Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Таңсәуле Әгенқызы: Қайран қамсыз бала кез қырда қалған

19.05.2019 443

Таңсәуле Әгенқызы: Қайран қамсыз бала кез қырда қалған

«Ақ қауырсын» әдеби жастар клубының жетекшісі, жас ақын Таңсәуле Әгенқызының бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

ҚАСЫМНЫҢ ЖОЛЫ

Қыран жүректі рухқа бас и,

Мүмкін бе, биік ұшпауы.

Жатаған қора, еңселі тас үй,

Қасымның осы қыстауы.

Қызыларайдың белінен асып,

Іңгәсі жыр боп естілген.

Сәби маңдайын ерніне басып,

Дала бір тынды кешкі үннен.

Тасында қыран, баурында ұлар,

Қашанда биік асылдың құны.

Қарқаралы тауында мұнар,

Сол мұнар, бәлкім, Қасымның мұңы.

Қасірет шеккен бала Қасымның,

Жүгірген талай өлкесі,

Шертетін кеште далаға сырын,

Даланың өзі, еркесі.

Жамалы жаздай арай күлетін,

Жалбызды өзек, жағалау.

Бала Қасым талай жүретін,

Белестен асқан жол анау.

Жанары арман бала Қасымның,

Көз жасы сол бір ғасырдың соры.

Өлеңге бастар дарам, асылым,

Белестен асқан Қасымның жолы.

Жетімдік, аштық, зұлымдық, зорлық,

Қасымның жолы күрделі ең.

Жасыта алмаған жаныңды қорлық,

Өтсе де талай дүрбелең.

Қызыларайдың нуында өрнек,

Қыналы таста серт арман.

«Қасым құдығы» суында кермек,

Өйткені оған шер тамған.

Жанымды осып жасынның нұры,

Оятты сілкіп рухымды.

Жел болып ескен Қасымның жыры,

Көшіріп ақша бұлтыңды.

Көрмеді Қасым алаңсыз күліп,

Жер Ана мамық төсеші.

Тірісінде панасыз жүріп,

Өлген соң берген көшесі.

Жүректің сол бір нұр қайнарында,

Парақтап дала текті мұрасын.

Дәуірдің дауыл жыр майданында,

«Күркіреп күндей» өтті бір Қасым

РУХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Рухымды оятқанда ұран үн.

Ұран үннен сезгендеймін қыран үн.

Сол қыранның өрлігінен үндескен,

Менің байтақ ұлы далам, тұрағым.

Күн кірпігі жалқын нұрға боялып,

Бойы- жігер, адымы-нық, ойы-анық.

Қанатының суылынан қыранның,

Өр рухым, от жігерім оянып.

Құласамда биіктерден құладым,

Тұрсам қайта шың басында тұрамын.

Мені әркез алға қарай бастайтын,

Қанымдағы рух атты бір ағын.

Менің тауым-асқарлардың асқары,

Менің суым-бар тұнықтың бастауы.

Менің рухым-барлығынан ең биік,

Менің жырым-ерлік рух дастаны!

Күлдір-күлдір кісінеген күлігім,

Күлігіммен түгенделер түлігім.

Санамдағы рухани жаңғырық,

Мен өрліктің жырмен үндес тілімін!

АУЫЛДЫ АҢСАУ

Ақ бас шыңнан басталған айна бұлақ,

Ақ моншағын шашады сайдан құлап.

Зәмзәм суын татсам да таңдайыма,

Тамшысындай дәл сенің қайда бірақ?

Жалбызды қыр, қоңыр бел, аршалы бет,

Барар болсаң тұсынан, ән салып өт.

Менен сәлем айта бар, Саржайлауға,

Самал соққан сар белді аңсады деп.

Біздің ауыл мекені Талдыбұлақ,

Асып-тасып ағады жарды құлдап.

Жәудір көзі мөлдіреп жан бауырым,

Мен кетерде ауылында қалды жылап.

Қайран қамсыз бала кез қырда қалған,

Қозы жайып, тай мініп, суға барған.

Туған жердің осылай аңсағанда,

Сәлем жолдап отырмын тырналардан.

СЕНЕН ӨЗГЕ...

От алатын жарқылдаған жасыннан,
Сен ұшқынсың, жүрегіме жасырған.
Ешқашанда жете алмаспын өзіңе,
Ассам-дағы қанша қырдан, асудан.

Алыстағы арманымсың тым аппақ,
Көңілімде қалшы мәңгі тұрақтап.
Сен дегенде дамыл таппас қиялым,
Мені еріксіз әкетеді жыраққа ап.

Сансыратты сырбаз сезім кеш гүлдеп,
Көктемдегі қызғалдақ боп өстің кеп.
Сенен өзге ешкімді де көрмеймін,
Жүрегімде сенен басқа ешкім жоқ.

Жүрегімде сенен өзге жоқ ешкім,
Сондықтан да өзгелерден ерексің!
Жабырқатса жұмбақ сезім жанымды,
Жо-жоқ қалқам, сен кінәлі емессің!

***

Жаралған сендік күн едім,
Шуағын төккен биіктен,
Біреуді мендей ұнатып,
Өзгені менше сүйіп пе е?

Қыз көңіл қанша сағынса,
Өзіңді соған қиып па ең,
Мөлт еткен жасқа ғашық боп,
Мөлтілдек көзді сүйіп пе е?

Арайлап алдан таң атса,
Сен келер деген күдікпен,
Жолыңа үнсіз көз артып,
Сағындым сені біліп пе ең?

Баянсыз бақты арман қып,
Аққан жұлдызға іліккем,
Сезімнің мұнша боларын,
Сезінсем дағы біліп пе ем?

Көнбейді жүрек дегенге,
Ұнатар деген үмітте ем,
Күн шығыс жаққа қараймын,
Сен келер деген үмітпен...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар