Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік хроникасы. 2008 жыл

15.11.2021 529

Тәуелсіздік хроникасы. 2008 жыл 12+

2008 жылдың рухани хроникасы

21 наурыз. Дүниежүзілік музыка өнерін дамытуға қосқан айрықша үлесі, жалпы адамзаттық руханият, бейбітшілік және келісім құндылықтарына негізделген белсенді әртістік қызметі үшін Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Қожабекқызы Мұсақожаеваға Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы табыс етілді.

23 наурыз. 24 наурызда Афинадағы киелі Олимп тауында жағылып, жазғы ойындар өтетін Бейжіңге жеткізілген алау 2008 жылдың 1 сәуір айында Алматыға әкелінді. Қазақстандық шаһар – олимпиада алауын алып жүрушілердің 130 күндік маршрутты жүріп өтетін бес құрлықтағы 22 ірі қаланың біріншісі болды. Қазақстандағы олимпиада алауының эстафетасына танымал спорт ардагерлері, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардан құралған 80 алау алып жүруші қатысты.

25 наурыз. Мемлекет басшысы белгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты қабылдап, жазушыны алда келе жатқан сексен жылдық мерейтойымен құттықтап, мерейтойлық шаралардың қазақ жерінде де өткізілетінін айтты. Кездесу барысында: «Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан қаншама ұрпақ тәлім-тәрбие алды. Жаңа тарихи жағдайларда қалыптасып келе жатқан жастардың да Шыңғыс Айматовтың туындыларын оқуы өте маңызды», - деп атап көрсетті.

1 мамыр. 1 мамыр күні Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңына жиналған қазақстандықтарды құттықтаған Елбасы: «1 мамыр – бүкіл елімізде, әр қала мен ауылда тойланатын жалпыхалықтық мереке. Тәуелсіздік алғаннан бері мереке жаңа әрі терең мазмұнға толды. Қазақстан халықтарының бірлігі күні біздің берік достығымыз бен тұтастығымыздың, адал ниетіміз бен мақсат-мүддеміздің бірлігінің символына айналды. Бізде бірлескен болашақты құру жөніндегі аса үлкен жоба бар. Ол – барша қазақстандықтардың ортақ Отаны – өркендеген, ынтымақ-берекесі асқан Қазақстанды құру жобасы», - деді.

11 маусым. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Қ.С.Бакиевтің атына танымал жазушы Ш.Т.Айтматовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Қырғыз халқының біртуар ұлы перзенті, әлем әдебиетінің алыбы, қазақ халқының үлкен досы, бүкіл түркі әлемінің зор мақтанышы – Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың өмірден озуына байланысты Сізге, Сіз арқылы бүкіл қырғыз халқына және марқұмның отбасына орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Шығармалары дүниежүзінің 165 елінің тіліне аударылып, «Адамзаттың Айтматовы» деген атаққа ие болған дарынды қаламгер, ұлы ойшылдың әлемдік әдебиетте алатын орны тым өзгеше еді. Оның қаламынан туған әр шығарманы дүниежүзінің әдебиет сүйер қауымы әрдайым асыға күтіп, үлкен рухани ләззат алатын.

Жарты ғасырға жуық уақыт бойы әлемдік әдебиет додасын өзінің дара үнімен дүбірлетіп тұрған Шыңғыс Айтматовты өмірден озды деуге қимаймыз. Оның адамгершілік пен жақсылыққа үндейтін, ұлы гуманистңк идеяларға толы шығармалары, жарқын дидары әрдайым адамзатпен бірге жасай беретініне ешбір күмән жоқ. Енді оның екінші – мәңгілік өмірі басталары анық. Марқұмның топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай! Қош бол, Аяулы Шыңғыс аға!», - делінген жеделхатта.

21 тамыз. Солтүстік Қазақстан облысында «Абылай хан резиденциясы» кешенінің ашылу рәсімі өтті.

8 желтоқсан. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының жаңа ғимараты ашылып, алғаш рет М.О.Әуезовтің пьесасы бойынша қойылған «Айман-Шолпан» спектаклінің премьерасы болып өтті.

9 желтоқсан. Қарағанды облысының орталығынан Абай Құнанбаевқа арналып, ескерткіш ашылды.

2008 жылы қазақ әдебиетінде өзіндік сүрлеу салып, ұлт әдебиетінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар елуге толды. Олардың ішінде жазушы Әуезхан Қодар, Бақытбек Бәмішұлы, ақын Әбубәкір Қайран, Сұраған Рахметұлы, Ғалым Жайлыбай, Марфуға Бектемірова, Қасымхан Бегманов, Құрал Көмекұлы, Айнахан Есет, Жүкел Хамайұлы, Шәмшия Жұбатова, Гүлнәр Шәмшиевалар бар.

2008 жылы қазақ әдебиетіндегі бір топ ақын-жазушылардың жүз жылдығы атап өтілді. Олардың ішінде жазушы, Ахметжан Нұртазин, Хамза Есенжанов, ақын Тайыр Жароков, ақын Сәкен Сейфулиннің зайыбы Гүлбаһрам Батырбекқызы бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар