Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр бәйгесі м...

10.07.2021 8077

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр бәйгесі мәреге жетті 12+

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр бәйгесі мәреге жетті - adebiportal.kz

Тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та осылай айтып отыр. Қазақ елі сонау алыс ғасырлардан бері Тәуелсіздік үшін қаншама қанды күрестерді басынан өткерді. Тәуелсіздік ұғымы – ұлы ұғым! Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та бостандықтан асыл, одан қасиетті ешнәрсе жоқ екендігін, азаттықтың Көк байрағын көтерген күннен бастап санамызға сіңіріп келеді.

Тәуелсіздік мерекесі – барлық мерекенің ең ұлысы! Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарияланған биылғы Республикалық жыр бәйгесінің орны ерекше. Бұл мүшәйра - Тәуелсіздік шежіресін, бостандық мұратын асқақтататын аламан жыр бәйгесі. Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген аталы сөз бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ бостандық бұғауынан мойны босаған отыз жылдық мерейлі мерекесін асқақ шабытпен тойлауға тиіс. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Осы ұлы мерекенің басты символы – Елорданың Арқаға көшуі. Астана күні мен Тәуелсіздік егіз ұғым. Осынау тарихи ұлы мерекеге арналып жарияланған мүшәйра өз мәресіне жетті.

Мүшәйраның басты мақсаты – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жырлау арқылы ұрпақ зердесіне киелі сәуле түсіру. Азаттықтың туын өз қолымен қадаған, Елорданы Сарыарқадай ел ортасына көшіріп, алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігін паш ету, ұлтымыздың бостандыққа дейінгі көрген азап-тозабын, бостандықтан кейінгі гүлдену дәуірін жыр тілімен тарихта қалдыру еді.

Осындай ұлы мерекеге арналған аламан жыр бәйгесіне қаламының желі бар 40 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Тәуелсіздіктің түлектері саналатын жас ақындарға жол ашқан бұл жыр бәйгесінің басты мұраты да осы еді.

Зады, тәуелсіздік тақырыбы - өте ұлы тақырып! Бұндай келелі тақырыпты жырлап шығу жас ақындарға үлкен сын. Соған қарамастан осы ұлы додаға Республикамыздың түкпір-түкпірінен 50 ден астам жас ақындар өз шығармаларын үлкен үмітпен бәйгеге қосқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып бастатқан, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лареаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Алаш сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, "Дарын" Мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, Әдебиет порталының қызметкері, жас ақын Арман Шеризат қостатқан қазылар алқасы мүшәйраға түскен шығармаларды сараптай, саралай келе мына төмендегі авторларды жүлделі орындарға лайық деп тапты. Айта кетер бір жайт, қазылар алқасы мүшәйраның негізгі мақсаты Тәуелсіздікті жырлау, отызға толған жас Қазақ Мемлекетінің тағдырын, тарихын толғаған Елбасының, Еліміздің жеткен жетістіктерін жарқырата көрсеткен шығармаларды басты назарға алды. Әрине мүшәйраға небір жақсы өлеңдер түсті. Сұлу сөз, сылдыр баяндау, бүгінгі Тәуелсіздіктің салтанатын жырлаудың орнына алты ғасыр бұрынғы дүниені қозғап, сөз бұйдалыққа салынған шығармаларға бәйге беруді лайық көрмеді. Бізге керегі – қазақ халқының бүгінгі жеткен жетістігі, жас мемлекетіміздің жаңа тынысы, жарқыраған жаңа келбеті! Осы мақсатқа табан тіреген қазылар алқасы мына төмендегі ақындарды мүшәйра жүлдесіне лайық деп тапты:

Бас жүлде «Тәуелсіздікпен тілдесу» атты өлең топтамалары үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын, белгілі журналист Олжас Қасымға;

Бірінші орын «Елордам – арман ордам» атты өлеңдері үшін, жыр әлеміне таныла қоймаған, тосын талант, Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына;

Екінші екі орын «Мәңгілік ел» өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын жас ақын Еркін Исаханға және «Тәуелсіздік – боз жусаным» атты өлеңдер топтамасы үшін алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына;

Үшінші үш орын «Тәуелсіздікке тағзым» өлеңі үшін Екібастұздық жас ақын Ернұр Қайралаповқа, Нұр-Сұлтандық жас ақын Мұқият Қойшыбайдың «Еркіндікке құштармын», Нұр-Сұлтандық жас талант, мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлының «Ұлан сөзі» өлеңіне берілді.

Жүлдегерлерді марапаттау пандемияға байланысты онлайн форматта Нұр-Сұлтан қаласында 10 шілде күні өтті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар