Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеолог...

05.07.2022 3307

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс (сұхбаттың соңғы бөлігі) 12+

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс (сұхбаттың соңғы бөлігі) - adebiportal.kz

Жазушы, драматург, қоғам қайреткері Жабал Ерғалиұлымен жасалған сұхбаттың соңғы бөлігі оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

- «Адам боп келдім өмірге, адам боп өту – тілегім», - деп қазақтың талантты ұлы Жәнібек Кәрменов айтқанындай, мынау тірлікте адам болып, адамгершілікті сақтап өту дегеннің өзі күрделене түскендей-ау.

- Жалпы қазақ болып өмір сүру – әрі қызық, әрі қиын. Оның қызықтығы осы: қиындығы кейде жаныңа жара салады. Осындай күрделі мәселе ғой. Бірақ та өзіңнің ұлтың, өзіңнің халқың – сүйінесің, күйінесің. «Кешкі мұң» деген повесім бар, сонда қазіргі кездегі ит пен адамның жағдайы безбенделеді. «Ит тіршілік өмір сүріп жатырмыз», - деп қазақ неге айтты? Бұрын балаларымызды мектепке жіберерде: «Көшеде қаңғырып жүрген иттен сақ бол!» - деуші едік қой. Ал қазір немерелерімізді шығарарда: «Көшедегі адамнан сақ бол!» - дейтін болдық қой. Сонда біздің ақыл-парасатымыздың өсіп-жетілгені қайда? Ғарышты игеріп Айға жетіп, қызыл ғаламшарға дейін барып жатқан адамзаттың бұл қылығы не? Бұған ғалымдардың ақылды құлтемірлер жасауының әсер тиіп жатыр ма? Сонда адамнан ақыл кетіп, оны темірге қондырып жатырмыз ба? Сонда адам баласының бәрін роботқа айналдырғанымыз ба? Сонда адам баласы қайда кетеді? Жерге де бола емес пе? Роботтың келгеніне қуанып жүргенімізбен, оның да проблемасы көп қой. Баяғыда он трактор апаратын тұқымсепкішке дейінгі жұмысты қазір бір-ақ трактор апарып, атқара салатын болды. Сонда біз адам баласын далаға лақтырып тастап жатырмыз ғой. Әрине, қуатты техника, роботтар керек шығар. Бірақ адамның тағдырын кім ойлап жатыр дегендей мәселе. «Құлпытастың көз жасы» деген пьесам қойылып жүр. Сонда қаңғыбастардың (бичтердің) өмірі суреттеледі. Оны жазған себебім, үйдің сыртында ылғи сондай адамдар отыратын. Бір күні көшеге шығып бара жатып, соларға бұрылып бардым. Әрқайсысымен сөйлестім. Сонда әлгі адамдар арасында: «Бізге бұрылып келетін, неғылған жансыңдар, кімсіңдер?» - деп сұрайтын адам да болады екен-ау!» - деп жылағандары болды. «Осылай келіп сұрап тұрған сізсіз», - дегені бар, кейбірінің. Сосын асықпай сұрасам, кешегі күні бәрінің де жұмысы болған, зауыт-фабрикалар тоқтаған кезде әйелдері үйден қуып шыққан. Далада қалып аяқ-қолдары үсіп кеткендер. Сосын жеңгеңе тамақтан соң: «Үйдегі күндегі қалатын тамағыңнан сорпа-суды төкпеші, маған баклажкаларға құйып беріп отыршы», - деп құйғызып аламын да жаңағыларға апарамын. Хал сұрап сөйлесемін. Әрқайсысының осылай үйсіз-күйсіз қалуының жеке-жеке себептері бар екен. Кейбірінің құжаттары жоғалған екен. Әкімдік арқылы құжаттары қалпына келтіруге көмектестім. Кейбіреулерін үйі жоқтарды орналастыратын мекемеге орналастырдым. Солармен әңгімелесуден ұққан қорытындым: жеке өз басының да кінәсі бар шығар, бірақ бұған негізінен қоғам – біз кінәлі екенбіз. «Құлпытастың көз жасында» бір кейіпкерімнің: «Мен де кезінде анадан сіз сияқты адам болып туған едім ғой!» - деп айтатыны бар. Иә, адамдардың тағдырына немқұрайды қарауға болмайды.

Мына қоғамның бүгінгі қатігездігіне екінің бірі жауап бере алмайды. Бұл – ақиқат. Себебі, қатігездікке жауап беру үшін сенің де бойыңда қатігездік болуы керек. Жамандыққа жауап беру үшін сенің де жамандыққа қарсы жауап беретін жаман қасиетің болуы керек. Ал кешегі Мұқағалилар сияқты таза, ондайға дәрменсіз адамдар қоғамның бүгінгі айуандығына, өтірігіне, қулық-сұмдыққа өзінің жан дүниесімен қарсы тұра алмады. Өйткен олардың бойында арамдық, қулық дегендер болған жоқ. Сондықтан олар не істеуі керек еді. Өзегінің өксігін басуы керек болды. Оған кім кінәлі? Біз, қоғамы кінәліміз. Адам баласы біріміздің тағдырымыз үшін біріміз кінәліміз. Құлап бара жатқанды сүйеудің орнына, құлата түсеміз. Сүрініп қалғанға сүйсініп отырамыз деген сияқтылар қазақтың бойынан қалуы керек. Бүгінгі күні өзінің қызмет жасап жарыта алмағанын сенің жамандығыңнан көретін жастар да пайда болды. «Ой, сіз сондай жерде жүрдіңіз ғой, жағдайыңызды неге жасап алмадыңыз!» - деген сияқты айтатындар да табылып жатады. Сонда мен айтамын: «Баю үшін ұрлық жасау керек пе еді, қылмыс істеу керек пе еді?» Бұл не сонда? Осындай бір психологияның қалыптасып келгеніне қарап, біздің қоғамның, дүниенің қатігездігі күшейе түсе ме деген қаупім бар. Егер адам баласынан мейірім, жанашырлық сезім кеткеннен кейін дүниенің қатігездігі қаулап кетпесе неғылсын.

Болашақтан үмітіміз бар, жастар өсіп келеді. Оларға шамамызша тәрбие беріп жатырмыз. Білгенімізше айтып жатырмыз. Ниетіміздің негізгі түйіні: қазақтың баласы бақытты болса екен, салиқалы, еңбеккер, бірлікшіл, адал болса екен, өзін өзі сыйлаумен қатар өзгеге сыйлата білетін заманауи жандар болса екен дейміз. Осы қасиеттер ұлтымыздың бойында болуы керек қой. Біздің барлық ой мұратымыз – халқымыздың санын өсіру, жетілдіру, жан жақта анталап отырғандардың аранына түсіп қалмау мәселесі ғой, аға буынды көбірек толғандыратын.

- Қазіргі күні адамдар кітапты аз оқиды деген түсінік бар. Сіздіңше, осы рас пікір ме? Мәселе адамдардың аз немесе көп оқуында емес, кітапта, тираждың жетіспеушілігінде емес пе?

- Қазіргі күні тағы бір алаңдайтын мәселенің бірі – осы. Иә, біз қазір рухани, әдеби мұраларымызды жан жақтан тірнектеп жинап жатырмыз. Музыкалық, философиялық он томдықтар, фольклорлық жүз томдықтар шығып жатқаны қуанышты. Бірақ тым болмағанда соның бір томы бар ма біздің қолымызда? Барында бар шығар. Дегенмен кез келген қазақтың үйінде тұр деп айта алмаймыз ғой. Осыны мен үнемі айтып жүрмін. Мысал үшін, сол фольклорлық жүз томдықтың балаларға лайықталған сапалы бір томы болса игі еді ғой! Сол бір томдық жеті-сегіз миллион данамен шығарылып, әр қазақтың қолында жүруі керек қой. Қазіргі жағдайымыз – алдағы күнде не болады деп өзімізді өзіміз жинақтап, алдын ала музейлерге, архивтерге тапсырып жатқан сияқты бір көңіл-күйде боласың. Ол құр ғана жинақталмай, жұмыс істеуі керек қой. «Ойбай пәлен томдық шығардық», - деп тұсаукесерін өткізіп жатады. Естіген соң кітап дүкенінен іздейсің. Кітап дүкені демекші, мынау облыс орталықтарында, қалаларда баяғыдай мамандандырылған кітап дүкендері де қалмады ғой. Мен осыны парламентте жүрген кезімде бірнеше рет айтқанмын. Әр облыс орталықтарында бір-бір мамандандырылған кітап дүкендерін қайтадан ашуымыз керек. Қазір кезінде қолымызға түспеген кітаптар базардың бұрышында, жерде сатылып жатады. Кейбір дүкендерде, колбаса мен майдың арасында тұрғанын көргенде, жүрегің ауырады. Менің осыған қатысты сол кезде парламентте жүргенде алған жауабым: «Қазір кітап дүкендерін ұстап тұру экономикаға, бизнеске тиімсіз», - болды. Әрине, солайы солай шығар. Бірақ мына газет-журналдан, баспасөзден, руханияттан экономикалық табыс аламыз деп ойламауымыз керек пе? Журналистиканың өзі бизнес емес, идеология ғой. Кітапхана адамды тәрбиелейді, ол – қоғамның ақыл-ойы, санасы, сіздер мен біздерді тәрбиелеуші. Сондықтан да одан экономикалық тиімділік сұрауға болмайды. Сондықтан, облыс орталықтарында арнайы кітап дүкенін мемлекеттің есебінен ұстаса, онда Қазақстанда, әлем әдебиетінен шығып жатқан кітаптар жеткілікті тұрғыда сатылып жатса, әрине халық бастабында бірден ала қоймас. Бірақ біртіндеп үйренеді. Кейде елордадағы кітап дүкендеріне барғанда, жастардың орындықтарға жайғасып алып, кітаптарды ашып, парақтап отырғандарын көргенде, мен қуанамын, қызығамын. Қазақстанның облыс орталықтарында мұндай кітап дүкендері ашылса, оған балаларды, немерелерді апаратын дәстүр қалыптасатын еді. Бірте-бірте сөйтіп баяғы жаппай кітап оқу заманына қайта ораламыз. Адамның адами негізі қалыптасуының бір негізі кітап оқудан басталады. Мен өзі балаларыма да, немерелеріме де: «Алдыңдағы, қолыңдағы компьютерің мен телефоның саған тек қана ақпарат береді. Ал адами қасиет алу, адами ақыл-парасатқа ие болу – ол кітапта. Сондықтан кітап оқыңдар», - айтып отырамын. Ертеде балаларыма: «Шыңғыс Айтматовты оқыдыңдар ма? – деп сұрағаным бар еді. «Жоқ», - дейді. «Шыңғыс Айтматовпен бір заманда тұрып, соны оқымағандарың қылмыс, айналайындар», - деп үш томдығын әкеліп бердім. Сосын әлгі кітаптарды оқығаннан кейін балаларым: «Ой әке, мынау жақсы шығармалар екен. Сіз бізге дұрыс тамаша кітап әкеліп бердіңіз», - деп рақметін айтып, бағыт-бағдар сұрап отыратын болды. Шынын айтқанда адам рухани жағынан бай болса, ол мынау дүниенің қызылды-жасылды қызығына көп қызыға бермейтінін білемін, өз басым мұны сеніммен айта аламын.

- Өмір болған соң, қоғам болған соң түрлі жағдайлар болады. Өкпе-реніш, ашу-ыза дегендей. Бұл – барлық адам баласына тән. Осындай жағдайларға тап келгеннен кейін адам баласында ойша іштей арылу, тазару деген үрдістер жүрілуі керек деп жатады. Осыған қатысты ойыңыз?

- Егер әлдеқандай жамандық істі ойласаң, есіктің алдына шыға бергенде-ақ жамандықты көресің. Бұл - ниетіңе жарай алдыңнан шыққан көрешік. Ал соның бәрін санаңа сіңіре берсең, жүрегіңнен жүрек қалмас еді. Әрине, бәріміз де әлдеқалай жамандық ойлап қаламыз. Бірақ та осыдан кейін күн сайын өзімізді өзіміз тазартып отырамыз. Сосын жаман ой ойлап қалдым ба деп Жаратқаннан кешірім сұраймыз. Жаман ойларыңды, ниеттеріңді жинай берсең, ол престеліп, санаңда, жүрегіңде қатталада береді, ол. Тазару мәселесі тұрғысында не деуге болады? Ал ол немен тазарады? Меніңше, ол – жақсы ән, жақсы күй, жақсы шығарма, жақсы дүние. Тазару үшін мына кең байтақ даламен, табиғатпен сырласа білу керек. Мен өзім көбінесе қаладан тысқа шығып, ен далада өзіммен өзім боламын. Ешкімді жаныма алмаймын. Шығамын да, ағаштың арасында жүремін, ыңылдап әнімді айтамын, өзіммен өзім сөйлесемін. Өзіммен өзім болып, табиғаттың ерекшелігіне үңілемін. Осындайда керемет бір рақаттанып, тазарып қайтасың. Адам тазарғаннан кейін өзін жеңіл сезінеді. Бойыңдағы небір кесел ауруларың да кетіп қалатын сияқты. Таза жан, таза жүрек болуы керек қой, адамда. Ғабит Мүсіреповтің Сәкен Сейфуллинге арнап жазған «Кездеспей кеткен бір бейнесінде» Еркебұлан деген кейіпкердің: «Ақын қыран – қияға да қонады, ақын қыран – далға да қонады, ақын жүрегіне қақ тұрмайды, қақ тұрған жерден ештеңе шықпайды», - дейтін сөзі бар еді ғой. Сол – дұрыс сөз деп білемін.

Кейде ойлап отырсаң, күйелі ағаш сияқты бір адамдар болады. Ондайлар аза жүрейін десең, сені таза жүргізбейді. Арыңды сақтап жүрейін десең, сені олай да жүргізбейді. Әйтеуір былғау, әйтеуір жамандау. Көрдіңіз бе? Мен кейбірде: «Азаматтар-ау, өзі жатқан батпақтан айналып өтіп кетейін десең, сол батпаққа мені де әкеліп түсіргілерің келеді-ау сендердің!» - деп айтатыным бар. Бұл не? Тексіздік пе? Әлде жөн білместігіміз бе? Әлде қоғамда осы өзінің тентегін тыятын үлкендеріміздің қалмай бара жатқандығынан ба? Болмаса сөз тыңдаудан қалып бара жатқандығымыз ба? «Бірақ та кешірімді боларсың, кешіресің-ау, бірақ ұмыта алмайтын жағдайларың болады. Кейде қиналасың, Неге кейбіреудің маған жамандығын, саған жамандығын айтпауым керек? Маған ол жамандық жасады, мені лайлады ғой. Бірақ кейбірде соған жауап қатуға арың бармайды. Осындайдан да әлгі «арлы арына қараса, арсыз жеңеді» деген заман келді ме дегенім сол. Адамның қиналатыны – арлы адамға, жаны сау адамға өмір сүру қиын болып қалды. Мұқағалилардың Фариза қызға шағынып: Тастағысы келеді күресінге» деп жүргені осы. Қазір біздің қоғамда, қазақ қоғамында жақсылар мен жайсаңдарды күресінге итеріп тастағысы келетіндердің қарасы көп. Олар кімдер? Олар – бүгінгі күннің байшыкештері. Кешегі күні ұрлық-қарлықпен байып, бүгінгі күні қоғамның белсендісі болып, рухани өмірде ешқандай белсенділік танытпағандарға ендігі жерде атақ пен даңқ керек. Төрде солар отыруы керек. Отырсыншы, бірақ айтқан сөзін, істеп отырған қылығын көріп шошисың, жаннан түңілесің. Түңілесің де солардың елге тұтқа болғысы келетін қадамынан шошисың. Мұндайлар дұрыс әңгіме де айта алмайды ғой. Ішкені мен жегенін, анау-мынау бөстекі жағдайын айтатыны – сол да өнеге болмақ па? Не Абайды, не өзгені айта алмайды, не болмаса, жанының адал сөзін де айта алмайды. Халық иланбайтын солар енді өздерін мәжбүрлеп сыйлатқысы келеді. «Сен сыйла мені, сыйламасаң мен саған көрешігіңді жасаймын», - деген сияқты әрекеттерге барып жататын дөрекі-дөкірлердің кей жағдайда құрбаны болып жататын жағдайымыз да бар. Сондайда: «Осы, ақымақ болып, алқаш болып өмір сүрмеген екенбіз!» - деп пендешілік ойларға батып, өкінетініміз де бар. Біңрақ жаратылысыңда Жаратқан саған сана бергеннен кейін, өзіңді өзің адалдыққа тәрбиелгеннен соң, жаның қалап адал жолда жүргің келгеннен кейін, кейде осындай ойларды ойлағанның өзінде күнәға батып қалдым ба деп қаласың.

- Сұхбатымыздың бас жағында өзіңіз айтқандай, біздің қоғамда расымен де негатив, пессимизм – едәуір баршылық қой. Кейде расымен де, жазған-сызған дүниелерді ертең оқитын адам табылар ма екен, өзі дейтін күдік-күмән қылаң беретіні де бар. Бұл турасында не айтқан болар едіңіз?

- Айта берсең ой көп, сөз көп. Біз осының бәрін қағазға түсіреміз. Жазасың. Бірақ та кейбірде: «Осы кімге керек? Мұны тыңдап жатқан елің, жұртың, оқып жатқан адамың бар ма?», - деп те ойлайсың. Бірақ та Абайдың бір айтқаны бар ғой: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым», - деп. Тағы да сол Абай дананың: «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын. Ақылдылар арланып ұялған соң ойланып түзеле ме деп айтқанмын», - дегені сияқты мәселе ғой.

Өмірде артық дүние, байлық жинаған жоқпын. Кезінде әріптестеріме: «Мен сенатқа маршруттық автобуспен келген депутатпын», - деп айтып күлетінмін. Шыным – осы. Бар жиған-тергенімнің басын қосып, туған аулыма мешіт салдым. Мешіт – атамның атында. Мешіт бұрын кеңшардан қалған бір ескі дүкен ғимаратының ішінде болатын. Осы жағдай көкейімнен кетпей жүрді. Бір жылы күзде елге келдім де, жалғыз апам тұратын, сонда ауылдың үлкендерін жинап, бір малымды сойып, дәм үстінде: «Ал, құрметті менің ағаларым, жерлестерім! Мен Көкшетауда отыз жыл жұмыс істедім. Дүние жинаған жоқпын, астыма машина алған жоқпын, коттедж салған жоқпын, бизнес ашқан жоқпын. Осы ауылға, сіздерге бір мешіт салып беру ойымнан кетпей жүрген жағдай еді. Соған кірісемін бе деп, алдымен сіздердің баталарыңызды алайын деп келдім. Бір ескертетінім: сіздерден бір тиын ақша алмаймын, сұрамаймын. Оған әуре де болмаңыздар. Тек қана баталарыңызды беріп, тілекші болып, аман-есен отырыңыздар. Тілегім, өтінішім сол ғана!» - деп айттым. Сөйтіп сол күзде тағанын құйып, құрылысты бастадық. Келесі жылы мешітті аяқтап, ауылға өткеріп беріп, көкейде жүрген сондай бір істі атқардық. Сондағы айтпағым: адамның ойы, ниеті таза болса, Жаратқан ие ойлағаныңа міндетті түрде жеткізеді. Кейбірде, сенаттан келген бір жиындарда: «О, сіз байыған екенсіз, сізде анау бар, мынау бар деп естиміз, коттедж салып алған деп естиміз», - деген сияқтыларды айтатындар табылып жатады. Содан мен әлгіндей сөз айтқан адамға айтамын: «Жүріңіз, қызметтік машинам тұр, қазір мен сізді өзімнің тұратын үйіме апарып көрсетейін. Сегізінші қабатта, ұл-келінмен тұрамыз, залда жатамын. Диваным жазылмайды, үстелім сол жерде. Жүріңіз, бәрін көрсетейін. Ал сіз мынаны: «Жабал басында дұрыс баспанасы, астында көлігі болмаса да, туған аулына мешіт салып берді», - деп, соны неге айтпайсыз?», - дедім. Біздің қазақтың жаман қасиеті, қасіреті де осы. Жасағаныңды айтпайды, жасамағаныңды жасады деп айтады. Солай күйдіреді. Ал бұл – көп адамның басында бар, бұл өмірдің шындығы. Құдайға шүкіршілік, тәуба. Мұқағалидың айтатыны бар ғой: «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой», - деп. Әрине, сол бір күндік дүниеде бай болғаның, ақшаңның болғаны, киіміңнің, жүріс-тұрысыңның, ішіп-жеміңнің мол болғаны жақсы. Бірақ та солай екен деп, осыншама тоғышарлыққа беріліп кету, дүниенің бәрі, жақсының бәрі менікі болса екен, әлемдегі ең бай адам мен болсам екен, қымбат машина менде болса екен деген мәселе ол – дұрыс емес. Қанағат болу керек қой. «Адамның көзі топыраққа ғана тояды», - деп қазақ айтады. Көр дегеннің өзі сол «Көр ананы көр», - дегеннен шығып тұрған жоқ па екен? Осы мәселелерді де салғастырып, салмақтап ойлау керек. Ол үшін сана, көкірек керек. Көкірек көзі ояу болуы керек. Ал оны ояту үшін тіл керек, көп ізденіп оқу керек деген сияқты жалғасқан іс-әрекет қой.

Қандай жағдайда да біз ұлтқа, халыққа, болашаққа, жастарға сенеміз. Тағы бірде, парламент қабырғасында: «Егер жер бетінен қазақтың тілі, тарихы жойылып кететін болса, яғни мынадай салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар халық жойылып кететін болса, дүние жүзіне ақыр заман сонда орнайды», - деп айтқаным бар еді. Бұл аздап асыра айтқандық та шығар, бәлкім. Бірақ шынымен де Ұлы Даланың байырғы жұрты қазақ деген халық – өзімізді өзіміз кемсітіп, өз жолымызды өзіміз бөгеп, ағысқа төтеп беріп қарсы жүзудің орнына, салындыдай ағып жойылудың алдына келіп тұрсақ, онда дәуір бізді ешқашан кешірмейді. Неде болса, әр қазақ өзінің мүддесінен елінің, тәуелсіздігінің, ұлтының мүддесін жоғары қоюы керек. Сонда ғана ұлтымыз өседі. Сонда ғана барлығымыз мемлекетке шынайы қызмет етеміз.

- Қазақ қоғамындағы сан түрлі мәселелерді қамтыған кең көлемдегі сұхбатыңыз үшін рақмет! Басыңызға амандық, денсаулық, шығармашылық жетістік, ұлтқа қызмет жолындағы қызметіңізге жеміс тілеймін!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар