Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тәуелсіздік сұңқары Сәкеннің «асаумен алысып жүріп...

14.12.2016 8185

Тәуелсіздік сұңқары Сәкеннің «асаумен алысып жүріп» қалдырған мұрасының бүгінгі қажеттілігі

Тәуелсіздік сұңқары Сәкеннің «асаумен алысып жүріп» қалдырған мұрасының бүгінгі қажеттілігі - adebiportal.kz


ХХ ғасыр басындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты қазақтың зиялы қауымы ұлттық мүддені қазақ тілінің мәртебесін асқақтату арқылы көтере білді. Олар мемлекеттік қызметте бұл мәселені ресми қолдаумен ғана шектелмей, жеке шығармашылықтарында іске асырды. Көркем шығармалар ғана емес, қазақ тілінде қажетті оқулықтар жазудың басында болды.


Әр кезең өзінің саяси, көркемдік, ғылыми, діни стильдік жүйесімен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының тіршілігі, ғибраттары, саяси өмірдің шежіресі аталған жазушылардың еңбектерінде толық суреттелген.

Сәкен.jpg

Сәкен – Қазақстан үкіметінің басшысы болып жүрген кезінен бастап қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялауды күн тәртібіне батыл қойған азамат.


Ақын, мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы ғалым Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы 1894 жылы 23-мамырда Ақмола облысы, Нілді болысында туған. Бұл жер қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ортау кеңшарына қарайтын Қарашілік мекені.


Өзі туған май айы туралы ақын былай дейді: «Май айында керемет, бұлттанды аспан күркіреп. Рахман жаңбыр құйып тұр, басыла қалды сіркіреп. Жерге түсіп қызыл күн, жайнады дүние рух кіріп. Май айында тамаша тау, тас, орман жаңғырды. Қаһарлы қыста рух кеткен жер жүзіне жан кірді. Жапырақ гүлге оранып, ағашқа көрік – сән кірді. Сансыз құс жырлап ерте-кеш, орманға шаттық ән кірді. Жапырақ, балау қызғалдақ құлпырды жұтып жаңбырды» [1. 78].


Сәкен рух пен жан тірілуін осылай бейнелеп кеткен екен. Жан тірілсе, оның көркі – сән мен шаттық, ән келуі де заңдылық сияқты. Ақын осы шумақтарымен өзінің өмірге, өлеңге деген көзқарасын аша түседі. Ол кейбір ақындарша әдемі табиғатпен тек сүйсінбейді, Сәкен мәңгілік адамның рухы мен жанының бірігуін аңсайды.


Балалық шағы ауылда өтеді. Сол кездегі замандастары А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезовтар сияқты Сәкен де ауылдағы Ағаш аяқ дейтін молдадан діни білім алып, сауат ашқан [2.6]. Сәкен қазақ елінің тәуелсіздігін, оның басқа елдермен тең дәрежеде болуын о бастан намыспен түсініп, бүкіл ғұмырын осы мақсатқа бағындырғанын біз бүгін мақтаныш ете аламыз.


Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин кезінде өздері жырлаған совет үкіметінің қолынан ату жазасына ұшырайды (25 ақпан, 1938 жыл). Олардың шығармашылығы әділ, оң зерттеуін тек олар ақталғаннан кейін ғана 1957 жылы алды. Сәкен шығармашылығының негізгі зерттеушілері белгілі қазақ әдебиеттанушылары Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев. Е.Ысмайылов пен С.Қирабаев ақын шығармашылығын талдауды мақсат етсе, әдебиетші Т.Кәкішев мұрағат деректеріне көбірек мән беріп, Сәкентануға осы жағынан өз үлесін қосты.


«Сәкеннің әкесі Сейфолла өз еңбегімен күн көрген саятшы, домбырашы, ақ жарқын, әңгімеші адам болған. Шешесі Жамал да ел әдебиетін жақсы білген. Осы орта жас Сәкеннің халық өнеріне деген сезімінің оянуына көмектескен» [3.170], – дейді Сәкен шығармаларының негізгі зерттеушісі академик С.Қирабаев.


1905 жылы әкесі Сәкенді 11 жасында Нілді заводына оқуға жібереді. Сәкен орысша үйреніп, заводтың орыс-қазақ мектебінде оқиды. Еңбек адамдарының ортасында болған болашақ ақын ерте есейеді. Отаршылдық езгімен, ұлтты қанаумен ерте танысқан Сәкеннің өлең жазбауы мүмкін емес еді. «Тергеген болсаң айтайын» атты өлеңінде ақын былай деген: «Кейде толып көкірекке, кектер толып кернеген. Жігер қайнап зұлматқа, дүниеден шындық көрмеген. Көз жасын көріп сорлының, екпінді қызу өлеңді, Көкірегім жылап еңіреген, айтпауға ерік бермеген» [3.96].


1908-1913 жылдары Сәкен Ақмола (қазіргі Астана) қаласында әуелгі Приходская школаны, кейін 3 класты қалалық училищені бітіреді. 1913-1916 жылдары Сәкен Омбы қаласында мұғалімдер семинариясында оқыды. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. 1917 жылдан бастап Сәкен Патша өкіметін құлатқан Ақпан төңкерісінен кейін-ақ, Ақмоладағы Қазақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Сәкеннің қатысуымен Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарады.


1918-1919 жылдары Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» Омбы лагерінде 9 ай азап шегеді. Кейін бұл оқиғалар «Тар жол, тайғақ кешу» романын жазуға тікелей әсер етеді. 1922 жылы Сәкен оқу-ағарту Халық Комиссариатының орынбасары, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып бекітіледі. Қазан айында Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы етіп сайланады. 1925- 1937 жылдар «Әдебиет майданы» (бүгінгі «Жұлдыз») журналында қызмет атқарады. Жоғары оқу орындарында, Абай атындағы педагогикалық институтында қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқыды (1930-1937).


Негізгі шығармалары: «Асау тұлпар» (1922) – өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары жеке кітап болып шықты. «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында» (1928), «Еңбек-шарт-жалшылар қорғаны» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1932), «Қызыл ат» (1935), «Социалистан» (1935) атты өлең-поэмалары.


Қара сөзбен жазылған шығармалары: «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы (1927), әңгімелері «Жұбату», «Екі кездесу», «Бандыны қуған Хамит», «Қыр балалары», «Омар», «Айша» (1922), «Жер қазғандар» (1928), «Жемістер» (1935) атты повестері.


Сәкен әдебиеттанушы ретінде де көп еңбек сіңірген. Оның зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шыққан кітаптары: «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты жинақ (1931), «Батырлар жыры» (1938), Ыбырай Алтынсариннің өлеңдер жинағы (1934), 1935 жылы Ақансері, Ақмолда ақындардың өлеңдерін, «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын құрастырған. Өзінің негізгі еңбегі «Қазақ әдебиеті» 1932 жылы баспадан шықты. Сонымен қатар ол мектепке арналған әдебиет оқулықтарын жазуға қатысты және көптеген әдеби-сыни мақалалардың авторы.


Қазақ әдебиеттануында Мұхтар Әуезовпен қатар Сәкен Сейфуллин Ахметтанудың басында тұрған әдебиетші. Ол Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнайы мақала жазған. Сол кездің өзінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне, ісіне әділ баға берген. 1923 жылы 19 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» атты мақаласында: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, ақын кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның арам қулықты атарман-шабармандардың қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан халықтың қазақшыл ұлт намысын жыртып, ұлтының арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін салып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып, ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметкерлік қылды» [3. 67], – деп пайымдапты.


Ахметтің әдеби, тілтану оқу құралдары, оның ішінде биыл қазіргі қазақ әрпінде тұңғыш жарияланып отырған «Оқу құралы», т.б. еңбектері туралы Сәкен Сейфуллин нақты баға беріпті: «Оның оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай».


1936 жылы Сәкеннің әдеби қызметінің 20 жылдығы мерекеленді. Сәкен Қазақстан үкіметінің басшысы болып жүрген кезінен бастап қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялауды күн тәртібіне батыл қойған азамат екенін жоғарыда айттық. 1925-1928 жылдары Қызылордадағы халық ағарту институтында, 1927-1928 жылдары Ташкент педагогикалық институтында, 1930-1937 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ әдебиеті тарихынан сабақ береді.


1925-1933 жылдары Қазақстан партия ұйымын басқарған Голощекин саясатына ашық қарсы болғанының салдарынан ақын ақыры 1937 жылы «Халық жауы» атанып, тұтқындалады. Сәкен 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түрмесінде өзі жырлаған Совет үкіметінің шешімімен атылады.


Ол қандай ұстаз болды? деген сауалға белгілі әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайылов 1959 жылы жазылған мақаласында былай деген екен: «Сәкен өзінен оқыған жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көркем поэзияны терең сүю, білу, зерттеу рухында тәрбиеледі. Егер көптеген ақын, жазушылар Сәкеннің творчестволық ықпалымен әдебиет майданына араласқан болса, бірталай жас таланттар Сәкеннің оқушы шәкірті есебінде әдебиет майданына араласып, өзінің творчестволық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды. Мұны алдымен ҚазПИ-де Сәкеннен оқыған – Тайыр Жароков, Әбділдә Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Белгібай Шалабаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сағыр Камалов, Хамза Есенжанов, Қадыр Хасанов, Мәлік Ғабдуллин, Еркімбеков Дүйсембек, Қалижан Бекхожин, осы сөздің авторы және басқалар туралы айту керек. «Сәкен – қатал күрес үстінде шынығып өскен ақын азамат. Ол өзі белсене араласқан әдебиет қозғалысының қайшылығының да ащы- тұщы дәмін де мол татты» [1. 29].


Ақын шығармашылығы 30-шы жылдары репрессияға ұшырап, оның есімі тек 1957-ші жылы ғана ел тарихымен қайта қауышты.


Бүгінде Сәкеннің шығармаларын біржақты, тек совет кезінің туындысы деп қараған дұрыс емес. Оған көз жеткізу үшін ақынның өлеңдеріне үңілейікші.


Орынбордан шыққан «Асау тұлпар» атты (1922) жинағының алғы сөзінде Сәкен былай деген: «Әділдік, теңдік іздеген, тұрмыстың таршылық зынданын бұзып. Еркіндік, кеңдік іздеген, көкіректері жанып бақыт іздеген, жастар, сендерге арналды бұл әндер!»


Үнемдеп өлшеп күн өткізу үшін тумай, дүниенің сасық байлығына жетуді мақсұт қылмай, қырандай жер-көкке қанат жайып, қырандай дүние шетіне көз жіберген, асау тұлпардай қиырсыз жерге құлаш керіп, бақыт, махаббат іздеген, жастар сендерге арналды бұл әндер!. Сендерге арналды бұл әндер – асауменен алысып жүріп салған әндер!» [1. 64].


Асау уақытта өмір кешкен Сәкеннің шығармашылығын таптық көзқарастың не екенін білмейтін ұрпақ жаңаша бағалауы заңдылық. Өйткені нағыз көркемдік схемаға сыймайды, Сәкен өлеңдерінің інжу-маржан мағыналарын, жанр мен стильдік жаңалықтарын аршып алар кез жетті. Сәкеннің лирикалық кейіпкерінің әр сөзінің ішкі сырын, төркінін бүгінгі ұрпақ саясаттан бөліп алып қарауы абзал.


Тәуелсіздік кезеңінің әдебиеттануы Сәкен шығармашылығын жаңаша зерттеуді талап етеді: «Сәкен – әдебиеттанушы», «Сәкен – қоғам қайраткері», «Сәкеннің көркемдік әлемі», «Сәкеннің лирикалық кейіпкерінің мұңы», «Сәкеннің ғашықтық лирикасы», «Сәкеннің азаматтық лирикасы», «Сәкеннің пейзаждық лирикасы», «Сәкен прозасының қазақ әдебиетіне қосқан жанр мен стильдік жаңалықтары», «Тар жол, тайғақ кешу» романының жанрлық түрі мен тарихилық мәні», т.б. тақырыптар өзінің зерттеушілерін күтуде.


Бүгінгі қазақ әдебиеттануы бұрынғы зерттеулерді жоққа шығармайды, бірақ Сәкеннің шығармашылығы туралы жаңа сөздер айтылуы заңдылық. Қазақ елінің басына түскен ауыр күндердің суретін біз Сәкеннің «Қамауда», «Адасқандарға», «Сағындым», «Тұлпарым», «Қамыққан көңілге», «Шәһит болған достарыма» атты өлеңдерінен көреміз. Бұл өлең шумақтары ыза мен өкінішке ғана толы емес, бұл тұтқынды, оның зардабын бастан кешкен асыл ердің толғаулары.


Сәкеннің «тар жол, тайғақ кешу» деген бір сөйлемі оның замандастары, бүкіл қазақ зиялыларының басына түскен трагедиялық аласапыран күйдің формуласы іспеттес. Бұл бір ұлттың көзі ашық зиялыларының арасын бөліп, бір-біріне қарсы қою саясатының ісі екенін біз бүгін мойындаймыз.


Алаш сөзіне деген ойын Сәкен 1919 жылы былай деп білдірген екен: «Ағайынның, алаштың, көбі-ақ саған қас шығар. Мұз боп қатып жүрегің, қалған көңлің тас шығар. Елдің көбі тыңдамай, айтқан тура сөзіңді. Өңкей залым: «сен бұзғыш!» – дейтін-ақ шығар өзіңді. Залымнан қорлық көрдім деп, бола ма, құрбы, мұңайып? Залым адам қапқан ит, итке салар кім айып?» [1. 125].


Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына тарихи әділ баға берген Сәкен Сейфуллин сол кездегі зиялы қазақ элитасының нағыз дұшпанының пішінін осы өлеңінде былай суреттейді: «Жауыз, залым дұшпандар, Пайғамбарға оқ атқан. Пайғамбарды «бұзғыш» деп, Тобынан қуып, … атқан!» [1. 125].


Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек пен Сәкендер бірігіп кетсе қазақ елінің тағдыры, совет үкіметінің күні қалай болар еді? Кедейді байға қарсы қою саясаты көпке жетпеді, бірақ осы таптық көзқарас қазақ зиялыларын қырғынға ұшыратты.


«Кім басшы аға халыққа?» өлеңінде Сәкен ағынан жарылғандай: «Халық ағасы жұрт қорғайтын панадай, адасқанды жөнге салар данадай. Қара халық жөн білмейтін, адасқан, соңынан еріп қалықтаған баладай. Біздерде аз халыққа аға болған ер – шын көңілімен өз жұртының қамын жер, отбасында ынтымақсыз өздері, солар аға, солар басшы дегендер. Бірікпес басшылардың сөздері, бірін-бірі кекетсе олар өздері, қыңыр-қисық қазақ халқын түзеуге. Қане олардың құрған үйтіп тездері?! Олар өйтсе, кім басшы-аға халыққа? Қисайғанды кім салады қалыпқа? Басшысы жоқ адасқан қара халықты, кім бастайды қараңғыдан жарыққа?» [1. 51].


Қазақ елінің қамын ойлаған, сол үшін өмірін саналы түрде осы биік мақсатқа бағыштаған қазақтың ХХ ғасыр басындағы зиялыларын біздің тәуелсіздігіміздің рухани көсемдері екенін есте сақтауымыз қажет.


Қазақ ұлтының зиялы элитасы саяси күресте шынығып, өз елінің мүддесі үшін жәйлі күй кешпеген ұрпақ. Оларға тән мәрттік, турашылдық, әділдік, имани тектілікті біз бүгін аңсаймыз. «Қазақ сабағы» атты өлеңінде Сәкен былай дейді: «Иесі болса-дағы алтын тақтың, көнеді пенде ісіне жалғыз хақтың. Тағдырға мойынсұнып, елден безіп, мен жүрмін ортасында бөтен-жаттың. ...Бихам боп ата- ананың қастарында, талайы жүргенінде мендей заттың. Сағынып, әке-шеше, құрбыларды, мен жүрмін ортасында қасіреттің. …Мені ешкім зорлаған жоқ шетте жүр деп, не «хасірет» болса дағы өзім таптым. Шалқамнан жатар едім мен де үйде, мен дағы ұрпағы боп аруақтың. «Өнер тап, жолдастығы жоқ», дейді ойым. «Атадан қалған артта мал мен бақтың». Я, Алла! Жеткізе көр мұратыма, Рақаты бар деуші еді михнаттың*» [1. 52].


Бұл өлең жолдары Аллаға мінәжәт емес пе?! Сәкен бізге басына түскен қиыншылықтарын, тағдыр соққысын айтып отыр. «Ақын» өлеңі былай аяқталады: «Саналы, көзі ашыққа сөзің алтын, санасызға – жел, сөз – соқан салқын. Ойында санасыздың еш нәрсе жоқ, ілгері бассын деген қазақ халқын».


Абайдың шәкірті, қазақтың ойшылы, ақын Шәкәрім Құдайбердиев «Жан мен дене һәм көңіл» атты өлеңінде былай деген екен: «Ал енді сипатталық көңілді біз, ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз. Жан мен Дене – қосылған ерлі-қатын, екеуінен туады көңіліміз. Табиғат бірде былай, бірде олай, кетері мәлім емес әлдеқалай. Әкесі жан, шешесі дене болып, көңіліміз сол себептен екіталай. ...Анық қара: жан – өзің, дене – киім, мақтан, бояу – денеге берген сыйың. Жанға мұндай алдауың азық емес, оған пайда не қылдың жалғыз тиын?»


Сәкен өз замандасының осы ойын жалғастыра түседі. «Көңіл» деген өлеңін ақын былай түйіндепті: «Теңіздей толқып, шайқалып бұлқып, өмірі тыныштық етпейді. Тұңғиық терең, өлшеусіз ерен, шетіне көз жетпейді. Жоқты іздеп, көңілім, жоқтайсың, тыншығып қашан тоқтайсың? Жел, құйын, ағын, бәйгі көк, ұшқыр құс, құмай, атқан оқ бәрі де жүйрік өзінше, көңілден бірақ жүйрік жоқ» [1. 72].


Оның жоғарыда сөз болған өлеңдері бүгінгімізге қажетті нағыз рухани ғибрат. Сәкен Сейфуллин өз заманының жаңа сөздерін қалыптастырумен қатар Абайдан келе жатқан классикалық дәстүрді жалғастырды. Ақынның лирикалық кейіпкері өзінің ойы, оның логикалық дамуы, өз мамандығына сай тілі бар, қалыптасқан тұлға.


Ақындық, азаматтық, ғалымдық, ұстаздық қызметін Сәкен қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресімен тікелей байланыстырған.


Сәкен шығармашылығы – қазақ зиялыларының Совет дәуірі кезіндегі бастан кешкен «тар жол, тайғақ кешу» тарихы екені сөзсіз. Өзі жырлаған өкіметінің қолынан қаза тапқан Сәкенді біз бүгін жаңаша тануымыз керек.


Сәкеннің жүрегі қазақ елінің тәуелсіз болуын ғана аңсағанын біз оның бүкіл шығармашылығынан көреміз. Олай болса, өз заманына сай елінің жоғын жоқтай білген, халқының намысын қайрай білген, елім деп соққан ақынның әр сөзін түсініп оқитын кез келді.


Пайдаланған әдебиеттер:

1. Сейфуллин С. Шығармалары. І том. – Алматы, 1960.

2. Қирабаев С. Тәуелсіздік рухымен. – Астана: Фолиант, 2002.

3. Ұлттық рухтың ұлы тіні. – Алматы: Ғылым, 1999. – 568 б.

*Михнат (арабша) – қиыншылық, азап, бейнет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар