Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік хроникасы. 2000 жыл

27.10.2021 674

Тәуелсіздік хроникасы. 2000 жыл 12+

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2000 жылдың рухани хроникасы

6 наурыз. Мемлекетіміздің елордасы Астана қаласында «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа заманға заманға лайық жөндеу жұмыстарынан өтті. Ғимараттардың қасбеті жаңартылып, оқу сыныптарымен, сондай-ақ жаңа академиялық концерт залымен жасақталды. 2009 жылы 12 қазанда ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қазақ ұлттық музыка академиясы» жаңа мәртебеге ие болып, «Қазақ ұлттық өнер университеті» атауын алды

29 сәуір. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, «Қазақконцерт» және «Арман» кинотеатры бірлестіктері қалпына келтіру жұмыстарынан өтті.

Дәл осы күні Президент Н.Ә. Назарбаев Алматы шаһарындағы Свято-Вознесенский кафедралды соборына барып, православтық христин дін өкілдерін қасиетті «Пасха» мейрамымен құттықтады. Шіркеу қызметкерлеріне қарата сөйлеген сөзінде: «1995 жылғы ғибадатхананы шіркеу меншігіне беру туралы Жарлығына қол қоярда көздеген мақсатым рухтандырушылықтың қайта дамуына, әділеттіліктің қалпына келтірілуіне көмектесу болғанын айтқым келеді» деген екен

2 мамыр. Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы Жеңістің 55 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысып, былай деген екен: « Гитлерлік фашизмді жеңу жолында алматылықтардың қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткен жөн. Алматы қаласынан майданға жетпіс мың адам жіберілген, ал Алматыда құрылған дивизияның Мәскеуді қорғау кезінде әлемге аты шықты». Ардагерлерді құттықтап, бауырлықты, халықтар арасындағы достықты, қоғамдық келісімді сақтауға шақырды.

12 мамыр. Елбасы физика саласындағы «Нобель» сыйлығының лауреаттары К. Клитцингті, Ж.Т. Хуфтты және Қазақстанға «Үшінші мыңжылдық ғылымы» халықаралық конференциясына қатысу үшін келген М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В. А. Садовничийді қабылдады. Ғалымдарға «Астана» медальдарын ұсынды.

30 мамыр. Сталиндік репрессия жылдарында Қазақстан аумағында Гулаг жүйесінің тоқсан үш лагері орналастырылған. Лагерлерде әлемнің он бес еліне бір миллионнан астам қамауда ұсталған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап алуға «Әділет» тарихи-ағарту ұйымы бірқатар елеулі жұмыстарды атқарды.

30 мамыр саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде «Әділет» ұйымы үш мыңнан астам отандастарымыздың денесі көмілген Алматы облысының жаңалық ауылындағы жаппай жерлеу фактісін анықтады.

10 маусым. Астана қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу ғимараттарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

15 маусым. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданында аталып өтті. Жазушының үй-мұражайы жаңартылып, Петропавл қаласындағы Қазақ драма театрына Сәбит Мұқановтың аты берілді.

6 шілде. Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры жөндеу жұмыстарынан өтіп, қалпына келтіріліп, қайта қолданысқа берілді.

30 тамыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 жылдығына байланысты астаналық Конгресс-холда өткен салтанатты жиналысқа қатысқан елбасы: «Біз, Қазақстан халқы деп басталатын тіркесте мемлекеттің қайта жандануына, жаңа әділетті қоғамның құрылуына ұмтылған көптеген ұрпақтың тарихи сабақтастығының барлық тереңдігі айтылған. Мемлекет – бұл тек аумақтан, азаматтардың бірлігінен, билік институтынан ғана тұрмайды, оның қатарында, алдыңғы ұрпақтың тәжірибесі мен жарқын болашаққа үмітін парақтарына жинақтаған Конституция да бар. Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі», - деген екен.

16 желтоқсан. Осы күні бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Әртіс Юрий Померанцев «Отан» орденін, көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Ерік Мағзұмұлы «Барыс» орденін, дирижер Қажығалиев Шамғон Сағаддинұлы, әнші Роза Қуанышқызы Рымбаева, әртіс Өмірсерік Қалиевтер «Парасат» орденіне ие болды.

2000 жылы жазушы Рамазан Тоқтаровқа қазақ жазба әдебиетінің түп бастауында тұрған ойшыл, ұлт ұстазы һакім Абай болмысының тұңғиығын шолып, құпиясын ашуға талпынған, жұмбағының жауабын тапқысы келген, ақын тағдыры арқылы бүкіл ұлттың мінездемесін көрсеткен «Абайдың жұмбағы» романы үшін, жиырмасыншы ғасырдың аяғындағы ыдырауға жақын Кеңес Одағының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, тұрмыстық, тарихи оқиғаларын жеке тұлғаның тағдыры арқылы терең сипаттаған Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы үшін, адам мен табиғаттың ғажап үйлесімін баяндаған Оразбек Сәрсенбаевтың «Шеңбер» романы үшін, ақын Темірхан Медетбектің «Тағдырлы жылдар жырлары» жинағы үшін, және жазушы, театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Сахна саңлақтары» еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық табысталды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар