Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

25.10.2021 3079

Тәуелсіздік хроникасы. 1999 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 1999 жыл - adebiportal.kz

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1999 жылдың рухани хроникасы

26 ақпан. Алматы қаласында ашылған ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысына 10 жыл толды. Ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысы өзінің гуманистік ұмтылыстарын ашық жария еткен, және еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихында шынайы дипломатиялық жолды таңдап, патриоттық қозғалыстың бейнесін көрсеткен қоғамдық-саяси бірлестік болатын. Қазақстан халқы өзінің қауіпсіздігін бірінші орынға қоя отырып, егемен ел ретінде қуаты жойқын арсеналдан өз еркімен бас тартты.

8 наурыз. Елбасы 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай баспасөз бетінде үндеу жариялады. Құттықтау сөзінде: « Қымбатты әйелдер! Барлықтарыңызды, аналарымызды, әйелдерімізді, қыздарымызды, құрбыларымызды шын жүректен әйелдердің ең керемет мерекесі – 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бәріміз көріп отырғандай, сіздер, істеріңізге үйлесімді мінездеріңізбен, тиянақтылықтарыңызбен, төзімділіктеріңізбен жан шуағы мен жүректеріңіздің байлығын көптеген істерге сіңіріп, еңсеріп келесіздер.

Сіздердің, әсіресе қоғамдық өмірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, еліміздің болашақ батыл азаматтары – балаларды тәрбиелеудегі рөлдеріңіз ерекше жоғары. Сондықтан, мемлекет алдағы уақытта да әрбір әйелге кез келген салада – өндірісте, кәсіпкерлік қызметте, әлеуметтік және рухани өмірде таңдау еркіндігін қамтамасыз етуге барлық жағдайларды жасай беретін болады. Мерекелеріңізбен, қымбатты әйелдер қауымы! Сіздерге денсаулық, бақыт, бейбіт өмір тілеймін!», - деген екен.

12 сәуір. Алматы қаласында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 100 жылдығына орай салтанатты түрде ғалымның ескерткіші ашылып, мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерейтой қарсаңында сөз алған Елбасы: « Ғылым мен қоғам дамуының «Сәтпаевтық кезеңі» бізден алыстаған сайын, оның атақты ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, өз елінің азаматы әрі патриот тұлғасының Отанымыздың дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесе даралана түседі. Оның есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталып, тарих тақтасында алтын әріптермен жазылады», - деген екен.

7 мамыр. Ұлы Отан соғысы қарсаңында ерекше ерлігімен көзге түсіп, «Берлин» операциясына қатысып, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

9 мамыр. Астана қаласында «Ұлы жеңіс және Отан қорғаушылар» күнінде салтанатты шара болып, дәл осы күні Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің жаңа ғимараты ашылды. Қарулы күштер мұражайындағы экспонаттарды тамашалап шыққан соң, Елбасы Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесті. Олардың ішінде «Халық қаһарманы», армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов, және екі мәрте Кеңес одағының батыры атағын алған Талғат Жақыпбекұлы Бигелденов, Флоренс Найтингейл атындағы медаль кавалері В. Широкая болды.

3 маусым. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының тең төрағасы, академик Әбдуәли Қайдаров «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен марапатталса, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Өмірзақ Айтбаевқа «Қазақ тілі» қоғамының нөмірі бірінші құрметті мүшесінің билеті табысталды.

10 маусым. Максим Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының ғимараты жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілді.

17 маусым. Ұлы Отан соғысының ардагері, Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тіккен «Халық қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаевтың отбасы мүшелеріне «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені табыс етілді.

22 маусым. Петропавл қаласының орталық алаңында Қарасай және Ағынтай батырларға арналып ескерткіш тұрғызылды. Ерен ерліктің хас үлгісі болған батырлар Қарасай мен Ағынтай – аумалы-төкпелі XVII ғасырда, Есім хан билік еткен тұста ақтық демі таусылғанша ел мен жерді ойрат шапқыншылығынан қорғаған. Қос баһадүр бабамыз Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Құлшынбай төбесінде жерленген.

26 шілде. Егемен Қазақстан газетінің редакторы Еркін Қыдыр мен «Панорама» газетінің шолушысы Николай Дрозд бұқаралық ақпарат құралдары саласында атқарған еңбектері үшін Президент сыйлығына ие болды. Және «Ктк» теларнасының шолушысы Геннадий Бендицкий мен «Хабар» агенттігінің тележурналисі Мақат Садыққа грант тағайындалды.

3 қыркүйек. Жайық өзенінің сағасындағы ежелгі Алтын Ордадағы хан ордасының орнында орналасқан Махамбет ауданында «Сарайшық» мемориалдық кешенінің салтанатты ашуылу рәсімі болып өтті

1 қараша. Алматы қаласының орталық алаңында орыстың ұлы ақыны, орыс әдебиетінің іргетасын қалаушы Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіші ашылды.

2 қараша. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Алматы қаласындағы резиденциясында танымал қазақ жазушысы, әйгілі «Қан мен Тер» трилогиясының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісовты қабылдады. Әңгіме барысында қазақ әдебиетінің жай-күйі, және оның даму қарқыны туралы пікірлер айтылды.

5 қараша. Ақмола облысының құрылғанына 60 жыл, Көкшетау қаласының 175 жылдығына орай Абылай хан ескерткішінің салтанатты түрдегі ашылу рәсімі өтті. Абылай хан ескерткішінің авторы атақты мүсінші Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов.

23 желтоқсан. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің ұжымына 80 жыл толды. Оқырмандардың шынайы әрі жеткілікті ақпарат алуына жұмыстанған газет қызметкерлерінің мерейтойы ел көлемінде аталып өтті.

28 желтоқсан. Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қыз жібек» спектаклі қойылды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар