Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік және Елбасы

16.12.2018 1659

Тәуелсіздік және Елбасы

Үш ғасыр тізгіні өзгенің қолында болып келген Қазақ елі 1991 жылы тәуелсіз ел атанды. Үш жүз жыл бойы алысып, азаттық жолында шаһид кешкен ата-бабаның арманы орындалды, мерейлі күнге жеттік. Тәуба!

Тарихтан белгілі болғанындай, азаттық алған елдердің бәрі бірдей бірден даңғыл жолға түсе бермейді. Әсіресе қазіргідей жаһандану кезеңінде жас мемлекеттің «бұйдасынан» жетектей кеткісі келетіндер көп. Осы тұрғыдан алғанда, қазына байлығы мол Қазақстанды әлемнің алпауыт елдері «күлшелі бала» көргені хақ. Тіпті туыс ел — Түркияның өзі «аға» болғысы келгені есте. Әсіресе мұнай құбырларының айналасындағы әңгімеде АҚШ пен Ресейдің әрқайсысы Қазақстанды өз ыңғайымен жүргізгісі келгенін де жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Бірінің қыбын тапсаң, екіншісімен қырбай болып шыға келесің. Сол тұста жас мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өз ұстанымы бар екенін аңғартып, көп векторлы саясатты таңдады.

Тәуелсіз ел атанған тұста Қазақстанның қолында ядролық қару болғаны мәлім. Енді ғана тәй-тәй басқан елдің оны игере алмайтыны өз алдына, мұндай қаруы бар елдің үнемі нысана астында болатыны белгілі. Ел Президенті тағы бір көреген қадам жасады. Алпауыт елдердің кепілдігін ала отырып, әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты.

Нұрсұлтан Әбішұлы ең алдымен елдің шекарасын нықтап алуға ұмтылды. Ал бұл — өте күрделі мәселе еді. Шығыста КСРО мен Қытайдың кезінде шешілмеген түйінді шешу керек-тін. Түстікте күн санап қарасы молайып келе жатқан өзбек ағайынға да әр сүйем жер қымбат. Ал Ресейдің де кеше ғана өзінен «енші» алған мемлекетке шекесінен қарағысы келетіні тағы мәлім. Мол газдың арқасында сеңсең бөркі қоқырая түскен түрікмендерге де жер артықтық етпейтін…

Міне, осы мәселелер біржола шешіліп, Қазақстан әлемдік қауымдастық мойындаған шекарасын бекітіп алды. Бұл да, әрине, Тәуелсіздіктің, ел Президентінің табанды көзқарасының арқасы!

Біз әдетте мына сайын даланы ата-бабамыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғады дегенді жиі айтамыз. Расында да заманында күллі әлемді тітіреткен Түркі қағанатын айтпағанда, берідегі Қазақ хандығы да ешкімге есесін жіберген жоқ. Тек кейінірек өзгенің боданы болып, соның қас-қабағына қарауға мәжбүр болдық. Аруағыңнан айналайын бабаларымыз сол кезде де қара қазан, сары баланың қамы үшін етігімен су кешіп, қолы жаудың жағасында кетті. Олардың ерлігіне көлеңке түсіру — күнә. Бірақ Әбіш Кекілбайұлы жазғандай, жер асты байлығы игеріле бастаған ХХ ғасырда ғана алпауыт елдердің назары байтақ қазақ жеріне шындап ауа бастады. Ал біз басымызға өз бөркімізді киген тұста күллі әлем жаһандану жолына түсті. Сондықтан біз қанша қалағанымызбен әлемнің алпауыт елдері бізді өз-өзімізбен қалдырмайтыны анық еді. Әрі сонша байлықты өзіміз игере алмайтынымыз белгілі-тін. Сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің барлық елдерінен инвестиция тартты. Сарапшылардың пікірінше, соның арқасында экономикамыз аяғына тік тұрып қана қоймай, қауіпсіздігімізді де нығайтып алдық. Өйткені бізде әлемнің «ауа райын» жасайтын елдердің бәрінің де бизнесі бар. Ал қыруар қаржы салып отырған олар біздің елде тыныштық болуына әбден мүдделі.

«Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді қазақ. Әлемдік тәжірибеде мықты билеушілердің жұрттың пікірімен санаспай, өз дегенін жасап, сонысы кейін дұрысқа шыққанын көрсеткен мысалдар көп-ақ. Экономикамыз ботатірсек боп тұрғанда ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы Елбасы пікірі әуелде жұртқа оғаш көрінгені рас. Тіпті Президенттің сенімді серіктерінің өздері «Бұл қалай…» деп қалғанын бір кездесуде мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков айтты. Бірақ Елбасы ешкімнің көңіліне қараған жоқ. Әуелі Парламент депутаттарының көзін жеткізді. Сосын Арқа төсіне ту тікті. Астана — жаңа мыңжылдықтағы тұңғыш қала ғана емес, әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналды. Бір кезде Ресей көз алартқан солтүстік облыстардың қазағы молайды. Әрі ел астанасы мемлекетіміздің қақ ортасына қоныс теуіп, тоғыз жолдың торабына айналды. Ал шынында сол тұста астана салу үшін елорданың тұсаукесерінде өзбек президенті Ислам Каримов айтқандай, «аттың басындай жүрек керек» еді. Ендеше, Астана, ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенті.

Астанада бүкіләлемдік дәстүрлі діндер басшыларының бірнеше съезі өтті. Демек біздің елордамыз — береке-бірліктің ордасына айналды.

Тәуелсіздік алған тұста республикада қазақтың саны аз еді — 40 пайыз болатын. Сондықтан да өзге ұлттың даусы басымдау шығатын. Елбасы қиын кездің өзінде-ақ шетелдердегі қазақтарды көшіріп алу мәселесіне ден қойды. Соның арқасында, қазір елімізге 1 миллионға жуық қандасымыз келіпті. Табиғи өсім де жаман емес. Осы мерекелік номерімізге берген сұхбатында белгілі демограф Мақаш Тәтімов қазақтың үлес салмағы 66 пайызға жеткенін айтып, сүйінші сұрап отыр (қараңыз — 13-бет). Қазақстанның шетелдегі қандастарын көшіріп алып отырған әлемдегі үш мемлекеттің бірі екенін де ескеріңіз.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Бұл да, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделінің арқасы. Астана саммитіне 156 мемлекеттің басшылары мен өкілдері келіп, маңызды құжаттарға қол қойды.

Биыл Қазақстанда тұңғыш рет қысқы Азия ойындары өтті. Ал мұндай ойындарды әлеуеті жоғары елдердің ғана ұйымдастыра алатыны белгілі.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Конституциясын АҚШ жазып берген Жапония ең алдымен білім алу үшін жастарын шетелге жіберіпті. «Өнер-білім бар жұрттардың» озық тұсын зерделеген жапон жастары алған білімдерін кәдеге жаратып, Жапонияны әлемдегі ең мықты елдердің біріне айналдырды.

Бізде де жастар Елбасы бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып жатыр. Бұрын Алматыны алыссынатындардың балалары енді әлемнің түкпір-түкпірінен маржан теріп жүр. Болашақта олар да Қазақстанның гүлденуіне ат салысары хақ.

Қазақ үшін әлі де толық шешілмей отырған мәселе — тіл екені аян. Президент бұл мәселеде сабыр сақтау керек екенін үнемі ескертіп келеді. Мақаш Тәтімов жоғарыдағы сұхбатында «мемлекеттің үштен екісін құрайтын халық сол елдің иесі саналатынын» жазыпты. Ал біз қазір сол деңгейге жетіп отырмыз. Демек ендігі жерде қазақ тілінің тынысы кеңи беретіні хақ. Оның мысалын көріп те отырмыз. Бір кезде ел астанасы — Алматыда бір ғана қазақ мектебі болғаны мәлім. Алматы түгілі, облыс орталықтарында да қазақ өзге елдің қаласында жүргендей іші тоңып жүретін. Қазір, құдайға шүкір, қай қалаға барсаңыз да алдыңыздан қауқылдаған қазақ шығады. Ауыл адамы қалаға барғанда қазақша сөйлейтін бала көрсе таң қалатын кез қазір келмеске кетті.

Жақында жергілікті газеттің бірі қаламыздағы жоғарғы оқу орындарында филология факультетінің орыс бөліміне оқуға түсетіндердің күрт азайып кеткенін жазды. Бұл — табиғи заңдылық. Ендігі жерде өзгелер қаласын-қаламасын, қазақ тілінің бағы жанатыны екі жердегі екінің төрт болатынындай — ақиқат. Өзге ұлт өкілдері де соны түсіне бастады. Ендеше, Елбасының: «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген сөзі де шындыққа айналып келеді.

«Әуелі экономика, сосын саясат» деген қағида да өзін ақтады. Елбасы тапсырмасымен Ұлттық қорға жиналған қаржының арқасында еліміз бірнеше қаржы дағдарысынан аса қиналмай өтті.

Үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар ел әлеуетін күрт көтермек. Өткен аптада солардың бірқатарын телекөпір арқылы іске қосқан Елбасы британдық сарапшылардың бағалауынша Қазақстанның ХХI ғасырдың алғашқы он жылдығында аса қарқынды дамып келе жатқан елдердің үштігіне кіріп отырғанын жеткізді.

Бір кезде «Қазақстан — 2030» стратегиялық бағдарламасы дүниеге келгенде күле қарағандар көп болып еді. Қазір сол бағдарламаның жемісін жей бастадық. Соның бәрі ең алдымен Тәуелсіздіктің, сарабдал саясатымен жаңа мемлекетті бүгінгі деңгейге жеткізген Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз еңбегінің арқасы!

Әрине, бүгінгі жеткен биігіміз біреулерге олқы көрінуі де мүмкін. Әрине, адам баласы барша игілікке өз тұсында жеткісі келетіні анық. Бірақ бізден анағұрлым көп ұлттардың мемлекетсіз отырғанын көргенде, 16 миллионға енді ғана жеткен қазақтың бүгінде әлем таныған мемлекет құрып отырғанына шүкір дейсің.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Елбасы

Көп оқылғандар