Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

05.11.2021 3227

Тәуелсіздік хроникасы. 2004 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2004 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2004 жылдың рухани хроникасы

2004 жылы еліміздің қоғамдық-саяси һәм рухани өмірінде елеулі өзгерістер, айтулы жаңалықтарымен есте қалды. Бұл жыл алдымен Тәуелсіздігімізге бір мүшел толуымен қымбат болатын. Бәсекеге қабілетті ұлт, бәсекеге қабілетті ел болу жолындағы күреске толы жыл болуымен есте қалды. Осы жылы ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатын «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануы айтулы уақиға болды. Тарих бетін кері парақтай отырып, сол күндердің маңызды жаңалықтарын еске түсіріп көрелік.

16 қаңтар. КСРО Халық әртісі В.С. Лановой 70 жасқа толды. Лановой 1934 жылы туған. Көптеген фильмдерге түскен. Әсіресе көрерменге «Павел Корчагин», «Алқызыл желкендер», «Соғыс және бейбітшілік» сынды фильмдерге түсу арқылы жұртшылыққа кеңінен танылған. Мемлекет басшысы Халық әртісін жетпіс жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Әрі екі елдің мәдени байланысы үшін етене қызымет етуге шақырды.

28 қаңтар. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Парламент Мәжілісінің депутаты Фариза Оңғарсынова Мемлекет басшысының арнайы қабылдауында болып, бірқанша мәселелерді көтерді. Фариза Оңғарсынова өз сөзінде Білім және ғылым министрлігінің қызыметін реформалау, жүйелендіру туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар әйелдердің кәсіби өсуін, оларды жан-жақтылы дамытудың нақты жолдарын қарастыруды ұсынды.

12 ақпан. Отандық ғылымды дамыту мақсатында, мемлекет басшысы бірқатар мамандармен кездесті. Олардың қатарында Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Т.Ә. Қожамқұлов болды. Әңгіменің өзегі ғылымды өндіріспен ұштастыра отырып, нарықтық қатынастар жағдайына бейімдей білу мәселесі талқыланды. Сапалы, кәсіби мамандарды дайындау мәселесі де көтеріліп, жаңа өндіріс ошақтарын ашу жолдары қарастырылды.

22 науырыз. Еліміздің бас қаласы Астанада наурыз мейрамына байланысты мерекелік іс-шаралар өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылар құрамы мен студент жастары Мемлекет басшысымен кездесті. Жиналғандардың алдында сөйлеген президент бұл реткі кездесудің кездейсоқ емес екенін, жастар қашанда отанымыздың болашағы екенін қадап айтты. Жиналған қауымның баршасын наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, барша жұртты мол жетістіктерге жетіп, елге қызымет ете беруге шақырды.

8 сәуір. Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов Мемлекет басшысының арнайы қабылдауында болды. Кездесу барысында еліміздегі ғылым саласының даму барысы, білім саласын реформалау бағыты талқыланды.

1 мамыр. Бұл күн Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Осы күннің құрметіне орай Астанада мерекелік іс-шаралар өтті. Салтанатты шараға қатысқан президент барша халықты мерекесімен арнайы құттықтап, көп ұлтты отанымыздың негізгі береке мен бірлікте екенін бас айтып, барша халықты отан сүйгіштікке, туған жұртын аялап, бірге дамытуға шақырды.

8 шілде. Ақмола облысы «Бурабай» демалыс аймағында отыз жеті метрлік Абылай хан стеласының ашылу салтанаты болды. Жалпы Бурабайдағы Абылай хан алаңы еліміз тарихында айрықша орыны бар жер болып саналады. Осы алаңда «Хан тағы» мен «Абылай хан ордасы» атты архитектуралық кешен салынған. Тарихи деректерге сүйенсек Абылай хан осы Көкшетаудың Бурабай өңірінде өз ордасын тігіп, жайлаған деседі. Ел тағдырын шешетін тарихи, маңызды мәселелер осы төңіректе талқыланып, Абылайдың батырлары мен билері келелі мәселелерді бірге ақылдасқан деседі.

22 қыркүйек. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институның құрылғанына 60 жыл толды. Аталмыш оқу орынының мерейтой құрметіне орай Мемлекет басшысы институт ректоры Ш.К. Беркімбаеваны қабылдады. Әңгіменің ауаны педагог кадрлар дайындау жұмыстары мен оқу орынының мерейтойын атап өтуге дайындық жұмыстары төңірегінде болды. Осы күні президент «Қазақпарат» Ұлттық компониясы» АҚ президенті Ғ.М. Шалахметовты қабылдап, компонияның негізгі жұмыстарымен танысты.

23 қыркүйек. 2004 жылдың 13-29 тамызы аралығында Грекия астанасы Афина қаласында өткен ХХVIII жазғы Олимпиада ойындарының қатысушылар Мемлекет басшысының арнайы қабылдауында болды. Президент бокстан олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін, және жазғы Олимпиадан топ жарған спортшыларға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

12 қазан. Астана қаласында Қазақстанның білім және ғылым қызыметкерлерінің ІІІ сьезі болып өтті. Аталмыш жиналысқа ел президенті өзі қатысып сөйлеген сөзінде: «Білім беру мен ғылымды дамыту – бұл саяси һәм ұлттық тапсырма. Сондықтан да ол жүзеге ведомствалық жоба ретінде асырыла алмайды»,- деп баса айтып өтті.

Осы жылдың ең басты әдеби жаңалығы ретінде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын Жазушы Төлен Әбдікке «Парасат майданы» хикаяттар жинағы үшін берілген болатын. Төлен Әбдік әдебиет әлеміне ерте араласқан танымал қаламгер. Ол қазақтың интеллектуальды прозасының басында тұрған жазушыларымыздың бірі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар