Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

06.12.2021 3452

Тәуелсіздік хроникасы. 2017 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2017 жыл - adebiportal.kz

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2017 жылдың рухани хроникасы

Бұл жылы ең бір есте қаларлық оқиғалардың бірі «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі болды. Еліміз кең көлемдегі әлемдік шараны ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болған алғашқы посткеңестік мемлекет атанды. Үш ай бойына елордамыз Астана шаһарында өткен көрмеде баламалы энергия көздерін табуға қатысты әлем ғалымдарының тәжірибесін бір арнаға түйістірді.

ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет етуде. Аталмыш жоба барысында қонақ үй есебінде салынған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырды.

2017 жылдың басында қазақстанның талантты әнші Димаш Құдайберген Қытай Халық Республикасында өткен «Singer 2017» байқауында бақ сынап, екінші орынды иеленді. Отандасымыздың ғажап өнері көптеген қытайлық және басқа елдердің жанкүйерлерінің сүйіспеншілігіне бөленді. Байқаудан кейін есімі мұқым дүниеге мәшһүр болған Димаш Қытай мен Америкадағы көптеген музыкалық марапаттауларды еншіледі. 16 желтоқсанда әнші өзінің алғашқы әлемдік турнесіне аттанды.

Американы бағындыруға бет алған тағы бір отандасымыз - жас әртіс Софи Манасян. Алғаш рет Софи Манасян 7 жасында əлемнің атақты Карнеги хол сахнасында «Аққу» биімен көзге түскен. Бүгінге дейін жас дарын ЮНЕСКО-ның хореография бойынша мүшесі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Софи Лос-Анджелес қаласындағы хореографиялық училищеде білім алуда, Голливудтың музыкалық клиптеріне түсіп жүр және фортепианода ойнап, АҚШ пианистер гильдиясын мойындатып үлгерді.

Жас қазақстандық әнші Данэлия Төлешова үшін де 2017 жыл сәтті өтті. Әнші қыз Украинаның «Голос. Дiти» байқауын жеңіп алды. Финалда Данэлия өзінің әнінің, дауысының шынайы да тереңдігімен көрермендерді тәнті етті. Ал «Не твоя война» композициясы залдағы көрермендердің көпшілігінің көзіне жас үйірді.

Астанадағы ЭКСПО Конгресс орталығында өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс табатын қарар қабылдады.

2017 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасының арнайы жобасы, Алаштың 100 жылдығына арналған режиссер Мұрат Бидосов түсірген «Тар заман» телехикаясы жарыққа шықты. 12 бөлімдік сериалда басты кейіпкер - Әлихан Бөкейханов пен өзге де алаш зиялыларының Алашорда үкіметін құру жолындағы ересен еңбектері баяндалады.

2017 жылы өзіндік сүрлеу салып, ұлт өнерінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар мен әнші-сазгер, суретшілердің жүз жылдығы атап өтілді. Олардың ішінде қазақ кескіндемешісі және кино суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш суретші Айша Ғарифқызы, компазитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бақытжан Байқадамов, қобызшы Гүлнәфис Баязитова, тарихшы, этнограф-ғалым, Жағда Бабалықұлы, ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Сағынғали Сейітов, жазушы Фатих Дінисламов, Халифа Алтай, театр және кино әртісі Хадиша Бөкеева, дирижер Ғазиз Ниязұлы бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар