Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

29.10.2021 4384

Тәуелсіздік хроникасы-2001 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы-2001 жыл - adebiportal.kz

2021 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы салтанатты түрде тойланбақ. Осы бір атаулы датаға орай «Әдебиет порталы» интернет-жобасы «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жүргізуде. Бүгінгі кезек 2001 жылға келіп отыр.

2001 жыл тәуелсіз ел дамуының 10 жылдығында қол жеткізілген нәтижелерді талдау мен ұғынудың жылы болды. 2001 жыл – халықаралық жағдай біршама шиеленіскен, АҚШ пен өзге мемлекеттерде лаңкестік пен соғыс өрті тұтанған жыл болуымен есте қалғанымен, Қазақстан үшін мамыражай бейбіт өмір салтанат құрған, жетістіктер жылы болып тарихта қалды.

2001 жылдың рухани, әдеби хроникасы

2001 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің оныншы жылы жүріп өткен тарихи жолындағы рухани, мәдени, әдеби жаңалықтар іріктеліп ұсынылды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «2001 жылды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы деп жариялау туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы №529 жарлығы шыққан болатын. Онда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтуды, Қазақстан халқының рухани-мәдени топтасуын, қазақстандық патриотизмді арттыруды, сабақтаса және ілгерілей дамуды қамтамасыз ету мақсатында 2001 жылды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы жылы деп жариялау келе аталған жылды «Бейбітшілік пен достықтың 10 жылы» ұранымен өткізу туралы шешім шығарылғаны туралы атап көрсетілген.

31 қаңтар. ҚР үкіметінің 2001жылғы 31 қаңтардағы №157 қаулысы бойынша 2001-2002 жылдары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының 1500, Кенесары ханның 200, Ғани Мұратбаевтың 100 жылдық даталы мерейтойы мемлекет көлемінде атап өткізілетін болып шешім қабылданды.

15 сәуір. Белгілі ақын, жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың туғанына 100 жыл толды. Ақын қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Шиелі кентінде дүниеге келген. 1925 жылы алғашқы өлеңі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған. «Сәтбаев», «Еділ-Дон», «Келес қызы» қатарлы көптеген поэмалар жазған. Қазақ балалар әдебиетін дамытуға үлкен үлес қосқан жазушының «Тәтті қауын», «Амантай» т.б. кітаптары жарық көрген. Қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлымен жақын сыйлас болған жазушының «Қажымұқан» атты көркем повесі бірнеше қайталап басылған. Аударма саласында өндіре еңбек еткен жазушы «Мың бір түн» хикаясының төрт кітабын парсы тілінен тікелей тәржімалаған. Жазушы 1964 жылы өмірден өткен.

10 мамыр. Қазақтың көрнекті жақыны Жақан Сыздықұлының туғанына 100 жыл толды. 1901 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезінің Қарағаш аулында дүниеге келген жақан Сыздықұлы шығармашылықпен қатар журналистика, аударма салаларында жемісті еңбек еткен. Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай шығармашылығын қазақ тілінде аударған. Ақынның кеңестік өмірдің шынайы шындығын жырлаған «Әлі қартытң әңгімесі» атты поэмасын Ұлы Отан соғысы жылдары неміс басқыншылары қарсы үгіт мақсатына пайдаланып, осы жағдайдан болып кеңестік билік тарапынан қағажу көрген. Ақын 1977 жылы өмірден өткен.

11 мамыр. Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылдарды қамтыған ұлт-азаттық күресінің көшбасшысы, Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қоладан құйылған салт атты ескерткіші Есілдің оң жағалауына қойылды. Ескерткіш авторлары – танымал мүсінші Нұрлан Далбай, белгілі сәулетші Шота Уәлиханов. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 11 метр. Мәрмар тұғырдың биіктігі – 5 метр, салт атты мүсіннің биіктігі – 6 метр).

18 мамыр. Түркі халықтарының көне дәуірдегі мәдени мұраларының бірі Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі Астана қаласындағы Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орнатылды. Ескерткіштің ғылыми көшірмесін жасатуға тікелей атсалысқан түркі мәдениетін зерттеуші, қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов бұл жөнінде былай деп атап көрсеткен екен: «Төл тарихымыздың ең көне ескерткiштерiнiң бiрi, түркi жұртының ортақ мақтанышы, ұлы қолбасшы Күлтегiннiң құрметiне орнатылған ескерткiштiң туған топыраққа оралуы, өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлгендей, зор қуаныш».

5 маусым. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ресейлік кинодраматург Рустам Ибрагимбековті қабылдады. Қабылдау барысында қазақ халқының тарихындағы ірі оқиғаларға байланысты эпикалық кинотуынды жасау жөнінде жоба талқыланды.

8 маусым. Астана қаласында Анкара қаласының мәдениет күндері өтті. Конгресс-холлда өткен түркі өнер жұлдыздарының гала-концертіне мемлекет басшысы қатысты.

9 маусым. Мәскеу қаласының Астанадағы мәдениет күндері салтанатты түрде ашылды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Мәскеу қаласының мэрі Ю.М.Лужков қатысты. Мәскеу Мемлекеттік академиялық халық биі ансамблі, К.С.Станиславский және В.И.Немирович-Данченко атындағы театрдың, «Русская песня» ансамблінің әртістері қатысқан мәдени іс-шаралар ел астанасының мәдени орындарында өтті.

1-4 тамыз. Алматыда халықаралық «Азия дауысы» байқауы жүріліп өтті. Байқауға 43 мемлекеттен 80 өтініш келіп түсіп, ақтық сынға 14 мемлекеттен келген 16 әнші қатысып бақ сынады. Грузиялық әнші Dato (Давид худжадзе) «көрермендер көзайымы» атанса, филиппиндік Ладин Роксас Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін нәшіне келтіре орындап фестивальдің Гран-Приіне ие болды.

8 қыркүйек. Ел астанасында «Қазақстан картасы «Атамекен» этно-мемориалды кешені ашылды. Қазақстанның 2,7 миллион шаршы шақырымдық алып аумағы 1,7 гектарлық кешен аумағына «сыйғызылған». Қазақстанның 14 облысы мен республикалық қалаларының табиғи ерекшеліктері, ауа райы, зоналары мен ландшафтары, сәулет өнері, қала салу топтамасы аса кішірейтіліп көрсетілген бұл кешенді аралаған адам Қазақстан туралы жан-жақты мәліметке ие бола алады. Уақытпен үндесіп, үнемі толықтырылып отыратын кешеннің авторлары: Т.Сүлейменов, А.Ордабаев, С.Баиров, Н.Анарқұлов, А.Кенжетаев.

23 қыркүйек. Рим Папасы Иоан Павел ІІ Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшысы Ватикан Қасиетті тағының иесімен кездесуінде: «...Біздің елімізге жасаған Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз біз үшін ұлы құрмет және қуаныш. Біз сізді жақсы көреміз және Римдік-католик шіркеуінің басшысы ретінде ғана емес, бейбітшіліктің Елшісі деп білеміз», - деп атап көрсетті.

7-14 қазан. Отандық «Ұлытау» этно-рок стиліндегі музыкалық тобы АҚШ-тағы Голливудта өткен «Бүкіләлемдік музыка орындаушылар сайысында 86 мемлекеттен келген үміткерлер арасынан суырылып шығып жалғыз Гран-Приді олжалап қазақтың ұлттық өнері қара домбыраның үнін күллі әлемге танытқан болатын. «Ұлытау» тобы бұл сайыста Құрманғазының «Адай» күйін орындаған болатын. Осы жылы 1 наурызда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен «DJOOCY MUSIC AWARDS» онлайн байқауында Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш» күйін орындап тағы да бас жүлде Гран-Приге ие болды. Бұл – ұлттық музыка өнеріндегі тамаша жетістік ретінде тарихта таңбаланып қалды.

19 қазан. Қазақтың көрнекті ақыны Тоқаш Бердияровтың туғанына 75 жыл толды. Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында дүниеге келген ақын Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1950 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болған ақынның алғашқы өлеңдері 1952 жылы жарық көреді. Шығармашылық ғұмырында көптеген өлеңдер мен поэмалар, әңгімелер мен повестер жазған қаламгер 1988 жылы өмірден өткен.

11 желтоқсан. Астана қаласындағы Конгрес-холлда «Тәуелсіздіктің автопортреті және «Астана – үшінші тыңжылдықтың қаласы» атты сурет көрмесі және «Жаңғыру. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан кітабы» атты кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды.

13 желтоқсан. Мемлекет басшысы өзінің астаналық резиденциясында Қазақстанның танымал жазушылары, ғалымдары және қоғам қайраткерлері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев және Мырзатай Жолдасбековтерді қабылдап, әдебиет, мәдениет, ғылым жөнінде сұхбат құрды.

2001 жыл әдебиет пен мәдениет тарихында із қалдырған көптеген айтулы тұлғалардың мерейлі жасымен есте қалды.

2001 жылы әйгілі әнші, композитор, ақын Жарылғапберді Жұмабайұлының туғанына 150 жыл толды. Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы жерінде дүниеге келген Жарылғапберді ауыл мектебінен сауатын ашқан. Шығыс поэзиясын жақсы білген ақын ел арасында жыр, қисса-дастандарды жатқа айтумен қатар, саятшылықпен шұғылданған. Жаурыны жер иіскемеген паулан болған. Аспандағы аққуға әнін қосқан биік дауысты әнші болған Жарылғапбердінің «Шама» әнін шамасы жеткен ғана орындайды деген ұғым қалыптасқан. «Шұбартау», «қаракөз», «Ардақ» т.б. әндері қазақ музыкасының алтын қорына енген. 1914 жылы туған өлкесінде өмірден өткен.

2001 жылы Бөкей ордасының соңғы ханы Жиһангер (Жәңгір) Бөкейұлының туғанына 200 жыл толды. Еіропаша білім алған Жәңгір хан 1823 жылдан бастап хандық тізгініне ие болады. 1824 жылы Орынбор мүфтиі Мұхамеджан Құсайыновтың қызы Фатимаға үйленеді. Жәңгір хан мен Фатима ханым елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашу, түрлі шаруашылықтармен шұғылдану қатарлы игі істердің бастамашылары болады. Хан 1845 жылы өмірден өткен.

2001 жыл – отандық қаламгерлер үшін өнімді жыл болды. Осы жылы жазушылар Кәдірбек Сегізбайдың «Беласқан», Тілеуқар Қосуақтың «Әйел айтқан хикая», Нұржан Қуантайдың «Қараөзек» романдары жарық көрді.

2001 жылы қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалыптастырып, елге танылған бір топ қаламгер ердің жасы елуге толды. Олардың арасында ақын Ақылбек Шаяхмет, Жүрсін Ерманов, жазушы-журналист Сауытбек Абрахманов, абайтанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, қаламгер-журналист Мереке Құлкенов, жырау Бидас Рүстембекұлы, жазушы Гауһар Исаева, ақын-аудармашы Орынбай Жанайдаров, аудармашы Зейнолла Әкімжанов, жазушы Серік Асылбекұлы, ақын, ғалым Қуанған Жұмаханұлы бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар