хайуан біткен өш-ті аса:

Мортығын қой маңырап іздер, ешкі асап.

Қыран құсап қалықтайды торғайы,

Саршұнағы қорсылдайды шошқаша.

Неткен тоқтық!

Тағдырына мәз бәрі,

дуадақтай – көбелегі жаздағы.

Бөксе артып ем – тарғыл тасы тоқтықтан

Тулап-үркіп жығып кете жаздады....

Ия, ұлы ақын жырлаған Қошалақтың табиғаты осындай. Жұмекеннің дәл өзіндей қарапайым, сырт көзге төбе болып қана көрінгенімен шыңыраудай терең сырын ішіне бұғып алған құм мінезі Нәжімеденовтың ақындық жаратылысынан қалай айнымай қалған десеңізші. Ғафекеңнің (Қайырбеков) сөзімен айтсақ, туған жерін бар болмысымен сүйген ақын оны бүге-шігесіне дейін, бәйтерегі мен қурайына, құланы мен құмырсқасына, атаны мен есегіне, төбесі мен тауына дейін, бұлағы мен атырабына дейін қапысыз танып, жаңылмай жырлады.

Қошалақ-ай!

О, жаһанның мықтысы!

Қар, мұз түгіл, жарытпайды шық түсіп.

Мұнша аласа болмасаң сен,

келмес ед

көрген жанның басына бір шыққысы!

Бірақ, бірақ, ойлап көрсең індете,

аласалық – адам кешпес мін бе екен?!

Әр бұтасы айдарлы, әрі кекілді –

жақсы ақынның қолтаңбасы секілді!

Күндемеңдер, ей, достарым, күндеме

төбесін тау жасайды деп бұл неге.

Аң, құсы бар, демек, ерек даусы бар

тау болса егер, кім біледі, тау шығар?

Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары,

тау аз ба екен асыраған атағы –

бұ да соның бірі болып жатады.

Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) «Жаңатұрмыс» колхозында, Қошалақта дүниеге келді. Қазақтың аруақты батырлары, жыр сүлейлері мен дүлей күйшілері дүниеге келген киелі де қасиетті топырақта туған ақынның арғы аталарының бірі Қартпамбет те тарихта аты қалған - атақты жырау. Өкінішке қарай талантымен дүйім жұртты тамсандырған әйгілі жыраудың өмірі мен шығармашылығы жүйелі зерттелмегендіктен ол туралы деректер соншалықты көп емес. Біздің білетініміз қазақ даласында келе жатқан көшті «мынау өзі не деген ұзақ көш, Қартпамбеттің жырындай» деген ел аузында қалған сөздің бар екені. Ұлы ақынның жұбайы Нәсіп Мұстахқызының айтуынша, Қартпамбет - Жұмекеннің бесінші атасы. Бөрлібайдан Қартпамбет, Қартпамбеттен Таңқай, Таңқайдан Стамғазы, Стамғазыдан Нәжімеден, Нәжімеденнен Сабыреден, Сабыреденнен Жұмекен туады.

«Жұрттың бәрін уайымға қарық қып, ырым еткен құманынан су ұрттап, бас шайқайтын мезгілінде ымыртта, Нәжімеден қайтыс болды жарықтық», - деп Жұмекен жырлаған ақынның үлкен атасы өнерден құралақан адам болмаған. Ол кісінің соғыстан оралмай қалған жалғыз ұлы Сабыреденге арнап шығарған жоқтауы бар. Ет-жүрегіңді елжіретіп жіберетін сол жоқтауды әлі күнге дейін жұрт жатқа айтады.

Сабыржанға

Сарғайтып сағындырдың балапаным,

Жаямын тілек тілеп алақаным.

Жанарым шылауланып құрғамайды,

Кеткен соң еске түсіп Сабыржаным.

Жалғызым жау жолына белін буды

Бұрынғы батырлардың жолын қуды.

Әрдайым сақтағайсың қарағымды

Килігіп ер басына күндер туды.

Жас келді жетпіс бестің белдесіне,

Қол жетті өткен өмір келмесіне.

Сарғайтып сағындырмай ертелі-кеш,

Жақсылық бергей еді пендесіне.

Жарылқап құлым десең кемпір-шалды,

Көрсетсең арманым жоқ Сабыржанды.

Бес жылдан бермен қарай жалғызымнан

Хат келмей қайыстырды қабырғамды.

Жұрағат екілі-үшті бауырым-ай

Туғанға сау-саламат қауыштырғай.

Көре алмай кетем де деп жалғызымды

Кауіп еттім өте қатты ауырып-ай.

Қайғымен қапаланып сөз шығардым,

Жалғызым, артыңда бар бір тұяғың.

Жұмекен айналайын кемпір-шалға

Алданыш болып тұрған сол шырағым.

Сағынып саулы інгендей күңіренемін,

Сабыржан еске түсіп тебіренемін.

Тәтті екен алдануға немере де,

Соған да көңіл бөліп шүкір етемін.

Қайтейін кәрі көңіл шабандау ғой

Тілейміз Сабыржанның амандығын.

Келгенде жетпіс беске жер таянып,

Жалғыздың көрсетпегей жамандығын.

Өсірген сылап-сипап қайран бала,

Әлпештеп қарақ-шырақ болған жаңа.

Жүр ме екен сүйтіп қарғам осы күні

Жанына жалғыздығы болып пана.

Бозторғай шырылдайды баласына-ай,

Көре алмай баласының қарасын-ай.

Жауда жүр жанын қиып қайран бала,

Ата мен еркелеген анасына-ай.

Сабыржан өзің кеткен орындамыз.

«Ашақтың» айдын ирек сорындамыз

Тоқ санап сорда басқан өз ізіңді

Қарағым сағынғанда көріп тұрамыз.

Жайқалтып жорға міндің осы сордан,

Жалғызым аман келгей жау жолынан.

Аллаға еш арманым болмас еді-ау:

Бұйырса топырағым өз қолыңнан.

Жүреді бұл дүниеде шайтан өлмей,

Бұйрық жоқ адамзатқа жүруге өлмей.

Жалғызым аман-есен қауышқанша,

Ажалға бірер кезек сабыр бергей.

Ойлаймын жалғызымды от басынан,

Көзімнің жас ағады жотасынан.

Біздерден осы күнде не сұрайсың,

Айрылған боз мамамыз ботасынан.

Ішімнен шыдай алмай сөз шығардым,

Түсінер ақылды адам сөздің парқын.

Бөлуге көңілімді осы себеп,

Құрметтеп қадырлейді қайран халқым.

Әрдайым қуат бергей жас жандарға,

Бұл ортақ болды бірақ барша жанға.

Ұлы той көппен көрген шүкір етіп,

Отырмыз келер-ау деп Сабыржан да.

Алаша руымыз сұлтан-сиық,

Бай біраз ата-анаға бәрін жиып.

Тапсырдым сақтай гөр деп шырағымды,

Қыдыр ата қауыштырғай пана иіп.

Түзде өсіп, қарашағым, үйде туып,

Ойлаймыз келер-ау деп жауын қуып.

Қысқарттым біраз ғана етіп ермек,

Көңілдің жел сөзбенен кірін жуып.

Жеңген соң кесір жауды келер-ау деп,

Баршамызға шын тілекті берер-ау деп.

Ұмыттырып өткен күнді қарашығым,

Қуанып қарап жүрміз келер-ау деп.

Стамғазиев Нәжімеден.

Әрине, сөздің түбін түсіріп, майын тамызған ақын болмағандықтан өлеңнің «әттегенайлары» әр жерден көрініп тұрғанымен, шағын ғана туындыда әкесінің баласына деген қаншама сағынышы мен екі көзі төрт болып келер күннен күткен қаншама үміті жатыр еді, десеңізші. Аты аңызға айналған Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні – алаша ауылынан шыққан Нәжімеден ақсақалдың тірліктерін ел әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Қиын уақытта өмір сүрсе де Аллаға деген сенімін жоғалтпаған, жүзінен мейірімділіктің нұры төгілген ол кісінің жарқын бейнесі ақынның «Ырым» деген өлеңінде әдемі кескінделген. Адамгершілікке, ізгілікке, мейірімділікке, имандылыққа, рухани тазалыққа тәрбиелейтін өмір әліппесін етегіне сүйретіліп өскен немересіне үйреткен Нәжімеден қария осы ұлы қасиеттердің бәрін де Жұмекеннің санасына құйып, бойына сіңіріп кетті. «Ырымды» оқығанда Жұмекендей ұлы перзент дүниеге келген топырақта туған елдегі адамдардың азаматтығына, ұғымдарының тереңдігіне, елдіктің туын биік ұстап отырған ағайыншылдығына, мінездерінің кесектігіне сүйсінген үстіне сүйсіне түсесің. Қалың елді өнерімен таң қалдырған таланттардың, ерлігімен көзге түскен батырлардың, сөзі семсердей ақындардың, ойлары теңіздей даналардың осы өлкеден неге көптеп шығуының шын себебін түсіне бастайсың. Ойлап отырсам, жетімі мен жесірін жылатпайтын, қарақан басының емес, бүкіл әулеттің қамын ойлайтын елдік қасиетін жоғалтпаған ортада дүниеге келудің өзі - зор бақыт екен-ау, адам баласына. «Ырым» деген өлеңде Жұмекеннің кіндігі кесілген жұрттың елдік қасиетінің мағынасы терең сыры өмірден алынған мысал арқылы шебер ашылады.

Ырымшыл ма,

Құдайшыл ма сол кісі?

Жақын ұғым алдыңғысы, соңғысы:

ырымшылдық – қараңғылық деп ұқтық,

құдайшылық – қартайғанның белгісі.

Көшерінде Қошалақтан талай кәде жасалды,

бәрі, бәлкім, кәріліктен бас алды?

Қарт әйтеуір қара інгенге жүк артып,

Қара қойды құрбандығына шалды.

Қош айтысты ел, - әй, қиын-ақ, қиын-ақ:

белбеуіне бір уыс құм түйіп ап.

Көзбен емес сақалымен төкті жас.

«Оң сапарға» жиылған жұрт көп-ті, рас,

Сол көп күбір-сыбыр етті: «Құдірет,

Жетпіс жылда жылжымаған бір рет

іргеңді аудар деген кім,

кім зорлады мұны?!» - деп

Топырағың не деп ем мен

Күлімдеп,

Қақты арқамнан: «ырым, ұлым, ырым» - деп.

Қарттың аузы болатығын дуалы-ақ,

сөйледі ол бір жаратқанды куәға ап,

барам деді, жақын-жуық жағалап,

қартайған соң қайын жұртты қуалап.

Шындығында да жасы біразға келіп қалған Нәжімеден шалдың өлерінің алдында елінен іргесін аударған бұл әрекетін түсіндіру қиын-ақ. Жарықтық, осы бір ісімен жалғыз немересіне қандай тағылым үйреткісі келді екен деген ой жетелеп, оқиғаның немен аяқталарын білгің келіп құмартып, шағын балладаны одан әрі қызығып оқи түсесің.

Түйекеш жер – түстік жеттік біз оған.

бір ойпаңнан суы шыққан ызадан

құдық қаздық,

тайыз екен құдығы,

терең екен бірақ елдің ұғымы:

«Жылқың жалды болсын» айтып бір ұлы

белдеуге әкеп қыстырды тал құрығын.

«Қазан майлы болсын» айтып бір әйел

көсеу берді.

Мынау неткен құдай-ел:

«Қораң толы болсын, - десті,

ал, мұнда

желі тартып берді біреу шалғынға.

Шолақтау ем: «Көсеу берген несі, -

дедім, бұл жұрттың?»

Шеркештің бір бойжеткені күлімдеп,

Сұңқ-сұңқ етті: «ырым, жиен, ырым», - деп.

Қонақ асы жеу боп кетті біз бітірер іс тегі

ешкімнің де қазаны оттан түспеді.

Қара күбі толды тағы шүпілдеп,

ырқ-ырқ етіп батырмады піспегін.

Жер от екен, мал семірді ғаламат,

тышқандар тым көбейді,

Мысықтар да жиі-жиі балалап.

Ақшам намаз уақытында, ымыртта

Көкем ғана бас шайқайтын су ұрттап

Жалпақ басы секілденген кебістің

Сақалымен, ойды шолып жер үстін,

бір күні айтты: «басталатын жылы өткен соғыстың

дәл осылай желбіреп ед көк шыбық,

дәл осындай болып еді тоқшылық,

жақса жарар ырым», - деді

Соғыс болған жоқ, бірақ,

есесіне тез семірді тоқты, лақ.

Жұрттың бәрін уайымға қарық қып

ырым еткен құманынан су ұрттап

Нәжімеден қайтыс болды жарықтық

Жайнап тұрған өмір ме бұл жаңағы?

Мына дүние неткен қапас, тар әрі!

Айтпақшы, қарт үзілерде көз ашып

керегенің басындағы белбеуіне қарады.

Ел шу етті: «бұлай болды-ау ақыры,

Жат ырым ғой, жат ырым ғой, жат ырым

қартайғанда ірге аудару»,

Жылап, жоқтап өтті ымырт,

таңы да атты көп-көп тұрып, көп тұрып.

Шешіп алып түйіншегін белбеудің

шағыл құмын жас қабірге септі жұрт.

«Бұл не?» - деді әлдебіреу дүрілдеп

бір қария жауап берді ырым деп.

Қасиетті шығар, бәлкім, кең даланың, кеңдіктің,

есім менің кеш кіріпті, - енді ұқтым.

Неткен асыл ұғым едің ырым сен!

Ырым, сендей ескілікке сүрінсем

сүрінейін,

Кешірім ет, креслолар, кеңселер:

әлгі ырымда қасиет бар ел сенер,

Мен де сенем, сенем, сенем, мен сенем,

ырым деген – туған жердің топырағы болса егер.

Менің байтақ Отанымның жері кең,

Кете берсін еріген мен жеріген!

Көке, енді сен де кешір!

Өзіңе ұқсап мен де жұртқа сыйлы өстім,

Мен де сүйем топырағымды,

бірақ сенше сүймеспін:

Қоныс іздеп көше алмаспын сен құсап,

топырағымды белбеуіме түймеспін!

Жұмекеннің өлеңіне қарағанда Нәжімеден атасы өте ырымшыл болған адам. Белінен туған перзентін оқ борап тұрған соғысқа аттандырып салу қандай ата-анаға да оңай емес қой. Жалғыз ұлын майданға жіберу - екібастан. Жарықтық Нәжімеден артындағы жалғыз тұяғы Сабыреден майданға аттанғалы жатқанда оны Ашақ-Мәші сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алыпты. Жаңбыр жауса әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал жасап, тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Бұл бір жағынан қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп, мауқын басатын көз жұбаныш еді. Расында да бұл тек ақын көкіректен ғана шығатын тосын тапқырлық екенін Жұмекеннің досы әдебиетіміздің класигі Әбіш Кекілбайұлы «Қайсарлық» деген әдеби эссесінде әдемі жазды. Талантты жазушы Рахымжан Отарбаевтың осы бір оқиғаны шебер суреттеп жазған «Із» деген әңгімесі бар.

Нәжімеден еш жерде жұмыс істемеген, жеке шаруасымен ғана шұғылданған. Жұртқа сыйлы, кісілігі мол қарияны облыс, аудан әкімдері де түгел жақсы білген. Басқа аудандардан, облыстардан іздеп келіп сәлем беріп, тағылымы мол әңгімесін тыңдаған.

Ұлы ақынның үлкен аталарының бірі Бөрлібай туралы да ел арасында айтылып жүрген сан-алуан аңыз-әңгімелер көп. Уақыт өткен сайын сол әңгімелердің қайсысы шындық, қайсысы аңыз екенін ажырату да қиынға соғып барады. Бөрлібайдың өмірдегі жұрыс-тұрысының халық арасына аңыз болып тарауы оның тіршілікте тегін адам болмағынын аңғартады. Өмірде ол кісі ақ киімімен ақбоз атқа мініп жүрген жан болған көрінеді. Елдің айтуынша, аруағының күштілігі сондай, дарияның арғы бетінде шәй ішіп отырған адамды киіз үйімен қоса дарияның екінші жағына көшіріп қондыра алыпты. Екінші бір қасиеті толғағы қысып қиналып жатқан әйелді босандырғаны туралы әңгіме. Ақбоз атпен келіп киіз үйдің есігінен қарап, қамшымен бір тартқанда, ұзақ уақыт қиналған келіншек аман-есен босанып, шекесі торсықтай бала туыпты. Бұндай қиял-ғажайып ертегілердегідей әңгімелер Жұмекен туып-өскен ауылда ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып тараған.

Ақын талантының алтын бастауында Нәжімеден атасы тұрғанымен, өз әкесі Сабыреден де өнерлі адам болған. Жұмекеннің әкесі Сабыр (азан шақырып қойған аты - Сабыреден) Нәжімеденұлы 1915 жылы Теңіз ауданы, Дыңғызыл ауыл Советіне қарасты «Қуат» шағылында дүниеге келген. Жасынан арабша тіл сындырған, қасиетті Құранды үш қайтара оқып шығып, «Баһырғанғали Ислам» атты кітапты тәмамдаған. Діни тұрғыда үлкен оқуы бар сол кездегі ұстазы Жұмашев Ажмағин деген кісіден ескіше оқу үйренген. Құран оқумен бірге орысшаны да меңгерген.

Әкесі өте қарапайым жан болғанымен, кісіге өз есесін жібермейтін, тілге шешен, өткір, сөздері мірдің оғындай, парасаты биік, танымы терең, ақылды адам болған. Домбыраға қосылып ән айтатын өнері де бар екен, ол кісінің. Жүйрік тазы ұстаған, аңшылық өнермен де әуестенген. Өлең жазатын қабілеттен де құралақан емес. Өкінішке қарай, соғысқа кеткенге дейін жазған көптеген өлеңдері жоғалып кетіпті. 1940 жылы Фин соғысына аттанады. Майданнан үйге өлеңмен жазған хаттары ғана сақталған. Ұлы Отан соғысында 1941 жылы тамызда хабар-ошарсыз кеткен.

Жұмекен елесі еміс-еміс есінде қалған әкесі жайында былай деген екен: «Менің есімде қалғаны әкем соғысқа аттанарда өзі ат үстінде отырып, жерден мені көтеріп алып төбесінен асырып біраз ұстап тұрып, көкемнің қолына берді де, жол жүріп кетті». Кім біледі, мүмкін қан майданға аттанып бара жатқан әкесі баламның болашағы мен мәртебесі өзімнен жоғары болсын, үнемі биіктен көрінсін деп ырым еткен шығар, жалғыз ұлын аспанға көтеріп тұрған сәтінде. Ол кісінің майданнан өлеңмен жазған хаттары, соғысқа кеткенде екі дәптер өлеңдері қалыпты. Дәптердің сырты қоңыр түсті былғарымен қапталған екен, кейін жоғалып кетіпті. Ұлы ақынның жұбайы Нәсіп Мұстахқызы қайын атасының қарындасы Күлмаштың аузынан майданнан жолдаған хаттағы өлеңін жазып алған екен. Апасының сондағы есінде қалған 4-5 шумақ өлеңі мынандай болып келеді.

  1. Сөз бір арнап жазайын ата менен анаға,

Қарындас бар, ені бар кейінде қалған балаға.

Тоғыз тәулік жүгіріп, тоқтадық барып

Шыршық деген қалаға.

  1. Әкеліп казармаға қамап қойды,

Күніне бір реттен санап қойды.

Бәлкиде бір хаттары жоғалар деп

Есікке екі-екіден солдат қойды.

  1. Ел сағынады, ер адам шықпаса да далаға

Тоғыз жаным қалып тұр аманат та аллаға.

Тастап бір кеттім далаға, дала емей немене,

Қайбір сенейін асырайтын балаға.

  1. Боранбай Қуатпенен жайлаған жер,

Қадірихал тәуір малды айдаған жер.

Басқасын әлен-пәлен не қылайын,

Шылбырын Қарагердің байлаған жер.

  1. 20 жыл 25 жыл жүрдім елде,

Сонда да ғашық болдым қайран елге.

Төселген қызыл тастан тақтайдай жер,

Теңелмейд қызыл шағыл туған жерге.

Күлмаш апайдың айтуына қарағанда, Сабыреденнің майданнан жазған өлеңдері көп болған, көшіп-қонып жүргенде солардың бірсыпырасы жоғалып қалған.

Жұмекеннің әкесін соғысқа тай құлындай тебісіп бірге өскен досы Ерқуатов Дүйсенбай Қанышкенге дейін жеткізіп, шығарып салыпты. Екі дос жолда келе жатып ұзақ сырласады. Жауқазындай жайнаған өмірдің қызығына енді ғана батып, перзент сүйіп қуанышын енді ғана көре бастаған екі азаматтың да кеудесін кернеген асыл армандары көп еді. Арайлап атқан таңның шұғыласына шомылып, биікке жетелеген сол асқақ армандардың лаулаған жалынын сұрапыл соғыстың дауылы өшірмек пе? Жоқ, мүмкін емес, ол. Бәлкім, екі азаматтың да майданға аттанар алдында әйелдерінің аяқтарының ауыр болып қалуы тегіннен-тегін емес шығар. Жарық дүниеге келуге талпынып жатқан екі періштенің оқ бораған майданға кетіп бара жатқан әкелерінің соғыстан аман-есен оралуын қалайтын тілектерінің қабыл болмауы мүмкін емес қой. Жетім қозыдай жамырап қалған балаларын ел қатарына қосып, азамат етіп тәрбиелеу үшін әлі талай мына маңдайдың бес батпан тері төгілуі тиіс. Жан сырын ақтарып, бір-біріне бұрынғыдан да бетер бауыр басып қалған екі дос сол жолы «егер әйелдеріміз аман-есен босанып, біреуісі - ұл, екіншісі – қыз тапса, құда боламыз» деп қол алысып, уәде байласады. Екі достың ақ ниеттері қабыл болып, азаматтар майданда жүргенде әйелдері жеңілденіп, Дүйсенбайдың әйелі ұл, Сабыреденнің жұбайы қыз туады.

Уәде Құдай сөзі болғанымен Сабыреден қан майданнан оралмады. Жентек сазда қалған баласының ізіне қарап, сағынышын басқысы келіп Нәжімеден ақсақал Ашақ-Мәші сорына сан мәрте барды. Көңілін кемірген қайғысына ем таба алмай, сордың қасында тұрып, жан адамға білдірмей, ұлының рухымен сөйлесіп, егіліп, талай жылады. Жалғыз тілегі – ұлының соғыстан аман келуін сұрап, тастай қараңғы түндерде Аллаға сиынып, талай жалбарынды. Қыстың көбесі сөгіліп, бәйшешек бүршік атып, көктем келді. Сабыржаны оралмады. Кең-байтақ даланы алтын шуағымен нұрландырған жаз да жетті думандатып. Тіршіліктен күдерін үзген өсімдіктерге дейін жан бітіп, дүние құлпырып сала берді. Хабар-ошарсыз кеткен Сабыржанынан көңілдегі сөніп бара жатқан үмітіне тамызық болатындай бір хабар келмеді. Жыл сайын жазда осы жерге келіп, ұлының ізіне қарап бір мезгіл мауқын басу Нәжімеденнің үйреншікті әдетіне айналды. Қоңыр қозысын есіне алып, бір сәтке ғана мауқын басқанымен, жанын ауыртып сыздаған жараның орны жазылмады. Қайта, мына әнтек саздағы ұлының санада қалған елесіндей ап-анық болып сайрап жатқан ізі әке көңіліне бұрынғыдан да ауыр қайғы жамап бергендей ме, қалай? Қоңыраулатып, жарық дүниені сән-салтанат пен қуанышқа бөлеген арайлы күннің сәулесі де әке жүрегіндегі тоң болып қатып қалған қайғының мұзын еріте алмады. Жанын қоярға жер тапқызбай, ішін оттай жандырып бара жатқан өкініші өзегін өртеген жалынды жыр болып лаулады.

Сабыржан өзің кеткен орындамыз.

«Ашақтың» айдын ирек сорындамыз

Тоқ санап сорда басқан өз ізіңді

Қарағым сағынғанда көріп тұрамыз.

Жайқалтып жорға міндің осы сордан,

Жалғызым аман келгей жау жолынан.

Аллаға еш арманым болмас еді-ау:

Бұйырса топырағым өз қолыңнан.

Амал нешік? Әкесінің күндіз-түні жалбарынып, Құдайдан сұраған жалғыз тілегі қабыл болмады. Не жазды екен, Жаратушыға? Қатал тағдыр жалғыз баласының елге оралуын жазбады. Егер ұлының маңдайынан бір иіскеп өлетін күн туса, одан артық бақытты Нәжімеден өзіне тілемес те еді. Бірақ, амал қанша? Амал қанша? Амал қанша?..

Сүйегі майдан даласында қалған Сабыреденнің бір үлкен арманы досы Дүйсенбаймен құда болуы еді. Баяғыда досын қан майданға шығарып салған кездегі берілген уәдені соғыстан аман-есен оралған Дүйсенбайдан басқа ешкім білмейді. Оның үстіне Дүйсенбайдың әйелі жалғыз ұлдан кейін бала көтермей қояды. Екі шаңырақтағы адамдар сиректеу болса да бір-бірімен араласып тұратын.

Ұлы өскен сайын Дүйсенбайдың соғысқа шығарып салғандағы досына берген уәдесі қайта-қайта есіне түсіп, жанын қинап, көңіліне тыныштық таптырмады. Бірақ, екеуінің бір-біріне берген сертін Құдайдан басқа көрген тірі пенде жоқ. Тәйірі, мына өмірде кім-кімге қандай уәде бермей жатыр. Алайда, бұл уәденің салмағы ауырырақ еді. Майданда қаза тапқан Сабырға берген уәдесін орындамаса о дүниеде жүрген досының аруағы өкпелейді ғой. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Қайтпек, керек?

Тәуекел етіп, 1959 жылы Дүйсенбай ер жетіп, азамат болған жалғыз ұлын үйлендірмекші болып, досының шешесі мен жұбайына арнайы жолығып, баяғы уәдені еске салады. Бір жыл өткенде Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсынға Дүйсенбай қарт келіп құда түседі. 1960 жылы екі отбасындағы қыз бен жігіт қосылып, Жаңылсын мен Саясаттың үйлену тойы болады. Досына берген уәдесінің орындалғанына қуанып, бақыттан басы айналған Дүйсекең тойдың үстіне былай дейді: «Арманыма жеттім, Сабыр екеуміздің уәдеміз орындалды, балаларым қосылды. Бір баламнан он бала өрсе екен, өзім баламнан бұрын өлсем екен». Тойдың үстінде айтқан Дүйсенбайдың тілегін Құдай қабыл етті. Жалғыз баламен ғана жүрегін жұбатып келе жатқан Дүйсекеңе сол ұлы бес ұл мен бес қыз сүйгізді. Өзі бес немересін көріп, дүние салды.

Жұмекен ауылға барып, Дүйсенбай құдасының үйіне соққанда ол кісі қуаныштан жүрегі жарыла жаздап: «Көкем-ай, хош келдің, беш келдің, күнім туды ғой, төрім толды ғой, жалғыздан қалған жалғыз тұяқ, көзісің ғой» деп оны құшағына қысып, емешегі үзіле жаздап еміреніп, ұзақ уақыт оны жібермей тұрып алады екен. Сондай сәтте Жұмекен де қатты толқып, әкесінің мейірін сезгендей жүрегі асау аттай тулап, құшағында тұрғандай тәтті сезімнің ләззатына батып, көңілі алай-дүлей болыпты.

(Жалғасы бар)

Амангелді Кеңшілікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар